1-бап . Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 15-16, 211-құжат; 1998 ж., N 16, 219-құжат; N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 20, 721-құжат; N 21, 774-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; 10, 106-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 15, 137-құжат; N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат; N 14, 58-құжат; N 21-22, 87-құжат; 2006 ж., N 2, 19-құжат; N 3, 22-құжат; N 5-6, 31-құжат; N 8, 45-құжат; N 12, 72-құжат; N 15, 92-құжат; 2007 ж., N 1, 2-құжат; N 4, 33-құжат; N 5-6, 40-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 17, 140-құжат; 2008 ж., N 12, 48-құжат; N 13-14, 58-құжат; N 17-18, 72-құжат; N 23, 114-құжат; N 24, 126-құжат; 2009 ж., N 6-7, 32-құжат):
1) 184-баптың екінші бөлігі бірінші абзацындағы "туындылардың және (немесе) фонограммалардың" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 184-1-бапқа Ескертудің 1 және 2-тармақтарында "туындылардың және (немесе) фонограммалар" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтардың объектілері" деген сөздермен ауыстырылсын.
2. 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжаттар; N 18, 142-құжат; N 21-22, 160-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 139, 140-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 5, 5-құжат; N 7-8, 19-құжат; N 9, 26-құжат; N 13, 53-құжат; N 14, 58-құжат; N 17-18, 72-құжат; N 21-22, 86, 87-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 2, 19, 20-құжаттар; N 3, 22-құжат; N 5-6, 31-құжат; N 8, 45-құжат; N 10, 52-құжат; N 11, 55-құжат; N 12, 72, 77-құжаттар; N 13, 85, 86-құжаттар; N 15, 92, 95-құжаттар; N 16, 98, 102-құжаттар; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 16, 18-құжаттар; N 3, 20, 23-құжаттар; N 4, 28, 33-құжаттар; N 5-6, 40-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 12, 88-құжат; N 13, 99-құжат; N 15, 106-құжат; N 16, 131-құжат; N 17, 136, 139, 140-құжаттар; N 18, 143, 144-құжаттар; N 19, 146, 147-құжаттар; N 20, 152-құжат; N 24, 180-құжат; 2008 ж., N 6-7, 27-құжат; N 12, 48, 51-құжаттар; N 13-14, 54, 57, 58-құжаттар; N 15-16, 62-құжат; N 20, 88-құжат; N 21, 97-құжат; N 23, 14-құжат; N 24, 126, 128, 129-құжаттар; 2009 ж., N 2-3, 7, 21-құжаттар; 2009 жылғы 8 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ; 2009 жылғы 8 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ):
1) 129-бапта :
бірінші бөліктің бірінші абзацындағы "туындылардың және (немесе) фонограммалардың" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
бірінші бөліктің екінші абзацындағы, екінші бөліктің екінші абзацындағы және Ескертудегі "туындылардың және фонограммалардың", "туындылар мен фонограммалардың" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 620-баптың 1) тармақшасындағы "шығармалардың даналарын немесе фонограммаларды" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің даналарын" деген сөздермен ауыстырылсын.
3. "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 237-құжат; 2004 ж., N 17, 100-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат; 2007 ж., N 20, 152-құжат):
1) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;
2) авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары;
3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы - туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, автор, сабақтас құқықтар иесі немесе өзге де айрықша құқықтар иесі туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты рұқсат етпеген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды болғызбайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері;
4) авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектісінің контрафактілік данасы - жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелеріне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына сәйкес авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушінің рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертілген не авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкіндік беретін заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегімен жасалған авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілері де контрафактілік болып танылады;
5) авторлық шарт - нысанасы автордың мүліктік құқықтарын беру болып табылатын шарт. Авторлық шарт лицензиялық шарттың бір түрі болып табылады;
6) айрықша емес құқық - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, автордың немесе өзге құқық иеленушінің тиісті рұқсатымен басқа адамдардың құқық иеленушімен бір мезгілде туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын пайдалана алатын құқығы;
7) айрықша құқық - автордың немесе өзге құқық иеленушінің туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын осы Заңда белгіленген мерзім ішінде өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға мүліктік құқығы;
8) аккредиттеу - ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың осы Заңда белгіленген заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
9) деректер базасы - деректер электронды-есептеу машинасының (бұдан әрі - ЭЕМ) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп жүйеге түсірілген материалдардың іріктелуі және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесін білдіретін деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Деректер базасы ұғымы оның көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық қол жеткізуді жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға қолданылмайды;
10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің (дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей) түсірілген сериясынан құралатын туынды. Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу тәсіліне қарамастан, кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (телефильмдерді және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды;
11) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туындыны жасаудың бастамасы мен жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелер болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;
12) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелерді техникалық құралдардың көмегімен оларды бірнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкіндік беретін қандай да бір материалдық нысанда жазып алу;
13) жалпы жұрттың назарына жеткізу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік оларға өзінің жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтік режимде) қол жеткізуді жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;
14) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілеріне өзге құқық иеленушінің келісімімен туындының, орындаушылық жазбасының немесе фонограмманың даналарын көпшіліктің орынды қажеттіліктерін қанағаттандыратын мөлшерде көпшілікке ұсыну;
15) кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарын жалпы жұрттың назарына кәбіл, сым, оптикалық талшық арқылы немесе соған ұқсас құралдардың көмегімен хабарлау;
16) көпшілік алдында орындау - туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бір өзге жолмен, соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда орындау;
17) көпшілікке көрсету - туындының түпнұсқасын немесе данасын тікелей немесе слайд, кино-, телекадр түрінде экранда, басқа кез келген техникалық құралдың көмегімен немесе кез келген өзге әдіспен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - олардың реттілігінен тыс жеке кадрларды көрсету) отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда көрсету;
18) көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару) - жазбаша және басқа да графикалық туындылар түпнұсқаларының немесе көшірмелерінің фотокөшірме жолымен немесе басып шығарудан өзге басқа да техникалық құралдар арқылы кез келген мөлшерде және нысанда бір немесе одан да көп данасын факсимильдік қайта шығару. Репрографиялық қайта шығаруға аталған көшірмелерді электрондық (цифрлық көшірмелерін қоса), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау немесе қайта шығару кірмейді;
19) қайта шығару - туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектілерінің бір немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдіспен және кез келген нысанда, толық немесе ішінара, тікелей немесе жанама түрде дайындау. Дыбыс- немесе бейнежазбаны дайындау, екі өлшемдік немесе үш өлшемдік туындының бір немесе одан да көп даналарын дайындау, сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін кез келген материалдық нысанда кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау қайта шығару түрлері болып табылады;
20) құқық иеленуші - авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонограммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңда көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар;
21) құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат - туындыны, туынды авторын, орындаушыны, орындаушының орындаушылығын, фонограмма жасаушыны, фонограмманы, туындыға, орындаушылыққа не фонограммаға не туындыны, орындаушылықты немесе фонограмманы пайдалану шарттары туралы ақпаратқа қайсыбір құқық иеленушіні бірдейлендіретін ақпарат. Ақпараттың кез келген элементі туындының, жазып алынған орындаушылықтың немесе фонограмманың данасына қоса берілетін, не жалпы жұрттың назарына туындыны хабарлауға немесе жазып алынған орындаушылықты немесе фонограмманы хабарлауға және (немесе) жеткізуге байланысты пайда болатын кезде осындай ақпарат берілген кез келген цифрлар немесе кодтар да құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат деп ұғынылады;
22) құрамдас туынды - материалдарды іріктеп алу және (немесе) орналастыру бойынша шығармашылық қызметтің нәтижесін білдіретін туындылар мен басқа да материалдардың жинағы (энциклопедия, антология, деректер базасы);
23) орындау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды тікелей орындалатын ойын, ән, би арқылы немесе қандай да бір техникалық құралдардың (телерадио хабарлары, кәбілдік телевизия және басқалары) көмегімен көрсету, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысының кадрларын реті бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;
24) орындаушы - актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын, интерпретациялайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін) немесе халық шығармашылығы туындыларын өзгедей жолмен орындайтын басқа адам, сондай-ақ спектакльді қоюшы-режиссер және дирижер;
25) пайдаланушы - авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын жеке немесе заңды тұлға;
26) прокатқа (жалға) беру - туындының немесе фонограмманың данасын тікелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;
27) сабақтас құқықтар - орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының мүліктік құқықтары және орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары;
28) сәндік-қолданбалы өнер туындысы - көркем кәсіпшілік туындысын немесе өнеркәсіптік әдіспен дайындалған туындыны қоса алғанда, іс жүзінде пайдаланылатын заттарға көшірілген екі өлшемді немесе үш өлшемді өнер туындысы;
29) спектакльді қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклін немесе өзге де спектакль (көрсетілім) қойылымын жүзеге асырған адам;
30) туындыны аудару - шығарманы түпнұсқа шығарманың тілінен басқа тілде білдіру. Бұл ретте аударма дұрыс және түпнұсқа туындының мазмұнын да, стилін де бұрмаламайтын болуға тиіс;
31) туындының данасы - туындының кез келген материалдық нысанда дайындалған көшірмесі;
32) туындыны жариялау - туындыны жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпы жұрттың назарына жеткізу арқылы және өзге де әдістермен оған көпшіліктің алғаш рет қолын жеткізетін іс-әрекетті автордың келісімімен жүзеге асыру;
33) туындыны өңдеу - түпнұсқа туындыны бір жанрдан екінші жанрға өзгерту. Бұл ретте түпнұсқа туындыны сахналау, қою және аранжировка жасау туындыны өңдеу түрлері болып табылады;
34) туынды шығарма - басқа туындыны шығармашылықпен өңдеу нәтижесінде жасалған туынды;
35) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
36) фонограмма - орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру;
37) фонограмманың данасы - фонограммадан тікелей немесе жанама түрде дайындалған және осы фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бөлігін қамтитын кез келген материалдық жеткізгіштегі фонограмма көшірмесі;
38) фонограмма шығарушы - қайсыбір орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасы үшін бастамашылық пен жауапкершілікті мойнына алған жеке немесе заңды тұлға;
39) халық шығармашылығы туындысы - дәстүрлі көркемдік мұраларға (халық ертегілері, халық поэзиясы, халық әндері, халық аспаптық музыкасы, халық билері мен пьесалары, халықтық салт-жоралғылардың көркемдік нысандары және басқалар) тән элементтерді қамтитын туынды;
40) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - табиғатына орай ЭЕМ-ге арналған бағдарлама олардың неғұрлым кейінірек кезеңдегі нәтижесі болып табылатын дайындық материалдарын қоса алғанда, машинада оқылатын материалдық жеткізгішке жазу кезінде ЭЕМ-мен белгілі бір міндеттерді орындау немесе нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілетін сөздер, схемалар немесе бейнелеудің өзге де кез келген түрінде бейнеленген командалар жиынтығы;
41) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны қайта құрастыру - ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның құрылымын зерттеу және кодын белгілеу мақсатында объектілік кодты бастапқы мәтінге өзгертуді қамтитын техникалық тәсіл;
42) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны бейімдеу - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларының басқаруымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ғана жүзеге асырылатын ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаға өзгерістер енгізу;
43) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны түрлендіру (өңдеу) - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның бейімделуге жатпайтын кез келген өзгерістері;
44) эфирге беру - туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын (көрсетуді немесе орындауды қоса алғанда) радио немесе телевизия арқылы (кәбілдік телевизияны қоспағанда) беру жолымен жалпы жұрттың назарына хабарлау. Туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жерсерік арқылы эфирге беру кезінде жердегі станциядан жерсерікке сигналдар қабылдау және жерсеріктен сигналдар беру эфирге беру деп түсініледі, солар арқылы туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын көпшіліктің нақты қабылдауына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткізу мүмкін болады. Егер көпшілікке кодты ажырату құралдарын эфирлік хабар тарату ұйымы берсе немесе соның рұқсаты бойынша берілсе, код белгіленген сигналдарды беру эфирге беру болып табылады;
45) эфирге кейінгі беру - бұрын эфирде берілген немесе кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарланған шығармаларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін қайталап беру;
46) эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының хабары - эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының өзі жасаған, сондай-ақ соның қаражаты есебінен соның тапсырысы бойынша басқа ұйым жасаған хабар.";
2) 14-бапта :
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады.";
4-тармақ алып тасталсын;
3) 16-бапта :
2-тармақ мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы);";
6-тармақтағы "және құқық иеленушінің" деген сөздер "немесе өзге де құқық иеленушінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 18-баптың тақырыбы және 1-тармағы, 19-баптың тақырыбы және бірінші абзацы, 21-бап , 25-баптың бірінші абзацы "автордың немесе" және 2) тармақшасы, "авторымен немесе", "авторының немесе" деген сөздерден кейін "өзге де" деген сөздермен толықтырылсын;
5) 28-бапта :
1-тармақта ", осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда," деген сөздер алып тасталсын;
3-тармақ алып тасталсын;
6) 35-бапта :
2-тармақта:
"хабар таратушы ұйым" деген сөздер "эфир және кәбіл бойынша хабар таратушы ұйымдар" деген сөздермен ауыстырылсын;
"және оның авторымен" деген сөздер ", сондай-ақ оның авторымен" деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақтың бірінші абзацының екінші сөйлеміндегі "жасаушы" деген сөз "шығарушы" деген сөзбен ауыстырылсын;
7) 40-1-баптың 2-тармағы алып тасталсын;
8) мынадай мазмұндағы 40-2-баппен толықтырылсын:
"40-2-бап. Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға
берілетін сыйақының ең төменгі ставкалары
Қазақстан Республикасының Үкіметі орындауларды немесе фонограммаларды пайдалану сипатына (көпшілік алдында, соның ішінде радиода және теледидарда орындауға, шығарманы механикалық магниттік заттармен немесе өзге жазба арқылы көшірмелеуге, қайта көшірмелеуге және басқа да жағдайларға) байланысты мүліктік (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен жүзеге асыру іс жүзінде мүмкін болмаған жағдайда, орындаушылар мен фонограмма шығарушыларға сыйақының ең төменгі ставкаларын белгілеуі мүмкін.";
9) 43-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"43-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары
және саласы
1. Ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелері өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар құруға құқылы.
2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негізде басқару үшін алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
3. Әртүрлі құқықтар мен құқық иелерінің түрлі санаттары бойынша жекелеген ұйымдар, не құқық иелерінің бір санатының мүдделеріне сай түрлі құқықтарды басқаратын ұйымдар, не құқық иелерінің түрлі санаттарының мүдделеріне сай құқықтардың бір түрін басқаратын ұйымдар құруға жол беріледі. Мұндай ұйымдарды тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері құрады және ұйымдар солардан алған өкілеттіктер шегінде жарғы негізінде әрекет етеді.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, атап айтқанда, ұжымдық басқарудың мынадай салаларында:
1) көпшілік алдында орындалуына, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;
2) дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторлары болып табылатын композиторлардың осындай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;
4) авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығарушылардың фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта әрі табыс алмастан қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
5) орындаушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
6) фонограмма шығарушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;
7) жарияланған туындыларды көшіруге (репрографиялық қайта шығаруға) құқықтарды басқару салаларында құрылуы мүмкін.
4. Осы Заңның 46-1-бабының 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттікті тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері жазбаша шарттар негізінде ерікті түрде, сондай-ақ осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдармен жасалған тиісті шарттар бойынша береді.
5. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың жарғылары осы Заңның талаптарына сай келетін ережелерден тұруға тиіс. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды тіркеуден бас тартуға осы Заңның, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу тәртібін белгілейтін заңнаманың талаптары бұзылған жағдайда жол беріледі.
6. Аталған ұйымның қызметіне басшылықты мүліктік құқықтары басқарылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелері жүзеге асырады. Сыйақының мөлшеріне және пайдаланушылармен лицензиялық шарт жасасу ережесіне, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу тәсіліне және мұндай ұйым қызметінің өзге де принципті мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдауды тек қана авторлық және сабақтас құқықтар иелері жалпы жиналыста алқалы түрде жүзеге асырады.";
10) 44-баптың 2-тармағының екінші сөйлемі алып тасталсын;
11) 45-бапта :
4) тармақшадағы "3-тармағында" деген сөздер "3) тармақшасында" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) тармақшадағы "4-тармағына" деген сөздер "4) тармақшасына" деген сөздермен ауыстырылсын;
12) 46-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"46-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдардың міндеттері
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі мұндай ұйым өкілі болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүддесіне сай жүзеге асырылады. Бұл мақсатта ұйым:
1) авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны туралы, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері туралы және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептер беріп тұруға;
2) осы Заңның 45-бабы 4) тармақшасының ережелеріне сәйкес жиналған сыйақыны авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне бөлу және төлеу үшін пайдалануға міндетті. Бұл ретте ұйым жиналған сыйақыдан өзінің мұндай сыйақыны жинауға, бөлуге және төлеуге кеткен нақты шығынын өтеуге қажетті соманы, сондай-ақ өзі өкілі болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің келісімімен және солардың мүддесіне сай сол ұйым құрған арнайы қорларға жіберілетін соманы ұстап қалуға құқылы;
3) жиналған сыйақы сомасын осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген сомаларды шегере отырып, туындылардың және сабақтас құқықтар объектілерінің нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге және ұдайы төлеп отыруға міндетті. Бұл ретте ұйым осы ұйым жасасқан лицензиялық шарттарға және сыйақы төлеу туралы шарттарына сәйкес сыйақы алуға құқығы бар құқық иеленушілерді белгілеу бойынша ақылға қонымды және жеткілікті шаралар қабылдауға міндетті;
4) құқық иеленушілер туралы, оған басқаруға берілген құқықтар туралы, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтар объектілері туралы мәліметтер қамтылған тізілімдерді қалыптастыруға міндетті. Заңға сәйкес құқық иеленушінің келісімінсіз жария етуге болмайтын мәліметтерді қоспағанда, мұндай тізілімдерде қамтылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғаларға ұсынылады;
5) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың қызметі туралы пайдаланушыларды хабардар ету мақсатында интернет-ресурс құруға;
6) авторлық немесе сабақтас құқықтар объектісінің атауын, автордың немесе өзге құқық иеленушінің есімін қоса алғанда, өзіне басқаруға берілген құқықтар туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға;
7) авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін сыйақы жинау, бөлу және төлеу функцияларын жүзеге асыратын жер-жерлердегі өкілдерінің бар екендігі туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға міндетті.
2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға осы Заңның 45-бабының 4) тармақшасында көзделген сыйақы жинауға қатысты өкілеттіктерді бермеген авторлық және сабақтас құқықтар иелері одан жүргізілген бөлуге сәйкес өздеріне тиесілі сыйақыны төлеуді, сондай-ақ осы ұйым пайдаланушыларға беретін рұқсаттардан өзінің туындылары мен сабақтас құқықтар объектілерін шығарып тастауды талап етуге құқылы.";
13) мынадай мазмұндағы 46-1 және 46-2-баптармен толықтырылсын:
"46-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым осы Заңның 43-бабының 3-тармағында көзделген ұжымдық басқару салаларындағы қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттеу туралы куәлік алуға құқылы.
2. Аккредиттеу осы Заңның 43-бабының 3-тармағында көзделген салалардың әрқайсысы бойынша бөлек жүргізіледі.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым осы Заңның 43-бабының 3-тармағында көрсетілген ұжымдық басқарудың бір, екі және одан да көп салаларында қызметті жүзеге асыруға аккредиттеу туралы куәлікті алуы мүмкін. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды аккредиттеу туралы куәліктің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
Аккредиттеу туралы куәлікті алған мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым құқықтарды басқару туралы шарттар жасасқан құқық иеленушілердің құқықтарын басқарумен қатар мұндай шарттар жасаспаған құқық иеленушілер үшін де сыйақы жинауды жүзеге асыруға құқылы.
46-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарға аккредиттеу жүргізу тәртібі
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу ерікті болып табылады және оны осы Заңға сәйкес мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның өтініші негізінде уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды аккредиттеуді мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды акредиттеу жөніндегі комиссияның қорытындысы негізінде (бұдан әрі - аккредиттеу жөніндегі комиссия) уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Акредиттеу жөніндегі комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
Аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күн туралы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және оның интернет-ресурсында аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күнге дейін күнтізбелік алпыс күннен кешіктірмей орналастырады.
4. Аккредиттеуден өту үшін өтініш беруші уәкілетті органға жазбаша түрде өтініш жібереді. Өтініш аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күнге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей жіберілуге тиіс. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аккредиттеуден өту үшін ұсынатын өтініштің нысанын және құжаттар тізбесін уәкілетті орган белгілейді.
5. Уәкілетті орган өтінішті қабылдайды және өтініштерді тіркеу журналында нөмір беріп әрі қабылдау күнін көрсетіп, олардың есебін жүргізеді.
6. Аккредиттеу жөніндегі комиссия отырысы, егер отырысқа оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, шешім қабылдауға құқылы. Аккредиттеу жөніндегі комиссия шешімі отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің басым даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең болса, аккредиттеу жөніндегі комиссия төрағасы шешуші дауысқа ие болады.
Аккредиттеу жөніндегі комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруді жүргізу арқылы шешім қабылдауына және өз өкілеттіктерін басқа адамға беруіне жол берілмейді.
7. Аккредиттеу жөніндегі комиссия отырысының қорытындылары бойынша уәкілетті орган отырыс аяқталған күннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде аккредиттеу туралы шешім қабылдайды және өтініш берушіге бес жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік береді.
Уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттар ұсынылмаған;
2) ұсынылған құжаттарда қамтылған мәліметтер толық болмаған жағдайларда аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
8. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.
9. Аккредиттелген ұйымдар туралы ақпаратты уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
10. Қайта тіркелген не қайта ұйымдастырылған жағдайда, аккредиттелген ұйымдар көрсетілген мәліметті растайтын құжаттарды қоса бере отырып, қайта тіркеу не қайта ұйымдастыру туралы уәкілетті органға жазбаша хабарлайды және аккредиттеу туралы куәлікті он жұмыс күні ішінде қайтарады.
Уәкілетті орган өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей аккредиттеу туралы куәлікті береді.
11. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда уәкілетті орган мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның жазбаша өтініші бойынша он жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.";
14) 47-бапта :
1-тармақтың бірінші абзацы "орынға" деген сөзден кейін "жыл сайын есептік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей" деген сөздермен толықтырылсын;
2-тармақтағы "қоғамдық бірлестіктер туралы заңға және өзге де заңдарға" деген сөздер "Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына немесе өзге де заңнамаға" деген сөздермен ауыстырылсын;
15) мынадай мазмұндағы 47-1 және 47-2-баптармен толықтырылсын:
"47-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып
алу
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті уәкілетті орган:
1) аккредиттеу туралы шешім қабылдауға негіз болған құжаттарда дұрыс емес мәліметтер анықталған;
2) аккредиттелген ұйымның қызметі туралы жыл сайынғы есеп уәкілетті органға белгіленген мерзімде ұсынылмаған;
3) уәкілетті органға аккредиттелген ұйымның қызметі туралы көрінеу жалған мәліметі бар жыл сайынғы есеп ұсынылған жағдайда қайтарып алуы мүмкін.
47-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын
ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын
тоқтату
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік өзінің қолданылуын мынадай жағдайларда:
1) аккредиттеу туралы куәліктің берілген мерзімі біткенде;
2) аккредиттеу туралы куәлікті өз еркімен уәкілетті органға қайтару туралы шешім қабылданғанда;
3) аккредиттеу туралы куәлік қайтарып алынғанда;
4) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым таратылғанда тоқтатады.
2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуы тоқтатылған кезде куәлік осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайлар басталған күннен бастап бір ай мерзім ішінде уәкілетті органға қайтарылады.";
16) 48-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"48-бап. Авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуы
1. Осы Заңда көзделген авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауаптылық туындайды.
2. Туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты:
1) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын қолдану арқылы белгіленген шектеулерді алып тастауға бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруға;
2) егер мұндай іс-әрекеттер нәтижесінде авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын пайдалану мүмкін болмаған не осы техникалық құралдар аталған құқықтардың тиісті қорғалуын қамтамасыз ете алмаған жағдайларда кез келген құрылғыны немесе оның компоненттерін дайындауға, таратуға, прокатқа беруге, уақытша пайдалануға беруге, импорттауға, жарнамалауға, оларды пайда табу мақсатында пайдалануға не қызмет көрсетуге;
3) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз авторлық құқықтарды басқару туралы ақпаратты жоюға немесе өзгертуге;
4) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз мүліктік құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертілген туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты оларды қайта шығаруға, таратуға, тарату мақсатында импорттауға, көпшілік алдында орындауға, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлауға немесе эфирде беруге, жалпы жұрттың назарына жеткізуге жол берілмейді.";
17) 49-бапта :
1-тармақтың 6) тармақшасында ", ал ЭЕМ-ға арналған бағдарламаның немесе деректер базасы авторларының құқығын бұзған кезде ең төмен жалақының бес жүзден елу мыңға дейінгі мөлшері" деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақтың бірінші және екінші сөйлемдеріндегі "туындылар мен фонограммалардың" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақ "туындының немесе фонограмманың", "Туындының немесе фонограмманың" деген сөздер "авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің", "Авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын.
4. 1999 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасының патент заңы" Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 20, 718-құжат; 2004 ж., N 17, 100-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат; 2007 ж., N 5-6, 37-құжат):
1) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"10-бап. Патент иеленуші
1. Қорғау құжаты:
1) өнеркәсіптік меншік объектісінің авторына (авторларына);
2) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жұмыс берушіге;
3) олардың құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына), оның ішінде беру тәртібімен тиісті құқықты алған адамға (адамдарға);
4) бір-бірімен келісімдері болған жағдайда осы тармақта көзделген адамдарға бірге беріледі.
2. Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік өнертабысқа қорғау құжаттарының құқықтары жұмыс берушіге тиесілі болады.
3. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, автордың өзінің қызметтік міндеттерін орындауға немесе жұмыс берушіден алған нақты тапсырмаға байланысты емес, бірақ жұмыс берушінің ақпаратын, сондай-ақ материалдық, техникалық және өзге де құралдарын пайдалана отырып жасаған өнертабысына қорғау құжатын алу құқығы авторға тиесілі болады.
Егер қызметтік өнертабыс құрамына осы жұмыс берушінің қызметкері болып табылмайтын адам кіретін бірнеше адамның бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалса, осы адамның көрсетілген қызметтік өнертабысқа қатысты құқықтары оның аталған жұмыс берушімен және басқа да авторлармен жасасатын шартында анықталады.
Егер қызметтік өнертабыстарды шарт негізінде бірнеше жұмыс берушінің жұмысты бірлесіп орындауы нәтижесінде авторлар жасаса, жұмыс берушілердің көрсетілген өнертабысқа құқықтары олардың арасындағы шартпен анықталады.
4. Қызметтік өнертабыс жасалған жағдайда, автор қызметтік өнертабысты жасау фактісі анықталған күннен бастап бір ай ішінде жұмыс берушіні жазбаша түрде хабардар етеді.
Хабарламаға автор (авторлар) қол қоюға және онда:
1) автордың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және атқаратын қызметі көрсетілуге;
2) қызметтік өнертабыстың атауы;
3) оның жасалу жағдайы мен орны, болжалды қолданылу саласы;
4) жұмыс берушінің қызметіндегі өнертабыстың мәнін ашуға, санатын айқындауға және жарамдылығын бағалауға жеткілікті толық жасалған сипаттамасы қамтылуға тиіс.
Жұмыс беруші автор берген қызметтік өнертабысты жасағандығы туралы хабарламаны оны берген күннен бастап қабылдауға және тіркеуге міндетті, бұл жөнінде авторларға жазбаша түрде хабарланады.
Егер сипаттама және өтінімді ресімдеуге қажетті өзге де мәліметтер толық болмаса, онда жұмыс берушінің қызметкерден қызметтік өнертабыс туралы қосымша материалдарды сұратуға құқығы бар, ол қосымша материалдарды сауал алған күннен бастап бір ай ішінде ұсынады. Мұндай жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімінің өту барысы тоқтатыла тұрады және сұратылған мәліметтер алынғаннан бастап қайта қалпына келтіріледі.
5. Егер қызметкер қорғау құжатын алуға құқылы жұмыс берушіні қызметтік өнертабыстың жасалғандығы туралы хабардар етпесе, онда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзім жұмыс берушіге оның жасалғаны туралы белгілі болған күннен басталады.
Егер қызметтік өнертабыстың жасалу фактісін жұмыс беруші анықтаса, онда ол қызметтік өнертабыс авторына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер қызметтік өнертабысқа қорғау құжатын алу құқығы жұмыс берушіге тиесілі болса, ол авторға тиісті өтінімді ресімдеудің басталғандығы туралы хабарлауға міндетті, ал автор жұмыс берушінің талабы бойынша жазбаша түрде қызметтік өнертабысқа өтінімді ресімдеу үшін қажетті қосымша ақпаратты және қызметтік өнертабыстың барлық авторларының тізімін беруге міндетті.
6. Жұмыс беруші қорғау құжатын алуға өтінім бергеннен кейін оны алуға не қорғау құжатын күшінде ұстап тұруға мүдделі болмаған жағдайда, қорғау құжатын алуға құқықты не алынған қорғау құжатын авторға уақытылы және өтеусіз беруге міндетті.
7. Егер жұмыс беруші жасалған өнеркәсіп меншігі объектісі туралы өзін автор хабардар еткен күннен бастап төрт ай ішінде өтінім бермесе, қорғау құжаттарын алу құқығын басқа адамға бермесе және тиісті объектіні құпия сақтау туралы авторға хабарламаса, онда қорғау құжатын алу құқығы авторға көшеді. Бұл жағдайда жұмыс берушінің тиісті өнеркәсіптік меншік объектісін патент иеленушімен шарт бойынша өз өндірісінде пайдалануға басым құқығы бар.
8. Тараптардың ешқайсысының екінші тарапқа бұл туралы хабардар етпей, қызметтік өнертабысқа қатысты өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін сараптама ұйымына қорғау құжатын алуға өтінім беруге құқығы жоқ.
9. Қызметтік өнертабыс үшін авторға сыйақы төлеудің мөлшері, шарттары және тәртібі автор мен жұмыс беруші арасындағы келісіммен белгіленеді. Келісімге қол жетпеген жағдайда шешімді сот қабылдайды. Егер қызметтік өнертабысты жасаудағы автор мен жұмыс берушінің үлестерін мөлшерлеу мүмкін болмаса, жұмыс беруші алған немесе алуға тиісті пайданың жартысына автордың құқығы бар деп танылады.";
2) 34-бапта "заңдарға" деген сөз "Қазақстан Республикасының заңдарына" деген сөздермен ауыстырылсын.
5. "Әділет органдары туралы" 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., N 6, 67-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; N 24, 154-құжат; 2005 ж., N 7-8, 23-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 10, 52-құжат; N 13, 86-құжат; 2007 ж., N 2, 14, 18-құжаттар; N 5-6, 40-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 18, 143-құжат; 2008 ж., N 10-11, 39-құжат; 2009 жылғы 8 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 29 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы):
21-бап мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
"14) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу.".
2-бап . Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев