2014 жылғы 14 қарашада Бухарестте жасалған Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шарт ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
ШАРТ
(2016 жылғы 21 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 1, 13-құжат)
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Румыния
сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласында екі Тарап арасындағы тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
сотталған адамдар үшін жазасын өздерінің қоғамдық ортасында өтеу мүмкіндігін белгілейтін екіжақты шартты жасасу арқылы бұл мақсатқа қол жеткізілуі мүмкін болатынын пайымдай отырып,
сондай-ақ қолданылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелерін ескере отырып,
мыналар туралы уағдаласты:
1-бап
Жалпы ережелер
1. Тараптар осы Шартта баяндалған шарттарда сотталған адамдарды беру саласында барынша ынтымақтастықты өзара жүзеге асыруға міндеттенеді.
2. Тараптардың кез келгенінің аумағында сотталған адам осы Шарттың ережелеріне сәйкес, заңды күшіне енген үкімнің орындалуы үшін екінші Тараптың аумағына берілуі мүмкін. Осы мақсатпен, сотталған адам немесе оның заңды өкілі Үкім шығарушы мемлекетте, сол сияқты Үкімді орындаушы мемлекетте осы Шарттың негізінде беру туралы өзінің ниетін білдіре алады.
3. Беруді Үкім шығарушы мемлекет немесе Үкімді орындаушы мемлекет өз міндеттеріне орай немесе сотталған адамның осыған байланысты білдірген ниетінің нәтижесінде сұрата алады.
2-бап
Анықтамалар
Осы Шарттың мақсатында:
а) «сотталған адам» Тараптардың кез келгенінің аумағында бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, кез келген адамды білдіреді;
b) «үкім» - қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін кез келген түпкілікті сот шешімі;
с) «Үкім шығарушы мемлекет» өзі беруі мүмкін адамға қатысты үкім шығарған Тарапты білдіреді;
d) «Үкімді орындаушы мемлекет» оның аумағына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның орындалуы үшін сотталған адам берілуі мүмкін немесе берілген Тарапты білдіреді;
е) «азамат» Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан азаматын және Румыния үшін - Румыния азаматын немесе Румыния аумағында заңды негіздерде үздіксіз кемінде бес (5) жыл тұрған және онда тұрақты тұрғылықты тұру құқығын сақтаған адамды білдіреді.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Шарттың мақсатында Тараптар бір-бірімен орталық органдар арқылы тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
2. Мыналар:
Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура;
және Румыния үшін - Әділет министрлігі осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық органдар болып табылады.
3. Тараптардың әрқайсысы көрсетілген орталық органдарды өзгерткен жағдайда бір-біріне мұндай өзгеріс туралы жазбаша түрде хабарлайды.
4-бап
Беру шарттары
1. Сотталған адам осы Шартқа сәйкес, егер мынадай шарттар сақталғанда ғана:
а) адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылғанда;
b) үкім түпкілікті болып табылғанда және орындалуға жататын болғанда;
с) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте кез келген басқа да сот істері бойынша субъект болып табылмағанда;
d) беру туралы сұрау салу берілген кезде жазасын өтеудің қалған мерзімі кемінде бір (1) жыл болғанда берілуі мүмкін. Айрықша жағдайларда, тіптен егер сотталған адам өтеуге тиіс жаза мерзімі осы тармақшада көрсетілгеннен аз болса да, Тараптар беру туралы уағдаласуға құқылы;
е) сотталған адам жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне орай өз келісімін өз бетінше білдіре алмаған жағдайда, сотталған адам немесе оның өкілі беруге келісім бергенде;
f) адам сол үшін сотталған әрекеттер немесе әрекетсіздік екі Тараптың ұлттық заңнамаларына сәйкес қылмысты құрағанда;
g) Үкім шығарушы мемлекет пен Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамды беруге келіскенде берілуі мүмкін.
2. Егер сотталған адам жазасын өтеп болғаннан кейін депортациялауға жататын жағдайда, осы баптың 1-тармағының е) тармақшасында белгіленген келісім талап етілмейді.
3. Осы баптың 1-тармағының е) тармақшасында белгіленген келісім кері қайтарылып алынбайды.
5-бап
Беру жөніндегі шешім
1. Осы Шартқа сәйкес Тараптардың әрқайсысының беруді қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешімі дербес болып табылады.
2. Беруден кез келген бас тарту уәжді болуға тиіс және бас тартудың негіздері екінші Тарапқа хабарлануға тиіс.
3. Беруге сұрау салуға қатысты шешім қабылданған кезде Тараптардың әрқайсысы бұлардан басқа, қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін, ол жасалған кездегі мән-жайларды, әсіресе, егер ол ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалған болса, оңалту және әлеуметтік қалпына келтіру мүмкіндігін, сотталған адамның жасы мен денсаулық жағдайын, оның отбасы жағдайын, жасалған қылмыстан жәбірленушілерге келтірілген залады өтеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын ескереді.
4. Беруден, егер:
а) Үкім шығарушы мемлекет ол егемендікке, қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіруі мүмкін деп ұйғарған; немесе
b) Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша жаза Үкім шығарушы мемлекетте белгіленгеннен қатаң немесе жеңіл; немесе
с) сотталған адам қылмыс жасауымен келтірген залалды өтемеген және үкімге сәйкес орнын толтыруға міндетті болған шығыстарды төлемеген және қылмыстық іске байланысты залалдың төленуіне немесе өтелуіне кепілдік бермеген; немесе
d) адам Үкім шығарушы мемлекет қоғамында үлкен теріс резонанс тудырған ауыр қылмыс үшін сотталған; немесе
е) адамға қатысты Үкім шығарушы мемлекетте ол сотталған дәл сол қылмысы үшін Үкімді орындаушы мемлекетте үкім шығарылған, немесе ол дәл сол қылмыс үшін жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылаудың субъектісі болып табылған жағдайда, бас тартылуы мүмкін.
6-бап
Хабарландыру міндеттемесі және ілеспе құжаттар
1. Өзіне осы Шарт қолданылуы мүмкін кез келген сотталған адамға Үкім шығарушы мемлекет осы Шарттың мазмұны туралы және берудің құқықтық салдары туралы ақпарат беруге тиіс.
2. Егер Үкім шығарушы мемлекет кез келген сотталған адамды беру туралы сұрау салуға принципті түрде келісім берсе, онда ол бұл туралы Үкімді орындаушы мемлекетке хабарлайды және мынадай құжаттар мен ақпараттарды Үкімді орындаушы мемлекетке жібереді:
а) сотталған адамның тегі, аты, туған жылы, айы, күні және жері;
b) жазаның сипаты, оны орындаудың мерзімі және басталу күні;
с) үкім шығаруға әкеп соққан әрекеттердің сипаттамасы;
d) жазаның өтеліп қойған мерзімі, оның ішінде кез келген алдын ала ұстап алу, жазаны өтеу мерзімін қысқарту, қамауда орындайтын жұмыстың ұзақтығы және оның жаза мерзіміне ықпалы немесе үкімнің орындалуымен байланысты кез келген әрекеттер немесе тиісті мән-жайлар туралы мәліметтер;
е) үкімнің және қолданылатын заңнаманың куәландырылған көшірмесі;
f) сотталған адамға қатысты кез келген медициналық және/немесе әлеуметтік есеп қажет болған жағдайда, оның Үкім шығарушы мемлекетте емделуі туралы ақпарат және Үкімді орындаушы мемлекетте кейіннен емделуі үшін ұсынымдар;
g) 4-баптың 1-тармағының е) тармақшасында баяндалған келісімді қамтитын өтініш немесе осы Шарттың 4-бабының 2-тармағы қолданылған жағдайда, өзін беру туралы сотталғанның пікірі.
3. Егер Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет жіберген құжаттарды зерделегеннен кейін принципінде сотталған адамды беру мүмкін деп ұйғарса, онда ол Үкім шығарушы мемлекетке мынадай құжаттар мен ақпараттарды жібереді:
а) сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатынын растау;
b) сол үшін адам сотталған іс-әрекет үшін жауаптылық белгіленетін заңның мәтіні.
4. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет берген ақпараттар мен құжаттар жеткіліксіз деп ұйғарса, онда ол қосымша ақпаратты сұрата алады.
5. Сотталған адамды Үкім шығарушы мемлекеттен Үкімді орындаушы мемлекетке беру Үкім шығарушы мемлекеттің шекара пунктінде айдауылмен жүзеге асырылады. Сотталған адамға тиесілі жеке заттар беру күні Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органдарына қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес беріледі.
6. Сотталған адамға осы бапты қолдануға қатысты Үкім шығарушы мемлекет немесе Үкімді орындаушы мемлекет қабылдаған кез келген шаралар туралы, сондай-ақ оны беруге сұрау салуға қатысты кез келген Тарап қабылдаған кез келген шешім туралы жазбаша түрде хабарланады.
7-бап
Келісім және тексеру
1. Үкім шығарушы мемлекет рәсімдерді осы Шарттың 4-бабы 1-тармағының е) тармақшасына сәйкес беру туралы өзінің келісімін беретін адам мұны өз еркімен және осыдан туындайтын құқықтық салдарды толық сезіне отырып жасайтындай болып жүзеге асырады. Осыны нұсқайтын рәсімдер Үкім шығарушы мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.
2. Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекеттің консулына немесе дипломатиялық адамына өтініштің осы баптың 1-тармағында баяндалған шарттармен берілгендігін тексеруге мүмкіндік береді.
8-бап
Үкім шығарушы мемлекет үшін беру салдары
1. Сотталған адамды Үкімді орындаушы мемлекет органдарының қабылдауы Үкім шығарушы мемлекетте үкімнің орындалуын тоқтатуға мүмкіндік береді.
2. Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуы аяқталды деп есептегенде, Үкім шығарушы мемлекет үкімді одан әрі орындауға құқылы емес.
9-бап
Үкімді орындаушы мемлекет үшін беру салдары
1. Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органдары сот шешімінің негізінде үкімнің орындалуын жалғастырады.
2. Үкімнің орындалуы шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелерін қоса алғанда, жазаны орындау шарттарын белгілеу үшін бірден-бір құзыретті Тарап болып табылатын Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.
3. Жаза сипаты мен ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келмесе, онда ол сот шешімі бойынша оны дәл сол қылмыс үшін өзінің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға немесе шараға ауыстырады. Мұндай жаза немесе шара Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жаза сипатына барынша сәйкес келуге тиіс. Ол Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жазаны өзінің сипаты немесе ұзақтығы бойынша қатаңдатпауға, Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделген максимумнан аспауға тиіс. Бұл туралы Үкім шығарушы мемлекетке хабарланады.
4. Осы Шарттың негізінде берілген сотталған адамды Үкім шығарушы мемлекетте сотталған дәл сол қылмыс үшін Үкімді орындаушы мемлекетте сотқа беруге немесе соттауға болмайды.
10-бап
Кешірім жасау, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету
Тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім жасауды, рақымшылық жасауды немесе жазаны жеңілдетуді жүзеге асырады.
11-бап
Үкімді қайта қарау
Үкім шығарушы мемлекет қана үкімді қайта қарау туралы кез келген өтінішхат бойынша шешім қабылдауға құқылы.
12-бап
Орындаудың тоқтатылуы
Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет қабылдайтын, нәтижесінде үкімді орындау міндеттілігі жойылатын кез келген шешімді немесе шараны сақтайды.
13-бап
Орындалу туралы ақпарат
Үкімді орындаушы мемлекет:
а) үкімнің орындалуы аяқталды деп есептегенде; немесе
b) егер сотталған адам үкім толығымен орындалғанға дейін қашып кеткен жағдайда; немесе
с) егер Үкім шығарушы мемлекет мұндай ақпаратты сұратса, Үкім шығарушы мемлекетке үкімнің орындалуына қатысты ақпаратты ұсынады.
14-бап
Тілдер және шығыстар
1. Сотталған адамды беру жөніндегі кез келген сұрау салудың, құжаттың немесе хат-хабардың ағылшын тіліндегі аудармасы қоса беріледі. Егер өтінішхатты сотталған адам берген жағдайда, онда ол оны өзі білетін тілде жасауы мүмкін.
2. Осы Шартты қолдану жөніндегі шығыстар Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында ғана туындағандарды қоспағанда, Үкімді орындаушы мемлекеттің мойнында болады.
15-бап
Консультациялар
Тараптар жекелеген жағдайларды реттеу туралы және осы Шартты тиімді қолдану мақсатында бір-бірімен консультациялар жүргізе алады. Консультациялар Тараптардың орталық органдары арасында тікелей жүргізіледі.
16-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және оны күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын және осы баптың 1-тармағында көрсетілген ережелерге сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
3. Тараптардың бірі осы Шарттың қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін осы Шарт өзінің қолданылуын тоқтатады.
4. Осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған жағдайда, ол қолданылған кезеңде басталған беру жөніндегі іс-шаралар толығымен орындалғанға дейін күшінде қалады.
5. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін шығарылған үкімдердің орындалуына да қатысты қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.
Бухарестте 2014 жылғы 14 қарашада әрқайсысы қазақ, румын және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
Қазақстан Республикасы үшін Румыния үшін
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Шарттың ағылшын және румын тілдеріндегі мәтіні берілген.