Шортанды аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Шортанды аудандық мәслихатының "Шортанды ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 20 қарашадағы № 8С-10/3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8649-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:
5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет, екі жылда 1 рет) көрсетіледі.".
10-тармақтың 3) тармақшасының он екінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";
10-тармақтың 3) тармақшасының он сегізінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:
"1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 13 (он үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;";
11 тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша кірістерді есепке алмай көрсетіледі:
1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) бір рет үш айдан кешіктірмей 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
2) денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, қатерлі ісіктер, бірінші типті қант диабеті) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
3) амбулаториялық емдеудегі туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
4) диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
5) қатерлі ісіктері бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
6) химиопрофилактика кезеңінде туберкулез жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
7) бірінші типті қант диабеті ауруы бар балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
8) бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жылына 1 рет 10 (он) айлық септік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
9) мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға (отбасыларға) жылына 1 рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
10) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
11) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға бір рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
12) Шортанды ауданында жұмыспен өтеуді ескере отырып, жоғары медициналық оқу орындарында оқитын аз қамтылған, көп балалы, халықтың (отбасылардың) әлеуметтік-осал топтары қатарындағы студенттерге оқу шығындарын өтеуге жылына 1 рет 100 пайыз мөлшерінде;
13) абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері әзірленген мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, жасына байланысты зейнеткерлерге Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдаманың құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде екі жылда 1 рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
14) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға гемодиализ алу кезеңінде жол жүруге ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
15) мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жолдама берілген, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүруге, жылына 1 рет санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде;
16) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
17) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен госпитальға емделуге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жөнелту станциясынан емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайтуға растайтын құжаттарды ұсынған кезде жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде;
18) "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға, коммуналдық қызметтер үшін шығындарын төлеуге ай сайын 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш шекті мөлшерінде.".
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Шортанды аудандық мәслихатының төрағасы |
Г.Садвокасова |