2022 жылғы 30 қарашада Парижде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУҒА ҚАРСЫ КҮРЕС САЛАСЫҢДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ІСКЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРНАЙЫ КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын
Бірінші тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі
ЖӘНЕ
Екінші тараптан Француз Республикасының Үкіметі
Мыналарды:
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының арасындағы әртүрлі екіжақты келісімдер мен декларацияларда көрініс тапқан дәстүрлі достық байланыстары мен адал қарым-қатынастарды;
Тараптардың әртүрлі салалардағы әріптестігі мен ынтымақтастығының жалпы шектерін белгілейтін және ынтымақтастықты, оның ішінде энергетикалық қауіпсіздік пен жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастығын нығайту үшін шаралар қабылдауды көздейтін 2008 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты (бұдан әрі - "Стратегиялық әріптестік туралы шарт");
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының тұрақты дамуға, қоршаған ортаны қорғауға, жаһандық жылынуға қарсы күреске және энергетикалық қауіпсіздікке бейілділігі мен ұмтылысын;
Тараптардың энергетика аясындағы өздерінің қатынастарын нығайтуға және тереңдетуге, энергия көздерін әртараптандыруға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, инновациялық жасыл технологияларды және оларды тиімді пайдалануды ілгерілетуге және дамытуға деген ықыласын;
Қазақстандық және француз компаниялар арасындағы әртүрлі салалардағы, оның ішінде өнеркәсіп, энергетика, қоршаған орта және инновациялар салаларындағы тығыз ынтымақтастықты, сондай-ақ бұрыннан бар әріптестік қатынастарды және Тараптардың қолдауы мен жәрдемінің арқасында аталған салаларда іске асырылып жатқан жобаларды;
Француз Республикасы әзірлеген мемлекеттік саясатты және оның жаңартылатын және/немесе баламалы энергия көздерін ілгерілету жөніндегі табысты бастамаларын, сонымен қатар елді, сондай-ақ оның компанияларын аталған салада халықаралық құрметке жеткізген жобаларды, зерттеулерді, регламенттер мен технологияларды;
Көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды және технологияларды беру арқылы жаһандық жылынуға қарсы күрес жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының өршіл мақсаттары мен саясатын;
Қазақстан Республикасы жаңартылатын энергия көздерін ілгерілету, ұлттық энергия теңгерімін нығайту, энергетика саласындағы ноу-хауды ілгерілету, сондай-ақ 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатында жекеше сектордың мамандандырылған компаниялары басшылық ететін бастамаларды қоса алғанда, барлық ынтымақтастық нысандарына көрсететін жәрдемді назарға ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Мақсаты
1. Осы арнайы келісімнің (бұдан әрі - "Арнайы Келісім") мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздері, тұрақты даму саласындағы ірі жобаларды ілгерілету, әзірлеу және іске асыру арқылы жаһандық жылынуға қарсы күресте Тараптар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2. Атап айтқанда, Арнайы Келісім Тараптардың энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық таза технологияларға көшу және шығарындыларды қысқарту саласындағы мақсаттарына, басымдықтары мен міндеттемелеріне қол жеткізуге жәрдемдесе алатын жобаларды ілгерілетуге бағытталған.
2-бап
Мәні
1. Осы Арнайы Келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға және электр энергиясын өндіру мен сақтауға бағытталған жасыл технологиялар мен инновацияларға қолданылады.
2. Тараптар осы Арнайы Келісімді Қазақстан Республикасының қабылдауы шартымен Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылатын және Тараптардың жоғарыда аталған мақсаттарға қол жеткізуіне тиімді әрі елеулі үлес қоса алатын ірі жобаларға (бұдан әрі - "Ірі Жоба") қолдануға ниет етіп отыр. Осыны негізге ала отырып, Ірі Жоба жиынтығында мынадай шарттарға сәйкес болуға:
- көмірқышқыл газы (СО2) шығарындыларын жыл сайын кем дегенде 2 миллион тоннаға азайтуға;
- жерүсті жел ресурстарына басымдық бере отырып, жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіруге;
- ең төмен өндіру қуаты 1000 МВт болуға;
- энергияны сақтау жүйесінің ең төмен қуаты 300 МВт /600МВтс болуға;
- осы Арнайы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес тиісті Ірі Жоба үшін айқындалған және өндірілген электр энергиясын өндіру мен пайдалануды оңтайландыру әрі жаңартылмайтын энергия көздерін пайдалануды қысқартуды іске асыру үшін тиісті Ірі Жобаның сақтау жүйесінің қуаты мен басқа да ерекшеліктеріне ықпал ететін және сәйкес келетін бағамен электр энергиясын өндіруге және өткізуге;
- осы Арнайы Келісімнің мақсаттарына сәйкес Тараптардың көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына үлес қосу үшін 25 жыл ішінде электр энергиясын сатып алу ұзақ болуға;
- Қазақстан Республикасының энергетикалық тәуелсіздігіне және оның бірыңғай электр-энергетикалық жүйесінің тұрақтылығына үлес қосуға;
- осы Арнайы Келісімнің мақсаттарына сәйкес келетін тренингтер, семинарлар өткізу, технологиялар беру мен инновациялық шешімдер жасау жолымен жаңартылатын энергия көздерін өндіру мен сақтауға және көміртегі шығарындыларын шектеуге қатысты Қазақстан Республикасының ноу-хауы мен техникалық дағдыларын дамытуға үлес қосуға;
- атап айтқанда, Тараптардың жергілікті қамтылуын қамтамасыз ететін операторларды, көрсетілетін қызметтерді және/немесе құрамдарды берушілерді Ірі Жобаға қатыстыру арқылы Қазақстан Республикасының аумағында көміртексіздендіру мен жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы өнеркәсіптік және технологиялық бұйымдар мен ноу-хауды ілгерілету мен дамытуға үлес қосуға тиіс. Әрбір Ірі Жоба үшін Француз Республикасы осы Арнайы Келісімнің 6-бабын ескере отырып, Ірі Жоба бойынша тартылған борыштың мөлшеріне сәйкес келетін экспорттық кредиттік сақтандыруды көздей алады. Мұндай мөлшер жергілікті француздық қамтуға (бұдан әрі - "Француздық Қамту") барабар айқындалуға тиіс және 50 миллион еуродан кем болмауға тиіс;
- Әрбір Ірі Жобаның техникалық қажеттіліктері үшін пайдалануға арналған қазақстандық қамтудың (бұдан әрі - "Қазақстандық Қамту") мөлшері Ірі Жоба Құжаттамасында анықталуға тиіс.
- Ірі Жобаны мынадай субъектілер (бұдан әрі - "Девелопер")
- Ірі Жобаны жүзеге асыруға қаржылық және техникалық мүмкіндіктері;
- (і) Қазақстан Республикасының аумағында және (іі) энергия жинақтау жүйесін пайдалана отырып, жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаны (жобаларды) әзірлеу, инвестициялау, қаржыландыру мен пайдалану саласында расталған тәжірибесі; сондай-ақ,
- Қазақстан Республикасының аумағында білікті персоналы.
3-бап
Арнайы Келісімді орындау
1. Тараптар жаңартылатын энергия көздері және жасыл технологиялар мен инновациялар саласындағы Ірі Жобаларды Қазақстан Республикасы аумағында әзірлеуге, құруға, іске асыруға және пайдалануға, өзгелермен қатар:
- олардың тиісті уәкілетті органдары арасындағы ынтымақтастық;
- олардың тиісті жекеше секторлары арасындағы ынтымақтастық;
- жаңартылатын энергия көздері мен оларды сақтау саласында қажетті технологияларды беру;
- жаңартылатын энергия көздері, энергияны өндіру және сақтау саласындағы ноу-хаумен және технологиялармен алмасу;
- Ірі Жобаларға қолдану үшін негізгі шарттарды енгізу жолымен Тараптардың энергетикалық қауіпсіздігіне, олардың тұрақты дамуына және жаһандық жылынуға қарсы күреске ықпал ететін жобаларды жасауға жәрдемдесу үшін қажетті шаралар мен құқықтық және экономикалық құралдарды Қазақстан Республикасының қабылдауы арқылы жәрдемдеседі.
2. Нақты Девелоперлер мен Ірі Жобалардың атаулары осы Арнайы Келісімнің Қосымшасында ("1-қосымша") қамтылған.
3. Екі Тарап осы Арнайы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін тұрақты консультациялар мен үйлестірудің қажеттілігімен келіседі. Осыған байланысты Тараптар мұндай консультациялар мен үйлестіруді жүргізуге тиісті түрде уәкілеттік берілген өкілдерін тағайындайды.
4-бап
Ірі Жобаларға арналған құқықтық база
1. Тараптар Ірі Жобаларды іске асыруға негіз болатын құқықтық және заңнамалық базаның ашықтығын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекетінің аумағында Ірі Жоба жүзеге асырылатын Таран Девелопермен және жағдайға қарай, Ірі Жобаның басқа қатысушыларымен келіссөздер жүргізеді және ондай Ірі Жобаның шарттары айқындайтын және іске асыратын келісімдерді жасасады (бұдан әрі - "Ірі Жоба Құжаттамасы"). Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын Ірі Жобаға қатысты Ірі Жоба Құжаттамасы 2-қосымшада санамаланған негізгі шарттарды (бұдан әрі - "Негізгі Шарттар") қамтуға тиіс екендігін көздейді.
5-бап
Халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігі
1. Барлық Ірі Жобалар Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік және экологиялық әсерді талдауды орындау бөлігінде қолданыстағы заңнаманы ұстануға тиіс.
2. Мұндай талдаудың нәтижелері жариялануға және/немесе кез келген мүдделі тұлғаның сұрау салуы бойынша қолжетімді болуға тиіс.
6-бап
Кепілдіктер
1. Ірі Жобаларды ілгерілетуге және дамытуға жәрдемдесу мақсаттарында Француз Республикасы жобаны қаржыландыру мақсаттарында кепілдіктер және/немесе қолдаудың кез келген басқа нысандарын бере алады.
2. Француз Республикасы экспорттық кредиттік сақтандыруды ұсынған жағдайда, мұндай сақтандыру Климаттың өзгеруі туралы 4-қосымшасын қоса алғанда, 1978 жылғы 1 сәуірдегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми экспорттық кредиттер туралы келісіміне, оның ішінде ең төмен сақтандыру сыйлықақысы мен шарттың ең жоғары мерзімі бөлігінде сәйкес келуге тиіс. Француз Республикасы ұсына алатын кез келген кредиттік сақтандыру 1997 жылғы 17 желтоқсандағы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды адамдарды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенциясына және 2012 жылғы 28 маусымдағы Ресми қолдау көрсетілетін экспорттық кредиттер мен экологиялық және әлеуметтік сараптамалар туралы уағдаластықтарға сәйкес келуге тиіс.
7-бап
Дауларды шешу
Осы Арнайы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындайтын даулар Тараптар арасындағы екіжақты консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
8-бап
Арнайы Келісімнің қолданылу және әрекет ету саласы
1. Осы Арнайы Келісім Тараптардың мемлекеттері арасында жасалған, Тараптар энергетикалық қауіпсіздік саласында ынтымақтасуға және осы саладағы экономикалық ынтымақтастығын дамытуға міндеттенген Стратегиялық әріптестік туралы шарт аясында жасалды.
2. Арнайы Келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы Ірі Жобаларды қолдау үшін Стратегиялық әріптестік туралы шарт шеңберінде жеке келісім ретінде әзірленді; бұл орайда және атап айтқанда:
- ол Стратегиялық әріптестік туралы шартқа нұқсан келтірмей қолданылады және оны қандай да бір жолмен өзгертуге немесе толықтыруға арналмаған;
- ол Тараптардың энергетика және/немесе тұрақты даму саласындағы ынтымақтастығының барлық аспектілерін реттеуге арналмаған және Тараптардың ынтымақтастық туралы кез келген басқа шартты жасасу құқығы болады; және
- ол Тараптар арасындағы қандай да бір басқа халықаралық шартқа немесе конвенцияға нұқсан келтірмей қолданылады және оның қолданылуын жоймайды және алмастырмайды.
9-бап
Күшіне енуі, өзгерістер мен толықтырулар, қолданылу мерзімі
1. Осы Арнайы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Арнайы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң қолданысын тоқтатады.
3. Тараптардың өзара келісу бойынша осы Арнайы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
2022 жылғы 30 қарашада Париж қаласында (Франция) әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Француз РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
1-қосымша |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы Арнайы келісімнің тандалған Ірі Жобалар тізбесі.
Бұл Қосымша Арнайы Келісімнің 2 және 3-баптарына сәйкес жасалған және Тараптар тандаған және оларға Арнайы Келісім мен Қосымшалар қолданылатын Ірі Жобалар мен олардың Девелоперлерінің тізбесін қамтиды.
1. Мирный Жобасы
Қазақстандағы Жамбыл облысы, Мирный кентінің маңайындағы ең төмен қуаты 300 МВт/ 600 МВтс энергия жинақтау жүйесін пайдалана отырып және Үлкен кентінің маңайындағы 500 кВ ОҚМАЭС қосалқы станциясындағы электр желісіне қосыла отырып, Девелопер ретіндегі Total Eren француз компаниясымен және Бірлескен Девелоперлер ретінде екі қазақстандық компания "Самұрық-Қазына" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен немесе олардың үлестес тұлғаларымен Қазақстан заңнамасы бойынша арнайы құрылатын, Мирный жобасын жүзеге асыратын компания шеңберінде жел энергиясын пайдаланатын жалпы қуаты 1 ГВт гибрид электр станциясын іске асыру, әзірлеу, салу және пайдалану жөніндегі Мирный жобасы.
Арнайы Келісімнің 2-бабында баяндалған мақсаттар мен өлшемшарттарға сәйкес жоба электр энергиясын өндіріп, оны "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі № 165-IV Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығына (бұдан әрі - "ҚЕО") 1 кВт/сағатқа 0,0425 АҚШ долларына тең индикативтік бағамен, оның ішінде ЖЭС үшін 1 кВт/сағатқа 0,03075 АҚШ доллары, электр энергиясын жинақтау жүйесі үшін 1 кВт/сағатқа 0,0097 АҚШ доллары және қосылу үшін 1 кВт/сағатқа 0,00205 АҚШ долларына тең бағамен 25 жыл бойы сатады, бұл жел энергиясын өндіру мен электр энергиясын сақтау саласындағы озық технологияларды қолдану арқылы мүмкін болады.
Бұл ретте Мирный жобасы бойынша электр энергиясының түпкілікті бағасын Тараптар Қазақстан Республикасында алынған 2022 жылғы аукциондық сауда-саттықтардың нәтижелерін ескере отырып, осы Арнайы Келісім ратификацияланған кезге дейін айқындауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімге
2-қосымша |
Тараптар Ірі Жобаларға қолданылатын құқықтық базаның Тараптардың жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қатысты және климаттың өзгеруіне қарсы күреске қатысты мақсаттарына елеулі үлес қосу мақсаттарында Ірі Жобаларды табысты іске асырудың кілті болып табылатынын мойындайды.
Қазақстан Республикасы Арнайы Келісімнің 4-бабына сәйкес Ірі Жоба Құжаттамасына енгізілуге тиісті болатын негізгі шарттарды белгілейді.
I. ІРІ ЖОБАЛАРҒА АРНАЛҒАН НЕГІЗГІ ШАРТТАР
1. САТЫП АЛУШЫ
1.1. Ірі Жобаның техникалық ерекшеліктерін назарға ала отырып, сатып алушы ретінде "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі № 165-IV Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тараптар Арнайы Келісімнің 1-қосымшасында келіскен бағамен, көлемде және мерзімде станция өндірген электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыратын жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (бұдан әрі - "ҚЕО" немесе "Сатып алушы") айқындалды. Ірі Жобаны іске асыру үшін электр энергиясын сатып алу туралы шарт жаңартылатын энергия көздері бойынша аукцион өткізбестен немесе сауда-саттықтың кез келген басқа рәсімін жүргізбестен жасалады.
а.
2. ІРІ ЖОБА ҚҰЖАТТАМАСЫ
2.1. Ірі Жоба Құжаттамасы инвестициялар туралы келісімді, электр энергиясын сатып алу туралы шартты (бұдан әрі - "ЭСШ"), сондай-ақ тізбесін Тараптар келісетін өзге де шарттарды қамтиды.
2.2. Ірі Жоба Құжаттамасы жаңартылатын энергия көздері саласында және электр энергиясын сақтауда жоғары сапалы технологияларды пайдалану арқылы көміртегі шығарындыларын азайтуға ықпал ететін қажетті ережелерді қамтиды.
2.3. Инвестициялар туралы келісім Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Арнайы Келісімнің ережелеріне сәйкес жасалады. ЭСШ нысаны инвестициялар туралы келісімде көзделеді. Осы тармақтың ережелеріне сәйкес нысанда дайындалған ЭСШ қолданыстағы императивті нормалар бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей реттелмеген кез келген өзге ережелер бөлігінде Англия мен Уэльс заңнамасына сәйкес жасалады.
2.4. Ірі Жобаның Тараптары Қазақстан Республикасының Үкіметімен инвестициялар туралы келісімді, сондай-ақ Арнайы Келісімге қол қойылған күні қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелерін мен алдыңғы қатарлы халықаралық практиканы ескеретін және жобалық қаржыландыру бөлігінде қаржы институттарының талаптарына сәйкес болатын ЭСШ-ты жасасады.
2.5. Ірі Жобаларды іске асыруға байланысты туындайтын дауларды Лондонда орналасқан келесі халықаралық төрелік институттардың бірі (ХСП, ЛХАС және (немесе) ИДРХО) қарайтын болады.
2.6. Ірі Жоба Құжаттамасы:
4. - кредиторларға ҚЕО-ның ЭСШ бойынша төлем міндеттемелерін қоса алғанда, ҚЕО-ның қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігіне қатысты, төлеу міндеттемесін ұсынатын ережелерді, сондай-ақ
5. - Ірі Жоба Құжаттамасында айқындалғандай, Қазақстан Республикасының Тараптардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерді бұзуына жатқызылған себептер бойынша Ірі Жобаның тоқтатылуына байланысты барлық сомаларды өтеуі туралы ережені; сондай-ақ
6. - инвестициялар туралы келісімде көзделген Қазақстан Республикасының Ірі Жобаны қолдауына қатысты өзге де міндеттемелерді қамтиды.
7.
2.7. Техникалық, экономикалық және қаржылық аспектілерді назарға ала отырып, сондай-ақ Ірі Жоба Тараптары мен Ірі Жоба Құжаттамасы Тараптары мүдделерінің экономикалық теңгерімін сақтай отырып, Ірі Жоба бойынша Құжаттама Тараптары мына шарттарды пысықтап алу мүмкіндігін қарастырады:
- Ірі Жобаның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерге қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нақты уақыт режимінде электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын қатысуы;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық практикаға сәйкес Ірі Жоба арқылы беріледі деп болжанатын электр энергиясын сатып алу-сату.
8.
3. ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ШАРТТАР
3.1. ЭСШ-ты жасасу кезінде ҚЕО міндетті корпоративтік рәсімдерді жүргізу талаптарынан және инвестициялар туралы тиісті келісімді мақұлдайтын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысынан басқа Қазақстан заңнамасында ЭСШ-ты бекіту мен мақұлдау үшін көзделген рәсімдерді қолданбайды.
3.2. ҚЕО Ірі Жобалар шеңберінде электр энергиясын ЭСШ және инвестициялар туралы келісімнің шарттарына сәйкес сатып алады.
9.
4. ТӨЛЕМДЕР МЕН ВАЛЮТА
4.1. Ірі Жоба бойынша бекітілген тариф шетелдік валютамен белгіленуге тиіс.
4.2. Ірі Жоба Құжаттамасы бойынша жасалатын барлық төлемдер төлем күніндегі айырбас бағамы бойынша теңгемен жүзеге асырылады.
4.3. Ірі Жобалардың Тараптары Қазақстан Республикасының валюта заңнамасының барлық талаптарын сақтауға міндеттенеді, бұл ретте мыналар ескеріледі:
i. Ірі Жобалар Тараптарының валютаны айырбастауға шексіз құқығы бар.
ii. Ірі Жобалардың Тараптары Ірі Жоба Құжаттамасынан туындайтын валюталық міндеттемелерді шектеусіз орындауға, сондай-ақ шетелдік валютамен дивидендтер алуға құқылы.
5. ТЕХНИКАЛЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕЛЕР МЕН ЖОБАЛЫҚ ҚҰЖАТТАМА
5.1. Қазақстан Республикасы сараптамадан өту кезінде, сондай-ақ Ірі Жобаларды уақтылы іске асыру үшін қажетті болатын барлық қажетті рұқсаттар мен келісулерді алуға толық жәрдем көрсетеді.
10.
6. ЖЕР
6.1. Ірі Жобаның Тараптары Ірі Жобалар үшін қажетті және Девелоперлер үшін қолайлы болатын жер учаскелеріне жер пайдалану құқығын конкурс (аукцион) өткізбестен тікелей тиісті мемлекеттік органдардан алады.
11.
7. ӨНДІРІС КӨЛЕМІН ҚЫСҚАРТУ, ЖЕЛІНІ АЖЫРАТУ ЖӘНЕ ЖЕЛІГЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ
7.1. Жаңартылмайтын энергия көздеріне тәуелділікті тиімді түрде азайту үшін жаңартылатын энергияны өндіру мен желіде пайдалануды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы:
7.1.1. Ірі Жобалардың желіден ажырауына алып келетін Қазақстан Республикасының бірыңғай электр-энергетикалық жүйесіндегі аварияларды жою кезеңінің Ірі Жобаларға әсерін азайту;
7.1.2. Қазақстан Республикасының бірыңғай электр-энергетикалық жүйесіндегі авариялық жағдайлар мен келісілген регламенттік жөндеу жұмыстарын немесе авариялық жөндеу жұмыстарын қоспағанда, жүйелік оператордың қандай да бір себептермен Ірі Жобаларды желіден ажыратуын болғызбау;
7.1.3. егер жүйелік оператор Ірі Жобаларды желіге қосудың бір бөлігі болып табылатын инфрақұрылымды (электр беру желілерінің бір бөлігін) тиісті Ірі Жобаның қатысушылары болып табылмайтын және. онымен байланысты емес басқа энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын тасымалдау үшін пайдалана бастаса, ондай инфрақұрылымды жүйелік оператордың балансына беру туралы мәселені қарастыру үшін барлық қажетті шараларды көздеп, қабылдауға тиіс.
7.2. Ірі Жоба Құжаттамасының Тараптары жүйелік оператордың энергия жинақтау жүйесін қолдану және басқару шарттарын пысықтап алу мүмкіндігін қарастырады.
12.
8. ПРЕФЕРЕНЦИАЛДЫ МӘРТЕБЕ
8.1. Ірі Жобаның маңыздылығы мен климаттың өзгеруіне қарсы күресте атқаруға тиісті рөлін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы үшін Ірі Жобаның артықшылықтарын ескере отырып, Ірі Жобаны іске асыру шеңберінде инвестициялар туралы келісім 25 жылға дейінгі мерзімге жасалады.
8.2. Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылып жатқан Ірі Жобаның Тараптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтарды төлейді. Бұл орайда, Еуразиялық Экономикалық Одақтың кедендік заңнамасына және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамасына сәйкес Ірі Жобаға қажетті технологиялық жабдықтарды, олардың құрамдас және қосалқы бөлшектерін Қазақстан Республикасының аумағына алып келу кедендік баждарды төлеуден босатылады.
8.3. Инвестициялар туралы келісім, сондай-ақ инвестициялық преференцияларды беруді көздейтін өзгеде келісімдер Ірі Жобаны іске асыратын жобалау компаниясы қатысушыларының құрамы мен үлесіне қарамастан жасалады, бұл ретте Ірі Жобаның Тараптары Инвестициялар туралы келісімнің шеңберінде салық төлеуден босату түріндегі инвестициялық преференцияларды алуға үміттенуге құқылы емес.
9. ОФСЕТТЕР
9.1. Ірі Жобалар шеңберінде қалыптастырылған көміртегі офсеттерін пайдалану және іске асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
13.
10. ӨЗГЕ ШАРТТАР
10.1. Қазақстан Республикасы және Қазақстан Республикасымен үлестес Ірі Жоба Құжаттамасының барлық Тараптары Ірі Жоба бойынша Құжаттамасындағы дауларды шешу тетіктері шеңберінде көзделген кез келген түпкілікті шешімдерді сақтауға және орындауға тиіс.
14. Ірі Жоба Құжаттамасының Тараптары 1958 жылғы 10 маусымдағы Шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы конвенцияда (Нью-Йорк Конвенциясы) және/немесе кез келген басқа қолданылатын қағидаларда көзделген танудан және орындаудан бас тарту негіздерін қоспағанда, Ірі Жоба Құжаттамасында түпкілікті төрелік шешімді тануға, орындауға және/немесе іс жүзінде орындауға ешқандай қарсылық білдірмеуге міндеттенеді.
10.2. Осы Арнайы Келісімнің ережелері осы Арнайы Келісімнің тарапы болып табылмайтын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды. Осы Арнайы Келісімдегі ешнәрсе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне меншік құқығында (және (немесе) өзге құқық негізінде) тиесілі мүлікке және (немесе) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы мүлікке қатысты кез келген иммунитеттерден бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.