РҚАО-ның ескертпесі!
Бұл келісім Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күнінен бастап қолданылуын тоқтатады - ҚР 14.10.2014 N 240-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 113-баптан қараңыз).
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеуде жасалған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.Назарбаев |
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін
тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің ережелерін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды (бұдан әрі тиісінше - тауарлардың кедендік құнын бақылау, кеден одағы) жүзеге асырудың негізгі ережелері айқындалады, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағындағы кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары солардың негізінде қалыптастырылады.
2-бап
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды тауарларды кедендік ресімдеу кезінде де, тауарларды шығарғаннан кейін де кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды кедендік ресімдеу және кедендік бақылау мәселелерін реттейтін халықаралық шарттарының ережелеріне сәйкес Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің кеден органы (бұдан әрі - кеден органы) жүзеге асырады.
Осы Келісімнің ережелері жеке тұлғалар жеке және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де мұқтаждықтар үшін кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізетін тауарларға қолданылмайды.
3-бап
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын қабылдау туралы немесе тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету қажеттілігі туралы шешім қабылдайды.
Кеден органы тауарлардың кедендік құнына қатысты шешім қабылдағанға дейін тауарлардың кедендік құнын бақылау аяқталмаған болып саналады.
Тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүргізу кезінде кеден органы осы Келісімнің 6-бабына сәйкес қосымша тексеру жүргізу туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Кеден органы қабылдаған шешім тауарларды декларациялайтын тұлғаға жазбаша нысанда жеткізілуі тиіс.
4-бап
Егер кеден органы тауарларды декларациялайтын тұлғаның тауарлардың кедендік құны туралы дұрыс емес мәліметтерді мәлімдегенін анықтаса, тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету қажеттілігі туралы шешім қабылданады.
Кеден органы қабылдаған тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету қажеттілігі туралы шешім оған қабылданған шешімнің негіздемесін және оны орындау мерзімін қамтуы тиіс талапты жолдау жолымен тауарларды декларациялайтын тұлғаға жеткізіледі.
Тауарларды декларациялайтын тұлға тауарлардың кедендік құны туралы дұрыс емес мәліметтер анықталған кезде жіберілген тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы кеден органының талабын белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда, тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзетуді кеден органы жүзеге асырады.
5-бап
Тауарлардың кедендік құнын түзету және төлеуге жататын кедендік баждарды, салықтарды қайта санау кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарында, ал мұндай шарттар күшіне енгенге дейін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасында белгіленген тәртіппен және нысандар бойынша жүзеге асырылады.
6-бап
Тауарлар шығарылғанға дейін олардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құны тиісті түрде расталмағанын не оның дұрыс емес болып табылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілерді анықтаған жағдайда, кеден органы кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен қосымша тексеру жүргізеді.
Тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерге қосымша тексеру жүргізу үшін кеден органы тауарларды декларациялайтын тұлғадан қосымша құжаттарды және мәліметтерді сұрауы мүмкін. Сұрау салу жазбаша нысанда жүзеге асырылады.
Тауарларды декларациялайтын тұлға кеден органы сұрау салған қосымша құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға не оларды ұсына алмауы себептерінің түсініктемесін жазбаша нысанда беруге міндетті.
Тауарларды декларациялайтын тұлға өзі таңдаған тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін пайдаланудың заңдылығын және өзі ұсынған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын дәлелдеуге құқылы.
Кеден органы тауарлардың кедендік құны туралы мәлімделген мәліметтерге қосымша тексеру жүргізген кезде, сондай-ақ, егер тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде тауарлардың кедендік құнына қатысты шешімді кейінге қалдыру қажеттілігі туындаған жағдайда, тауарларды декларациялайтын тұлға қажет болған кезде мұндай тауарларға салынатын кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуі бойынша жеткілікті кепілдік ұсынған кезде оның осы тауарларды алуға құқығы болады.
7-бап
Кедендік құнына қатысты кеден органы бұрын шешім қабылдаған тауарлар шығарылғаннан кейін тауарлардың кедендік құнын бақылау кеден одағына қатысушы мемлекеттердің оларды шығарғаннан кейін тауарларды кедендік бақылау мәселелерін реттейтін халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Мұндай халықаралық шарттар күшіне енгенге дейін Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысы заңнамаларының нормалары қолданылады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, мүдделі Тараптардың кез келгені мұндай дауларды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.
9-бап
Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамада айқындалады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясына депозитарийдің функциялары берілгенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь | Қазақстан | Ресей |
Республикасының | Республикасының | Федерациясының |
Үкіметі үшін | Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі мәтініне сәйкес келеді.
Қазақстан Республикасының | |
Қаржы министрі | Б.Жәмішев |