РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
Мәскеуде 2008 жылғы 12 желтоқсанда қол қойылған Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Тарифтік жеңілдіктер беру туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5 және 6-баптарының ережелерін негізге ала отырып,
экономикалық ықпалдасуды тереңдетуге және адал бәсекелестікке жәрдемдесу мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағына немесе кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ұсынылатын тарифтік жеңілдіктер тауарлардың шыққан еліне қарамастан қолданылады.
2-бап
Тараптар Кеден одағының комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) Бірыңғай кедендік тарифті жүргізу жөніндегі өкілеттіктерді берген күннен бастап Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде тауарларды Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумағына немесе кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кедендік аумағына әкелу кезінде тарифтік жеңілдіктерді қолдану 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5-бабында және 6-бабының 1-тармағында көзделмеген жағдайларда ымыралы түрде қабылданатын Комиссия шешімдерінің негізінде ғана жүзеге асырылады.
3-бап
Осы Хаттама күшіне енген күнінен бастап Комиссияға Бірыңғай кедендік тарифті жүргізу жөніндегі өкілеттіктер берілген күнге дейінгі кезеңде:
Тараптар Комиссияға өздері қолданатын тарифтік жеңілдіктер мен Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына тарифтік жеңілдіктерді қолдану мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы хабарлайды;
Комиссия тарифтік жеңілдіктерді қолдану мәселелері бойынша Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына салыстырмалы талдау жүргізеді және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 5-бабында және 6-бабының 1-тармағында көзделмеген тарифтік жеңілдіктерді қолдану жағдайларына қатысты уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында Тараптармен келіссөздер жүргізуді ұйымдастырады.
4-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Хаттамаға жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
5-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
6-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі жалғыз түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Комиссия депозитарийінің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттаманың куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Б. Пискорский
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Тарифтік жеңілдіктер беру туралы хаттаманың мемлекеттік тілдегі аудармасы екендігін растаймын.
Индустрия және сауда
вице-министрі Ж. Айтжанова