Реформалар жүргiзу кезеңiнде мемлекеттiк кәсiпорындардың
тұрақты жұмыс iстеуiн және олардың қызметiнiң коммерциялануын
қамтамасыз ету, мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру процестерiн
жеделдету экономиканың мемлекеттiк секторында басқарылудың сақталуын
қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемiн:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi
мемлекеттiк комитетi мен оның аумақтық комитеттерi мемлекеттiк
кәсiпорындар мен ұйымдарды /совхоздардан басқаларын/, өндiрiстiк
және ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiктердi /бұдан әрi - кәсiпорындар/,
сондай-ақ жабық үлгiдегi акционерлiк қоғамдарды /жарғылық капиталының
50 проценттен астамы мемлекет меншiгiндегi /ашық үлгiдегi акционерлiк
қоғамдар етiп қайта құруға кiрiссiн.
Осы Жарлыққа сәйкес шағын жекешелендiру бағдарламасына
енгiзiлген мемлекеттiк кәсiпорындар, шетелдiк инвестициялар үлестi
түрде қатысатын кәсiпорындар /бiрлескен кәсiпорындар/, мемлекеттiк
бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар, сондай-ақ жекешелендiрiлуiне
Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң
1993-1995 жылдарға арналған ұлттық бағдарламасында тыйым салынған
кәсiпорындар қайта құруға жатпайды.
Аталған жұмыс 1993 жылғы 31 желтоқсанға дейiн аяқталсын.
2. Осы Жарлыққа сәйкес құрылатын ашық үлгiдегi акционерлiк
қоғамдардың құрылтайшылары мемлекет тарапынан Қазақстан
Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi
мен оның аумақтық комитеттерi болады.
3. Кәсiпорындарды акционерлiк қоғамдар етiп қайта құруды
әрбiр кәсiпорында құрылатын жұмыс комиссиялары Мемлекеттiк
кәсiпорындарды ашық үлгiдегi акционерлiк қоғамдар етiп қайта құру
туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
Тиiстi құжаттарды әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне уақтылы тапсыру үшiн жеке
дара жауапкершiлiк кәсiпорындардың басшыларына жүктеледi.
4. Мемлекеттiк концерндерге, ассоциацияларға және мемлекеттiк
кәсiпорындардың басқа да ерiктi бiрлестiктерiне /бұдан әрi -
бiрлестiктер/ қатысушылар болып табылатын кәсiпорындар қолданылып
отырған заңға сәйкес бiрлестiктердiң ұйымдық-хұқықтық нысандарын
1993 жылғы 1 тамызға дейiн белгiлесiн, оларды ашық үлгiдегi
акционерлiк қоғамдар етiп қайта құра отырып, сонымен бiр мезгiлде
құрылтайшы кәсiпорындар олардың жарғылық қорларына қосатын
үлестiң мөлшерiн белгiлесiн.
Аталған бiрлестiктердiң балансына басқару органдары бұрын
берген мемлекеттiк мүлiктi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бiрлестiктер ашық үлгiдегi
акционерлiк қоғамдар болып қайта құрылған жағдайда жарғылық
қорға енгiзе алады. Осы Жарлыққа сәйкес құрылатын акционерлiк
қоғамдардың жарғылық қорларына мемлекеттiк кәсiпорындар мен
мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi комитеттердiң мүлiктiк үлес қосуының
тәртiбiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi
мемлекеттiк комитетi белгiлейдi.
5. Осы Жарлыққа сәйкес құрылған мемлекеттiң меншiгiндегi
акционерлiк қоғамдардың акциялары Қазақстан Республикасы
Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң келiсiмiнсiз
берiлмейдi немесе сатылмайды деп белгiленсiн.
6. Қайта құрылатын кәсiпорынның бұрын тағайындалған
әкiмшiлiгiне құрылған акционерлiк қоғам акционерлерiнiң алғашқы
жиналысы өткiзiлгенге дейiн акционерлiк қоғам Басқармасының барлық
өкiлеттiктерi жүктелiп, сол жиналыста қолданылып жүрген заңдарға
сәйкес басқару органдары сайланады.
Қайта құрылатын кәсiпорынның басшысына акционерлердiң алғашқы
жиналысына дейiн акционерлiк қоғам Президентiнiң мiндеттерi
жүктеледi.
7. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мемлекеттiк
кәсiпорындарды ашық үлгiдегi акционерлiк қоғамдар етiп қайта құру
туралы ереженi, акционерлiк қоғамның үлгi Жарғысын және
акционерлiк қоғамның Президентiмен үлгi шартты бекiтсiн.
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi
мемлекеттiк комитетi өз құзырына сәйкес осы Жарлықтың орындалуын
қамтамасыз ететiн нормативтi актiлер қабылдасын, сондай-ақ
мемлекеттiк кәсiпорындарды акционерлеу бағдарламасын әзiрлесiн.
9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi
мемлекеттiк комитетi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен
және Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi
мемлекеттiк комитетiмен бiрге екi ай мерзiм iшiнде акционерлiк
қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктерiн тiркеу жөнiндегi Орталық
бюро құрсын және осы бюро туралы ереженi бекiтсiн.
10. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi
мемлекеттiк комитетi Қазақстан Республикасының экономика
министрлiгiмен және Қазақстан Республикасының Статистика және
талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрге осы Жарлыққа
сәйкес ашық үлгiдегi акционерлiк қоғамдар етiп қайта құрылуға тиiстi
кәсiпорындардың тiзiмiн 1993 жылғы 1 шiлдеге дейiн жарияласын.
11. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Премьер-министрiнiң орынбасары, мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi
мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы Ж.С.Кәрiбжановқа жүктелсiн.
12. Осы Жарлықтың қабылдануына байланысты Қазақстан
Республикасы Президентiнiң "Материалдық өндiрiс салаларында
меншiктi мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiруге арналған
жұмысты жеделдету жөнiндегi шаралар туралы 1992 жылғы 28 сәуiрдегi
N 732 Жарлығының күшi жойылсын.
13. Осы Жарлық жарияланған сәтiнен бастап күшiне енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi