Ақтөбе қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Ақтөбе қалалық мәслихатының "Ақтөбе қаласында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы" 2024 жылғы 30 мамырдағы № 173 шешiмiне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8589-04 болып тіркелген) келесі өзгеріс енгiзiлсiн:
Ақтөбе қаласында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы |
А. Даржанова |
Ақтөбе қалалық мәслихатының 2025 жылғы 17 сәуірдегі № 280 шешіміне 1 қосымша |
|
Ақтөбе қалалық мәслихатының 2024 жылғы 30 мамырдағы № 173 шешімімен бекітілген |
Ақтөбе қаласында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ақтөбе қаласында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер тұлғаның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрі – Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі);
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін Ақтөбе қаласы әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Осы Қағидалардың 9 тармағының соңғы абзацында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалар Ақтөбе қаласында тұрақты тіркелген және тұратын тұлғаларға таралады.
4. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген әлеуметтік көмек шаралары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек бір рет және мезгіл-мезгіл (жылына бір рет) көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігін ЖАО ұсынымы бойынша осы Қағидалармен белгіленді.
7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін "Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2. Әлеуметтік көмек көрсету, алушылар тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
8. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай бір рет көрсетіледі:
1) 9 мамыр - Жеңіс Күніне орай:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1272 (бір мың екі жүз жетпіс екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 90 (тоқсан) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға, осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасының бесінші абзацта көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, 39 (отыз тоғыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 90 (тоқсан) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - бұрынғы КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 39 (отыз тоғыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 39 (отыз тоғыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушыларының екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 39 (отыз тоғыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
Ауғанстанда әскери қызметiн өткергеннен кейін қайтыс болған әскери қызметшiлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жұбайына 39 (отыз тоғыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде;
2) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай:
осы тармақшаның соңғы абзацында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар адамдарға 13 (он үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 26 (жиырма алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңымен бекітілген тәртіпте ақталған тұлғаларға 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Азаматтардың жекелеген санаттарының әртүрлі мереке күндеріне орай (санатына қарай) әлеуметтік көмек алуға құқығы болған жағдайда әлеуметтік көмектің бір түрі көрсетіледі (мөлшері бойынша жоғары).
9. Осындай жағдай туындаған сәттен бастап алты айдан кешіктірмей жүгінген адамдарға (отбасыларға) табысын есепке алмағанда әлеуметтік көмек жылына бір рет мынадай негіздер бойынша көрсетіледі:
1) дүлей апаттың салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.
10. Азаматтың (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш берген сәттің алдындағы тоқсанда Ақтөбе облысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен аспайтын бір рет берілетін әлеуметтік көмек көрсетіледі:
1) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, босатылған сәттен бастап үш айдан кешіктірмей жүгінген тұлғаларға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) жетімдерге, ата-анасының қамқорлығы жоқ тұлғаларға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмайтын тұлғаларға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) аз қамтылған отбасыларға (тұлғаларға) 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде;
6) диспансерлік есепте тұрған адамның иммунтапшылығы вирусын жұқтырған он сегіз жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 "Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21263 болып тіркелген) бекітілген тізбесіне (бұдан әрі – Тізбесі) сәйкес әлеуметтік мәні бар аурулардың бірінен зардап шегетін тұлғаларға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Тізбесі бойынша бір рет берілетін әлеуметтік көмек бір тұлғаға бір ауру бойынша көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін отбасының орташа табысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32609 болып тіркелген) сәйкес есептеледі.
Отбасының құрамы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу Қағидаларының 10-тармағына сәйкес белгіленеді.
Отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісін есептеу кезеңіндегі (өткен тоқсан) отбасының жиынтық кірісі көрсетілген кезеңдегі айлардың санына (үш ай) және отбасы мүшелерінің санына бөлу жолымен есептеледі.
Осы Қағидалардың 8, 9, 10-тармақтарында көрсетілген тұлғаларға, егер олар толық мемлекеттік қамсыздандыруда болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсетіледі.
11. Мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
Мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе өкілі, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша) Әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
13. Әлеуметтік көмекті көрсетудің тәртібі мен мерзімдері, бас тарту, тоқтату, қайтару және төлеу үшін негіздері Үлгілік қағидалардың 3-тарауына сәйкес айқындалады.
14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Ақтөбе қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация Әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
15. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
16. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша – күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша – төлем жасалатын айға дейінгі айдың 29-ы күніне әлеуметтік көмек төлеуге бюджет қаражатына сұраныс қалыптастырады.
17. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей Әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі төлем жасалатын айға дейінгі айдың 27-сі күнінен кейін түскен өтінімдер бойынша мемлекеттік корпорацияға төлем жасалатын айдың 1-іне дейін әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
18. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
19. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
20. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын Әлеуметтік бағдарламалар бөліміне аударады.
21. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
22. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
23. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.