Астанада 2006 жылғы 6 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі,
екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында,
екі мемлекет азаматтарының өзара сапарлары режимін тәртіпке келтіру ниетін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары, оның ішінде үшінші мемлекетте тұрақты тұратындар не уақытша жүргендер, шетелге жол жүру үшін жарамды құжаттар негізінде баратын мемлекеттің мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап тоқсан күнге дейінгі мерзімде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, транзитпен өте алады, кете алады, және онда бола алады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген болу мерзімі әрбір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес ұзартылуы мүмкін.
1. Тараптар мемлекеттерінің азаматтары осы Келісім ұғымында мынадай құжаттар бойынша Тараптар мемлекеттерінің аумақтарына келе алады, кете алады, жүре алады және транзитпен өте алады:
а) Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
дипломаттық паспорт;
қызметтік паспорт;
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
теңізшінің паспорты (кеме журналында жазба немесе одан көшірме болған жағдайда);
Қазақстан Республикасына қайта оралуына арналған куәлік (Қазақстан Республикасына қайта оралу үшін ғана);
б) Армения Республикасының азаматтары үшін:
дипломаттық паспорт;
Армения Республикасы азаматының паспорты (шет мемлекеттерде жарамдылық мерзімі туралы белгісі бар);
Армения Республикасына қайта оралуына арналған куәлік (Армения Республикасына қайта оралу үшін ғана).
2. Тараптар шетелге жол жүру үшін жарамды жаңа құжаттардың енгізілуі туралы, сондай-ақ бұрыннан бар құжаттарға өзгерістер енгізу туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы ноталар алмасу жолымен алдын ала хабарлайтын болады және олардың үлгілерімен алмасады.
1. Дипломаттық немесе қызметтік паспорттары бар және дипломатиялық миссияның немесе олардың өкілдіктерінің мәртебесі бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлері, консулдық мекеменің қызметкерлері немесе халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын бір Тарап мемлекетінің азаматтары, өздерінің қызмет бабындағы міндеттерін орындаудың бүкіл мерзімі ішінде осы мемлекеттің аумағына визасыз келе алады, кете алады және онда бола алады.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері аталған адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де, олар пайдаланып жүрген паспорттардың нысанына қарамастан қолданылады.
1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағына тоқсан күннен артық мерзімге келетін бір Тарап мемлекетінің азаматтары қабылдайтын мемлекеттің визасын алуға міндетті.
2. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында тұрақты тұратын бір Тарап мемлекетінің азаматтары олардың тұрақты тұратынын растайтын құжаттары болған жағдайда осы мемлекет аумағынан визасыз шыға алады және қайтып орала алады.
3. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында тұрақты тұратын бір Тарап мемлекетінің азаматтары тұрып жатқан елінің заңнамасына сәйкес тұрақты тұру үшін шетелге шыға алады.
Бір Тарап мемлекетінің азаматтары халықаралық қатынастар үшін ашық шекаралық өткізу пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады, кете алады, транзитпен өте алады.
Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының және Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының ережелеріне нұқсан келтірместен бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің шекарасын кесіп өткен кезде және оның аумағында болған уақытында осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
Осы Келісім басқа Тарап мемлекетінің өз аумағында болуы қажетсіз деп есептелетін азаматтарының келуінен бас тарту немесе олардың болу мерзімін қысқарту сияқты Тараптар мемлекеттерінің құқықтарын шектемейді. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінен кетуі ұйғарылған өзі азаматтарын шарт қоймастан және кез келген уақытта қабылдайды.
1. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген құжаттарды жоғалтқан бір Тарап мемлекетінің азаматтары бұл туралы өзі болатын мемлекеттің құзыретті органдарына кідіріссіз хабарлауға тиіс, олар құжаттардың жоғалғаны туралы өтінішті растайтын анықтама береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғаларға, олар азаматтығын алған мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері шетелге жол жүру үшін жарамды жаңа құжат береді.
Тараптар кем дегенде отыз күн бұрын келу, болу және кету шарттарының өзгерістері туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар ететін болады.
Тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді, және осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында айтылған жағдайларды қоспағанда, осы Келісімнің күшіне енгізілуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енеді.
Осы Келісімді түсіндіруге және орындауға қатысты даулы мәселелер Тараптардың арасында консультациялар және келіссөздер арқылы реттеледі.
1. Тараптардың әрқайсысының, егер ол мемлекеттің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті немесе өз мемлекеті халқының денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету үшін қажет болса, осы Келісімнің жекелеген ережелерінің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата тұруға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қабылдау туралы және олардың күшін жою туралы Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайтын болады.
3. Осы Келісімнің әрекетінің толық немесе ішінара тоқтатыла тұруы осы Келісімнің ережелеріне сәйкес бір Тарап мемлекетінің аумағында жүрген Тараптар мемлекеттері азаматтарының онда болу тәртібіне қолданылмайды.
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарлап, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осындай хабарлама алынған күнінен бастап тоқсан күн өткеннен кейін Келісім күшін жояды.
2006 жылғы 6 қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
ҚАЗАҚСТАН АРМЕНИЯ
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН
2006 жылғы 6 қарашада Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
Халықаралық-құқық департаменті
Директорының орынбасары А. Кенжебаева