2017 жылғы 18 сәуірде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Н. Назарбаев |
Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісім
Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан (бұдан әрі - Тараптар),
2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартты негізге ала отырып,
Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекара (бұдан әрі - мемлекеттік шекара) сызығын шегендеу мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Мемлекеттік шекараның бастапқы нүктесі солтүстік ендігінің В=41°19'11'', шығыс бойлығының L=56°00'00" координаталары бар Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі болып табылады.
Мемлекеттік шекаралардың түйісу нүктесінен шегенделген мемлекеттік шекара сызығының бастапқы нүктесіне дейінгі арақашықтық 0,28 км құрайды.
Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының бастапқы нүктесі солтүстік ендігінің В=41°19'11,4", шығыс бойлығының L=55°59'48,3" координаталары бар (1) шекаралық нүкте болып табылады.
Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының соңғы нүктесі солтүстік ендігінің В=41°45'42,9", шығыс бойлығының L=52°26'46,4" координаталары бар (162) шекаралық нүкте болып табылады.
Каспий теңізі деңгейінің ауытқуына байланысты (162) шекаралық нүктенің орнына шекаралық белгі орнатылмаған.
Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 458,263 км құрайды.
Тараптар шегенделген мемлекеттік шекара сызығында 330 шекаралық белгі орнатты, оның ішінде 161 негізгі және 169 аралық. Әрқайсысы бір шекаралық бағанадан тұратын 294 шекаралық белгі тікелей мемлекеттік шекара сызығында орнатылған; әрқайсысы екі шекаралық бағанадан тұратын (барлығы 70 шекаралық бағана) 35 шекаралық белгі Қапланқыр ернегінде орнатылған; екі шекаралық бағанадан тұратын 1 шекаралық белгі Дала тауында орнатылған.
Тараптар барлығы 366 шекаралық бағана орнатты, оның ішінде: 178 шекаралық бағананы Қазақстан Тарапы, 188-ін Түрікмен Тарапы орнатты.
2-бап
Шегенделген мемлекеттік шекара сызығының өтуі және шекаралық белгілердің орналасқан жері Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекара сызығы өтуінің хаттама-сипаттамасында көрсетілген (1-қосымша).
Мемлекеттік шекара сызығы және шекаралық белгілердің орналасқан жері Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы масштабы 1:25 000, әр парағы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде дайындалған Мемлекеттік шекара картасының (бұдан әрі - Мемлекеттік шекара картасы) 41 парағына (2-қосымша) түсірілген.
Әрбір шекаралық белгінің тікбұрышты және геодезиялық координаталары, биіктік белгілері және басқа да деректері екі томнан тұратын шекаралық белгілердің хаттамаларында (3-қосымша), Шекаралық белгілердің координаталары мен биіктіктерінің каталогында (4-қосымша) көрсетілген.
Осы Келісімге барлық қосымшалар оның ажырамас бөлігі болып табылады.
3-бап
Осы Келісім күшіне енгеннен кейін Тараптар 10 жылда бір рет Мемлекеттік шекара сызығының белгіленуін бірлесіп тексеруді жүргізеді. Тараптардың келісуі бойынша тексеру мерзімдері өзгертілуі мүмкін, сондай-ақ мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелеріне бірлесіп тексеру жүргізілуі мүмкін.
Тараптар Мемлекеттік шекара сызығының белгіленуін тексеру жөніндегі бірлескен комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) құрады. Комиссиядағы Тараптардың делегация құрамдарын Тараптар дербес бекітеді. Бірлескен жұмыс тәртібін Комиссия айқындайды.
Мемлекеттік шекара сызығын белгілеуді әрбір бірлесіп тексеру нәтижелері Бірлесіп тексеру хаттамасымен ресімделеді.
4-бап
Әрбір Тарап шекаралық белгілерді қорғау жөніндегі шараларды қабылдайды, олардың бүлінуінің, орны ауыстырылуының немесе қирауының алдын алады, сондай-ақ өздері орнатқан шекаралық белгілер үшін жауапты болады және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз етеді.
Тараптар жыл сайын қазан айына дейін шекара өкілдері арқылы шекаралық белгілердің жай-күйін және орналасқан жерін бірлесіп бақылап қарауды жүзеге асырады.
Тараптардың бірі шекаралық белгінің бүлінгендігін, орнынан жылжытылғандығын немесе жоғалғандығын анықтаған жағдайда, ол бұл туралы дереу екінші Тарапқа жазбаша хабарлайды. Осы шекаралық белгінің сақталуына жауапты Тарап оны қалпына келтіру немесе бұрынғы орнына қайтадан орнату жөнінде шаралар қабылдайды. Осындай жұмыстарды жүргізу қажеттілігі туралы олар басталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын екінші Тарапқа жазбаша хабарлайды. Тараптардың бірі жұмыстарды жүргізу кезінде екінші Тараптың тиісті құзыретті органдарының өкілдері қатысады.
Тараптардың бірінің қандай да бір шекаралық белгіге өз аумағынан баруы мүмкін болмаған жағдайда, екінші Тарап осы Тарапқа мұндай белгіге өз аумағынан баруға рұқсат етеді.
5-бап
Шекаралық белгіні бұрынғы орнына қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, Тараптардың уағдаластығы бойынша шекаралық белгі басқа қолайлы орынға орнатылады, бұл ретте мемлекеттік шекара сызығының өтуі өзгермейді. Бір шекаралық бағанадан тұратын шекаралық белгіні көшіру қажет болса, мұндай белгіні көшіру қатаң түрде мемлекеттік шекара сызығы бойынша жүзеге асырылады.
Осы шекаралық белгіні басқа орынға орнатқаннан кейін Тараптар жаңа Шекаралық белгінің хаттамасын және қайтадан орнатылған шекаралық белгінің орналасқан жеріне қатысты Шекаралық белгінің координаталары мен биіктіктері каталогының, Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекара сызығы өтуінің хаттама-сипаттамасының және Мемлекеттік шекара картасының фрагменттерін жасайды.
Комиссия бірлесіп тексеру жүргізгеннен кейін аталған құжаттар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Бірлесіп тексеру хаттамасымен ресімделеді.
6-бап
Тараптардың бірде-бірі мемлекеттік шекара сызығында осы Келісімде айтылмаған, мемлекеттік шекараны белгілейтін шекаралық немесе өзге де белгілерді біржақты тәртіппен орнатпайды.
7-бап
Жергілікті жердегі кез келген өзгерістер мемлекеттік шекара сызығының өтуіндегі өзгерістерге алып келмейді.
8-бап
Осы Келісім ратификациялануға жатады және дипломатиялық арналар арқылы оның аяқталғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім мерзімсіз болып табылады және денонсациялауға жатпайды.
2017 жылғы 18 сәуірде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, түрікмен және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасы үшін | Түрікменстан үшін |
РҚАО-ның ескертпесі!
Бұдан әрі Келісімнің түрікмен тіліндегі мәтіні берілген.