Сайрам аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Сайрам аудандық мәслихатының 2024 жылғы 22 ақпандағы № 12-98/VIII "Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне (нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу Тiзiлiмiнде № 6471-13 тiркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1 қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | Ш. Халмурадов |
Сайрам аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 22 сәуірдегі № 27-200/VIII шешіміне қосымша |
|
Сайрам аудандық мәслихаттың 2024 жылы 22 ақпандағы №12-98/VIII шешімінің 1 қосымшасы |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және Сайрам ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сайрам ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – Сайрам ауданы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – Сайрам ауданы әкімдігінің "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет немесе мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.
5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Түркістан облысының әкімдігімен бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
6. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге – бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға - бір реттік 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 26 сәуір – радиациялық апаттардың салдарын жоюға қатысқан қатысушылар және осы апаттардың құрбандарын еске алу күні:
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі - КСР Одағы) үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – Жеңістің 80 жылдығына орай бір реттік -1272 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Жеңістің 80 жылдығынан кейінгі жылдары - 382 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кенестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – бір реттік 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - бір реттік 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы - бір реттік 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына – бір реттік 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні:
Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси құғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға – бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға – бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған, бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдарға – бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) 1 қазан – Қарттар күні:
100 жасқа толған және одан асқан қарияларға, үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын жалғызілікті қарттарға – бір реттік 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) Қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні:
1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі (нерв-жүйелерін ауытқуы бар) балаларға арналған жартылай стационар түріндегі күндізгі қатынау орталығындағы балаларға – бір реттік 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
мүгедектік кресло-арбаларды пайдаланатын 1– топтағы мүгедектігі бар адамдарға – бір реттік 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
11) 25 Қазан – Республика күні:
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының Жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы күндізгі бөлімшелерде табыстарын есепке алмағанда – бір реттік 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
12) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына – 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға біржолғы немесе ай сайын ұсынылады:
1) жасы ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет ете алмайтын жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға, үйде оқып және тәрбиеленетін мүгедектігі бар балаларға - ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезбен ауыратын адамдарға, табысын есепке алусыз, ұсынылған тізімдер бойынша - ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне - ай сайын, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде;
4) қатерлі ісік ауруына шалдыққан тұлғаларға, отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісінің белгіленген кедейлік шегінен аспаған жағдайда - бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан адамдарға, жол жүрумен байланысты шығындарын өтеу үшін, табысын есепке алусыз - бір реттік 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға – бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) дүлей апаттың салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты– бір реттік 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
8) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуіне байланысты– бір реттік 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;
9) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгіленген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуына байланысты аз қамтылған отбасылардан шыққан емделуге мұқтаж азаматтарға – бір реттік 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен соларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлерге және зейнеткерлер қатарынан мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емделуге өтініші негізінде кезек тәртібіне сәйкес 10-күндік жолдама алу үшін – бір реттік 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде ұсынған, Сайрам ауданының әкімдігі бекіткен тізімдер бойынша оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
10. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Сайрам ауданының бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Сайрам ауданы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидалардың 3-тарауымен анықталады.
13. Әлеуметтік көмек көрсетуден мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
14. Әлеуметтік көмек көрсету:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
15. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
16. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
17. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру және әлеуметтік көмек көрсету мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасау Үлгілік қағиданың 26-33 тармақтарымен анықталады.