Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Түркістан облысы Сайрам аудандық мәслихатының 2024 жылғы 22 ақпандағы № 12-98/VIII шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2024 жылғы 27 ақпанда № 6471-13 болып тiркелдi

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Сайрам аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Сайрам аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешiм оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы Ш. Халмурадов

  "Сайрам аудандық маслихаты"
2024 жылғы 22 ақпандағы
№ 12-98/VIII шешіміне 1 қосымша

Сайрам ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сайрам ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) және Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 11-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Әлеуметтік көмек Сайрам ауданының аумағында тұрақты тұратын, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.

      3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сайрам аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – Сайрам аудандық әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – Сайрам аудандық әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын аудандық жергілікті атқарушы органы;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш берген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнайы комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек Үлгілік қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбелерін, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің дүркінділігін жергілікті атқаруші органдың ұсынымы бойынша жергілікті өкілді органдар белгілейді.

      7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Түркістан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2- тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      8. Әлеуметтiк көмек келесі санаттағы азаматтарға мереке және атаулы күндерi көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні:

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылуына 35 жылдығына орай бір рет 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Осы тармақшада көрсетілген санаттағы азаматтарға Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылуына 35 жылдығынан кейінгі жылдары - 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:

      көп балалы аналарға, оның ішінде "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған -2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 26 сәуір – радиациялық апаттардың салдарын жоюға қатысқан қатысушылар және осы апаттардың құрбандарын еске алу күні:

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға –30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні:

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне–30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне–30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына–30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, Чернобыль АЭС апаттың салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың отбасыларына –15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне -1 500 000 (бір миллион бес жұз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) –10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кенестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға –50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға –50 000 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) –10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      6) 31 мамыр – Қазақстан Республикасындағы саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын еске алу күні:

      Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси құғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңының белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні:

      жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын және "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған, бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының ордендерімен немесе медальдарымен наградталған не бұрынғы КСР Одағының немесе Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған, не Қазақстан Республикасының құрмет грамоталарымен наградталған, не Қазақстан Республикасының ведомстволық наградаларымен наградталған адамдарға –10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) 1 қазан – Қарттар күні:

      100 жасқа толған және оданда асқан қарияларға, жалғызбасты зейнеткерлерге және жасы ұлғаюына байланысты өзіне-өзі қызмет ете алмайтын мүгедектігі бар жалғызбасты адамдарға – бір рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) Қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні:

      1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі (нерв-жүйелерін ауытқуы бар) балаларға арналған жартылай стационар түріндегі күндізгі қатынау орталығындағы балаларға – бір рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) 25 Қазан – Республика күні:

      мүгедектік кресло-арбаларды пайдаланатын 1– топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына – 200 000 (екі жүз мың) теңге мөлшерінде,

      жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар Қазақстан Республикасының Жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы күндізгі бөлімшелерде табыстарын есепке алмағанда – бір рет 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      9. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын) көрсетіледі:

      1) жалғызілікті зейнеткерлер мен жалғызілікті мүгедектігі бар адамдарға, үйде оқып және тәрбиеленетін мүгедектігі бар балаларға - ай сайын, 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезбен ауыратын адамдарға, табысын есепке алусыз, ұсынылған тізімдер бойынша -ай сайын, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне - ай сайын, 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      4) қатерлі ісік ауруына шалдыққан тұлғаларға, отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісінің белгіленген кедейлік шегінен аспаған жағдайда - бір рет, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан адамдарға, жол жүрумен байланысты шығындарын өтеу үшін, табысын есепке алусыз - бір рет 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша табыстарын есепке алмай арнаулы жүріп-тұру құралдармен қамтамасыз етуге:

      серуендеуге арналған арнаулы жүріп-тұру құралдарға-бір рет, 70 (жетпіс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бөлмеге арналған арнаулы жүріп-тұру құралдарға – бір рет, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емдеуге - бір рет, 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) мерзімді басылымдарға жазылу үшін – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бір рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, тыл еңбеккерлеріне бір рет -1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға – бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      10) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуына байланысты мерзімі алты айдан кешіктірмей – бір рет 300 (үш жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін;

      11) жан басына шаққандағы орташа кірісі белгіленген шектің алпыс пайызынан аспайтын аз қамтылған отбасылардан шыққан емделуге мұқтаж азаматтарға ең төмен күнкөріс деңгейіне еселенген қатынаста – бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту үшін:

      арнаулы жүріп-тұру құралдармен қолданатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – бір рет, 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      13) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен соларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емделуге 10-күндік жолдама алу үшін – бір рет 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      14) әлеуметтік такси және инватакси қызметін ұсынуға – Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен солардың мүгедектігі барларға, жүріп тұруы қиын мүгедектігі бар балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға тасымалдау үшін ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      15) 1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі (нерв-жүйелерінің ауытқуы бар) балаларға арналған жартылай стационар түріндегі күндізгі қатынау орталығындағы балаларға - ай сайын 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын жергілікті атқарушы органдар белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға немесе өзге де ұйымдарға сұраныс жолдау арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.

      Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, әлеуметтік көмекті қайтару және тоқтату үшін негіз Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      11. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан ауылдық округ әкіміне мынадай құжаттарды қоса Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер. Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды;

      3) мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелердің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      - табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру фактісін растайтын құжат;

      - әлеуметтік мәні бар аурулардың болу фактісін растайтын құжат;

      - жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;

      - жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;

      - жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;

      - бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.

      Құжаттар салыстырып тексеру үшін төлнұсқамен және көшірмемен ұсынылады. Салыстырып тексергеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      12. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Сайрам ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      13. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      14. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерек қорын пайдалана отырып жүргізеді.

  "Сайрам аудандық маслихаты"
2024 жылғы 22 ақпандағы
№ 12-98/VIII шешіміне 2 қосымша

Сайрам аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Сайрам ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" Сайрам аудандық мәслихатының 2021 жылғы 4 мамырдағы №3-19/VIІ шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6201 тіркелген);

      2. "Сайрам аудандық мәслихатының 2021 жылғы 4 мамырдағы №3-19/VII "Сайрам ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Сайрам аудандық мәслихатының 2022 жылғы 18 наурыздағы №14-95/VII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №27613 тіркелген);

      3. "Сайрам аудандық мәслихатының 2021 жылғы 4 мамырдағы №3-19/VII "Сайрам ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Сайрам аудандық мәслихатының 2023 жылғы 14 сәуірдегі 25-150/VII шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6255-13 тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады