Римде 2003 жылғы 5 ақпанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Италия Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктepдi автомобиль көлiгiмен халықаралық тасымалдауды өзара реттеу туралы келiсiм бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Италия Республикасының Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердi автомобиль көлiгiмен халықаралық тасымалдауды өзара реттеу туралы
КЕЛIСIМ
<*>
(2006 жылғы 19 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2006 ж., N 6, 43-құжат)
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Италия Республикасының Үкiметi,
екi мемлекет арасында, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен автомобиль көлiгiмен жолаушы және жүк тасымалдарын реттеудi жеңiлдету мақсатында және
өзара мүдделердi назарға ала отырып,
төмендегi туралы келiстi:
Осы Келiсiмге сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң автокөлiк құралдары жолаушылар мен жүктердi Тараптар мемлекеттерiнiң аумағына немесе аумағынан, сондай-ақ олар Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағында тiркелу шартымен, олардың аумақтары арқылы транзитпен тасымалдай алады.
Тараптар мемлекеттерiнiң азаматтардың Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарына кiруiн және шығуын, болуын реттейтiн заңнамасына сәйкес осы Келiсiм, Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасындағы, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен өту кезiнде, автобус жүргiзушiсiн қоса алғанда, тоғыздан артық адам тасымалдауға арналған автокөлiк құралдары пайдаланылатын барлық халықаралық жолаушылар тасымалдарына қолданылады.
1.2. МЕМЛЕКЕТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ТАСЫМАЛДАР
1. Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн "тұрақты тасымал" мағынасында, алдын ала белгiленген және жарияланған қозғалыс кестелерi мен тасымалдау тарифтерiне сәйкес, белгiлi бiр бағыт бойынша автобуспен жолаушылар тасымалы түсiнiлуi тиiс.
2. Осындай тасымалдар барысында жолаушылар алдын ала белгiленген аялдамаларда және басқа да ескерiлген пункттерде отырғызылуы және түсiрiлуi мүмкiн.
3. Осындай тасымалдарды қамтамасыз ету үшiн, тiлек бiлдiрген кез келген жолаушы, жөнелту пункттерiнде және жүретiн жол бойындағы аялдамаларда, осы Келiсiмнiң ережелерiне және Тараптар мемлекеттерiнiң тұрақты жолаушы тасымалын реттейтiн заңнамасына сәйкес автокөлiк құралының бортына, онда бос орын болған кезде алынуы тиiс.
Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы тұрақты тасымалдар, осы Келiсiмнiң 22-бабында көрсетiлген Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары арасындағы келiсiм бойынша және осы Келiсiмнiң 23-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия қабылдаған шешiмдердiң негiзiнде ұйымдастырылады.
1. Жолаушылардың тұрақты тасымалы Тараптар мемлекеттерiнің құзыреттi органдары берген, басқа тұлғаға беруге болмайтын тиiстi рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Рұқсатты Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, олардың аумақтары бойынша өтетiн бағыт бөлiгiне екi жаққа бiрдей негiзде бередi.
3. Рұқсаттың қолданылу мерзiмiн Бiрлескен Комиссия келiсуi тиiс.
4. Тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсат, аумағында тасымалдаушының компаниясы тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына тасымалдаушы берген өтiнiмнiң негiзiнде берiледi.
5. Өтiнiмнiң iшiнде тасымалдаушының атауы, жолаушыларды отырғызу мен түсiруге арналған аялдау пункттерi көрсетiлген бағыт сызбасы, қозғалыс кестесi (бiр күнтiзбелiк жылға жарамды), километрмен көрсетiлген қашықтықтар, қозғалыстың мезгiлi мен жиiлiгi, сондай-ақ Бiрлескен Комиссия белгiлейтiн жол жүру құны сияқты мiндеттi мағлұматтар болуы тиiс. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қажеттi деп санайтын қосымша мәлiметтердi талап етуге құқылы.
6. Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң құзыреттi органы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына қажеттi құжаттармен жинақталған барлық қабылданған өтiнiмдер туралы хабарлайды.
7. Өтiнiмдi Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары Бiрлескен Комиссия белгiлеген рәсiмдерге сәйкес мақұлдауы тиiс.
8. Тұрақты тасымалдарды орындауға рұқсат берiлген автокөлiк құралының барлық сапарлар кезiнде түпнұсқа сертификаты болуы тиiс.
Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң тасымалдаушыларына екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункттiң арасында жолаушылар тасымалын жүзеге асыру рұқсат етiлмейдi.
1.3. ТҰРАҚТЫ ТРАНЗИТТIК ТАСЫМАЛДАР
1. Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн "тұрақты транзиттiк жолаушы тасымалы" мағынасында Тараптардың бiрiнiң аумағында басталып және екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағын, осы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында жолаушыларды отырғызусыз немесе түсiрусiз үшiншi мемлекетке барумен кесiп өтетiн, алдын ала белгiленген және жарияланған қозғалыс кестелерi мен тасымалдау тарифтерiне сәйкес, белгiлi бiр бағыт бойынша автобуспен жолаушыларды тасымалдау түсiнiледi.
2. Тұрақты транзиттiк тасымалдар, тасымалдаушы өзiнiң тiркелген мемлекетiнiң құзыреттi органдары арқылы алдын ала өтiнiм беруi тиiс транзит мемлекетiнiң құзыреттi органы берген рұқсаттардың негiзiнде орындалуы тиiс.
1.4. ТҰРАҚТЫ ЕМЕС ТАСЫМАЛДАР
Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн тұрақты емес тасымалдар:
1) ("жабық есiк сипатындағы" сапар), яғни автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағында басталатын және аяқталатын, бүкiл сапар уақытында бiр жолаушыларды тасымалдау үшiн бiр ғана автокөлiк құралы пайдаланылатын тасымал;
2) өзi тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағына бос қайтатын автокөлiк құралымен екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына жолаушыларды тасымалдау;
3) тасымалдаушы мен тапсырыс берушiнiң арасында алдын ала қол жеткiзiлген шарттың негiзiнде автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң аумағына тасымалдау үшiн жолаушылар тобын жинау мақсатында, екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына жолаушыларсыз сапар шегу болып табылады.
1. Осы Келiсiмнiң 8-бабының 1) және 2) тармақшаларында олар үшiн шарттар ескерiлген тасымалдар, тiптi олар транзиттiк тасымалдар болып табылса да, ешқандай рұқсаттарды талап етпейдi.
2. Осындай жағдайларда жүргiзушiде жолаушылардың толық тiзiмiмен тиiстi түрде толтырылған жол ведомосi, тасымалдаушының аты мен мекен-жайы, автокөлiк құралының тiркелу нөмiрi, келу пунктi, екiншi Тарап мемлекеттерiнiң аумақтарына кiрудiң және шығудың болжанған күнi болуы тиiс.
3. Автокөлiк құралы сынған жағдайда, Бiрлескен Комиссия белгiлеген рәсiмдерге сәйкес, ол талап етiлетiн рұқсатсыз басқа көлiк құралымен ауыстырылуы мүмкін.
4. Егер осы Келiсiмнiң 8-бабының 3) тармақшасында ескертiлген шарттар орын алса, онда тасымалды орындайтын көлiк компаниясы тiркелген бiр Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарынан рұқсат сұрауға құқылы.
5. Құзыреттi органдар жыл сайынғы мөлшерiн осы Келiсiмде көзделген Бiрлескен Комиссия белгiлейтiн рұқсаттар бланкiлерiмен алмасуы тиiс.
1.5. АВТОКӨЛIК ҚҰРАЛЫМЕН БАСҚА ТАСЫМАЛДАР
1. Алдыңғы баптарда шарттары ескерiлмеген автокөлiк құралымен басқа тасымалдар жағдайында, екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарында әр жеке жағдайда рұқсаттар алдын ала алынуы тиiс.
2. Рұқсат өз Тарабы мемлекетiнiң құзыреттi органдары арқылы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына өтiнiм берген әрбiр тасымалдаушыға берiледi.
3. Өтiнiмнiң iшiнде қозғалыс бағыты, келу пунктi, сапардың мақсаты туралы мәлiметтер және Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары талап етуi мүмкiн басқа ақпарат болуы тиiс.
4. Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң құзыреттi органдары қабылданған өтiнiмдердi барлық қажеттi құжаттармен екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына беруi тиiс.
5. Екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары өтiнiм алынған күнiнен бастап 30 күн iшiнде қабылданған шешiм туралы хабарлауы тиiс.
6. Екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарының келiсiмi алынғаннан кейiн, тасымалдаушы тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары рұқсатты беруi тиiс.
1. Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнде тiркелген жүк тасымалдаушыда екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы берген, осы Келiсiмнiң 12-бабында ескерiлген жағдайларды қоспағанда, немесе Бiрлескен Комиссияның екiжақты тасымалдар үшiн рұқсат беру жүйесiнен босатуға қатысты шешiмдерiне сәйкес, екi мемлекет арасында тасымалдарды жүзеге асыруға рұқсаты болуы тиiс. Мұндай рұқсат тура және керi бағыттардағы тасымалдар бойы жарамды.
2. Тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдары мен жүргiзушiлердiң екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына кiруi, жүруi және болуы өзара шартпен, мемлекеттiк қауiпсiздiк себептерi бойынша талап етiлгенде, ерекше мерзiмдер мен шарттарға, тексерiстер мен сақтық шараларына бағындырылуы мүмкiн.
3. Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн, егер тасымал үшiншi мемлекетке баруға, Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң аумағы бойынша, аумағы арқылы автокөлiк құралы транзитпен өтетiн Тарап мемлекетiнiң аумағында жүктердi тиеудi немесе түсiрудi жүзеге асырмай өтсе, тасымал транзиттiк деп саналады.
4. Транзиттiк тасымалдарды жүзеге асыру үшiн тасымалдаушыда осы Келiсiмнiң 12-бабында ескерiлген жағдайларды қоспағанда, немесе Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары өзгеше келiспесе, екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары берген рұқсат болуы тиiс.
1. Екiншi Тарап мемлекеттерiнiң аумақтарына және аумақтарынан төменде келтiрiлген жүктердi әкелу мен әкетудi реттейтiн Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына залалсыз осы Келiсiмнiң 11-бабында ескерiлген рұқсаттардан:
1) мәйiттер мен қайтыс болғандардың күлiн тасымалдау;
2) көрмелерге ғана арналған заттарды тасымалдау;
3) театр, музыка, кинематография, спорт және цирк iс-шараларына, сондай-ақ радиохабарларды, кино және телевизиялық түсiрулердi жазуға арналған жабдықтар мен керек-жарақтарды тасымалдау;
4) екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында iстен шыққан басқа жүк автокөлiк құралын ауыстыруға арналған бос жүк автокөлiк құралының қозғалысы және жөнделген бос автокөлiк құралының қайтуы.
Ауыстыратын автокөлiк құралы iстен шыққан автокөлiк құралына берiлген рұқсатты пайдаланып, тасымалды жалғастыра алады;
5) дәрi-дәрімектердi, медициналық жабдықтар мен жарақтарды, сондай-ақ кезек күттiрмейтiн авариялық жағдайлар мен табиғи апаттар кезiнде сыни жағдайларды жою бойынша көмек көрсетуге арналған басқа заттарды тасымалдау;
6) почтаны тасымалдау;
7) тасымалдау шарты өзгертiлген жағдайда, әуежайға жеткiзiлетiн жүктердiң тұрақсыз тасымалы;
8) жолаушылардың автокөлiк құралдарына тiркелген трейлерлерде немесе әуежайға бара жатқан немесе әуежайдан келе жатқан кез келген автокөлiк құралын пайдаланатын теңдеме жүк фургондарында теңдеме жүктi тасымалдау;
9) полиция немесе арнайы күзет ерiп жүретiн арнайы автокөлiк құралдарында құндылықтарды (асыл металдар және т.б.) тасымалдау;
10) теңіз және әуе тасымалдары үшiн қосалқы бөлшектердi тасымалдау босатылады.
2. Осы Бапқа сәйкес рұқсаттар талап етілмейтiн тасымалдар тiзiмiн Бiрлескен Комиссия өзгерте алады.
3. Осы Бапта ескерiлген барлық тасымалдар Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында қолданылып жүрген және осы мәселенi реттейтiн белгiлi бiр ережелер мен нұсқамалардың шарттарына сәйкес қажет болуы мүмкiн барлық талаптарға бағынуы тиiс.
Бiр де бiр рұқсат үшiншi тұлғаға берілмейдi, ол кiмге берiлсе, сол тасымалдаушы ғана оны пайдалана алады және тасымалдаушыға бiр автокөлiк құралымен немесе құрамдастырылған автокөлiк құралымен (тiркемелi/жартылай тiркемелi автокөлiк құралы, тiркемесiз автокөлiк құралы, бiрiктiрiлген автокөлiк құралы), қолданысы бiр күнтiзбелік жылдан аспауы тиiс рұқсаты көрсетiлген қолданыс мерзiмi бойы тасымалды жүзеге асыруға құқық бередi.
1. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушыларына екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункт арасында жүк тасымалын жүзеге асыруға тыйым салынады.
2. Бiр Тарап мемлекетiнiң тасымалдаушыларына сонымен қатар екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағы мен үшiншi мемлекеттiң аумағы арасында және керiсiнше жүктердi тасымалдауға, егер рұқсаттардың арнайы мөлшерi туралы шешiм қабылдайтын Бiрлескен Комиссия өзгеше көздемесе, тыйым салынады.
1. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары өз мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес автокөлiк компанияларына, автокөлiк құралдарының жарамдылығына, автокөлiк құралдары құжаттарының мазмұнына, жүргiзушiнiң білiктілiгiне, сақтандыруды жабу мен үшiншi тұлғалардың алдында жоғары жауапкершілiктi сақтандыруға және жолаушылардың өтемiне қойылатын техникалық және кәсiптiк стандарттарды белгiлеуi тиiс.
2. Сақтандыру полисiнiң мерзiмдерi мен шарттары барлық жағдайларда, тасымал соған жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің заңнамасында белгiлеген талаптарға сәйкес болуы тиiс.
Жол жүруге, жолаушылар мен жүктердi тасымалдау үшiн қажеттi құжаттарды жасауға, жазбалар жүргiзуге, Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары арасында алмасу үшiн статистикалық мәлiметтердiң жазбасына арналған рұқсаттар беру үшiн рәсiмдер мен нысандылықтарды Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары келiсуi тиіс.
1. Осы Келiсiм бойынша талап етiлетiн рұқсаттар, сондай-ақ басқа тасымалдау құжаттары осы Келiсiмде көзделген барлық тасымалдар кезiнде автокөлiк құралында болуы тиiс және Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының өкілдерiне талап бойынша тексеру үшiн ұсынылуы тиiс.
2. Тасымалдау құжаттарын сапар басталар алдында толығымен толтыру керек.
3. Жүкпен немесе жүксiз келе жатқан автокөлiк құралының көлемдiк немесе салмақтық параметрлерi екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген нормалардан артық болған жағдайда, тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарының арнайы рұқсатын алуы тиiс.
4. Тасымалдаушылар мен олардың автокөлiк құралдарының экипажы осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн, Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсының аумағындағы жол қозғалысы мен тасымалдарды реттейтiн ережелер мен қағидаларды сақтауы тиiс.
5. Тасымалдаушылар мен олардың автокөлiк құралдарының экипажы осы Баптың 4-тармағында ескерiлген ережелер мен қағидаларды бұзған жағдайда, олар аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекетiнiң заңнамасына сәйкес жауапты болады.
1. Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағына әкелiнетiндер кедендiк баждарды, кедендiк ресiмдеу үшiн алымдарды және импорт кезiнде алынатын салықтарды төлеуден босатылады:
1) автокөлiк құралының тиiстi моделi үшiн көзделген, техникалық және конструкциялық жағынан қозғалтқыштың отын жүйесiмен байланысты негiзгi сыйымдылықтардағы жанармай, сондай-ақ рефрижератор қондырғыларының жұмысы үшiн қажеттi, тiркемедегi немесе жартылай тiркемедегi жанармай;
2) тасымалдау кезiнде қалыпты тұтынуға қажеттi мөлшердегi, автокөлiк құралындағы жағармай материалдары;
3) халықаралық тасымалды орындайтын автокөлiк құралдарын жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер мен құралдар. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер керi әкелiнуi тиiс, ал алмастырылған қосалқы бөлшектер мемлекеттен шығарылуы не жойылуы тиiс не тиiстi Тарап мемлекетiнiң аумағында белгіленген тәртiппен айналымға түсуi тиiс.
2. Автокөлiк құралының жүргiзушiсi және экипажының басқа мүшелерi, баратын елде олардың болатын мерзiмiне сапарда қажеттi жеке бұйымдардың белгілi бiр санын кедендiк алымдар мен импорттық баждардан босатылумен және оларды керi шығару шартымен уақытша кiргiзе алады.
3. Әрбiр Тарап екiншi Тарап мемлекеттiң аумағында тiркелген автокөлiк құралдарының өз аумағына, кедендiк баждарды төлеуден босатылумен, тыйымдарсыз және шектеулерсiз, оларды керi шығару шартымен кiруiне рұқсат беруi тиiс.
4. Тараптар мұндай автокөлiк құралдарының, олардың аумағына уақытша кiруi үшiн кедендiк ресiмдерден өтуiн талап етуi мүмкiн.
1. Осы Келiсiмге сәйкес орындалатын тасымалдар төлем күнiне жарамды рынок бағамы бойынша, еркiн айналыстағы валютада ресiмделуi және төленуi тиiс.
2. Тиiстi ақша аударымдары, алдыңғы фискалдық мiндеттемелердiң аяқталуы шартымен шектеулер мен кiдiрiстерге бағынбауы тиiс.
3. Егер төлемдер туралы келiсiм Тараптар арасында жасалса, онда жоғарыда ескерiлген төлем, осы Келiсiмнiң шарттарына сәйкес жүргiзiлуi тиiс.
Шекарадан өтуге байланысты шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылауға қатысты Тарап мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады және бұл шарттар реттемеген мәселелердi шешу кезiнде Тарап мемлекеттерiнiң әрқайсының заңнамасы қолданылатын болады.
1. Құқық бұзушылық жасалған Тарап мемлекетiнiң ресми жарияланған жазалау шараларына қарамай, екiншi Тарап мемлекетiнің аумағында осы Келiсiмнiң ережелерi бұзылған жағдайда, аумағында автокөлiк құралы тiркелген Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары, екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарынан хабар алысымен мына шаралардың бiрiн қабылдау туралы шешiм қабылдайды:
1) жүрген мемлекетiнiң заңнама талаптарын сақтау қажеттілiгi туралы тасымалдаушыға ескерту;
2) бұзушылық қайталанған жағдайда, төменде келтiрiлген, 3) немесе 4) тармақтарда көзделген шаралардың қолданылатынын ескерту;
3) бұзушылық жасалған мемлекетте жолаушылардың немесе жүктердiң тасымалын жүзеге асыруға арналған рұқсатты уақытша тоқтата тұру;
4) бұзушылық жасалған мемлекетте жолаушылардың немесе жүктердiң тасымалын жүзеге асыруға арналған рұқсатты алып қою.
2. Екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бiр-бiрiн қабылданған шаралары туралы хабардар етедi.
1. Осы Келiсiмдi қолдануға немесе түсiндiруге байланысты даулы мәселелер Тараптардың консультациялары және келiссөздерi арқылы шешiледi.
2. Осы Келiсiмдi қолдану бойынша Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары:
Қазақстан Республикасының Yкiметi үшiн:
Көлiк және коммуникациялар министрлiгi;
Италия Республикасының Yкiметi үшiн:
Инфрақұрылым және көлiк министрлiгi
болып табылады.
1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау және оларға байланысты ағымдағы мәселелердi шешу мақсатында осымен Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдарының өкілдерiнен тұратын және мынадай басты функциялары бар Бiрлескен Комиссия құрылады:
1) жолаушылардың тұрақты тасымалы бойынша өз пiкiрiн бiлдiру және, егер қажет болса, екi Тарап үшiн өзара мүдде тудыратын, мұндай тасымалдарды қамтамасыз етуге арналған рәсiмдер туралы уағдаласу;
2) 8, 9, 11 және 14-баптарда ескерiлген, жолаушылар мен жүктердi тасымалдауға арналған рұқсаттар мөлшерiн бiрлесiп белгiлеу немесе екiжақты және транзиттiк тасымалдау жағдайында рұқсаттардан босату туралы мәселенi шешу;
3) 5, 8, 9, 10 және 11-баптарда ескерілген рұқсаттар бланкiлерiнiң нысанын әзiрлеу және оларды беру рәсiмдерiн белгiлеу;
4) осы Келiсiмдi iске асыру барысында туындайтын проблемалар мен мәселелердi шешу;
5) екi мемлекет арасындағы автомобиль тасымалдарын жеңiлдету және дамытуға жағдай жасау бойынша барлық тиiстi шараларды қабылдау;
6) екi мемлекеттiң қолданылып жүрген заңнамасында рұқсат етiлген, өзара қағидатта негiзделген, салықтардан босатуды ұсыну жөнiнде құзыреттi органдармен келiсiмдердi белгiлеу мүмкіндiгiн қарау.
2. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары, Тараптардың бiрiнiң сұранысы бойынша мәжiлiсi, Тараптар мемлекеттерiнің аумақтарында кезекпен өткiзiлетiн Бiрлескен Комиссияға өздерiнiң өкiлдерiн тағайындауға тиiс.
Осы Келiсiмде ескерiлмеген барлық мәселелер Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасымен немесе Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен реттеледi.
1. Осы Келiсiмде ескерiлген жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiмен қызметшiлерi, олар аумағында тасымалдарды жүзеге асыратын Тарап мемлекетiнде қолданылып жүрген заңнама мен әкiмшiлiк ережелерiн, атап айтқанда, тиiстi аумаққа кiрудi және болуды реттейтiн нормаларды сақтауға және құрметтеуге тиiс.
2. Тараптар, жүктердiң қозғалысын реттеу нысаны да болуы мүмкiн ұлттық қауiпсiздiк тұрғыдан пайымдаумен, өзара келiсiлген, еркiн қозғалыс құқығынан бас тарту құқығын өздерiне қалдырады.
1. Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
2. Әрбiр Тарап екiншi Тарапты жазбаша хабарландыру арқылы осы Келiсiмнiң күшiн жоюы мүмкiн. Тиiстi Тарап хабарлама алған күннен бастап үш ай өткен соң Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылады.
Осыларды растау ретiнде өз Yкiметi тиiстi түрде уәкiлеттiк берген төменде қол қойған Өкiлдер осы Келiсiмге қол қойды.
Рим қаласында 2003 жылғы 5 ақпанда екi түпнұсқа данада әрқайсысы қазақ, итальян, орыс және ағылшын тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тілiндегі мәтiндi басшылыққа алатын болады.
Қазақстан Республикасының Италия Республикасының
Yкіметi үшін Үкіметі үшiн