Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 12 сәуірдегі № 32 шешімі.

      Кеден одағының Кеден кодексі 64-бабының 5-тармағына және 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің 11-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 12 сәуірдегі
№ 32 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану ТӘРТІБІ I. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану жағдайын, 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 4-бабында белгіленген әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдісті (1-әдіс) қолданудың ерекшеліктерін, тауарлардың кедендік құнын декларациялау және бақылау тәртібін, кедендік баждарды, салықтарды есептеу мен төлеудің ерекшеліктерін айқындайды.

      2. Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану кезінде:

      а) тауарларды кедендік декларациялау кезінде – тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы;

      б) тауарлар шығарылғаннан кейін – тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы мәлімделеді.

      3. Келісімнің 4-бабының 1-тармағында көзделген шарттар сақталған кезде, әкелінетін тауарлар ішкі тұтынуға арналған кедендік шығару рәсімімен орналастырылатын болса және оған сәйкес тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылатын сыртқы экономикалық шарт (келісімшарт) (бұдан әрі – сыртқы экономикалық шарт) талаптарына сәйкес осы тауарлар үшін төленуге жататын тіркелген баға белгіленбесе, бірақ бұл ретте тауар бағаларының биржалық бағаларға (биржалық котировкаға, биржалық индекстерге) тәуелділігі және сыртқы экономикалық шарт тараптарымен келісілген, тауарлар декларациясы тіркелген күннен кейінгі нақты күнге осы сыртқы экономикалық шартта белгіленген биржалық бағалар (биржалық котировкалар, биржалық индекстер) бойынша тауарлардың бағаларын есептеу тәртібі (алгоритм, формула) белгіленген жағдайда, тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдануға жол беріледі.

      4. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындауды және мәлімдеуді сыртқы экономикалық шарттың талаптарына сәйкес тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындауға және мәлімдеуге мүмкіндік беретін, құжатпен расталған мәліметтер алынуға тиіс мерзімге кейінге қалдыруға жол беріледі. Бұл ретте тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындау және мәлімдеу мерзімі тауарлар декларациясы тіркелген күннен бастап 2 айдан аспауға тиіс.

II. Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдісті қолдану ерекшеліктері (1-әдіс)

      5. Тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы Келісімнің 4-бабына сәйкес тауарлар декларациясы тіркелген күнге неғұрлым жақын күндегі биржалық бағалар (биржалық котировкалар, биржалық индекстер) негізінде, сыртқы экономикалық шартта белгіленген есептеу тәртібі (алгоритм, формула) негізге алына отырып айқындалады.

      6. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы әкелінетін тауарлар үшін нақты төленген немесе төлеуге жататын, сыртқы экономикалық шартта белгіленген күнгі биржалық бағалар (биржалық котировкалар, биржалық индекстер) негізінде есептелетін баға негізінде айқындалады.

      7. Тауарлардың кедендік құнының алдын ала және дәл шамасын есептеу үшін пайдаланылатын мәліметтер құжатпен расталуға тиіс.

III. Тауарлардың кедендік құнын декларациялау

      8. Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану кезінде әкелінетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 376 шешімімен бекітілген Тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібіне (бұдан әрі –Декларациялау тәртібі) сәйкес мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Осы Тәртіптің 5-тармағына сәйкес айқындалған тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын декларант (кеден өкілі) ДТС-1 нысаны (бұдан әрі – ДТС-1) бойынша кедендік құн декларациясында және тауарлар декларациясында мәлімдейді.

      Тауарларға декларацияның 43-бағанының бірінші кіші бөлімінде Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 378 шешімімен бекітілген Кедендік құнды айқындаудың әдістер сыныптамасына сәйкес тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау коды көрсетіледі.

      Тауарлар декларациясының 43-бағанының бірінші кіші бөлімінде декларанттың (кеден өкілінің) тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау кодын көрсетуі декларанттың (кеден өкілінің) тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану туралы мәлімдеуі болып табылады.

      Бұл ретте ДТС-1 "Қосымша деректер" бағанында декларант (кеден өкілі) осы Тәртіптің 4-тармағына сәйкес айқындалған, тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеу мерзімін көрсетеді.

      Декларант (кеден өкілі) тауарлардың кедендік құнының мәлімделген алдын ала шамасын растау үшін Декларациялау тәртібіне № 1 қосымшада көзделген құжаттарды, соның ішінде осы Тәртіптің 5-тармағының ережелері ескеріле отырып, солардың негізінде тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын есептеу жүргізілген құжаттарды ұсынады.

      9. Осы Тәртіптің 14-тармағына сәйкес белгіленген мерзім өткенге дейін декларант (кеден өкілі) тауарлардың кедендік құнының дәл шамасының есеп-қисабымен бірге кеден органына тиісті түрде толтырылған ДТС-1 және қажет болған кезде тауарларға декларацияны түзетуді, сондай-ақ тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын есептеу үшін пайдаланылатын құжаттарды ұсына отырып, тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеуге міндетті. Бұл ретте декларант (кеден өкілі) кеден органына тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын декларациялау кезінде бұрын ұсынған құжаттар қайтадан ұсынылмайды.

IV. Тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын бақылау

      10. Тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын бақылау кезінде кеден органы:

      а) Келісімнің 4-бабының 1-тармағында көзделген талаптардың сақталуын;

      б) сыртқы экономикалық шарт талаптарының осы Тәртіптің 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін;

      в) тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын айқындаудың дұрыстығын, соның ішінде осы Тәртіптің 5-тармағына сәйкес тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын айқындау үшін ақпаратты таңдау дұрыстығын және оның құжатпен расталуын тексереді.

      11. Егер тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын бақылауды жүргізген кезде кеден органы:

      а) Келісімнің 4-бабының 1-тармағында көзделген талаптар сақталмағанын;

      б) сыртқы экономикалық шарт талаптары осы Тәртіптің 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтінін;

      в) осы Тәртіптің 5-тармағына сәйкес жүргізілген есептеулерді растайтын құжаттар ұсынылмағанын;

      г) тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтердің ықтимал анық еместігі туралы не мәлімделген мәліметтер тиісті түрде (құжатпен) расталмағаны (нақты мәліметтердің болмауы тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолданудың себебі болатын жағдайларды қоспағанда) туралы куәландыратын белгілер бар екенін анықтаса, тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімі қолданылмай 1-әдіс бойынша мәлімделген тауарлардың кедендік құны ретінде қаралады.

      12. Осы Тәртіптің 11-тармағында көрсетілген жағдайларда тауарлардың кедендік құнын бақылау Кеден одағы Комиссиясының
2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 376 шешімімен бекітілген Тауарлардың кедендік құнын бақылау тәртібіне (бұдан әрі – Бақылау тәртібі) сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Егер кеден органы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын бақылауды жүргізген кезде тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы туралы анық емес мәліметтерді, соның ішінде тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын айқындау үшін ақпарат дұрыс таңдап алынбағанын анықтаса, кеден органы Бақылау тәртібіне сәйкес тауарлардың кедендік құнын түзету туралы шешім қабылдайды.

      Егер тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын түзету кезінде Келісімнің 6 – 10-баптарында белгіленген тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістері (2 – 6-әдістер) қолданылса, тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімі қолданылмайды.

      Егер тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын түзету кезінде 1-әдіс қолданылса, тауарлардың кедендік құнының түзетілген алдын ала шамасы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы болып табылады.

      14. Осы Тәртіптің 3 – 5, 7, 8-тармақтарында белгіленген талаптар сақталған кезде кеден органының лауазымды адамы "Кеден органының белгілеріне арналған" деген жолда және ДТС-1 барлық қосымша парақтарында "Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын айқындау ____ дейін кейінге қалдырылды" деген белгі қояды және осы Тәртіптің
4-тармағына сәйкес тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеу мерзімін белгілейді.

      Бұл ретте тауарлардың кедендік құнына қатысты шешім қабылданбайды.

V. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын бақылау

      15. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын бақылау кезінде кеден органы:

      а) әкелінетін тауарлар үшін нақты төленген немесе төлеуге жататын, сыртқы экономикалық шартта белгіленген күнгі биржалық бағалар (биржалық котировкалар, биржалық индекстер) негізінде есептелетін бағаның ДТС-1 есеп-қисабының дұрыстығын;

      б) тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын есептеу үшін пайдаланылатын мәліметтерді декларанттың (кеден өкілінің) құжатпен растауын;

      в) тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасынан өзгеше болған жағдайда, тауарлар декларациясын түзету нысанының толтырылуының дұрыстығын тексереді.

      16. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын бақылау нәтижелері бойынша декларант (кеден өкілі) тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеген және оны есептеу үшін пайдаланылатын мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей кеден органы тауарлардың кедендік құнына қатысты мына шешімдердің бірін қабылдайды:

      а) егер кеден органы тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы анық емес екенін анықтамаса – тауарлардың мәлімделген кедендік құнын қабылдау туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте кеден органының лауазымды адамы тауарларға декларацияда, тауарларға декларацияны түзетуде және ДТС-1 тиісті белгілер қояды;

      б) егер кеден органы тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы туралы мәліметтер анық емес екенін анықтаса – тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы шешім қабылдайды. Тауарлардың мәлімделген кедендік құнын түзету туралы шешім Бақылау тәртібіне № 1 қосымшаға сәйкес ресімделеді.

      17. Егер декларант (кеден өкілі) белгіленген мерзімде тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдемесе немесе оны есептеу үшін пайдаланылатын мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынбаса, декларант (кеден өкілі) мәлімдеген тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолданбай, 1-әдіс бойынша мәлімделген тауарлардың кедендік құны ретінде қаралады. Бұл жағдайда тауарлардың кедендік құнын бақылау Бақылау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

      18. Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімі қолданылған кезде кеден органы шешім қабылдағанға дейін тауарлардың кедендік құнына қатысты осы Тәртіптің 16 және 17-тармақтарына сәйкес тауарлардың кедендік құнын бақылау аяқталмаған болып саналады.

VI. Тауарлардың кедендік құнын кейіннен айқындау рәсімін қолдану кезінде кедендік баждарды, салықтарды есептеу және төлеу ерекшеліктері

      19. Тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасын мәлімдеген кезде кедендік баждар, салықтар тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасының негізінде, Кеден одағының Кеден кодексінде белгіленген мерзімдерде есептеледі және төленуге жатады.

      20. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеу кезінде кедендік баждарды, салықтарды есептеу тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы негізге алына отырып жүзеге асырылады.

      21. Егер декларант (кеден өкілі) мәлімдеген тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы негізге алынып есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы негізге алына отырып есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасымен салыстырғанда ұлғайып кеткен жағдайда, осы Тәртіптің
22-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы мәлімделген, бірақ тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеудің белгіленген мерзімінен кеш емес күн кедендік баждардың, салықтардың қосымша есептелген сомаларын төлеу мерзімі деп саналады.

      22. Тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын бақылау нәтижелері бойынша кеден органы тауарлардың мәлімделген кедендік құнын 1-әдісті қолданып түзету туралы шешім қабылдаған және тауарлардың кедендік құнының түзетілген шамасы негізге алынып есептелген баждардың, салықтардың сомасы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы негізге алынып есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасымен салыстырғанда ұлғайып кеткен жағдайда, тауарлардың кедендік құнының түзетілген шамасы негізге алынып толтырылған, ДТС-1 және тауарлар декларациясы кеден органына ұсынылған, бірақ тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын мәлімдеудің белгіленген мерзімінен кеш емес мерзім кедендік баждардың, салықтардың қосымша есептелген сомаларын төлеу мерзімі болып саналады.

      23. Егер тауарлардың кедендік құнының дәл шамасын бақылау нәтижелері бойынша кеден органы тауарлардың кедендік құнын
2 – 6-әдістерді қолданумен түзету туралы шешім қабылдаған және тауарлардың кедендік құнының түзетілген шамасы негізге алынып есептелген баждардың, салықтардың сомасы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы негізге алынып есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасымен салыстырғанда ұлғайып кеткен жағдайда, Кеден одағының Кеден кодексінде ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты белгіленген мерзім кедендік баждардың, салықтардың қосымша есептелген сомаларын төлеу мерзімі болып саналады.

      24. Егер тауарлардың кедендік құнының дәл шамасы немесе тауарлардың кедендік құнының түзетілген шамасы негізге алына отырып есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасы тауарлардың кедендік құнының алдын ала шамасы негізге алынып есептелген кедендік баждардың, салықтардың сомасымен салыстырғанда азайып кеткен жағдайда, кедендік баждардың, салықтардың артық төленген сомаларын қайтару (есепке жатқызу) Кеден одағының Кеден кодексінің 13-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады