1999 жылғы 28 мамырда Монреальда жасалған Халықаралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіруге арналған конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Халықаралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіруге арналған конвенция
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
Бұдан әрі «Варшава конвенциясы» деп аталатын, 1929 жылғы 12 қазанда Варшавада қол қойылған Халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбір қағидаларды біріздендіруге арналған конвенцияның және оған байланысты басқа да құжаттардың халықаралық жеке әуе құқығын реттеу ісіндегі елеулі үлесін мойындай отырып,
Варшава конвенциясын және оған байланысты құжаттарды жаңғырту және шоғырландыру қажеттігін мойындай отырып,
халықаралық әуе тасымалдары кезінде тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету маңыздылығын және неғұрлым толық өтеу қағидаты негізінде әділ өтемақы қажеттігін мойындай отырып,
1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода жасалған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның қағидаттары мен мақсаттарына сәйкес халықаралық әуе көлігімен тасымалдарды реттей отырып дамытудың және жолаушылардың, багаж бен жүктердің кедергісіз қозғалысының ықтималдығын қайта растай отырып,
мемлекеттердің халықаралық әуе тасымалдарын реттейтін кейбір қағидаларды жаңа конвенция нысанында одан әрі үйлестіру және кодификациялау бойынша ұжымдық іс-қимылдары мүдделердің әділ тепе-теңдігіне қол жеткізудің неғұрлым барабар тәсілі болып табылатынына кәміл сене отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
І тарау
Жалпы ережелер
1-бап. Қолданылу аясы
1. Осы Конвенция әуе кемесі арқылы сыйақы үшін жүзеге асырылатын адамдарды, багажды немесе жүкті әртүрлі халықаралық тасымалдау кезінде қолданылады. Ол авиакөлік кәсіпорны әуе кемесі арқылы жүзеге асыратын тегін тасымалдарға да қолданылады.
2. Осы Конвенцияның мағынасында халықаралық тасымал деп тараптардың айқындамасына сәйкес, егер келісілген аялдама басқа мемлекеттің аумағында көзделген болса, егер тіпті бұл мемлекет қатысушы мемлекет болып табылмаса да, жөнелту жері мен межелі орны тасымалдауда үзілістің немесе қайта тиеудің бар-жоғына қарамастан, не екі қатысушы мемлекеттің аумағында не сол бір ғана қатысушы мемлекеттің аумағында орналасқан кездегі әртүрлі тасымал аталады. Осыған ұқсас аялдамасыз, сол бір ғана қатысушы мемлекеттің аумағында орналасқан екі пункт арасындағы тасымал осы Конвенцияның мағынасында халықаралық деп қаралмайды.
3. Тараптар бірнеше жүйелі тасушылар арқылы жүзеге асырылуға тиіс тасымалды бір шарт немесе бірқатар шарт түрінде жасалғанына қарамастан, бір операция ретінде қараса, осы Конвенцияны қолдану тұрғысынан біртұтас тасымалды құратын тасымал деп ұғынылады және ол өзінің халықаралық сипатын бір немесе бірнеше шарт сол бір ғана мемлекеттің аумағында толық орындалуға тиіс болғанына орай жоғалтпайды.
4. Осы Конвенция V тарауда сипатталған тасымалға да онда жазылған шарттар ескеріле отырып қолданылады.
2-бап. Мемлекет жасайтын тасымалдар және пошта
жөнелтілімдерін тасымалдау
1. Осы Конвенция 1-бапта көзделген шарттарға сай келетін жария құқығы бар мемлекет немесе басқа да заңды тұлғалар жасаған тасымалдарға қолданылады.
2. Пошта жөнелтілімдерін тасымалдау кезінде тасымалдаушы тиісті пошта әкімшілігінің алдында ғана тасымалдаушылар мен пошта әкімшіліктері арасындағы қатынастарға қолданылатын қағидаларға сәйкес жауапты болады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілгенді қоспағанда, осы Конвенцияның ережелері пошта жөнелтілімдерін тасымалдауға қолданылмайды.
ІІ тарау
Тараптардың жолаушыларды, багаж бен жүкті тасымалдауға
қатысты құжаттамасы және міндеттері
3-бап. Жолаушылар және багаж
1. Жолаушыларды тасымалдау кезінде мыналарды қамтитын:
а) жөнелту және межелі пункттері көрсетілген;
b) егер жөнелту және межелі пункттері сол бір қатысушы мемлекеттің аумағында болса, ал көзделген бір немесе бірнеше аялдама екінші мемлекеттің аумағында болса, ең болмаса осындай бір аялдама көрсетілген жеке немесе топтық тасымалдау құжаты беріледі.
2. 1-тармақта аталған құжаттың орнына осы тармақта көрсетілген ақпарат жазбасы сақталған кез келген басқа да құралдар пайдаланылуы мүмкін. Егер осындай басқа құралдар пайдаланылса, тасымалдаушы жолаушыға осындай түрде сақталған ақпаратты жазбаша беруді ұсынады.
3. Тасымалдаушы жолаушыға тіркелген багаждың әрбір орнына арналған багаждың сәйкестендірілген биркасын береді.
4. Осы Конвенцияны қолданған жағдайда адам қайтыс болған немесе дене жарақатын алған жағдайда және багаж жойылған, жоғалған немесе жарақат алған кезде және кешіккен кезде тасымалдаушылардың жауапкершілігін регламенттейтіні және оны шектеуі мүмкін екені туралы жолаушыға жазбаша хабарлама тапсырылады.
5. Алдыңғы тармақтардың ережелерін сақтамау тасымалдау шартының болуын немесе жарамдылығын қозғамайды, дегенмен де жауаптылықты шектеуге қатысты қағидаларды қоса алғанда, осы Конвенция қағидаларының күші қолданылатын болады.
4-бап. Жүк
1. Жүкті тасымалдау кезінде авиажүктің жөнелтпе құжаты беріледі.
2. Авиажүктің жөнелтпе құжатының орнына алдағы тасымалдау туралы жазбаны сақтайтын кез келген басқа да құралдар пайдаланылуы мүмкін. Егер осындай басқа да құралдар пайдаланылса, тасымалдаушы жөнелтушінің өтініші бойынша оған жүкті тануға және осындай басқа да құралдармен сақталатын жазбаларда қамтылған ақпаратқа қолжетімділікке мүмкіндік беретін, жүкке арналған түбіртекті береді.
5-бап. Авиажүктің жөнелтпе құжатының немесе жүкке арналған
түбіртектің мазмұны
Авиажүктің жөнелтпе құжаты немесе жүкке арналған түбіртек мыналарды қамтиды:
а) жөнелту және межелі пункттерін көрсету;
b) жөнелту және межелі пункттері сол бір қатысушы мемлекеттің аумағында болса, ал көзделген бір немесе бірнеше аялдама екінші мемлекеттің аумағында болса, ең болмағанда осындай аялдаманың бірін көрсету; және
с) жөнелтім салмағын көрсету.
6-бап. Жүктің сипатына қатысты құжат
Қажет болған жағдайда кеден, полиция және осыған ұқсас мемлекеттік органдар белгілеген рәсімдерге сәйкес жөнелтушіден жүктің сипаты көрсетілген құжатты ұсыну талап етілуі мүмкін. Осы ереже тасымалдаушы үшін одан туындайтын міндеттерді, міндеттемелерді немесе жауаптылықты тудырмайды.
7-бап. Авиажүктің жөнелтпе құжатының сипаттамасы
1. Авиажүктің жөнелтпе құжатын жөнелтуші үш төлнұсқа данада жасайды.
2. Бірінші данасында «тасымалдаушы үшін» деген белгі бар және оған жөнелтуші қол қояды. Екінші данасында «алушы үшін» деген белгі бар және оған жөнелтуші мен тасымалдаушы қол қояды. Үшінші данасына тасымалдаушы қол қояды, ол жүкті қабылдап алғаннан кейін оны жөнелтушіге береді.
3. Тасымалдаушы мен жөнелтушінің қолтаңбалары басып шығарылған немесе штемпельмен қойылған болуы мүмкін.
4. Егер жөнелтушінің өтініші бойынша авиажүктің жөнелтпе құжатын тасымалдаушы жасаса, онда тасымалдаушы кері жағдай дәлелденгенге дейін жөнелтушінің атынан әрекет етуші ретінде қаралады.
8-бап. Бірнеше орынды тасымалдаған кездегі құжаттама
Егер бір орыннан артық болса:
а) жүкті тасымалдаушының жөнелтушіден жеке авиажүктің жөнелтпе құжаттарын жасауды талап етуге құқығы бар;
b) егер 4-баптың 2-тармағында көрсетілген басқа да құралдар пайдаланылса, жөнелтушінің тасымалдаушыдан жүкке арналған жеке түбіртектерді беруді талап етуге құқығы бар.
9-бап. Құжаттамаға қойылатын талаптарды сақтамау
4 - 8-баптардың ережелерін сақтамау тасымалдау шартының болуын немесе жарамдылығын қозғамайды, дегенмен де жауаптылықты шектеуге қатысты қағидаларды қоса алғанда, осы Конвенция қағидаларының күші қолданылатын болады.
10-бап. Құжаттамадағы мәліметтердің дұрыстығына жауаптылық
1. Жөнелтуші өзі немесе оның атынан авиажүктің жөнелтпе құжатынына енгізілген немесе жүкке арналған түбіртекке енгізу үшін тасымалдаушыға өзінің немесе оның атынан немесе 4-баптың 2-тармағында көрсетілген басқа да құралдармен сақталатын жазбаға қосу үшін ұсынылған жүкке қатысты мәліметтер мен өтініштердің дұрыстығына жауапты болады. Жөнелтушінің атынан әрекет ететін тұлға тасымалдаушының агенті болып табылған жағдайда да алдыңғы ереже қолданылады.
2. Жөнелтуші тасымалдаушының алдында жөнелтуші немесе оның атынан берілген мәліметтер мен өтініштердің дұрыс еместігі, дәл еместігі немесе толық еместігі салдарынан тасымалдаушыға немесе тасымалдаушы оның алдында жауапты болатын оған немесе кез келген басқа адамға келтірілген кез келген зиян үшін жауапты болады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерін қоспағанда, тасымалдаушы жөнелтушінің алдында тасымалдаушы немесе оның атынан жүкке арналған түбіртекке немесе 4-баптың 2-тармағында көрсетілген басқа да құралдармен сақталатын жазбаға енгізілген мәліметтер мен өтініштердің дұрыс еместігі, дәл еместігі немесе толық еместігі салдарынан жөнелтушіге немесе жөнелтуші оның алдында жауапты болатын оған немесе басқа кез келген адамға келтірілген кез келген зиян үшін жауапты болады.
11-бап. Құжаттаманың дәлелдемелік күші
1. Авиажүктің жөнелтпе құжаты немесе жүкке арналған түбіртек кері жағдай дәлелденгенге дейін шарттың жасалғанын растайтын, жүкті қабылдаудың және онда көрсетілген тасымалдау шарттарын растайтын болып табылады.
2. Авиажүктің жөнелтпе құжатындағы немесе жүкке арналған түбіртектегі жүктің салмағы, мөлшері және орамы туралы, сондай-ақ орын саны туралы кез келген мәліметтер, кері жағдай дәлелденгенге дейін хабарланған деректерді растайтын болып табылады; жүктің саны, көлемі және жай-күйі туралы деректер тасымалдаушы жөнелтушінің қатысуымен, ол туралы авиажүктің жөнелтпе құжатында немесе жүкке арналған түбіртекте көрсете отырып оған тексеру жүргізіп немесе олар жүктің нақты жай-күйіне қатысты болған жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушыға қарсы дәлел болмайды.
12-бап. Жүкке билік ету құқығы
1. Тасымалдау шартынан туындайтын барлық міндеттемелер орындалған жағдайда, жөнелтушінің жүкті жөнелту немесе межелі әуежайынан алып кету, оны тасымалдау барысында кез келген қону пунктінде ұстап қалу, оны межелі пунктте немесе тасымалдау барысында бастапқыда көрсетілген алушыдан өзге адамға беру туралы нұсқау беруге немесе жүктің жөнелту әуежайына қайтарылуын талап етуге, жүкке билік етуге құқығы бар. Жөнелтуші жүкке билік ету құқығын тасымалдаушыға немесе басқа жөнелтушілерге залал келтіріп, пайдаланбауға тиіс және осы құқықты қолданудан туындайтын барлық шығыстарды өтеуге міндетті.
2. Егер жөнелтушінің өкімін орындау мүмкін болмаса, тасымалдаушы бұл туралы дереу жөнелтушіні хабардар етуге міндетті.
3. Егер тасымалдаушы жөнелтушінің жүкке билік етуге қатысты нұсқауын соңғысына берілген авиажүктің жөнелтпе құжатының немесе жүкке арналған түбіртектің данасын беруді талап етпей орындайтын болса, онда тасымалдаушы, жөнелтушіге кері талап қою құқығын сақтай отырып, осыған байланысты авиажүктің жөнелтпе құжатының немесе жүкке арналған түбіртектің осы данасының заңды иесіне келтірілуі мүмкін кез келген зиян үшін жауаптылықты өзіне алады.
4. Жөнелтушінің құқығы 13-бапқа сәйкес алушының құқығы туындаған кезде тоқтатылады. Алайда, егер алушы жүкті қабылдаудан бас тартса немесе онымен байланысу мүмкін болмаса, жөнелтуші қайтадан өзінің билік ету құқығын иеленеді.
13-бап. Жүкті беру
1. Жөнелтушінің өз құқықтарын 12-бапқа сәйкес жүзеге асырған жағдайларын қоспағанда, алушының жүктің межелі пунктке келген кезінен бастап тиесілі төлемдер төленгеннен кейін және тасымалдау шарттары орындалғаннан кейін тасымалдаушыдан оған жүкті беруді талап етуге құқығы бар.
2. Егер өзгеше ескертілмесе, тасымалдаушы жүктің келуі бойынша алушыға дереу хабарлауға міндетті.
3. Егер тасымалдаушы жүктің жоғалғанын мойындаса немесе егер жүк келуге тиіс күнінен бастап жеті күн мерзім өткен соң келмесе, алушы тасымалдаушыға қатысты тасымалдау шартынан туындайтын құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
14-бап. Жөнелтуші мен алушының құқықтарын жүзеге асыру
Жөнелтуші мен алушының оның өзінің жеке мүддесіне немесе басқаның мүддесіне орай әрекет жасағанына қарамастан, өздеріне 12 және 13-баптарда берілген барлық құқықтарды әрқайсысы тиісінше өз атынан, бірақ тасымалдау шарты жүктейтін міндеттемелерді орындаған жағдайда жүзеге асыруы мүмкін.
15-бап. Жөнелтуші мен алушы арасындағы қатынастар немесе
үшінші тұлғалардың өзара қатынастары
1. 12, 13 және 14-баптар не жөнелтуші мен алушы арасындағы не құқықтары жөнелтушіден не алушыдан туындайтын үшінші тұлғалардың арасындағы қатынастарды қозғамайды.
2. 12, 13 және 14-баптардың ережелерінен ауытқитын кез келген ескертпе авиажүктің жөнелтпе құжатына немесе жүкке арналған түбіртекке енгізілуге тиіс.
16-бап. Кеден, полиция немесе басқа да мемлекеттік
органдардың формалдылықтары
1. Жөнелтуші жүкті алушыға бергенге дейін кеден, полиция немесе басқа да мемлекеттік органдардың формалдылықтарын орындау үшін осындай қажетті мәліметтер мен құжаттарды беруге міндетті. Тасымалдаушының, оның қызметкерлерінің немесе агенттерінің кінәсі бойынша зиян келтірілген жағдайларды қоспағанда, жөнелтуші тасымалдаушының алдында осындай мәліметтердің немесе құжаттардың болмауы, жеткіліксіз болуы немесе дұрыс болмауы нәтижесінде келтірілген кез келген зиян үшін жауап береді.
2. Тасымалдаушы осындай мәліметтерді немесе құжаттарды олардың дәлдігіне немесе толық болуына қатысты тексеруге міндетті болмайды.
ІІІ тарау
Тасымалдаушының жауаптылығы және келтірілген зиян үшін өтемақы дәрежесі
17-бап. Жолаушылардың қайтыс болуы және дене жарақаты.
Багаждың зақымдануы
1. Жолаушы қайтыс болған немесе дене жарақатын алған жағдайда келтірілген зиян үшін, оның қайтыс болуына немесе дене жарақатын алуына себеп болып табылған оқиға әуе кемесінің бортында немесе қону немесе түсіру бойынша кез келген операциялар кезінде орын алған жағдайларда ғана тасымалдаушы жауапты болады.
2. Тіркелген багаждың жойылуы, жоғалуы немесе зақымдануы жағдайында келтірілген зиян үшін жойылуға, жоғалуға немесе зақымдануға себеп болып табылған жағдай әуе кемесінің бортында немесе тіркелген багаж тасымалдаушының күзетінде болған кез келген кезең ішінде орын алған жағдайларда ғана тасымалдаушы жауапты болады. Алайда тасымалдаушы, егер зиян багажға тән ақаудың, сапаның немесе кемістіктің нәтижесі болып табылғандай шамада болса жауапты болмайды. Жеке заттарды қоса алғанда, тіркелмеген багажға қатысты тасымалдаушы, егер зиян оның кінәсінен немесе оның қызметкерлерінің немесе агенттерінің кінәсінен келтірілген болса жауапты болады.
3. Егер тасымалдаушы тіркелген багажды жоғалтқанын мойындаса немесе егер тіркелген багаж келуге тиіс күнінен бастап жиырма бір күн өткен соң келіп түспесе, жолаушыға тасымалдау шартынан туындайтын құқықтарды тасымалдаушыға қатысты жүзеге асыруға рұқсат етіледі.
4. Осы Конвенцияда «багаж» термині, өзгеше көзделмегендіктен, тіркелген багажды да және тіркелмеген багажды да білдіреді.
18-бап. Жүктің зақымдануы
1. Тасымалдаушы жүктің жойылуы, жоғалуы немесе зақымдануы жағдайында келтірілген зиян үшін осындай зиянға себеп болған оқиға әуе тасымалы кезінде орын алған жағдайда ғана жауапты болады.
2. Алайда тасымалдаушы, егер ол жүктің жойылуы, жоғалуы немесе зақымдануы төменде тізбеленген мынадай бір немесе бірнеше мән-жайдың:
а) жүкке тән ақаудың, сапаның немесе кемістіктің;
b) тасымалдаушыдан, оның қызметкерлерінен немесе агенттерінен басқа адамның жүкті дұрыс орамауының;
с) соғыс немесе қарулы қақтығыс актісінің;
d) жүктің әкелінуіне, әкетілуіне немесе транзитіне байланысты мемлекеттік билік органы актісінің нәтижесінде болғандығын дәлелдесе, жауапты болмайды.
3. Осы баптың 1-тармағының мағынасы бойынша әуе тасымалы жүк тасымалдаушының күзетінде болған уақыт кезеңін қамтиды.
4. Әуе тасымалының уақыт кезеңі әуежайдан тыс жүзеге асырылған, ешқандай жер үстіндегі тасымалдауды, теңізде тасымалдауды немесе ішкі су жолымен тасымалдауды қамтымайды. Алайда, егер осындай тасымал жүкті тиеу, беру немесе қайта тиеу мақсатында әуе тасымалы шартын орындау үшін жүзеге асырылса, кез келген зиян кері жағдай дәлелденгенге дейін, әуе тасымалы кезінде орын алған оқиғаның салдары болып есептеледі. Егер тасымалдаушы жөнелтушінің келісімінсіз тараптардың арасындағы келісім бойынша әуеде жүзеге асырылуы ұйғарылған тасымалды толықтай немесе ішінара көліктің қандай да бір басқа түрімен тасымалдауға ауыстырса, көліктің басқа түрімен мұндай тасымалдау әуе тасымалы уақыты кезеңінде жүзеге асырылатын тасымал болып есептеледі.
19-бап. Кешігу
Тасымалдаушы жолаушыларды, багажды немесе жүкті әуе тасымалдауы кезінде кешігу салдарынан келтірілген зиян үшін жауапты болады. Алайда тасымалдаушы кешігу салдарынан келтірілген зиян үшін, егер ол және оның қызметкерлері және агенттері зиянды болдырмау үшін барлық мүмкін болатын ақылға сыйымды қажетті шараларды қолданғанын немесе олардың не оның осындай шараларды қолдануы мүмкін емес болғандығын дәлелдесе, жауапты болмайды.
20-бап. Жауаптылықтан босату
Егер тасымалдаушы зиян келтірілгенін немесе зиянды өтеуді талап етуші тұлғаның немесе оның құқықтары туындайтын тұлғаның ұқыпсыздығы, дұрыс емес әрекеті немесе әрекетсіздігі себепші болғанын дәлелдесе, онда тасымалдаушы өтеуді талап етуші тұлғаның алдында толық немесе ішінара осындай ұқыпсыздық, дұрыс емес әрекет немесе әрекетсіздік зиянды немесе оны келтіруге себепші болғандай шамада жауаптылықтан босатылады. Орнын толтыру туралы талапты қайтыс болуына немесе дене жарақатын алуына байланысты жолаушы емес, өзге тұлға мәлімдесе, тасымалдаушы бұл жолаушының ұқыпсыздығынан, басқа да дұрыс емес әрекетінен немесе әрекетсіздігінен зиян келгенін немесе оның келуіне себепші болғанын дәлелдеген шамада толық немесе ішінара жауаптылықтан босатылады. Осы бап 21-баптың 1-тармағын қоса алғанда, осы Конвенциядағы жауаптылық туралы барлық ережелерге қолданылады.
21-бап. Жолаушылардың қайтыс болуы немесе дене жарақатын
алуы жағдайындағы өтемақы
1. 17-баптың 1-тармағына сәйкес келтірілген және әрбір жолаушыға 100 000 арнайы өзара қарыз беру құқықтарынан аспайтын зиянға қатысты тасымалдаушы өз жауаптылығын алып тастай алмайды немесе шектей алмайды.
2. Тасымалдаушы 17-баптың 1-тармағына сәйкес келтірілген зиян үшін әрбір жолаушыға 100 000 арнайы өзара қарыз беру құқықтарынан асатын зиян шамасында, егер тасымалдаушы:
а) мұндай зиянның тасымалдаушының немесе оның қызметкерлерінің немесе агенттерінің ұқыпсыздығы немесе басқа да дұрыс емес әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілмегенін; немесе
b) мұндай зиянның тек қана үшінші тараптың ұқыпсыздығы немесе басқа да дұрыс емес әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілгенін дәлелдесе жауапты болмайды.
22-бап. Багаждың және жүктің кешігуіне қатысты
жауаптылықтың шегі
1. Ол туралы 19-бапта айтылған адамдарды тасымалдау кезіндегі кешігу нәтижесінде зиян келтірілген жағдайда тасымалдаушының әрбір жолаушыға қатысты жауаптылығы өзара қарыз беру құқықтары 4150 арнайы сомасымен шектеледі.
2. Багажды тасымалдау кезінде тасымалдаушының жойылу, жоғалту, зақымдану немесе кешігу жағдайындағы жауаптылығы, жолаушы тіркелген багажды тасымалдаушыға өткізу кезінде жеткізілуіне мүдделі екендігі туралы ерекше өтініш беріп, қажет болған жағдайда, қосымша алымды төлеген жағдайларды қоспағанда, әрбір жолаушыға қатысты арнайы өзара қарыз беру құқықтарының 1000 арнайы сомасымен шектеледі. Бұл жағдайда тасымалдаушы жарияланған сомадан аспайтын соманы, егер ол тек осы сома жолаушының жеткізуге іс жүзінде мүдделілігінен артықтығын дәлелдемесе ғана, төлеуге міндетті.
3. Жүкті тасымалдау кезінде тасымалдаушының жойылу, жоғалту, зақымдану немесе кешігу жағдайындағы жауаптылығы, жөнелтуші орынды тасымалдаушыға өткізу кезінде жеткізілуіне мүдделі екендігі туралы ерекше өтініш жасаған және ол қажет болса, қосымша алымды төлеген жағдайларды қоспағанда, бір килограмм үшін өзара қарыз беру құқықтарының 17 арнайы сомасымен шектеледі. Бұл жағдайда тасымалдаушы жарияланған сомадан аспайтын соманы, егер тек осы сома жөнелтушінің жеткізуге шынайы мүдделілігінен асатынын дәлелдемесе, төлеуге міндетті.
4. Жүктің бір бөлігінің немесе оның ішіндегі кез келген заттың жойылуы, жоғалуы, зақымдануы немесе кешігуі жағдайында тасымалдаушының жауаптылық шегін айқындау кезінде тиісті орынның немесе орындардың жалпы салмағы ғана назарға алынады. Алайда жүктің бір бөлігінің немесе оның ішіндегі кез келген заттың жойылуы, жоғалуы, зақымдануы немесе кешігуі бір авиажүктің жөнелтпе құжатына немесе сол бір түбіртекке немесе, егер олар берілмесе, 4-баптың 2-тармағында көрсетілген басқа да құралдармен сақталатын дәл сол бір жазбаға енгізілген басқа орындардың құнына әсер етсе, жауаптылық шегін айқындау кезінде де осындай орынның немесе орындардың жалпы салмағы назарға алынуға тиіс.
5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының жоғарыда аталған ережелері, егер тасымалдаушының, оның қызметкерлері мен агенттерінің қасақана немесе абайламай зиян келтіру ниетімен жасалған әрекетінен немесе әрекетсіздігі нәтижесінде зиянның орын алғаны және осының нәтижесінде қызметкердің немесе агенттің осындай әрекеті немесе әрекетсіздігі өз міндеттері шеңберінде әрекет жасағаны дәлелденген жағдайда, зиян келтірілуі мүмкін екенін біле тұра жасалғаны дәлелденсе қолданылмайды.
6. 21-бапта және осы бапта белгіленген шегі сотқа өзінің заңына сәйкес талапкер көтерген қосымша сот шығындарының немесе сот талқылауы бойынша басқа да шығыстардың, пайыздарды қоса алғанда, барлығын немесе бір бөлігін беруге үкім шығаруына кедергі келтірмейді. Егер зиянның орнын толтыру тәртібімен берілген сома сот шығындары мен сот талқылауына байланысты басқа да шығыстарды алып тастағанда, тасымалдаушының зиян келтірген күнінен бастап алты ай ішінде немесе осы күн неғұрлым кешірек болып табылса, сот ісі басталғанға дейін талапкерге жазбаша түрде ұсынған сомасынан аспаса, жоғарыда аталған ереже қолданылмайды.
23-бап. Валюта бірліктерін аударуы
1. Осы Конвенциядағы арнайы өзара қарыз беру құқықтарында көрсетілген сомалар Халықаралық валюта қорында айқындалғанындай арнайы өзара қарыз беру құқықтарына жататын болып қаралады. Сот талқылауы жағдайында бұл соманы ұлттық валютаға аудару сот шешімі қабылданған күнгі арнайы өзара қарыз беру құқықтарындағы осындай валюталардың құнына сәйкес жүргізіледі. Халықаралық валюта қорының мүшесі болып табылатын қатысушы мемлекеттің арнайы өзара қарыз беру құқықтарындағы ұлттық валютасының құны Халықаралық валюта қоры өзінің жеке операцияларын және есеп айырысуларын қолданатын сот шешімі қабылданатын күнге құнды айқындау әдісіне сәйкес есептеледі. Халықаралық валюта қорының мүшесі болып табылмайтын қатысушы мемлекеттің арнайы өзара қарыз беру құқықтарындағы ұлттық валютасының құны сол қатысушы мемлекет белгілеген әдіс бойынша есептеледі.
2. Дегенмен де, Халықаралық валюта қорының мүшелері болып табылмайтын және заңнамасы осы баптың 1-тармағының ережелерін қолдануға мүмкіндік бермейтін мемлекеттер ратификациялау немесе қосылу кезінде немесе осыдан кейінгі кез келген уақытта 21-бапта жазылған тасымалдаушының жауаптылық шегі бір жолаушыға оның аумағында сот талқылауы кезінде 1 500 000 валюта бірлігі сомасында; 22-баптың 1-тармағына қатысты бір жолаушыға 62 500 валюта бірлігі; 22-баптың 2-тармағына қатысты бір жолаушыға 15 000 валюта бірлігі; және 22-баптың 3-тармағына қатысты бір килограмм үшін 250 валюта бірлігі белгіленетіні жөнінде мәлімдей алады. Мұндай валюта бірлігі тоғыз жүз мыңдық сынамасы бар алтынның алпыс бес жарым миллиграммынан тұрады. Көрсетілген сомалар тиісті ұлттық валютаға дөңгелектенген сандармен аударылуы мүмкін. Мұндай сомаларды ұлттық валютаға аудару тиісті мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1-тармағының соңғы сөйлемінде аталған есептеулер және осы баптың 2-тармағында аталған аударым қатысушы мемлекеттің ұлттық валютасында барынша мүмкін болатын түрде 21 және 22-баптарда көрсетілген дәл осындай нақты сандық көрсеткіштердің құнын, осы баптың 1-тармағының алғашқы үш сөйлемін қолдану нәтижесінде құны қандай болатынын көрсететіндей етіп орындалады. Қатысушы мемлекеттер тиісінше ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе осы Конвенцияға қосылу туралы құжатты сақтауға өткізген кезде, сондай-ақ оларды әрбір өзгерткеннен кейін депозитарийге осы баптың 1-тармағына сәйкес есептеу әдісі туралы немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес аударым нәтижелері туралы хабарлайды.
24-бап. Шегін қайта қарау
1. Осы Конвенцияның 25-бабының ережелеріне нұқсан келтірместен және төменде келтірілген 2-тармақтың ережелерін ескере отырып, 21, 22 және 23-баптарда белгіленген жауаптылық шегін депозитарий әрбір бес жыл сайын қайта қарайды және осындай бірінші қайта қарау бесінші жылдың соңында осы Конвенция өз күшіне енген күннен кейін немесе егер Конвенция қол қою үшін алғашқы рет ашылған күннен бастап бес жыл ішінде өз күшіне енбесе, алдыңғы қайта қаралған уақыттан басталған кезең ішіндегі инфляцияның жиынтық қарқынына сәйкес келетін инфляция коэффициентін пайдалана отырып, ол өз күшіне енгеннен кейінгі бірінші жыл ішінде немесе Конвенция күшіне енген күннен бастап бірінші рет қайта қаралған кезде жүргізіледі. Инфляция коэффициентін айқындау кезінде пайдаланылатын инфляция қарқынының мөлшері валютасы 23-баптың 1-тармағында аталған арнайы өзара қарыз беру құқықтарын құрайтын мемлекеттердегі тұтынушылық бағасы жоғарылайтын немесе төмендейтін индекстерінің орташа өлшенген жылдық мөлшерлемелері негізінде есептеледі.
2. Егер алдыңғы тармақта аталған қайта қарау нәтижесінде инфляция коэффициентінің 10 пайыздан асқаны туралы қорытынды жасалса, онда депозитарий қатысушы мемлекеттерге жауаптылық шегінің өзгергені туралы хабарлайды. Кез келген осындай өзгерту ол туралы қатысушы мемлекеттерге хабарланғаннан кейін алты ай өткен соң күшіне енеді. Егер бұл туралы қатысушы мемлекеттерге хабарланғаннан кейін үш ай ішінде қатысушы мемлекеттердің көпшілігі өздерінің келіспейтіндігі туралы мәлімдесе, өзгерту күшіне енбейді және депозитарий бұл мәселені қатысушы мемлекеттер кеңесінің қарауына береді. Депозитарий кез келген өзгертудің күшіне енуі туралы барлық қатысушы мемлекеттерді дереу хабардар етеді.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, осы баптың 2-тармағында аталған рәсім, бұл туралы өтініш қатысушы мемлекеттердің үштен біріне айтылған және 1-тармақта аталған инфляция коэффициенті, егер қайта қарау әлі жүргізілмесе, алдыңғы қайта қарау әлі жүргізілмесе, алдыңғы қайта қарау күнінен басталған кезең ішінде 30 пайыздан асқан жағдайларда немесе осы Конвенция күшіне енген күннен бастап кез келген уақытта қолданылады. Осы баптың 1-тармағында сипатталған рәсімді пайдалана отырып, кейінгі қайта қараулар осы тармаққа сәйкес қайта қарау күнінен кейінгі бесінші жылдың аяғынан бастап бес жыл сайын жүргізілетін болады.
25-бап. Шегіне қатысты ескертпе
Тасымалдаушы тасымалдау шартына қатысты осы Конвенцияда көзделгеннен барынша жоғары жауаптылық шегі қолданылатынын не ешқандай жауаптылық шегі қолданылмайтынын ескерте алады.
26-бап. Шарт ережелерінің жарамсыздығы
Тасымалдаушыны жауаптылықтан босатуды немесе осы Конвенцияда белгіленген жауаптылық шегінен төмен шегін белгілеуді көздейтін кез келген ескертпе жарамсыз болып табылады және ешқандай салдарды туындатпайды, бірақ осы ескертпенің жарамсыздығы осы Конвенция ережелерінің қолданысына жатқызылуы жалғасатын шарттың жарамсыздығына әкеп соқпайды.
27-бап. Шарт жасасу еркіндігі
Осы Конвенцияда ешнәрсе тасымалдаушының тасымалдау шартын жасасудан бас тартуына, Конвенцияда көзделетін қандай да бір қорғаныс құралдарынан бас тартуына немесе осы Конвенцияның ережелеріне қайшы келмейтін шарттарды белгілеуіне кедергі жасамайды.
28-бап. Алдын ала төлемдер
Жолаушылардың қайтыс болуына немесе жарақат алуына әкеп соққан авиациялық оқиға орын алған жағдайда тасымалдаушы, егер бұл оның ұлттық заңнамасында көзделген болса, жеке тұлғаға немесе өтемақы талап етуге құқылы тұлғаларға олардың кідіріссіз экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін алдын ала төлемдерді дереу төлейді. Мұндай алдын ала төлемдер жауаптылықты мойындауды білдірмейді және шығындардың орнын толтыру бөлігінде тасымалдаушының кейінгі төлемдерінің есебіне жазылуы мүмкін.
29-бап. Талап қою негіздері
Жолаушыларды, багаж бен жүкті тасымалдау кезінде жауаптылық туралы талап қою оның негізіне қарамастан, осы Конвенцияның, шарттың, құқық бұзушылықтың негізінде немесе кез келген басқа негізде болсын талап қоюға құқылы адамдар тобын және олардың тиісті құқықтарын анықтау үшін нұқсан келтірмей, осы Конвенцияда көзделген шарттарға және жауаптылықтың осындай шегіне сәйкес қойылуы мүмкін. Кез келген осындай талап қою кезінде айыппұлдар, айыппұлдық санкциялар немесе нақты келтірілген зиянды өтеуге қатысты емес кез келген басқа да төлемдер өндіріліп алуға жатпайды.
30-бап. Қызметшілер, агенттер. Талап қоюдың жалпы сомасы
1. Егер осы Конвенцияда айтылған зиянға байланысты талап қою тасымалдаушының қызметшісіне немесе агентіне қойылған болса, мұндай қызметші немесе агент, егер ол өзінің қызметтік міндеттері шеңберінде әрекет еткенін дәлелдесе, тасымалдаушының өзі осы Конвенцияның негізінде сілтеме жасауға құқығы бар жауаптылық шарттары мен шегіне сілтеме жасауға құқылы болады.
2. Тасымалдаушыдан, оның қызметшілері мен агенттерінен өндіріп алынуы мүмкін жалпы сома бұл жағдайда көрсетілген шегінен асып кетпеуге тиіс.
3. Жүкті тасымалдау жағдайларын қоспағанда, осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы ережелер, егер зиян қызметшінің немесе агенттің зиян келтіру ниетімен немесе абайламай істеген және нәтижесінде зиян келтірілуі мүмкін екенін біле тұра жасаған әрекеттің немесе әрекетсіздіктің нәтижесі болып табылғаны дәлелденсе қолданылмайды.
31-бап. Қарсылықтарды уақтылы енгізу
1. Алушының тіркелген багажды немесе жүкті қарсылықсыз алуы, багаж немесе жүк тиісті жай-күйде және тасымалдау құжатына немесе 3-баптың 2-тармағында және 4-баптың 2-тармағында аталған басқа құралдармен сақталатын жазбаға сәйкес жеткізілгендігінің қайшылығы дәлелденгенге дейін болжам болып табылады.
2. Зиян келтірілген жағдайда жүкті алуға құқылы тұлға тасымалдаушыға зиянды анықтаған кезде дереу және тіркелген багажды алған күнінен бастап жеті күннен және жүкті алған күннен бастап он төрт күннен кешіктірмей қарсылық жолдауға тиіс. Наразылық кешігу жағдайы орын алған кезде багаж немесе жүк оның қарамағына берілген күннен бастап есептегенде жиырма бір күннен кешіктірілмей жасалуға тиіс.
3. Кез келген қарсылық жазбаша түрде жүзеге асырылып және жоғарыда аталған мерзімде табыс етілуге немесе жөнелтілуге тиіс.
4. Жоғарыда аталған мерзімде қарсылық болмаған кезде, тек тасымалдаушының тарапынан алдау жағдайларынан басқа, тасымалдаушыға қарсы ешқандай талап қою қабылданбайды.
32-бап. Жауапты тұлғаның қайтыс болуы
Жауапты тұлға қайтыс болған жағдайда зиянның орнын толтыру туралы талап қою осы Конвенцияның шарттарына сәйкес заңды негізде оның мүлкін білдіруші адамдарға қойылады.
33-бап. Юрисдикция
1. Жауаптылық туралы талап қою талапкердің таңдауы бойынша бір қатысушы мемлекет аумағы шегінде не тасымалдаушының тұрғылықты жері бойынша, оның негізгі коммерциялық кәсіпорны орналасқан жері бойынша немесе сол арқылы шарт жасасқан коммерциялық кәсіпорны бар жері бойынша сотта немесе тасымалдаудың межелі жеріндегі сотта ұсынылуы мүмкін.
2. Жолаушының қайтыс болуы немесе дене жарақатын алуы нәтижесінде келтірілген зиянға қатысты жауаптылық туралы талап қою осы баптың 1-тармағында көрсетілген соттардың бірінде немесе оқиға орын алған кезде жолаушының негізгі және тұрақты тұрғылықты жері орналасқан және тасымалдаушы не жеке әуе кемелерімен не коммерциялық келісім негізінде басқа тасымалдаушының әуе кемелерімен жолаушыларға әуе тасымалымен байланысты қызметтер көрсететін және осы тасымалдаушының өзі немесе өзі коммерциялық келісім жасасқан басқа тасымалдаушы жалдайтын немесе өзіне немесе осындай басқа тасымалдаушыға тиесілі үй-жайларды пайдаланып, жолаушылардың әуе тасымалына байланысты қызметін жүзеге асыратын қатысушы мемлекеттің аумағында қозғалуы мүмкін.
3. 2-тармақтың мақсаттары үшін:
а) «коммерциялық келісім» агенттік келісімнен басқа, жолаушылардың әуе тасымалына байланысты бірлескен қызметтерді көрсетуге қатысты тасымалдаушылар арасындағы келісімді білдіреді;
b) «негізгі және тұрақты тұрғылықты жер» оқиға орын алған кездегі жолаушының бір тіркелген және тұрақты тұрғылықты жерін білдіреді. Жолаушының азаматтығы осыған қатысты айқындаушы фактор болып табылмайды.
4. Рәсім талап қойылған соттың заңымен айқындалады.
34-бап. Төрелік
1. Осы баптың ережелерін ескере отырып, тараптар жүкті тасымалдау шартында тасымалдаушының осы Конвенция бойынша жауаптылығына қатысты кез келген дау төрелікпен шешілуге тиіс деп белгілеуі мүмкін. Мұндай уағдаластық жазбаша нысанда ресімделеді.
2. Талапкердің таңдауы бойынша төрелік талқылауы 33-бапта көзделген соттардың құзыретіне сәйкес орындардың бірінде жүргізіледі.
3. Төреші немесе төрелік трибунал осы Конвенцияның ережелерін қолданады.
4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері кез келген төрелік ескертпенің немесе уағдаластықтың құрамдас бөлігі болып есептеледі және осындай ескертпенің немесе уағдаластықтың онымен үйлеспейтін кез келген шарты маңызсыз және жарамсыз болып табылады.
35-бап. Талап қоюдың ескіруі
1. Жауаптылық туралы талап қою, талап қою құқығынан айырылу қаупімен, межелі жерге келген кезден бастап немесе әуе кемесі келуге тиіс болған күннен бастап немесе тасымалдаудың тоқтаған кезінен бастап екі жыл ішінде қозғалуы тиіс.
2. Осы мерзімді есептеу тәртібі талап қою берілген соттың заңымен айқындалады.
36-бап. Жүйелі тасымалдаушылар
1. 1-баптың 3-тармағының анықтамасында реттелетін, бірнеше жүйелі тасымалдаушылар жүргізетін тасымалдау жағдайларында жолаушыларды, багажды немесе жүкті қабылдайтын әрбір тасымалдаушы осы Конвенцияда белгіленген қағидалардың қолданысына жатқызылады және тасымалдау шартында тараптардың бірі ретінде қаралады, себебі бұл шарт соның бақылауымен жасалатын тасымалдау бөлігіне қатысты болады.
2. Осындай тасымалдау кезінде жолаушы немесе оның атынан өтемақы алуға үміткер болуға құқығы бар кез келген адам арнайы шартпен бірінші тасымалдаушы бүкіл жол бойына жауаптылықты алған жағдайды қоспағанда, оқиға немесе кешігу болған сол тасымалдауды жүргізген тасымалдаушыға ғана қарсы іс қозғай алады.
3. Багажға немесе жүкке қатысты жолаушы немесе жөнелтуші бірінші тасымалдаушыға қарсы, алуға құқығы бар жолаушы немесе алушы соңғысына қарсы іс қозғауы мүмкін; екеуі де, бұдан басқа, жойылу, жоғалу, зақымдану немесе кешігу болған тасымалдауды орындаған тасымалдаушыдан өндіріп ала алады. Бұл тасымалдаушылар жөнелтушінің және алушының алдында тең жауаптылықта болады.
37-бап. Үшінші тұлғаларға қарсы регресс құқығы
Осы Конвенция ешбір жағдайда оның ережелеріне сәйкес келтірілген зиян үшін жауапты тұлғаның кез келген басқа тұлғаға қарсы регресс құқығының бар екендігі туралы мәселені алдын ала шешпейді.
IV тарау
Аралас тасымалдар
38-бап. Аралас тасымалдар
1. Ішінара әуемен және ішінара қандай да бір өзге тасымалдау тәсілімен жүзеге асырылатын аралас тасымалдар жағдайында, егер соңғысы 1-баптың шарттарына сай келсе, осы Конвенцияның ережелері 18-баптың 4-тармағын ескере отырып, тек әуе тасымалына қолданылады.
2. Аралас тасымал жағдайында осы Конвенциядағы ешнәрсе тараптарға осы Конвенцияның ережелері әуе бойынша тасымалдауға қатысты қолданылған жағдайда тасымалдаудың өзге тәсілдерімен тасымалдарға қатысты жағдайларды әуе-тасымалдау құжатына қосуға кедергі болмайды.
V тарау
Шарт бойынша тасымалдаушы болып табылмайтын адамдар
жүзеге асыратын әуе тасымалдары
39-бап. Шарт бойынша тасымалдаушы. Нақты тасымалдаушы
Осы тараудың ережелері адам (бұдан әрі «шарт бойынша тасымалдаушы» деп аталатын) негізгі тарап ретінде жолаушымен немесе жөнелтушімен, немесе жолаушы немесе жөнелтуші атынан әрекет ететін адаммен осы Конвенцияда реттелетін тасымалдау шартын жасаған, ал шарт бойынша уәкілетті тасымалдаушы болған басқа адам (бұдан әрі «нақты тасымалдаушы» деп аталатын) барлық тасымалды немесе оның бөлігін жүзеге асыратын, бірақ осы Конвенцияның мағынасында осындай бөлікке қатысты жүйелі тасымалдаушы болып табылмайтын жағдайларда қолданылады. Аталған өкілеттіктің болуы оның қайшылығы дәлелденгенге дейін болады деп болжанады.
40-бап. Шарт бойынша тасымалдаушының және нақты
тасымалдаушының жауаптылығы
Егер осы тарауда өзгеше ескертілмесе, нақты тасымалдаушы 39-бапта көзделген шартқа сәйкес осы Конвенцияда реттелетін толық немесе ішінара тасымалды жүзеге асырған жағдайларда шарт бойынша тасымалдаушы да, нақты тасымалдаушы да, бұл ретте олардың біріншісі - шартта көзделген бүкіл тасымалға қатысты, ал екіншісі - өзі жүзеге асыратын тасымалға ғана қатысты осы Конвенция қағидаларының қолданысына жатқызылады.
41-бап. Жауаптылықтың өзара жатқызылуы
1. Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымалға қатысты өз міндеттері шеңберінде әрекет ететін нақты тасымалдаушының және оның қызметшілері мен агенттерінің әрекеттері немесе әрекетсіздігі шарт бойынша тасымалдаушының да әрекеттері немесе әрекетсіздігі болып есептеледі.
2. Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымалға қатысты өз міндеттері шеңберінде әрекет еткен, шарт бойынша тасымалдаушының және оның қызметшілері мен агенттерінің әрекеттері немесе әрекетсіздігі нақты тасымалдаушының да әрекеттері немесе әрекетсіздігі болып есептеледі. Алайда осы әрекеттер немесе әрекетсіздік ешбір жағдайда 21, 22, 23 және 24-баптарда көзделген шегінен асатын жауаптылықты нақты тасымалдаушыға жүктемейді. Келісімге сәйкес шарт бойынша тасымалдаушы өзіне осы Конвенцияда жүктелмейтін міндеттемелерді қабылдайтын ешбір ерекше келісім, осы Конвенцияда ескертілген қорғану құқықтарынан немесе дәлелдерінен ешбір бас тарту немесе 22-бапта көзделген жеткізуге мүдделілік туралы қандай да бір арнайы өтініштер нақты тасымалдаушыға оның келісімінсіз қолданылмайды.
42-бап. Өкімдер мен қарсылықтардың қолданылуы
Осы Конвенцияның негізінде тасымалдаушыға қойылатын кез келген өкімдер мен қарсылықтардың шарт бойынша тасымалдаушыға немесе нақты тасымалдаушыға қолданылуына қарамастан күші бірдей болады. Алайда 12-бапта көзделген өкімдердің шарт бойынша тасымалдаушыға қолданылған болса ғана күші болады.
43-бап. Қызметшілер және агенттер
Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымалға қатысты сол тасымалдаушының немесе шарт бойынша тасымалдаушының кез келген қызметшісі немесе агенті, егер ол өз міндеттері шеңберінде әрекет еткенін дәлелдесе, осы Конвенция бойынша қызметшісі немесе агенті болып табылатын тасымалдаушыға қатысты жауаптылықтың шарттары мен шегіне сілтеме жасауға құқығы бар, алайда егер оның осылайша әрекет еткені дәлелденбесе, онда осы Конвенцияға сәйкес жауаптылық шегіне сілтеме жасай алмайды.
44-бап. Өтемнің жалпы сомасы
Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымалға қатысты өз міндеттері шеңберінде әрекет еткен осы тасымалдаушыдан, шарт бойынша тасымалдаушыдан және оның қызметшілері мен агенттерінен алынуы мүмкін өтемнің жалпы сомасы осы Конвенцияның негізінде не шарт бойынша тасымалдаушыдан не нақты тасымалдаушыдан өндіріп алынуы мүмкін ең жоғары өтемнен аспайды, бұл ретте жоғарыда аталған адамдардың бірде-бірі осы адамға қолданылатын шектен тыс жауаптылықта болмайды.
45-бап. Талап қоюдың қолданылуы
Нақты тасымалдаушы жүзеге асыратын тасымалға қатысты жауаптылық туралы әрбір талап қою талапкердің таңдауы бойынша осы тасымалдаушыға қарсы, не шарт бойынша тасымалдаушыға қарсы, не екеуіне де қарсы бірігіп немесе жекелей қозғалуы мүмкін. Егер талап қою осы тасымалдаушылардың тек біреуіне қарсы қозғалған болса, онда ол талап қою берілген соттың алдында басқа тасымалдаушыны да іске тартуға құқылы, бұл ретте осындай тарту рәсімі және оның салдары осы соттың заңымен айқындалады.
46-бап. Қосымша юрисдикция
45-бапта көзделген жауаптылық туралы кез келген талап қою талапкердің таңдауы бойынша қатысушы мемлекеттердің бірінің аумағы шегінде немесе 33-баптың негізінде шарт бойынша тасымалдаушыға қарсы талап қою берілуі мүмкін соттардың бірінде не нақты тасымалдаушының тұрғылықты жері бойынша немесе оның негізгі коммерциялық кәсіпорнының орналасқан жері бойынша сотта қозғалуға тиіс.
47-бап. Шарт ережелерінің жарамсыздығы
Шарт бойынша тасымалдаушыны немесе нақты тасымалдаушыны осы тараудың негізінде жауаптылықтан босатуды немесе осы тарауға сәйкес қолданылатын жауаптылықтың шегінен төмен шек белгілеуді көздейтін кез келген ескертпе жарамсыз болып табылады және ешқандай салдарды туындатпайды, бірақ осы ескертпенің жарамсыздығы осы тарау ережелерінің қолданысына жатқызылуы жалғасатын бүкіл шарттың жарамсыздығына әкеп соқпайды.
48-бап. Шарт бойынша тасымалдаушының және нақты
тасымалдаушының өзара қатынастары
45-баптың ережелерін қоспағанда, осы тараудағы ешнәрсе кез келген регресс құқығын немесе жауаптылықтан босатуды қоса алғанда, тасымалдаушылар арасында туындайтын құқықтар мен міндеттерді қозғамайды.
VI тарау
Басқа да ережелер
49-бап. Міндетті қолдану
Тараптар не қолданылуға жататын заңды анықтау арқылы, не юрисдикция туралы қағидаларды өзгерту арқылы осы Конвенцияның қағидаларынан ауытқуы мүмкін, зиян келтірудің алдында болған тасымалдау шартының кез келген ережелері және кез келген ерекше келісімдер жарамсыз болып табылады.
50-бап. Сақтандыру
Қатысушы мемлекеттер өздерінің тасымалдаушылары осы Конвенцияға сәйкес өздерінің жауаптылығын тиісінше сақтандыруды қамтамасыз етуін талап етеді. Тасымалдаушы ұшуды орындайтын қатысушы мемлекет одан осы Конвенция бойынша өзінің жауаптылығын тиісінше сақтандырудың қамтамасыз етілгенін дәлелдеуді талап ете алады.
51-бап. Айрықша мән-жайлар кезінде жүзеге асырылатын тасымалдар
3-5, 7 және 8-баптардың тасымалдау құжаттарына қатысты ережелері әуе көлігін пайдалану бойынша жай операциялар шеңберінен тыс айрықша мән-жайларда жүзеге асырылатын тасымалдарға қолданылмайды.
52-бап. Күндерді айқындау
Осы Конвенцияда күндер туралы сөз болғанда, жұмыс күндері емес, күнтізбелік күндер түсініледі.
VII тарау
Қорытынды ережелер
53-бап. Қол қою, ратификациялау және күшіне ену
1. Осы Конвенция Монреальда 1999 жылғы 10-28 мамыр аралығында өткен Халықаралық Әуе құқығы жөніндегі конференцияға қатысқан мемлекеттердің Монреальда 1999 жылғы 28 мамырда қол қоюы үшін ашық. 1999 жылғы 28 мамырдан кейін Конвенция Монреальдағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Штаб-пәтерінде барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін осы баптың 6-тармағына сәйкес ол күшіне енгенге дейін ашық болады.
2. Осы Конвенция экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдарының қол қоюы үшін де ашық. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін «экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы» белгілі бір өңірдің егеменді мемлекеттері құрған кез келген ұйымды білдіреді, ол осы Конвенцияда реттелетін кейбір мәселелерге қатысты құзыретке ие және осы Конвенцияға қол қоюға және оны ратификациялауға, қабылдауға, бекітуге немесе оған қосылуға тиісті түрде уәкілетті. Осы Конвенциядағы «қатысушы мемлекет» немесе «қатысушы мемлекеттерге» сілтеме 1-баптың 2-тармағында, 3-баптың 1 b) тармағында, 5-баптың b) тармағында, 23, 33, 46-баптарда және 57-баптың b) тармағындағыдан өзгеше экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымына тең мөлшерде қолданылады. 24-баптың мақсаттары үшін «қатысушы мемлекеттердің көпшілігі» және «қатысушы мемлекеттердің үштен біріне» сілтемелер экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымына қолданылмайды.
3. Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер және экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары оны ратификациялауға тиіс.
4. Осы Конвенцияға қол қоймаған кез келген мемлекет немесе экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы оны кез келген уақытта қабылдауы, бекітуі немесе оған қосылуы мүмкін.
5. Ратификациялық грамоталар мен қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар депозитарий болып тағайындалатын Халықаралық азаматтық авиация ұйымына сақтауға тапсырылады.
6. Осы Конвенция отызыншы ратификациялық грамотаны, осындай құжаттарды сақтауға тапсырған мемлекеттер арасындағы қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап алпысыншы күні күшіне енеді. Экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымы сақтауға тапсырған құжат осы тармақтың мақсаттары үшін ескерілмейді.
7. Осы Конвенция басқа мемлекеттер үшін және басқа экономикалық интеграцияның өңірлік ұйымдары үшін ратификациялық грамота, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылған күннен бастап алпысыншы күні күшіне енеді.
8. Депозитарий Конвенцияға қол қойған барлық мемлекеттерді және барлық қатысушы мемлекеттерді:
а) осы Конвенцияға әрбір қол қойылғаны және осындай қол қойылған күн туралы;
b) әрбір ратификациялық грамотаның, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттың сақтауға тапсырылғаны туралы және осындай сақтауға тапсыру күні туралы;
с) осы Конвенцияның күшіне енген күні туралы;
d) осы Конвенцияға сәйкес белгіленген жауаптылық шегінің кез келген өзгерісінің күшіне енген күні туралы;
е) 54-бапқа сәйкес кез келген күшін жою туралы дереу хабардар етеді.
54-бап. Күшін жою
1. Кез келген қатысушы мемлекет депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады.
2. Күшін жою депозитарийдің осындай хабарламаны алған күнінен бастап жүз сексен күннен кейін күшіне енеді.
55-бап. Варшава конвенциясының басқа да құжаттарымен
өзара байланысы
Осы Конвенцияның:
1. Осы Конвенцияның қатысушы мемлекеттері арасында осы мемлекеттердің:
а) 1929 жылғы 12 қазанда Варшавада қол қойылған Халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбір қағидаларды біріздендіру үшін Конвенцияға (бұдан әрі Варшава конвенциясы деп аталады);
b) 1929 жылғы 12 қазанда Варшавада қол қойылған Халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбір қағидаларды біріздендіру үшін Варшава конвенциясын өзгерту туралы Гаагада 1955 жылғы 28 қыркүйекте жасалған Хаттамаға (бұдан әрі Гаага хаттамасы деп аталады);
с) 1961 жылғы 18 қыркүйекте Гвадалахарада қол қойылған Шарт бойынша тасымалдаушы болып табылмайтын тұлға жүзеге асыратын халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбір қағидаларды біріздендіру үшін Варшава конвенциясына қосымша Конвенцияға (бұдан әрі Гвадалахара конвенциясы деп аталады);
d) 1929 жылғы 12 қазанда Варшавада қол қойылған және 1971 жылғы 8 наурызда Гватемалада қол қойылған Гаага хаттамасымен өзгертілген 1955 жылғы 28 қыркүйекте Гаагада жасалған хаттамамен өзгертілген Халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбір қағидаларды біріздендіру үшін Конвенцияны өзгерту туралы хаттамаға (бұдан әрі Гватемала хаттамасы деп аталады);
е) Гаага хаттамасымен өзгертілген Варшава конвенциясын өзгерту туралы немесе 1975 жылғы 25 қыркүйекте Монреальда қол қойылған, Гаага және Гватемала хаттамаларымен өзгертілген Варшава конвенциясы туралы № 1-3 қосымша хаттамаларға және № 4 Монреаль хаттамасына (бұдан әрі Монреаль хаттамалары деп аталады); немесе
2. осы Конвенцияның кез келген жекелеген қатысушы мемлекеттің аумағы шегінде осы мемлекеттің жоғарыда а) - е) тармақшаларда аталған бір немесе бірнеше құжаттарда бірлесіп қатысуына орай Халықаралық әуе тасымалына қолданылатын кез келген қағидалардан күші басым болады.
56-бап. Біреуден артық құқықтық жүйесі бар мемлекеттер
1. Егер мемлекеттің осы Конвенцияда реттелетін мәселелерге қатысты әртүрлі құқықтық жүйелері қолданылатын екі немесе одан көп аумақтық бірліктері болса, ол қол қою, ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу кезінде осы Конвенция оның барлық аумақтық бірліктеріне немесе олардың тек біріне немесе бірнешеуіне қолданылады деп мәлімдеуі мүмкін және кез келген уақытта басқа өтініш беріп осы өтінішті өзгерте алады.
2. Осындай кез келген өтініш депозитарийге хабарланады және онда Конвенция қолданылатын аумақтық бірліктер айқын көрсетілуге тиіс.
3. Осындай өтініш жасаған қатысушы мемлекетке қатысты:
а) 23-баптағы «ұлттық валютаға» сілтемелер сол мемлекеттің тиісті аумақтық бірлігінің валютасына қатысты ретінде түсініледі; және
b) 28-баптағы «ұлттық заңнамаға» сілтемелер сол мемлекеттің тиісті аумақтық бірлігінің заңнамасына қатысты ретінде түсініледі.
57-бап. Ескертпелер
Қатысушы мемлекет осы Конвенция:
а) тікелей осы қатысушы мемлекет коммерциялық емес мақсатта егеменді мемлекет ретінде өз функциялары мен міндеттерін жүзеге асыруына байланысты орындайтын халықаралық әуе тасымалдарына; және/немесе
b) осы қатысушы мемлекетте тіркелген немесе осы билік орындары немесе олардың атынан толығымен резервке қойылған жалға алған әуе кемелерімен әскери билік үшін жүзеге асырылатын адамдарды, жүкті және багажды тасымалдауға қолданылмайтыны туралы депозитарийді хабардар ету арқылы кез келген уақытта мәлімдей алатынын қоспағанда, осы Конвенцияға ешқандай ескертпелерге жол берілмейді.
Осыны растау үшін төменде қол қойған, тиісті түрде уәкілеттік берілген өкілетті өкілдер осы Конвенцияға қол қойды.
Бір мың тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жылғы мамыр айының 28 күні Монреальда орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей тең түпнұсқалы болып табылады. Осы Конвенция Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы мұрағаттарда сақтауда қалады, ал оның расталған көшірмелерін депозитарий осы Конвенцияның барлық қатысушы мемлекеттеріне, сондай-ақ Варшава Конвенциясының, Гаага хаттамасының, Гвадалахара конвенциясының, Гватемала хаттамасының және Монреаль хаттамаларының барлық қатысушы мемлекеттеріне жібереді.
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Конвенцияның ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріндегі мәтіні берілген.