Қазақстан Республикасы Хельсинкиде (Финляндия) 1992 жылғы 17 наурызда жасалған Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияға қосылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ШЕКАРААРАЛЫҚ СУ АРНАЛАРЫ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛДЕРДI
ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ЖӨНIНДЕГІ
КОНВЕНЦИЯ
(2001 жылғы 11 сәуірде күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде жасалған.
КIРIСПЕ
Осы Конвенцияның Тараптары:
- шекаралық су арналары мен халықаралық көлдердi қорғау және пайдалану маңызды және кезек күттiрмес мiндеттер болып табылатынын, оларды тиiмдi түрде шешу тығыз ынтымақтастық жасау арқылы ғана қамтамасыз етiлуi мүмкiн екенiн түсiне отырып,
- Еуропалық экономикалық комиссияға (ЕЭК) мүше елдердің қоршаған ортасы, экономикасы және әл-ауқаты үшiн шекаралық су арналары мен халықаралық көлдердің жай-күйінің өзгеруiнің қысқа мерзiмдi немесе ұзақ мерзiмдi перспективада терiс ықпалының орын алуына және оның қатер төндiруiне байланысты алаңдаушылық бiлдiре отырып,
- су айдынына қауiптi заттардың тасталуының алдын алу, шектеу және қысқарту жөнiндегi және эфтрофикация мен қышқылдануды, сондай-ақ әсiресе теңiз жағалауындағы аудандарда құрлықта орналасқан көздерден теңiз ортасының ластануын азайту жөнiндегi ұлттық және халықаралық шараларды нығайту қажеттiгiн атап көрсете отырып,
- шекаралық ластанудың алдын алу, шектеу және қысқарту, су ресурстарын тұрақты басқару, оларды сақтау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында ынтымақтастықты нығайту үшiн екi жақты және көп жақты негiзде ЕЭК-ға мүше елдердің үкiметтерi қазiргi кезде қолданып жатқан күш-жiгердi құптай отырып,
- Адамды қоршаған орта проблемалары жөнiндегi Стокгольм конференциясы декларациясының, Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық жөнiндегi кеңестің (ЕҚЫК) қорытынды актiсінің, ЕҚЫК-ке қатысушы мемлекеттер өкiлдерiнің Мадрид және Вена кездесулерінің қорытынды құжаттарының және ЕЭК-ға мүше елдерде қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың 2000 жылға дейiнгi кезеңге арналған аймақтық стратегиясының және басқа құжаттардың тиiстi ережелерi мен қағидаларына сiлтеме жасай отырып,
- шекаралық сулардың ластануының алдын алу шектеу және қысқарту мен оларды тұрақты пайдалану жөнiндегi халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының атқаратын ролiн түсiне отырып және осыған байланысты су ресурстарының ластануының, оның iшiнде шекаралық ластанудың алдын алу және онымен күресу саласындағы саясат туралы ЕЭК-ның Декларациясы; табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы саясат туралы ЕЭК-ның Декларациясы; ЕЭК-ның шекаралық сулар саласындағы ынтымақтастық қағидаттары; ЕЭК-нық жерасты суларын ұтымды пайдалану хартиясы және шекаралық iшкi сулардың авариялық ластануы кезiндегi iс-әрекет жасау кодексi жайында еске сала отырып,
- Еуропалық экономикалық комиссия оның тиiсiнше қырық екiншi және қырық төртiншi сессияларында қабылдаған шешiмдерге 1(42) және 1(44) және ЕҚЫК-ке қатысушы мемлекеттер өкiлдерiнің қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi кеңесiнің (София, Болгария, 1989 жылғы 16 қазан) қорытындыларына сiлтеме жасай отырып,
- шекаралық суларды қорғау және пайдалану саласындағы мүше елдер арасындағы ынтымақтастықтың ең алдымен белгілi бiр су айдынымен шектесiп жатқан жағалаудағы елдер арасында келiсiмдер жасау, әсiресе осындай келiсiмдерге әзiрше қол жете қоймаған кездерде келiсiмдер жасау арқылы жүзеге асырылуға тиiс екенiн атап көрсете отырып,
төмендегілер жайында уағдаласты:
1-бап АНЫҚТАМАЛАР
Осы Конвенцияның мақсаттары үшiн:
1. "Шекаралық сулар" екi және одан да көп мемлекеттер арасындағы шекараны қиып өтетiнiн немесе осындай шекараларда орналасқанын бiлдiретiн қандай да болсын жер бетiндегi немесе жер астындағы суларды бiлдiредi; шекаралық сулар тiкелей теңiзге келiп құятын жағдайларда осындай шекаралық сулардың шегi олардың арнасын олардың жағалауларындағы шағын судың шебiнде орналасқан нүктелер аралығында қиып өтетiн түзу сызықпен шектеледi.
2. "Шекаралық әсер" табиғи көзi толықтай немесе iшiнара белгілi бiр тараптың юрисдикциясында орналасқан адам қызметiнен туындайтын шекаралық сулардың жай-күйiнің өзгеруi нәтижесiнде басқа Тараптың юрисдикциясында орналасқан аудандағы қоршаған орта үшiн пайда болатын кез-келген едәуiр зиянды зардаптарды бiлдiредi. Қоршаған орта үшiн осындай зардаптар қатарына адамның денсаулығы мен қауiпсiздiгi; флора, фауна, топырақ, ауа, су, климат, ландшафт, тарихи ескерткiштер және басқа да материалдық объектiлер үшiн болатын зардаптар немесе осы факторлардың бiр-бiрiне әсер етуi жатады; олардың қатарына сондай-ақ осы факторлардың өзгеруi салдарынан мәдени мұра немесе әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар үшiн пайда болатын зардаптар жатады.
3. "Тарап", егер мәтiнде өзгеше нұсқама болмаса, осы Конвенцияның Уағдаласушы Тарабын бiлдiредi.
4. "Жағалаудағы Тараптар" белгiлi бiр шекаралық сулармен шектесетiн Тараптарды бiлдiредi.
5. "Бiрлескен орган" жағалаудағы Тараптар арасында ынтымақтастық жасауға арналған кез-келген екi жақты немесе көп жақты комиссияны немесе басқа да тиiстi ұйымдық құрылымдарды бiлдiредi.
6. "Қауiптi заттар" әсiресе олар бiрқалыпты болып табылатын кездегi улы, канцерогендi, мутагендi, тератогендi немесе биоаккумуляцияланатын сипаттағы заттар болып табылады.
7. "Ең жақсы қолда бар технология" (анықтамасы осы Конвенцияның 1-қосымшасында келтiрiлген)
I БӨЛIМ БАРЛЫҚ ТАРАПТАРҒА ҚАТЫСТЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2-бап ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Тараптар кез-келген шекаралық әсердің алдын алу, шектеу және қысқарту үшiн барлық тиiстi шараларды қолданады.
2. Тараптар, атап айтқанда:
а) шекаралық әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн сулардың ластануының алдын алу, шектеу және қысқарту үшiн;
b) су ресурстарын экологиялық тұрғыда негiзделген және ұтымды түрде басқару, оларды сақтау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында шекаралық сулардың пайдаланылуын қамтамасыз ету үшiн;
с) шекаралық әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн қызметтi жүзеге асыру кезiнде шекаралық сулардың шекаралық сипатын ерекше ескере отырып, олардың ақылға қонымды және әдiлеттi түрде пайдаланылуын қамтамасыз ету үшiн;
d) экологиялық жүйелердi сақтауды қамтамасыз ету және, қажет болған жағдайда, қалпына келтiру үшiн барлық тиiстi шараларды қолданады.
3. Судың ластануының алдын алу, шектеу және қысқарту жөнiнде, мүмкiндiгіне қарай, ластану көзiнде шаралар қолданады.
4. Бұл шаралар төтесiнен болсын, жанама түрде болсын, ластанудың қоршаған ортаның басқа компоненттерiне ауысуына душар етпеуге тиiс.
5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған шараларды жүзеге асыру кезiнде Тараптар мына қағидаттарды басшылыққа алады:
а) сақтық шараларын қолдану қағидаты, оған сәйкес қауiптi заттардың сыртқа шығуының ықтимал шекаралық әсерінің алдын алу жөнiндегi шаралар ғылыми зерттеулер бiр жағынан осы заттардың, екiншi жағынан ықтимал шекаралық әсердің арасындағы себеп-салдар байланысын толық дәрежесiнде анықтамады деген негiзде кейiнге қалдырылмауға тиiс;
b) "ластаушы төлейдi" қағидаты, оған сәйкес ластанудың алдын алу, шектеу және қысқарту жөнiндегi шараларға байланысты шығындарды ластаушы өтейдi;
с) су ресурстарын басқару қазiргi ұрпақтың қажеттерi келешек ұрпақтардың өз қажеттерін қанағаттандыру мүмкiндiгiне нұқсан келтiрмей қанағаттандырылатындай етiп жүзеге асырылады.
6. Жағалаудағы Тараптар шекаралық әсердi қамтамасыз ету және қысқарту үшiн тиiстi су арналарын немесе олардың бөлiктерiн қамтитын келiсiлген саясат, бағдарламалар мен стратегиялар жасау мақсатында және шекаралық сулардың қоршаған ортасын осындай сулардың, оның iшiнде теңiз ортасының әсерiндегi қоршаған ортаны қорғау мақсатында екi жақты және көп жақты келiсiмдер жасасу арқылы теңдiк пен өзара тәуелдiлiк негiзiнде ынтымақтастық жасайды.
7. Осы Конвенцияны қолдану экологиялық жағдайлардың нашарлауына да, шекаралық әсердің күшеюiне де әкеп соқпауға тиiс.
8. Осы Конвенцияның ережелерi осы Конвенцияда көзделгеннен басқа неғұрлым қатаң шараларды жеке немесе бiрлесiп жүзеге асыру жөнiндегi Тараптардың құқығын қозғамайды.
3-бап АЛДЫН АЛУ, ШЕКТЕУ ЖӘНЕ ҚЫСҚАРТУ
1. Шекаралық әсердің алдын алу шектеу және қысқарту үшiн Тараптар тиiстi құқықтық, әкiмшілік, экономикалық, қаржылық және техникалық шаралар жасайды, бекiтедi, жүзеге асырады және мүмкіндігiне қарай, атап айтқанда:
а) мәселен, қалдығы аз және қалдықсыз технологияны қолдану арқылы ластаушыларды сыртқа шығару кезiнде алдын алуды, шектеудi және қысқартуды;
b) шекаралық суларды олардың нүктелiк көздерінің ластануынан қорғауды, бiлiктi ұлттық органдардың сарқынды суларды ағызуға рұқсатты алдын-ала беруi арқылы алдын алуды, шектеудi және қысқартуды және рұқсат етiлген сарқынды сулар ағызуға мониторингтi жүзеге асыруды және оларға бақылау жасауды;
с) қауiптi заттарды сыртқа шығару үшiн қолда бар ең жақсы технологиялар негiзiнде рұқсаттарда көрсетiлетiн сарқынды сулар ағызу үшiн қажет шектi нормаларды айқындап алуды;
d) егер мұны су қабылдағыштың немесе экологиялық жүйенің тиiстi сапасын сақтау қажеттiгi талап етiп отырса, жекелеген жағдайларда ағызуға тыйым салуға әкеп соғатын неғұрлым қатаң талаптар енгiзудi;
е) коммуналдық-тұрмыстық сарқынды суларға қатысты тым болмаса биологиялық тазартуды немесе соған балама процестердi қолдануды, бұл орайда оны қажет болған жерлерде кезең-кезеңмен қолдануды;
f) атап айтқанда, өнеркәсiптiк және коммуналдық-тұрмыстық көздерден биогендi заттардың түсуiн қысқарту мақсатында қолда бар ең жақсы технологияны қолдану мақсатында тиiстi шараларды жүзеге асыруды;
h) қоршаған ортаға әсердi бағалау әдiсiн және бағалаудың басқа да әдiстерiн қолдануды;
i) су ресурстарын тұрақты басқаруды, оның iшiнде экологиялық жүйелiк көзқарастың қолданылуын ынталандыруды;
k) жерасты суларының ластануына жол бермеу жөнiнде қосымша нақты шаралар қолдануды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн олардың үйлесiмдi болуына қол жеткiзедi.
2. Бұл үшiн әрбiр Тарап қолда бар ең жақсы технологияның негiзiнде нүктелi көздерден жер бетiндегi суларға құйылатын сарқындыларда ластаушыларды күтіп ұстаудың қауіптi заттардың көздерi болып табылатын өнеркәсiптің жекелеген салаларына немесе секторларына нақты қолданылатын шектi нормаларын белгiлейдi, осы баптың 1-тармағында айтылған қауiптi заттардың нүктелiк және диффузиялық көздерден суларға келiп түсуiнің алдын алу, шектеу және қысқарту жөнiндегi тиiстi шаралар, атап айтқанда, осындай заттарды өндiруге немесе пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салуды қамтуы мүмкiн. Халықаралық конвенцияларда немесе осы Конвенцияда қолданылатын ережелерде айтылған осындай өнеркәсiп салаларының немесе секторларының немесе осындай қауiптi заттардың тiзiмдерi назарға алынады.
3. Сонымен бiрге әрбiр Тарап, бұл қажет болған жерлерде, су сапасының нысаналы көрсеткiштерiн айқындайды және шекаралық әсердің алдын алу, шектеу және қысқарту үшiн су сапасының өлшемдерiн бекiтедi. Осындай нысаналы көрсеткiштер мен өлшемдер жасаудың жалпы қағидаттары осы Конвенцияның III-қосымшасында келтiрiлген. Қажет болған жағдайда Тараптар осы қосымшаны жаңартуға бағытталған күш-жiгер жұмсайды.
4-бап МОНИТОРИНГ
Тараптар шекаралық сулардың жай-күйінің мониторингi бағдарламаларын жасайды.
5-бап ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ТАЛДАМАЛАР
Тараптар шекаралық әсердің алдын алудың, шектеудің және қысқартудың тиiмдi әдiстерi саласында зерттеулер мен талдамалар өткiзуде ынтымақтастық жасайды. Бұл үшiн Тараптар тиiстi халықаралық форумдардың ғылыми-зерттеу қызметiн ескере отырып, екi жақты және/немесе көп жақты негiзде қажет болған жағдайда, атап айтқанда:
а) қауiптi заттардың улылығын және ластаушылардың зиянын бағалау әдiстерiн жасауға;
b) ластаушылар мен тиiстi процестердің болуы, таралуы және олардың қоршаған ортаға әсерi туралы бiлiмдер деңгейiн арттыруға;
с) экологиялық жағынан негiзделген технологиялар, өндiрiс әдiстерiн және тұтыну құрылымдарын жасауға және қолдануға;
d) шекаралық әсер етуi мүмкiн заттар өндiру мен қолдануды кезең-кезеңмен тоқтатуға және/немесе оларды алмастыруға;
е) қауiптi заттарды жоюдың экологиялық жағынан негiзделген әдiстерiн жасауға;
f) шекаралық сулардың жай-күйiн жақсартудың арнаулы әдiстерiн жасауға;
q) су шаруашылығы объектiлерiн салудың экологиялық жағынан негiзделген әдiстерiн және су режимiн реттеу тәсілдерiн жасауға;
h) шекаралық әсердің салдарынан болатын нұқсанға табиғи және қаржылық баға беруге бағытталған нақты ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзеге асыруға немесе жандандыруға ұмтылады.
Ғылыми-зерттеу бағдарламаларының нәтижелерiн алмасу Тараптар арасында осы Конвенцияның 6-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
6-бап АҚПАРАТ АЛЫСУ
Тараптар барынша қысқа мерзiм iшiнде осы Конвенцияның ережелерi қамтитын мәселелер бойынша неғұрлым кең көлемде ақпарат алысуды қамтамасыз етедi.
7-бап ЖАУАПКЕРШIЛIК
Тараптар жауапкершiлік саласында нормалар, өлшемдер және рәсiмдер жасау жөнiндегi тиiстi халықаралық күш-жiгерге қолдау көрсетедi.
II БӨЛIМ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ТАРАПТАРҒА ҚАТЫСТЫ ЕРЕЖЕЛЕР
9-бап ЕКIЖАҚТЫ ЖӘНЕ КӨПЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
1. Жағалаудағы Тараптар теңдiк пен өзара мүдделiлiк негiзiнде шекаралық әсердің алдын алу шектеу және қысқарту саласындағы өздерінің өзара қатынастары мен iс-әрекетiн анықтап алу үшiн әлi осындайлар болмаған жағдайларда екiжақты және көпжақты келiсiмдер немесе басқа да уағдаластықтар жасасады немесе осы Конвенцияның негiзгi қағидаттармен арадағы қайшылықтарды жою мақсатында қажет болған жерлерде қолданылып жүрген келiсiмдерге немесе уағдаластықтарға өзгерiстер енгiзедi. Жағалаудағы Тараптар ынтымақтастық жасалып отырған су арнасының немесе оның бөлiгiнің (бөлiктерінің) шекарасын нақты белгiлейдi. Бұл келiсiмдер немесе уағдаластықтар осы Конвенция қозғайтын тиiстi мәселелердi, сондай-ақ жағалаудағы Тараптар ынтымақтастық жасау қажет деп есептеуi мүмкiн басқа да мәселелердi қамтиды.
2. Осы Конвенцияның 1-тармағында көрсетілген келiсiмдер немесе уағдаластықтар бiрлескен органдар құруды қарастыруға тиiс. Осы бiрлескен органдардың мiндеттерi, атап айтқанда, тиiстi қолданылып жүрген келiсiмдерге немесе уағдаластықтарға нұқсан келтiрмей;
а) шекаралық әсер етуi мүмкiн ластау көздерiн анықтау мақсатында мәлiметтер жинау, жинақтау және оларды бағалау;
b) сулардың сапалық және сандық көрсеткiштерi мониторингiнің бiрлескен бағдарламаларын жасау;
с) осы баптың 2а тармағында көрсетiлген ластау көздерiнің тiзiлiмдерiн жасау және олар туралы ақпарат алысу;
d) сарқынды сулар ағызу үшiн шектi нормалар жасау және ластанумен күрес жөнiндегi бағдарламалардың тиiмдiлігiн бағалау;
е) осы Конвенцияның 3-бабының 3-тармағының ережелерiн ескере отырып, су сапасының бiрыңғай мақсатты көрсеткiштер мен өлшемдер және судың қазiргi сапасын сақтау және, қажет болған жағдайда, жақсарту жөнiндегi тиiстi шараларға қатысты ұсыныстар жасау;
f) нүктелi көздерден де (мәселен, коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптiк көздерден), диффузиялық көздерден де (әсiресе ауылшаруашылық көздерiнен) ластану көлемiн азайту жөнiнде келiсiлген iс-қимыл бағдарламаларын жасау;
q) хабарландыру мен дабыл соғу рәсiмдерiн қолдану;
h) шекаралық әсер етуi мүмкiн су пайдаланудың қазiргi және жоспарланып отырған түрлерi мен тиiстi қондырғылар жөнiнде ақпарат алысу үшiн форум ретiнде бой көрсету;
i) осы Конвенцияның 13-бабының ережелерiне сәйкес ынтымақтастық жасауға және қолда бар ең жақсы технологиялар туралы ақпарат алысуға жәрдемдесу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу бағдарламалары саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу;
j) тиiстi халықаралық нормалардың негiзiнде шекаралық сулар жөнiнде қоршаған ортаға әсерге бағалау жасауға қатысу болып табылады.
3. Осы Конвенцияның Тарабы болып табылатын жағалаудағы мемлекет тiкелей және елеулi түрде шекаралық әсерге ұшырайтын жағдайларда жағалаудағы Тараптар, егер олардың бәрi осыған келiссе, осы жағалаудағы мемлекетке осындай шекаралық сулардың жағалауындағы Тараптар құрған көпжақты бiрлескен органдардың қызметiне тиiсiнше қатысуды ұсына алады.
4. Осы Конвенцияда көзделген бiрлескен органдар шекаралық әсерге тiкелей ұшырайтын теңiз ортасын қорғау үшiн жағалаудағы мемлекеттер құрған бiрлескен органдарға олардың жұмысын келiсiп алу және шекаралық әсердің алдын алу, шектеу және қысқарту мақсатында ынтымақтастық жасауды ұсынады.
5. Бiр су көзi шеңберiнде екi немесе одан да көп бiрлескен орган болған жағдайларда олар осы су көзi шеңберiнде шекаралық әсердің алдын алу, шектеу және қысқарту жөнiндегi шараларды нығайтуға жәрдемдесу үшiн өздерінің қызметiн үйлестіруге тырысады.
10-бап КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР
Консультациялар жағалаудағы Тараптар арасында кез-келген Тараптың өтiнiшi бойынша өзара мүдделілік, ізгi ниет және тату көршiлiк негiзiнде жүргiзiледi. Осындай консультациялардың мақсаты осы Конвенцияның ережелерi қамтитын мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Кез-келген осындай консультациялар бiрлескен орган болған жағдайда осы Конвенцияның 9-бабына сәйкес құрылатын соның көмегiмен өткiзiледi.
11-бап БIРЛЕСКЕН МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ БАҒАЛАУ
1. Осы Конвенцияның 9-бабында айтылған ынтымақтастықтың немесе нақты уағдаластықтардың шеңберiнде жағалаудағы елдер шекаралық сулардың, оның iшiнде су тасқындары мен мұз құрсауларының, сондай-ақ шекаралық әсердiң жай-күйi мониторингiнiң бiрлескен бағдарламаларын жасайды және жүзеге асырады.
2. Жағалаудағы Тараптар ластану өлшемдерi мен ластаушылар тiзбелерiн келiсiп алады, ластаушылардың сыртқа шығуы мен шоғырлануына шекаралық суларда жүйелi байқау мен бақылау жүргiзiледi.
3. Жағалаудағы Тараптар жүйелi уақыт аралығында бiрлесiп немесе бiр бiрiмен келiсе отырып шекаралық сулардың жай-күйiне, сондай-ақ шекаралық әсердің алдын алу, шектеу немесе қысқарту үшiн қолданылатын шаралардың тиiмдiлiгiне бағалау жүргiзiп тұрады. Осы бағалаулардың нәтижелерi осы Конвенцияның 16-бабында айтылған ережелерге сәйкес жұртшылықтың назарына жеткiзiледi.
4. Осы мақсаттарда Жағалаудағы Тараптар мониторинг бағдарламаларын, өлшеу жүйелерiн, приборлар, талдау әдiстерiн, деректердi өңдеу және бағалау рәсiмдерiн, сондай-ақ ластаушылардың сыртқа шығуын тiркеу әдiстерiн жасау мен қолдануға қатысты ережелердi келiсiп алады.
12-бап БIРЛЕСКЕН ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ТАЛДАМАЛАР
Осы Конвенцияның 9-бабында айтылған жалпы ынтымақтастықтың немесе нақты уағдаластықтардың шеңберiнде жағалаудағы Тараптар осы жағалаудағы Тараптар белгiлеп, бекiтудi ұйғарған нысаналы көрсеткiштер мен су сапасының өлшемдерiне қол жеткiзу және олардың сақталуын қамтамасыз ету мүддесi үшiн нақты зерттеулер мен талдамалар өткiзедi.
13-бап ЖАҒАЛАУДАҒЫ ТАРАПТАР АРАСЫНДА АҚПАРАТ АЛЫСУ
1. Жағалаудағы Тараптар тиiстi келiсiмдер немесе басқа уағдаластықтар шеңберiнде осы Конвенцияның 9-бабына сәйкес нақты қол жетерлiк деректер, атап айтқанда:
а) шекаралық сулардың экологиялық жай-күйi;
b) ең жақсы технологияны қолдану мен пайдалану саласында, зерттеулер мен талдамалар нәтижесiнде жинақталған тәжiрибе;
с) тастандылар мен мониторинг нәтижелерi;
d) шекаралық әсердің алдын алу, шектеу және қысқарту жөнiнде қолданылып және жоспарланып жатқан шаралар;
е) құзыреттi өкiмет орындары немесе тиiстi орган беретiн немесе белгiлейтiн сарқынды сулардың сыртқа шығарылуы жөнiндегi рұқсаттар немесе ережелер туралы деректер алысып тұрады.
2. Сыртқа шығару үшiн шектi нормаларды келісiп алу мақсатында жағалаудағы Тараптар өздерiнің ұлттық ережелерi туралы ақпарат алысып тұрады.
3. Егер әлдеқандай жағалаудағы Тарапқа басқа жағалаудағы Тарап жоқ деректердi немесе ақпаратты беру туралы өтiнiш жасаса, бiрiншi жағалаудағы Тарап осы өтiнiштi қанағаттандыру үшiн шаралар қолдануға тиiс, алайда ол оны орындау үшiн сұрау салып отырған Тараптан осындай деректердi немесе ақпаратты жинауға және қажет болған жағдайда өңдеуге байланысты ақылға қонымды шығындарды төлеудi талап ете алады.
4. Осы Конвенцияны жүзеге асыру мақсаттары үшiн жағалаудағы Тараптар қолда бар ең жақсы технологияны алмасуға, атап айтқанда, қолда бар технологияны коммерциялық алмасу; өнеркәсiпте, оның iшiнде бiрлескен кәсiпорындарда тiкелей байланыс пен ынтымақтастық жасау; ақпарат пен тәжiрибе алысу; және техникалық көмек көрсету арқылы алмасуға жәрдемдеседi. Жағалаудағы Тараптар сондай-ақ кадрлар даярлау саласында бiрлескен бағдарламаларды жүзеге асырады және тиiстi семинарлар мен кеңестер ұйымдастырады.
14-бап ХАБАРЛАНДЫРУ МЕН ДАБЫЛ ҚАҒУ ЖYЙЕЛЕРI
Жағалаудағы Тараптар шекаралық әсерге себеп болуы мүмкiн қандай да болсын қауiптi жағдай туралы бiр бiрiне дереу хабарлайды. Жағалаудағы Тараптар ақпарат алу және беру мақсатында үйлестiрiлген немесе бiрлескен байланыс, хабарландыру және дабыл қағу жүйелерiн құрады, қажет болған жағдайда пайдаланады. Бұл жүйелер жағалаудағы Тараптар арасында келiсiлуге тиiс деректердi беру мен өңдеудiң үйлесiмдi рәсiмдерi мен техникалық құралдарын қолдану негiзiнде пайдаланылады. Жағалаудағы Тараптар осы мақсаттар үшiн құрылған құзыреттi органдар немесе байланыс орталықтары жайында бiр-бiрiне хабарлайды.
15-бап ӨЗАРА КӨМЕК
1. Қауiптi жағдай пайда болған кезде жағалаудағы Тараптар сұрау салу бойынша осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес белгiленетiн рәсiмдерге сәйкес өзара көмек көрсетедi.
2. Жағалаудағы Тараптар, атап айтқанда:
а) басшылыққа, бақылауға, үйлестiруге және көмек көрсетiлуiн қадағалауға;
b) көмек көрсету туралы өтiнiш жасаған Тарап беретiн жергiлiктi құралдар мен көрсететiн қызметтерге, оның iшiнде қажет болған жағдайда шекаралық формальдi мәселелердi ықшамдауға;
с) нұқсанның болуына жол бермеу, көмек көрсететiн Тарапқа және/немесе оның қызметкерлерiне залалдың орнын толтыру және/немесе оны өтеу жөнiндегі шараларға;
d) көмек көрсету жөнiндегi қызметтерге байланысты шығындарды өтеу шарттарына қатысты өзара көмек көрсету рәсiмдерiн жасайды және келiсiп алады.
16-бап
1. Жағалаудағы Тараптар шекаралық сулардың жай-күйi, шекаралық әсердің алдын алу, шектеу және қысқарту мақсатында қолданылатын немесе жоспарланатын шаралар жайында, сондай-ақ осы шаралардың тиiмдiлігі жайында жұртшылыққа хабарлауды қамтамасыз етедi. Осы мақсатта жағалаудағы Тараптар жұртшылыққа:
а) су сапасының нысаналы көрсеткiштерi;
b) берiлетiн рұқсаттар және сақталуға тиiс шарттар;
с) мониторинг пен бағалау мақсатында жасалатын су мен ағынды су үлгiлерiн алу нәтижелерi, сондай-ақ су сапасының нысаналы көрсеткiштерiн немесе рұқсаттарда айтылған шарттардың сақталуын тексеру нәтижелерi туралы ақпараттың берiлуiн қамтамасыз етедi.
2. Жағалаудағы Тараптар жұртшылыққа тексеру мақсатында осы ақпаратпен ақылға қонымды мерзiмде тегiн танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi және жағалаудағы Тараптардан ақылға қонымды ақыға осындай ақпараттың көшiрмесiн алу үшiн жұртшылық өкілдерiне нақты мүмкiндiктер бередi.
ІІІ БӨЛIМ ҰЙЫМДЫҚ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
17-бап ТАРАПТАР КЕҢЕСI
1. Тараптардың бiрiншi кеңесi осы Конвенция күшiне енген күннен бастап бiр жылдан кешiктiрмей шақырылады. Содан кейiн кезектi кеңестер үш жылда бiр рет немесе рәсiм ережелерiне сәйкес жиiрек шақырылады. Егер Тараптар кезектi кеңесте бұл жайында шешiм қабылдаса немесе олардың бiрi жазбаша түрде тиiстi өтiнiш жасаса, бұл өтiнiштi барлық Тараптар хабарланған күннен бастап алты ай iшiнде Тараптардың кемiнде үштен бiрi қолдаса, олар кезектен тыс кеңестер өткiзедi.
2. Тараптар өздерiнiң кеңестерiнде осы Конвенцияның жүзеге асырылу барысын қарайды және осы мақсатта:
а) шекаралық суларды қорғау мен пайдалануды одан әрi жақсарту үшiн Тараптардың шекаралық суларды қорғау мен пайдалану жөнiндегi саясаты мен әдiстемелiк көзқарастарына шолу жасайды;
b) қатысушылары бiр немесе одан көп Тараптар болып табылатын шекаралық суларды қорғау мен пайдалану жөнiндегi екi жақты және көп жақты келiсiмдердi немесе басқа уағдаластықтарды жасау мен жүзеге асыру кезiнде жинақталған тәжiрибе туралы ақпарат алысады;
с) қажет болған жағдайда осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзуге байланысты барлық мәселелер бойынша ЕЭК-ның тиiстi органдарының, сондай-ақ басқа да құзыреттi халықаралық органдардың және нақты комитеттердің қызметiн пайдаланады;
d) өзiнің бiрiншi кеңесiнде өз кеңестерi рәсiмiнiң ережелерiн қарайды және консенсуспен қабылдайды;
е) осы Конвенцияға түзетулер енгiзу жөнiндегi ұсыныстарды қарайды және қабылдайды;
f) осы Конвенцияның мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажет болып қалуы мүмкiн кез-келген қосымша шараларды қарайды және жүзеге асырады.
18-бап ДАУЫС БЕРУ ҚҰҚЫҒЫ
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Конвенцияның әрбiр Тарабы бiр дауысқа ие.
2. Экономикалық интеграцияның аймақтық ұйымдары осы Конвенцияның Тараптары болып табылатын олардың мүше-мемлекеттерiнің санына тең дауыстар санына ие бола отырып, өздерiнің құзыретiне енетiн мәселелер бойынша өздерiнің дауыс беру құқығын жүзеге асырады.
19-бап ХАТШЫЛЫҚ
Еуропалық экономикалық комиссияның атқарушы хатшысы мынадай хатшылық функциялар орындайды:
а) Тараптардың кеңесiн шақырады және әзiрлейдi;
b) Тараптарға баяндамалар және осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес алынған басқа да ақпарат тапсырады;
с) Тараптар белгiлеуi мүмкiн өзге де функцияларды жүзеге асырады.
20-бап ҚОСЫМШАЛАР
Осы Конвенцияның қосымшалары оның ажырамас бөлiгін құрайды.
21-бап КОНВЕНЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕР
1. Кез-келген Тарап осы Конвенцияға түзетулер ұсына алады.
2. Осы Конвенцияға түзетулер бойынша ұсыныстар Тараптардың кеңесiнде қаралады.
3. Осы Конвенцияға ұсынылатын кез-келген түзетудің мәтiнi Еуропалық экономикалық комиссияның Атқарушы хатшысына жазбаша түрде берiледi, ол оны қабылдау көзделген кеңес басталғанға дейiн тоқсан күннен кешiктiрмей барлық Тараптардың назарына жеткiзедi.
4. Осы Конвенцияға түзету Кеңеске қатысушы осы Конвенцияның Тараптары өкiлдерiнің консенсусымен қабылданады және оны қабылдаған Тараптар үшiн осы Тараптардың үштен екiсi осы түзетудiң қабылданғаны туралы өздерiнің құжаттарын Депозитарийге сақтауға тапсырған күннен кейiн тоқсаныншы күнi күшiне енедi. Түзетудің қабылданғаны туралы құжаты осы Тарап сақтауға тапсырған күннен кейiн тоқсаныншы күнi түзету кез келген басқа Тарап үшiн күшiне енедi.
22-бап ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУ
1. Осы Конвенцияны пайымдауға немесе қолдануға қатысты екi немесе одан көп Тараптың арасында дау туындаған жағдайда олар келiссөз немесе дауға қатысушы Тараптар үшiн қолайлы кез-келген басқа тәсiл арқылы дауларды реттеуге ұмтылады.
2. Осы Конвенцияға қол қою, оны бекiту, қабылдау, күшiне енгiзу немесе оған қосылу кезiнде немесе осыдан кейiн кез-келген уақытта кез-келген Тарап жазбаша түрде Депозитарийге осы баптың 1-тармағына сәйкес реттелмеген дауға байланысты ол өзiне дәл осындай мiндеттеме қабылдайтын кез-келген Тарап үшiн мiндеттi мiндеттеме ретiнде дауларды реттеудің мына құралдарының бiрiн немесе екеуiн де қабылдайтынын мәлiмдей алады:
а) дауды халықаралық сотқа беру;
b) IV қосымшада айтылған рәсiмге сәйкес төрелiк сотқа беру.
3. Егер дауға қатысушы Тараптар осы баптың 2-тармағында айтылған дауларды реттеудің екi тәсiлiн де қабылдаса, дау, егер Тараптар өзгеше жайында уағдаласпаса, тек Халықаралық Сотқа қана берiлуi мүмкiн.
23-бап ҚОЛ ҚОЮ
Осы Конвенция Еуропалық экономикалық комиссияға мүше мемлекеттердің, сондай-ақ 1947 жылғы 28 наурыздағы Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңестiң 36 (IV) қарарының 8-тармағына сәйкес Еуропалық экономикалық комиссия жанында консультативтiк мәртебесi бар мемлекеттердің, сондай-ақ олардың мүше мемлекеттерi осы Конвенция реттейтiн мәселелер бойынша өкiлеттiктер, оның iшiнде осы мәселелерге қатысты шарттар жасасу өкiлеттiктерiн берген Еуропалық экономикалық комиссияға мүше егемен мемлекеттер құрған аймақтық экономикалық интеграция ұйымдарының Хельсинкиде қол қоюы үшiн 1992 жылғы 17 наурыздан 18 наурызға дейiн және Нью-Йоркте Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерiнде қол қоюы үшiн 1992 жылғы 18 қыркүйекке дейiн ашық.
24-бап ДЕПОЗИТАРИЙ
Осы Конвенцияның Депозитарийi ретiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы бой көрсетедi.
25-бап БЕКIТУ, ҚАБЫЛДАУ, КYШIНЕ ЕНГIЗУ
ЖӘНЕ ҚОСЫЛУ
1. Осы Конвенцияны оған қол қойған мемлекеттер, аймақтық экономикалық интеграция ұйымдары бекiтуге, қабылдауға немесе күшiне енгiзуге тиiс.
2. Осы Конвенция 23-бапта айтылған мемлекеттер мен ұйымдардың қосылуына ашық.
3. 2-тармақта көрсетілмеген, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылатын кез келген басқа мемлекет Тараптар Кеңесінің келісімімен Конвенцияға қосыла алады. Мұндай мемлекет өзінің қосылу туралы құжатында оның Конвенцияға қосылуына Тараптар Кеңесінен келісім алынғаны туралы мәлімдейді және келісім алынған күнді көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мүшелерінің тарапынан жасалған кез келген осындай қосылу туралы өтініш 2003 жылғы 28 қарашадағы жағдай бойынша Конвенцияның Тараптары болып табылған барлық мемлекеттер мен ұйымдар үшін осы тармақ күшіне енгенге дейін Тараптар Кеңесінің келісімін алу нысанасы ретінде қарастырылмайды
4. 23-бапта айтылған, осы Конвенцияның Тарабына айналатын кез-келген ұйым, осы ұйымға мүше мемлекеттердің бiрде-бiрi осы Конвенцияның Тарабы болып табылмайтын күннiң өзінде, осы Конвенцияда көзделген барлық мiндеттемелермен байланысты болады. Осындай ұйымға мүше бiр немесе бiрнеше мемлекет осы Конвенцияның Тараптары болып табылатын жағдайда осы ұйым мен оған мүше мемлекеттер осы Конвенция бойынша өзiнің мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi олардың тиiстi мiндеттемелерiне қатысты шешiм қабылдайды. Мұндай жағдайларда осы ұйым мен оған мүше мемлекеттер осы Конвенцияда көзделген құқықтарды бiр мезгілде пайдалана алмайды.
Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.01.2015 № 282-V Заңымен.
26-бап КҮШIНЕ ЕНУ
1. Осы Конвенция бекiту, қабылдау, күшiне енгiзу немесе қосылу туралы он алтыншы құжат сақтауға тапсырылған соң тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшiн аймақтық экономикалық интеграция ұйымы сақтауға тапсыратын кез-келген құжат осындай ұйымға мүше мемлекеттер сақтауға тапсыратын құжаттарға қосымша құжат ретiнде қаралмайды.
3. 23-бапта немесе 25-баптың 3-тармағында аталған, осы Конвенцияны бекiтетiн, қабылдайтын немесе күшiне енгiзетiн немесе бекiту, қабылдау, күшiне енгiзу немесе қосылу туралы он алтыншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейiн оған қосылатын әрбiр мемлекет немесе ұйым үшiн Конвенция осындай мемлекет немесе ұйым бекiту, қабылдау, күшiне енгiзу немесе қосылу туралы өзiнің құжатын тапсырған соң тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.01.2015 № 282-V Заңымен.
27-бап ШЫҒУ
Кез-келген Тарап үшiн осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн үш жыл өткен соң кез-келген уақытта осы Тарап Депозитарийге жазбаша хабарлама жiберу арқылы Конвенциядан шыға алады. Кез-келген осындай шығу Депозитарий ол туралы хабарлама алған күннен кейiн тоқсаныншы күнi күшiне енедi.
28-бап ТҮПНҰСҚАЛЫҚ МӘТIНДЕР
Осы Конвенцияның ағылшын, орыс және француз тiлдерiндегi мәтiндерi бiрдей дәрежеде түпнұсқалық мәтiн болып табылатын түпнұсқасы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРА ОТЫРЫП осыған тиiстi дәрежеде өкiлеттiк алып қол қойғандар осы Конвенцияға қол қойды.
Хельсинкиде бiр мың тоғыз жүз тоқсан екiншi жылы он жетiншi наурызда ЖАСАЛДЫ.
I-ҚОСЫМША "ҚОЛДА БАР ЕҢ ЖАҚСЫ ТЕХНОЛОГИЯ" ТЕРМИНIНІҢ
АНЫҚТАМАСЫ
1. "Қолда бар ең жақсы технология" терминi сарқындыларды, тастандыларды және қалдықтарды шектеу үшiн нақты шара ретiнде iс жүзiнде жарамдылығын дәлелдеген процестердi, қондырғыларды немесе пайдалану әдiстерiн жасаудағы соңғы жетiстiктердi бiлдiредi. Процестер, қондырғылар немесе пайдалану әдiстерi тұтас немесе әрбiр жекелеген жағдайларда ең жақсы технология болып табыла ма деген мәселенi анықтау кезiнде:
а) соңғы кезде ойдағыдай сынақтан өткен салыстырмалы процестер,қондырғылар немесе пайдалану әдiстерi;
b) техникалық процесс және ғылыми бiлiмдер мен проблеманы түсінудегi өзгерiстер;
с) осындай технологияны экономикалық тұрғыда қолдану мүмкіндігі;
d) жаңа кәсiпорындарда да, жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындарда да жабдықтар орнатудың мерзiмдiк шеңберi;
е) тиiстi сарқындылар мен ағын сулардың сипаты мен көлемi;
f) қалдығы аз және қалдықсыз технология ерекше ескерiледi.
2. Сөйтіп, нақты процесс үшiн "қолда бар ең жақсы технология"техникалық прогрестің, экономикалық және әлеуметтiк факторлардың әсерiмен, сондай-ақ ғылыми бiлiмдер мен проблеманы түсiнудiң өзгеруiне сәйкес уақыт өте келе өзгерiске ұшырайтын болады.
ІІ-ҚОСЫМША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН АЛҒАНДА ЕҢ ЖАҚСЫ
ПРАКТИКА ЖАСАУҒА АРНАЛҒАН БАСШЫЛЫҚ
ҚАҒИДАТТАР
1. Нақты жағдайларда экологиялық тұрғыдан алғанда ең жақсы практика болуы мүмкiн неғұрлым қолайлы шаралар үйлесiмiн таңдап алу кезiнде өздерiнің маңызының арту тәртiбiмен келтiрiлген мына шараларды ескеру керек:
а) нақты қызмет түрлерiн немесе өнiмдердi таңдап алудың, оларды пайдаланудың және түпкiлiктi жоюдың экологиялық зардаптары жөнiнде пайдаланушы жұртшылық арасында ақпарат пен білім тарату;
b) өнiмнің өмiрлiк циклiнің барлық қырын қамтитын тиiстi экологиялық практика кодекстерiн жасау және қолдану;
с) өнiмге, оны пайдалануға және түпкiлiктi жоюға байланысты қоршаған орта үшiн қауiп жайында пайдаланушыларға хабарлайтын таңба;
d) жұртшылықтың қолы жететiн жинау мен жою жүйелерi;
е) рециркуляция, рекуперация және қайта пайдалану;
f) қызмет, өнiмдер немесе өнiмдер топтары жөнiнде экономикалық тұтқаларды қолдану;
q) бiрқатар шектеулердi немесе тыйым салушылықты көздейтiн лицензиялар беру жүйесi.
2. Экологиялық тұрғыдан алғанда қандай шаралар үйлесiмi ең жақсы практика болып табылатынын анықтау кезiнде тұтас алғанда немесе әрбiр жекелеген жағдайда:
а) қоршаған орта үшiн:
I) өнiмнің;
ІІ) өнiм өндiрудің;
ІІІ) өнiмдi пайдаланудың;
IV) өнiмдi түпкiлiктi жоюдың қаупi;
b) онша көп ластамайтын процестермен немесе заттармен алмастыру мүмкiндiгi;
с) пайдалану көлемi;
d) ықтимал экологиялық артықшылықтар немесе балама материалдардың немесе қызметтің жетiмсiздiгi;
е) ғылыми бiлiмдер мен проблемаларды түсiнудегi прогресс пенөзгерiстер;
f) жүзеге асырудың уақыт шеңберлерi;
q) әлеуметтік және экономикалық зардаптар ерекше ескерiлуi керек.
3. Сөйтiп, нақты ластау көзi үшiн экологиялық тұрғыдан алғанда ең жақсы практика техникалық прогрестің, экономикалық және әлеуметтiк факторлардың әсерiмен, сондай-ақ ғылыми бiлiмдер мен проблеманы түсiнудiң өзгеруiне сәйкес уақыт өте келе өзгерiске ұшырайтын болады.
ІІІ-ҚОСЫМША СУ САПАСЫНЫҢ НЫСАНАЛЫ КӨРСЕТКIШТЕРI МЕН
ӨЛШЕМДЕРIН ЖАСАУДЫҢ БАСШЫЛЫҚ ҚАҒИДАТТАРЫ
Су сапасының нысаналы көрсеткiштерi мен өлшемдерi:
а) қазiргi су сапасын сақтау және қажет болған жағдайда оны жақсарту мақсатын ескередi;
b) ластанудың, әсiресе қауiптi заттармен ластанудың орташа көлемiн белгiлi бiр уақыт аралығы шегiнде белгiлi бiр деңгейге дейiн қысқартуға бағытталған;
с) су сапасына қойылатын нақты талаптарды (ауыз суына арналған қайнамаған су, егiс суару және т.б.) ескере отырып;
d) сезiмтал және ерекше қорғалатын сулар жөнiндегi нақты талаптарды ескередi;
е) су сапасын сақтап және жақсарта отырып жағдайды орта мерзiмді және ұзақ мерзiмдi тұрғыда тексеру мақсаттары үшiн экологиялық сыныптама мен химиялық индекстер әдiстерiн қолдану негiзiнде белгiленедi;
f) нысаналы көрсеткiштерге қол жеткiзу дәрежесiн, сондай-ақ жекелеген жағдайларда қажет болып қалуы мүмкiн сарқындыларда ластаушылардың болуының шектi нормаларына негiзделген қосымша қорғау шараларын ескередi.
IV-ҚОСЫМША АРБИТРАЖ
1. Осы Конвенцияның 22-бабының 2-тармағына сәйкес әлдеқандай дау арбитраждың тексеруiне берiлген жағдайда Тарап немесе Тараптар төрелiкте тексеру нысанасы туралы хатшылыққа хабарлайды және, атап айтқанда, пайымдауға немесе қолдануға байланысты дау туындаған осы Конвенцияның баптарын көрсетедi.
Хатшылық алынған ақпаратты осы Конвенцияның барлық Тараптарына қоса жiбередi.
2. Төрелiк соты үш мүшеден тұрады. Талапкер-тарап немесе талапкер тараптар, басқа тарап сияқты немесе дауға қатысушы тараптар бiр-бiр төрешiден тағайындайды және осындай түрде тағайындалған екi төрешi өзара келiсiм бойынша төрелiк соттың төрағасы мiндетiн орындайтын үшiншi төрешiнi тағайындайды, ол дау тараптарының бiрінің азаматы бола алмайды және өзiнiң әдеттегi тұрғылықты жерiне осы тараптардың бiрiнiң аумағын ала алмайды, онда қызметте болмайды немесе қандай бiр тұрғыдан бұл iске қатысты болмайды.
3. Егер екiншi төрешiнi тағайындаған кейiн екi ай өткен соң төрелiк соттың төрағасы тағайындалмаса, онда дау тараптарының кез келгенiнің өтiнiшi бойынша Еуропалық экономикалық комиссияның Атқарушы хатшысы оны келесi екi ай iшiнде тағайындайды.
4. Егер даудың бiр тарабы өтiнiш алғаннан кейiн екi ай iшiнде төрешiні тағайындамаса, онда басқа тарап бойынша Еуропалық экономикалық комиссияның Атқарушы хатшысына бұл туралы хабарлауға құқылы, ол келесi екi ай iшiнде төрелiк соттың төрағасын тағайындайды. Өзi тағайындалғаннан кейiн төрелiк соттың төрағасы әлі төраға тағайындамаған тараптан мұны екi ай iшiнде жасауды сұрайды. Егер ол мұны екi ай iшiнде iстемесе, онда төраға тиiстi түрде бойынша Еуропалық экономикалық комиссияның Атқарушы хатшысына хабар бередi, ол бұл төрешiнi келесi екi ай iшiнде тағайындайды.
5. Төрелiк сот өз шешiмiн халықаралық құқыққа және осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес шығарады.
6. Осы қосымшаның ережелерiне сәйкес құрылған кез келген төрелiк сот өзiнің өзiндiк рәсiмiнің ережелерiн әзiрлейдi.
7. Төрелiк соттың шешiмiн рәсiмдiк мәселелер бойынша да және тиiстi мәселелер бойынша да оның мүшелерi көпшiлiк дауыспен қабылдайды.
8. Сот фактiлердi анықтау үшiн барлық тиiстi шараларды қабылдай алады.
9. Дау тарапы төрелiк сот жұмысына, оның iшiнде қарамағында бар барлық құралдарды пайдалана отырып жәрдем бередi:
а) оған барлық тиiстi құжаттарды, шарттары мен ақпаратты бередi;
b) қажет болған жағдайда оған куәларды немесе сарапшыларды шақыру және олардың айғақтарын тыңдау мүмкiндiгiн бередi.
10. Тараптар мен төрелiк сот мүшелерi өздерi төрелiк сотта iс қарау барысында құпия тәртiппен алған кез келген ақпараттың құпиялылығын сақтайды.
11. Төрелiк сот тараптардың бiрiнің өтiнiшi бойынша уақытша қорғау шараларын қабылдауға ұсыныс жасай алады.
12. Егер дау тараптарының бiрi төрелiк сотқа келмесе немесе өз iсiн қарауға қатыспаса, онда басқа тарап соттан iс қарауды жалғастыруды және өзiнің түбегейлi шешiмiн шығаруды сұрай алады. Сотта тараптардың бiрiнiң болмауы немесе тараптардың бiрiнiң iс қарауға қатыспауы iс қарау үшiн кедергi болмайды. Түбегейлi шешiм шығарар алдында төрелiк сот талаптың iс және заңда талаптарға негізделгенiне көз жеткiзуге тиiс.
13. Төрелiк сот тiкелей даудың мәнiнен туындаған қарсы талаптарды тыңдап, ол бойынша шешiм шығара алады.
14. Егер төрелiк сот iстің нақты жағдайларын негiзге ала отырып, өзге шешiм қабылдамаса, онда сот мүшелерiнің қызметтерiне төлеудi қоса алғанда, сот шығындарын дау тараптары тең бөлiседi. Сот өзiнің барлық шығындарын тiркейдi және тараптарға осы шығындар туралы түбегейлi есеп бередi.
15. Дау нысанасында құқықтық сипаттағы мүддесi бар және осы iс бойынша шешiм нәтижесiнде қозғау салынатын осы Конвенцияның кез келген тарапының сот келiсiмiмен iс қарауға құқығы бар.
16. Төрелiк сот, ол бұл мерзiмдi бес ақпан аспайтын мерзiмге ұзарту қажет деп тапса, өзi құрылғаннан кейiнгi бес ай iшiнде өз шешiмiн шығарады.
17. Төрелiк соттың шешiмi себептердi түсiндiрумен қоса жүредi. Оның шешiмi түбегейлi және даудың барлық тараптары үшiн міндеттi болып табылады. Төрелiк сот өз шешiмiн дау тараптары мен хатшылықтың назарына жеткiзедi. Хатшылық алынған ақпаратты осы Конвенцияның барлық тараптарына жолдайды.
18. Тараптар арасында сот шешiмiн түсiндiруге немесе орындауға қатысты пайда болуы мүмкiн кез келген дау осы шешiмдi шығарған төрелiк сотқа кез келген тарап арқылы немесе оның қызметiн пайдалану мүмкiн болмаса, бiрiншiсi сияқты осындай мақсатпен құрылған сотқа берiледi.