Алматыда 2006 жылғы 17 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуразия даму банкi арасындағы Еуразия даму банкiнiң Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келiсiм ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуразия даму банкi
арасындағы Еуразия даму банкiнiң Қазақстан Республикасының
аумағында болуы шарттары туралы
келiсiм
<*>
(2007 жылғы 25 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 2, 15-құжат)
Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Еуразия даму банкi,
2006 жылғы 12 қаңтардағы Еуразия даму банкiн құру туралы
келiсiмдi
(бұдан әрi - Келiсiм) және Еуразия даму банкiнiң Жарғысын (бұдан әрi - Жарғы) басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасының аумағында Еуразия даму банкiнiң қызметi үшiн қолайлы жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ оның мәртебесiн, иммунитеттерiн, артықшылықтарын және жеңiлдiктерiн айқындау мақсатында
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап. Пайдаланылатын терминдер
Осы Келiсiмде Жарғыда аталған, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
а) "Үкiмет" Қазақстан Республикасының Yкiметiн бiлдiредi;
б) "Банк" Еуразия даму банкiн, оның Алматы қаласындағы штаб-пәтерiн, Жарғыға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында Еуразия даму банкi ашуы мүмкiн филиалдар мен өкiлдiктердi бiлдiредi;
в) "Келiсiм баптары" Банктi құру туралы келiсiмнiң баптарын бiлдiредi;
г) "Банк кеңесi" Жарғы мен осы Келiсiм негiзiнде Банк қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асыратын Банк басқармасының жоғары органын бiлдiредi;
д) "Банк үй-жайлары" осы ғимаратқа немесе ғимараттың бiр бөлiгiне iргелес жер учаскесiмен бiрге меншiк, мүлiктiк жалдау немесе өтеусiз пайдалану құқығында Банкке тиесiлi Банктiң ресми мақсаты үшiн пайдаланылатын ғимаратты немесе ғимараттың бiр бөлiгiн бiлдiредi;
e) "Банк автокөлiгi" меншiк, мүлiктiк жалдау немесе өтеусiз пайдалану құқығында Банкке тиесiлi автобустарды, шағын автобустарды, жеңiл және жүк автомобильдерiн, автомобиль тiркемелерiн, ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелердi, сондай-ақ мамандандырылған автомобильдердi (жүктердiң жекелеген түрлерiн тасымалдауға арналған) және арнайы автомобильдердi (түрлi, көлiктiк емес жұмыстарды орындауға арналған) қамтитын Банктiң автомобиль көлiгi жылжымалы құрамының бiрлiгiн бiлдiредi;
ж) "Өкiлеттi өкiлдер мен олардың орынбасарлары" Жарғының 13-бабының 2-тармағына сәйкес Банк кеңесiндегi Банкке қатысушының өкiлдерiн бiлдiредi;
з) "Банктiң лауазымды тұлғалары" Банк басқармасының төрағасын, Банк басқармасы төрағасының орынбасарларын, Банк басқармасының мүшелерiн бiлдiредi;
и) "Банк қызметкерлерi" Жарғыға сәйкес Банктiң қызметiне байланысты жұмыс үшiн Банк жалдаған барлық персоналды бiлдiредi;
к) "Отбасы мүшелерi" лауазымды тұлғалар мен Банк қызметкерлерiнiң отбасы мүшелерiн бiлдiредi және олардың ерлi-зайыптарын, балаларын, ата-аналарын, сондай-ақ әл-ауқаты осы лауазымды тұлғалар мен қызметкерлердiң тарапынан жасалатын қаржылай қолдауға айтарлықтай тәуелдi олармен тұратын басқа да отбасы мүшелерiн қамтиды;
л) "Жеке үй қызметкерi" Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң үй қызметкерi мiндетiн орындайтын және Банктiң қызметшiсi болып табылмайтын адамды бiлдiредi;
м) "Қызмет көрсетудiң нақты түрлерi үшiн ақы төлеу" толық тiзбесi осы Келiсiмге қосымша ретiнде қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi (алымдар, төлемақылар және мемлекеттiк баж) бiлдiредi;
н) "Банк мұрағаттары" қолжазбаларды, фотосуреттер мен фильмдердi, дауыс жазбаларын, компьютерлiк бағдарламалар мен жазбаша материалдарды, бейнетаспалар мен дискiлердi, сондай-ақ Банкке тиесiлi немесе Банк немесе оның атынан әлдекiм иелiк ететiн деректерi бар дискiлердi немесе таспаларды қоса алғанда, барлық жазбаларды, хат алмасуларды, құжаттарды және басқа материалдарды бiлдiредi;
о) "Банк кеңестерi" кез келген халықаралық конференцияларды немесе Банк шақыратын кеңестердi және кез келген комиссияны, комитеттi немесе кез келген осындай кеңестiң кiшi тобын қоса алғанда, Банк кеңестерiн бiлдiредi;
п) "Банктiң мүлкi мен активтерi" меншiк, мүлiктiк жалдау немесе өтеусiз пайдалану құқығында Банкке тиесiлi барлық мүлiк пен активтердi бiлдiредi.
2-бап. Банктiң құқықтық мәртебесi мен құқықтық қабiлетi
Банк халықаралық ұйым - халықаралық құқық субъектiсi болып табылады, халықаралық құқықтық қабiлетке ие және атап айтқанда, Банктiң Жарғысына сәйкес өз құзыретi шегiнде халықаралық шарттар жасасуға құқығы бар.
Банк Қазақстан Республикасының аумағындағы заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады және атап айтқанда, мыналарға:
Банктiң Жарғысында белгiленген өз құзыретi шегiнде кез келген мәмiлелер жасасуға;
жылжымалы және жылжымайтын мүлiктi жалға алуға, сатып алуға және иелiктен айыруға, сондай-ақ көрсетiлген мүлiкке өзге де тәсiлмен билiк етуге;
сот және төрелiк органдарда сөз сөйлеуге құқылы. Қазақстан Республикасының заңнамасында заңды тұлғаларға өз мүдделерiн қорғау үшiн қандай iс жүргiзу құқықтары бекiтiлген болса, дәл сондай Банкке де танылады;
Банкке Жарғыға сәйкес жүктелген мiндеттердi орындауға бағытталған басқа да iс-қимылдар жасауға құқылы.
Қазақстан Республикасының аумағында Банктiң қызметi қолданылатын халықаралық шарттарда, Келiсiмде, Жарғыда және осы Келiсiмде, ал олар болмаған жағдайда не көрсетiлген құжаттармен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Банктiң жарғылық функцияларды жүзеге асыруға байланысты қызметi Қазақстан Республикасы уәкiлеттi органдарының тарапынан лицензиялауға, реттеуге және бақылауға жатпайды.
Егер жүзеге асырылатын қызмет түрлерi немесе операциялар мен мәмiлелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Банк мәртебесiнiң болуын талап ететiн жағдайда, Банк мұндай қызмет түрлерiне немесе операциялар мен мәмілелерге қолдануға байланысты Банк мәртебесiне ие деп қаралатын болады.
Үкiметпен келiсiм бойынша Банк филиалдар және/немесе өкiлдiктер ашуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында еншiлес банктер мен ұйымдар құруға құқылы.
3-бап. Банктiң иммунитеттерi және артықшылықтары
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Банктiң мүлкi мен активтерiнiң Банкке қатысты түпкiлiктi сот шешiмi шығарылғанға дейiн тiнтуге, реквизициялауға, тыйым салуға, тәркiлеуге, экспроприациялауға немесе алудың немесе иелiктен шығарудың кез келген өзге де нысанына қарсы иммунитетi бар.
Банктiң мақсатына қол жеткiзу және функцияларын орындау үшiн қажеттi дәрежеде және Жарғының ережелерiн ескере отырып, Банктiң барлық мүлкi мен активтерi қандай да болмасын шектеулерден, нұсқамалардан және мораторийлерден босатылады.
Өз өкiлеттiктерiн жүзеге асырудың салдары болып табылмайтын немесе осы өкiлеттiктердi жүзеге асыруға байланысты емес жағдайларды қоспағанда, Банктiң кез келген сот қудалауына қарсы иммунитетi болады. Банкке қарсы талап арыздар Банк орналасқан не филиалы, еншiлес банкi, еншiлес ұйымы немесе өкiлдiгi бар, не соттың шақыру қағазын немесе процесс туралы хабарлама қабылдау мақсатында агент тағайындаған, не бағалы қағаздар шығарған немесе оларға кепiлдiк берген мемлекеттiң аумағындағы құзыреттi соттарда ғана қозғалады.
Банктiң мұрағаттарына, мүлкiне, сондай-ақ оған тиесiлi немесе иесi болып табылатын кез келген ақпаратқа Қазақстан Республикасының аумағында қол сұғылмайды.
4-бап. Банк үй-жайларына қол сұқпаушылық
Қазақстан Республикасының аумағындағы Банк үй-жайларына және автокөлiгiне қол сұғылмайды. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының өкiлдерi Банктiң басқарма төрағасының немесе оның атынан әрекет етуге өкiлеттi тұлғаның рұқсатымен ғана Банк үй-жайларына кiру құқығын пайдаланады. Мұндай рұқсат өрт немесе соған ұқсас төтенше жағдайларды жою жөнiндегi шұғыл iс-әрекеттердi талап ететiн жағдайда көзделмелуi мүмкiн. Көзделген рұқсатқа сүйене отырып, үй-жайларға кiрген кез келген тұлға Банк басқармасы төрағасының немесе оның атынан әрекет жасауға өкiлеттi тұлғаның өтiнiшi бойынша осы үй-жайларын дереу тастап шығады.
Банк Жарғыға сәйкес өз мiндеттерiн орындау үшiн Банк iшiнде қолданылатын ережелердi белгiлей алады.
Банк үй-жайларына және автокөлiгiне қол сұқпаушылық оларды Банктiң мiндеттерiмен және функцияларымен сыйыспайтын немесе Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiне, оның азаматтары мен заңды тұлғаларының мүдделерiне нұқсан келтiретiн мақсатта пайдалануға құқық бермейдi.
Банк үй-жайлары мен автокөлiгi әдiл соттан жасырынған, Қазақстан Республикасының заңдарымен қудаланған немесе басқа мемлекетке берiлуi тиiс тұлғалар үшiн баспана бола алмайды.
5-бап. Банк үй-жайларын қорғау
Үкiмет Банк үй-жайлары мен автокөлiгiн басып кiруден немесе залал келтiруден қорғау үшiн және Банкте тәртiп бұзуды болдырмау үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды. Банкке Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдарға немесе дипломатиялық өкiлдiктерге берiлетiн сияқты қорғау берiледi. Қазақстанның тиiстi уәкiлеттi органдары Банктiң өтiнiшi бойынша Банктегi тәртiптi қалпына келтiру үшiн және құқық бұзушыларды шығарып жiберу үшiн құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң қажеттi санын бередi.
6-бап. Банк қызметiн қамтамасыз ету
Үкiмет Банк қызметiне қажет үй-жайлар мен жабдықты iрiктеуде, сондай-ақ Банк өтiнiшi бойынша Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi үшiн қолайлы тұрғын үйдi iрiктеп алуда оған көмек көрсетедi.
Банк үй-жайлар мен жабдықты пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық ұйымдар немесе дипломатиялық өкiлдiктер үшiн белгiленген ставкалар бойынша ақы төлейдi.
Үкiмет Банкке үй-жайларды ұстауға қажеттi қызметтердi алуға көмектеседi. Үкiмет Банктiң осындай қызметтердi халықаралық ұйымдар немесе дипломатиялық өкiлдiктер үшiн белгiленген шарттарда ала алатынына кепiлдiк бередi. Осы бапта көзделген қызметтердi Үкiмет немесе уәкiлеттi органдар көрсететiн жағдайда, мұндай қызметтерге Банк Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық ұйымдар немесе дипломатиялық өкiлдiктер үшiн белгiленген ставкалар бойынша ақы төлейдi.
Үкiмет Банкке материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етуде және Банк автокөлiгiн пайдалану үшiн қажет жағдайлар жасауда жәрдемдеседi.
Yкiмет Банкке оның ресми байланысы үшiн почталық жөнелтiмдерге, каблограммаларға, телеграммаларға, радиограммаларға, телефонға, интернетке және басқа байланыс құралдарына басымдыққа, тарифтерге және ставкаларға қатысты, сондай-ақ баспасөз және радио арқылы таратылатын ақпаратқа арналған төмендетiлген ставкаларға қатысты кез келген басқа халықаралық ұйымға немесе дипломатиялық өкiлдiкке көрсетiлетiн қолайлы жағдайлардан кем емес жағдай жасауға кепiлдiк бередi. Көрсетiлген қызметтерге ақы төлеу жөнiндегi барлық шығыстар Банк қаражаты есебiнен жүргiзiледi.
Банкке келiп түсетiн және одан шығатын барлық қызметтiк хабарламалар, оларды жiберу тәсiлi мен нысанына қарамастан, цензураға және кез келген басқа бақылауға, жол-жөнекей ұстап алу немесе араласу нысанына жатпайды.
Лауазымды тұлғалар кодты пайдалана алады және курьерлiк немесе дипломатиялық почта арқылы құжаттар мен хат-хабарларды ала алады.
Банк сымсыз таратқышты орнатуды және пайдалануды Үкiметтiң келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады. Банк Yкiметтiң келiсiмiмен екi нүкте арасында алысқа арналған байланыс құралдарын және Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде Банктi байланыспен қамтамасыз етуге жәрдем ету үшiн қажеттi хабарлама қабылдау мен жiберудiң басқа құралдарын орната әрi пайдалана алады.
Банк, оның кiрiстерi, мүлкi және басқа да активтерi, сондай-ақ Жарғыға сәйкес жүзеге асырылатын оның операциялары мен мәмiлелерi Қазақстан Республикасында кез келген салықтардан, алымдардан, баждардан және қызмет көрсетудiң нақты түрлерi үшiн төлемдi бiлдiретiндерiн қоспағанда, басқа да төлемдерден босатылады.
Банк кез келген салықтар мен әлеуметтiк және зейнетақылық қамсыздандыру жөнiндегi төлемдердi төлеу, ұстау немесе өндiрiп алу жөнiндегi кез келген мiндеттемелерден де босатылады.
Банк дипломатиялыққа теңестiрiлген және Қазақстан Республикасында аккредиттелген өкiлдiк мәртебесiн алған күннен бастап, Қазақстан Республикасының аумағында сатып алынған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша оның Жарғысына сәйкес қызметтi жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен тауарларды (жұмыстарды, қызметтердi) берушiлер қойған қосылған құнға салынатын салықты қайтаруға құқығы бар.
Банк салық салу бойынша жеңiлдiктi пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған немесе Банк Қазақстан Республикасының аумағына әкелген тауарлар Банк бұрын төлеуден босатылған тиiстi салықтарды, алымдарды, баждарды және басқа да төлемдердi алдын ала төлемейiнше, Қазақстан Республикасының аумағында сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге жатпайды.
Ешқандай мiндеттемелерге немесе Банк шығарған бағалы қағаздарға, сондай-ақ оларға дивидендтерге немесе пайыздарға олардың ұстаушысының кiм екендiгiне қарамастан, Қазақстан Республикасында ешқандай салық салынбайды:
а) оларды Банктiң шығаруына байланысты ғана мұндай мiндеттемелерге немесе бағалы қағаздарға қатысты кемсiтушi болып табылса, немесе
б) егер көрсетiлген мiндеттемелер немесе бағалы қағаздар шығарылған орын; олар шығарған, төленуге тиiс немесе төленетiн валюта; Банкке тиесiлi қандай да болмасын мекеменiң немесе қызмет орнының орналасқан жерi мұндай салық салу үшiн жалғыз ғана заңды негiздеме болып табылса.
Банктiң мақсаттарына қол жеткiзу және оның функцияларын орындау үшiн қажет дәрежеде және Жарғының ережелерiн ескере отырып, Банктiң барлық мүлкi мен активтерi қандай да бiр шектеулерден, жазбаша өкiмдерден және мораторийлерден босатылған.
Банк Келiсiмге және Жарғыға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында кедергiсiз кез келген мүлiктi (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айналымнан алынған мүлiктi қоспағанда), валютаны, бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын сатып ала, сондай-ақ оларға иелiк ете алады, кез келген валютада шоттары болады, қаржылық мәмiлелер және келiсiм-шарттар жасаса алады, оған тиесiлi валютаны, бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан аудара (орнын ауыстыра) алады және оған тиесiлi валютаны кез келген басқа валютаға айырбастай алады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Банкке Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын Қазақстан Республикасында Банк шығыстарын жабуға Банкке уақыт өткен сайын талап етiлуi мүмкiн көлемде келiсiлген бағам бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi жеке келiсiммен белгiлейтiн тәртiппен сатады.
Банк өзiнiң туы мен эмблемасын Банк үй-жайларында, Банк үй-жайларының сыртында, Банктiң автокөлiк құралдарында, егер олар Банк үй-жайларынан тыс жерлерде өткiзiлсе, Банк кеңестерi өткiзiлетiн жерлерде, егер iс-шараларға қатысушы Банк болып табылса iс-шаралар өткiзу барысында, сондай-ақ өзге де жағдайларда пайдалануға құқығы бар.
Банктiң Банк үй-жайларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде кеңестер шақыруға құқығы бар. Үкiмет Банк шақыратын кеңестерде шешiмдердi толық еркiндiкте талқылауға және қабылдауға кедергiлер тудырмайтынына кепiлдiк бередi.
12-бап. Банктiң халықаралық ұйым ретiндегi мәртебесi,
саяси қызметке тыйым салу
Банк, Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi өз шешiмдерiнде Жарғыда айқындалған Банктiң мақсатына, оның функциялары мен операцияларына жататын Банк мүдделерiн ғана басшылыққа алады.
Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi өз мiндеттерiн орындау кезiнде өзге ешкiмге емес, Банкке ғана қызмет етедi. Банкке әрбiр қатысушы оның халықаралық ұйым ретiндегi мәртебесiн сыйлайды және олар өз мiндеттерiн орындау кезiнде көрсетiлген тұлғалардың қандай да бiрiне ықпал етудiң кез келген әрекетiнен тартынады.
Банк, Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi оның мүшелерiнiң кез келгенiнiң саяси оқиғасына араласпауға тиiс. Банк органдарының шешiмдерi оның қатысушыларының саяси ықпалымен қабылданбауға тиiс.
Банк органдары шешiмдер қабылдаған кезде тек Жарғының мақсаттарына қол жеткiзуге бағытталған ой-пiкiрлердi ғана басшылыққа алуға тиiс.
13-бап. Банктiң лауазымды тұлғалары мен
қызметкерлерiнiң жеңiлдiктерi, артықшылықтары
және иммунитеттерi
Жарғыда және осы Келiсiмде көзделген жеңiлдiктер, артықшылықтар мен иммунитеттер Банктiң өзiнiң Жарғысында көзделген қызметiне сәйкес олар өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн тиiмдi әрi тәуелсiз орындау үшiн Банктiң өкiлеттi өкiлдерi мен олардың орынбасарларына, Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiне берiледi.
Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi:
а) олар қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде жасаған iс-қимылдарға қатысты сот және әкiмшiлiк қудалаудан иммунитетi болады. Бұл иммунитет жол-көлiк оқиғалары жағдайында азаматтық жауапкершiлiкке қолданылмайды;
б) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттерi дипломатиялық өкiлдiктерiнiң қызметкерлерi пайдаланатын оралмандық бойынша жеңiлдiктердi отбасы мүшелерiмен бiрге пайдаланады;
в) иммиграция бойынша шектеулерден, Қазақстан Республикасының аумағында болу кезеңiне шетелдiктердi тiркеу рәсiмдерi мен тiркеу алымдарынан отбасы мүшелерiмен бiрге босатылады;
г) кеден баждарын, салықтар мен алымдарды төлеместен, тек жеке мақсатта пайдалануға арналған автомобильдердi қоса алғанда, жиһазды, үйге қажеттi заттарды және басқа жеке мүлiктi әкелуге құқығы бар;
д) жалақыға салынатын салықтардан немесе Банктен алатын өзге сыйақы төлеуден босатылады.
Осы баптың "б)", "в)" және "г)" тармақтарының ережелерi Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамдар болып табылатын Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiне қолданылмайды.
Банктiң лауазымды тұлғалары, Банктiң қызметкерлерi, олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасында аккредиттелген күннен бастап, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен жеке пайдалануға арналған тауарлар (жұмыстар, қызметтер) бойынша берушiлер төлеген қосылған құн салығын қайтаруға құқығы бар.
Банк осы Келiсiмге сәйкес Үкiметтiң иммунитеттер, артықшылықтар және жеңiлдiктер беруi мақсатында, Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң тегiн, сондай-ақ осы баптың ережелерi қолданылатын өзге тұлғалардың тегiн Үкiметке хабарлайды. Банк Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiне Банктiң лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнiң тегi мен қызметтiк деректерiн, сондай-ақ олардың келу және түпкiлiктi кету немесе Банкте олардың қызметiнiң тоқтатылу күнiн хабарлайды.
Қазақстан Республикасында қолданылатын практикаға сәйкес Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Банкке және осы Келiсiмде көзделген иммунитеттердi, артықшылықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланатын тұлғаларға көрсетушiнiң осы Келiсiмде көзделген иммунитеттердi, артықшылықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланатынын растайтын аккредиттеу туралы анықтаманы, аккредиттеу карточкаларын бередi.
Олардың артықшылықтары мен иммунитеттерiне залалсыз осындай артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланатын барлық тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасын құрметтеуге мiндеттi. Олар Қазақстан Республикасының iшкi iстерiне де араласпауға мiндеттi.
Қазақстан Республикасы кез келген уақытта өз шешiмiн уәждеуге мiндеттi болмай, Банктi Банктiң лауазымды тұлғасы немесе қызметкерi persona non grata болып табылатынын немесе Банктiң кез келген басқа қызметкерi қолайлы емес болып табылатынын хабардар ете алады.
14-бап. Иммунитеттерден, артықшылықтар мен
жеңiлдiктерден бас тарту
Банк кеңесi Жарғыда және осы Келiсiмде көрсетiлген кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе жеңiлдiктен, оның пiкiрiнше, Банктiң мүдделерiне жауап беретiн дәрежеде және шарттарда бас тарта алады.
Банк басқармасының төрағасы оның пiкiрiнше мұндай иммунитет, артықшылық немесе алу сот төрелiгiн жүзеге асыруға қиындық туғызатын болса және олардан бас тарту Банктiң мүдделерiне нұқсан келтiрмесе, Банк басқармасының төрағасын, Банк басқармасы төрағасының орынбасарларын және Банк басқармасының мүшелерiн қоспағанда, Банктiң кез келген қызметкерiне қатысты кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе жеңiлдiктен бас тартуға мiндеттi. Банк кеңесi осыған ұқсас жағдайларда және дәл сондай шарттарда Банк басқармасының төрағасына, Банк басқармасы төрағасының орынбасарларына және Банк басқармасының мүшелерiне қатысты кез келген иммунитеттен, артықшылықтан немесе алудан бас тартуға мiндеттi.
Yкiмет Қазақстан Республикасына қызмет бабы бойынша келетiн мынадай адамдардың:
өкiлеттi өкiлдер және олардың орынбасарларының, Банктiң лауазымды адамдары мен қызметкерлерiнiң, олардың отбасы мүшелерi мен жеке үй қызметкерлерiнiң;
Банктiң Қазақстан Республикасындағы операцияларына және ресми қызметiне байланысты, Банк ресми түрде шақырған басқа да адамдардың Қазақстан Республикасына келуiне, тұруына және одан кетуiне Қазақстан Республикасында қозғалыс еркiндiгiне жәрдемдесу үшiн қажеттi барлық шараларды қабылдайды. Банк Yкiметке мұндай адамдардың тегiн хабарлайды.
Жеке үй қызметкерлерi мен Банктiң Қазақстан Республикасындағы операцияларына және ресми қызметiне байланысты Банк ресми шақырған тұлғаларды қоспағанда, жоғарыда аталған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарының және бару үшiн арнайы рұқсат талап етiлетiн объектiлер мен басқа да орындарға қатысты ережелерiнiң сақталуы шартымен отырып, оның аумағында сондай қозғалу еркiндiгiн және дипломатиялық өкiлдiктердiң салыстырмалы дәрежесiндегi лауазымды тұлғаларына берiлетiн қозғалыс құралдарына қатысты дәл сондай режимдi пайдаланады.
Yкiмет пен Банк арасындағы осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау консультациялар жүргiзу жолымен шешiледi.
Егер мұндай даулар мен келiспеушiлiктер келiссөздер және консультациялар жүргiзу жолымен шешiлмеген жағдайда, тараптардың кез келгенi үш төрешiден тұратын, оның бiреуiн - Үкiмет, екiншiсiн - Банк, ал үшiншiсiн - тағайындалған төрешiлердiң келiсiмi бойынша не егер тараптар бiрдей келiсiмге келмесе, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық сотының төрағасы тағайындайтын аралық соттың қарауына дауды бере алады. Аралық талқылау рәсiмiн төрешiлер белгiлейдi және тараптар мөлшерiн төрешiлер белгiлейтiн аралық талқылау бойынша шығыстарды көтередi. Төрешiлер шешiмдi көпшiлiк дауыспен қабылдайды және олар қабылдаған шешiм дау тараптары үшiн түпкiлiктi және мiндеттi болып табылады.
17-бап. Қорытынды ережелер, Келiсiмнiң күшiне енуi және
оның қолданылуын тоқтату
Осы Келiсiм Қазақстан Республикасының оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi жүргiзгенi туралы хабарламаны Банк алғаннан кейiн күшiне енедi.
Осы Келiсiмге жеке хаттамалармен реттелетiн, күшiне ену тәртiбi осы хаттамалармен реттелетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Үкiмет пен Банк Жарғы мен осы Келiсiмдi орындау үшiн қажеттi қосымша келiсiмдер жасаса алады.
Осы Келiсiмнiң қолданылуы Үкiмет пен Банк арасында келiсiлген тәртiппен Үкiметтiң немесе Банктiң өтiнiшi бойынша тоқтатылуы мүмкiн. Осылай тоқтатылған жағдайда, осы Келiсiм Банктiң iсiн реттеу мен оның Қазақстан Республикасындағы мүлкiн сату үшiн ақылға қонымды түрде талап етiлетiн уақыт кезеңi өткенде күшiн жояды.
2006 жылғы 17 маусымда Алматы қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi екi мәтiннiң күшi бiрдей.
Қазақстан Республикасының Еуразия даму
Yкiметi үшін банкi үшін
Қазақстан Республикасының
Үкiметi мен Еуразия даму банкi
арасындағы Еуразия даму
банкiнiң Қазақстан
Республикасының аумағында
болу шарттары туралы келiсiмге
қосымша
Банк төлеуге тиiстi бюджетке төленетiн басқа да
мiндеттi төлемдердiң (қызмет көрсетудiң нақты түрлерiне
төлем) тiзбесi
1. Жылжымайтын мүлiкке және онымен жасалатын мәмiлелерге құқықтарды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым
2. Жылжитын мүлiктiң кепiлiн мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым
3. Радиоэлектрондық құралдарды және жоғары жиiлiктi құрылғыларды мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым
4. Механикалық көлiк құралдары мен тiркемелердi мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым
5. Теңiз, өзен және шағын көлемдi кемелердi мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым
6. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым
7. Автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүргенi үшiн алым
8. Аукциондардан алынатын алым
9. Жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төлемақы
10. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы
11. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы
12. Сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастырғаны үшiн төлемақы
13. Мемлекеттiк баж
14. Кеден органдары иелерi болып табылатын кедендiк қоймалар мен уақытша сақтау қоймаларында тауарларды сақтағаны үшiн кедендiк алым
15. Тауарларды кедендiк сүйемелдегенi үшiн кедендiк алым
16. Тауардың шыққан елiн және кедендiк құнын анықтау сыныптамасына, әдiснамасына қатысты кеден органының алдын ала шешiмi үшiн төлемақы.
2006 жылғы 17 маусымда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Еуразия даму банкi арасындағы Еуразия даму банкiнiң Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келiсiмнiң бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы iстер министрлiгiнiң
Халықаралық-құқық департаментiнiң
Басқарма бастығы