Қара металлургия өнімінің өндірісі саласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 30 қарашадағы № 1 ұсынымы

      Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) қара металлургия саласының жай-күйін талдау нәтижелерін назарға ала отырып, өнеркәсіптік өндірісті дамыту, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперацияны, соның ішінде мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастығы арқылы тереңдету, қара металлургия өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын ескере отырып,

      Өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 27 қосымша) 2-тармағы 2-тармақшасының екінші абзацына, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары туралы" 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 9 шешіміне сәйкес

      мүше мемлекеттерге осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланған күннен бастап:

      қосымшаға сәйкес іс-шаралар тізбесіне орай Еуразиялық экономикалық комиссияның үйлестіруімен қара металлургия өнімінің өндірісі саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруды;

      2018 жылғы 1 наурызға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияға ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында актілердің жобаларын дайындау жөнінде ұсыныстар беруді;

      Еуразиялық экономикалық комиссияны ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылдау туралы хабардар етуді ұсынады.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения
Республикасынан
В. Габриелян

Беларусь
Республикасынан
В. Матюшевский

Қазақстан
Республикасынан
А. Мамин

Қырғыз
Республикасынан
О. Панкратов

Ресей
Федерациясынан
И. Шувалов

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2016 жылғы 30 қарашадағы
№ 1 ұсынымына
ҚОСЫМША

Қара металлургия өнімінің өндірісі саласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту жөніндегі іс-шаралар
ТІЗБЕСІ

І. Қара металлургия өнімінің өндірісі саласында өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және өнеркәсіптік ынтымақтастықты ынталандыру үшін жағдай жасау

      1. Қара металлургия өнімі өндірісінің бәсекеге қабілетті сегменттері шеңберінде өнеркәсіптік ынтымақтастықты жүзеге асыру орынды болатын тауарларды (соның ішінде мұндай тауарларды 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 92-бабы 4-тармағының 4-тармақшасында көзделген сезімтал тауарлардың тізбесіне енгізу мүмкіндігі үшін) айқындау.

      2. Көпір және кеме жасау, құбыр өндірісі, автомобиль жасау, машина жасау, құрылыс саласы және өзге де металды қажетсінетін салалар сияқты салалар үшін өнім өндіру саласындағы салааралық кооперацияны тереңдету және мемлекетаралық кооперацияны дамыту.

      3. Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) аумағында Одақтың кедендік аумағына үшінші елдерден әкелінетін қара металлургия өнімінің аналогтарының, соның ішінде:

      а) жалпақ прокат;

      б) темірден немесе қоспасыз болаттан жасалған бұрыштар, фасондық және арнайы профильдер;

      в) темір соғуды, ыстықтай прокаттауды, ыстықтай созуды немесе ыстықтай экструдициялауды қоспағанда, прокаттаудан кейін бұралған шыбықтарды қоса алғанда, одан әрі өңдемей темірден немесе қоспасыз болаттан жасалған шыбықтар;

      г) құбыр өнімі;

      д) арматура;

      е) ферроқорытпалар өндірісін ұйымдастыру және дамыту.

      4. Қара металлургия өнімін өндіру кезінде энергия тұтынуды басқару тиімділігін арттыру мәселелерінде Одаққа мүше мемлекеттердің өндірушілері арасында тәжірибе алмасуды ұйымдастыру.

      5. Қара метуллургия саласын білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында қашықтықтан оқыту және Одаққа мүше мемлекеттердің жетекші қара металлургия кәсіпорындарында өндірістік тағылымдамадан өту мүмкіндігімен оқу-әдістемелік орталық құруды қоса алғанда, кадрлар даярлау мен қайта даярлау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру.

ІІ. Қара металлургия саласында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту және инновациялық өнім өндіру үшін жағдай жасау

      6. Инновациялық өнімді бірлесіп шығару үшін қара металлургия өнімін бірлесіп өндірудің кооперациялық (қайта өңдеу) тізбегіне Одаққа мүше мемлекеттердің, сондай-ақ үшінді елдерден өндірушілердің технологиялық операцияларын тарту.

      7. Өндірісті экологияландыру, прогресивті ресурс және энергия үнемдейтін технологияларға және ортаға техногендік әсер етуді азайтуға көшу саласында тәжірибе алмасу.

      8. Одаққа мүше мемлекеттердің салалық ғылыми-зерттеу ұйымдарының қатысуымен Одаққа мүше мемлекеттердің қара металлургия кәсіпорындарын инновациялық өнім өндірудің қолданыстағы тізбегіне, соның ішінде үшінші елдерден өндірушілердің қатысуымен құру жолымен, сондай-ақ жаппай тұтыну өнімін шығару сақталған кезде қара металлургияның инновациялық өнімін өндіру жөніндегі бірлескен жаңа кооперациялық тізбек құру жолымен қара металлургия өнімін өндірушілерді инновациялық өнім шығаруға бағдарлау мақсатында олар үшін ұсынымдар дайындау.

ІІІ. Өңделуі жоғары қара металлургия өнімінің экспорты мәселелері бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын дамыту

      9. Қажет болған кезде Одаққа мүше мемлекеттердің комиссиямен бірлесіп өңделуі жоғары қара металлургия өнімінің Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен қағидаларына сәйкес үшінші елдердің нарықтарына экспортын дамыту жөніндегі ұсынымдар дайындауы мақсатында Комиссияға Одаққа мүше мемлекеттер қолданатын өңделуі жоғары қара металлургия өнімінің үшінші елдердің нарықтарына экспортын дамыту жөніндегі шаралар туралы ақпарат беру.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады