2023 жылғы 31 шілдеде Мәскеуде жасалған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Бейресми аударма |
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
ауыл шаруашылығы өнімі нарығының ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге деген ұмтылысты бөлісе отырып,
Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді пайдалану практикасын кеңейтуге және олардың тұрақты айналысын, сондай-ақ қоймалық куәліктерді ұстаушылар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүше мемлекеттердің мүдделілігін негізге ала отырып,
өзара құрмет, теңдік және ашықтық қағидаттарын сақтай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"қоймалық куәлікті ұстаушы" - мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, қоймада сақталатын ауыл шаруашылығы өніміне қоймалық куәлікте көрсетілген мөлшерде және сапада билік ету құқығы бар заңды немесе жеке тұлға;
"кепіл ұстаушы" - ауыл шаруашылығы өнімінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындауды талап етуге құқығы бар заңды немесе жеке тұлға;
"қоймалық куәліктер тізілімі" - мүше мемлекеттің шығарылған (берілген) қоймалық куәліктер туралы, оның ішінде қоймалық куәліктермен жасалған операциялар (олардың өтелуін қоса алғанда) туралы, қоймалық куәліктердің айналысына немесе олар бойынша құқықтарды жүзеге асыруға шектеулердің бар-жоғы (олардың сипатын қоса алғанда) туралы мәліметтерді, сондай-ақ қоймалық куәліктерді ұстаушылар мен кепіл ұстаушылар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық ресурсы;
"қойма" - мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет ретінде тауарларды сақтауды және ауыл шаруашылығы өнімін сақтау бойынша қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын мүше мемлекеттің заңды тұлғасы;
"қоймалық куәлік" — ұстаушысының қоймадан осы қағазды шығару (беру) кезінде айқындалған мөлшерде және сапада ауыл шаруашылығы өнімін алу құқығын куәландыратын және кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді орындауды талап ету құқығын беретін құжаттамасыз эмиссиялық емес бағалы қағаз.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге де ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мағыналарда түсініледі.
2-бап
1. Осы Келісім Одақ шеңберінде қоймалық куәліктерді шығаруға (беруге), олардың айналысына және өтелуіне байланысты құқықтық қатынастарды реттейді және қоймалық куәліктерге қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Одақ шеңберінде қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелуі осы Келісімнің ережелері ескеріле отырып, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қоймалық куәліктердің айналысы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес биржада және (немесе) биржадан тыс нарықта жүзеге асырылады.
4. Қоймалық куәліктер шығарылатын (берілетін) ауыл шаруашылығы өнімінің түрлері мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады.
5. Мүше мемлекеттерде шығарылған (берілген), қоймалық куәліктер тізілімдеріне енгізілген және осы Келісімнің талаптарына сәйкес келетін қоймалық куәліктерді мүше мемлекеттер өзара таниды.
3-бап
1. Белгілі бір мөлшердегі және сападағы ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға қабылдауды растау үшін орыс тілінде және мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде) (егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе) ресімделген қоймалық куәлік шығарылады (беріледі).
2. Қоймалық куәлікте мынадай міндетті мәліметтер (деректемелер) қамтылады:
а) қоймалық куәліктің нөмірі мен шығарылған (берілген) күні;
б) ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға қабылдаған қойманың атауы, оның тұрған жері және тұлғаны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір;
в) заңды тұлға үшін - ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға тапсырған қоймалық куәлікті ұстаушының атауы, оның тұрған жері, жеке тұлға үшін - тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жері, тұлғаны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір (бар болса);
г) сақтауға қабылданған ауыл шаруашылығы өнімінің түрі, оның сандық және сапалық сипаттамалары;
д) ауыл шаруашылығы өнімі сақтауға қабылданған мерзім, егер мұндай мерзім мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленсе не өнім талап етілгенге дейін сақтауға қабылданды деп көрсетілуі;
е) қоймалық куәліктерді шығара отырып (бере отырып), ауыл шаруашылығы өнімін сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуге рұқсаттың не қойма туралы мәліметтердің қоймалық куәліктер шығаратын (беретін) мүше мемлекет қоймаларының тізіліміне (бұдан әрі - қоймалар тізілімі) енгізілгенін растайтын құжаттың деректемелері;
ж) ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтағаны үшін сыйақы мөлшері (есептелуге негіз болған тарифтер) және осы өнімді сақтауға ақы төлеу тәртібі не сақтау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу оған дейін жүргізілген күн;
з) қоймалық куәлік бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәртібі туралы мәліметтер.
4-бап
1. Шығарылған (берілген) қоймалық куәлік туралы мәліметтер қоймалық куәліктер тізіліміне енгізіледі.
2. Қоймалық куәлік бойынша құқықтар берілген жағдайда, қоймалық куәліктер тізіліміне тиісті жазба жазылады.
3. Қоймалық куәліктер тізілімінде осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтер, сондай-ақ:
а) кепіл ұстаушының атауы, тұрған жері, оны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір туралы (ауыл шаруашылығы өнімі кепілге қойылған жағдайда);
б) қоймалық куәлік бойынша құқықтарды беру туралы;
в) қоймалық куәліктің өтелуі туралы;
г) қоймалық куәлік бойынша құқықтарды шектеу туралы мәліметтер қамтылады.
4. Қоймалық куәліктер тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі осы баптың ережелері ескеріле отырып, мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады.
5. Қоймалық куәліктер бойынша құқықтарды есепке алу мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалатын ұйымдарды тарта отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
5-бап
1. Қойма өз қызметін мүше мемлекеттің аумағында жүзеге асырады және мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес белгіленген ауыл шаруашылығы өнімін сақтау қағидаларын және ауыл шаруашылығы өнімін сандық-сапалық есепке алуды жүргізуге қойылатын талаптарды сақтайды.
Қойма мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен қоймалық куәліктер шығара отырып (бере отырып), ауыл шаруашылығы өнімін сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуге рұқсат берілген күннен бастап не мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен ол туралы мәліметтер қоймалар тізіліміне енгізілген күннен бастап қоймалық куәліктер шығарады (береді).
2. Қоймалар тізілімінде:
а) сақталуына қойма мамандандырылған ауыл шаруашылығы өнімінің түрі туралы;
б) қойманың атауы, типі, сыйымдылығы, қолжетімді сақтау көлемі, тұрған жері және ауыл шаруашылығы өнімін сақтау орны туралы;
в) қоймалар тізілімінде қойманың тіркелгенін растайтын, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілетін құжат туралы мәліметтер;
г) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес өзге де мәліметтер қамтылады.
6-бап
1. Қоймалық куәлік бойынша сақтауға қабылданған ауыл шаруашылығы өнімі, өзінің сақталу мерзімі ішінде кепіл нысанасы бола алады, ол қоймалық куәлік бойынша құқықтарды шектеу туралы мәліметтерді қоймалық куәліктер тізіліміне енгізу арқылы ресімделеді.
2. Қоймалық куәліктер тізілімінде қамтылған қоймалық куәліктің кепілі туралы мәліметтер болған кезде қоймалық куәлікті ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер өтелгенге дейін қоймадан ауыл шаруашылығы өнімін ала алмайды.
3. Қоймалық куәліктер тізілімінде қоймалық куәлік бойынша құқықтарды жүзеге асыруға шектеулер туралы мәліметтер болмаған кезде қойма ауыл шаруашылығы өнімін қоймалық куәлікті ұстаушыға береді.
4. Осы баптың 3-тармағының талаптарына қарамастан, қоймалық куәліктер тізілімінде өзіне қатысты кепіл туралы жазба қамтылған, қоймалық куәлікті ұстаушыға ауыл шаруашылығы өнімін берген қойма қоймалық куәліктің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелерді өтеуі үшін кепіл ұстаушының алдында жауапты болады.
5. Қоймалық куәлік бойынша құқықтарды жүзеге асыруға шектеулермен ауыртпалық салынбаған оны ұстаушы ауыл шаруашылығы өнімін бөліп-бөліп беруді талап етуге құқылы. Бұл ретте бастапқы қоймалық куәліктің орнына оған қоймада қалған ауыл шаруашылығы өніміне жаңа қоймалық куәлік шығарылады (беріледі).
7-бап
Қойма мен ауыл шаруашылығы өнімінің иесі арасындағы қатынастар жария сақтау шартын жасасу арқылы ресімделеді. Жария сақтау шартының үлгілік нысаны:
сақтауға берілетін ауыл шаруашылығы өнімінің саны мен сипаттамалары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті оның сапалық көрсеткіштері туралы;
қойманың мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген мерзімде сақтауға қабылданған, сапасы бойынша біртекті ауыл шаруашылығы өнімінің партиясына қоймалық куәлік шығару (беру), сақтауға қабылданған ауыл шаруашылығы өнімінің қоймалық куәлікте көрсетілген мөлшерде және сапада сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жария сақтау шарты бойынша өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру және (немесе) қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорының (қорларының) қатысушысы болу міндеттемелері туралы міндетті мәліметтердің оған енгізілуі ескеріле отырып, мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалады.
8-бап
Мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен мүше мемлекет "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде:
мүше мемлекеттің қоймалық куәліктер тізілімінен мәліметтерге қол жеткізудің бірыңғай нүктесін беретін интернет-ресурстың;
ауыл шаруашылығы өнімінің қауіпсіздігі мен сапасына сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдар туралы мәліметтердің (атауы, тұрған жері, сондай-ақ тұлғаны мүше мемлекеттің салық төлеушісі ретінде сәйкестендіретін нөмір);
мүше мемлекеттегі қоймалық куәліктердің айналысын реттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, қоймалық куәліктер тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібінің, сондай-ақ осындай актілер жобаларының;
қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәртібі мен шарттары туралы ақпараттың;
қойма мен ауыл шаруашылығы өнімінің иесі арасындағы жария сақтау шартының үлгілік нысанының;
қоймалық куәліктер шығара отырып (бере отырып), ауыл шаруашылығы өнімін сақтау жөніндегі қызметтер көрсетуге рұқсаттар берілген не қоймалар тізіліміне енгізілген қоймалар тізбесінің орналастырылуын қамтамасыз етеді.
9-бап
1. Қоймалардың қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және қоймалық куәліктерді ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қоймалардың өздері шығарған (берген) қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелерді орындамауынан, оның ішінде мүше мемлекеттерде қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қорын (қорларын) қалыптастыру немесе қоймалардың қоймалық куәліктерді ұстаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру арқылы қорғауға бағытталған ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар кешенін көздейді.
2. Мүше мемлекеттерде құрылатын қоймалық куәліктер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптарды мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі айқындайды.
3. Мүше мемлекет өз аумағында мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қоймалардың қоймалық куәліктер шығару (беру) және олардың өтелу қағидаларын, ауыл шаруашылығы өнімін сақтау қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын және ауыл шаруашылығы өнімін сандық-сапалық есепке алуды жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын бақылауды қамтамасыз етеді.
4. Мүше мемлекет мүше мемлекеттің аумағында қоймалық куәліктері шығарылатын (берілетін) ауыл шаруашылығы өнімінің сапасына сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.
10-бап
Осы Келісімге ескертулер жасауға жол берілмейді.
11-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелеріне сәйкес шешіледі.
12-бап
Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.
13-бап
Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
14-бап
Осы Келісім мүше мемлекеттердің осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ 2026 жылғы 1 маусымнан кейін күшіне енеді.
20______жылғы "_____"______________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның куәландырылған көшірмесін әрбір мүше мемлекетке жібереді.
Армения Республикасы үшін |
Беларусь Республикасы үшін |
Қазақстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін |
Ресей Федерациясы үшін |
---|
Осымен аталған мәтіннің 2023 жылғы 31 шілдеде Мәскеу қаласында:
Армения Республикасының Үкіметі үшін - Армения Премьер- Министрі Н.В. Пашинян;
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін - Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Р.А. Головненко;
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А. Смайылов;
Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті үшін - Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинетінің Төрағасы - Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.У. Жапаров;
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін - Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы М.В. Мишустин қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімнің толық және теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын.
Түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Құқықтық департаменті директорының орынбасары |
А.Д. Авдеев |
Осымен 2023 жылғы 31 шілдеде Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімнің қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі теңтүпнұсқалы мәтініне сәйкес келетінін растаймын.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |