Қазақстан Республикасы 1965 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған Нәсiлдiк кемсiтушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға қосылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық
конвенция
(Нью-Йорк, 21 желтоқсан 1965 жыл)
Кіріспе
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы әрбір адамның өзіне тән адамгершілік пен теңдік принциптеріне негізделген және Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттарының бірі болып табылатын нәсілі, жынысы, тілі және дініне қарап айырмастан, барлығына бірдей жалпы құрметтілік және құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтауды дамыту мен ынталандыруға қол жеткізу үшін Ұйымға мүше барлық мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықта бірлесіп және өз бетімен іс-қимыл жасау үшін әрекет етуге міндеттелді деп санап,
Адам құқығы туралы жалпыға ортақ декларация барлық адамдар өзінің адамгершілік абыройы мен құқығы жөнінен еркін әрі тең болып дүниеге келетінін жариялайды және әрбір адам, қандай да бір ерекшелігі болмасын, нәсілі, терісінің түсі немесе ұлттық шығу тегіне айырмастан, ондағы жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарға ие болуға тиіс деп есептей отырып,
барлық адамдар заң алдында тең және қандай да бір кемсітушілік пен кемсітушілікке арандатудан заңмен қорғану бойынша тең құқыққа ие деп тауып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы отаршылдықты және онымен байланысты бөлектеу мен кемсітушіліктің іс жүзінде қай жерде және қандай түрде болмасын көрініс табуын айыптады және 14 желтоқсан 1960 ж. Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларациямен (Бас Ассамблеяның (XV) 1514-қарары) растады және бұның бәрін тез арада әрі сөзсіз тоқтату туралы салтанатты түрде жариялады деп танып,
20 қараша 1963 ж. Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы декларациясы (Бас Ассамблеяның (XVIII) қарары) барлық әлемде нәсілдік кемсітушілікті, оның барлық түрлері мен көрінулерін тездетіп жою қажеттігін салтанатты түрде растайды және жеке адамның абыройын сыйлау мен түсінуді қамтамасыз етеді деп санап,
нәсілдік ерекшелікке негізделген кез келген артықшылық теориясы ғылыми тұрғыдан алғанда жалған, моральдық жағынан ұятқа қалдыратын және әлеуметтік тұрғыдан - әділетсіз әрі қауіпті және нәсілдік кемсітушілікке еш жерде, іс жүзінде де, теорияда да ақтап алу жоқ деген сеніммен,
адамдарды нәсілі, тері түсі мен этникалық шығу тегі белгілері бойынша кемсітушілік ұлттар арасындағы достық пен бейбіт қарым-қатынастарға кедергі болып табылатынын және халықтар арасындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті, сонымен қатар тіпті бір мемлекеттің ішінде адамдардың үйлесімді өмір сүруін бұзуға әкелуі мүмкін екендігін растай отырып,
нәсілдік кедергілердің жүзеге асуы адами қоғам мұраттарына қайшы келеді деген сенімде болып,
әлемнің кейбір аудандарында әлі де болса байқалып отырған нәсілдік кемсітушіліктің көріністері, сонымен бірге нәсілдік артықшылық немесе нәсілдік өшпенділік, мысалы, апартеид, бөлектеу немесе бөлу сияқты принциптерге негізделген мемлекеттік саясатқа алаңдаушылық білдіре отырып, нәсілдер арасында өзара түсінушілікті қолдау және нәсілдік бөлектеу мен нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрінен азат халықаралық қауымдастықты құру мақсатында нәсілдік теория мен практиканы жүзеге асырудың алдын алу және жою мен нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлері мен көрінулерін тездетіп жою үшін барлық қажетті шараларды алуға батыл бел байлап,
1958 жылы Халықаралық еңбек ұйымы бекіткен Еңбек және жалдау саласындағы кемсітушілік туралы конвенциясын және 1960 жылы Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының білім беру саласында кемсітушілікті болдырмау туралы конвенциясын назарға ала отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы декларациясында баяндалған принциптерін жүзеге асыруды және осы мақсатқа жету үшін іс жүзіндегі шараларды тездетіп жүргізуді қамтамасыз етуге ниет білдіріп,
төмендегілер туралы келісті:
I-бөлім
1-бап
1. Осы Конвенцияда «нәсілдік кемсітушілік» деген сөз тіркесі қоғамдық өмірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет немесе басқа кез келген саласында адамның құқығы мен негізгі бостандығын тең түрде жүзеге асыруы немесе пайдалануын, тануды кемітуін немесе жоюын мақсат тұтқан немесе салдар еткен нәсілдік, тері түсі, тектік, ұлттық немесе этникалық шығу тегі белгілеріне негізделген кез келген айырмашылық, ерекшелік, шектеу немесе артықшылықты білдіреді.
2. Осы Конвенция қатысушы мемлекеттердің азаматтары мен азамат еместері арасында жүргізіп отырған немесе жасайтын айырмашылық, ерекшелік, шектеу немесе артықшылыққа қолданылмайды.
3. Осы Конвенцияда ешнәрсе қатысушы мемлекеттердің ұлттық қатынасына, азаматтығы немесе қол астына алынуына қатысты заңнамасының ережелеріне, егер бұндай қаулыларда белгілі бір ұлтқа қатысты кемсітушілік жүргізілмейтін болса, қандай да бір дәрежеде әсер етуші ретінде түсіндірілмеуі керек.
4. Қорғауды қажет ететін кейбір нәсілдік немесе этникалық топтардың немесе жеке тұлғалардың лайықты ілгерлеуін қамтамасыз ететін айрықша мақсатта, бұндай топтар мен тұлғаларға, оларға қажет болып қалуы мүмкін кезде, адам құқығы мен негізгі бостандықтарын тең пайдалану мен жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін ерекше шараларды қабылдау, егер бұндай шаралар өзінің артында әртүрлі нәсілдік топтар үшін ерекше құқықтар беруді көздемесе және арналған мақсаттарына жеткен кезде, олар өз күшінде қалдырылмайтын болса - бұл нәсілдік кемсітушілік болып қарастырылмайды.
2-бап
1. Қатысушы мемлекеттер нәсілдік кемсітушілікті айыптайды және кідіртпестен барлық мүмкін болар тәсілдермен нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрлерін жою саясатын жүргізуге және барлық нәсілдер арасында өзара түсіністікті қолдауға міндеттенеді және осы мақсатта:
а) әрбір қатысушы мемлекет тұлғаларға, топтарға немесе мекемелерге қатысты нәсілдік кемсітушілікпен байланысты қандай да бір акт немесе әрекет жасамауға және барлық ұлттық, сол сияқты жергілікті мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелер де осы міндеттемеге сәйкес әрекет ететін болады деп кепілдік беруге міндеттенеді;
b) әрбір қатысушы мемлекет қандай да бір тұлғалар немесе ұйымдар жүргізіп отырған нәсілдік кемсітушілікті ынталандырмауға, қорғамауға және қолдамауға міндеттенеді;
с) әрбір қатысушы мемлекет ұлттық және жергілікті ауқымда үкімет саясатын қайта қарауға, сонымен бірге нәсілдік кемсітушіліктің туындауына немесе оның бар жерінде мәңгілік сақталып қалуына жетелейтін кез келген заңдар мен қаулыларды түзету, күшін жою немесе болдырмау үшін тиімді шаралар алуға тиіс;
d) әрбір қатысушы мемлекет барлық тиісті құралдарды пайдаланып, соның ішінде жағдайға байланысты заңнамалық шараларды да, кез келген тұлғалар, топтар немесе ұйымдар жүргізіп отырған нәсілдік кемсітушілікке тыйым салуы және бұл істі аяқтауы тиіс;
е) әрбір қатысушы мемлекет тиісті жағдайларда нәсілдік кедергілерді жоюға бағытталған көпнәсілді ұйымдар мен қозғалыстарды біріктіретін және соған тең басқа да шараларды көтермелеуге, ал нәсілдік бөлінуді тереңдетуге жағдай жасайтындарын қолдамауға міндеттенеді.
2. Қатысушы мемлекеттер, жағдай соны талап еткен кезде, кейбір нәсілдік топтар немесе оларға жататын тұлғаларды қорғау және лайықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында оларға адам құқығы мен негізгі бостандықтарын толық әрі тең пайдалануына кепілдік беру үшін әлеуметтік, экономикалық, мәдени және басқа салаларда ерекше және нақты шараларды қабылдауға тиісті. Бұндай шаралар, нәтижесінде арналған мақсаттарына жеткен кезде, әртүрлі нәсілдік топтар үшін тең емес немесе ерекше құқықтардың сақталуын болдырмауы тиіс.
3-бап
Қатысушы мемлекеттер нәсілі бойынша бөлектеу мен апартеидті ерекше айыптайды және өздерінің заңдылық құзыретіндегі аумақта бұндай сипаттағы тәжірибенің алдын алуға, тыйым салуға және жоюға міндеттеледі.
4-бап
Қатысушы мемлекеттер бір нәсіл немесе тері түсі немесе этникалық шығу тегі бойынша белгілі бір топтардың артықшылығы туралы идеялар мен теорияларға негізделген немесе нәсілдік өшпенділік пен кемсітушіліктің қандай да болмасын түрін көтермелейтін немесе ақтауға тырысатын кез келген насихат пен барлық ұйымдарды айыптайды және бұндай кемсітушілікке арандатушылық немесе кемсітушілік актісінің кез келгенін жоюға бағытталған дереу әрі оңды шаралар алуға міндеттеледі және олар осы мақсатпен Адам құқығы туралы жалпыға ортақ декларациядағы принциптер мен осы Конвенцияның 5-бабында анық баяндалған құқықтарға сәйкес, басқалармен қатар:
а) нәсілдік артықшылық немесе өшпенділікке негізделген кез келген идеяны тарату, кез келген нәсілдік кемсітушілікке арандатушылық, сонымен бірге кез келген нәсілге немесе тері түсі басқа адамдар тобына немесе этникалық шығу тегіне қарсы бағытталған зорлық актілері немесе осындай актілерге арандатушылықты, сонымен қатар нәсілшілдік қызметті жүргізу үшін берілген кез келген көмекті, қаржыландыруды қосқанда, заңмен жазаланатын қылмыс деп жариялайды;
b) нәсілдік кемсітушілікті көтермелейтін және оған азғыратын кез келген ұйымды, сонымен бірге ұйымдастырылған және басқа да насихат қызметін заңсыз деп жариялайды әрі тыйым салады және бұндай ұйымдарға қатысуды немесе бұндай қызметті заңмен жазаланатын қылмыс деп таниды;
с) жергілікті және ұлттық мемлекеттік билік органдарына немесе мемлекеттік мекемелерге нәсілдік кемсітушілікті ынталандыруға немесе оған арандатуға рұқсат етпейді.
5-бап
Осы Конвенцияның 2-бабында баяндалған негізгі міндеттемелерге сәйкес қатысушы мемлекеттер нәсілдік кемсітушіліктің барлық түріне тыйым салуға және жоюға міндеттеледі және әр адамның нәсілі, терісінің түсі, ұлттық немесе этникалық шығу тегін айырмастан, әсіресе мына құқықтарды жүзеге асыруға қатысты, заң алдында тең құқықтығын қамтамасыз етеді:
а) сот және барлық сот төрелігін жүргізуші басқа органдар алдында тең құқықтығын;
b) жеке басының қауіпсіздік құқығы және үкіметтің лауазымды тұлғалары, сонымен бірге қандай да бір жеке адамдар, топтар немесе мекемелер тарапынан болған зорлық немесе дене зақымдануынан мемлекет тарапынан қорғалуға;
с) саяси құқықтар, атап айтқанда жалпы және тең сайлау құқығы негізінде сайлауда дауыс беру және өзінің кандидатурасын ұсыну, елді басқару ісіне қатысу құқығы, сондай-ақ кез келген деңгейде мемлекетті басқару ісіне, сонымен бірге мемлекеттік қызметке қол жетімділікке тең құқықты;
d) сонымен қатар басқа да азаматтық құқықтарын;
i) мемлекет аясында еркін қозғалу және мекен-жайда тұру құқығы;
ii) кез келген елді, соның ішінде өз елін де, тастап шығу және өз еліне қайту құқығы;
iii) азаматтық алу құқығы;
iv) некеге отыру және өзіне өмірлік жар таңдау құқығы;
v) жеке өзі және сол сияқты басқалармен бірігіп, мүлікті иелену құқығы;
vi) мұраға ие болу құқығы;
vii) ар-ождан және діни сенім бостандығы, ой еркіндігі құқығы;
viii) сенім-наным бостандығы және оны еркін білдіру құқығы;
ix) бейбіт жиналыс және қауымдастықтар бостандығы құқығы;
е) экономикалық және мәдени салалардағы құқықтар, соның ішінде:
i) еңбек ету құқығы, жұмысты еркін таңдау құқығы, әділ және жайлы еңбек жағдайлары, жұмыссыздықтан қорғау, тең еңбекке тең төлемақы, әділ әрі қанағаттанарлық сыйақы;
ii) кәсіби одақтар құру және оған мүше болу құқығы;
iii) тұрғын үй құқығы;
iv) денсаулық сақтау, медициналық көмек, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік қызмет ету құқығы;
v) білім алу және кәсіби дайындық құқығы;
vi) мәдени өмірге тең қатысу құқығы;
f) көлік, қонақ үйі, мейрамхана, кафе, театр және саябақтар сияқты қоғамдық пайдалануға арналған кез келген жерге және кез келген қызмет түріне құқығы.
6-бап
Қатысушы мемлекеттер өздерінің заңды құзыры жүретін әрбір адамға осы Конвенцияны бұзып, оның адамдық құқықтары мен негізгі бостандықтарына озбырлық жасалған кезде құзыретті ұлттық соттар және басқа мемлекеттік институттар арқылы осы Конвенцияны бұзуға қол сұғатын кез келген нәсілдік кемсітушілік актісі жағдайында тиімді қорғау және қорғау құралдарын, сонымен бірге бұл соттарда осындай кемсітушілік нәтижесінде келтірілген кез келген зиянды өтеуге әділ әрі барабар талап қою туралы құқықты ұсынуды қамтамасыз етеді.
7-бап
Қатысушы мемлекеттер нәсілдік кемсітушілікке жетелейтін жалған наныммен күресуге, өзара түсіністік пен төзімділікті, ұлтаралық, нәсілдік немесе этникалық топтар арасындағы достықты ынталандыру мақсатында оқыту, тәрбиелеу, мәдениет және ақпарат саласында шұғыл әрі тиімді шаралар алуға, сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы, Адам құқығы туралы жалпы декларация, Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы декларациясы және осы Конвенцияның мақсаттары мен принциптерін көпшілікке таратуға міндеттенеді.
II бөлім
8-бап
1. Жоғары моральдық қасиеттері бар және бейтарап әділдік танытуы, өз міндеттерін жеке қадір-қасиетімен орындауы тиіс өз азаматтары арасынан қатысушы мемлекеттер сайлаған 18 сарапшыдан тұратын және де географикалық жағынан әділ бөлу мен өркениет түрлерінің әр түрлі өкілдігіне, сонымен бірге басты құқықтық жүйелерге назар аударатын Нәсілдік кемсітушілікті жою жөнінде комитет (ары қарай «Комитет») құрылуы тиіс.
2. Комитет мүшелері қатысушы мемлекеттердің ұсынысы бойынша тізімге енгізілген тұлғалар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
3. Бастапқы сайлау осы Конвенция күшіне енген соң, алты айдан кейін өткізіледі. Әр жолы сайлау күніне дейін үш ай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы қатысушы мемлекеттерге хат арқылы хабарласып, оларды ұсынатын адамдарының аты-жөнін екі ай ішінде беруге шақырады. Бас хатшы тізім дайындайды, онда барлық осылайша ұсынылған тұлғалар, ұсынған қатысушы мемлекеттері көрсетіліп, әліпби тәртібімен беріледі және бұл тізімді Конвенцияға қатысушы мемлекеттерге береді.
4. Комитет мүшелерін сайлау Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде Бас Хатшы шақырған Конвенцияға қатысушы мемлекеттер мәжілісінде өткізіледі. Қатысушы мемлекеттердің үштен екісі кворумды құрайтын бұл мәжілісте көпшілік дауыс алған және Конвенцияға қатысушы мемлекеттер өкілдерінің сайлауға қатысушылары мен басы қасында болушыларының басым көпшілігінің дауысына ие болған кандидаттар Комитетке сайланған мүшелер болып танылады.
5. а) Комитет мүшелері төрт жылға сайланады. Алайда бірінші сайлауда сайланған тоғыз мүшенің уәкілеттілігі екі жылдық мерзім соңында бітеді; бірінші сайлаудан кейін бұл тоғыз мүшенің аты-жөндері тез арада Комитет төрағасының жеребе салуымен анықталады.
b) Күтпеген жерден болған бос орынды толтыру үшін сарапшысы енді Комитет мүшесі емес Конвенцияға қатысушы мемлекет, Комитет қуаттаған болса, өз азаматтары арасынан басқа сарапшыны сайлайды.
6. Қатысушы мемлекеттер Комитет мүшесінің Комитетте міндеттерін орындау кезеңіндегі шығындарын жабу үшін жауапкершілік көтереді.
9-бап
1. Қатысушы мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына қабылданған заңнамалық, сот, әкімшілік немесе басқа да осы Конвенцияның қағидаларын өмірде жүзеге асыруға көмегін тигізетін шаралар туралы баяндаманы: а) осы Конвенция бұл мемлекет үшін күшіне енгеннен кейін бір жылдың ішінде; b) артынан әрбір екі жыл сайын және бұны Комитет талап еткен әр кез сайын беруге міндеттеледі. Конвенцияға қатысушы мемлекеттерден Комитет қосымша ақпарат сұрауы мүмкін.
2. Комитет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына Бас Хатшы арқылы өзінің қызметі туралы баяндаманы ұсынады және Конвенцияға қатысушы мемлекеттерден алынған ақпарат пен баяндаманы зерделеуге негізделген жалпы ұсыныстар беруі және ой-пікірлерін білдіруі мүмкін. Бұндай ұсыныстар мен ұсынымдар, Конвенцияға қатысушы мемлекеттерден болған ескертулермен бірге, егер ондай ескертулер болса, Бас Ассамблеяға хабарланады.
Қараңыз.: Қазақстан Республикасының Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық конвенцияны орындауы туралы алтыншы және жетінші жиынтық мерзімді баяндамасы.
10-бап
1. Комитет өзінің жеке рәсім ережелерін орнатады.
2. Комитет өзінің лауазым тұлғаларын екі жыл мерзімге сайлайды.
3. Комитеттің Хатшылар алқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы арқылы қамтамасыз етіледі.
4. Комитет мәжілісі әдетте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде өткізіледі.
11-бап
1. Егер қандай да бір қатысушы мемлекет Конвенцияның ережелерін басқа бір қатысушы мемлекет орындамайды деп санаса, бұл туралы ол Комитеттің қаперіне беруі мүмкін. Одан кейін Комитет бұл хабарламаны мүдделі қатысушы мемлекетке береді. Хабарлама алған мемлекет үш айдың ішінде Комитетке бұл мәселені анықтайтын жазбалай түсініктеме береді немесе мәлімдеме жасайды және бұл мемлекеттің қабылдауы мүмкін шараларын ұсынады.
2. Егер мәселе екі тарапты да қанағаттандыратын екі жақты келіссөздер арқылы шешілмесе немесе бұндай мемлекеттің алғашқы хабарламаны алғаннан кейінгі алты ай ішінде мәселе оларға қолжетімді қандай да бір жолмен реттелмесе, онда осы екі мемлекеттің кез келгені Комитетті, сонымен бірге басқа мемлекетті тиісінше хабардар ету арқылы, бұл мәселені қайтадан Комитеттің қарауына беруге құқығы бар.
3. Комитет берілген мәселені осы баптың 2-тармағына сәйкес, халықаралық құқықтың көпшілік таныған принциптеріне сай, құқықтық қорғаудың барлық ішкі қолжетімді құралдары бұл жағдайда байқап көрілген және қолданылып болған деп анықтағаннан кейін, қарайды. Егер бұл құралдарды қолдану тым ұзаққа созылып жатқан жағдайда, бұл ереже әрекет етпейді.
4. Комитет оның қарауына берілген қандай да бір мәселе бойынша мүдделі қатысушы мемлекеттерге іске қатысты кез келген мәліметті беруге ұсыныс жасауы мүмкін.
5. Егер осы баптың ережелерінен туындайтын белгілі бір мәселе Комитеттің қарауында болса, онда мүдделі қатысушы мемлекеттер өздерінің өкілдерін осы мәселені қарау мерзіміне дауыс беру құқығынсыз Комитет мәжілісіне қатысуға жіберуге құқығы бар.
12-бап
1. а) Комитет барлық қажетті деп санаған мәліметті алып, мұқият тексергеннен кейін, Төраға бес адамнан тұратын, олар Комитет мүшелері болуы не болмауы мүмкін, арнайы келісім комиссиясын (ары қарай «Комиссия» деп аталатын) тағайындайды. Комитет мүшелері даудағы тараптардың бірауызды келісімі бойынша тағайындалады және Комиссия мүдделі мемлекеттерге Конвенцияның ережелерін сақтау негізінде осы мәселені бейбіт түрде реттеу мақсатында өзінің игі қызметтерін көрсетеді.
b) Егер дауда тараптар болып танылған мемлекеттер арасында үш айдың ішінде Комиссия мүшелерінің түгел құрамы немесе Комиссия құрамы туралы ішінара келісімге қол жеткізілмеген болса, онда тағайындалуы туралы келісімге қол жеткізілмеген Комиссия мүшелері жасырын дауыс беру арқылы үштен екі көпшілік дауысқа ие болған Комитет мүшелері құрамынан сайланады.
2. Комиссия мүшелері өз міндеттерін өз адамгершілік қасиеттеріне сай орындайды. Олар даудағы тараптар болып табылатын мемлекеттердің немесе Конвенцияға қатыспайтын мемлекеттің азаматтары болмауы тиіс.
3. Комиссия өз төрағасын сайлайды және өзінің жеке рәсім ережелерін белгілейді.
4. Комиссия отырысы әдетте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық мекемелерінде немесе Комиссия шешімі бойынша басқа кез келген жайлы орында өткізіледі.
5. Егер Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасындағы дау Комиссия құруға әкелетін болса, Конвенцияның 10-бабы 3-тармағына сәйкес қамтамасыз етілетін Хатшылар алқасы сонымен бірге Комиссияға да қызмет етеді.
6. Даудың тараптары болып табылатын мемлекеттер Комиссия мүшелерінің барлық шығындарын тең мөлшерде және Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы ұсынған сметаға сәйкес көтереді.
7. Бас хатшы осы баптың 6-тармағына сәйкес, қажет болған жағдайда, дауда тараптар болып танылған мемлекеттер оларды өтемегенге дейін, Комиссия мүшелерінің шығынын төлеуге құқығы бар.
8. Комитет алған және зерделеген ақпарат Комиссия қарамағына беріледі және Комиссия мүдделі мемлекеттерге кез келген іске қатысты мәліметті ұсына алады.
13-бап
1. Комиссия мәселені толығымен қарап болған кезде, Комитет Төрағасына тараптардың арасындағы даудың нақты жағына қатысты барлық мәселе бойынша Комиссияның қорытындысы мазмұндалған баяндама және дауды бейбіт түрде шешу үшін қажет деп тапқан ұсыныстарды дайындап беруі тиіс.
2. Комитет Төрағасы Комиссия баяндамасын дауға қатысушы мемлекеттердің әрқайсысына жіберуі тиіс. Бұл мемлекеттер үш айдың ішінде Комитет Төрағасына Комиссияның баяндамасында келтірілген ұсыныстармен келісетіні не келіспейтіні туралы хабарлауы тиіс.
3. Осы баптың 2-тармағында қарастырылған мерзім өткен соң, Комитет Төрағасы Комиссияның баяндамасын және мүдделі қатысушы мемлекеттердің мәлімдемесін басқа қатысушы мемлекеттерге жіберуі тиіс.
14-бап
1. Қатысушы мемлекет осы Конвенцияда баяндалған қандай да бір құқығын аталған мемлекеттің бұзуының құрбандығы болғандығына сендірген жеке адамдар және топтардан түскен хабарларды Комитеттің заңдылық шегінде қабылдауына және қарауына құзыреттілігі бар деп танитынын кез келген уақытта мәлімдеуіне болады.
Егер хабарлама бұндай мәлімдеме жасамаған Конвенцияға қатысушы мемлекетке қатысты болса, Комитет ешқандай хабарлама қабылдамауы тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында қарастырылған мәлімдемені жасаған кез келген қатысушы мемлекет, осы Конвенцияда баяндалған қандай да бір құқығын бұзудың құрбандығы болғандығын мәлімдеген және басқа жергілікті құқық қорғаудың қолжетімді құралдарын қолданып болған жекеленген тұлғалар мен тұлғалар тобының петициясын өзінің ұлттық құқықтық жүйесі шегінде қабылдауға және қарауға құзыреттілігі бар органды құруы немесе көрсетуі мүмкін.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жасалған мәлімдемені, сонымен бірге осы баптың 2-тармағына сәйкес құрылған немесе көрсетілген кез келген органның атауын тиісті қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының сақтауына тапсыруы тиіс, олардың көшірмесін Бас хатшы басқа қатысушы мемлекеттерге жолдайды. Мәлімдемені Бас хатшыны хабардар етіп, кез келген уақытта кері қайтарып алуға болады, бірақ бұл Комитеттің қарап жатқан хабарламасына ешқандай дәрежеде әсер етпеуі тиіс.
4. Петициялар тізімін осы баптың 2-тармағына сәйкес құрылған немесе көрсетілген орган жасайды, ал бұл тізімнің расталған көшірмесі жыл сайын тиісті арналар арқылы Бас хатшыға тапсырылады және де олардың мазмұны жария етілмеуі тиіс.
5. Егер петиция тапсырушы осы баптың 2-тармағына сәйкес құрылған немесе көрсетілген органның іс-әрекетіне қанағаттанбаған жағдайда, ол алты ай ішінде бұл мәселені Комитеттің қарауына беруге құқығы бар.
6. а) Комитет алған кез келген хабарды Конвенцияның қандай да бір ережесін бұзды деп кінә тағылған қатысушы мемлекеттің қаперіне құпия түрде береді, бірақ тиісті тұлға немесе тұлғалар тобының, ол немесе олар айқын келісім бермесе, аттары аталмайды. Комитет аноним хабарларды қабылдамауы тиіс.
b) Хабарлама алған мемлекет үш айдың ішінде Комитетке бұл мәселені анықтайтын жазбалай түсініктеме береді немесе мәлімдеме жасайды және осы мемлекет қабылдауы мүмкін шараларды ұсынады.
7. а) Комитет хабарды, мүдделі қатысушы мемлекет пен петиция тапсырушы оның қарауына берген барлық мәліметтерді ескере отырып, қарайды. Егер Комитет петиция тапсырушы барлық ішкі қолжетімді құқықтық қорғау құралдарын қолданып болғанын анықтамаса, онда ол қандай да бір петиция тапсырушы берген хабарламаның ешқайсысын қарауға тиісті емес. Алайда осы ереже, бұндай құралдардың пайдалануы тым созылып кеткен жағдайда, әрекет етпейді.
b) Комитет өзінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін, егер ондайлар бар болса, мүдделі қатысушы мемлекет пен петиция тапсырушыға жолдайды.
8. Комитет өзінің жыл сайынғы баяндамасына бұндай хабарламалардың түйінін және қажет болған жағдайда мүдделі қатысушы мемлекеттердің түсініктемелері мен мәлімдемелерінің қысқаша мазмұндамасын, сонымен бірге өзінің ұсыныстары мен ой-пікірлерін енгізеді.
9. Комитет осы бапта қарастырылған міндеттерін орындауға тек Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің ең болғанда 10 (оны) осы баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған жағдайда құзырлы.
15-бап
1. Бас Ассамблеяның 14 желтоқсан 1960 жылғы 1514(ХҮ) қарарында қарастырылған Елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларацияның мақсатына жетуіне дейін осы Конвенцияның ережелері басқа халықаралық құжаттар немесе Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның маманданған мекемелерінің күшінде бұл халықтарға берілген петиция тапсыру құқығын ешқандай түрде де шектемейді.
2. а) осы Конвенцияның 8- бабы, 2-тармағына сәйкес құрылған Комитет, петиция көшірмесін осы Конвенцияның мақсаты мен принциптеріне тікелей қатысы бар мәселелермен айналысатын Біріккен Ұлттар Ұйымы органдарынан алады және оларға қамқорлыққа алынған және өзін-өзі басқармайтын аумақ және барлық басқа аумақтар тұрғындарынан петицияны қараған кезде, оларға қатысты 1514(ХҮ) қарары қолданылатын, осы Конвенциямен қарастырылған бұл органдардың қарауындағы мәселелерге байланысты оларға осы петициялар бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын береді.
b) Комитет Біріккен Ұлттар Ұйымының құзыретті органдарынан осы Конвенцияның мақсаты мен принциптеріне тікелей қатысы бар және басқарушы ірі мемлекеттер осы тармақтың «а» тармақшасында ескертілген аумақтарда жүргізіп отырған заңнамалық, сот, әкімшілік және басқа да шараларға байланысты баяндама даналарын алады, сонымен бірге бұл жөнінде өз пікірін білдіреді және осы органдарға ұсыныстарын жасайды.
3. Комитет Бас Ассамблеяға беретін өз баяндамасына Біріккен Ұлттар Ұйымының органдарынан алынған баяндамалар мен петициялар түйінін, сонымен бірге осы баяндамалар мен петицияларға қатысты Комитеттің пікірі мен ұсыныстарын енгізеді.
4. Комитет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысынан осы Конвенцияның мақсатына қатысты және осы баптың 2-тармақшасында айтылған аумақтарға қатысты олардың қарауындағы мәліметтерді сұрайды.
16-бап
Даулар немесе шағымдарды реттеуге қатысты Осы Конвенцияның ережелері кемсітушілік саласындағы даулар мен шағымдарды шешетін Біріккен Ұлттар Ұйымының маманданған мекемелерінің негіз болатын құжаттарында немесе соңғыларының мақұлдаған конвенциясында баяндалған басқа әдістеріне зиянын тигізбей қолданылады және қатысушы мемлекеттерге олардың арасындағы қарым-қатынаста қолданылатын жалпы және арнайы халықаралық келісімдерге сәйкес дауларды шешу үшін басқа әдістерді пайдалануға кедергі келтірмейді.
III бөлім
17-бап
1. Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының кез келген мүше мемлекеті және оның маманданған мекемелерінің кез келген мүшесі, Халықаралық сот статутына қатысушы кез келген мемлекет және Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы осы Конвенцияға қатысуға шақырған кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық.
2. Осы Конвенция бекітуге жатады. Бекіту грамоталары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысында сақталады.
18-бап
1. Осы Конвенция кез келген мемлекеттің қосылуы үшін (осы Конвенцияның 17-бабы 1-тармағында көрсетілген) ашық болады.
2. Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына қосылу туралы құжатты сақтауға тапсыру арқылы жасалады.
19-бап
1. Осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға жиырма жетінші бекітілген грамота немесе қосылу туралы құжат тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны бекіткен әрбір мемлекет үшін немесе сақтауға жиырма жетінші бекітілген грамота немесе қосылу туралы құжат тапсырылғаннан кейін қосылған мемлекет үшін осы Конвенция өзінің бекітілген грамотасы немесе қосылу туралы құжаты сақтауға тапсырылғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді.
20-бап
1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Конвенцияның мүшелері немесе мүшелері болуы мүмкін барлық мемлекеттерге бекіту немесе қосылу сәтінде мемлекеттерді жасаған ескертпелерінің мәтінін алады және жібереді. Жоғарыда көрсетілген хабарламаның кез келген мемлекеті Бас хатшыға аталған ескертпені қабылдамайтыны туралы хабардар береді.
2. Осы Конвенцияның мақсаты мен міндеттеріне үйлеспейтін, сол сияқты осы Конвенцияның негіздемесінде құрылған қандай да бір органның жұмысына кедергі келтіруі мүмкін ескертпелерге жол берілмейді. Егер Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің кем дегенде үштен екісі ескертпеге қарсы сөз айтса, ескертпе үйлеспейді немесе жұмысқа кедергі келтіреді деп саналады.
3. Ескертпелер кез келген уақытта Бас хатшының атына жіберілген тиісті хабарлама арқылы алып тасталынуы мүмкін. Бұндай хабарламалар ол алынған күні күшіне енеді.
21-бап
Әрбір қатысушы мемлекет осы Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбалай хабар жібере отырып, бас тартуы мүмкін. Бас тарту бұл туралы Бас хатшы хабарламаны алған соң бір жылдан кейін күшіне енеді.
22-бап
Осы Конвенцияны түсіндіру немесе қолдануға қатысты екі немесе бірнеше қатысушы мемлекеттер арасындағы кез келген дау, осы Конвенцияда арнайы қарастырылған рәсімдер немесе келіссөздер арқылы шешілмеген болса, осы даудың кез келген тарабының талабы бойынша, егер тараптар реттеудің өзге тәсілі туралы келіспеген болса, Халықаралық соттың шешіміне беріледі.
23-бап
1. Осы Конвенцияны қайта қарау туралы талапты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жазбалай хабарлама беру арқылы кез келген қатысушы мемлекет кез келген уақытта ұсынуы мүмкін.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы осындай талапқа байланысты қандай шаралар, егер олар қажет болса, жүргізуі керек туралы шешім қабылдайды.
24-бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Конвенцияның 17-бабының 1-тармағында аталған барлық мемлекеттерге мына мәліметтерді хабарлайды:
а) 17 және 18-баптарға сәйкес қол қойылғаны, бекітілгені және қосылғаны туралы;
b) 19-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы;
с) 14, 20 және 23-баптарына сәйкес алынған хабарламалар мен декларациялар туралы;
d) 21-бапқа сәйкес бас тарту туралы.
25-бап
1. Осы Конвенция, оның ағылшын, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі сайма-сай мәтіндері Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрағатында сақталады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Конвенцияның расталған көшірмелерін Конвенцияның 17-бабының 1-тармағында аталған кез келген санатқа жататын барлық мемлекеттерге жолдайды.
Осыны растап, тиісті үкіметтерден лайықты түрде өкілеттік берілген төменде қол қоюшылар жетінші наурыз мың тоғыз жүз алпыс алтыншы жылы қол қою үшін Нью-Йоркта ашылған осы Конвенцияға қол қойды.