2008 жылғы 10 қазанда Бішкекте қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекара маңы ынтымақтастығы туралы конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
шекаралық ынтымақтастығы туралы
КОНВЕНЦИЯ
Ресми куәландырылған мәтін
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
шекаралық ынтымақтастығы туралы
конвенция
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
тарихи қалыптасқан тату көршілік қарым-қатынасты ескере отырып,
Тараптардың шекаралық аумақтары арасындағы тікелей шаруашылық, мәдени, гуманитарлық байланыстарды дамытуды және нығайтуды құптай отырып,
Тараптардың шекаралық аумақтарындағы халықтар арасында сенім білдіру ахуалын, өзара түсіністікті және тату көршілікті қалыптастыруға, осыған мүдделі билік органдарының, іскер топтардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің және халық топтарының өзара араласуын жеңілдетуге ұмтыла отырып,
өзара тиімділік қағидатын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мағынасы бар:
шекаралық ынтымақтастық - шекаралық аумақтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға және көтермелеуге, Тараптардың заңнамасына сәйкес осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті келісімдер жасасуға бағытталған келісілген іс-қимыл;
шекаралық аумақтар — Тараптардың мемлекеттік шекарасына іргелес жатқан және олардың ұлттық заңнамасына немесе олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес осындай сипатта белгіленетін Тараптардың әкімшілік-аумақтық құрылымының аумағы немесе аумағының бір бөлігі;
құзыретті органдар - шекаралық ынтымақтастық саласында тиісті құзырет пен өкілеттілік берілген Тараптардың билік органдары.
2-бап
Шекаралық ынтымақтастық мынадай қағидаттарға негізделеді:
Тараптардың егемендігін, аумақтық тұтастығын өзара құрмет тұту;
мемлекеттік шекараға қолсүғылмаушылық;
Тараптардың ұлттық заңнамасын өзара құрмет тұту; азаматтардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтірмеу, Тараптардың экономикалық және өзге де мүдделеріне нұқсан келтірмеу;
Тараптардың өзара пайдасы;
шекаралық дауларды бейбіт жолмен шешу;
осы Конвенцияға қатысушылар болып табылмайтын ТМД-ға қатысушы басқа да мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау;
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын құрмет тұту;
шекаралық ынтымақтастыққа қатысушылар іс-қимылының үйлесімділігі.
3-бап
Шекаралық ынтымақтастық Тараптардың заңнамасын және халықаралық құқықтың нормаларын сақтай отырып, олардың өкілеттілігі шегінде жасалған, көп жағдайда құзыретті органдар арасындағы келісімдер негізінде жүзеге асырылады.
4-бап
Тараптар үкіметтері мен құзыретті органдар арасында жасалған келісімдер шекаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру мәселелері жөніндегі үлгі келісімдерге негізделе алады.
5-бап
Тараптар осы Конвенцияның мақсаттары үшін Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген тәртіппен шекаралық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен органдар құра алады.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы шекаралық ынтымақтастық жөнінде құрылған бірлескен органдардың шекаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруы жөніндегі құзыретті органдарға берілген өкілеттікке және осы ынтымақтастықты жүзеге асыру бөлігіндегі олардың өкілеттіліктеріне қатысты басқа Тараптарға ақпарат береді.
7-бап
Шекаралық аумақты дамыту мақсатында Тараптар қызметтің мынадай бағыттарын дамытуға ықпал етеді:
шекаралық аумақтарда ерекше немесе арнайы экономикалық аймақтар (еркін экономикалық аймақтар) құру;
шекаралық сауда-саттық, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
құзыретті органдардың трансшекаралық өзендерді қоса алғанда, қоршаған орта мониторингі және оны қорғау жөнінде және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, ветеринариялық-санитарлық салауаттылығын, сондай-ақ жануарлардың жұқпалы ауруларын енгізуден аумақтарды қорғау жөнінде бірлескен іс-шаралар жүргізу;
табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан халықты және аумақты қорғау жөнінде бірлескен бағдарламарлар әзірлеу, сондай-ақ трансшекаралық салдары бар төтенше жағдайларға ден қоюдың тиімділігін арттыру мақсатында шекаралық аумақтардағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жүйелерін интеграциялау;
Тараптардың шекаралық аудандарда тұратын отандастарға, сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды сақтауға және кеңейтуге қолдау көрсетуі;
Тараптардың мемлекеттік шекараларын күзету мен қорғаудың тиімділігін арттыру жөніндегі күш-жігерлерді келісу;
инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;
өндірістік-техникалық ынтымақтастық;
ауыл шаруашылығы және азық-түлікпен қамтамасыз ету;
көлік;
ақпараттық технология және байланыс;
құқық қорғау қызметі;
қала құрылысы және коммуналдық шаруашылық;
халықтың көші-қонын реттеу;
еңбек нарығын қалыптастыру;
денсаулық сақтау;
білім беру;
ғылыми және гуманитарлық ынтымақтастық;
мәдениет және спорт;
туризм;
шектес мемлекеттердің шекаралық өкілдерімен шекара өкілдігі қызметін жүзеге асыру;
көрмелік және жәрмеңкелік қызмет.
Тараптар шекаралық ынтымақтастықтың өзге де бағыттары бойынша шекаралық ынтымақтастықты жүзеге асыра алады.
8-бап
Тараптар шекаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мақсатында ұлттық заңнамаға сәйкес шекаралық, кедендік, иммиграциялық (көші-қон) және бақылаудың өзге де түрлерінің рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған шаралар қабылдайды.
9-бап
Тараптар шекаралық аумақтарға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдай жасайды.
Шекаралық аумақтарда ерекше немесе арнайы экономикалық аймақтар (еркін экономикалық аймақтар) құрылған жағдайда Тараптар экономикалық орындылықты ескере отырып, мемлекеттік заңнама шеңберіндегі өзара негізде шекаралық ынтымақтастыққа қатысушылар үшін ұлттық режимді немесе анағұрлым игілікті режимді қарастыра алады.
Бұл ретте Тараптар өздерінің шекаралық аумақтарындағы табиғи және өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін өзара пайдалы кооперацияға, мамандандыруға, өңірлік және халықаралық еңбек бөлінісіне негізделген келісілген экономикалық саясат жүргізуге жәрдемдеседі.
10-бап
Шекаралық ынтымақтастықты қаржыландыру Тараптардың тиісті мақсаттарға арналған ұлттық бюджеттерінің есебінен қалыптасатын қаражаттан жүзеге асырылады. Бірлескен мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды орындау ТМД Үкіметтері басшылары кеңесінің 2004 жылғы 16 сәуірдегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Мемлекетаралық мақсатты бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру және қаржыландыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
Шекаралық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен органдардың қызметін және олар іске асыратын жобаларды қаржыландыруды Тараптар Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
11-бап
Осы Конвенция Тараптар арасындағы шекаралық ынтымақтастықтың қазіргі бар түрлері мен бағыттарын дамытуға кедергі келтірмейді.
Осы Конвенцияның ережелері олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар жөніндегі Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне ықпал етпейді.
12-бап
Осы Конвенцияны түсіндіру мен қолдану кезінде туындайтын даулар Тараптар арасында консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
13-бап
Осы Конвенция оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күннен бастап күшіне енеді және мерзімі шектелместен қолданыста болады.
Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Конвенция тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
14-бап
Тараптардың келісімімен осы Конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамамен ресімделеді.
15-бап
Осы Конвенция Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін үшінші мемлекеттердің қосылу туралы құжаттарды депозитарийге тапсыруы арқылы оған қосылуы үшін ашық.
Осы Конвенцияға оған қосылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшін қосылу туралы тиісті хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Үшінші мемлекеттер үшін осы Конвенция осындай қосылуға Тараптардың келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
16-бап
Әрбір Тарап шығу күніне дейін кемінде 6 ай бұрын осы туралы жазбаша хабарламасын депозитарийге жолдап, осы Конвенциядан шыға алады.
2008 жылғы «__» қазанда _________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасы үшін Молдова Республикасы үшін
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
Грузия үшін Түрікменстан үшін
Қазақстан Республикасы үшін Өзбекстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
2008 жылғы 10 қазанда Бішкекте қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралық ынтымақтастығы туралы конвенцияның куәландырылған көшірмесінің қазақ тіліндегі дәл аудармасы екендігін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігінің
Әкімшілік және бақылау департаменті
Мемлекеттік тіл және құқықтық сараптама
басқармасының бастығы Б. Әбдіхалықова