Приказ Министра юстиции Республики Казахстан от 25 февраля 2019 года № 84. Зарегистрирован в Министерстве юстиции Республики Казахстан 28 февраля 2019 года № 18352. Утратил силу приказом и.о. Министра юстиции Республики Казахстан от 28 мая 2020 года № 62.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 25 ақпандағы № 84 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 28 ақпанда № 18352 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2020 жылғы 28 мамырдағы № 62 бұйрығымен.
Ескерту. Күші жойылды – ҚР Әділет министрінің м.а. 28.05.2020 № 62 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін) бұйрығымен.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Тағылымдамадан өткен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 56 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10269 болып тіркелген, 2015 жылғы 5 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Осы бұйрықпен бекітілген Тағылымдамадан өткен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер және жеке практикамен айналысатын нотариустардан немесе мемлекеттік нотариустардан тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық әділет органдары жанында (бұдан әрі – аумақтық әділет органдары) құрылатын нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда (бұдан әрі – Комиссия) аттестаттаудан өтеді.
Комиссияның жұмыс органы аумақтық әділет органы болып табылады.
Комиссия жеті мүшеден – екі нотариустан, нотариаттық палатаның төрағасын қоса алғанда, әділет органдарының екі өкілінен, құқықтанушы ғалымнан және мәслихат депутатынан тұрады.
Комиссияның құрамына қосу үшін нотариустардың кандидатураларын аумақтық әділет органына нотариаттық палата ұсынады.
Құқықтанушы ғалымның кандидатурасын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жоғары білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындары ұсынады.
Мәслихат депутаттарының кандидатураларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары ұсынады.
Комиссия мүшелерінің бірі оның құрамынан шыққан жағдайда, ол шыққан күнінен бастап жаңа мүшесі бір айдан кешіктірілмей құрамға енгізіледі.
Аумақтық әділет органы басшысының аттестаттау комиссиясының мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Комиссия төрағасы болып табылады.
Аумақтық әділет органы Комиссияның қызметін ұйымдастыру үшін аумақтық әділет органы қызметкерлерінің ішінен Комиссия хатшысын тағайындайды.
Комиссия хатшысы комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады және отырыстардың хаттамаларын ресімдейді. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
Комиссияның дербес құрамын аумақтық әділет органдарының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі бекітеді.".
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін жолдауды қамтамасыз етсін;
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.