Еуразиялық экономикалық одақ Соты құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеу тәртібі туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 14 мамырдағы № 10 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақ Соты Статутының (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 2 қосымша) 94-тармағына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақ Соты құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеу тәртібі бекітілсін.

      2. Мынадай:

      а) нысанасы арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, өнеркәсіптік субсидиялар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ Соты (бұдан әрі тиісінше – Сот, Одақ) құратын мамандандырылған топтың сарапшысына нақты дау бойынша қорытынды дайындағаны үшін 250 мың Ресей рублі мөлшерінде сыйақы (бұдан әрі тиісінше – сарапшы, сыйақы) төленеді;

      б) сарапшы азаматы болып табылатын Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі – мүше мемлекет) заңнамасында белгіленген шектеулерге сәйкес өзінің негізгі жұмысына (қызметіне) байланысты мұндай сыйақы төлеуге болмайтын тұлға болып табылатын сарапшыға сыйақы төленбейді; (

      в) нысанасы арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеу өтініш берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

      г) нысанасы өнеркәсіптік субсидиялар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеу Одақ бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

      д) осы тармақтың "г" тармақшасында көрсетілген шығыстарды:

      Сот 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты (бұдан әрі – Шарт), Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін, сондай-ақ көрсетілген халықаралық шарттардың және (немесе) шешімдердің жекелеген ережелерін сақтамау фактісін анықтаған кезде – жауапкер болып табылатын мүше мемлекет;

      Сот Шартты, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және (немесе) Одақ органдарының шешімдерін, сондай-ақ көрсетілген халықаралық шарттардың және (немесе) шешімдердің жекелеген ережелерін сақтау фактісін анықтаған кезде – талапкер болып табылатын мүше мемлекет;

      егер дау тараптарының бітімгершілік келісімінде өзгеше айқындалмаса, іс бойынша сот ісін жүргізу тоқтатылған кезде – талапкер болып табылатын мүше мемлекет өтейді деп белгіленсін.

      3. Мүше мемлекеттер:

      а) қажет болған жағдайда, нысанасы өнеркәсіптік субсидиялар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге арналған қаражатты өтеудің ұлттық механизмдерін айқындасын;

      б) Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Статуты (Шартқа № 2 қосымша) 86-тармағының талаптарына сәйкес мамандандырылған топтар сарапшыларының тізімдерін жыл сайын жіберген кезде Сотқа сарапшы азаматы болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген шектеулерге сәйкес негізгі жұмысына (қызметіне) байланысты сыйақы төлеуге болмайтын сарапшылар туралы ақпарат берсін.

      4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы "Нысанасы арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеу тәртібі туралы" № 102 шешімі;

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы "Нысанасы өнеркәсіптік субсидиялар ұсыну және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ Соты құратын мамандандырылған топтардың сарапшылары көрсететін қызметтерге ақы төлеу тәртібі туралы" № 29 шешімі.

      5. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 14 мамырдағы
№ 10 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақ Соты құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеу

ТӘРТІБІ

І. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп нысанасы арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, өнеркәсіптік субсидиялар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ Соты (бұдан әрі тиісінше – Сот, Одақ) құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының (бұдан әрі – сарапшылар) қызметтер көрсетуіне ақы төлеу қағидаларын белгілейді.

      2. Сарапшылардың қызметтер көрсетуіне ақы төлеу:

      а) нақты дау бойынша қорытынды дайындалғаны үшін сарапшыларға сыйақы төлеуді;

      б) сарапшылар үшін тұрғылықты тұратын жерінен Минск қаласына (Беларусь Республикасы) және кері қарай жол жүру үшін жол жүру құжаттарын (бұдан әрі – жол жүру құжаттары) сатып алуды, сондай-ақ қорытынды дайындау және сот отырыстарына қатысу үшін қажетті құжаттармен танысу кезеңінде Минск қаласында тұрғын үй-жай жалдауға ақы төлеуді;

      в) ақша қаражатын аударғаны үшін алынатын комиссиялық сыйақылардың Сотқа қызмет көрсететін банк мекемесі белгілеген мөлшерлеріне сәйкес осындай сыйақылардың сомаларын қамтиды.

      3. Сот нақты дау шеңберінде мамандандырылған топ құру туралы қаулы шығарғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде Сот хатшылығы сарапшылардың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстардың сметасын (бұдан әрі – шығыстар сметасы) дайындауды жүзеге асырады.

      4. Шығыстар сметасында:

      а) сарапшыларға сыйақы төлеуге;

      б) мынадай нормалар бойынша (әр сарапшыға баруға және кері қайтуға кемінде 3 жол жүру есебінен):

      әуе көлігімен – экономикалық сынып тарифі бойынша;

      теміржол көлігімен – экономикалық сынып вагонына жататын аса жайлы вагонмен (экономикалық сыныптағы купе вагоны) жол жүру құнынан аспайтын жол жүру құжаттарын сатып алуға;

      в) Минск қаласында "4 жұлдыз" санатындағы қонақүйде 1 бөлмелі (1 орынды) нөмірдің құны бойынша тұрғын үй-жай жалдауға (кемінде күнтізбелік 15 күн есебінен);

      г) Сотқа қызмет көрсететін банк мекемесі белгілеген ставкалар комиссиялық сыйақыларға арналған шығыстар көзделеді.

      5. Тұрғын үй-жайларды жалдау мерзімі сарапшыларға қорытынды әзірлеу және (немесе) сот отырыстарына қатысу үшін қажетті құжаттармен танысу үшін талап етілетін уақыт негізге алына отырып белгіленеді.

      6. Сарапшылардың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қаражаттың мөлшер шығыстар сметасының негізінде Сот қаулысымен айқындалады.

      7. Сарапшыларды жол жүру құжаттарымен және Минск қаласында тұрғын үй-жайлармен қамтамасыз етуді Сот хатшылығы шығыстар сметасының негізінде жүзеге асырады.

      8. Сарапшыларға сыйақы төлеу Сот қаулысының негізінде ол шығарылғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде қолма-қол емес тәртіппен жүзеге асырылады.

ІІ. Нысанасы арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеуді қаржыландырудың ерекшеліктері

      9. Нысанасы арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге арналған шығыстарды қаржыландыруға байланысты есеп айырысу операцияларын жүзеге асыру үшін Соттың нысаналы жеке шоты пайдаланылады.

      10. Сотқа өтінішпен жүгінген шаруашылық жүргізуші субъект осы Тәртіптің 6-тармағында көрсетілген Сот қаулысында белгіленген мерзімде және мөлшерде Соттың нысаналы жеке шотына сарапшылардың қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге қаражат аударады.

      11. Сарапшылардың қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге пайдаланылмаған ақшалай қаражатты шаруашылық жүргізуші субъектіге қайтару шаруашылық жүргізуші субъект ақшалай қаражатты аудару үшін қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде Сот қаулысының негізінде жүзеге асырылады.

      12. Соттың нысаналы жеке шотындағы қаражаттың қозғалысы туралы ақпаратты Сот Одақ бюджетінің қаражатына иелік етушілердің (алушылардың) бюджеттік есептілігі үшін көзделген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияға ұсынады.

ІІІ. Нысанасы өнеркәсіптік субсидиялар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеуді қаржыландырудың ерекшеліктері

      13. Нысанасы өнеркәсіптік субсидиялар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелері болып табылатын дауларды қарау шеңберінде Сот құратын мамандандырылған топтар сарапшыларының қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге арналған қаражат Одақ бюджетінде Одақ органдарының қызметін қаржыландыруға арналған шығыстар бағыты бойынша Соттың бюджеттік сметасының құрамында көзделеді.

      Одақ бюджетінің кезекті қаржы жылына арналған жобасын қалыптастыру кезінде сарапшылардың қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге арналған қаражаттың жылдық көлемі, әдетте, осы Тәртіптің 14-тармағында көрсетілген алдындағы қаржы жылындағы қалдықтар ескеріле отырып, 2 мамандандырылған топтың қызметі үшін қажетті шығыстар негізге алынып айқындалуға тиіс.

      Көрсетілген қаражат шығыстар сметасының және осы Тәртіптің 6-тармағында көрсетілген Сот қаулысының негізінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылады және Соттың бюджеттік сметасы шығыстарының басқа бағыттарын қаржыландыруға қайта бөлінбейді.

      14. Кезекті қаржы жылындағы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Сот шотында қалыптасқан және сарапшылардың қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге көзделген бюджет қаражатының қалдықтары нысаналы сипатын сақтайды және оларды Сот кезекті қаржы жылында Одақтың кезекті қаржы жылына арналған бюджетінде Сотқа көзделген шығыстардан тыс қосымша қаржыландыру ретінде дәл сол мақсаттарға пайдаланып, кейіннен көрсетілген операцияларды бюджеттік есептілікте көрсетеді.

      15. Одаққа мүше мемлекеттің өтеуіне жататын қаражат мөлшері (бұдан әрі – өтеуден түскен қаражат) сарапшылардың қызметтер көрсетуіне ақы төлеуге арналған іс жүзіндегі шығыстар ескеріле отырып, Сот қаулысымен бекітіледі.

      Көрсетілген қаулының көшірмесі ол шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне жіберіледі.

      16. Өтеуден түскен қаражат осы Тәртіптің 15-тармағында көрсетілген Сот қаулысы шығарылған күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде Соттың өзге түсімдерді есепке алу үшін ашылған шотына Ресей рублімен аударылады. Өтеуден түскен қаражатты есепке алуды Сот жүзеге асырады.

      17. Соттың шотына өтеуден түскен қаражат осы тармақтың екінші абзацында көрсетілгендерден басқа мақсаттарға пайдаланылмайды.

      Кезекті қаржы жылындағы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Соттың өзге түсімдерді есепке алу үшін ашылған шотындағы өтеуден түскен қаражат Соттың шоттарында қалыптасқан және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 10 қазандағы № 78 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың бюджеті туралы ереженің 36-тармағына сәйкес пайдаланылатын қаражат қалдықтарының құрамына қосылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады