Жалағаш аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Жалағаш ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Жалағаш аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 7-2 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8454-11 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Жалағаш ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:
2-тармақ келесі мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;".
5–тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"5. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:
Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне 35 жыл толуына орай, Ауғанстан соғысы ардагерлеріне - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
2) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне – 435 (төрт жүз отыз бес) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілерге – 435 (төрт жүз отыз бес) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 60 (алпыс) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 40 (қырық) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) – 40 (қырық) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде;
басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
3) 25 қазан - Республика күні:
мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға - 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
4) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балаларына – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.".
6-тармақтың 4) тармақшасы келесі редакцияда жазылсын:
"4) Санаторий-курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адаммен ілесіп жүретін адамға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай Үлгілік қағидалардың 12-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса ұсына отырып, өтініш негізінде 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.".
8-тармақ келесі редакцияда жазылсын:
"8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2024 жылдың 1 ақпанынан туындаған құқықтық қатынастарға таралады.
Жалағаш аудандық мәслихатының төрағасы | У. Елеусинов |
"КЕЛІСІЛДІ"
"Қызылорда облысының жұмыспен
қамтуды үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасы"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі