"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мемлекеттік мекемелер жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2020 жылғы 3 қарашадағы № 17 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 1 маусымдағы № 254 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік мекемелерінің жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 3 қарашадағы № 17 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мемлекеттік мекемесінің жарғысы;";

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы (С.Д. Шәріпханов) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор
Ю. Ильин

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар
министрлігінің
01.06.2021 жылғы
№ 254 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар
министрлігінің
2020 жылғы 3 қарашадағы
№ 17 бұйрығына
1-қосымша

"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мемлекеттік мекемесінің ЖАРҒЫСЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Академия) жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің түрі: республикалық.

      3. Академия "Көкшетау техникалық институты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 15 ақпандағы № 243 қаулысына сәйкес құрылды.

      4. Академияның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан мемлекет болып табылады.

      5. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ оған байланысты Академияның мүлкіне қатысты құқық субъектісінің қызметтерін жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) болып табылады.

      6. Академияның атауы:

      мемлекеттік тілде: "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мемлекеттік мекемесі;

      орыс тілінде: государственное учреждение "Академия гражданской защиты имени Малика Габдуллина Министерства по чрезвычайным ситуациям Республики Казахстан".

      7. Академияның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 020000, Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Ақан сері көшесі, 136 - үй.

2-тарау. Академияның заңды мәртебесі

      8. Академия мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап құрылды деп есептеліп, заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.

      9. Академия Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы жазылған бланкілері, мөрлері болады.

      Академияда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі бар мөрдің үш түрі пайдаланылады:

      шеңбер аясы бойымен "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік тілдегі мәтіні бар және государственное учреждение "Академия гражданской защиты имени Малика Габдуллина Министерства по чрезвычайным ситуациям Республики Казахстан" орыс тіліндегі мәтіні бар № 1 мастикалық мөр Академия бастығы немесе оны алмастыратын тұлға қол қоятын құжаттарға, шешімдерге, өкімдерге қойылады;

      шеңбер аясы бойымен "ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мәтіні бар № 2 мастикалық мөр Академия қызметкерлерінің және күндізгі оқу факультеті курсанттарының қызметтік және марапаттау куәліктеріне қойылады;

      шеңбер аясы бойымен "ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы" мәтіні бар № 3 сүргіш мөрі ант қабылдаған тұлғалардың тізімі сақталатын ерекше папкаларға қойылады.

      10. Академия басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

      11. Академия өзінің міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауап береді.

      12. Академияның Азаматтық-құқықтық мәмілелері, олардың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде тіркелгеннен кейін күшіне енеді.

      13. Академия Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 24 қазандағы № 541 бұйрығымен бекітілген Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік білім беру мекемелерінің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларына сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынуға құқылы.

3-тарау. Академия қызметінің мәні мен мақсаттары

      14. Академия қызметінің мәні ғылым мен практика жетістіктері, ұлттық және қоғамдық құндылықтар негізінде (оның ішінде ақылы негізде) жеке тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуына бағытталған жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, қосымша кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады.

      15. Академия қызметінің мақсаты:

      1) таңдаған кәсіби қызметінде жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіптік білім алу арқылы тұлғаның зияткерлік және адамгершілік дамуына қажеттіліктерін қанағаттандыру;

      2) азаматтық қорғау саласындағы кең бейінді мамандарды даярлау;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес мамандарды даярлауды қамтамасыз ететін оқу-әдістемелік база құру, қажетті оқулықтар топтамасын, оқу құралдарын, анықтамалар, сөздіктер, альбомдар, сызбалар мен оқу әдебиеттерінің басқа да түрлерін дайындау және басып шығару;

      4) оқытудың жаңа технологияларын және оқу процесін ақпараттандыруды енгізу болып табылады.

      16. Мақсатқа жету үшін Академия мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:

      1) тиісті мамандық (білім беру бағдарламасы) бойынша "бакалавр" дәрежесін бере отырып, жоғары білім бағдарламасы (күндізгі оқу нысаны бойынша, сондай-ақ қашықтықтан білім беру технологияларын (бұдан әрі - ҚБТ) қолдана отырып оқыту;

      2) тиісті мамандық (білім беру бағдарламасы) бойынша "бакалавр" дәрежесін бере отырып, жоғары білім бағдарламасы (күндізгі оқу нысаны бойынша) бойынша шарттық негізде басқа мемлекеттер үшін оқыту;

      3) тиісті мамандық (білім беру бағдарламасы) бойынша "магистр" дәрежесін бере отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқыту;

      4) философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін бере отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша оқыту;

      5) қазіргі заманғы талаптарға сай келетін кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған (оның ішінде ақылы негізде) қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыру;

      6) азаматтық қорғау проблемалары және заңнаманы жетілдіру бойынша нысаналы арнайы ғылыми зерттеулер (оның ішінде ақылы негізде) жүргізу.

      Академияның өзінің осы Жарғыда бекітілген қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметін жүзеге асыруына, сондай-ақ мәмілелер жасауына тыйым салынады.

      17. Академия қызмет мақсаттарына, Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына қайшы не басшының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның, прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      18. Академия басшысының жарғыға сай емес қызметті жүзеге асыруына бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылады және тәртіптік, сонымен қатар, материалдық жауапкершілік шараларын қолдануға әкеліп соғады.

4-тарау. Академияның білім беру процесін ұйымдастыру

      19. Академия қолданыстағы нормативтік талаптармен бекітілген Білім беру бағдарламаларының тізбесіне сәйкес жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша кәсіптік білім берудің (бастапқы оқыту, қайта даярлау және біліктілікті арттыру) негізгі білім беру кәсіптік бағдарламаларын іске асырады. Білім беру бағдарламаларының осы тізбесі өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

      20. Академияға қабылдау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      21. Академия мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарынан тыс ақылы негізде мынадай тауарларды (жұмыстарды және қызметтерді) ұсынады:

      1) қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру;

      2) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру;

      3) ғылыми зерттеулер жүргізу;

      4) оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу және (немесе) іске асыру;

      22. Академия білім беру қызметіне сәйкесінше лицензиясы бар болған жағдайда ғана білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабылдауды жариялайды.

      23. Оқуға кандидаттардың Академия аумағында болу тәртібі мен шарттары, күн тәртібі және олардың қызмет уақытының регламенті, сондай-ақ олардың ішкі тәртіпті сақтауы жөніндегі талаптар, белгіленген талаптар бұзылған жағдайда тәртіптік ықпал ету шаралары Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі нормативтік құқықтық актілерімен және Академия бастығының бұйрығымен жыл сайын оқуға түсу емтихандары кезеңінде оқуға түсушілердің санаттары бойынша жеке-жеке анықталады.

      24. Академияда мынадай санаттағы адамдар оқиды:

      1) курсанттар - тиісті мамандық бойынша жоғары білімнің (бакалавриат) білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанында және ҚБТ қолданумен оқитын адамдар;

      2) магистранттар - тиісті мамандық бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары (магистратура) бойынша білім алатын тұлғалар;

      3) докторанттар - тиісті мамандық бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары (докторантура) бойынша білім алатын тұлғалар.

      4) тыңдаушылар - қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқитын тұлғалар;

      25. Күндізгі оқу нысанындағы курсанттар, магистранттар, докторанттар үшін оқу жылы академиялық күнтізбемен белгіленген мерзімде басталады және аяқталады.

      26. ҚБТ қолдана отырып білім алушылардың курсанттары үшін оқу жылының басы тиісті оқу жылына оқу процесінің кестесіне сәйкес анықталады.

      27. Мамандықтар бойынша білім беру процесінің мазмұны және оны игеру мерзімдері білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарымен айқындалады.

      28. Академияда оқу үдерісін ұйымдастыру білім беру бағдарламаларының тізбесіне, тиісті деңгейдегі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, академиялық күнтізбеге, білім беру бағдарламаларының үлгілік жоспарларына, пәндер бойынша үлгілік және жұмыс оқу бағдарламаларына, тиісті академиялық кезеңге әрбір оқу нысаны үшін оқу сабақтарының кестелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Академияның оқу қызметінің құрылымы оқу жоспарлары (үлгілік, жеке, жұмыс) және кәсіптік оқу бағдарламалары, оқу жүктемесінің көлемі, академиялық кезеңдердің ұзақтығы, академиялық сабақтардың түрлері, оқу материалының көлемі негізінде қалыптастырылады.

      29. Білім беру процесі, білімді ағымдағы бақылау жүйесі, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау, оларды Академияда кредиттік оқыту технологиясы бойынша өткізу нысаны мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Оқытудың кредиттік технологиясын пайдалану кезінде мынадай негізгі оқу жұмыс түрлері белгіленген: дәрістер, семинарлар, курстық жұмыстар (жобалар), практикалық және зертханалық жұмыстар, студиялық сабақтар, өндірістегі практика, кәсіптік практика, дипломдық жұмыс (жоба), өзіндік жұмыс, оның ішінде оқытушының басшылығымен жүргізіледі.

      30. Қорытынды аттестаттау Министрлік бекітетін білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау қағидалары негізінде әр деңгейдегі білім беру бағдарламаларының талаптарымен анықталған нысандар бойынша жүргізіледі.

      31. Аудиториялық сабақтардың барлық түрлері үшін академиялық сағат ұзақтығы кемінде 40 минут болып белгіленеді.

      32. Жоғары және кәсіптік білім беру бағдарламасын меңгеру түлектердің міндетті қорытынды аттестациясымен аяқталады.

      33. Курсант, магистрант, докторант, тыңдаушы мынадай жағдайларда Академиядан оқудан шығарылуы мүмкін:

      1) өз қалауы бойынша;

      2) денсаулық жағдайы бойынша (әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде);

      3) басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты;

      4) үлгерімнің ауысу балын (GPA) алмаған немесе белгіленген мерзімде академиялық қарызды жоймаған курс бағдарламасын орындамағаны, сондай-ақ академиялық адалдық қағидаттарын бұзғаны үшін;

      5) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін;

      6) құқық қорғау органының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін;

      7) жарғыдан тыс өзара қарым-қатынас ретінде жіктелетін, сол сияқты ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге немесе жәбірленушіні қорлауға байланысты не зорлық-зомбылықпен ұштасқан іс-әрекеттер жасағаны үшін;

      8) оқу орнының орналасуын өз бетімен қалдырғаны, сол сияқты каникулдық демалыстан кейін оқу орнына дәлелсіз себептермен келмегені, Академия орналасқан жерден, оқу, өндірістік немесе диплом алдындағы практикадан босатылғаны үшін (күндізгі оқу курсанттары үшін);

      9) Академияға келу кестесіне сәйкес оқу орнына дәлелсіз себептермен келмегені үшін (ҚБТ қолдана отырып білім алушылардың курсанттары үшін);

      10) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы байланысты;

      11) келісім-шарттың бұзылуына не мерзімінің аяқталуына байланысты;

      12) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты;

      13) білім алушының заңнамада белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеткен немесе әрекетке қабілетсіз деп танылуына байланысты;

      14) азаматтық қорғау органдарынан босатылуына байланысты шығарылуы мүмкін (ҚБТ қолданумен білім алушылардың курсанттары үшін).

      Азаматтық қорғау органдарынан босатылған ҚБТ қолданумен білім алушылардың соңғы курсының курсанттарына мынадай жағдайларда оқуды аяқтауға рұқсат етіледі:

      штат қысқарған кезде;

      ауруына байланысты немесе денсаулықтың шектеулі жағдайы бойынша;

      өз еркі бойынша.

      ҚБТ қолдану арқылы оқитын курсанттарға, арнайы әскери атақтары жойылған магистранттарға, докторанттарға Академияда оқуды жалғастыруға рұқсат етіледі.

      34. Академия күндізгі оқу бөлімінің курсанттарымен олардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен), ҚБТ қолданумен білім алушылармен, магистранттармен, докторанттармен қарым-қатынасы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      35. Академияда озық педагогикалық және ақпараттық технологияларды, жеке оқыту және өз бетімен білім алу құралдарын, Министрліктің бөлімшелерінің практикалық қызметімен байланысты нығайтуды игеру есебінен мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған оқу-әдістемелік жұмыстар жүргізіледі.

      36. Академия білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа мынадай жолмен қатысады:

      1) курсанттардың, магистранттардың, докторанттардың, адъюнкттердің, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен екі жақты және көп жақты алмасу бағдарламаларына қатысу;

      2) бірлескен ғылыми зерттеулер, сондай-ақ конгрестер, конференциялар, симпозиумдар және басқа да іс-шаралар өткізу;

      3) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру;

      4) профессорлық-оқытушылар құрамның біліктілігін және өзге де халықаралық ынтымақтастыққа байланысты қызметті арттыру;

      37. Академия әскери қызмет өткеретін адамдар, сондай-ақ "6В12191 - Азаматтық қорғаныстың командалық тактикалық күші" білім беру бағдарламасы бойынша оқитын курсанттар "Азаматтық қорғау туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген мәртебеге ие және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады. Академияда әскери қызмет өткеру тәртібі Қазақстан Республикасының Әскери қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Күндізгі оқу нысанындағы курсанттарға Академия бастығының жеке құрамның тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйымдарымен келісілгеннен кейін белгіленген үлгідегі әскери билет беріледі.

      38. Академия, сондай-ақ Академия бағыттауы бойынша шетел мемлекеттерінің білім беру ұйымдарында оқып жатқандар тәртіпсіздік, үлгермеушілік бойынша, сондай-ақ өз еркі бойынша оқудан шығарылған болса, олар оқу барысында оқуына, стипендия төлегенге, тамақтануына, киім-кешегіне, сондай-ақ демалыс кезінде оқу орнына барып-келуіне жұмсалған бюджеттік құралдарды мемлекетке қайтаруға міндетті. Ұсталып қалуға жататын сома, білім беру ұйымында болудың әр толық айына пропорционалды есептеледі.

      39. Академия ғылыми кеңесінің шешімі және Төтенше жағдайлар министрлігімен келісім бойынша 3-ші және 4-ші курс курсанттарына орнатылған күн тәртібін ескере отырып, Академиядан тыс жерде тұруға рұқсат етіледі. Академиядан тыс жерде курсанттардың тұру тәртібі Академиямен орнатылады.

      40. Жоғары академиялық үлгерімі бар, оқуда жақсы көрсеткіш көрсеткен, Академияның ғылыми, қоғамдық және спорт өміріне белсенді қатысқан курсанттарға марапат ретінде жазғы демалысқа күндер қосылып беріледі. Қосымша күндердің санын Академияның Ғылыми кеңесі шешеді.

      41. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Академияны күндізгі оқу түрі бойынша бітірген түлектерге "Азаматтық қорғау лейтенанты" арнаулы атағы, ал әскери мамандықтар бойынша оқып жатқан курсанттарға "лейтенант" әскери атағы беріледі.

5-тарау. Академияны басқару

      42. Академияны жалпы басқаруды Министрлік жүзеге асырады.

      43. Министрлік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ретпен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Академияға мүлікті бекітіп береді;

      2) Академияның жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      3) мемлекеттік мекеме мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      4) Академия жарғысын бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

      5) Академияның құрылымы мен шекті штаттық санын бекітеді;

      6) Академия басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны лауазымынан босату негіздерін айқындайды;

      7) Академия басшысының ұсынымы бойынша оның орынбасарын (орынбасарларын) лауазымға тағайындауды келіседі;

      8) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;

      9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға, Академияға берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар сатып алған мүлікті алуға немесе қайта бөлуге келісімін береді;

      10) Академияның филиалдар мен өкілдіктер құруына келісімін береді;

      11) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

      12) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағындағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін Академияның жеке құрамын (әзірлігі жоғары жедел бөлімше) тартады

      44. Академияны Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті бастығының ұсынысы бойынша және Министрліктің жетекшілік ететін орынбасарының келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын бастық басқарады.

      45. Академия бастығы Академия жұмысын ұйымдастырады және басқарады, Академияға жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауап береді.

      46. Академия бастығы дара басшылық қағидатымен әрекет етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен анықталатын оның құзыретіне сәйкес Академия қызметінің мәселелерін өз бетімен шешеді.

      47. Академия бастығы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Академия қызметін жүзеге асырғанда:

      1) Академия атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) мемлекеттік органдарда, басқа ұйымдарда Академияның мүддесін қорғайды;

      3) шарттар жасайды;

      4) сенімхаттар береді;

      5) іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту, қызметкерлердің біліктілігін арттырудың басқа да түрлері бойынша Академия жоспарларын бекітеді;

      6) банк шоттарын ашады;

      7) барлық қызметкерлер міндетті орындауы үшін бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) Академия номенклатурасына кіретін қызметкерлерді жұмысқа қабылдайды және жұмыстан шығарады;

      9) Азаматтық қорғау органдарының қатардағы және кіші басқарушы құрамдағы тұлғаларға алғашқы және кезекті арнаулы атақтарды, әскери атақтарды сарбаз және сержанттық құрамға (оның ішінде қайта аттестаттау тәртібінде), орта басқарушы құрамның тұлғаларына азаматтық қорғау органдарының капитаны атағын қоса кезекті арнаулы атақтарды, офицерлік құрамның әскери міндеттілеріне подполковник атағын қоса кезекті әскери атақтарды бере алады;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте Академия қызметкерлерін ынталандыру шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      11) Академия қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттігі шеңберін айқындайды;

      12) бағынысты құрылымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзылушылығының әрбір жасалған фактісі бойынша дербес жауап береді;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      48. Академияны басқарудың Алқа органы Ғылыми кеңес болып табылады, оның құзыреті, жұмысының ұйымдастырылуы және шешімдер қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.

6-тарау. Академия мүлкінің қалыптасу тәртібі

      49. Академия мүлкін заңды тұлғаның активтері құрайды, олардың құны оның теңгерімінде көрсетіледі. Академия мүлкі:

      1) оған меншік иесі берген мүліктің;

      2) жарғылық қызмет нәтижесінде сатып алынған мүліктің;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражат көздерінің есебінен қалыптастырылады.

      50. Академия өзіне бекітілген мүлікті оған қаржыландыру жоспарымен бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

      51. Егер Академияға Қазақстан Республикасының заңдарымен Академияға табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілетін болса, онда осындай қызметтен алынған қаражат мемлекет бюджетіне аударуға жатады.

      52. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен қосымша қаржыландыру көзі бекітілмесе, Академия қызметі республикалық бюджет қаражатымен қаржыландырылады.

      53. Академия бухгалтерлік есепті жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есеп ұсынады.

      54. Академияның қаржы-шаруашылық қызметін тексеруді және ревизияны Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте Министрлік және/немесе уәкілеттік органдар жүзеге асырады.

7-тарау. Академиядағы жұмыс тәртібі

      55. Академияның жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

8-тарау. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      56. Академияның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Министрліктің шешімі бойынша жүзеге асыралады.

      57. Академияның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аумақтық әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтеді.

9-тарау. Академияны қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

      58. Академияны қайта ұйымдастыру және тарату Үкіметтің шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      59. Таратылған Академияның кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.

      60. Таратылған Академияның ақшасы кредит берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлікті өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі

10-тарау. Қорытынды ережелер

      61. Осы Жарғы Академияның құрылтай құжаты болып табылады, Министрлікпен бекітіледі.

      62. Осы Жарғымен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады