Приказ Министра национальной экономики Республики Казахстан от 17 марта 2021 года № 23. Зарегистрирован в Министерстве юстиции Республики Казахстан 19 марта 2021 года № 22369
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 17 наурыздағы № 23 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 19 наурызда № 22369 болып тіркелді
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) әзірлеу және бекіту (қайта бекіту) қағидаларын және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 195 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 10176 болып тiркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 13 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) әзірлеу және бекіту (қайта бекіту) қағидалары және олардың мазмұнына қойылатын талаптарда:
15-тармақта:
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"8) "Бюджеттiк бағдарламаның түпкілікті нәтижелері" деген жолда стратегиялық жоспардың, аумақтарды дамыту бағдарламасының және (немесе) бюджеттік бағдарламаның мақсатына қол жеткізуді сандық тұрғыдан өлшейтін, мемлекеттік орган қызметінің тікелей нәтижелеріне қол жеткізуге негізделген бюджеттік бағдарламаның көрсеткіштері көрсетіледі.
Егер бюджеттік бағдарлама стратегиялық жоспардың бір мақсатына сәйкес болса, онда бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесі ретінде стратегиялық жоспардың осы мақсатының нысаналы индикаторлары көрсетіледі.
Бюджеттiк бағдарламаның түпкілікті нәтижелері:
анық, айқын және нақты болуға тиiс;
бюджеттік бағдарламаның сандық көрсеткіштері мен оған қол жеткізудің нақты күнін (кезеңін) (белгілі бір уақыт аралығында, жоспарлы кезеңнің соңында, жоспарлы кезеңнің жылдары бойынша бөліністе) айқындау жолымен бюджеттік бағдарламаны іске асырудың сапалы қорытындысын көрсетуге тиіс;
мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында не аумақтарды дамыту бағдарламаларында айқындалған нысаналы индикаторлармен өзара байланысады;
абсолютті, салыстырмалы немесе пайыздық шамаларда беріледі және ақшалай мәнде көрсетіле алмайды.
Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын, тұрақты сипаттағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қызметін қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілікті нәтижелер олардың көрсеткіштерін көрсетпестен айқындалады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервтерін, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті пайдалануға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, бөлінетін бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижелері бөлінетін бюджеттік бағдарламаны бөлетін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасында көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервтерін, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті пайдалануға бағытталған бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелері осы бөлінетін бюджеттік бағдарламалар есебінен қаражат алатын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасында көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервтерін, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті пайдалануға бағытталған бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлетін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері түпкілікті нәтижелерді көрсетпейді.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі Бюджет кодексінің 31-бабының 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес айқындалатын бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға және (немесе) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына бағытталған бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілікті нәтиже көрсеткіштері қаржы-экономикалық негіздемелерге және (немесе) техникалық-экономикалық негіздемелерге сәйкес көрсетіледі;";
14) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"14) "Тiкелей нәтиже көрсеткiштерi" деген кестеде қол жеткізілуі осы функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыратын немесе қызмет көрсететін мемлекеттік органның қызметіне толық тәуелді болатын, көзделген бюджет қаражаты шегінде атқарылатын мемлекеттік функциялар, өкілеттіктер мен көрсетілетін қызметтер көлемінің санмен өлшенетін сипаттамалары көрсетіледі.
Бюджеттік бағдарламада кіші бағдарламалар болған жағдайда, бұл кесте әрбір кіші бағдарлама бойынша толтырылады.
Тiкелей нәтиже көрсеткiштерi:
есептік деректер бойынша есепті қаржы жылы, ағымдағы қаржы жылы бойынша және жылдар бойынша бөліністе жоспарлы кезеңге көрсетіледі;
объективті түрде мемлекеттік орган қызметінің нәтижелерін көрсетеді және бюджеттік бағдарлама басшысының жетекшілік ететін саласына сәйкес келеді;
бюджеттік бағдарламада көзделген бюджет қаражаты есебінен жоспарлы кезеңнің белгілі бір қаржы жылында қол жеткізу болжанатын мемлекеттік орган қызметінің барлық нәтижелерін қамтиды;
бюджеттік бағдарламаның мақсатымен өзара байланысады;
абсолюттік шамаларда көрсетіледі және салыстырмалы немесе пайыздық шамаларда, сондай-ақ ақшалай мәнде көрсетіле алмайды.
Бір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) шегінде өзара және бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) арасында тікелей және түпкілікті нәтижелердің өзара қайталануына жол берілмейді.
Бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервтерін, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті пайдалануға бағытталған бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижелері бөлінетін бюджеттік бағдарламалар есебінен қаражат алатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларында көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервтерін, Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резервті пайдалануға бағытталған бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлетін бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тікелей нәтижелер көрсеткіштерін көрсетпейді.
Жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы даму трансферттері және (немесе) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына бағытталған бюджеттік кредиттер есебінен іс-шараларды іске асыруға бағытталған жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштері жергілікті бюджеттік инвестициялар бөлінісінде көрсетіледі.
Бюджет қаражаты есебінен бірлесіп қаржыландыруды көздейтін бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша тікелей нәтижелер нысаналы трансферттерді аударатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі айқындаған қарыз шарттарының, гранттар туралы келісімдердің, жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландырудың талаптарына сәйкес айқындалады.
Бюджет кодексінің 46-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес төмен тұрған бюджеттердің кірістері бойынша шығындарды өтеуге бағытталған нысаналы ағымдағы трансферттерді қоспағанда, нысаналы ағымдағы трансферттерді беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштері төмен тұрған бюджеттердің бөлінісінде көрсетіледі.
Жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы даму трансферттерін және (немесе) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына бағытталған бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштерінде төмен тұрған бюджеттер бөлінісінде бюджеттік инвестициялардың жалпы саны көрсетіледі.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі Бюджет кодексінің 31-бабының 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес айқындалатын бюджеттік бағдарламаларды қоспағанда, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға және (немесе) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына бағытталған бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштері қаржы-экономикалық негіздемелерге және (немесе) техникалық-экономикалық негіздемелерге сәйкес көрсетіледі;";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Стратегиялық жоспарлар әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері:
ағымдағы қаржы жылының 15 наурызына дейінгі мерзімде ведомстволық бюджет комиссиясы мақұлдаған бюджеттік бағдарламалардың жобаларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға;
15 мамырға дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындылары ескеріле отырып пысықталған бюджеттік бағдарламалардың жобаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдар бюджеттік бағдарламалардың жобаларын Бюджет кодексінің 68-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қарайды.
Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік бағдарламалар жобаларын ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері осы Қағидалардың 16-1-тармағына сәйкес аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарына ұсынылатын, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерінен қаржыландырылатын жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар жобаларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органдарға ұсынады.".
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Бюджет саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Иргалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі