2011 жылғы 31 қазанда Ханойда жасалған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН ВЬЕТНАМ СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ӨЗАРА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы (бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірлесіп «Тараптар» деп аталатын),
егемендікті, теңдікті өзара құрметтеу және өзара пайда негізінде Тараптар арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмекті нығайтудың ортақ ниетін басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
I ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету саласы
1. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптар бір-біріне азаматтық істер бойынша мынадай өзара құқықтық көмек көрсетеді:
i) өзара құқықтық көмекке қатысты құжаттарды тапсыру;
ii) дәлелдемелерді жинау және беру;
iii) куәні және сарапшыны шақыру;
iv) осы Келісімнің V тарауында көзделгендей, сот қаулыларын, шешімдерін және төрелік шешімдерді тану және орындау;
v) өзара құқықтық көмекке қатысты құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасу;
vi) осы Келісімге сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету туралы басқа да өтініштерді орындау.
2. Егер өзгеше көзделмесе, осы Келісімдегі «азаматтық істер» термині азаматтық, неке және отбасы, іскерлік, коммерциялық және еңбек мәселелерін қамтиды.
3. Егер өзгеше көзделмесе, осы Келісімдегі «құзыретті органдар» термині сотты және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес азаматтық істерді қарау жөніндегі құзыреті бар басқа да органдарды білдіреді.
2-бап
Құқықтық қорғау
1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында жеке және мүліктік құқықтарын сол екінші Тараптың азаматтары сияқты құқықтық қорғау құқығын пайдаланады. Олардың екінші Тараптың азаматтары сияқты шарттарда екінші Тараптың сотына және азаматтық істер бойынша юрисдикциясы бар басқа да құзыретті органдарына жүгінуге құқығы бар.
2. Әрбір Тарап екінші Тараптың азаматтары қатысатын кез келген сот талқылауының дәлелді себептерсіз кешіктірілуіне жол бермейді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері кез келген Тараптың аумағында оның ұлттық заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар мен өзге ұйымдарға да қолданылады.
3-бап
Сот шығындарын төлеуден босату немесе оны азайту және тегін заң көмегі
1. Бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында екінші Тарап өзінің азаматтарына қолданатын шарттарда сот шығындарын төлеуден босатылады немесе оларды азайтуға құқығы бар және тегін заң көмегін пайдаланады.
2. Сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегі аумағында өтініш берушінің тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бар Тараптың құзыретті органы беретін өтініш берушінің табыстары туралы анықтама негізінде өтініш берушінің қаржылық жағдайы ескеріле отырып беріледі.
3. Бір Тараптың азаматтары аумағында тиісті өтініш беруші тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бар Тараптың құзыретті органына осы баптың 2-тармағында көзделген сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегін көрсету туралы өтінішпен жүгіне алады. Аталған құзыретті орган осы баптың 2-тармағында көзделген табыстары туралы анықтамасы бар өтінішті екінші Тараптың құзыретті органына орталық органдар арқылы береді.
4. Сот шығындарын төлеуден босату немесе оларды азайту және тегін заң көмегін көрсету туралы өтініш бойынша шешім қабылдауға жауапты құзыретті орган өтініш берушіден қосымша ақпарат сұрата алады.
5. Осы Келісімдегі «сот шығындары» соттың орналасқан жеріндегі термині Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес кез келген сот төлемдерін және басқа да мемлекеттік төлемдерді қамтиды.
4-бап
Сот шығындары үшін алдын ала төлем
Әрбір Тараптың азаматтары, заңды тұлғалары және басқа да ұйымдары соттың орналасқан жеріндегі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот шығындары үшін алдын ала төлем төлейді.
5-бап
Байланыс арналары
1. Осы Келісімнің шеңберінде Тараптар тікелей орталық органдар арқылы, оның ішінде құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді жіберу және орындау жөнінде өзара іс-қимыл жасайды.
2. Орталық органдар:
Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі;
Вьетнам Социалистік Республикасы үшін - Вьетнам Социалистік Республикасы Әділет министрлігі.
3. Әрбір Тарап өзінің орталық органының кез келген өзгерісі туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы дереу хабарлайды.
4. Осы Келісім Тараптарға дипломатиялық арналар арқылы өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді жолдауға кедергі келтірмейді.
6-бап
Тілдер
1. Тараптардың орталық органдары арасындағы өзара іс-қимыл жасау тілі ағылшын тілі болып табылады.
2. Осы Келісімге сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке және оған қоса тіркелетін кез келген құжатқа сұрау салынатын Тараптың ресми тілдеріне тиісті түрде куәландырылған аудармасы немесе ағылшын тілінде қоса беріледі.
3. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке және оған қоса берілетін кез келген басқа да құжатқа жауап ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса сұрау салынатын Тараптың ресми тілдерінде жіберіледі.
7-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету бойынша шығыстар
1. Тараптар, мына жағдайларды:
i) бір Тараптың аумағында тұратын және осы Келісімнің 21-бабына сәйкес екінші Тарап шақыртқан куәнің және сарапшының шығыстарын;
ii) сот қаулыларын, шешімдерін және төрелік шешімдерді тану және орындау туралы өтініштерге байланысты шығындарды қоспағанда, бір-біріне өзара құқықтық көмекті тегін көрсетеді.
2. Егер өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау көзделмеген шығыстарды талап етсе, Тараптар осы өтінішті орындау шарттарын айқындау мақсатында бір-бірінен консультация алады.
8-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш
1. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш жазбаша ресімделеді және мынадай ақпаратты:
i) өтініштің ресімделген күні мен орнын;
ii) сұрау салушы органның атауын, мекенжайын және телефон мен факс нөмірін, сондай-ақ электрондық пошта мекенжайын (болған жағдайда) қоса алғанда, басқа да байланыс ақпаратын;
iii) сұрау салынатын органның атауын, мекенжайын және басқа да байланыс ақпаратын (болған жағдайда);
iv) тиісті адамдардың толық атын, жынысын, азаматтығын, кәсібінің түрін, туған жерін және мекенжайын немесе олардың өкілдерінің (болған жағдайда) толық атын және мекенжайын; өтінішке қатысы бар мекеменің немесе ұйымның атауын және мекенжайын;
v) өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішке қатысты істің сипаттамасын, өтініштің нысанасын және басқа да ақпаратты;
vi) осы Келісімнің 7-бабында көзделген шығыстарды төлеу бойынша міндеттемені қамтиды.
2. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш және қоса берілетін құжаттар, егер ұлттық заңнамада өзгеше көзделмесе, екі (2) данада болуға және сұрау салушы Тараптың құзыретті органы оған қол қоюға, оны куәландыруға тиіс.
3. Егер сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініште жазылған ақпарат оны орындау үшін жеткіліксіз болып табылады деп санаса, ол қажетті ақпаратты қосымша сұратады.
9-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау
1. Сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.
2. Сұрау салынатын Тарап, сұрау салушы Тараптың арнайы түрде сұрау салған өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішін, егер осындай орындау сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, орындайды.
3. Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш оны алған күннен бастап тоқсан (90) күннің ішінде жедел орындалады. Сұрау салынатын Тарап орындаудың заңды негіздер бойынша кешіктірілетіні туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды.
10-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындаудан
бас тарту немесе кейінге қалдыру
1. Егер сұрау салынатын Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе не сұрау салынатын көмек оның құзыретті органдарының өкілеттіктеріне жатпаса, ол өзара құқықтық көмек көрсетуден бас тарта алады. Сұрау салынатын Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде бас тарту себептері туралы сұрау салушы Тарапты хабардар етеді.
2. Егер сұрау салынатын Тарап өтінішті дереу орындау сұрау салынатын Тараптың аумағындағы ағымдағы тергеуді немесе қылмыстық қудалауды қиындатуы мүмкін деп есептесе, өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау кейінге қалдырылуы мүмкін. Сұрау салынатын Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде сұрау салушы Тарапты кейінге қалдыру себептері туралы хабардар етеді.
11-бап
Құжаттарды, заттарды және валюталарды беру
Осы Келісімнің шеңберінде бір Тараптың аумағынан екінші Тараптың аумағына құжаттарды, заттарды және валюталарды беру беруші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
12-бап
Құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасу
1. Бір Тарап екінші Тараптың өтініші бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге қатысты өзінің нормативтік құқықтық актілері туралы және сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарының тиісті жалпыға бірдей қолжетімді құжаттары туралы ақпарат ұсынады.
2. Құқықтық ақпаратты және материалдарды беру туралы өтініште сұрау салушы органның атауы және осы ақпарат пен материалдарды пайдалану мақсаттары қамтылады.
13-бап
Азаматтық хал туралы құжаттарды беру
1. Сұрау салынатын Тарап азаматының азаматтық халіне қатысты сот қаулыларын немесе шешімдерін не олардан үзінділерді және басқа да қажетті құжаттарды өтініште көрсетілген мақсаттарда ғана пайдалану үшін өтініш негізінде бір Тарап екінші Тарапқа береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарды беру осы Келісімнің 5-бабына сәйкес байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.
14-бап
Заңдастырудан босату
Осы Келісімнің 5-бабы шеңберінде құзыретті органдар әзірлеген немесе растаған және байланыс арналары арқылы берілген құжаттар заңдастыру жөніндегі талаптардан босатылады.
15-бап
Өзара құқықтық көмек көрсету туралы бірнеше өтінішті орындау
1. Бір нысана бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы біреуден артық өтініш алған сұрау салынатын Тарап қай өтінішті орындайтынын дербес шешеді.
2. Орындауға қабылданатын өтініш туралы шешім қабылдаған кезде сұрау салынатын Тарап барлық тиісті мән-жайларды, атап айтқанда:
i) өтінішті алу күнін;
ii) сұрау салынатын өтініштің сипатын;
iii) осы өтінішті орындаудың басқа өтініштерге әсер етуін ескереді.
3. Сұрау салынатын Тарап бір нысанаға қатысты бірнеше өтініштің бар екендігі туралы, сондай-ақ қабылданған шешім туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды.
II ТАРАУ
ҚҰЖАТТАРДЫ ТАПСЫРУ
16-бап
Құжаттарды тапсыру туралы өтініш
1. Осы Келісімге сәйкес бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тараптың құзыретті органдарынан құжаттарды тапсыру бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуді сұрайды.
2. Сұрау салынатын Тарап құжаттарды тапсыру бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындайды.
3. Құжаттарды тапсырғаннан кейін сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапқа тапсыруды растайтын куәлікті немесе басқа да құжаттарды не өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті толық немесе ішінара орындауға кедергі келтіретін себептер туралы хабарламаны жолдайды. Куәліктің немесе басқа да құжаттардың көшірмесі пошта арқылы олардың түпнұсқасы жіберілерден бұрын қалауы бойынша факспен немесе электрондық поштамен жіберілуі мүмкін.
4. Құжаттардың тапсырылғанын растайтын куәлік немесе басқа да құжаттар құжатты алған адамның атын, күнін, тапсыру орны мен тәсілін, қойылған қолын және тапсырған органның мөрін қамтуға тиіс.
17-бап
Өз азаматтарына құжаттарды тапсыру
Бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тараптың аумағында тұрып жатқан өз азаматтарына құжаттарды екінші Тараптың аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер арқылы тапсыра алады. Құжаттарды осылайша тапсыру екінші Тараптың ұлттық заңнамасымен үйлесуге тиіс.
III ТАРАУ
ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ АЛУ ЖӘНЕ БЕРУ
18-бап
Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтініштер
Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтініштер осы Келісімнің 8-бабының ережелеріне қосымша ретінде мынадай мәліметтерді:
i) беру үшін сұрау салынатын дәлелдемелерді;
ii) жауап алынатын адам жауап қайтаруы талап етілетін сұрақтарды және ол қатысатын азаматтық істің сипаттамасын;
iii) тексеріп қарауға жататын құжаттарды немесе заттарды;
iv) дәлелдемелерді жинау кезінде қолданылуға тиіс арнайы шараларды немесе сақталуға тиіс арнайы рәсімдерді қамтуы мүмкін.
19-бап
Дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтінішті орындау
1. Өтініш негізінде Тараптар дәлелдемелерді жинауда және беруде бір-біріне жәрдемдеседі және дәлелдемелерді берумен байланысты қажетті іс жүргізу әрекеттерін орындайды.
2. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тарапты сұрау салынатын дәлелдемелер мен құжаттарды қоса бере отырып, дәлелдемелерді жинау және беру туралы өтінішті орындаудың нәтижелері туралы жазбаша нысанда хабардар етеді не өтінішті толық немесе ішінара орындауға кедергі келтіретін себептер туралы хабардар етеді.
20-бап
Өз азаматтарының айғақтарын жинау
Бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тараптың аумағында тұрып жатқан өз азаматтарының айғақтарын екінші Тараптың аумағында аккредиттелген өздерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері арқылы алуы мүмкін. Дәлелдемелерді осылайша алу екінші Тараптың ұлттық заңнамасымен үйлесуге тиіс.
IV ТАРАУ
КУӘНІ ЖӘНЕ САРАПШЫНЫ ШАҚЫРУ
21-бап
Куәні және сарапшыны шақыру
1. Осы Келісімнің 5-бабында көзделген байланыс арналары арқылы бір Тараптың құзыретті органдары екінші Тараптың азаматы болып табылатын, қатысуы қажетті куәні және/немесе сарапшыны шақыру туралы екінші Тарапқа сұрау салады.
2. Сұрау салынатын Тарапқа шақыру сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақырылатын адам келуге тиіс күнге дейінгі тоқсан (90) күннен кешіктірілмей жіберіледі.
3. Шақыруда куәнің немесе сарапшының өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша, жолына, тамақтануына және тұруына арналған шығыстарды және басқа да ақысы төленетін шығыстарды өтеу бойынша міндеттемелерді, оларды төлеу шарттары мен мерзімін қоса алғанда, куә немесе сарапшы ретінде келу шарттары көрсетіледі.
4. Сұрау салынатын Тарап тиісті адамға шақыруды тапсырады және сұрау салушы Тарапты шақырылып отырған адамның келісімі немесе бас тартуы туралы хабардар етеді.
22-бап
Куәні және сарапшыны қорғау
1. Осы Келісімге сәйкес шақырылатын куә немесе сарапшы сұрау салушы Тараптың аумағынан кеткенге дейін жасаған қылмыстық әрекеттері немесе нанымдары немесе сарапшы немесе куә ретінде берген шынайы айғақтары үшін сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға, тергеуге, жазалауға, ұстауға немесе жеке басының бостандығын басқа да шектеулерге ұшырамайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қорғау куәні немесе сарапшыны оның қатысуы бұдан былай қажет еместігі туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органы жазбаша нысанда ресми хабардар еткен күннен бастап он бес (15) күн өткеннен кейін тоқтатылады. Куә немесе сарапшы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша сұрау салушы Тараптың аумағынан кете алмаған уақыт бұл мерзімге есептелмейді.
3. Шақырушы құзыретті орган осы Келісімнің 21-бабына сәйкес шақырылатын куәге немесе сарапшыға жолына, тамақтануына және тұруына арналған шығыстарын, сондай-ақ жұмыста болмаған кезең үшін жалақысын өтейді және аванс төлейді. Сарапшыға оның сарапшы ретіндегі жұмысына да ақы төленеді.
4. Шақырылатын куә немесе сарапшы сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес шақыруды орындаудан бас тарта алады. Сұрау салынатын Тарап шақыруды қамтамасыз ету үшін мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қолданбайды.
V ТАРАУ
СОТ ҚАУЛЫЛАРЫН, ШЕШІМДЕРІН ЖӘНЕ ТӨРЕЛІК ШЕШІМДЕРДІ ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ
23-бап
Сот қаулысымен шешімін тану
Сұрау салушы Тараптың соты шығарған және сұрау салынатын Тараптың аумағында орындауды талап етпейтін мүліктік емес сипаттағы неке және отбасы мәселелері бойынша заңды күшіне енген қаулылар мен шешімдерді сұрау салынатын Тарап мынадай:
i) сұрау салынатын Тараптың соттары сол бір нысана бойынша заңды күшіне енген қаулы мен шешімді бұдан бұрын қабылдаған;
ii) сұрау салынатын Тараптың соттары осы Келісімге сәйкес немесе осы Келісімде мұндай ереже қамтылмаса, сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сол бір нысана бойынша айрықша юрисдикцияға ие болатын жағдайларды қоспағанда, таниды.
24-бап
Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау
1. Сұрау салынатын Тарап өз аумағында сұрау салушы Тараптың соттары шығарған және заңды күшіне енген мынадай қаулы мен шешімді:
i) осы Келісімде көзделгендей, азаматтық істер бойынша қаулы мен шешімді; немесе
ii) қылмыстық немесе әкімшілік істер бойынша шешімдер бойынша меншікке қатысты шешімді таниды және орындайды.
2. Осы Келісім аумағында оларды тану мен орындау сұралатын Тараптың ұлттық заңнамасында рұқсат етілген мән-жайлар бойынша сот қаулылары мен шешімдерінің танылуына және орындалуына кедергі келтірмейді.
25-бап
Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау шарттары
Осы Келісімнің 24-бабында көзделген сот қаулысы мен шешімі мынадай шарттар сақталған жағдайда:
i) іс сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша сұрау салынатын Тарап соттарының айрықша юрисдикциясына жатпаса;
ii) даудың тараптары немесе олардың заңды өкілдері тиісті түрде шақырылған болса немесе сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жоқ деп жарияланса;
iii) сот қаулысы мен шешімі заңды күшіне енген болса және оларды орындаудың ескіру мерзімдері сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес әлі өте қоймаған болса;
iv) тану және орындау туралы өтінішті берген кезде сұрау салынатын Тарапта сол бір нысана бойынша заңды күшіне енген қаулы мен шешім жоқ болса немесе үшінші мемлекет сотының қаулысы мен шешімін сұрау салынатын Тараптың соты орындау үшін таныған болса не сұрау салынатын Тараптың соты сол бір іс бойынша тіркеген немесе тыңдау тағайындаған болса;
v) сот қаулысын және шешімін тану мен орындау және мұндай шешім мен қаулыны тану мен орындаудың салдары сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына және қоғамдық тәртібіне қайшы келмейтін болса, танылады және орындалады.
26-бап
Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау туралы өтінішхат
1. Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау туралы өтінішхат орталық органдар арқылы мүдделі тұлғаға немесе оның заңды өкіліне немесе сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына тікелей жіберілуге тиіс.
2. Осы Келісімнің 8-бабына қосымша сот қаулысы мен шешімін тану және орындау туралы өтінішхатта мынадай құжаттар:
i) заңды күшіне енген сот қаулысы мен шешімінің нотариат растаған немесе тиісінше куәландырылған көшірмесі;
ii) осы қаулы мен шешімнің заңды күшіне енгенін куәландыратын ресми құжаттар және олардың орындалуы туралы ақпарат;
iii) қаулы мен шешімнің тапсырылғанын растайтын құжаттар немесе осындай күші бар басқа да құжаттар;
iv) егер шешім мен қаулының өзінде жауапкердің ресми шақырылғаны анық болмаса, сырттай қаулы мен шешім қабылдаған сотқа жауапкердің шақырылғанын растайтын құжаттар;
v) сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша талап етілетін өзге де құжаттар қамтылуға тиіс.
27-бап
Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау рәсімдері
1. Сот қаулысы мен шешімін тану және орындау рәсімдері сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары орындау үшін танылатын сот қаулысы мен шешімінің мәні мен мазмұнын қайта қарамайды.
3. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органы өзінің орталық органы арқылы сот қаулысы мен шешімін тануды және орындауды кейінге қалдыруды немесе тоқтатуды сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайларда сұрау салынатын Тараптың тиісті құзыретті органы жоғарыда көрсетілген қаулыны немесе шешімді тануды және орындауды кейінге қалдыруға немесе тоқтатуға тиіс.
28-бап
Сот қаулысы мен шешімін танудың және орындаудың салдары
Бір Тарап сотының екінші Тарап сотының орындауы үшін танылған қаулысы мен шешімінің екінші Тарап сотының қаулысы мен шешімі сияқты заңды күші болады.
29-бап
Төрелік шешімдерді тану және орындау
Әрбір Тарап екінші Тараптың аумағында шығарылған төрелік шешімді, 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йоркте жасалған Шетелдік төрелік шешімдерді тану және іске асыру туралы конвенцияға сәйкес немесе Конвенция қолданылмайтын болып табылса, сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес таниды және орындайды.
VI ТАРАУ
БАСҚА ДА ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап
Басқа да халықаралық шарттармен үйлесімдігі
Осы Келісім екі Тарап қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
31-бап
Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан және іске асырудан туындайтын немесе олармен байланысты кез келген келіспеушіліктер Тараптардың орталық органдары арасында достық консультациялар арқылы шешіледі.
32-бап
Консультациялар
1. Тараптар осы Келісімді іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықтың қолданыстағы тетіктері шеңберінде пікір алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Осы Келісімнің іске асырылуын шолу мен бағалауды қажет болғанда Тараптар жүзеге асырады.
33-бап
Ратификациялау және күшіне енуі
1. Осы Келісім Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес ратификациялауға жатады. Осы Келісім Тараптар арасында ратификациялау грамоталарымен алмасқан күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
3. Осы Келісімді кез келген Тарап өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтатады. Мұндай тоқтату хабарламаны алған күннен бастап алты (6) айдан кейін күшіне енеді.
4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылғанға дейін алынған азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы кез келген өтініштер осы Келісімге сәйкес орындалады.
34-бап
Толықтырулар мен өзгерістер
Осы Келісім Тараптардың жазбаша келісімі бойынша толықтырылуы немесе өзгертілуі мүмкін.
Толықтырулар мен өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және ратификациялауға жататын және осы Келісімнің 33-бабында көзделген талаптарға сәйкес күшіне енетін хаттама түрінде ресімделеді.
35-бап
Қорытынды ереже
Осы Келісімде көзделмеген өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындалуы мүмкін.
2011 жылғы 31 қазанда Ханой қаласында орыс, вьетнам және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіру кезінде дау немесе келіспеушілік туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
Осыны куәландыру үшін тиісінше уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
Қазақстан Республикасы Вьетнам Социалистік
үшін Республикасы үшін
2011 жылғы 31 қазанда Ханой қаласында жасалған Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.
Қазақстан Республикасының
Әділет министрлігі
Халықаралық шарттарды
сараптау департаментінің
Директор міндетін атқарушы Д. Бакиров
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің вьетнам және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.