2024 жылғы 25 наурызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы
ұлттық егемендік және сотталған адамдарды әлеуметтік қағидаттары негізінде сотталған адамдарды беру саласындағы тиімді ынтымақтастықты нығайтуға екіжақты мүдделілікті ескере отырып,
мыналар туралы уағдаласты:
1-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
1. "Үкім шығарушы тарап" өзінің соттары берілуі мүмкін немесе берілген адамды бас бостандығынан айыруға немесе бас бостандығынан айырумен байланысты басқа сот шарасына үкім шығарған мемлекетті білдіреді.
2. "Үкімді орындаушы тарап" сотталған адам жазасын немесе оның қалған мерзімін одан әрі өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген мемлекетті білдіреді.
3. "Сотталған адам" Уағдаласушы Тараптардың бірінің соты қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға немесе бас бостандығынан айырумен байланысты басқа сот шарасына үкім шығарған адамды білдіреді.
4. "Үкім" қылмыс жасағаны үшін Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің соты шығарған, белгілі бір мерзімге немесе белгіленбеген мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін жазаны немесе шараны білдіреді.
5. "Құзыретті органдар" - өздері құрылған Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес сотталған адамдарды беру туралы шешімдерді орындайтын органдар.
2-бап
Келісімнің қолданылу саласы
Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Тараптардың кез келгені Үкім шығарушы тараптың аумағында бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған адамдарға қатысты тағайындалған жазаны немесе оның жазасының қалған мерзімін өтеу үшін оларды Үкімді орындаушы тарапқа береді.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
Қазақстан Республикасы үшін - Бас прокуратура; және
Кипр Республикасы үшін - Әділет және қоғамдық тәртіп министрлігі Тараптар айқындаған орталық органдар болып табылады.
2. Орталық органдар бір-бірімен тікелей немесе егер бұл осы Келісімде көзделген болса, дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап орталық органдарға байланысты кез келген өзгеріс туралы немесе олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда әрбір Уағдаласушы Тарап электрондық байланыс құралдары арқылы да хабарлай алады.
4-бап
Беру шарттары
1. Сотталған адам мынадай шарттар сақталған кезде:
a) адам Үкімді орындаушы тараптың азаматы болса;
b) Үкім шығарушы тараптың заңнамасына сәйкес шешім түпкілікті болса;
c) беру туралы сұрау салуды алған кезде өтелуге тиісті жазаның қалған мерзімі кемінде алты айды құраса немесе үкім белгіленбеген мерзімге шығарылса;
d) сотталған адамның өзінің келісімі болса немесе егер оның физикалық немесе психикалық жай-күйін ескере отырып, Уағдаласушы Тараптардың бірі бұны қажет деп тапса, сотталған адамның заңды өкілінің келісімі болса;
e) сол үшін үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;
f) Үкім шығарушы тарап та, Үкімді орындаушы тарап та сотталған адамды беруге келіссе, берілуі мүмкін.
2. Тіпті егер жазаның қалған мерзімі алты (6) айдан аз болса да, айрықша жағдайларда Тараптар беруге уағдаласа алады.
5-бап
Беруге сұрау салу және растайтын құжаттар
1. Егер беру сұратылған және Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы беруге келіспейтінін көрсетпеген жағдайда, Үкім шығарушы тарап Үкімді орындаушы тарапқа мынадай құжаттар мен ақпаратты:
a) сотталған адамның атын, әкесінің атын, тегін, туған күні мен жерін қоса алғанда, оның деректерін;
b) егер бар болса, сотталған адамның азаматтығы туралы құжаттарды;
c) үкім негізделген фактілерді баяндау;
d) осы Келісімнің 4-бабы 1-тармағының d) тармақшасына сәйкес сотталған адам немесе оның заңды өкілі жіберген беру туралы өтінішті;
e) шығарылған үкімнің көшірмесін және қажет болған кезде құзыретті органдардың оның заңды күші туралы шешімдерін;
f) Үкім шығарушы тарап берген жазаның өтелген мерзімі, сотталған адам сотқа дейін күзетпен ұсталған кезең, кешірім, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету және жазаны өтеудің қалған мерзімі туралы құжатты;
g) егер қажет болса, сотталған адамның физикалық және психикалық жай-күйі туралы медициналық анықтаманы жібереді.
2. Егер Үкімді орындаушы тарап Үкім шығарушы тарап ұсынған құжаттар мен ақпаратты жеткіліксіз деп санаса, ол қосымша ақпарат сұрата алады және жеткізу уақытын белгілей алады.
6-бап
Үкімді орындаушы тарап ұсынатын растайтын құжаттар
Үкім шығарушы тараптың сұрау салуы бойынша Үкімді орындаушы тарап мынадай құжаттарды:
a) сотталған адамның Үкімді орындаушы тараптың азаматы болып табылатынын растайтын құжатты немесе анықтаманы;
b) Үкімді орындаушы тарапта соған байланысты үкім шығарылған әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қылмыс болып табылатынын немесе егер оның аумағында жасалған болса, қылмыс болатынын көздейтін Үкімді орындаушы тараптың заңнамасынан үзінді көшірмені;
c) осы Келісімнің 12-бабының 2-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтитын хабарламаны ұсынуға тиіс.
7-бап
Беруге келісімді растау
Үкім шығарушы тарап осы Келісімнің 4-бабы 1-тармағының d) тармақшасында көрсетілген келісімді ерікті түрде және оның құқықтық салдарын толық ұғына отырып бергеніне кепілдік беруге тиіс.
8-бап
Беру туралы сұрау салуларға жауаптар
1. Беру туралы сұрау салу бойынша немесе одан бас тарту туралы шешім осы Келісімге және тиісті Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қабылданады, осы Келісімнің 5 және 6-баптарында көрсетілген құжаттар алынғаннан кейін бір (1) ай ішінде екінші Уағдаласушы Тарапқа ол туралы жазбаша хабарланады.
2. Шешім сотталған адамға немесе мән-жайларға байланысты оның заңды өкіліне де жазбаша нысанда хабарланады.
3. Бас тартылған жағдайда шешім уәжді болуға тиіс.
4. Беру туралы шешім қабылдай отырып, Уағдаласушы Тараптар мыналарды:
a) қылмыстың сипаты мен ауырлығын;
b) жасалған қылмыстың фактілері мен мән-жайларын;
c) оңалту және әлеуметтік қайта интеграциялау мүмкіндіктерін;
d) сотталған адамның жасы мен денсаулығын;
e) сотталған адамның жеке және (немесе) отбасылық жағдайын;
f) егер қолданылатын болса, сотталған адамның жәбірленушіге залалды өтеу туралы шешімге сәйкес өз міндеттемелерін орындағанын-орындамағанын ескеруге тиіс.
9-бап
Беруден бас тарту үшін факультативтік негіздер
Егер:
a) Үкім шығарушы тарап беру өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін немесе өзінің ұлттық заңнамасын бұзады деп есептесе;
b) сотталған адам қылмыс жасау салдарынан туындаған залалды өтемесе немесе үкімге сәйкес оған салынған шығыстарды төлемесе;
c) Үкім шығарушы тарапта беруге тиіс адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса, беруден бас тартылуы мүмкін.
10-бап
Беру уақыты, орны және тәсілі
Егер беру туралы шешім қабылданған болса, Уағдаласушы Тараптар сотталған адамды беру күнін, орнын және тәсілдерін қысқа мерзімде келіседі.
11-бап
Үкім шығарушы тарап үшін берудің салдары
1. Сотталған адамды Үкімді орындаушы тарап билігінің қарауына беру Үкім шығарушы тарапта үкімнің орындалуын тоқтата тұруға алып келеді.
2. Егер Үкімді орындаушы тарап үкімді орындау аяқталды деп есептесе, Үкім шығарушы тарап үкімді орындауды жалғастыра алмайды.
12-бап
Үкімді орындаушы тарап үшін берудің салдары
1. Үкімді орындаушы тарап:
a) өзінің уәкілетті органының шешімі негізінде үкімнің орындалуын дереу жалғастырады; немесе
b) осы баптың 6-тармағына сәйкес Үкім шығарушы тарапта айқындалған жазаның орнына дәл сол қылмыс үшін Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген жазаны тағайындай отырып, сот немесе әкімшілік рәсімді қолдану арқылы үкімді осы Тараптың шешіміне өзгертеді.
2. Егер талап етілсе, Үкімді орындаушы тарап сотталған адам берілгенге дейін Үкім шығарушы тарапқа оның осы рәсімдердің қайсысын ұстанатыны туралы хабарлайды.
3. Үкімді орындау Үкімді орындаушы тараптың заңнамасымен реттеледі және осы Тарап қана барлық тиісті шешімдерді қабылдауға құзыретті.
4. Үкімді орындау жалғастырылған жағдайда, Үкім шығарушы тарап айқындаған жазаның сипаты мен ұзақтығы Үкімді орындаушы тарап үшін міндетті болуға тиіс.
5. Алайда тағайындалған жаза өзінің мазмұны немесе ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы тараптың заңнамасына үйлеспейтін болса немесе егер бұл оның заңнамасында талап етілсе, Үкімді орындаушы тарап өзінің уәкілетті органы арқылы осы үкімді осыған ұқсас қылмыс үшін өзінің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға немесе шараға сәйкес келтіре алады. Сәйкес келтірілген үкім өзінің мазмұны немесе ұзақтығы бойынша Үкім шығарушы тарап тағайындаған жазаны ауырлатпауға тиіс және Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген ең ұзақ мерзімнен аспауға тиіс.
6. Үкім өзгертілген жағдайда Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген рәсімдер қолданылады. Үкімді мойындау кезінде Үкімді орындаушы тарап:
a) Үкім шығарушы тарап шығарған сот шешімінен тікелей немесе жанама туындайтын дәрежеде фактілерге қатысты тұжырымдарды ұстануға міндетті;
b) бас бостандығынан айыруға байланысты жазалау шарасын ақшалай өндіріп алуға ауыстыруға құқылы емес;
c) бас бостандығынан айырудың сотталған адам өтеген толық мерзімін есептейді;
d) сотталған адамға жазалау шарасын қатаңдатпайды және осыған ұқсас қылмыс үшін Үкімді орындаушы тараптың заңнамасында көзделген ең төмен жазаны қолданбауға тиіс.
7. Егер сотталған адам берілгеннен кейін үкімді өзгерту жүзеге асырылса, онда Үкімді орындаушы тарап оны күзетпен ұстайды немесе осы рәсім аяқталғанға дейін оның өз аумағында болуын өзгеше түрде қамтамасыз етеді.
13-бап
Үкімнің орындалуы туралы хабар беру
Үкімді орындаушы тарап мынадай жағдайларда:
a) ол үкімді орындау аяқталды деп есептеген кезде;
b) егер сотталған адам күзетпен ұстаудан жасырынса немесе жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса; немесе
c) егер Үкім шығарушы тарап бұл туралы ақпаратты немесе арнаулы есепті сұратса, Үкім шығарушы тарапқа үкімнің орындалуына қатысты ақпаратты беруге тиіс.
14-бап
Ақпарат алмасу
Уағдаласушы Тараптар жыл сайын немесе сұрау салу бойынша Тараптардың азаматтары болып табылатын сотталған адамдар туралы ақпарат алмасады.
15-бап
Үкімнің орындалуын тоқтату
Үкім шығарушы тарап үкімнің орындалуы тоқтатылатын кез келген шешім немесе шара туралы хабарлағаннан кейін Үкімді орындаушы тарап үкімді орындауды тоқтатады.
16-бап
Шығыстар
Үкім шығарушы тараптың аумағында туындаған шығыстарды қоспағанда, осы Келісімді іске асыруға байланысты кез келген шығыстарды Үкімді орындаушы тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өтейді.
17-бап
Тілдер
1. Осы Келісімге сәйкес ұсынылған беруге арналған кез келген сұрау салу, құжаттар мен ақпарат Сұрау салушы тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс.
2. Сұрау салуларға жауаптар Сұрау салынатын тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салушы тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс.
3. Егер өтінішті сотталған адам берген жағдайда, онда оның меңгерген тілінде жасалуы және ағылшын тіліне аудармасымен қоса берілуі мүмкін.
18-бап
Құжаттардың жарамдылығы
Осы Келісімнің мақсаттары үшін бір Уағдаласушы Тараптың орталық органы жіберген, қолтаңба қойылып және елтаңбалы мөрмен бекемделген кез келген құжат екінші Тараптың аумағында одан әрі заңдастырусыз, төлнұсқалығын куәландырусыз және растаусыз пайдаланылуға тиіс.
19-бап
Кешірім жасау, рақымшылық жасау және жазаны жеңілдету
Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тарапты бұл туралы тиісті түрде хабардар ете отырып, берілген сотталған адамға қатысты кешірім жасауды, рақымшылық жасауды қолдана алады немесе жазаны жеңілдете алады.
20-бап
Сот шешімін қайта қарау
1. Үкім шығарушы тарап қана сот шешімін қайта қарау туралы кез келген арыз бойынша шешім қабылдауға құқылы.
2. Үкім шығарушы тарап осы бапқа сәйкес қабылданған кез келген шешім туралы Үкімді орындаушы тарапқа хабарлауға тиіс. Үкімді орындаушы тарап оны орындау жөнінде шаралар қабылдауға тиіс.
21-бап
Үшінші мемлекеттен транзиттеу
1. Егер үшінші мемлекетпен сотталған адамды өз аумағына немесе оның аумағынан беру туралы уағдаластыққа қол жеткізген екінші Уағдаласушы Tapaп осындай сұрау салумен жүгінсе, әрбір Уағдаласушы Тарап осы адамды өзінің аумағы арқылы транзиттік тасымалдау туралы сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қанағаттандырады.
2. Әуе көлігі пайдаланылған жағдайда және Уағдаласушы Тараптың аумағына қону жоспарланбаған кезде мұндай рұқсат талап етілмейді.
3. Сұрау салынатын тарап, егер бұл оның ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы тараптың транзит туралы өтінішхатын қанағаттандыруға тиіс.
4. Сұрау салынатын тарап:
a) егер сотталған адам Сұрау салынатын тараптың азаматы болып табылса; немесе
b) егер жаза тағайындалған қылмыс оның ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылмаса, транзиттік тасымалдауға рұқсат бермеуге құқылы.
5. Транзит туралы сұрау салулар және оларға жауаптар осы Келісімнің 3-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген арналар арқылы жіберіледі.
6. Транзит туралы сұрау салуды қанағаттандырған Уағдаласушы Тарап сотталған адамды өз аумағы арқылы транзиттеу үшін талап етілетін уақыт ішінде ғана күзетпен ұстай алады.
22-бап
Уақыт бойынша қолданылуы
Осы Келісім ол күшіне енгенге дейін де, одан кейін де Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің соттары шығарған шешімдерге қолданылады.
23-бап
Байланыс арналары
Уағдаласушы Тараптар арасындағы сотталған адамдарды беруге қатысты кез келген қатынас Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары арасында тікелей жүзеге асырылады. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көзделген байланыс арналарын да пайдалана алады.
24-бап
Дауларды шешу
Осы Келісімді түсіндіруге және іске асыруға қатысты кез келген дауларды Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары тікелей келіссөздер мен консультациялар арқылы немесе дипломатиялық арналар бойынша шешеді.
25-бап
Өзгерістер мен толықтырулар
Уағдаласушы Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және екі Уағдаласушы Тараптың заңнамасында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
26-бап
Басқа конвенциялармен және келісімдермен арақатынасы
Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушысы болып табылатын басқа да тиісті халықаралық конвенциялар мен келісімдерден туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
27-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Осы Келісімнің қолданылуы Уағдаласушы Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарлама алған күннен бастап алты (6) ай өткен соң тоқтатылады.
3. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғанға дейін бастамашылық жасаған кез келген рәсімдер толық аяқталғанына дейін жүзеге асырылады.
2024 жылғы "25" наурызда Астанада әрқайсысы қазақ, грек және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтін теңтүпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
Қазақстан Республикасы үшін | Кипр Республикасы үшін |
2024 жылғы 25 наурызда Астана қаласында қазақ, грек және ағылшын тілдерінде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің ағылшын тілінен орыс тіліне аударылған мәтіннің дәлме-дәлдігін растаймын.
Начальник Службы международно-правового сотрудничества Генеральной прокуратуры Республики Казахстан |
А. Нурахметов |