Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 88-тармағы негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу фактілері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияға өтініштерді беру, Еуразиялық экономикалық комиссияның оларды қарау және консультациялар өткізу тәртібі бекітілсін.
2. Мыналардың:
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу фактілері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияға өтініштерді беру және Еуразиялық экономикалық комиссияның оларды қарау тәртібі туралы" 2012 жылғы 6 қарашадағы № 210 шешімінің;
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 6 қарашадағы № 210 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2016 жылғы 12 қыркүйектегі № 104 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы
|
Т. Саркисян
|
|
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 221 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу фактілері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияға өтініштерді беру, Еуразиялық экономикалық комиссияның оларды қарау және консультациялар өткізу ТӘРТІБІ
I. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) 88-тармағының негізінде, сондай-ақ Хаттаманың 82-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.
Осы Тәртіптің мақсаттары үшін мағыналары Хаттамада белгіленген ұғымдар пайдаланылады.
2. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) басқа мүше мемлекеттің мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы шешімдерін дауласу туралы өтініштерді (бұдан әрі – бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш), мүше мемлекеттердің мемлекеттік бағалық реттеуді жаңа мерзімге енгізу (мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу мерзімін ұзарту) туралы өтініштерін (бұдан әрі – бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш) беру, Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) көрсетілген өтініштерді қарау және Комиссияның олардың қарау қорытындылары бойынша шешімдер қабылдауы, сондай-ақ бағалық реттеу мәселелері бойынша консультациялар өткізуі қағидаларын белгілейді.
3. Осы Тәртіп:
а) табиғи монополияның субъектілері көрсететін қызметтерді қоса алғанда, барлық көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік бағалық реттеу жағдайларына;
б) мемлекеттік сатып алу және тауарды түгендеу саласына;
в) мынадай тауарларды мемлекеттік бағалық реттеу жағдайларына қолданылмайды:
табиғи газ;
тұрмыстық қажеттілікке арналған сұйытылған газ;
электр және жылу энергиясы;
арақ, ликер-арақ және күштілігі 28 %-дан артық (ең төменгі баға) басқа да алкогольдік өнімдер;
тағамдық шикізаттан алынған этил спирті (ең төменгі баға);
қатты отын, жағуға арналған отын;
ядролық-энергетикалық цикл өнімдері;
тұрмыстық қажеттілікке арналған керосин;
мұнай өнімдері;
дәрілік препараттар;
темекі бұйымдары.
II. Мүше мемлекеттердің Комиссияға өтініштерді беру қағидасы
4. Мүше мемлекет басқа мүше мемлекеттің мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы шешімімен келіспейтіні туралы Хаттаманың 81 және 82-тармақтарында көзделген өтінішті Комиссияға жіберуге құқылы.
5. Мүше мемлекет бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті Комиссияға мемлекеттік бағалық реттеуді ұзарту көзделетін күнге дейін күнтізбелік 35 күннен кешіктірмей жіберуге құқылы.
6. Өтініштер беру туралы шешімді мүше мемлекет қабылдайды.
7. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініште:
а) мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы шешім туралы мәліметтер;
б) бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті жебірген мүше мемлекеттің көзқарасы бойынша осы бағалық реттеу мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін жағымсыз салдарлары төмен өзге де тәсілмен қол жеткізуге болатыныны туралы негіздемемен осы бағалық реттеу енгізілген мүше мемлекеттің аумағында (аумағының бөлігінде) бәсекелестікті шектеуге алып келеді немесе алып келуі мүмкін екендігін көрсететін мәліметтер (нарықты талдау нәтижелері, мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органдарының материалдары, шаруашылық жүргізуші субъектілердің (нарық субъектілерінің) өтініштері);
в) мемлекеттік бағалық реттеуді енгізудің күшін жою туралы талап;
г) қоса тіркелетін құжаттардың (материалдардың, мәліметтердің) тізбесі (бар болған жағдайда) көрсетіледі.
8. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішке мүше мемлекеттің пікірі бойынша оны қарау үшін қажетті құжаттар (бұдан әрі – құжаттар) қоса тіркеледі. Құжаттарды (материалдарды, мәліметтерді) ұсыну мүмкін болмаған жағдайда өтініште оларды ұсынбау себебі, сондай-ақ құжаттарды (материалдарды, мәліметтерді) алуға мүмкін болатын тұлғаны немесе органды көрсетеді.
9. Бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініште:
а) мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы шешім туралы мәліметтер;
б) осындай ұзартудың қажеттілігі негіздемесімен бұрын енгізілген мемлекеттік бағалық реттеуді ұзарту мерзімі;
в) мүше мемлекеттің пікірі бойынша бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті қарау үшін қажетті қоса тіркелген құжаттардың (материалдардың, мәліметтердің) тізбесі көрсетіледі.
10. Құжаттарда (материалдарда, мәліметтерде) қамтылған құпия ақпарат оларды Комиссияға ұсынбау үшін негіздеме қызметін атқара алмайды. Бұл ретте бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті жіберген мүше мемлекет құпия ақпаратты қамтитын құжаттардың (материалдардың, мәліметтердің) толық тізбесін көрсетуі тиіс.
Комиссияға ұсынылған құпия ақпаратты қорғау тәртібі және Алқа мүшелерінің, Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің оны жария етуге жауапкершілігін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Хаттаманың 80-тармағында көзделген халықаралық шарттар белгілейді.
11. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш және бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш, сондай-ақ оларға қоса тіркелетін құжаттар орыс тілінде толтырылуы тиіс.
12. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш мемлекеттік бағалық реттеудің қолданылуын тоқтата тұру кезеңінде берілген жағдайда өтінішті қарау осы Тәртіптің 26-тармағына сәйкес тоқтатылады.
13. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініште немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініште осы Тәртіптің 7 – 9-тармақтарында көрсетілген құжаттар (материалдар, мәліметтер) болмаған жағдайда Комиссия оны қараусыз қалдырады және бұл туралы өтінішті жіберген мүше мемлекетке Комиссияға өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде хабарлайды.
14. Комиссияға бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті беру мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы дауласатын шешімнің әрекет етуін тоқтатпайды.
III. Бағалық реттеу мәселелері бойынша консультациялар өткізу
15. Хаттаманың 81 және 82-тармақтарында көзделген негіздемелерді белгілеу мақсатында Комиссия мынадай жағдайларда:
а) мүше мемлекеттен оның мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы хабарламасының келіп түсуі;
б) бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініштің келіп түсуі;
в) жеке өзінің бастамасы бойынша (мүше мемлекеттен оның мемлекеттік бағалық реттеуді енгізуі туралы хабарлама немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш болмаған жағдайда);
г) мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша консультациялар өткізеді.
16. Консультацияларға мемлекеттік бағалық реттеуді енгізген мүше мемлекеттің өкілдері міндетті түрде қатысады.
Мемлекеттік бағалық реттеуді енгізген мүше мемлекеттің өкілі келмеген жағдайда консультацияларды өткізу кейінге қалдырылады.
Мемлекеттік бағалық реттеуді енгізген мүше мемлекеттің өкілі қайта тағы келмеген жағдайда консультациялар оның қатысуынсыз өткізіледі.
17. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі:
а) консультацияларды өткізуді ұйымдастырады (мүше мемлекеттерге консультациялардың өтетін уақыты мен орнын хабарлайды, қолда бар материалдарды консультациялар өтетін күнге дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді);
б) консультациялар өткізеді;
в) консультациялардың хаттамасын рәсімдейді;
г) консультациялар өткізілетін күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде консультациялардың хаттамасын мүше мемлекеттердің мекенжайына жібереді.
18. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі:
а) Комиссияға мүше мемлекеттің оның мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы хабарламасы келіп түскен күннен бастап;
б) Комиссияға бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап бір айлық мерзімде (қайталама консультацияларды қоспағанда) консультация өткізеді.
19. Консультациялар барысында мүше мемлекеттердің өкілдері мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін жағымсыз салдарлары аз болатын өзге де тәсілдермен қол жеткізуге мүмкін болатын (мүмкін болмайтын) материалдарды, құжаттарды, мәліметтерді, түсіндірмелерді, өзге де дәлелдерді ұсынуға құқылы.
IV. Комиссияның өтініштерді қарау қағидалары мен мерзімдері
20. Комиссия бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті және бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті Комиссияға тиісті өтініш келіп түскен күннен бастап 2 айдан аспайтын мерзімде қарайды.
Өтініштің келіп түскен күні оның Комиссияда тіркелген күні деп есептеледі.
21. Комиссияға келіп түскен бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш Комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне жетекшілік ететін Алқа мүшесіне (бұдан әрі – Алқа мүшесі) жіберіледі.
22. Алқа мүшесі Комиссияға бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде оны Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесіне тапсырады.
23. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде, оның Комиссияға келіп түскені туралы өтінішті жіберген мүше мемлекетті қоспағанда, мүше мемлекеттерге хабарлайды.
24. Комиссияның жауапты құрылымдық бөлімшесі бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде:
а) мүше мемлекеттердің мәселені мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары деңгейінде реттеуі бойынша алдын ала шаралар қабылдағанын тексереді;
б) өтінішті мәні бойынша қарайды;
в) мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу туралы шешімнің Хаттаманың 81 және 82-тармақтарына сәйкес келуін белгілейді;
г) бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш қаралған жағдайда бәсекелестікті шектеу белгілерінің болуын белгілейді, мемлекеттік бағалық реттеу бәсекелестікті шектеуге, соның ішінде нарыққа енуге тосқауылдар қоюға, осындай нарықта бір тұлғалар тобына кірмейтін шаруашылық жүргізуші субъектілердің (нарық субъектілерінің) санын қысқартуға алып келуі мүмкін не мүмкін емес екендігін анықтайды, сондай-ақ өтінішті жіберген мүше мемлекет мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін жағымсыз салдарлары аз өзге де тәсілдермен қол жеткізуге мүмкін болатынын дәлелдей алуын анықтайды;
д) бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш қаралған жағдайда ұсынылған ақпаратқа және материалдарға мерзімін ұзарту үшін негіздемелер болуы мәніне талдау жүргізеді;
е) тиісті өтінішті қарау қорытындысы бойынша Комиссия Алқасы шешімінің жобасын, сондай-ақ осы тармақтың "а" – "д" тармақшаларында көзделген талдау нәтижелерін қамтитын мемлекеттік бағалық реттеудің күшін жою қажеттілігі бар екені туралы не жоқ екені туралы Комиссия Алқасының шешімін қабылдау үшін негіздемелердің, мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу мерзімін ұзартуды келісу не бас тарту туралы мүмкіндіктің бар не жоқ екені туралы қорытындыны дайындайды.
25. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті толық және жан-жақты қарау мақсатында Алқа мүшесі тәуелсіз сарапшылардың қорытындыларын, мүше мемлекеттерден ақпарат сұратуы, мүше мемлекеттердің өкілдерінің қатысуымен жиналыстар өткізуі, құжаттарды қарау туралы мәселені Бәсекелестік саясаты, монополияға қарсы реттеу және мемлекеттік бағалық реттеу бойынша консультативтік комитеттің отырысына енгізуі мүмкін.
26. Егер өтініш Комиссия Алқасының қарауына енгізілгенге дейін мүше мемлекет енгізілген мемлекеттік бағалық реттеудің күшін жойған (тоқтатқан) жағдайда Алқа мүшесі бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті қарауды тоқтатады, бұл туралы өтініш Комиссияға келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде мүше мемлекеттерге хабарланады.
27. Комиссия Алқасының бағалық реттеудің күшін жою туралы немесе бағалық реттеудің мерзімін ұзартуды келісу туралы шешімінің жобасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінде (бұдан әрі – Регламент) белгіленген тәртіпте Комиссия Алқасына қарау үшін енгізіледі.
V. Комиссияның өтініштерді қарау қорытындысы бойынша шешімдер қабылдау тәртібі
28. Комиссия Регламенттің 68-тармағында белгіленген тәртіпке сәйкес Комиссия Алқасының бағалық реттеудің күшін жою туралы өтініш немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтініш қаралатын отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы мүше мемлекеттерге хабарлайды.
29. Регламенттің 77-бабына сәйкес кез келген мүше мемлекеттің өкілдері Комиссия Алқасының отырысында бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті қарауға қатысуға құқылы.
30. Бағалық реттеудің күшін жою туралы өтінішті немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті қарау қорытындысы бойынша Комиссия Алқасы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
а) мемлекеттік бағалық реттеудің күшін жою қажеттілігі туралы, соның ішінде мемлекеттік бағалық реттеудің мерзімін ұзартуды келісуден бас тарту туралы;
б) мемлекеттік бағалық реттеудің күшін жоюдың қажеттілігі жоқ екені туралы;
в) мемлекеттік бағалық реттеу мерзімін ұзартуды келісу туралы.
31. Комиссия Алқасының шешімінде:
өтініштің келіп түскен күні;
өтініштің мәні;
мемлекеттік бағалық реттеуді енгізген немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті жіберген мүше мемлекеттің атауы;
тиісті мүше мемлекеттің пікірі бойынша мемлекеттік бағалық реттеудің мақсатына бәсекелестік жағдайы үшін жағымсыз салдарлары аз өзге де тәсілдермен қол жеткізуге кедергі келтіретін себептер;
осы Тәртіптің 30-тармағында көзделген шешімдердің бірі көрсетілетін қарарлық бөлік;
шешімді қабылдау үшін негіздеме қызметін атқарған мән-жайлар көрсетіледі.
Комиссия Алқасы мемлекеттік бағалық реттеудің күшін жою қажеттілігі туралы шешім қабылдаған жағдайда онда мүше мемлекет мұндай бағалық реттеудің күшін жоюды қамтамасыз етуі тиіс мерзім көрсетіледі.
Комиссия Алқасы бағалық реттеудің мерзімін ұзартуды келісу туралы шешім қабылдаған жағдайда онда бағалық реттеу ұзартылуы мүмкін мерзім көрсетіледі.
32. Комиссия Алқасының бағалық реттеудің күшін жою туралы шешімді немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті қарау қорытындысы бойынша қабылданған шешімі мемлекеттік бағалық реттеуді енгізген немесе бағалық реттеуді ұзарту туралы өтінішті жіберген мүше мемлекеттің мемлекеттік билік органына шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.
33. Мүше мемлекет Комиссия Алқасының шешімімен келіспеген жағдайда Хаттаманың 89-тармағының ережелері қолданылады.