ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 25-б. қараңыз.
Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
Осы Заң адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адам саудасы – адамды, оның ішінде кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оларға қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не қанау мақсатында азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ өзге де іс-әрекеттерді жасау, оның ішінде күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру немесе өзге де мәжбүрлеу тәсілдерін қолдану, алдау немесе сенімді теріс пайдалану, қызмет бабын, материалдық немесе өзге де тәуелділікті пайдалану арқылы жасау;
2) адам саудасына қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесі – адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасы құрбандарына көмек көрсету, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау жөніндегі қызметінің жиынтығы;
3) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар (бұдан әрі – уәкілетті мемлекеттік органдар) – ішкі істер органдары және халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері – уәкілетті мемлекеттік органдар, өз құзыреті шегінде адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, коммерциялық емес ұйымдар, туристік қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ еңбек делдалдығын көрсететін жеке немесе заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген халықаралық ұйымдар;
5) адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер – арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларда жұмыспен қамтылған және бюджет қаражатынан қаржыландырылатын заңды тұлғалар;
6) адам саудасының құрбандарын оңалту – құрбанның психологиялық және (немесе) тәндік жай-күйін нұқсан келтірілгеннің алдындағы жай-күйге дейін қалпына келтіру жөніндегі әрекеттер;
7) адам саудасының құрбаны – адам саудасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру фактісінің бар-жоғына қарамастан, адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адам, сол сияқты Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес адам саудасына байланысты қылмыстардан жәбірленуші деп танылған адам;
8) адам саудасының құрбанын сәйкестендіру – адамды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасының құрбаны деп тану рәсімі;
9) адам саудасының ықтимал құрбаны – өзіне қатысты адам саудасына байланысты қылмыстар жасауға жағдайлар туғызатын, материалдық, психологиялық немесе өзге де тәуелділігі, кәмелетке толмауы немесе егде жаста болуы, жетімдігі немесе ата-ана қамқорлығының болмауы, мүгедектігі, психикалық және өзгедей ауруы, психикаға белсенді әсер ететін заттарды шамадан тыс пайдалануы, жұмыссыздығы, баспанасыздығы (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), реттелмеген құқықтық мәртебесі салдарынан болатын осал жағдайдағы адам, сондай-ақ адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендіруден өткенге дейін адам саудасының болжамды (болуы мүмкін) құрбаны.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын не уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
4-бап. Осы Заңның негізгі мақсаттары мен міндеттері
1. Осы Заңның негізгі мақсаттары адам саудасы құрбандарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау болып табылады.
2. Осы Заңның негізгі міндеттері:
1) адам саудасына қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесінің қызметін ұйымдастыру және үйлестіру;
2) адам саудасы құрбандарына көмек көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3) адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу;
4) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің өзара іс-қимылын нығайту;
5) адам саудасына қарсы іс-қимыл және өзінің халықаралық міндеттемелерін орындау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін құру.
5-бап. Осы Заңның негізгі қағидаттары
Осы Заңның негізгі қағидаттары:
1) заңдылық;
2) ізгілік;
3) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің және қорғаудың басымдығы;
4) алдын алу шараларының басымдығы;
5) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің бірлескен күш-жігерімен адам саудасына қарсы іс-қимылдың кешенділігі, жүйелілігі, үздіксіздігі;
6) адам саудасына байланысты қылмыстарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығы;
7) адам саудасының құрбандарын кемсітуге, оның ішінде гендерлік тәсіл және балалардың мүдделері, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға көмек көрсету мәселелері бойынша кемсітуге жол бермеу;
8) адам саудасының құрбаны мәртебесін белгілеуге мүмкіндік беретін адам туралы ақпараттың және мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету.
2-тарау. АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚҰЗЫРЕТІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
6-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы міндеттері
Уәкілетті мемлекеттік органдардың міндеттері адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыру болып табылады.
7-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде:
1) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды;
3) адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жоспарлау, ұйымдастыру және іске асыру жөніндегі, оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлердің алдын алу, оларды бағалау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау жөніндегі жұмысты үйлестіреді және жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу және ашу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, болғызбау, олардың жолын кесу және ашу саласындағы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
6) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметкерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
7) адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыру процесінде адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
8) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар етеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган өз құзыреті шегінде:
1) адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін үйлестіреді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды;
3) адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жоспарлау, ұйымдастыру және іске асыру жөніндегі, оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлердің алдын алу, оларды бағалау, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау жөніндегі жұмысты үйлестіреді және жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
5) Қазақстан Республикасының адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну саласындағы заңнамасын қолдану практикасын жинақтайды, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;
6) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметкерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
7) адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыру процесінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
8) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар етеді;
9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреті
1. Өз құзыреті шегінде адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар:
1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысады;
4) ішкі істер органдарын өздеріне белгілі болған дайындалып жатқан не жасалған, адам саудасына байланысты қылмыс фактілері туралы хабардар етеді;
5) жұртшылықты адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы хабардар етеді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құзыреттерден басқа:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өз құзыреті шегінде:
Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына азаматтарды қорғауға және шекаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуына жәрдемдеседі;
басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
адам саудасы құрбандарына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну жөніндегі жұмысты үйлестіреді;
басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
3) білім беру саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
оқу-тәрбие процесі шеңберінде білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің адам саудасының алдын алу мәселелері бойынша білімін, машықтары мен дағдыларын қалыптастырады;
басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
4) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағдарын іске асыруды қамтамасыз етеді;
шет елде адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді;
шет елде адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, Қазақстан Республикасы таныған босқындарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды тиісті құжаттармен қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасына қайтару жөніндегі шараларды қабылдайды;
5) туристік қызмет саласында мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган өз құзыреті шегінде басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп адам саудасының алдын алу жөніндегі іс-шараларға қатысады;
6) масс-медиа саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
масс-медиада адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құқықтық насихатты қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің қызметін масс-медиада жариялауға ықпал етеді.
9-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:
1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысады;
4) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің жұмыскерлерін даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
5) коммерциялық емес ұйымдармен адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру арқылы ұйымдастырады;
6) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұзарту мүмкіндігімен, бірақ үш айдан асырмай, алты айға дейінгі мерзімге уақытша тұруға рұқсатты ресімдеу үшін ішкі істер органдарына өтінішхат жолдайды;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
10-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерінің құзыреті
1. Денсаулық сақтау ұйымдары:
1) адам саудасының сәйкестендірілген құрбандарына денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Білім беру ұйымдары:
1) адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарына Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Коммерциялық емес ұйымдар:
1) адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдайды;
2) халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысады;
4) ішкі істер органдарын адам саудасы құрбандарының жүгіну фактілері туралы хабардар етеді;
5) адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен өзара іс-қимыл жасайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес адам саудасы құрбандарын сәйкестендіруді жүзеге асырады;
7) адам саудасы құрбандарына Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынады;
8) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алу үшін ұзарту мүмкіндігімен, бірақ үш айдан асырмай, алты айға дейінгі мерзімге уақытша тұруға рұқсатты ресімдеу үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына өтінішхатпен жүгінеді;
9) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктерді өздері азаматы болып табылатын елге қайтаруға жәрдемдеседі;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.
Адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) – 8) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асырады.
4. Мынадай:
1) туристік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес туризмді заңсыз көші-қон мен үшінші елдерге транзит, сексуалдық, еңбекпен және өзгедей қанау мақсаттарында пайдалануды болғызбауға бағытталған ақпараттық шараларды қабылдайды;
2) еңбек делдалдығын көрсететін жеке және заңды тұлғалар бала еңбегін пайдалануға, адамдарды сексуалдық және (немесе) өзгедей қанау үшін азғырып көндіруге жол бермейді, жүгінген адамдарға халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша консультация береді, бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілер және жұмысқа орналасуға ниет білдірген адамдар туралы мәліметтерді қалыптастырады, жүгінген адамдарды кейіннен жұмысқа орналастырумен кәсіптік даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.
11-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құзыреті
1. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия уәкілетті мемлекеттік органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының жанындағы консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс органы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмыс органдары болып табылады.
3. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін үйлестіреді.
4. Құрамы, өкілеттіктері мен қызмет тәртібі көзделетін адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен құқықтық актісімен бекітіледі.
5. Құрамы, өкілеттіктері мен қызмет тәртібі көзделетін адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы ережелерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жергілікті өкілді органдармен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен құқықтық актісімен бекітілген адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия туралы үлгілік ережеге сәйкес бекітеді.
12-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негіздері
1. Адам саудасына қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен, сондай-ақ халықаралық және коммерциялық емес ұйымдармен ынтымақтасады.
2. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:
1) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласында, оның ішінде адам саудасы құрбандарын қорғау және оңалту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын әзірлеу және жасасу;
2) адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру, сондай-ақ жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мақсатында шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлердегі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері арқылы өзара іс-қимыл жасау;
3) адам саудасына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған ақпараттық жүйелерді және жедел хабарлау, ден қою мен бақылау құралдарын бірлесіп жасау және дамыту;
4) тәжірибе алмасу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру.
3. Адам саудасына байланысты қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес, ал олар болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен өзара түсіністік қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
3-тарау. АДАМ САУДАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ, ОЛАРДЫ АНЫҚТАУ, ЖОЛЫН КЕСУ, АШУ ЖӘНЕ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ
13-бап. Адам саудасының алдын алу жөніндегі шаралар
Адам саудасының алдын алу жөніндегі шаралар мыналарды қамтиды:
1) ұйымдастырушылық шаралар – Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, бекіту және іске асыру, ақпараттық материалдарды дайындау мен тарату, адам саудасының профилактикасы бойынша іс-шараларды жүйелі негізде жүргізу;
2) құқықтық шаралар – адам саудасына қарсы іс-қимылда халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, адам саудасының ықтимал құрбандарын құқықтық қорғау;
3) зерттеу шаралары – адам саудасы проблемасын зерделеуге байланысты іздеу жұмыстары, кешенді, талдамалық жұмыстар, құқық қолдану практикасын талдау, ғылыми зерттеулер;
4) ақпараттық шаралар – Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың адам саудасы құрбандарының құқықтары, оларды қорғау және көмек көрсету шаралары, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары, сондай-ақ адамдар, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасына, оларды қанауға қарсы іс-қимыл, жезөкшелік пен порнографияға төзбеушілік туралы хабардар болуын арттыру жөніндегі ағартушылық қызмет;
5) әлеуметтік-экономикалық шаралар – адам саудасының алдын алуға, адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мен азайтуға бағытталған әлеуметтік жобаларды дайындау және іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдау шараларын көрсету;
6) адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған өзге де шаралар.
14-бап. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау
1. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауды уәкілетті мемлекеттік органдар адам саудасы қатерлерін және осы проблеманы шешу мүмкіндіктерін айқындау, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды іске асырудың кемшіліктерін анықтау мақсатында жүзеге асырады.
2. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалауды жүргізу қағидалары уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
3. Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау нәтижелері және адам саудасының туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мен жою жөніндегі қызметті жетілдіруге бағытталып тұжырымдалған ұсынымдар адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады және адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілеріне жеткізіледі, сондай-ақ іс-шаралар жоспарын, стратегиялық, бағдарламалық және өзге де құжаттарды әзірлеу кезінде ескеріледі.
15-бап. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру
1. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес профилактикалық, жедел-іздестіру және өзге де іс-шаралар тұрақты негізде жүзеге асырылады.
2. Адам саудасына байланысты қылмыстарды анықтау, олардың жолын кесу шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адам саудасы құрбандарын сәйкестендіру және оларға көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін қайта бағыттау жүзеге асырылады.
3. Адам саудасына байланысты қылмыстарды ашу және сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4-тарау. АДАМ САУДАСЫ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ
16-бап. Адам саудасының құрбанын сәйкестендіру және оның мәртебесі
1. Адам саудасының ықтимал құрбанын сәйкестендіру адам саудасының құрбаны мәртебесін беру, қажетті қорғау мен көмекті көрсету, сондай-ақ адам саудасына қайта тарту қауіп-қатерін болғызбау үшін жүзеге асырылады.
2. Адам саудасының құрбанын сәйкестендіруді ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағытты айқындайтын аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органымен, адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектімен, коммерциялық емес ұйыммен бірлесіп жүргізеді.
3. Адам саудасының құрбаны мәртебесін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес адам саудасының құрбанын сәйкестендірудің нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
17-бап. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның құқықтары мен міндеттері
1. Адам саудасының ықтимал құрбанының адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендіруден өтуге жүгінуге құқығы бар.
2. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамның:
1) құқықтары мен міндеттері, қорғалуы және адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері және адам саудасы құрбандарына арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер көрсететін көмек туралы ақпарат алуға;
2) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректер құпиялылығының сақталуына және олардың қорғалуына;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алуға жүгінуге;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша берілетін әлеуметтік көмекке жүгінуге;
5) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын медициналық көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық консультация беру түрінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға, сондай-ақ кешенді әлеуметтік заң көмегін қабылдауға;
7) қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орган "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен қылмыстық процесс барысында мемлекеттік қорғауға жататын адам деп таныған кезде мемлекеттік қорғалуға;
8) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық істі сотта қарау шеңберінде кәмелетке толмаған адамнан куә немесе жәбірленуші ретінде жауап алу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуына;
9) Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасына сәйкес өтемақы алуға;
10) шыққан елінің (өзі азаматы болып табылатын елдің) өкілдіктері мен консулдықтарына кіруін ұйымдастыру тұрғысынан жәрдем алуға;
11) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұруға;
12) Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны болып анықталған және сәйкестендірілген көшіп келуші ретінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес өзіне арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынылған, бірақ күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын кезең ішінде құқық қорғау органдарына жүгіну және олармен ынтымақтасу туралы шешім қабылдауға;
13) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес шетелдіктің өзі азаматы болып табылатын елге немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге Қазақстан Республикасынан кетуге виза алу үшін ішкі істер органдарына жүгінуге;
14) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адам саудасына байланысты нақты қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін шетелдік жұмыс күшін тартуға жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруға;
15) пана іздеген адам ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен босқын не азаматтығы жоқ адам мәртебесін алуға жүгінуге;
16) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әкімшілік актіге, әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдануға;
17) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адам:
1) Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауға;
2) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау кезінде қорғалу және көмек алу үшін психологиялық жай-күйі мен денсаулық жағдайын ескере отырып, өзі туралы толық және анық ақпарат беруге міндетті.
18-бап. Адам саудасы құрбандарын қайта бағыттау
1. Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау ынтымақтастық жүйесін айқындайды, оның шеңберінде адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері өз құзыреті шегінде адам саудасы құрбандарына жан-жақты және қолжетімді қолдау жүйесін қамтамасыз ету үшін адам саудасы құрбандарын, оның ішінде ықтимал құрбандарын анықтауға, қайта бағыттауға, қорғауға және оларға көмек көрсетуге қатысады.
2. Адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін оларды қайта бағыттау тәртібі адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы өзге де мемлекеттік органдармен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
19-бап. Адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, Қазақстан Республикасы таныған босқындарды және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды қайтару
Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасының азаматтарына, оның ішінде кәмелетке толмағандарға, Қазақстан Республикасы таныған босқындарға және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасына қайтып оралуға арналған куәлікті қысқа мерзімде беру және олардың оралуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен және адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзге де субъектілерімен ынтымақтасады.
20-бап. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қайтару
1. Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну және (немесе) қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) қайтарылуы ерікті түрде жүзеге асырылады.
2. Адам саудасына байланысты қылмыстардан жәбірленуші деп танылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер шеңберінде шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) оралуына жәрдем көрсетіледі.
3. Адам саудасы құрбандарын қайтару олардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген қауіптену болған кезде олар өздерінің келісуімен қайтарылмауы және Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілмеуі тиіс және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен босқын не азаматтығы жоқ адам мәртебесін алуға жүгіне алады.
5-тарау. АДАМ САУДАСЫНЫҢ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ
21-бап. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарының құқықтарын қорғау
1. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбандарының құқықтарын қорғау және оларға көмек көрсету олардың заңды мүдделері мен пікірі ескеріле отырып қамтамасыз етіледі.
2. Егер адам саудасы құрбанының жасы нақты анықталмаса және құрбан кәмелетке толмаған адам болып табылады деп пайымдауға негіздер болса, онда ол адам кәмелетке толмаған болып есептеледі және жасы анықталғанға дейін оған тиісті түрде қарау қажет деген презумпция қолданылады.
3. Егер адам саудасының құрбаны бірге жүретін адамы жоқ кәмелетке толмаған адам болып табылса, онда іс-қимылдар Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
22-бап. Кәмелетке толмағандар саудасының алдын алу
Адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері:
кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс бойынша;
білім беру, тәрбиелеу және дамыту саласында, демалыс және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, мәдениет және өнер ұйымдарында кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін адамдар арасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы хабардар болу деңгейін арттыру бойынша;
адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және білім беру ұйымдарына енгізу бойынша;
адам саудасының алдын алу мәселелерін немесе адам саудасына байланысты қылмыстарды ақпараттық салада жариялау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдайды.
23-бап. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбанын қайтару немесе орналастыру
1. Қазақстан Республикасында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын адам саудасының кәмелетке толмаған құрбаны анықталған жағдайда, бала тұрған жердегі қорғаншылық және қамқоршылық органдары ата-аналарының (ата-анасының) не өзге де заңды өкілдерінің бар-жоғы және тұратын жері туралы мәліметтерді алуға жәрдемдеседі, қажет болғанда баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға баланы орналастырады.
Кәмелетке толмаған адамды шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) қайтару немесе Қазақстан Республикасында қалдыру туралы мәселені шешу кезінде шешім он жасқа толған кәмелетке толмаған адамның ата-аналарының (ата-анасының) не өзге де заңды өкілдерінің немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің қатысуымен берген келісімімен ғана қабылданады.
2. Адам саудасының кәмелетке толмаған құрбаны ата-аналары (ата-анасы) не өзге де заңды өкілдері немесе кәмелетке толмаған адамның шыққан елінің (өзі азаматы болып табылатын елдің) құзыретті органдары ол үшін өзіне жауапкершілікті алуға және оған тиісті көмек пен қорғауды ұсынуға келіскен жағдайда, шыққан еліне (өзі азаматы болып табылатын елге) қайтарылуы тиіс.
3. Егер осындай қайтару адам саудасының кәмелетке толмаған құрбанының қауіпсіздігіне қатер төндірсе және оның мүдделеріне сай келмесе, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымға орналастырылуы тиіс.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
24-бап. Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |