Т.Рысқұлов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Жамбыл облысы Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының "Т.Рысқұлов ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 қазандағы № 10-8 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5110 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Т.Рысқұлов ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында:
2 – тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Т.Рысқұлов ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен (әрі қарай – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - КММ);
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – Жамбыл облысында белгіленген шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсібтік және өзге де мерекелері;
10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
11)шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
12) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
13) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
14) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Т.Рысқұлов аудан әкімдігімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) мереке күндеріне ақшалай көрсетілетін көмек түсініледі.
4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
5. Азаматтардың мұқтаждар санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда 1 рет, жылына 1 рет) Т.Рысқұлов ауданы аумағында тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ұсынымы бойынша Т.Рысқұлов ауданы мәслихаты белгілейді.";
8 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдерін ЖАО белгілейді және жергілікті өкілді органдардың шешімдерімен бекітіледі.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;
4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.";
12 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"12. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын "Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" КММ-сі айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.";
13 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"13. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) жергілікті әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) Үлгілік қағидаларға 1-2- қосымшаға сәйкес нысанда сұрау салу қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:
дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;
жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;
жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электронды түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.";
14 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"14. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда – өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.
Осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.";
20 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"20. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Үлгілік қағидалардың 16 және 17-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын өтініш берушіні бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетіні туралы хабардар етеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тыңдаудың уақыты мен күнін белгілейді, ол:
өтініш берушіні бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы тыңдауға шақыру;
ақпараттық жүйелерді пайдалану;
өтініш берушіге өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырады.
Өтініш беруші әкімшілік істі алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алдын ала шешімге қарсылығын білдіруге немесе айтуға құқылы.
Өтініш беруші өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға тыңдау хаттамасын жүргізеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға өтініш берушіні тыңдау хаттамасымен танысуға мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.
Өтініш беруші танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.";
21 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"21. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға (бас тартқан жағдайда – Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға) сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жолдайды.
Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.
Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.
Өтініш портал арқылы берілген болса, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.";
22 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"22. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.";
23 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"23. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.";
24 - тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"24. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін Т. Рысқұлов ауданынан тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.";
мынадай мазмұндағы 28, 29, 30, 31, 32, 33, 34 және 35-тармақтармен толықтырылсын:
"28. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
29. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
30. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.
31. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
32. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
33. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
34. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
35. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.".
2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | Е. Абуталипов |