2006 жылғы 27 наурызда Сингапурда қабылданған Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шарты ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ
Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шарты Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына нұсқаулық
және
Дипломатиялық конференцияның Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына және оған нұсқаулыққа қосымша қарары
2006 жылғы 27 наурызда Сингапур қаласында қабылданған
Мазмұны
Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шарты
Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына нұсқаулық
Дипломатиялық конференцияның Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына және оған нұсқаулыққа қосымша қарары
Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы
Сингапур шарты
Баптардың тізбесі
1-бап: Қысқартылған орамдар
2-бап: Шарт қолданылатын таңбалар
3-бап: Өтінім
4-бап: Өкілдік; Іскерлік хат алмасу мекенжайы
5-бап: Беру күні
6-бап: Бірнеше сыныптарға қатысты тауарларды және/немесе қызметтерді бір тіркеу
7-бап: Өтінімді және тіркеуді бөлу
8-бап: Хабарламалар
9-бап: Тауарларды және/немесе қызметтерді жіктеу
10-бап: Аттардың немесе мекенжайлардың өзгеруі
11-бап: Иеленушінің өзгеруі
12-бап: Қатені түзету
13-бап: Тіркеуді қолдану мерзімі және оны ұзарту
14-бап: Мерзімдер сақталмаған жағдайдағы жеңілдіктер
15-бап: Париж конвенциясын сақтау бойынша міндеттеме
16-бап: Қызмет көрсету таңбалары
17-бап: Лицензияны тіркеу туралы өтініш
18-бап: Лицензияны тіркеуді өзгерту немесе лицензияны күшін жою туралы өтініш
19-бап: Лицензияны тіркеудің болмауы салдары
20-бап: Лицензияның болуы туралы нұсқау
21-бап: Бас тарту мүмкін болу жағдайындағы ескертулер
22-бап: Нұсқаулық
23-бап: Ассамблея
24-бап: Халықаралық бюро
25-бап: Қайта қарау және түзетулерді енгізу
26-бап: Шартқа қатысу
27-бап: 1994 ж. TLT және осы Шартты қолдану
28-бап: Күшіне ену; Ратификациялар мен қосылулардың күшіне ену күні
29-бап: Ескертпелер
30-бап: Шартты денонсациялау
31-бап: Шарттың тілі; Қол қою
32-бап: Депозитарий
1-бап
Қысқартылған орамдар
Осы Шарттың мақсаты үшін және арнайы ескертпелер болмаған жағдайда:
(і) «Ведомство» Уағдаласушы тарап таңбаларды тіркеуді тапсырған агенттікті білдіреді;
(іі) «тіркеу» Ведомствоның таңбаны тіркегенін білдіреді;
(ііі) «өтінім» тіркеуге берілген өтінімді білдіреді;
(iv) «хабарлама» Ведомствоға берілген өтінімге немесе тіркеуге қатысты кез келген өтінімді немесе өтінішті, қолдаухатты, хат-хабарды немесе өзге де мәліметтерді білдіреді;
(v) «тұлғаға» сілтемелер деп жеке, сондай-ақ заңды тұлғаға жасалатын сілтемелер түсініледі;
(vi) «иеленуші» таңбалар тізілімінде тіркеу иеленушісі ретінде көрсетілген тұлғаны білдіреді;
(vii) «таңбалар тізілімі» Ведомство қалыптастыратын деректердің жиынтығын білдіреді. Тізілім, олар сақталатын жеткізгішке қарамастан, барлық тіркеулерге қатысты барлық тіркеулердің мазмұнын және оған енгізілген барлық деректерді қамтиды;
(viii) «Ведомстводағы рәсім» Ведомстводағы өтінімге немесе тіркеуге қатысты іс жүргізу жөніндегі кез келген рәсімді білдіреді;
(іх) «Париж конвенциясы» қайта қараулар мен түзетулер ескеріле отырып, 1883 жылғы 20 наурызда Парижде қол қойылған Өнеркәсіп меншігін қорғау жөніндегі Париж конвенциясын білдіреді;
(х) «Ницца жіктемесі» қайта қараулар мен түзетулер ескеріле отырып, 1957 жылғы 15 маусымда Ниццада қол қойылған Таңбаларды тіркеу үшін тауарлар мен қызметтердің халықаралық жіктемесі туралы Ницца келісімі құрған жіктемені білдіреді;
(хі) «лицензия» Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес таңбаны пайдалануға берілген лицензияны білдіреді;
(хіі) «лицензиат» лицензия берілген тұлғаны білдіреді;
(хііі) «Уағдаласушы тарап» осы Шартқа қатысушы - кез келген мемлекетті немесе үкіметаралық ұйымды білдіреді;
(xiv) «Дипломатиялық конференция» Шартты қарау немесе оған түзетулер енгізу мақсаттары үшін Уағдаласушы тараптарды шақыруды білдіреді;
(xv) «Ассамблея» 23-бапта аталатын Ассамблеяны білдіреді;
(xvi) «ратификациялау грамотасына» сілтемелер қабылдау және мақұлдау туралы құжатқа сілтемені қамтитын ретінде түсініледі;
(xvii) «Ұйым» Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын білдіреді;
(xviii) «Халықаралық бюро» Ұйымның Халықаралық бюросын білдіреді;
(хіх) «Бас директор» Ұйымның Бас директорын білдіреді;
(хх) «Нұсқаулық» 22-бапта аталған осы Шартқа Нұсқаулықты білдіреді;
(ххі) «Бапқа» немесе Баптың тармағына немесе тармақшасына сілтеме Нұсқаулықтың тиісті ережесіне (леріне) сілтемелер қамтитын ретінде түсініледі;
(ххіі) «1994 ж. TLT» 1994 жылғы 27 қазанда Женевада қол қойылған Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы шартты білдіреді.
2-бап
Шарт қолданылатын таңбалар
(1) [Таңбалардың сипаты] Кез келген Уағдаласушы тарап осы Шартты өзінің заңнамасына сәйкес таңба ретінде тіркелуі мүмкін белгілерден тұратын таңбаларға қолданады.
(2) [Таңбалардың санаттары] (а) Осы Шарт тауарларға (тауар таңбалары) немесе қызметтерге (қызмет көрсету таңбалары) немесе тауарлар мен қызметтерге жататын таңбаларға қолданылады.
(b) Осы Шарт ұжымдық, сертификаттық және кепілдік таңбаларға қолданылмайды.
3-бап
Өтінім
(1) [Өтінімдегі немесе оған қоса берілетін нұсқаулар мен элементтер; Баждар] (а) Кез келген Уағдаласушы тарап өтінімде мынадай нұсқаулар мен элементтердің барлығының немесе кейбіреулерінің:
(і) тіркеу туралы өтініштің;
(іі) өтінім берушінің аты мен мекенжайының;
(ііі) егер өтінім беруші қандай да бір мемлекеттің азаматы болса, ол азаматы болып табылатын мемлекеттің атауы; бар болса, оның тұрғылықты жері бар мемлекеттің атауын; бар болса, аумағында өтінім берушінің нақты және жалған емес өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар мемлекеттің атауының;
(iv) заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық сипаты және мемлекеттің, ал қажет болса, егер өтінім беруші заңды тұлға болып табылса, заңнамасына сәйкес аталған тұлға құрылған мұндай мемлекеттің құрамындағы аумақтық бірліктің атауының;
(v) егер болса, өтінім беруші өкілінің аты мен мекенжайының;
(vi) егер 4(2)(b)-бапқа сәйкес қажет болса, іскерлік хат алмасу мекенжайының;
(vii) егер өтінім беруші мұндай басымдық құқығын пайдаланғысы келсе, Париж конвенциясының 4-бабына сәйкес талап етілуі мүмкін басымдық туралы мұндай өтінішті қолдау нұсқауларымен және дәлелдемелерімен бірге бұрын берілген өтінім бойынша басымдық сұралатын өтініштің;
(viii) егер өтінім беруші мұндай қорғаудың артықшылығын пайдаланғысы келсе, Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес талап етілетін мұндай өтінішті қолдау нұсқауларымен бірге, тауарларды және/немесе қызметтерді көрмеге қою нәтижесінде туындайтын қорғау сұралатын өтініштің;
(іх) Нұсқаулықта ұйғарылғандай, таңбаның ең болмағанда бір бейнесінің;
(х) қолданылатын жерде, таңба түрі, сондай-ақ осы таңба түріне қойылатын ерекше талаптар көрсетіле отырып, Нұсқаулықта ұйғарылғандай өтініштің;
(хі) қолданылатын жерде, өтінім беруші Ведомство қолданатын стандартты нышандарды пайдалана отырып тіркелгенін және жарияланғанын қалайтынын көрсете отырып, Нұсқаулықта ұйғарылғандай өтініштің;
(хіі) қолданылатын жерде, өтінім беруші таңбаның түсіне оның ерекше элементі ретінде қорғау сұрауды қалайтынын көрсете отырып, Нұсқаулықта ұйғарылғандай өтініштің;
(хііі) таңбаның немесе оның белгілі бір бөліктерінің транслитерациясының;
(xiv) таңбаның немесе оның белгілі бір бөліктерінің аудармасының;
(xv) Ницца жіктемесінің сыныптары бойынша топтастырылған таңбаның тіркелуі сұралатын тауарлардың және/немесе қызметтердің атауларының болуын, бұл ретте әр топтың алдында осы тауарлар немесе қызметтер тобы жататын бұл Жіктеменің сынып нөмірі қойылуы тиіс және топтар Жіктемеде көрсетілген сыныптар ретімен ұсынылуы тиіс;
(xvi) Уағдаласушы тараптың заңнамасы талаптарына сәйкес таңбаны пайдалануға ниет білдіру туралы өтініштің болуын талап ете алады.
(b) (a)(xvi) тармақшасында аталатын таңбаны пайдалануға ниет білдіру туралы өтініштің орнына немесе оған қосымша ретінде өтінім беруші таңбаны нақты пайдалану туралы өтініш бере алады және Уағдаласушы тараптың заңнамасы талаптарына сәйкес оған дәлелдемелер ұсына алады.
(c) Кез келген Уағдаласушы тарап өтінішке байланысты өзінің Ведомствосына баж төлеуді талап ете алады.
(2) [Бірнеше сыныптарға жататын тауарлар және/немесе қызметтер үшін бір өтінім] Ницца жіктемесінің бір немесе бірнеше сыныптарына тиесілігіне қарамастан сол бір өтінім бірнеше тауарларға және/немесе қызметтерге жатуы мүмкін.
(3) [Іс жүзінде пайдалану] Егер таңбаны пайдалануға ниет білдіру туралы өтініш (1)(а)(хvі)-тармаққа сәйкес берілген болса, кез келген Уағдаласушы тарап ұлттық заңнамада белгіленген мерзімде және Нұсқаулықта ұйғарылған ең аз мерзімді ескере отырып, өтінім беруші оның Ведомствосына таңбаның аталған заңнама талаптарына сәйкес нақты пайдаланылуына дәлелдемелер ұсынуын талап ете алады.
(4) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап өтінімге қатысты (1) және (3)-тармақтарда және 8-бапта көрсетілгендерден айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды. Атап айтқанда, өтінімге қатысты оны қараудың барлық кезеңінде мынадай шарттардың орындалуын:
(і) сауда тізілімінен кез келген куәлікті немесе үзіндіні ұсынуды;
(іі) өтінім берушінің өнеркәсіптік немесе сауда қызметін жүзеге асыратынын көрсетуді, сондай-ақ тиісті дәлелдемелер ұсынуды;
(ііі) өтінім берушінің өтінімде тізбеленген тауарларға және/немесе қызметтерге сай қызметті жүзеге асыратынын көрсетуді, сондай-ақ тиісті дәлелдемелер ұсынуды;
(iv) өтінім беруші Париж конвенциясының 6quinquies - бабын қолдануды сұраған жағдайларды қоспағанда, белгі басқа Уағдаласушы тараптың немесе Уағдаласушы тарап болып табылмайтын, Париж конвенциясына қатысушы мемлекеттің таңбалар тізілімінде тіркелгенін дәлелдеуді ұсынуды талап ете алмайды.
(5) [Дәлелдемелер] Кез келген Уағдаласушы тарап өтінім бойынша сараптама жүргізу барысында, егер Ведомствода өтінімдегі кез келген нұсқаудың немесе элементтің дұрыстығына қатысты негізделген күмән туындайтын болса, оның Ведомствосына дәлелдемелер ұсынуды талап ете алады.
4-бап
Өкілдік; Іскерлік хат алмасу мекенжайы
(1) [Практикаға жіберілген өкілдер] (а) Кез келген Уағдаласушы тарап Ведомстводағы кез келген рәсім мақсаттары үшін тағайындалған өкілден:
(і) қолданылып жүрген заңнама негізінде Ведомствода өтінімдер мен тіркеулерге қатысты іс жүргізуге құқылы болуын және қолданылатын жерде Ведомствода практикаға жіберілуін;
(іі) өзінің мекенжайы ретінде Уағдаласушы тарап ұйғарған аумақтағы мекенжайды ұсынуын талап ете алады.
(b) Ведомствода өкіл жүзеге асыратын кез келген рәсімге немесе Уағдаласушы тарап (а) тармақшаға сәйкес қолданатын талаптарды сақтайтын өкілге қатысты жүзеге асырылатын іс-әрекет өтінім беруші, иеленуші немесе басқа да мүдделі тұлға жүзеге асыратын немесе осы өкілді тағайындаған жоғарыда аталған тұлғаларға қатысты жүзеге асырылатын іс-әрекет күшіне ие болады.
(2) [Міндетті өкілдік; Іскерлік хат алмасу мекенжайы] (а) Кез келген Уағдаласушы тарап өзінің аумағында тұрмайтын және онда нақты және жалған емес өнеркәсіптік немесе коммерциялық кәсіпорны жоқ өтінім берушіден, иеленушіден немесе басқа мүдделі тұлғадан, Ведомстводағы кез келген рәсім мақсаттары үшін өкіл арқылы өкілдік етуін талап ете алады.
(b) (а) тармақшаның мағынасында өкілдікті талап етпейтін кез келген Уағдаласушы тарап, өзінің аумағында тұрмайтын және онда нақты және жалған емес өнеркәсіптік немесе коммерциялық кәсіпорны жоқ өтінім берушіден, иеленушіден немесе басқа мүдделі тұлғадан оның Ведомствосы қолданатын кез келген рәсім мақсаттары үшін осы аумақта іскерлік хат алмасу мекенжайының болуын талап ете алады.
(3) [Сенімхат] (а) Уағдаласушы тарап өтінім берушінің, иеленушінің немесе кез келген басқа да мүдделі тұлғаның оның Ведомствосында өкіл арқылы өкілдік етуіне рұқсат беретін немесе талап ететін жағдайларда, ол ондай өкіл, жағдайға байланысты, өтінім иесінің, иеленушінің немесе басқа да тұлғаның атын көрсетіп, бөлек хабарламада (бұдан әрі - сенімхат) тағайындалуын талап ете алады.
(b) Сенімхат онда көрсетілген бір немесе бірнеше өтінімге және/немесе тіркеуге немесе өкілді тағайындайтын тұлға көрсеткен кез келген ерекшеліктерді ескере отырып, осы тұлғаның барлық қолда бар және алдағы өтінімдеріне және/немесе тіркеулеріне қатысты болуы мүмкін.
(с) Сенімхат өкілдің өкілеттігін белгілі бір заңды іс-әрекеттермен шектей алады. Кез келген Уағдаласушы тарап сенімхатта оған сәйкес өкіл өтінімді кері қайтарып алу немесе таңбаны тіркеуден бас тарту құқығына ие болатыны туралы нақты ескертпе жасалуын талап ете алады.
(d) Егер хабарламаны Ведомствоға онда өкіл ретінде көрсетілген тұлға табыс етсе, бірақ Ведомствода мұндай хабарламаны алған кезде қажетті сенімхат болмаса, Уағдаласушы тарап мұндай сенімхатты өзінің Ведомствосына Уағдаласушы тарап белгілеген мерзім ішінде және Нұсқаулықта ұйғарылған ең аз мерзімді ескере отырып, ұсынуды талап ете алады. Егер сенімхат Ведомствоға Уағдаласушы тарап белгілеген мерзім ішінде табыс етілмесе, Уағдаласушы тарап аталған тұлғаның хабарламасының күші жоқ деп қарастыра алады.
(4) [Сенімхатқа сілтеме] Кез келген Уағдаласушы тарап осы Ведомство қолданатын рәсім мақсаттары үшін оның Ведомствосына өкілдің жасаған кез келген хабарламасында өкіл соның негізінде өзінің іс-әрекеттерін жүзеге асыратын сенімхатқа сілтеменің қамтылуын талап ете алады.
(5) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап (3) және (4)-тармақтарда және 8-баптакөзделгендерден айырмашылығы бар шарттардың осы тармақтарда қарастырылатын мәселелерге қатысты орындалуын талап ете алмайды.
(6) [Дәлелдемелер] Кез келген Уағдаласушы тарап, егер Ведомствода (3) және (4)-тармақтарда аталған хабарламалардың кез келгенінде қамтылатын кез келген нұсқаудың дұрыстығына қатысты негізделген күмән туындаса, оның Ведомствосына дәлелдемелер ұсынуды талап ете алады.
5-бап
Беру күні
(1) [Жол берілетін талаптар] (а) Уағдаласушы тарап өтінім беру күні ретінде (b) тармақшаны және (2)-тармақты ескере отырып, 8(2)-бапта ұйғарылған тілде мынадай нұсқаулар мен элементтерді:
(і) таңбаны тіркеуде сұралатын анық немесе ұғындыратын нұсқауды;
(іі) өтінім берушіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нұсқауларды;
(ііі) Ведомствоға өтінім берушімен немесе, бар болса, оның өкілімен байланысуға мүмкіндік беретін нұсқауларды;
(iv) өтінімде тіркеу сұралатын таңбаның бейнесін неғұрлым анық ұсынуды;
(v) тіркеу сұралатын тауарлардың және/немесе қызметтердің тізбесін;
(vi) Уағдаласушы тараптың заңнамасы талаптарына сәйкес 3(1)(a)(xvi) немесе (b)-бап қолданылатын болса, 3(1)(a)(xvi)-бапта аталған өтінішті немесе 3(1)(b)-бапта аталған өтініш пен дәлелдемелерді оның Ведомствосы алған күнді белгілейді.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап өтінім беру күні ретінде оның Ведомствосы (а) тармақшада аталған нұсқаулар мен элементтердің барлығын емес, тек кейбіреулерін немесе оларды 8(2)-бапта ұйғарылған тілден басқа тілде алған күнді белгілейді.
(2) [Жол берілетін қосымша талаптар] (а) Уағдаласушы тарап ұйғарылған баж төленгенге дейін беру күні белгіленбеуін көздеуі мүмкін.
(b) Уағдаласушы тарап (а) тармақшасында аталған талапты, егер ол мұндай талапты осы Шартқа қатысушы болған күні қолданған жағдайда ғана қолдана алады.
(3) [Түзетулер мен мерзімдер] (1) және (2)-тармақтарға сәйкес түзетулер енгізу шарттары мен мерзімдері Нұсқаулықта белгіленеді.
(4) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап беру күніне қатысты (1) және (2)-тармақтарда аталғандардан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды.
6-бап
Бірнеше сыныптарға қатысты тауарларды және/немесе
қызметтерді бір тіркеу
Егер Ницца жіктемесінің бірнеше сыныптарына жататын тауарлар және/немесе қызметтер сол бір өтінімге енгізілсе, осы өтінім бойынша бір тіркеу жүргізіледі.
7-бап
Өтінімді және тіркеуді бөлу
(1) [Өтінімді бөлу] (а) Бірнеше тауарлар және/немесе қызметтер тізбеленген кез келген өтінім (бұдан әрі - бастапқы өтінім):
(і) Ведомство, әрі кеткенде, таңбаны тіркеу туралы шешім қабылдағанға дейін;
(іі) Ведомствоның таңбаны тіркеген шешіміне қарсылық білдіруді қарауға байланысты кез келген рәсім кезінде;
(ііі) таңбаны тіркеу туралы шешімге шағым жасауға байланысты кез келген рәсім кезінде бастапқы өтінімде тізбеленген тауарлардың және/немесе қызметтердің мұндай өтінімдері арасында бөлу арқылы өтінім беруші немесе оның өтініші бойынша екі немесе бірнеше өтінімге (бұдан әрі - бөлінген өтінімдер) бөлінуі мүмкін. Бөлінген өтінімдер бастапқы өтінім беру күнін және, бар болған жағдайда, оның басымдығын сақтап қалады.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап (а) тармақшаны ескере отырып, баж төлеуді қоса алғанда, өтінімді бөлуге қатысты талаптарды белгілеуге ерікті.
(2) [Тіркеуді бөлу] Тиісті өзгертулерді ескере отырып, (1)-тармақ тіркеуді бөлуге қатысты қолданылады. Мұндай бөлу:
егер, оның заңнамасы үшінші тұлғаға таңбаны тіркегенге дейін оны тіркеуге қарсылық білдіруге рұқсат беретін болса, Уағдаласушы тарап тіркеуді бөлу мүмкіндігін көздемей алмаған жағдайда,
(і) үшінші тұлғаның тіркеуді жарамсыз деп тану талабына байланысты Ведомстводағы кез келген рәсім кезінде;
(іі) мұның алдындағы рәсім барысында Ведомство қабылдаған шешімге шағым жасауға байланысты кез келген рәсім кезінде рұқсат етіледі.
8-бап
Хабарламалар
(1) [Хабарламалар беру құралдары мен нысаны] Кез келген Уағдаласушы тарап хабарламаларды беру құралдарын, сондай-ақ өзі осындай хабарламаларды қағазда, электрондық немесе өзге де нысанда қабылдайтын нысанды таңдай алады.
(2) [Хабарламалар тілі] (а) Кез келген Уағдаласушы тарап кез келген хабарламаның оның Ведомствосы қабылдаған тілде жасалуын талап ете алады. Егер Ведомство бірнеше тілге рұқсат берсе, хабарлама белгісін немесе элементін бірнеше тілде ұсынылуын талап ету мүмкін болмаған жағдайда, өтінім берушіден, иеленушіден немесе өзге де мүдделі тұлғадан Ведомствоға қатысты қолданылатын тілге қойылатын кез келген өзге де талаптың сақталуын талап ете алады.
(b) Бірде-бір Уағдаласушы тарап осы Шартта көзделгеннен айырмашылығы бар хабарламаның кез келген аудармасының куәландырылуын, нотариаттық расталуын, түпнұсқалығын растауды, заңдастырылуын немесе басқадай куәландырылуын талап ете алмайды.
(c) егер Уағдаласушы тарап хабарламаны өзінің Ведомствосында қабылданған тілде ұсынуды талап етпесе, ол осындай хабарламаның Ведомствода қабылданған тілге ресми аудармашы не өкіл жасаған аудармасын орынды мерзімде ұсынуды талап ете алады.
(3) [Қағаздағы хабарламаларға қол қою] (а) Кез келген Уағдаласушы тарап қағаздағы хабарламаға өтінім берушінің, иеленушінің немесе басқа да мүдделі тұлғаның қол қоюын талап ете алады. Егер Уағдаласушы тарап хабарламада қойылған қолдың болуын талап етсе, осы Уағдаласушы тарап Нұсқаулықта ұйғарылған талаптарға сай келетін кез келген қол қоюды қабылдауға тиіс.
(b) Уағдаласушы тараптың заңнамасы тіркеуден бас тартуға байланысты қойылған қолдың куәландырылуын көздейтін жағдайларды қоспағанда, бірде-бір Уағдаласушы тарап, кез келген қойылған қолдың куәландырылуын, нотариаттық расталуын, түпнұсқалығын растауды, заңдастырылуын немесе басқадай куәландырылуын талап ете алмайды.
(с) Уағдаласушы тарап (b) тармақшаға қарамастан, егер Ведомствоның қағазда ұсынылған хабарламадағы кез келген қойылған қолдың түпнұсқалығына күмәндануға негіздемесі болған жағдайда ғана, Ведомствоға дәлелдемелер ұсынуды талап ете алады.
(4) [Электрондық нысанда немесе электрондық беру құралдары арқылы берілетін хабарламалар] Егер Уағдаласушы тарап хабарламаларды Ведомствоға электрондық нысанда немесе электрондық беру құралдары арқылы беруге рұқсат етсе, ол кез келген осындай хабарламалар Нұсқаулықта ұйғарылған талаптарға сай болуын талап ете алады.
(5) [Хабарламаны ұсыну] Кез келген Уағдаласушы тарап мазмұны, ондай бар болса, Нұсқаулықта көзделген ұқсас Үлгілік халықаралық бланкіге сәйкес келетін хабарламаның ұсынылуын қабылдайды.
(6) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап (1)-(5)-тармақтарға қатысты осы Бапта аталғаннан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды.
(7) [Өкілмен байланыс құралдары] Осы Бапта ешнәрсе өтінім беруші, иеленуші немесе басқа да мүдделі тұлға мен оның өкілі арасындағы байланыс құралдарын реттемейді.
9-бап
Тауарларды және/немесе қызметтерді жіктеу
(1) [Тауарларды және/немесе қызметтерді көрсету] Ведомство өтінімге немесе тіркеуге қатысты жүзеге асырған және тауарларды және/немесе қызметтерді көрсетуді қамтитын әрбір тіркеу мен кез келген жарияланым Ницца жіктемесінің сыныптары бойынша және аталған Жіктеме сыныптарын бірінен соң бірі қойылу тәртібімен топтастырылған осы тауарлардың және/немесе қызметтердің атауын көрсетеді, бұл ретте әрбір топтың алдында осы тауарлар мен қызметтер тобы жататын осы жіктеменің сынып нөмірі қойылады және топтар аталған Жіктеме сыныптары ретімен ұсынылады.
2. [Бір сыныпқа немесе түрлі сыныптарға жататын тауарлар немесе қызметтер] (а) Тауарлар немесе қызметтер Ведомство жүзеге асырған кез келген тіркеуде немесе жарияланымда Ницца жіктемесінің бір сыныбында көрінуі негізінде ұқсас деп есептелуі мүмкін емес.
(b) Тауарлар немесе қызметтер Ведомство жүзеге асырған кез келген тіркеу немесе жарияланымда Ницца жіктемесінің әр түрлі сыныптарында көрінуі негізінде ұқсас емес деп есептелуі мүмкін емес.
10-бап
Аттардың немесе мекенжайлардың өзгеруі
(1) [Иеленушінің аты немесе мекенжайының өзгеруі] (а) Егер тіркеудің иеленушісі бұрынғы болса, бірақ оның аты және/немесе мекенжайы өзгерсе, Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы тиісті тіркеу нөмірін және тізілімге енгізілуі тиіс өзгертуді хабарламада көрсете отырып жасалған, Ведомствоның өзінің таңбалар тізіліміне осындай өзгертуді енгізуі туралы мәлімдемесін мойындайды.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап өтініште:
(і) иеленушінің аты мен мекенжайы;
(іі) тіркеу иеленушісінде болса, оның өкілінің аты мен мекенжайы;
(ііі) тіркеу иеленушісінде болса, іскерлік хат алмасу мекенжайы көрсетілуін талап ете алады.
(c) Кез келген Уағдаласушы тарап өтінішке байланысты өзінің Ведомствосына баж төленуін талап ете алады.
(d) Егер өзгерту бірнеше тіркеулерге қатысты болса да, барлық тиісті тіркеулердің нөмірлері көрсетілген жағдайда бір өтініш жеткілікті.
(2) [Өтінім берушінің аты немесе мекенжайының өзгеруі] Тиісті өзгерістер ескеріле отырып, өзгеріс өтінімге немесе өтінімдерге, не өтінімге немесе өтінімдерге және тіркеуге немесе тіркеулерге қатысты болған жағдайларда, егер тиісті өтінімдердің кез келгеніне әлі нөмір берілмеген немесе ондай нөмір өтінім берушіге немесе оның өкіліне мәлім болмаса (1)-тармақ қолданылуы тиіс, өтініште сонда да мұндай өтінім, Нұсқаулықта ұйғарылғандай сәйкестендіріледі.
(3) [Өкілдің аты немесе мекенжайының немесе іскерлік хат алмасу мекенжайының өзгеруі] Тиісті өзгертулер ескеріле отырып, (1)-тармақ, бар болса, өкілдің аты немесе мекенжайының кез келген өзгеруіне және бар болса, іскерлік хат алмасу мекенжайына қатысты кез келген өзгертуге қолданылады.
(4) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап осы бапта аталған өтінішке қатысты (1)-(3)-тармақтарда және 8-бапта аталғандардан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды. Атап айтқанда, мұндай өзгерту растайтын қандай да бір құжатты ұсыну талап етіле алмайды.
(5) [Дәлелдемелер] Кез келген Уағдаласушы тарап, егер Ведомствоның өтініште қамтылған кез келген нұсқаудың дұрыстығына қатысты негізделген күмәні туындайтын болса, оның Ведомствосына дәлелдемелер ұсынуды талап ете алады.
11-бап
Иеленушінің өзгеруі
(1) [Тіркеу иеленушісінің өзгеруі] (а) Тіркеудің иеленушісі өзгерген жағдайда, Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы тіркеудің бұрынғы иеленушісі немесе иеленуші болған тұлға (бұдан әрі - жаңа иеленуші) тиісті тіркеу нөмірін және тізілімге енгізілуі қажет өзгерісті хабарламада көрсете отырып жасаған Ведомствоның өзінің таңбалар тізіліміне осындай өзгерісті енгізуі туралы мәлімдемесін мойындайды.
(b) Егер иеленушінің өзгеруі шарт жасасу нәтижесі болып табылса, кез келген Уағдаласушы тарап оның өтініште көрсетілуін талап ете алады, онда сұрау салған тараптың таңдауы бойынша, мынадай құжаттардың біреуі:
(і) шарттың көшірмесі, бұл ретте мұндай көшірменің шарттың түпнұсқасына сәйкестігін мемлекеттік нотариустың немесе кез келген басқа да құзыретті мемлекеттік органның куәландыруы талап етілуі мүмкін;
(іі) тіркеу иеленушісінің өзгеруін көрсететін шарт үзіндісінің көшірмесі, бұл ретте мұндай үзінді көшірменің дұрыстығын мемлекеттік нотариустың немесе кез келген басқа да құзыретті мемлекеттік органның куәландыруы талап етілуі мүмкін;
(ііі) Нұсқаулықта ұйғарылған нысанасы мен мазмұнға сәйкес жасалған әрі бұрынғы және жаңа иеленушілердің қолдары қойылған таңбаға құқықты беру туралы расталмаған куәлік;
(iv) Нұсқаулықта ұйғарылған нысанға және мазмұнға сәйкес жасалған, бұрынғы және жаңа иеленушілердің қолдары қойылған таңбаға құқықты беру туралы расталмаған құжат қоса ұсынылады.
(с) Егер иеленушінің өзгеруі біріктіру нәтижесі болып табылса, кез келген Уағдаласушы тарап құзыретті орган жасаған және мұндай біріктіруді дәлелдейтін құжаттың көшірмесі, мысалы, сауда тізілімінен үзінді көшірме қоса берілген өтініште көрсетілуін талап ете алады, бұл ретте мұндай көшірменің құжат түпнұсқасына сәйкестігін осы құжатты берген органның немесе мемлекеттік нотариустың немесе кез келген басқа да құзыретті мемлекеттік органның куәландыруы талап етілуі мүмкін.
(d) Шарт жасасу немесе біріктіру нәтижесінде барлық ортақ иеленушілер емес, біреуі немесе бірнешеуі өзгерген жағдайда, кез келген Уағдаласушы тарап өзгеруге қатысы жоқ кез келген ортақ иеленуші өзі қол қойған құжатта иеленушіні өзгертуге нақты келісім білдіруін талап ете алады.
(e) Егер иеленушінің өзгеруі шарт жасасу немесе біріктіру нәтижесі болып табылмаса, ол басқа себептерден, мысалы заңды қолданудан немесе сот шешімінен туындаған болса, кез келген Уағдаласушы тарап осындай өзгертуді дәлелдейтін құжаттың көшірмесі қоса берілетін өтініште көрсетілуін талап ете алады, бұл ретте мұндай көшірменің құжат түпнұсқасына сәйкестігін осындай құжатты берген органның, мемлекеттік нотариустың немесе кез келген басқа да құзыретті мемлекеттік органның куәландыруы талап етілуі мүмкін.
(f) Кез келген Уағдаласушы тарап өтініште:
(і) бұрынғы иеленушінің аты мен мекенжайы;
(іі) жаңа иеленушінің аты мен мекенжайы;
(ііі) егер жаңа иеленуші қандай да бір мемлекеттің азаматы болып табылса, ол азаматы болып табылатын мемлекеттің атауы; егер бар болса, жаңа иеленушінің тұрғылықты жері бар мемлекеттің атауы; егер бар болса, жаңа иеленушінің нақты және жалған емес өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар мемлекеттің атауы;
(iv) егер жаңа иеленуші заңды тұлға болып табылса, заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық сипаты және мемлекеттің, қажет болған жағдайда, заңнамасына сәйкес аталған заңды тұлға құрылған мұндай мемлекеттің құрамындағы аумақтық бірліктің атауы;
(v) бұрынғы иеленушіде, бар болса, өкілінің аты мен мекенжайы;
(vi) бұрынғы иеленушіде бар болса, іскерлік хат алмасу мекенжайы;
(vii) жаңа иеленушінің, бар болса, өкілінің аты мен мекенжайы;
(viii) егер, 4(2)(b)-бапқа сәйкес ондай талап етілсе, іскерлік хат алмасу үшін жаңа иеленушінің мекенжайы көрсетілуін талап ете алады.
(g) Кез келген Уағдаласушы тарап өтінішке байланысты өзінің Ведомствосына баж төленуін талап ете алады.
(h) Егер иеленушіні өзгерту бірнеше тіркеуге қатысты болса да, бұрынғы және жаңа иеленуші әрбір тіркеу үшін сол бір тұлға болып табылған және өтініште осы тіркеулердің нөмірлері көрсетілген жағдайда бір өтініш жеткілікті.
(і) Егер иеленушіні өзгерту бұрынғы иеленушінің тіркеуінде тізбеленген тауарлардың және/немесе қызметтердің барлығына қатысты болмаса және қолданылатын заңнамада ондай өзгерту туралы жазбаны енгізуге рұқсат берілсе, Ведомство иеленушіні өзгерту орын алған тауарларға және/немесе қызметтерге қатысты бөлек тіркеуді жүргізеді.
(2) [Өтінім иеленушісінің өзгеруі] Тиісті өзгертулер ескеріле отырып, иеленушінің өзгеруі өтінімге немесе өтінімдерге, не өтінімге немесе өтінімдерге және тіркеуге немесе тіркеулерге қатысты болған жағдайларда, егер тиісті өтінімдердің кез келгеніне әлі нөмір берілмеген немесе ондай нөмір өтінім берушіге немесе оның өкіліне мәлім болмаса (1)-тармақ қолданылады, өтініште сонда да өтінім нұсқаулықта ұйғарылғандай сәйкестендіріледі.
(3) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап осы бапта аталған өтінішке қатысты (1) және (2)-тармақтарда және 8-бапта аталғандардан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды. Атап айтқанда, мынадай шарттардың орындалуы:
(і) (1)(с)-тармақтың ережесі ескеріле отырып, кез келген құжатты немесе сауда тізілімінен үзінді көшірмені ұсыну;
(іі) жаңа иеленуші өнеркәсіптік немесе сауда қызметін жүзеге асыратынын көрсету, сондай-ақ тиісті дәлелдемелерді ұсыну;
(ііі) иеленушінің өзгеруі қолданылатын тауарларға және/немесе қызметтерге сәйкес келетін қызметті жаңа иеленуші жүзеге асыратынын көрсету, сондай-ақ тиісті дәлелдемелерді ұсыну;
(iv) бұрынғы иеленуші өз кәсіпорнын немесе материалдық емес активтерін жаңа иеленушіге толық немесе ішінара бергенін көрсету, сондай-ақ тиісті дәлелдемелерді ұсыну талап етіле алмайды.
(4) [Дәлелдемелер] Кез келген Уағдаласушы тарап оның Ведомствосына дәлелдемелерді немесе (1)(с) немесе (е)-тармағының ережелері қолданылатын жағдайларда, егер Ведомствода осы Бапта аталған өтініште немесе кез келген құжатта қамтылған кез келген нұсқаудың растығына қатысты негізделген күмән туындайтын болса, қосымша дәлелдемелерді ұсынуды талап ете алады.
12-бап
Қатені түзету
(1) [Тіркеуге қатысты қатені түзету] (а) Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы тиісті тіркеудің нөмірін, түзетілуі тиіс қатені және тізілімге енгізілуі тиіс түзетуді көрсете отырып, тіркеу иеленушісі оның Ведомствосына берген өтінімде немесе басқа өтініште жіберілген және оның Ведомствосының таңбалар тізілімінде және/немесе кез келген жарияланымында көрсетілген қатені түзету туралы жасаған хабарламада қамтылған өтінішті мойындайды.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап өтініште:
(і) иеленушінің аты мен мекенжайы;
(іі) егер иеленушіде бар болса, өкілдің аты мен мекенжайы;
(ііі) егер иеленушіде бар болса, іскерлік хат алмасу мекенжайы көрсетілуін талап ете алады.
(с) Кез келген Уағдаласушы тарап өтінішке байланысты өзінің Ведомствосына баж төленуін талап ете алады.
(d) Өзгерту сол бір тұлғаның бірнеше тіркеулеріне қатысты болған жағдайдың өзінде, қате және талап етілетін түзету әрбір тіркеу үшін бірдей болып табылған және өтініште осы барлық тіркеулердің нөмірлері көрсетілген жағдайда, бір өтініш жеткілікті.
(2) [Өтінімге қатысты қатені түзету] Тиісті өзгертулер ескеріле отырып, қате өтінімге немесе өтінімдерге, не өтінімге немесе өтінімдерге және тіркеуге немесе тіркеулерге қатысты болған жағдайларда, егер тиісті өтінімдердің кез келгеніне әлі нөмір берілмеген немесе ондай нөмір өтінім берушіге не оның өкіліне мәлім болмаса (1)-тармақ қолданылады, өтініште сонда да өтінім Нұсқаулықта ұйғарылғандай сәйкестендіріледі.
(3) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап осы бапта аталған өтінішке қатысты (1) және (2)-тармақтарда және 8-бапта аталғаннан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды.
(4) [Дәлелдемелер] Кез келген Уағдаласушы тарап, егер Ведомствода көзделіп отырған қате шын мәнінде қате болып табыла ма дегенге қатысты негізделген күмән туындайтын болса, оның Ведомствосына дәлелдемелер ұсынуды талап ете алады.
(5) [Ведомствоның қателері] Уағдаласушы тараптың Ведомствосы өз қателерін қызмет бабына сай немесе өтініш бойынша қандай да бір баж төлеместен түзейді.
(6) [Түзетілмейтін қателер] Бірде-бір Уағдаласушы тарап өзінің заңнамасына сәйкес түзетуге келмейтін кез келген қатеге қатысты (1), (2) және (5)-тармақтардың ережелерін қолдануға міндетті емес.
13-бап
Тіркеуді қолдану мерзімі және оны ұзарту
(1) [Тіркеуді ұзарту туралы өтініштегі немесе оған қоса берілген нұсқаулар немесе элементтер; Баждар] (а) Кез келген Уағдаласушы тарап тіркеуді ұзарту өтініш берілген және мұндай өтініште мынадай нұсқаулардың барлығы немесе кейбіреулері:
(і) тіркеуді ұзарту туралы өтініш;
(іі) тіркеу иеленушісінің аты мен мекенжайы;
(ііі) тиісті тіркеудің нөмірі;
(iv) Уағдаласушы тараптың таңдауы бойынша нәтижесінде тиісті тіркеу жүзеге асырылған өтінім беру күні не тиісті тіркеуді жүзеге асыру күні;
(v) иеленушіде бар болса, өкілдің аты мен мекенжайы;
(vi) иеленушіде бар болса, іскерлік хат алмасу мекенжайы;
(vii) тіркеуді ұзарту сұралып отырған, тізілімге енгізілген тауарлардың және/немесе қызметтердің атаулары немесе тіркеуді ұзарту сұралмайтын, Ницца жіктемесінің сыныптары бойынша топтастырылған, тізілімге енгізілген тауарлардың және/немесе қызметтердің атаулары, бұл ретте әрбір топтың алдында осы тауарлар немесе қызметтер тобы жататын осы Жіктеменің сынып нөмірі болуға тиіс және, егер Уағдаласушы тарап таңбалар тізіліміне енгізілген кейбір тауарларға және/немесе қызметтерге ғана қатысты тіркеуді ұзартуды жүзеге асыруға рұқсат беретін болса және осындай ұзарту сұратылса, топтар аталған Жіктеме сыныптарының дәл қолдану тәртібімен ұсынылуы тиіс;
(viii) иеленушіден немесе оның өкілінен басқа тұлғаның, егер Уағдаласушы тарап осындай тұлғаға тіркеуді ұзарту туралы өтініш беруге рұқсат берсе, аты мен мекенжайы болған жағдайда жүзеге асырылуын талап ете алады.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап тіркеуді ұзарту туралы өтінішке байланысты өзінің Ведомствосына баж төленуін талап ете алады. Тіркеудің бастапқы кезеңі немесе тіркеуді ұзартудың кез келген кезеңі үшін баж төленгеннен кейін мұндай кезең ішінде тіркеуді күшінде ұстау үшін ешқандай басқа төлем талап етілуі мүмкін емес. Осы тармақшаның мақсаттары үшін таңбаны пайдалануға қатысты өтініш және/немесе дәлелдемелер ұсынылуына байланысты баждар тіркеуді күшінде ұстау үшін төлем ретінде қаралмайды және оларға осы тармақшаның ережелері қолданылмайды.
(с) Кез келген Уағдаласушы тарап тіркеуді ұзарту туралы өтініш Нұсқаулықта ұйғарылған ең аз мерзімдерді ескере отырып, Уағдаласушы тараптың заңнамасында белгіленген мерзім ішінде Ведомствоға ұсынылуын және (b) тармақшасында аталған тиісті баж төленуін талап ете алады.
(2) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап тіркеуді ұзарту туралы өтінішке қатысты (1)-тармақта және 8-бапта аталғаннан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды. Атап айтқанда, мынадай шарттардың орындалуын:
(і) таңбаның кез келген бейнесін немесе басқа да сәйкестендіруді ұсыну;
(іі) таңба тіркелгеніне немесе таңбаның тіркелуі таңбалардың кез келген басқа тізілімінде ұзартылғанына дәлелдемелерді ұсыну;
(ііі) таңбаны пайдалануға қатысты өтініш және/немесе дәлелдемелерді ұсыну талап етіле алмайды.
(3) [Дәлелдемелер] Кез келген Уағдаласушы тарап тіркеуді ұзарту туралы өтінішті қарау барысында, егер Ведомствода тіркеуді ұзарту туралы өтініштегі кез келген нұсқаудың немесе элементтің дұрыстығына қатысты негізделген күмән туындайтын болса, оның Ведомствосына дәлелдемелер ұсынуды талап ете алады.
(4) [Мәні бойынша сараптама жүргізуге тыйым салу] Уағдаласушы тараптың бірде-бір Ведомствосы тіркеуді ұзарту мақсатында мәні бойынша оған сараптама жүргізе алмайды.
(5) [Тіркеудің қолданылу мерзімі] Тіркеудің бастапқы қолданылу мерзімі он жылды құрайды және кейінгі он жылдық кезеңдерге ұзартылуы мүмкін.
14-бап
Мерзімдер сақталмаған жағдайдағы жеңілдіктер
(1) [Мерзім өткенге дейінгі жеңілдіктер] Егер Ведомство ұзарту туралы өтінішті мерзім өткенге дейін алса, Уағдаласушы тарап Ведомствода өтінімге немесе тіркеуге қатысты рәсім барысында іс-әрекет жасау үшін мерзімді ұзартуды көздей алады.
(2) [Мерзім өткеннен кейінгі жеңілдіктер] Егер өтінім беруші, иеленуші немесе басқа да мүдделі тұлға Уағдаласушы тараптың Ведомствосында өтінімге немесе тіркеуге қатысты рәсім барысында іс-әрекет жасауға мерзімді (бұдан әрі - тиісті мерзім) сақтай алмаған жағдайда, Ведомствоға ұзарту туралы өтініш берілген болса, Уағдаласушы тарап Нұсқаулықта ұйғарылған талаптарға сәйкес мына жеңілдіктердің біреуін немесе бірнешеуін:
(і) тиісті мерзімді Нұсқаулықта ұйғарылған уақыт кезеңіне ұзартуды;
(іі) өтінімге немесе тіркеуге қатысты рәсімді жалғастыруды;
(ііі) егер Ведомство мерзімдерді осылайша сақтамау тиісті шараларды қабылдауға қарамастан орын алды немесе Уағдаласушы тараптардың қалауы бойынша, осындай кешіктіру алдын ала көзделген жоқ деп есептесе, өтінім берушінің, иеленушінің немесе басқа мүдделі тұлғаның өтінімге немесе тіркеуге қатысты құқықтарын қалпына келтіруді көздеуге тиіс.
(3) [Ерекшеліктер] Бірде-бір Уағдаласушы тарап Нұсқаулықта ұйғарылған алып тастауларға қатысты (2)-тармақта аталған қандай да бір жеңілдіктерді көздеуге міндетті емес.
(4) [Баждар] Кез келген Уағдаласушы тарап (1) және (2)-тармақтарда көрсетілген кез келген жеңілдіктерге қатысты баж төлеуді талап ете алады.
(5) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап (2)-тармақта аталған кез келген жеңілдіктерге қатысты осы бапта және 8-бапта аталғаннан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды.
15-бап
Париж конвенциясын сақтау бойынша міндеттеме
Кез келген Уағдаласушы тарап Париж конвенциясының таңбаларға қатысты ережелерін сақтауға міндеттенеді.
16-бап
Қызмет көрсету таңбалары
Кез келген Уағдаласушы тарап қызмет көрсету таңбаларын тіркейді және осындай таңбаларға Париж конвенциясының тауар таңбаларына қатысты тиісті ережелерін қолданады.
17-бап
Лицензияны тіркеу туралы өтініш
(1) [Лицензияны тіркеу туралы өтінішке қойылатын талаптар] Егер Уағдаласушы тараптың заңнамасы лицензияны Ведомствода тіркеуді көздесе, сол Уағдаласушы тарап тіркеу туралы өтініш:
(і) Нұсқаулықта ұйғарылған талаптарға сәйкес берілуін, және
(іі) Нұсқаулықта ұйғарылған қолдау құжаттарының қоса берілуін талап ете алады.
(2) [Баждар] Кез келген Уағдаласушы тарап лицензияны тіркеуге қатысты өзінің Ведомствосына баж төленуін талап ете алады.
(3) [Бірнеше тіркеуге қатысы бар бір өтініш] Егер лицензия бірнеше тіркеуге қатысты болса да, өтініште барлық тиісті тіркеулердің тіркеу нөмірлері көрсетілген, иеленуші мен лицензиат барлық тіркеулер үшін сол тұлға болып табылған және өтініште Нұсқаулыққа сәйкес барлық тіркеулерге қатысты лицензияның көлемі көрсетілген жағдайда, бір өтініш жеткілікті.
(4) [Басқа шарттардың орындалуын талап етуге тыйым салу] (а) Бірде-бір Уағдаласушы тарап Ведомствоның лицензияны тіркеуіне қатысты (1)-(3)-тармақтарда және 8-бапта аталғаннан айырмашылығы бар шарттардың орындалуын талап ете алмайды. Атап айтқанда:
(і) лицензия нысанасы болып табылатын таңбаны тіркеу туралы куәлікті ұсыну;
(іі) лицензиялық шартты немесе оның аудармасын ұсыну;
(ііі) лицензиялық шарттың қаржылық жағдайларын көрсету талап етіле алмайды.
(b) (а) тармақша Уағдаласушы тараптың лицензияны таңбалар тізіліміне тіркеуден басқа өзге мақсаттар үшін мәліметтерді жария етуге қатысты заңнамасына сәйкес қолда бар ешқандай міндеттемелерге нұқсан келтірмейді.
(5) [Дәлелдемелер] Егер Ведомствода өтініштегі немесе Нұсқаулықта көрсетілген кез келген құжаттағы кез келген нұсқауға қатысты негізделген күмән туындайтын болса, кез келген Уағдаласушы тарап оның Ведомствосына дәлелдемелердің ұсынылуын талап ете алады.
(6) [Өтінімдерге байланысты өтініштер] Өтінімге лицензияны тіркеу туралы өтініштерге, егер Уағдаласушы тараптың заңнамасы осындай тіркеуді көздейтін болса, тиісті өзгерістер ескеріле отырып, (1)-(5)-тармақтар қолданылады.
18-бап
Лицензияны тіркеуді өзгерту немесе лицензияның
күшін жою туралы өтініш
(1) [Өтінішке қатысты қойылатын талаптар] Егер Уағдаласушы тараптың заңнамасы лицензияны Ведомствоның тіркеуін көздесе, Уағдаласушы тарап лицензияны тіркеуді өзгерту немесе оны жою туралы өтініш:
(і) Нұсқаулықта ұйғарылған талаптарға сәйкес берілуін, және
(іі) Нұсқаулықта ұйғарылған қолдау құжаттарының қоса берілуін талап ете алады.
(2) [Басқа талаптар] Тиісті өзгерістерді ескере отырып, 17(2)-(6)-бап лицензияны тіркеуді өзгерту немесе жою туралы өтінішке қолданылады.
19-бап
Лицензияны тіркеудің болмауы салдары
(1) [Таңбаны тіркеудің және оны қорғаудың жарамдылығы] Лицензияның Ведомствода немесе Уағдаласушы тараптың басқа органында тіркелуінің болмауы, лицензия нысанасы болып табылатын таңбаның тіркелуінің немесе осы таңбаның қорғалуының жарамдылығына нұқсан келтірмейді.
(2) [Лицензиаттың кейбір құқықтары] Уағдаласушы тарап лицензиат осы Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес осы лицензияның нысанасы болып табылатын таңбаға арналған құқықтардың бұзылуына байланысты иеленушінің бастамасы бойынша басталған сот талқылауына қатыса алатын немесе осындай рәсімдер арқылы таңбаға арналған құқықтардың бұзылуы нәтижесінде келтірілген залалдарының орнын толтыра алатын кез келген құқығын жүзеге асыру үшін шарт ретінде лицензияны тіркеуді талап ете алмайды.
(3) [Лицензияны тіркеу болмаған жағдайда таңбаны пайдалану] Уағдаласушы тарап лицензиаттың таңбаны пайдалануын таңбаны алуға, күшінде ұстап тұруға және қорғауға байланысты рәсімдер барысында иеленушінің атынан пайдалануы ретінде қарау үшін шарт ретінде лицензияны тіркеуді талап ете алмайды.
20-бап
Лицензияның болуы туралы нұсқау
Егер Уағдаласушы тараптың заңнамасы таңбаның лицензияға сәйкес пайдаланылатынын көрсетуді талап етсе, осы талаптың толық немесе ішінара сақталмауы лицензия нысанасы болып табылатын тіркеудің немесе осы таңбаның қорғалуының жарамдылығына және 19(3)-баптың қолданылуына нұқсан келтірмейді.
21-бап
Бас тарту мүмкін болу жағдайындағы ескертулер
Ведомство өтініш берушіге немесе қолдаухат беруші тарапқа көзделетін бас тартуға байланысты орынды мерзімде ескертулер жасауға мүмкіндік берместен 3-бапқа сәйкес өтінімді немесе 7, 10-14, 17 және 18-баптарғасәйкес өтінішті толық немесе ішінара кері қайтара алмайды. Егер жеңілдік беру туралы қолдаухат беретін тұлғаның шешім негізделуі тиіс фактілер бойынша ескертулер ұсыну мүмкіндігі болған жағдайда, 14-бапқа қатысты бірде-бір Ведомстводан ескерту жасау мүмкіндігін беру талап етілмейді.
22-бап
Нұсқаулық
(1) [Мазмұны] (а) Осы Шартқа қоса берілген Нұсқаулық:
(і) реттелуін осы Шарт арнайы «Нұсқаулықта ұйғаратын» мәселелерге;
(іі) осы Шарттың ережелерін қолдану үшін пайдалы кез келген нақтылықтарға;
(ііі) кез келген әкімшілік талаптарға, мәселелерге немесе рәсімдерге қатысты қағидаларды қамтиды.
(b) Нұсқаулық Үлгілік халықаралық бланкілерді де қамтиды.
(2) [Нұсқаулыққа түзетулерді енгізу] (3)-тармақты ескере отырып, Нұсқаулыққа кез келген түзетуді енгізу берілген дауыстардың төрттен үш бөлігінің көпшілігін қажет етеді.
(3) [Бірауыздылықты талап ету] (а) Нұсқаулық тек қана бірауызды шешіммен түзетулер енгізілуі мүмкін Нұсқаулықтың ережелерін белгілей алады.
(b) (а) тармақшасына сәйкес Нұсқаулықта айқындалған ережелерге ережелерді қосуға немесе одан алып тастауға әкеп соғатын кез келген түзетуді Нұсқаулыққа енгізу бірауызды шешімді талап етеді.
(с) Бірауыздылыққа қол жеткізілгенін не жеткізілмегенін анықтау кезінде дауыс беру кезінде шын мәнінде берілген дауыстар ғана есепке алынады. Қалыс қалғандардың дауыстары есептелмейді.
(4) [Шарт пен Нұсқаулық арасындағы алшақтық] Осы Шарттың ережелері мен Нұсқаулықтың ережелері арасында алшақтық болған жағдайда Шарттың ережелері қолданылады.
23-бап
Ассамблея
(1) [Құрамы] (а) Уағдаласушы тараптардың Ассамблеясы болады.
(b) Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы Ассамблеяда орынбасарлары, кеңесшілері және сарапшылары болуы мүмкін бір делегатпен өкілдік ете алады. Делегаттардың әрқайсысы тек бір ғана Уағдаласушы тарапқа өкілдік ете алады.
(2) [Міндеттер] Ассамблея:
(і) осы Шарттың дамуына қатысты мәселелерді қарайды;
(іі) Үлгілік халықаралық бланкілерді қоса алғанда, Нұсқаулыққа түзетулер енгізеді;
(ііі) (іі) тармақшада аталған түзетулердің әрқайсысын қолдану күніне қатысты шарттарды айқындайды;
(iv) осы Шарттың ережелерін орындау үшін қажетті барлық басқа да функцияларды орындайды.
(3) [Кворум] (а) Ассамблеяның мемлекет болып табылатын мүшелерінің жартысы кворумды құрайды.
(b) Егер қандай да бір сессияда онда өкілдік ететін, мемлекеттер болып табылатын Ассамблея мүшелерінің саны жартысынан кем, алайда сол сияқты мемлекеттер болып табылатын Ассамблея мүшелерінің үштен бір бөлігінен артық болса, (а) тармақшасының ережелеріне қарамастан, Ассамблея шешімдер қабылдай алады, бірақ өзінің рәсім қағидаларына жататын шешімдерді қоспағанда, төменде аталған шарттар орындалғанда ғана міндетті болады. Халықаралық бюро аталған шешімдерді мемлекеттер болып табылатын және өкілдік етпейтін Ассамблея мүшелеріне жібереді және оларға шешімді жіберген күннен бастап есептегенде, үш ай мерзім ішінде олар осы шешімдерге дауыс беретінін немесе дауыс беруден қалыс қалатыны туралы жазбаша түрде хабарлауды ұсынады. Егер осы мерзім өткеннен кейін осылайша дауыс берген немесе дауыс беруден қалыс қалған осы мүшелердің саны сессияның өзінде кворумға қол жеткізу үшін мүшелердің жетпеген санына жетсе, осындай шешімдер бір мезгілде қажетті көпшілік сақталған жағдайда күшіне енеді.
(4) [Ассамблеяда шешімдерді қабылдау] (а) Ассамблея өз шешімдерін консенсус негізінде қабылдауға тырысады.
(b) Шешімді консенсус негізінде қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, талқыланатын мәселе бойынша шешім дауыс беру арқылы қабылданады. Бұл жағдайда:
(і) мемлекет болып табылатын Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы бір дауысқа ие болады және тек өз атынан ғана дауыс береді; және
(іі) үкіметаралық ұйым болып табылатын кез келген Уағдаласушы тарап осы Шартқа қатысушы болып табылатын өздерінің мүше мемлекеттері орнына дауыс беруге қатыса алады, бұл ретте дауыс саны осы Шартқа қатысушы болып табылатын оған мүше мемлекеттердің санына тең болуы тиіс. Мұндай бірде-бір үкіметаралық ұйым, егер оған мүше мемлекеттердің кез келгені өзінің дауыс беруге қатысу құқығын пайдаланса және керісінше болса, дауыс беруге қатыспайды. Одан басқа, егер осы Шартқа қатысушы болып табылатын мүше мемлекеттердің кез келгені басқа осындай үкіметаралық ұйымға мүше мемлекет болып табылса және осы үкіметаралық ұйым дауыс беруге қатысса, бірде-бір мұндай үкіметаралық ұйым дауыс беруге қатыспайды.
(5) [Көпшілік] (а) Ассамблея 22(2) және (3)-баптарды ескере отырып, өзінің шешімдерін берілген дауыстардың үштен екі бөлігін құрайтын көпшілікпен қабылдайды.
(b) Қажетті көпшілікке қол жеткенін немесе жетпегенін анықтау кезінде дауыс беру кезінде нақты берілген дауыстар ғана есепке алынады. Дауыс беру кезінде қалыс қалғандардың дауыстары есепке алынбайды.
(6) [Сессиялар] Ассамблея кезекті сессиясына Бас директордың
шақыруымен және ерекше жағдайлар болмаса, ДЗМҰ Бас Ассамблеясы өтетін
сол кезең ішінде және сол жерде жиналады.
(7) [Рәсім қағидалары] Ассамблея рәсімнің өз қағидаларын, оның ішінде төтенше сессияларды шақыру қағидаларын қабылдайды.
24-бап
Халықаралық бюро
(1) [Әкімшілік функциялар] (а) Халықаралық бюро осы Шартқа қатысты әкімшілік функцияларды жүзеге асырады.
(b) Атап айтқанда, Халықаралық бюро отырыстарды дайындайды және Ассамблея хатшылығының және Ассамблея құра алатын сарапшылар комитеттері мен жұмыс топтарының функцияларын атқарады.
(2) [Ассамблея сессияларынан басқа отырыстар] Бас директор Ассамблея құрған кез келген комитет пен жұмыс тобының отырыстарын шақырады.
(3) [Халықаралық бюроның Ассамблеядағы және басқа отырыстардағы рөлі] (а) Бас директор және Бас директор тағайындаған адамдар Ассамблеяның, Ассамблея құрған комитеттер мен жұмыс топтарының барлық отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатысады.
(b) Бас директор немесе Бас директор тағайындаған штаттағы қызметкер Ассамблеяның, (а) тармақшада аталған комитеттер мен жұмыс топтарының ex-officio хатшысы болып табылады.
(4) [Конференциялар] (а) Халықаралық бюро Ассамблеяның нұсқауларына сәйкес қайта қарау жөніндегі кез келген конференцияға дайындық жұмысын жүзеге асырады.
(b) Халықаралық бюро Ұйымға мүше мемлекеттермен, үкіметаралық және халықаралық және ұлттық үкіметтік емес ұйымдармен аталған дайындық жұмысына қатысты мәселелер жөнінде консультация жүргізе алады.
(c) Бас директор және Бас директор тағайындаған адамдар қайта қарау жөніндегі конференциядағы талқылауларға дауыс беру құқығынсыз қатысады.
(5) [Басқа функциялар] Халықаралық бюро осы Шартқа байланысты оған жүктелген кез келген басқа функцияларды атқарады.
25-бап
Қайта қарау және түзетулерді енгізу
Осы Шарт дипломатиялық конференцияда ғана қайта қаралуы немесе оған түзетулер енгізілуі мүмкін. Кез келген дипломатиялық конференцияны шақыру туралы шешімді Ассамблея қабылдайды.
26-бап
Шартқа қатысу
(1) [Шартқа қатысу құқығы] Халықаралық қатынастардың мынадай субъектілері Шартқа қол қоя алады және (2) және (3)-тармақтарды, сондай-ақ 28(1) және (3)-баптарды ескере отырып, оның тарапы бола алады:
(і) өзінің Ведомствосында тауар таңбалары тіркелуі мүмкін Ұйымға кез келген мүше мемлекет;
(іі) осы үкіметаралық ұйымға мүше барлық мемлекеттер Ұйым мүшелері болып табылған жағдайда, оған кіретін әрбір мүше мемлекетте немесе осындай мақсаттар үшін тиісті өтінімде көрсетілген сол мүше мемлекеттерінде осы үкіметаралық ұйымды құратын шарт қолданылатын аумақта әрекет ететін таңбаларды тіркей алатын Ведомствосы бар кез келген үкіметаралық ұйым;
(ііі) таңбалар Ұйым мүшесі болып табылатын басқа аталған мемлекет Ведомствосы арқылы ғана тіркелуі мүмкін болатын кез келген Ұйымға мүше мемлекет;
(iv) таңбалар осы мемлекет мүшесі болып табылатын үкіметаралық ұйымның Ведомствосы арқылы ғана тіркелуі мүмкін болатын кез келген Ұйымға мүше мемлекет;
(v) таңбалар Ұйымға мүше мемлекеттер тобының ортақ Ведомствосы арқылы ғана тіркелуі мүмкін кез келген Ұйымға мүше мемлекет.
(2) [Ратификациялау немесе қосылу] (1)-тармақта аталған кез келген халықаралық қатынас субъектісі:
(і) ол осы Шартқа қол қойған жағдайда, ратификациялау грамотасын;
(іі) егер ол осы Шартқа қол қоймаған жағдайда, қосылу туралы актіні сақтауға тапсыра алады.
(3) [Сақтауға тапсыру күні] Ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы актіні сақтауға тапсыру күні болып:
(і) (1)(і)-тармақта аталған мемлекет жағдайында - мемлекеттің тиісті құжатын сақтауға тапсыру күні;
(іі) үкіметаралық ұйым жағдайында - үкіметаралық ұйымның тиісті құжаты сақтауға тапсырылған күн;
(ііі) мынадай талаптың орындалған күні: осы мемлекеттің тиісті құжаттары және (1)(ііі)-тармақта аталған мемлекет жағдайында - аталған басқа мемлекеттің тиісті құжаттары сақтауға тапсырылған күн;
(iv) (1)(іv)-тармақта аталған мемлекет жағдайында - жоғарыда аталған (іі) тармақшаға сәйкес қолданылатын күн;
(v) (1)(v)-тармақта аталған мемлекеттер тобына мүше мемлекет жағдайында - топқа барлық мүше мемлекеттердің құжаттары сақтауға тапсырылған күн есептеледі.
27-бап
1994 ж. TLT және осы Шартты қолдану
(1) [Бір мезгілде осы Шартқа және 1994 ж. TLT қатысушы болып табылатын Уағдаласушы тараптардың арасындағы қарым-қатынастар] Бір мезгілде осы Шартқа және 1994 ж. TLT қатысушы болып табылатын Уағдаласушы тараптардың арасындағы қарым-қатынастарда тек осы Шарт қана қолданылады.
(2) [Осы Шартқа қатысушы болып табылатын Уағдаласушы тараптардың және осы Шартқа қатысушы болып табылмайтын TLT 1994 ж. қатысушы Уағдаласушы тараптардың арасындағы қарым-қатынастар] Бір мезгілде осы Шартқа және 1994 ж. TLT қатысушы болып табылатын кез келген Уағдаласушы тарап осы Шартқа қатысушы болып табылмайтын 1994 ж. TLT Уағдаласушы тараптарымен қарым-қатынастарда 1994 ж. TLT қолдануды жалғастырады.
28-бап
Күшіне ену;
Ратификациялар мен қосылулардың күшіне ену күні
(1) [Назарға алынатын құжаттар] Осы Баптың мақсаттары үшін 26(1)-бапта аталған, халықаралық қатынастар субъектілері сақтауға тапсырған және 26(3)-бапқа сәйкес сақтауға тапсыру күні бар, тек ратификациялау грамоталары немесе қосылу туралы актілер ғана назарға алынады.
(2) [Шарттың күшіне енуі] Осы Шарт 26(1)(іі)-бапта аталған он мемлекет немесе үкіметаралық ұйымдар өздерінің ратификациялау грамоталарын немесе қосылу туралы актілерін сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан соң күшіне енеді.
(3) [Осы Шарт күшіне енгеннен кейін ратификациялаулар мен қосылулардың күшіне енуі] (2)-тармақтың ережесі қолданылмайтын кез келген халықаралық қатынастар субъектісіне қатысты осы Шарт ол өзінің ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы актісін сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан соң күшіне енеді.
29-бап
Ескертпелер
(1) [Таңбалардың ерекше санаттары] Кез келген мемлекет немесе үкіметаралық ұйым 2(1) және 2(а)-бабына қарамастан, ол таңбалардың байланыстырылған, қорғалған немесе туынды таңбалар сияқты санаттарына 3(1), 5, 7, 8(5), 11 және 13-баптарының ешқандай ережелерін қолданбайтынын ескертпе арқылы мәлімдей алады. Мұндай ескертпеде жоғарыда аталған ережелердің осындай ескертпеге қатысы барлары көрсетіледі.
(2) [Бірнеше сыныптар үшін тіркеу] Заңнамасы осы Шартты қабылдау күні тауарлардың бірнеше сыныптары үшін жеке тіркеуді және қызметтердің бірнеше сыныптары үшін жеке тіркеуді көздейтін кез келген мемлекет немесе үкіметаралық ұйым 6-баптың ережелері қолданылмайтынын осы Шартқа қосылу сәтінде ескертпе арқылы мәлімдей алады.
(3) [Тіркеуді ұзартуға байланысты мәні бойынша сараптама] Кез келген мемлекет немесе үкіметаралық ұйым 13(4)-бапқа қарамастан, қызметтерге қолданылатын тіркеуді алғаш рет ұзартуға байланысты, осы Шарт күшіне енгенге дейін қызмет көрсету таңбаларын тіркеу мүмкіндігі енгізілген осындай мемлекеттің немесе ұйымның заңнамасы күшіне енгеннен кейін алты ай мерзім ішінде берілген өтінімдер негізінде жүзеге асырылған мұндай сараптама көптеген тіркеулерді жоюмен шектелген жағдайда, Ведомство осындай тіркеуге мәні бойынша сараптама жүргізе алатынын ескертпе арқылы мәлімдей алады.
(4) [Лицензиаттың белгілі бір құқықтары] Кез келген мемлекет немесе үкіметаралық ұйым 19(2)-бапқа қарамастан, осы мемлекеттің немесе үкіметаралық ұйымның заңнамасына сәйкес лицензиатқа құқықтардың бұзылуына байланысты иеленушінің бастамасы бойынша басталған рәсімге қатысуға немесе осындай рәсім арқылы лицензияның нысанасы болып табылатын таңбаға құқықтың осындай бұзылуы нәтижесінде келтірілген шығынды өндіріп алуға кез келген құқықты беру үшін шарт ретінде лицензияны тіркеуді талап ететінін ескертпе арқылы мәлімдей алады.
(5) [Міндетті шарттар] Кез келген ескертпе (1), (2), (3) немесе (4)-тармақтарға сәйкес ратификациялау грамотасына немесе ескертпе жасайтын тиісті мемлекеттің немесе үкіметаралық ұйымның осы Шартқа қосылуы туралы актісіне қоса берілетін өтініште жасалады.
(6) [Ескертпелерді алып тастау] (1), (2), (3) немесе (4)-тармақтарға сәйкес жасалған кез келген ескертпе кез келген уақытта алып тасталуы мүмкін.
(7) [Басқа ескертпелерді жасауға тыйым салу] (1), (2), (3) және (4)-тармақтарда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Шартқа бірде-бір ескертпеге жол берілмейді.
30-бап
Шартты денонсациялау
(1) [Хабарлау] Кез келген Уағдаласушы тарап Бас директорға жолдаған хабарлау арқылы осы Шартты денонсациялай алады.
(2) [Күшіне ену күні] Денонсация Бас директор хабарлауды алған күннен бастап бір жылдан соң күшіне енеді. Денонсация аталған кезең өткен соң денонсациялайтын Уағдаласушы тарап осындай тіркеу ұзартуға жататын күннен бастап осы Шарттың кез келген тіркеуге қолданылуын тоқтата алатын жағдайда, аталған кезең аяқталған күні денонсациялайтын Уағдаласушы тарапқа қатысты осы Шарттың қарауында жатқан кез келген өтінімге немесе тіркелген кез келген таңбаға қолданылуына нұқсан келтірмейді.
31-бап
Шарттың тілі; Қол қою
(1) [Түпнұсқалық мәтіндер. Ресми мәтіндер] (а) Осы Шарттың ағылшын, араб, қытай, француз, орыс және испан тілдеріндегі бір данасына қол қойылады, бұл ретте, барлық мәтіндер толығымен тең түпнұсқалы болады.
(b) (а) тармақшасында аталмаған және Уағдаласушы тараптың ресми тілдерінің бірі болып табылатын тілдегі ресми мәтінді Бас директор аталған Уағдаласушы тараппен және кез келген басқа мүдделі Уағдаласушы тараппен консультациядан кейін әзірлейді.
(2) [Қол қою мерзімі] Осы Шарт оны қабылдағаннан кейінгі бір жыл ішінде Ұйымның штаб-пәтерінде қол қою үшін ашық.
32-бап
Депозитарий
Осы Шарт Бас директорға сақтауға тапсырылады.
Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы
Сингапур шартына нұсқаулық
Қағидалардың тізбесі
1-қағида: Қысқартылған орамдар
2-қағида: Аттары мен мекенжайларын көрсету тәсілі
3-қағида: Өтінімге қатысты нақтылықтар
4-қағида: Өкілдікке және іскерлік хат алмасу мекенжайына қатысты нақтылықтар
5-қағида: Беру күніне қатысты нақтылықтар
6-қағида: Хабарламаларға қатысты нақтылықтар
7-қағида: Өтінімді нөмірсіз сәйкестендіру тәсілі
8-қағида: Тіркеудің қолданылу мерзіміне және оның ұзартылуына қатысты нақтылықтар
9-қағида: Мерзімдер сақталмаған жағдайдағы жеңілдіктер
10-қағида: Лицензияны тіркеу немесе өзгерту немесе лицензияны тіркеудің күшін жою туралы өтінішке қатысты талаптар
1-қағида
Қысқартылған орамдар
(1) [Анықтамалары Нұсқаулықта қамтылған қысқартылған орамдар] Осы Нұсқаулықтың мақсаты үшін, егер өзгеше көрсетілмесе:
(і) «Шарт» Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартын білдіреді;
(іі) «Бап» Шарттың белгілі бір Бабына қатысты;
(ііі) «Ерекше лицензия» бір лицензиатқа ғана берілетін және иеленушінің таңбаны пайдалануын және кез келген басқа тұлғаларға лицензия беру мүмкіндігін болдырмайтын лицензияны білдіреді;
(iv) «жалғыз лицензия» бір лицензиатқа ғана берілетін және кез келген тұлғаға лицензия беру мүмкіндігін болдырмайтын, бірақ иеленушінің таңбаны пайдалану мүмкіндігін жоққа шығармайтын лицензияны білдіреді;
(v) «ерекше емес лицензия» иеленушінің таңбаны пайдалануын немесе кез келген басқа тұлғаға лицензия беру мүмкіндігін жоққа шығармайтын лицензияны білдіреді.
(2) [Анықтамалары Шартта қамтылған қысқартылған орамдар] Шарттың мақсаттары үшін анықтамалары 1-бапта қамтылған қысқартылған орамдар Нұсқаулық мақсаттары үшін де сондай мағынаға ие.
2-қағида
Аттары мен мекенжайларын көрсету тәсілі
(1) [Аттары]
(a) Тұлғаның атын көрсету қажет болған кезде кез келген Уағдаласушы тарап мыналарды:
(і) егер жеке тұлға болса - тегі немесе негізгі тегі және аты немесе қосымша аты немесе сол тұлғаның аттары не оның қалауы бойынша аталған тұлғаның әдетте пайдаланатын аты немесе аттары көрсетілуін;
(іі) егер заңды тұлға болса - осы заңды тұлғаның толық ресми атауы көрсетілуін талап ете алады.
(b) Фирма немесе серіктестік болып табылатын өкілдің атын көрсету қажет болғанда, кез келген Уағдаласушы тарап сол аты ретінде осындай фирма немесе серіктестік әдетте пайдаланатын белгіні таниды.
(2) [Мекенжайлар]
(а) Тұлғаның мекенжайын көрсету қажет болса, кез келген Уағдаласушы тарап мекенжайдың көрсетілген мекенжай бойынша поштамен жылдам жеткізудің дағдылы талаптарын қанағаттандыратындай және қандай да бір жағдайда, егер болса үйдің немесе ғимараттың нөмірін қоса алғанда, әкімшілік бірліктер туралы барлық қажетті мәліметтерді қамтитындай көрсетілуін талап ете алады.
(b) Егер хабарлама Уағдаласушы тараптың Ведомствосына мекенжайлары әртүрлі екі немесе бірнеше тұлғаның атынан жіберілетін болса, Уағдаласушы тарап хабарламада хат алмасу мекенжайы ретінде тек бір ғана мекенжай көрсетілуін талап ете алады.
(с) Мекенжайды көрсету телефон, телефакс нөмірін және электрондық пошта мекенжайын, ал хат алмасу мақсаты үшін, сонымен қатар, (а) тармақшасына сәйкес көрсетілгеннен өзге мекенжайды қамтуы мүмкін.
(d) (а) және (с) тармақшалары тиісті өзгертулер ескеріле отырып, іскерлік хат алмасу мекенжайларына қатысты қолданылады.
(3) [Сәйкестендірудің басқа құралдары] Кез келген Уағдаласушы тарап Ведомствоға жіберілген хабарламада, егер бар болса, өтінім берушіге, иеленушіге, өкілге немесе мүдделі тұлғаға қатысты Ведомствода тіркелген сәйкестендіру нөмірін немесе басқа да құралдарын көрсетуді талап ете алады. Бірде-бір Уағдаласушы тарап, электрондық нысанда берілген өтінімдерді қоспағанда, осы талапты сақтамау негізінде хабарламадан бас тарта алмайды.
(4) [Пайдаланылатын қаріп] Кез келген Уағдаласушы тарап (1)-(3)-тармақтарда аталған кез келген нұсқаудың оның Ведомствосында пайдаланылатын қаріппен орындалуын талап ете алады.
3-қағида
Өтінімге қатысты нақтылықтар
(1) [Стандартты нышандар] Егер өтінімде өтінім беруші таңбаның Уағдаласушы тараптың Ведомствосында қолданылатын стандартты нышандарды пайдалана отырып тіркелуін және жариялануын қалайтыны туралы өтініш қамтылса, Ведомство таңбаны осындай стандартты нышандарды пайдалана отырып тіркейді және жариялайды.
(2) [Түсті талап ететін таңба] Егер өтінімде өтінім беруші таңбаның ажырату бөлігі ретінде түстің қорғалуын сұрауды қалайтыны туралы өтініш болған жағдайда, Ведомство өтінімде сұралатын түстің немесе түстердің атауы немесе коды, сондай-ақ әрбір түске, осындай түсі бар таңбаның негізгі бөліктеріне қатысты нұсқау көрсетілуін талап ете алады.
(3) [Бейнелердің саны]
(а) Егер өтінімде өтінім берушінің таңбаның ажырату бөлігі ретінде түстің қорғалуын сұрауды қалайтыны туралы өтініші болмаған жағдайда, Уағдаласушы тарап:
(і) егер осы Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес өтінімде өтінім беруші таңбаның аталған Уағдаласушы тараптың Ведомствосында қолданылатын стандартты нышандарын пайдалана отырып тіркелуін және жариялануын қалайтыны туралы өтінішті қамти алмаған немесе қамтымаған жағдайда, таңбаның бес ақ-қара бейнесін;
(іі) егер өтінімде өтінім беруші таңбаның осы Уағдаласушы тараптың Ведомствосында қолданылатын стандартты нышандарын пайдалана отырып тіркелуін және жариялануын қалайтыны туралы өтінішті қамтыса, таңбаның бір ақ-қара бейнесін талап ете алады.
(b) Егер өтінімде өтінім беруші таңбаның айырым бөлігі ретінде түстің қорғалуын сұрауды қалайтыны туралы өтінішті қамтыса, Уағдаласушы тарап таңбаның бестен аспайтын ақ-қара және бес түсті бейнесін талап ете алады.
(4) [Көлемді таңба]
(a) Егер өтінімде таңба көлемді болып табылады деген өтініш бар болса, мұндай таңбаның бейнесі екі өлшемді графикалық немесе фотосуреттік бейнеден тұруы тиіс.
(b) Өтінім берушінің таңдауы бойынша (а) тармақшаға сәйкес ұсынылған бейне, таңбаның бір немесе бірнеше түрінен тұруы мүмкін.
(c) Егер Ведомство өтінім берушінің (а) тармақшаға сәйкес ұсынған таңба бейнесі көлемді таңбаның ерекшеліктерін жеткілікті көрсетпейді деп есептесе, ол өтінім берушіге тиісті сұрау салуда белгіленген орынды мерзім ішінде таңбаның алтыға дейінгі әрбір түрін және/немесе оның сөздік сипаттамасын беруді ұсына алады.
(d) Егер Ведомство (с) тармақшада аталған таңбаның әрбір түрлері және/немесе сөздік сипаттамасы көлемді таңбаның ерекшеліктерін әлі де жеткілікті көрсетпейді деп есептесе, ол тиісті сұрау салуда белгіленген орынды мерзім ішінде таңбаның үлгісін беруді ұсына алады.
(e) (3)(а)(і) және (b)-тармақ тиісті өзгерістерді ескере отырып қолданылады.
(5) [Голограммалық таңба, өзгеретін таңба, түрлі түсті таңба, жайғастырылған таңба] Егер өтінім голограммалық таңбаны, өзгеретін таңбаны, түрлі түсті таңбаны немесе жайғастырылған таңбаны тіркеуге өтінішті қамтитын болса, Уағдаласушы тараптың заңнамасында ұйғарылғандай, Уағдаласушы тарап таңбаның бір немесе бірнеше бейнесін және таңбаға жататын нақтылықтарды беруді талап ете алады.
(6) [Бейнеленбеген белгіні білдіретін таңба] Егер өтінім бейнеленбеген белгіні білдіретін таңбаны тіркеу туралы өтінішті қамтитын болса, Уағдаласушы тараптың заңнамасында ұйғарылғандай, Уағдаласушы тарап таңбаның бір немесе бірнеше бейнесін, таңбаның түрін көрсетуді және таңбаға жататын нақтылықтарды беруді талап ете алады.
(7) [Таңбаның транслитерациясы] (1)(а)(хііі)-баптың мақсаттары үшін, егер таңба объектілерден тұратын болса немесе Ведомство пайдаланатын қаріптен өзге қаріппен орындалған объектіні немесе Ведомство пайдаланатын сан есімдерге қарағанда өзге сан есімдермен білдірілетін сандарды қамтитын болса, ондай объектінің Ведомствода пайдаланылатын қаріп пен сан есімдердегі транслитерациясы талап етілуі мүмкін.
(8) [Таңбаның аудармасы] 3(1)(а)(іv)-баптың мақсаты үшін, егер таңба Уағдаласушы тараптың Ведомствосында қабылданған тілден немесе тілдердің бірінен ерекше тілдегі сөзді немесе сөздерді қамтитын болса, осы сөздің немесе осы сөздердің осындай тілге немесе осындай тілдердің біреуіне аудармасы талап етілуі мүмкін.
(9) [Таңбаның нақты пайдаланылатынына дәлелдемелерді ұсыну мерзімдері] 3(3)-бапта аталған мерзім Уағдаласушы тарап Ведомствосының өтінімді қабылдаған күнінен бастап есептегенде кемінде алты айды құрайды. Өтінім беруші немесе иеленуші аталған Уағдаласушы тараптың заңнамасында көзделген шарттарды ескере отырып, бұл мерзімді келесі алты айлық кезеңдерге ұзартуға құқылы, бұл ретте жалпы ұзарту мерзімі ең аз дегенде екі жарым жылды құрауы мүмкін.
4-қағида
Өкілдікке және іскерлік хат алмасу мекенжайына
қатысты нақтылықтар
(1) [Егер өкіл тағайындалған жағдайдағы мекенжай] Егер өкіл тағайындалған болса, Уағдаласушы тарап осындай өкілдің мекенжайын іскерлік хат алмасу мекенжайы ретінде қарауы тиіс.
(2) [Егер өкіл тағайындалмаған жағдайдағы мекенжай] Егер өкіл тағайындалмаған болса және өтінім беруші, иеленуші немесе басқа да мүдделі тұлға өзінің мекенжайы ретінде Уағдаласушы тараптың аумағындағы мекенжайды көздесе, мұндай Уағдаласушы тарап мұндай мекенжайды іскерлік хат алмасу мекенжайы ретінде қарауы тиіс.
(3) [Мерзім] 4(3)(d)-бaптa аталған мерзім, тиісті Уағдаласушы тараптың Ведомствосы осы Бапта аталған хабарламаны алған күннен бастап есептеледі, егер өз атынан хабарлама жасаған адамның мекенжайы осындай Уағдаласушы тараптың аумағында болса, кемінде бір айды құрайды және егер мекенжай мұндай Уағдаласушы тараптың аумағынан тыс болса, кемінде екі айды құрайды.
5-қағида
Беру күніне қатысты нақтылықтар
(1) [Талаптарды орындамаған жағдайдағы рәсім] Егер Ведомство өтінімді алған күні 5(1)(а) немесе (2)(а)-бабының қандай да бір талаптарын қанағаттандырмаса, Ведомство өтінім берушіге тиісті сұрау салуда көрсетілген мерзім ішінде осындай талаптарды орындауды дереу ұсынады, бұл ретте, егер өтінім берушінің мекенжайы тиісті Уағдаласушы тараптың аумағында болса, мерзім сұрау салу жіберілген күннен бастап кемінде бір айды құрайды, және егер өтінім берушінің мекенжайы тиісті Уағдаласушы тараптың аумағынан тыс болса, екі айды құрайды. Сұрау салуда көрсетілген талаптарды орындау арнайы баж төлеуге байланысты. Егер Ведомство аталған сұрау салуды жібермеген жағдайда да аталған талаптар күшінде қалады.
(2) [Түзету жағдайындағы беру күні] Егер өтінім беруші (1)-тармақта аталған сұрау салуда көрсетілген мерзім ішінде онда қамтылған талаптарды орындаса және қажетті арнайы бажды төлесе, 5(1)(а)-бапта аталған барлық қажетті нұсқаулар мен элементтерді Ведомство алған күн және ол қолданылатындай болса, оған талап етілетін 5(2)(а)-бапта аталған талап етілетін баждар төленген күн беру күні болып есептеледі. Ондай болмаған жағдайда өтінім берілмеген болып есептеледі.
6-қағида
Хабарламаларға қатысты нақтылықтар
(1) [Қағаздағы хабарламаларға қойылған қолдарға қоса берілетін нұсқаулар] Кез келген Уағдаласушы тарап жеке тұлға қойған қолға:
(і) осы жеке тұлғаның тегін немесе негізгі тегі мен атын немесе қосымша атын немесе аттарын, не оның қалауы бойынша ол әдетте пайдаланатын атын немесе аттарын әріптік белгімен;
(іі) егер хабарламаны оқығанда мұндай лауазымы анық болмаса, қол қойған адамның лауазымын қоса көрсетуді талап ет алады;
(2) [Қол қойған күн] Кез келген Уағдаласушы тарап қол қоюмен бірге оның қойылған күнін көрсетуді талап ете алады. Егер мұндай нұсқау талап етілсе, бірақ ол ұсынылмаса, қол қойылған күн ретінде қол қойылған хабарламаны Ведомство алған күн немесе, егер Уағдаласушы тарап рұқсат берсе одан ертерек күн қол қойылған күн болып есептеледі.
(3) [Қағаздағы хабарламаға қол қою] Егер Уағдаласушы тараптың Ведомствосына жіберілген хабарлама қағазда ұсынылса және қол қою талап етілсе, бұл Уағдаласушы тарап:
(і) (ііі) тармақшаны ескере отырып, өзі қойған қолды қабылдауы тиіс;
(іі) өзі қойған қолдың орнына баспа-таңба немесе қойылған қолы, мөртабан не штрих-коды бар мөрді және таңбалаулар сияқты қол қоюдың басқа да нысандарын пайдалануға рұқсат бере алады;
(ііі) егер хабарламаға қол қоятын жеке тұлға Уағдаласушы тараптың азаматы болып табылса және мұндай тұлғаның мекенжайы оның аумағында болса немесе егер өзінің атынан хабарламаға қол қойып отырған заңды тұлға оның заңнамасына сәйкес құрылған болса және оның аумағында орналасқан орны, іс жүзінде және жалған емес өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар болса өзі қойған қолдың орнына мөрді пайдалануды талап ете алады.
(4) [Электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып берілген қағаздағы хабарламаға қойылған қол] Уағдаласушы тарап қағаздағы хабарлама электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып берілуін көздесе, осы Уағдаласушы тарап (3)-тармаққа сәйкес қабылдайтын қолдың графикалық бейнесі алу кезінде хабарламада пайда болса, осындай кез келген хабарламаны қол қойылған деп есептейді.
(5) [Электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып берілген хабарламаның түпнұсқасы] Хабарламаны электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып қағазда беруді көздейтін Уағдаласушы тарап осындай кез келген хабарламаның түпнұсқасын:
(і) Ведомствоға осындай неғұрлым ерте тапсыруды сәйкестендіретін хатпен қоса, және
(іі) Ведомство электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып берілген хабарламаны алған күннен бастап кемінде бір айды құрайтын мерзім ішінде ұсынуды талап ете алады.
(6) [Электрондық нысанда берілген хабарламалардың түпнұсқалылығын растау] Хабарламаларды электрондық нысанда беруге рұқсат беретін Уағдаласушы тарап, осындай кез келген хабарламаның түпнұсқалылығы осы Уағдаласушы тарап ұйғарғандай, түпнұсқалылықты электрондық куәландыру жүйесі арқылы куәландырылуын талап ете алады.
(7) [Алу күні] Кез келген Уағдаласушы тарап құжаттарды алу немесе баж төлеу жағдайларын анықтауға құқылы, бұл ретте:
(і) Ведомство бөлімшелерінің бірінде;
(іі) егер Уағдаласушы тарап 26(1)(іі)-бапта көрсетілген үкіметаралық ұйым болып табылса, Уағдаласушы тарап Ведомствосының атынан ұлттық Ведомствода;
(ііі) ресми пошта қызметінде;
(iv) Уағдаласушы тарап көрсеткен жеткізу қызметінде немесе мекемесінде;
(v) Ведомствоның көрсетілген мекенжайларынан өзге мекенжай бойынша құжат алынған немесе төлем жасалған жағдайларда оларды Ведомство алды деп қаралуы тиіс.
(8) [Электрондық нысанда беру] (7)-тармақты ескере отырып, егер Уағдаласушы тарап хабарламаларды электрондық нысанда немесе электрондық байланыс құралдарымен беруді көздейтін болса және хабарлама осылайша берілсе, осы Уағдаласушы тараптың Ведомствосы хабарламаны осындай нысанда немесе осындай құралдармен алған күн хабарламаны алу күні болып қаралады.
7-қағида
Өтінімді нөмірсіз сәйкестендіру тәсілі
(1) [Сәйкестендіру тәсілі] Егер өтінімді нөмірмен сәйкестендіру талап етілсе, бірақ ондай нөмір әлі берілмесе немесе өтінім берушіге немесе оның өкіліне белгісіз болса, ондай өтінім:
(і) өтінімнің Ведомство алдын ала берген нөмірі, немесе
(іі) өтінімнің көшірмесі, немесе
(ііі) өтінім берушінің немесе өкілдің сенімді мәліметтері бойынша өтінімді Ведомство алған күнін көрсетіп таңбаны және өтінімге өтінім беруші немесе оның өкілі берген сәйкестендіру нөмірі табыс етілген жағдайда сәйкестендірілген болып саналады.
(2) [Басқа талаптарға тыйым салу] Бірде-бір Уағдаласушы тарап, егер оның нөмірі әлі берілмеген немесе өтінім берушіге немесе оның өкіліне белгісіз болса, өтінімді сәйкестендіру мақсатында (1)-тармақта аталғандардан ерекше шарттардың орындалуын талап ете алмайды.
8-қағида
Тіркеудің қолданылу мерзіміне және оның ұзартылуына
қатысты нақтылықтар
13(1)(с)-баптың мақсаттары үшін тіркеуді ұзарту туралы өтініш ұсынылуы және тиісті баж төленуі мүмкін болатын мерзім, ұзарту жүзеге асырылуы тиіс күннен кем дегенде алты ай бұрын есептеле бастайды және осы күннен кейін кем дегенде алты ай өткеннен кейін аяқталады. Егер осындай ұзарту жүзеге асырылуы тиіс күннен кейін тіркеуді ұзарту туралы өтініш ұсынылса және/немесе тиісті баж төленсе, кез келген Уағдаласушы тарап қосымша баж төлеуді осындай өтінімді қабылдау шарты ретінде қарастыра алады.
9-қағида
Мерзімдер сақталмаған жағдайдағы жеңілдіктер
(1) [14(2)(і)-бапқа сәйкес мерзімдерді ұзартуға қатысты талаптар] 14(2)(і)-бапқа сәйкес мерзімді ұзартуды көздейтін Уағдаласушы тарап мерзімді ұзартуға өтініш берілген күннен бастап орынды уақыт кезеңіне ұзартуға тиіс және өтініш:
(і) қолдаухат беруші тарапқа нұсқауды, тиісті өтінішті немесе тіркеу нөмірін және сұратылған мерзімді қамтуын және
(іі) сұратылған мерзім өткен күннен бастап кемінде екі айды құрайтын мерзімде берілуін талап ете алады.
(2) [14(2)(іі)-бапқа сәйкес іс жүргізуді жалғастыруға қатысты талаптар] Уағдаласушы тарап 14(2)(іі)-бапқа сәйкес іс жүргізуді жалғастыру туралы өтініш:
(і) қолдаухат берген тарапқа нұсқауды, тиісті өтінішті немесе тіркеу нөмірін және сұратылған мерзімді қамтуын және
(іі) сұратылған мерзім өткен күннен бастап кемінде екі айды құрайтын мерзімде берілуін талап ете алады. Өткеріп алған іс-әрекет дәл сол мерзім ішінде немесе, егер Уағдаласушы тарап оны көздеген болса, өтінішпен бірге аяқталуы тиіс.
(3) [14(2)(ііі)-бапқа сәйкес құқықтарды қалпына келтіруге қатысты талаптар]
(a) Уағдаласушы тарап 14(2)(ііі)-бапқа сәйкес құқықты қалпына келтіру туралы өтініш:
(і) қолдаухат берген тарапқа нұсқауды, тиісті өтінішті немесе тіркеу нөмірін және сұратылған мерзімді қамтуын және
(іі) мерзімдерді сақтамаудың себептерін түсіндіру үшін фактілер мен дәлелдемелерді қамтуын талап ете алады.
(b) Құқықтарды қалпына келтіру туралы өтініш Ведомствоға орынды мерзімде берілуі тиіс, олардың ұзақтығын Уағдаласушы тарап қаралып жатқан мерзімдерді сақтамаудың себептері жойылған күннен бастап белгілейді. Өткеріп алған іс-әрекет дәл сол мерзім ішінде немесе, егер Уағдаласушы тарап оны көздеген болса, өтінішпен бірге аяқталуы тиіс.
(с) Уағдаласушы тарап (а) және (b) тармақшаларға сәйкес талаптардың орындалуы үшін ең ұзақ мерзім ретінде сұратылған мерзім біткен күннен бастап алты айдан кем емес мерзім беруі мүмкін.
(4) [14(3)-бапқа сәйкес ерекшеліктер] 14(3)-бапқа қатысты ерекшеліктер:
(і) жеңілдіктер 14(2)-бапқа сәйкес бұрын берілген;
(іі) 14-бапқа сәйкес жеңілдіктер туралы өтініш беруге;
(ііі) ұзарту үшін баж төлеуге;
(iv) апелляциялық палатада немесе Ведомство аясында құрылған өзге де қайта қарау жөніндегі органда іс-әрекеттерді жасауға;
(v) тараптар арасында істі қарау барысындағы іс-әрекеттерге;
(vi) 3(1)(а)(vіі)-бапқа сәйкес өтінішті немесе 3(1)(а)(vііі)-бапқа сәйкес өтініш беруге;
(vii) Уағдаласушы тараптың заңнамасына сәйкес қаралып жатқан өтінім үшін берудің жаңа күні белгіленуі мүмкін өтінішті беруге және;
(viii) басым талапты түзетуге немесе толықтыруға арналған мерзімдерді сақтамаған жағдайлар болып табылады.
10-қағида
Лицензияны тіркеу немесе өзгерту немесе лицензияны тіркеудің
күшін жою туралы өтінішке қатысты талаптар
(1) [Өтініштің мазмұны]
(а) Уағдаласушы тарап 17(1)-бапқа сәйкес лицензияны тіркеу туралы өтініш мына аталған нұсқаулардың немесе элементтердің кейбіреуін немесе барлығын:
(і) иеленушінің аты мен мекенжайын;
(іі) иеленушінің, егер бар болса өкілдің аты мен мекенжайын;
(ііі) иеленушінің, егер бар болса іскерлік хат алмасуға арналған мекенжайын;
(iv) лицензиаттың аты мен мекенжайын;
(v) лицензиаттың, егер бар болса өкілдің аты мен мекенжайын;
(vi) лицензиаттың, егер бар болса іскерлік хат алмасуға арналған мекенжайын;
(vii) егер лицензиат қандай да бір мемлекеттің азаматы болып табылса, лицензиат азаматы болып табылатын мемлекеттің атауын; бар болса лицензиаттың тұрғылықты жері бар мемлекеттің атауын және бар болса лицензиаттың іс жүзінде және жалған емес өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар мемлекеттің атауын;
(viii) егер иеленуші немесе лицензиат заңды тұлға болып табылса, заңды тұлғаның құқықтық сипаты мен мемлекеттің атауын, ал қажет болса, оның заңнамасына сәйкес аталған заңды тұлға құрылған мемлекеттің құрамындағы аумақтық бірліктің атауын,
(іх) лицензияның нысаны болып табылатын таңбаның тіркеу нөмірін;
(х) Ницца жіктемесінің сыныптары бойынша топтастырылған, оларға қатысты лицензия берілген тауарлардың және/немесе қызметтердің атауларын қамтуын талап ете алады, бұл ретте әрбір топтың алдында осы тауарлар немесе қызметтер тобы жататын осы Жіктеменің сынып нөмірі жүруі тиіс және топтар аталған Жіктеме сыныптарының бірінен соң бірі ретімен ұсынылуы тиіс;
(хі) лицензияның түрін көрсету: ерекше, ерекше емес немесе жалғыз;
(хіі) қажет болған жағдайда, осы аумақтың бөлігін нақты көрсете отырып, лицензияның тіркеу қолданылатын аумақтың бір бөлігінде ғана қолданылатынын көрсету;
(хііі) лицензияны қолдану мерзімін қамтуын талап ете алады.
(b) Уағдаласушы тарап 18(1)-бапқа сәйкес лицензияны өзгерту немесе лицензияны тіркеудің күшін жою туралы өтініш мына нұсқаулардың немесе элементтердің бірнешеуін немесе барлығын:
(і) (а) тармақшаның (і)-(іх) тармақтарында тізбеленген нұсқауларды;
(іі) егер өзгертулер немесе күшін жоюлар (а) тармақшада тізбеленген кез келген нұсқауларға немесе элементтерге қатысты болса, өзгертулердің немесе күшін жоюдың мәні мен көлемін қамтуын талап ете алады.
(2) [Лицензияны тіркеуге арналған қолдау құжаттары]
(а) Уағдаласушы тарап лицензияны тіркеу туралы өтінішке қолдаухат беретін тараптың қарауы бойынша мына құжаттардың біреуі:
(і) тараптарды және лицензияға сәйкес берілген құқықтарды анықтайтын, мемлекеттік нотариус немесе кез келген басқа да құзыретті орган куәландырған лицензиялық шарттың көшірмесін шарттың түпнұсқа көшірмесі ретінде, немесе
(іі) мазмұны Нұсқаулықта көзделген лицензия туралы өтініш бланкісінің мазмұнына сәйкес келетін және иеленуші мен лицензиаттың қолы қойылған лицензия туралы куәландырылмаған өтініштің қоса берілуін талап ете алады.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап лицензиялық шарттың тарабы болып табылмайтын кез келген ортақ иеленуші өзі қол қойған құжатта лицензияға келісім беруін талап ете алады.
(3) [Лицензияны тіркеуді өзгертуге арналған қолдау құжаттары]
(a) Уағдаласушы тарап қолдаухат берген тараптың қалауы бойынша лицензияны тіркеуді өзгерту туралы өтінішке мына құжаттардың біреуі:
(і) лицензияны тіркеу туралы жазбаға өзгеріс талап етуді растайтын құжаттар, немесе
(іі) мазмұны Нұсқаулықта көзделген лицензияны өзгерту туралы өтініш бланкісінің мазмұнына сәйкес келетін және иеленуші мен лицензиаттың қолы қойылған лицензияны өзгерту туралы куәландырылмаған өтініш қоса берілуін талап ете алады.
(b) Кез келген Уағдаласушы тарап лицензиялық шарттың тарабы болып табылмайтын кез келген ортақ иеленуші өзі қол қойған құжатта лицензияға өзгерту енгізуге келісім бергендігін көрсетуін талап ете алады.
(4) [Лицензияны тіркеудің күшін жоюға арналған қолдау құжаттары] Уағдаласушы тарап, қолдаухат берген тараптың қалауы бойынша лицензияны тіркеудің күшін жою туралы өтінішке мына құжаттардың біреуі:
(і) лицензияны тіркеудің күшін жоюды талап етуін растайтын құжаттар немесе
(іі) мазмұны Нұсқаулықта көзделген лицензияның күшін жою туралы өтініш бланкісінің мазмұнына сәйкес келетін және иеленуші мен лицензиаттың қолы қойылған лицензияның күшін жою туралы куәландырылмаған өтініш қоса берілуін талап ете алады.
Дипломатиялық конференцияның Тауар таңбалары жөніндегі заңдар
туралы Сингапур шартына және оған нұсқаулыққа қосымша қарар
1. 2006 жылғы наурызда Сингапурда өткен Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы қайта қаралған шартты қабылдау жөніндегі дипломатиялық конференция, Конференция қабылдаған Шарт (бұдан әрі - Шарт деп аталатын) «Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шарты» деп аталатынына келісті.
2. Дипломатиялық конференция Шартты қабылдау кезінде 1(vііі)-баптағы «Ведомстводағы рәсім» деген сөздер Уағдаласушы тараптардың заңнамасы бойынша сот рәсімдерін қамтымайтынымен келісті.
3. Шарт Уағдаласушы тараптар үшін тауар таңбаларына қатысты тиімді және пәрменді формальды рәсімдерді көздейтін фактісін мойындай отырып, Дипломатиялық конференция 2 және 8-баптар, тиісінше, Уағдаласушы тараптарға:
(і) таңбалардың Нұсқаулықтың 3-қағидасында (4), (5) және (6)-тармақтарында аталатын жаңа түрлерін тіркеуге; немесе
(іі) электрондық өтінім беру жүйесін және басқа да автоматтандыру жүйелерін енгізуге қандай да бір міндеттемелерді жүктемейтініне сүйенеді.
Уағдаласушы тараптар жоғарыда аталатын таңбалардың жаңа түрлерін тіркеу керек пе және қашан көздеу керек екеніне қатысты шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болады.
4. Дипломатиялық конференция Шарт ережелерінің дамыған және неғұрлым аз дамыған елдерде (НАДЕ) орындалуын жеңілдету мақсатында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) және Уағдаласушы тараптарға осы елдердің Шарт ережелерін орындау жөнінде институционалдық мүмкіндіктерді нығайту және осы елдер үшін Шарт ережелерінен артықшылықтарды толық көлемде алуды қамтамасыз ету үшін технологиялық, құқықтық және өзге де қолдауды қамтитын қосымша және барабар техникалық көмек көрсетуді сұрады.
5. Мұндай көмек бенефициар елдердің технологиялық және экономикалық даму деңгейін ескеруі қажет. Технологиялық қолдау осы елдердің ақпараттық және коммуникациялық технологияларының инфрақұрылымын жақсартуға көмектеседі, осылайша Уағдаласушы тараптар арасында технологиялық алшақтықтарды қысқартуға ықпал етеді. Дипломатиялық конференция кейбір елдердің Цифрлық ортадағы ынтымақтастық қорының (ЦЫҚ) маңыздылығы цифрлық ортадағы алшақтықты қысқарту үшін айтарлықтай өзекті деп айтқанын атап өтті.
6. Бұдан басқа, Шарт күшіне енгеннен кейін Уағдаласушы тараптар Шарттың ережелерін орындаудың құқықтық, техникалық және институционалдық қырлары бойынша көпжақты негізде ақпарат және тәжірибе алмасу үшін, сондай-ақ одан туындайтын мүмкіндіктер мен артықшылықтарды неғұрлым толық пайдалануға қатысты күштерін салады.
7. Дипломатиялық конференция НАДЕ-нің айрықша жағдайы мен қажеттіліктерін мойындай отырып, НАДЕ-ге Шартты орындау кезінде айрықша және сараланған режим берілуі тиіс екендігімен келісті, атап айтқанда:
(а) НАДЕ Уағдаласушы тараптар мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) көрсететін техникалық көмектің басты және негізгі бенефициарлары болады;
(b) мұндай техникалық көмек мыналарды:
(і) Шарттың ережелерін орындау үшін құқықтық негіздерді құруға ықпал етуді,
(іі) хабардар етуді, ағартуды және Шартқа қосылу салдарларын түсіндіруді,
(ііі) ұлттық органдардың таңбаларды тіркеу жөніндегі әкімшілік практикасы мен рәсімдерін қайта қарау кезінде көмек көрсетуді,
(iv) Шарттың ережелерін және оған Нұсқаулықты тиімді орындау үшін қажетті білікті кадрларды даярлау кезінде және ЗМ Ведомстволарының ақпараттық-коммуникациялық технологияларын қоса алғанда, жабдықталуына көмектесуді қамтиды.
8. Дипломатиялық конференция Ассамблеядан әрбір кезекті сессияда Шартты іске асыру жөніндегі күш-жігермен байланысты көмек көрсету процесін бақылауды және осындай іске асырудан туындайтын артықшылықтарды бағалауды сұрайды.
9. Дипломатиялық конференция екі немесе бірнеше Уағдаласушы тараптар арасында осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындауы мүмкін кез келген дау достық негізде, Бас директордың аясында кеңестер жүргізу және делдалдық арқылы шешілуі тиіс деп келісті.
2006 жылғы 27 наурызда Сингапурда қабылданған Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартының, Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына нұсқаулықтың және Дипломатиялық конференцияның Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына және оған нұсқаулыққа қосымша қарардың мемлекеттік тілдегі дәлме-дәл көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.
Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігі
Зияткерлік меншік құқығы
комитетінің төрағасы Н. Әбдірахым
2006 жылғы 27 наурызда Сингапурда қабылданған Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартының, Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына нұсқаулығының, Дипломатиялық конференцияның Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына және оған Нұсқаулығына қосымша Қарарының куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екенін растаймын.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрлігі
Халықаралық құқық департаментінің
Басқарма бастығы Д. Есентаев
РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Шарттың, нұсқаулықтың және нұсқаулыққа қосымша қарардың мәтіні ағылшын, араб, қытай, француз және испан тілдерінде берілген.