Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің стандарттау жөніндегі мемлекеттік (ұлттық) органдары басшыларының кеңесі туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 14 мамырдағы № 14 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің стандарттау жөніндегі мемлекеттік (ұлттық) органдары басшыларының кеңесі құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің стандарттау жөніндегі мемлекеттік (ұлттық) органдары басшыларының кеңесі туралы ереже бекітілсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан Беларусь Республикасынан Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 14 мамырдағы
№ 14 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің стандарттау жөніндегі мемлекеттік (ұлттық) органдары басшыларының кеңесі туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің стандарттау жөніндегі мемлекеттік (ұлттық) органдары басшыларының кеңесі (бұдан әрі тиісінше – Басшылар кеңесі, мемлекеттік (ұлттық) органдар, Одақ) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты іске асыру шеңберінде Одақта техникалық реттеу саласындағы стандарттауды дамыту мақсатында Одақтың көмекші органы ретінде құрылады.

      2. Басшылар кеңесі өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақтың құқығын құрайтын өзге де халықаралық шарттар мен актілерді, соның ішінде осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Басшылар кеңесі Одақтың ішкі нарығында шектеулерді жоюға ықпал ететін және техникалық реттеу саласында Одақ құқығымен реттелетін мәселелер бойынша мемлекеттік (ұлттық) органдардың келісілген ұстанымдары негізінде Одақ шеңберіндегі стандарттау саласында Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) келісілген іс-қимылын әзірлеуде, стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықта мемлекеттік (ұлттық) органдарға жәрдем көрсететін орган болып табылады.

ІІ. Басшылар кеңесінің негізгі функциялары

      4. Басшылар кеңесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) мемлекеттік (ұлттық) органдардың:

      Одақ шеңберінде стандарттауды дамыту бағыттарын жетілдіру жөніндегі келісілген іс-қимылы;

      техникалық реттеу саласында Одақ құқығымен реттелетін мәселелер бойынша стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдармен, соның ішінде Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңеспен өзара іс-қимыл кезінде келісілген ұстанымды;

      ерікті негізде қолдану нәтижесінде Одақтың техникалық регламенттерінің және (немесе) зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің қағидалары мен әдістерін, соның ішінде Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын қолдану мен орындау және техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігіне бағалауды жүзеге асыру үшін қажетті үлгілерді таңдау қағидаларын қамтитын стандарттардың талаптарын сақтау қамтамасыз етілетін стандарттар тізбелерінің (бұдан әрі – стандарттар тізбелері) жобаларын әзірлеу кезінде келісілген ұстанымды;

      Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын қолдану және орындау үшін қажетті мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу бөлігінде ұлттық стандарттау бағдарламаларының (жоспарларының) және мемлекетаралық стандарттау бағдарламаларының жобаларын әзірлеу кезінде келісілген іс-қимылды;

      мүше мемлекеттердің ұлттық (мемлекеттік) стандарттарын және мемлекетаралық стандарттарды қолдану тәсілдемелерін айқындау және іске асыру бойынша, соның ішінде Одақтың техникалық регламенттерін іске асыруды қамтамасыз ететін мүше мемлекеттердің стандарттау жөніндегі құжаттарын ұсыну бөлігінде келісілген іс-қимылды;

      Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын қолдану және орындау мақсатында әзірленген мемлекетаралық стандарттардың жобаларын дайындау бойынша келісілген шешімдерді тұжырымдауында және іске асыруында жәрдемдесуді жүзеге асырады;

      б) мыналарды:

      басым тәртіппен мемлекетаралық стандарттарды, соның ішінде халықаралық және өңірлік стандарттар негізінде әзірленетін мемлекетаралық стандарттарды әзірлеуді (қайта қарауды) және оларды стандарттар тізбесіне енгізуді;

      стандарттар тізбесіне белгіленген тәртіппен өзгерістер енгізу туралы келісілген шешімдер дайындауды (оларды өзекті ету, қайта қарау туралы);

      озық халықаралық және өңірлік стандарттардың негізінде стандарттар тізбесіне енгізілген мемлекетаралық стандарттарды үнемі жаңарту тетігін әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      в) техникалық реттеу саласында Одақ құқығымен реттелетін:

      стандарттауды дамытудың стратегиясын, бағыттарын және перспективаларын айқындау;

      мүше мемлекеттерде инновациялық және жоғары технологиялық өнім шығаруды қамтамасыз ету үшін стандарттау, соның ішінде озық стандарттау саласында мүше мемлекеттердің келісілген іс-қимылын іске асырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру;

      мүше мемлекеттердің стандарттау саласындағы заңнамасын жетілдіру және үндестіру;

      мемлекеттік (ұлттық) органдардың, соның ішінде стандарттау жөніндегі мемлекетаралық комитеттермен өзара іс-қимылын жетілдіру;

      мемлекеттік (ұлттық) органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар дайындайды;

      г) мемлекеттік (ұлттық) органдар қызметкерлерінің мүше мемлекеттердің тәжірибесін және стандарттау саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуіне бастамашылық жасайды.

ІІІ. Басшылар кеңесінің құқықтары

      5. Басшылар кеңесінің техникалық реттеу саласында Одақ құқығымен реттелетін мәселелер шеңберінде:

      а) стандарттау мәселелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауы үшін ұсыныстар дайындауды жүзеге асыруға;

      б) стандарттау мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің мемлекеттік (ұлттық) органдарымен, өзге де мемлекеттік құрылымдарымен, мүше мемлекеттердің ғылым және білім мекемелерімен, қоғамдық ұйымдарымен, бизнес-қоғамдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауға;

      в) Комиссияның ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына енгізу үшін Комиссияға ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары бойынша ұсыныстар беруге;

      г) Комиссияға мемлекеттік (ұлттық) органдардың келісілген ұстанымын ұсынуға құқығы бар.

IV. Басшылар кеңесінің құрамы

      6. Басшылар кеңесінің құрамы мемлекеттік (ұлттық) органдардың басшыларынан қалыптастырылады.

      Техникалық реттеу мәселелері құзыретіне жататын Комиссия Алқасының мүшесі Басшылар кеңесінің құрамына кіреді.

      Мемлекеттік (ұлттық) органдар өз басшыларының құрамындағы өзгерістер туралы Басшылар кеңесін және Комиссияны уақытылы хабардар етеді.

      7. Басшылар кеңесінің отырысында Басшылар кеңесі мүшелерінің арасынан тағайындалатын Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің отырыстарында төрағалық етеді және Басшылар кеңесінің жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      Басшылар кеңесінің отырыстарында төрағалық етуді мүше мемлекет орыс әліпбиі тәртібімен ротация негізінде күнтізбелік 1 жыл бойы ұзарту құқығынсыз жүзеге асырады.

      8. Басшылар кеңесінің төрағасы:

      а) Басшылар кеңесінің қызметіне басшылық етеді;

      б) Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақытын және орнын айқындайды;

      в) Басшылар кеңесінің отырыстарын жүргізеді;

      г) Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамаларына қол қояды.

      9. Басшылар кеңесі төрағасының немесе мүшелерінің шақыруы бойынша Басшылар кеңесінің отырысына Комиссияның Басшылар кеңесінің отырыстарында қаралатын мәселелер құзыретіне жататын лауазымды адамдары мен қызметкерлері, мүше мемлекеттердің мемлекеттік (ұлттық) органдарының, өзге де мемлекеттік құрылымдарының, мүше мемлекеттердің ғылым және білім мекемелерінің, қоғамдық ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық өңірлік ұйымдардың (соның ішінде, Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңестің) өкілдері және тәуелсіз сарапшылар (бұдан әрі – Басшылар кеңесінің отырыстарына қатысушылар) қатысады.

      10. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысын Басшылар кеңесінің төрағасы мемлекеттік (ұлттық) органдардың лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің не Комиссияның қызмет бағыттары бойынша мәселелер құзыретіне жататын лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің қатарынан 1 жыл мерзімге тағайындайды.

      11. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы:

      а) Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінің жобасын дайындайды және оны Басшылар кеңесі төрағасының бекітуіне ұсынады;

      б) Басшылар кеңесінің мүшелеріне және Басшылар кеңесінің отырыстарына қатысушыларға Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібін және оған материалдарды жібереді;

      в) Басшылар кеңесінің мүшелерін және Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларды Басшылар кеңесінің кезекті отырысы өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;

      г) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасын жүргізеді, хаттама жобасын Басшылар кеңесінің мүшелерімен келіседі және оны Басшылар кеңесінің төрағасына қол қоюға ұсынады;

      д) Басшылар кеңесінің мүшелеріне Басшылар кеңесінің отырыстары хаттамаларының көшірмелерін жібереді;

      е) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасында көзделген іс-шараларды іске асыру жөніндегі жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және Басшылар кеңесінің төрағасы мен мүшелерін нәтижелер туралы хабардар етеді.

V. Басшылар кеңесінің жұмыс тәртібі

      12. Басшылар кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына 2 реттен сиретпей өткізіледі, бұл ретте Басшылар кеңесінің кемінде 1 отырысы бетпе-бет режимде өткізіледі.

      13. Басшылар кеңесінің отырысын өткізу туралы шешімді Басшылар кеңесінің төрағасы қабылдайды.

      14. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің төрағасына жібереді.

      15. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне материалдар:

      а) қаралатын мәселелер жөніндегі анықтамаларды;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (болған жағдайда);

      в) хаттамалық шешімдердің жобаларын;

      г) қажетті анықтамалық және талдамалы материалдарды қамтиды.

      16. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібін және оған материалдарды, соның ішінде электронды түрде Басшылар кеңесінің мүшелеріне және Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларға Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірмей, ал Басшылар кеңесінің мүшелерінен Басшылар кеңесінің отырысында Басшылар кеңесінің бекітілген күн тәртібіне енгізілмеген қосымша мәселелерді қарау туралы ұсыныстар түскен жағдайда – отырыс өткізілетін күнге дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      17. Басшылар кеңесінің отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Басшылар кеңесінің отырысы Басшылар кеңесі төрағасының мемлекеттік (ұлттық) органдардың ұсыныстары негізінде қабылданатын шешімі бойынша мүше мемлекеттердің кез келгенінде өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда, қабылдаушы мүше мемлекет Басшылар кеңесінің отырысын ұйымдастыру мен өткізуде жәрдем көрсетеді.

      Басшылар кеңесі төрағасының және Басшылар кеңесінің мүшелерінің шешімі бойынша Басшылар кеңесінің отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      18. Егер Басшылар кеңесі мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, Басшылар кеңесінің отырысы құқылы болып есептеледі.

      Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырыстарына алмасу құқығынсыз өздері қатысады.

      Басшылар кеңесі мүшесінің Басшылар кеңесінің отырысына қатысуы мүмкін болмаған жағдайда, оның қаралатын мәселелер бойынша өз пікірін жазбаша нысанда Басшылар кеңесінің төрағасына күні бұрын ұсынуға құқығы бар.

      19. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібіне енгізілмеген қосымша мәселелерді Басшылар кеңесінің отырысында қарау үшін Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей ұсына алады.

      Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді қосу туралы шешімді Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің мүшелерімен келісу бойынша қабылдайды.

      20. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне Басшылар кеңесі мүшесінің ұсынысы бойынша қосылған мәселені Басшылар кеңесінің төрағасы қараудан алып тастауы мүмкін.

      21. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосу үшін мәселелерді ұсынған Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына тиісті материалдар мен ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Басшылар кеңесі төрағасының мемлекеттік (ұлттық) органдардан және Басшылар кеңесінің мүшелерінен Басшылар кеңесінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға құқығы бар.

      22. Басшылар кеңесінің отырысында мәселелерді талқылау кезінде Басшылар кеңесі мүшелерінің құқықтары тең болады.

      Басшылар кеңесінің шешімдері консенсуспен қабылданады.

      Басшылар кеңесі отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделіп, онда Басшылар кеңесі мүшелерінің ұстанымы тіркеледі. Басшылар кеңесі мүшелерінің Басшылар кеңесінің отырыстарында берген ұсыныстары мүше мемлекеттердің ұстанымы ретінде қаралмайды.

      Басшылар кеңесі отырысының хаттамасына Басшылар кеңесінің төрағасы, әдетте, Басшылар кеңесінің отырысы өткізілген күні, ал Басшылар кеңесінің отырысы бейнеконференция режимінде өткізілген жағдайда - Басшылар кеңесінің отырысы өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы Басшылар кеңесі отырысы хаттамасының көшірмесін Басшылар кеңесінің барлық мүшелеріне Басшылар кеңесінің төрағасы қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      Басшылар кеңесі төрағасының шешімі бойынша Басшылар кеңесі отырысы хаттамасының көшірмесі немесе көшірме үзіндісі Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларға жіберілуі мүмкін.

      Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамалары Басшылар кеңесінің жауапты хатшысында, ал осы хаттамалардың көшірмелері – Комиссияда сақталады.

      23. Басшылар кеңесі мүшелерінің және мүше мемлекеттердің мемлекеттік (ұлттық) органдары, өзге де мемлекеттік құрылымдары өкілдерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын оларды жіберетін мүше мемлекеттер көтереді.

      Мүше мемлекеттердің ғылым және білім мекемелері, қоғамдық ұйымдары, бизнес-қоғамдастықтары, халықаралық ұйымдар өкілдерінің және тәуелсіз сарапшылардың Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын көрсетілген тұлғалар өздері көтереді.

      Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын Комиссия көтереді.

      24. Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады