2016 жылғы 21 қаңтарда Давоста жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру
және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер
құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісім
(2016 жылғы 11 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 6, 98-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі ("Дүниежүзілік банк");
"Кейбір халықаралық ұйымдардың жарғылық құжаттарын ратификациялау туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Келісімінің Баптарын (бұдан әрі мәтін бойынша "Келісім Баптары") НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП;
Келісім Баптарының өз күшінде болатынын және қолданыста қалуын және олардың қолданылуы осы Келісіммен ешбір шектелмейтінін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;
Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік банк мүшесі болып табылатындығын және Қазақстан Республикасының орындауы үшін міндетті болып табылатын Дүниежүзілік банк Келісімінің Баптарын ұстанатындығын ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП;
Қазақстандағы офистердің мәртебесін, артықшылықтарын және иммунитеттерін барынша дәл анықтауды және Дүниежүзілік банкке өз мақсаттарына қол жеткізу және Қазақстанда қызметін жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП;
Мына төмендегілер туралы КЕЛІСТІ:
І бап
Дүниежүзілік банктің мақсаттары
Келісім Баптарының 1-бабында белгіленгендей, Дүниежүзілік банктің мақсаттары мыналар болып табылады:
(і) Өнеркәсіптік мақсаттарға, оның ішінде соғыс нәтижесінде бұзылған немесе зардап шеккен экономиканы қалпына келтіруге, бейбіт мұқтаждықтар үшін өндірістік қуаттарды реконверсиялауға капитал салымдарын жүзеге асыруға жәрдемдесу жолымен мүше елдердің аумақтарын реконструкциялауға және дамытуға көмек көрсету, сондай-ақ нашар дамыған елдердің өндірістік қуаттарын және ресурстарын дамытуды ынталандыру.
(іі) Кепілдіктер беру немесе қарыздарға қатысу жолымен жеке шетелдік инвестицияларды, сондай-ақ жеке тұлғалардың басқа да инвестицияларын жүзеге асыруға жәрдемдесу; жеке капитал жеткіліксіз болған жағдайда орынды шарттарда, меншікті капиталдан, сондай-ақ оның басқа ресурстарының есебінен құрылған қорлардан өндірістік мұқтаждықтарға қолайлы шарттарда қаржыландыру беру жолымен жеке инвестицияларды толықтыру.
(ііі) Өнімділіктің, өмір деңгейінің артуына және олардың аумақтарында еңбек жағдайларының жақсаруына ықпал ете отырып, мүше елдердің өндірістік ресурстарын дамыту мақсатында, халықаралық инвестицияларды ынталандыру жолымен халықаралық сауданың перспективалы теңгерімді дамуына жәрдемдесу және төлем баланстарының тепе-теңдігін ұстап тұру.
(іv) Ауқымдарына қарамастан барынша пайдалы және шұғыл жобаларға басымдылықты қамтамасыз ету мақсатында басқа арналар арқылы халықаралық қарыздарға байланысты қарыздарды ұйымдастыру немесе қарыздарға кепілдіктер беру.
(v) Мүше елдердің аумақтарындағы іскерлік белсенділіктің шарттарына халықаралық инвестициялардың әсерін ескере отырып, операцияларды жүзеге асыру, ал соғыстан кейінгі алғашқы жылдары әскери экономикадан бейбіт уақыттағы экономикаға бірқалыпты көшуге жәрдемдесу.
ІІ бап
Анықтамалар
1-бөлім. Осы Келісімде бас әріппен қолданылатын терминдер, түпмәтінде өзгеше болған жағдайларды қоспағанда, осы II Бапта көрсетілетін мағыналарға ие болады.
2-бөлім. Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
(а) "Үкімет" - Қазақстан Республикасының Үкіметі;
(б) "Дүниежүзілік банк" - Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі;
(в) "Офис" - Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасындағы офистері мен үй-жайлары. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банктің Алматы және Астана қалаларында офистері бар.
(г) "Офис басшысы" Тұрақты өкіл мен Өңірлік директорды қоса алғанда, Дүниежүзілік банк офисінің басшысын білдіреді;
(д) "Қызметтік міндеттер" Дүниежүзілік банкті құру туралы құжаттарда көзделген Дүниежүзілік банктің мақсаттарын жүзеге асыру үшін қажетті іс-қимылдарды білдіреді;
(е) "Дүниежүзілік банк қызметкерлері" - Дүниежүзілік банктің персоналға қатысты қағидаларына және қағидаттарына сәйкес жалданған барлық қызметкерлер.
ІІІ бап
Офис
1-бөлім. Дүниежүзілік банктің Қазақстан Республикасында офисі бар. Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасындағы офистерін операциялық және әкімшілік қолдау қызметтерін көрсету үшін жергілікті персоналды қоса алғанда, қызметкерлермен жасақтай алады. Дүниежүзілік банк офисте жұмыс істейтін қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдер бойынша шығыстарды толық көлемде өзіне алады және Дүниежүзілік банк қағидаттарына сәйкес оларды тасымалдау мен орналастыруды ұйымдастыру үшін жауапты болады. Дүниежүзілік банктің офисінде жұмыс істейтін барлық қызметкерлер офис басшысына бағынады.
2-бөлім. Офис үй-жайларына қол сұғылмайды және Дүниежүзілік банктің бақылауында және басқаруында болады. Үкімет Офис басшысы (немесе оның өкілдері) уәкілеттік бермеген адамдардың офистің үй-жайларына кіруін, сондай-ақ олардың тікелей жақын жерде болуына байланысты туындайтын алаңдаушылықты шектеуді қамтамасыз етеді. Үкімет Дүниежүзілік банктің сұрауы бойынша офис үшін ыңғайлы офис үй-жайын іздестіруге жәрдем көрсетеді.
IV бап Дүниежүзілік банктің және оның қызметкерлерінің белгілі бір иммунитеттері
1-бөлім. Дүниежүзілік банк осы Келісімде берілетін артықшылықтардың, иммунитеттердің, жеңілдіктердің және шарттардың теріс пайдалануға ұшырамауын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсайды және осы мақсатта өзі қажетті және орынды деп санайтын қағидалар мен нормативтерді белгілейді. Дүниежүзілік банк қызметкерлері сот төрелігінің тиісінше іске асырылуына жәрдемдесу, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық тәртіпті қорғау туралы нормативтік актілер мен заңдардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметпен тұрақты ынтымақтастықта болады. Барлық жағдайларда Дүниежүзілік банк өз қызметкерлеріне өздерінің құқықтық міндеттемелерін сақтауды ұсынады. Үкімет Теріс пайдалану орын алды деп есептеген жағдайларда, Дүниежүзілік банк және Үкімет мұндай теріс пайдалану орын алғандығын анықтау үшін консультация өткізеді және егер орын алса, мұндай жағдайдың қайталанбауын қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік банк осындай иммунитет сот төрелігінің қалыпты іске асырылуына кедергі жасайды деген пікірде болса және ол Дүниежүзілік банк мүдделеріне қауіп төндірмей кері қайтарылып алынатын болса, ол өзінің иммунитетін кері қайтарып алады.
2-бөлім. Осы Келісімде көзделетін артықшылықтар мен иммунитеттер Дүниежүзілік банк қызметкерлерінің жеке пайдасы үшін мүмкіндіктер беруге арналмаған. Олар тек қана Дүниежүзілік банк өзінің ресми қызметін кез келген уақытта кедергісіз жүзеге асыра алуын және бұл артықшылықтар мен иммунитеттер берілген адамдар толықтай тәуелсіздікке ие болуын қамтамасыз ету үшін беріледі.
3-бөлім. Үкімет Дүниежүзілік банкке және Дүниежүзілік банк қызметкерлеріне, азаматтығына және тұратын жеріне қарамастан, Келісім Баптарында көзделген артықшылықтарға, иммунитеттерге және жеңілдіктерге сәйкес және оларға қосымша ретінде мына артықшылықтар мен иммунитеттерді ұсынады:
(а) Дүниежүзілік банктің мүлкі және активтері, олар қай жерде болса да, атқарушы немесе заң шығарушы билік актілерінің нәтижесінде тінтудің, реквизициялаудың, тәркілеудің, экспроприациялаудың ешқандай нысанына немесе алып қоюдың кез келген басқа нысанына жатпайды;
(б) Дүниежүзілік банктің архивтеріне олар қай жерде болса да, қол сұғылмайды;
(в) Дүниежүзілік банкке, оның активтеріне, меншігіне және кірісіне, сондай-ақ оның қызметіне және транзакцияларына ешқандай салықтар және кедендік баждар салынбайды. Дүниежүзілік банк сондай-ақ қандай да салықтарды немесе баждарды жинау немесе төлеу бойынша кез келген міндеттемелерден босатылған;
(г) Қызметкерлер оларға Дүниежүзілік банк төлейтін жалақыдан және сыйақылардан немесе оларға қатысты немесе салықтар және басқа да міндетті аударымдар төлеуден босатылады (әлеуметтік сақтандыру қорларына және мемлекеттік және/немесе жеке зейнетақы қорларына жарналар сияқты);
(д) Жалдау қағидаларына, қағидаттарына және рәсімдеріне қатыстыны қоса алғанда Дүниежүзілік банктің ішкі ережелері Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік банк қызметкерлерінің еңбек қатынастарына қатысты барлық жағдайларда басым күшке ие болуға тиіс;
(е) Офисте жұмыс істейтін Дүниежүзілік банк қызметкерлері, жұбайларымен және олардың асырауындағы адамдармен бірге елге кіру және шетелдіктерді тіркеу бойынша шектеулерден босатылады;
(ж) Дүниежүзілік банк қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары және олардың асырауындағы адамдар дипломатиялық миссиялар құрамына кіретін тиісті дәрежедегі лауазымды тұлғаларға берілетін валюта айырбасына қатысты артықшылықтарды пайдаланады;
(з) Офисте жұмыс істейтін Дүниежүзілік банк қызметкерлері, жұбайларымен және олардың асырауындағы адамдармен бірге халықаралық дағдарыстар кезінде тиісті дәрежедегі дипломатиялық өкілдер пайдаланатын репатриация бойынша жеңілдіктерді пайдаланады.
(и) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын Дүниежүзілік банк қызметкерлері Қазақстан Республикасында лауазымға бастапқыда орналасқанда өзінің жиһазы мен мүлкін бажсыз кіргізуге құқығы бар; сондай-ақ
(к) Үкімет Дүниежүзілік банктің Офисінде жұмыс істейтін барлық қызметкерлеріне, олар Дүниежүзілік банк қызметкерлері болып табылатындықтарын және олар осы Келісімде көзделген немесе оларға осында сілтеме жасалған артықшылықтарға, иммунитеттерге және жеңілдіктерге құқығы бар екенін растайтын құжат береді. Офисте жұмыс істейтін Дүниежүзілік банк қызметкерлерінің асырауындағы адамдарға (жұбайларын және некеге тұрмаған балаларын қоса алғанда) Қазақстан Республикасы сондай-ақ оларға қолданылатын артықшылықтар мен иммунитеттерді растайтын құжат береді.
V бап Офис басшысы
Үкімет Офис Басшысына (Офис басшысының атынан ол жоқ уақытта әрекет ететін кез келген лауазымды тұлғаны қосқанда), оның жұбайына және Офис басшысының асырауындағы адамдарға Қазақстан Республикасындағы басқа халықаралық ұйымдардың немесе дипломатиялық миссиялардың тұрақты өкілдеріне берілетіннен қолайлығы жағынан кем емес артықшылықтар, иммунитеттер, жеңілдіктер және шарттар ұсынады. Осы ереже Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын Офис басшысына қолданылмайды.
VI бап Коммуникацияларға қатысты артықшылықтар
1-бөлім. Офистің ресми хат-хабарлары және басқа да ресми хабарламалары ешқандай цензураға жатпайды. Офистің шифрді қолдануға, дипломатиялық курьерлер мен вализдер пайдаланатын иммунитеттер мен артықшылықтарды пайдаланатын курьерлер немесе вализдер арқылы хат-хабарды алуға және жіберуге құқығы бар.
2-бөлім. Үкімет Дүниежүзілік банкке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес телекоммуникацияларға қатысты қажетті рұқсаттарды, лицензияларды немесе басқа да рұқсат беру құжаттарын ұсынады.
VII бап Сот процесінен иммунитет
1-бөлім. Дүниежүзілік банк бағалы қағаздарды шығару немесе кепілдендіру жөніндегі өзі өкілеттіліктерін орындау салдарынан не соған байланысты туындайтын жағдайлардан басқа, сот процесінің кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады. Мұндай иммунитет кадр мәселелеріне қатысты сот талқылауынан иммунитеттің кез келген түрін қамтиды. Дүниежүзілік банк пен Дүниежүзілік банк қызметкерінің арасында туындайтын кез келген келіспеушіліктер Дүниежүзілік банктің жалдау қағидаларына, қағидаттарына және рәсімдеріне сәйкес, ол белгілеуі мүмкін келіспеушіліктерді шешудің ішкі тетіктері арқылы шешіледі. Бұл ретте Дүниежүзілік банктің өз қызметкерлеріне қатысты мұндай талқылауларды шешуге айрықша құқығы бар. Мұндай иммунитетті Дүниежүзілік банк кейбір нақты жағдайларда жазбаша түрде тікелей кері қайтарып алуы мүмкін.
2-бөлім. Дүниежүзілік банктің Келісім Баптарының VII бабының 3-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының атынан әрекет ететін немесе талап арыз қозғайтын адам Дүниежүзілік банкке қарсы ешқандай шаралар қабылдамауы тиіс.
VIII бап Қаржылық шарттар
1-бөлім. Қазақстан Республикасының аумағында Дүниежүзілік банк қандай да түрдегі қаржылық бақылаумен, қағидалармен немесе мораториймен шектелмеген болса, өз қызметін қолдау үшін қажетті дәрежеде ақшалай қаражаттарды, алтынды және кез келген түрдегі валютаны ұстай алады және кез келген валютада шоттар жүргізе алады; сондай-ақ өзінің ақшалай қаражаттарын, алтынын немесе валютасын Қазақстан Республикасынан немесе Қазақстан Республикасына немесе оның шегінде еркін аудара алады және кез келген валютаны кез келген басқа валютаға айналдыра алады. Бұдан басқа, Дүниежүзілік банк кез келген айырбасталатын валютаның орнына Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын Қазақстан Республикасындағы өз шығыстарын төлеу үшін Қазақстан Республикасындағы басқа халықаралық ұйымдарға немесе дипломатиялық миссияларға берілетін ресми айырбас бағамынан қолайлығы жағынан кем емес ресми бағам бойынша Банкке кезең-кезеңмен қажетті көлемде сатып ала алады.
2-бөлім. Банк, офистің жергілікті шығыстарын төлеу кезінде жәрдем көрсету мақсатында жергілікті валютада акционерлік капиталдың төленген үлесінде Қазақстан Республикасының қолхатының бір бөлігін пайдалануы мүмкін.
ІХ бап
Импорт және экспорт
Дүниежүзілік банк, оның активтері, кірісі және басқа да меншігі:
(а) Дүниежүзілік банк Қазақстан Республикасының аумағына немесе аумағынан қызметтік пайдалану үшін заттарды әкелу және әкету кезінде импорттық және экспорттық тыйым салулар мен шектеулерден босатылады; алайда, жалпы қағидалардан алып тасталып әкелінген заттар Қазақстан Республикасымен келісілген шарттардан бөлек Қазақстан Республикасының аумағында сатылмайды деп болжанады; сондай-ақ
(б) меншікті басылымдарын әкелу және әкету кезінде импорттық және экспорттық тыйым салулар мен шектеулерден босатылады.
Х бап
Қорытынды ережелер, күшіне ену және қолданысын тоқтату
1-бөлім. Осы Келісімнің мақсаты алдындағы 1994 жылғы 23 мамырда қол қойылған, Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Республикасының арасындағы Тұрақты өкілдік құру туралы келісімді ауыстыру болып табылады және толығымен алмастырады. Тұрақты өкілдікті құру туралы атап өтілген Келісім қолданысын тоқтатады және бұдан әрі оның заңдық күші болмайды, ал осы Келісім Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік банк офистерінің қызметін осы Келісім күшіне енген күннен бастап реттейді.
2-бөлім. Осы Келісімнің Дүниежүзілік банк үшін және Қазақстан Республикасы үшін, Үкімет оның күшіне енуіне қажетті барлық ішкі рәсімдерді аяқтаған күннен бастап міндетті заңды күші бар. Үкімет өзінің аумағында осы Келісімдегі көзделген ережелер мен шарттардың, өзінің заңнамасына сәйкес, күшіне енуіне қажетті әрекеттер қолданады, сондай-ақ Дүниежүзілік банкке қолданылған шаралар туралы толық ақпарат ұсынады.
3-бөлім. Осы Келісімнің тараптардың бірі жазбаша түрде басқа тарапты өзінің оны бұзуға ниеті туралы жазбаша түрде хабардар еткен сәттен бастап алты ай ішінде күшінде қала береді.
4-бөлім. Осы Келісімге түзетулер немесе толықтырулар Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіле алады және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресми түрде ресімделеді. Түзетулер Тараптар өз келісімдерін жазбаша түрде білдіргеннен кейін дереу күшіне енеді.
5-бөлім. Осы Келісімнің ережелері Дүниежүзілік банк Келісімінің Баптарында көзделген мақсаттарға одан әрі қол жеткізуге бағытталған. Келісім Баптарының ережелері мен осы Келісім арасында қайшылықтар туындаған жағдайда, осы Келісімнің шарттары басым күшке ие болады.
2016 жылғы 21 қаңтарда, Давос қаласында, әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.
ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАНДЫ КУӘЛАНДЫРУ МАҚСАТЫНДА тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қойған екі тараптың өкілдері осы Келісімге қол қойды.
Қазақстан Республикасының Халықаралық Қайта Құру
Үкіметі үшін және атынан және Даму Банкі үшін және
атынан
Кәрім Мәсімов, Джим Ен Ким
Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік банк тобының
Премьер-Министрі Президенті
РҚАО-ның ескертпесі!Бұдан әрі Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.