Еуразиялық экономикалық комиссияның талап етуі бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбағаны үшін айыппұл санкцияларын қолдану туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 173 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) 10-тармағының 3-тармақшасына, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2012 жылғы 17 желтоқсандағы № 118 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзғаны үшін есептеу әдістемесінің және айыппұл салу тәртібінің (бұдан әрі – Есептеу әдістемесі және айыппұл салу тәртібі) 17-тармағына, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 99 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істерді қарау тәртібінің (бұдан әрі – Істерді қарау тәртібі) 44 және 45-тармақтарына сәйкес Хаттаманың 13-тармағын, "Металлотехника" жауапкершілігі шектеулі қоғамына (СТН 6449070540, тіркелген жерінің мекенжайы: 413100, Ресей Федерациясы, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Құрылысшылар даңғылы, Өнеркәсіп аймағы) (бұдан әрі – "Металлотехника" ЖШҚ) қатысты, істерді қарау тәртібінің 21-тармағын бұзу белгілері бойынша қозғалған, ол үшін Хаттаманың 16-тармағының 5-тармақшасына сәйкес жауапкершілік көзделген Комиссияның талап етуі бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбау туралы істі қарады және мынаны анықтады.

      Істерді қарау тәртібінің 23-тармағына сәйкес 2020 жылғы 27 қазанда Істі қарау жөніндегі комиссияның төрағасы, Комиссияның монополияға қарсы реттеу департаментінің (бұдан әрі – Департамент) директоры А.Г. Сушкевич мыналардың:

      Істі қарау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Департамент директорының орынбасары А. А. Қалиевтің;

      істі қарау жөніндегі комиссия мүшелері:

      Департамент директорының орынбасары Г.Б. Арамянның;

      Департаменттің бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы өтініштерді (материалдарды) және істерді қарау бөлімінің кеңесшісі Е.П. Кривцунның;

      Департаменттің бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы өтініштерді (материалдарды) және істерді қарау бөлімінің кеңесшісі А.А. Алавидзенің;

      құзыретіне бәсекелестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру және (немесе) жүргізу кіретін, Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға жауапты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) мемлекеттік билік органдары қызметкерлерінің (бейне-конференц-байланыс арқылы):

      Беларусь Республикасы Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігі Сауда, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, құрылыс және табиғи ресурстар басқармасы өнеркәсіп, құрылыс және табиғи ресурстар бөлімінің бастығы Е.А. Махначтың;

      Федералды монополияға қарсы қызметтің жарнаманы және жосықсыз бәсекелестікті бақылау басқармасы бастығының орынбасары Я.В. Склярованың;

      Федералды монополияға қарсы қызметтің Халықаралық экономикалық ынтымақтастық басқармасы ТМД елдерімен экономикалық интеграция бөлімі бастығының орынбасары Ю.В. Тихонованың қатысуымен істі қараудың аяқталғаны туралы жариялады;

      істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген жауапкер (оның өкілдері) қатысқан жоқ.

      Комиссияда "Металлообработка" жауапкершілігі шектеулі қоғамының (СТН 6449080010, тіркелген жерінің мекенжайы: 413111, Ресей Федерациясы, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Одесса к-сі, 75 үй), "Металлотехника" ЖШҚ және олардың лауазымды тұлғаларының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 76-бабы 2-тармағының бұзылу белгілері бар энергия көздеріне (бұдан әрі-энергия көздері) қосу қажеттілігінсіз магистральдық құбыржолдарды салу кезінде далалық жағдайларда және өнеркәсіп кәсіпорындарында ацетиленді немесе оның алмастырғыштарын пайдалана отырып, болат құбырларды газ-силикатты (термиялық) кесуге арналған тасымалданатын машиналардың сипатына, өндіру тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне қатысты және (немесе) 2017 жылғы 13 шілдедегі № 623722 тауар белгісіне (қызмет көрсету белгісіне) куәлікке сәйкес "АВТОГЕН-М" жауапкершілігі шектеулі қоғамының (Армения Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектісі) тауар белгісі (қызмет көрсету белгісі) болып табылатын атауында "ОРБИТА" сөзі бар "ОРБИТА-Р" және "ОРБИТА-РМ" белгіленімдерін пайдалану арқылы көрсетілген тауарларды өндірушілерге қатысты ықтимал жаңылыстыру тудырудан көрінген әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы іс (бұдан әрі - Іс) жатыр.

      Істі қарау шеңберінде толық, жан-жақты және объективті қарастыру мақсатында мемлекеттік билік органдарынан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, мүше мемлекеттердің олардың функцияларын жүзеге асыратын өзге де органдары мен ұйымдарынан, заңды және жеке тұлғалардан, оның ішінде "Металлотехника" ЖШҚ-дан істі қарау жөніндегі комиссияға қажетті ақпарат сұралды.

      "Металлотехника" ЖШҚ ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) ұсынбаған.

      "Металлотехника" ЖШҚ көрсетілген әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Хаттаманың 13-тармағын және Істерді қарау тәртібінің 21-тармағын бұзу фактілері бар, осыған орай Комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі (Министр) С.М. Жұманғарин Комиссияның талап етуі бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбау туралы іс қозғады және оны қарау жөнінде комиссия құрылды, бұл туралы 2020 жылғы 19 наурызда № 10 / ұйғ тиісті ұйғарым шығарылды.

      Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы істі қарауды кейінге қалдыру туралы 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымның (бұдан әрі – 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымы) (Комиссияның 2019 жылғы 12 қарашадағы № 22-425 хатымен жіберілді) 3-тармағына сәйкес "Металлотехника" ЖШҚ Департаментке ұйғарымды алған күннен бастап 10 күн мерзімде:

      2017 жылдан бастап 2019 жылдың I тоқсанына дейінгі кезеңде (әр тоқсан бойынша жеке) табиғи шамада (данада) және құндық көріністе (ресей рублінде) (растайтын құжаттардың тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін (жеткізу (сатып алу-сату) шарттарының, жүкқұжаттардың, шот-фактуралардың көшірмелерін және т. б. қоса бере отырып)) құбырларды кесуге арналған машиналарды өткізу туралы;

      2017 жылдан бастап 2019 жылдың I тоқсанына дейінгі кезеңде (әр тоқсан бойынша жеке) құбырларды кесуге арналған машиналарды заттай шамада (данада) және құндық көрінісінде (ресей рублімен) (растайтын құжаттардың (жеткізу (сатып алу-сату) шарттарының, жүкқұжаттардың, шот-фактуралардың және т. б. тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін қоса бере отырып)) сатып алу туралы;

      құбырларды кесуге арналған өндірілетін және (немесе) өткізілетін машиналардың сипаттамалары (стандарттардың, техникалық шарттардың тиісті сипаттамаларын белгілейтін құжаттардың тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін қоса бере отырып)) туралы;

      "Металлотехника" ЖШҚ сатып алатын және (немесе) өткізетін құбырларды кесуге арналған машиналарды өндірушілер туралы;

      "ОРБИТА-Р", "ОРБИТА-РМ" сөздік белгіленімі толығымен немесе ішінара бар тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) дараландыру құралдарын тіркеуге (құқықтарды өзге де заңды түрде сатып алуға) бағытталған "Металлотехника" ЖШҚ-ның іс-әрекеттері туралы (растайтын құжаттардың тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін (өтінімдердің көшірмелерін, бекітілген макеттерді және т. б. қоса бере отырып));

      "Металлотехника" ЖШҚ лауазымды тұлғалары және (немесе) "Металлотехника" ЖШҚ тұлғалар тобына кіретін ұйымдардың құбыр кесуге арналған машиналарды сатып алу және (немесе) тіркеу мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті лауазымды тұлғалары туралы (оларға уәкілеттік берілген құжаттардың тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін қоса бере отырып) (директордың бұйрығы, Директорлар кеңесінің өкімі және т. б.);

      2017 жылдан бастап 2019 жылғы 31 наурыз аралығындағы кезеңде "Металлотехника" ЖШҚ жалғыз дара атқарушы органының функцияларын атқарған тұлғалар туралы (заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін, құрылтайшылардың жалпы жиналысының бұйрықтарын, шешімдерін, заңды тұлға туралы мәліметтерді қамтитын ресми тізілімдерден үзінді көшірмелерді (алу мерзімі алынған күннен бастап 1 айдан аспайтын) және көрсетілген тұлғалардың заңды тұлғаның жекедара атқарушы органының функцияларын орындау фактісін растайтын өзге де құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып) ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) ұсынуы қажет болатын.

      2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарым Комиссияның 2019 жылғы 12 қарашадағы № 22-425 хатымен "Металлотехника" ЖШҚ орналасқан мекенжайы бойынша жіберілді (заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен алынған деректер): 413100, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Құрылысшылар даңғылы, Өнеркәсіп аймағы.

      Көрсетілген почта жөнелтілімі тапсырыс хатпен почта операторы – "Почта России" акционерлік қоғамының қызметтерін тарта отырып, № 12105940028154 ресейішілік почта сәйкестендіргішін беру туралы хабарламамен жіберілді.

      "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі (бұдан әрі – Интернет желісі) "Почта России" акционерлік қоғамының ресми сайтында ұсынылған ақпаратқа сәйкес "Почта жөнелтілімдерін қадағалау" бөлімінде № 12105940028154 почта сәйкестендіргіші бойынша почта жөнелтілімі 2019 жылғы 25 қарашада "Металлотехника" ЖШҚ-ға тапсырылды.

      Осылайша "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымының 3-тармағына сәйкес Комиссияға ақпаратты қоса алғанда 2019 жылғы 5 желтоқсанға дейін ұсынуы тиіс болатын, алайда, олай жасалған жоқ, сұратылған ақпаратты ұсыну мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттар "Металлотехника" ЖШҚ-дан Комиссияға келіп түскен жоқ.

      2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымымен сұратылған ақпараттың келіп түспеуіне байланысты, трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істі қарауды кейінге қалдыру туралы 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымның (бұдан әрі – 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымы) (Комиссияның 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 22-471 хатымен жіберілген) 3-тармағына сәйкес "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымымен сұратылған ақпаратты Департаментке қоса алғанда 2019 жылғы 20 желтоқсанға дейін беру қажеттілігі белгіленген.

      2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымы Комиссияның 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 22-471 хатымен "Металлотехника" ЖШҚ орналасқан мекенжайы бойынша жіберілді (заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен алынған деректер): 413100, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Құрылысшылар даңғылы, Өнеркәсіп аймағы.

      Көрсетілген почта жөнелтілімі почта операторы – "Почта России" акционерлік қоғамының қызметтерін тарта отырып, хатпен жіберілді.

      Осылайша, "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымының 3-тармағына сәйкес Комиссияға ақпаратты қоса алғанда 2019 жылғы 20 желтоқсанға дейін ұсынуы тиіс болатын, алайда олай жасаған жоқ, "Металлотехника" ЖШҚ-дан сұратылған ақпаратты беру мерзімін ұзарту туралы өтінішхат Комиссияға келіп түскен жоқ.

      Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы іс бойынша 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымның 9-тармағына сәйкес (Комиссияның 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 22-491 хатымен жолданды) (бұдан әрі – 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымы) "Металлотехника" ЖШҚ көрсетілген ұйғарымды алған күннен бастап 10 күн мерзімде Департаментке Интернет желісіндегі өзіне тиесілі және (немесе) ол жалға алған (растайтын құжаттардың тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін қоса бере отырып) сайттар туралы ақпаратты беруі тиіс болатын.

      2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымы Комиссияның 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 22-491 хатымен "Металлотехника" ЖШҚ орналасқан мекенжайы бойынша жіберілді (заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен алынған деректер): 413100, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Құрылысшылар даңғылы, Өнеркәсіп аймағы.

      Көрсетілген почта жөнелтілімі почта операторы – "Почта России" акционерлік қоғамының қызметтерін тарта отырып, № 12105941092536 ресейішілік почта сәйкестендіргішін беру туралы хабарламамен тапсырыс хатпен жіберілді.

      Сондай-ақ көрсетілген ұйғарым почта операторы – "Почта России" акционерлік қоғамының қызметтерін тарта отырып, № 12105941092529 ресейішілік почта сәйкестендіргіші беріле отырып, "Металлотехника" ЖШҚ директоры "Металлотехника" ЖШҚ орналасқан мекенжайы бойынша (Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінен алынған деректер): 413100, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Құрылысшылар даңғылы, Өнеркәсіп аймағы) тапсыру туралы хабарламалы тапсырыс хатпен жіберілді.

      Заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміндегі Федералды салық қызметінің мәліметтеріне сәйкес, 2013 жылғы 29 тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде "Металлотехника" ЖШҚ директоры, сондай-ақ заңды тұлға – "Металлотехника" ЖШҚ атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқығы бар тұлға болып табылады

      1994 жылғы 30 қарашадағы № 51-ФЗ Ресей Федерациясы Азаматтық кодексінің 54-бабының 2-тармағына сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері оның мемлекеттік тіркеу орны бойынша анықталады. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу оның тұрақты жұмыс істейтін атқарушы органы, ал ол болмаған кезде – өзге орган немесе заңды тұлғаның атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқығы бар адам орналасқан жер бойынша жүзеге асырылады.

      "Жауапкершілігі шектеулі қоғамдар туралы" 1998 жылғы 8 ақпандағы № 14-ФЗ Федералдық Заңның 4-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің орналасқан жері оның мемлекеттік тіркелген орнымен анықталады.

      "Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2001 жылғы 8 тамыздағы № 129-ФЗ Федералдық заңның (бұдан әрі – № 129-ФЗ Заңы) 5-бабы 1-тармағының "в" тармақшасына сәйкес заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде заңды тұлғаның мекенжайы туралы ақпарат бар.

      2019 жылғы 7 қарашадан бастап 2020 жылғы 27 қазанға дейінгі кезеңде заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде "Металлотехника" ЖШҚ орналасқан мекенжайы туралы мәліметтер өзгерген жоқ.

      № 129-ФЗ Заңның 5-бабының 5-тармағында № 129-ФЗ Заңның 5-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтер өзгерген сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде заңды тұлға бұл туралы өзінің орналасқан жері бойынша тіркеуші органға хабарлауға міндетті.

      Интернет желісіндегі "Почта России" акционерлік қоғамының ресми сайтындағы "Почта жөнелтілімдерін қадағалау" бөлімінде ұсынылған ақпаратқа сәйкес:

      "Металлотехника" ЖШҚ мекенжайына жіберілген почта жөнілтіліміне сәйкес келетін № 12105941092536 почта сәйкестендіргіші бойынша қоғам көрсетілген хат-хабарды алмаған;

      "Металлотехника" ЖШҚ директоры атына жіберілген почта жөнелтіліміне сәйкес келетін № 12105941092529 почта сәйкестендіргіші бойынша көрсетілген хат-хабар 2020 жылғы 29 қаңтарда алынған.

      "Металлотехника" ЖШҚ директоры "Металлотехника" ЖШҚ жекедара атқарушы органы болып табылатындығын ескере отырып және 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ ұйғ ұйғарымды ол 2020 жылғы 29 қаңтарда алғанын назарға ала отырып, "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ ұйғ ұйғарымды 2020 жылғы 29 қаңтарда алды деп есептеуге болады.

      Осылайша, "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымының 9-тармағына сәйкес Комиссияға ақпаратты 2020 жылғы 10 ақпанға дейін ұсынуы тиіс болатын, алайда олай жасалған жоқ, көрсетілген ақпаратты ұсыну мерзімін ұзарту туралы өтінішхаттар "Металлотехника" ЖШҚ-дан келіп түскен жоқ.

      "Металлотехника" ЖШҚ бұрын сұратылған ақпаратты ұсынбағанын ескере отырып, істі қарау жөніндегі комиссия 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымымен Саратов облысы бойынша № 7 Федералдық салық қызметінің Ауданаралық инспекциясына ұйғарымды алған күннен бастап 10 күн мерзімде осы ұйғарымда көрсетілген ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) Департаментке беруге сұрау салды.

      Саратов облысы бойынша № 7 Федералдық салық қызметінің ауданаралық инспекциясы сұратылған ақпаратты 2020 жылғы 27 қаңтардағы № 12-27/001803 хатымен ұсынды (2020 жылғы 12ақпандағы кіріс № 2081).

      Ұсынылған ақпарат мынадай:

      "Металлотехника" ЖШҚ 2017 жылдан бастап 2019 жылдың I тоқсаны аралығындағы кезеңде құбырларды кесуге арналған машиналарды сатып алу;

      "Металлотехника" ЖШҚ 2017 жылдан бастап 2019 жылдың I тоқсаны аралығындағы кезеңде құбырларды кесуге арналған машиналарды өткізу;

      "Металлотехника" ЖШҚ-да құбырларды кесуге арналған машиналарды өндірушілер туралы ақпараттың (құжаттардың, ақпараттың) және басқа да талап етілген ақпараттың болу фактілерін растайды.

      Хаттаманың 13-тармағына сәйкес Комиссияның уәкілетті құрылымдық бөлімшесі трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының бұзылуы туралы істерді қарау кезінде мемлекеттік билік органдарынан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, олардың функцияларын жүзеге асыратын өзге де органдардан немесе мүше мемлекеттердің ұйымдарынан, заңды және жеке тұлғалардан істі қарау үшін қажетті ақпаратты сұратады. Шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері), коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, олардың функцияларын атқаратын өзге органдар немесе мүше мемлекеттердің ұйымдары (олардың лауазымды адамдары), жеке тұлғалар Комиссияға оның сұрау салуы бойынша өзіне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қажетті ақпаратты, құжаттарды, мәліметтерді, түсіндірмелерді белгіленген мерзімдерде ұсынуға міндетті.

      Істерді қарау тәртібінің 21-тармағына сәйкес істі қарау жөніндегі комиссия істі қарау кезінде істі қарауға қатысатын тұлғалардан істі қарау барысында туындайтын мәселелер бойынша жазбаша немесе ауызша нысандағы құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірмелерді сұратуға құқылы.

      Істерді қарау тәртібінің 22-тармағында Шарттың XVIII бөлімінде және Хаттамада көзделген сұратылған мәліметтерді (ақпаратты) Комиссияға ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау, оның ішінде Комиссияның талап етуі бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбау, сол сияқты Комиссияға көрінеу дұрыс емес мәліметтерді (ақпаратты) ұсыну Хаттаманың 16-тармағының 5-тармақшасында көзделген айыппұл санкцияларын қолдану үшін негіз болып табылады. Көрсетілген айыппұл санкцияларын қолдану есептеу әдістемесінде және айыппұл салу тәртібінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Хаттаманың 16-тармағының 5-тармақшасына сәйкес Комиссия Есептеу әдістемесіне және айыппұл салу тәртібіне сәйкес Шарттың XVIII бөлімінде және Хаттамада көзделген мәліметтерді (ақпаратты) Комиссияға ұсынбағаны немесе уақтылы ұсынбағаны үшін, оның ішінде Комиссияның талап етуі бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбағаны, сол сияқты Комиссияға жеке тұлғаларға көрінеу дұрыс емес мәліметтер (ақпарат) бергені үшін жеке тұлғаларға 10 000-нан 15 000 ресей рубліне дейінгі мөлшерде, лауазымды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге 10 000-нан 60 000 ресей рубліне дейінгі мөлшерде, заңды тұлғаларға 150 000-нан 1 000 000 ресей рубліне дейінгі мөлшерде айыппұл салады.

      Осылайша, "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымына және 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымына (және қоса алғанда 2019 жылғы 20 желтоқсанға дейін ұсынылуы тиіс), 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымына (және қоса алғанда 2020 жылғы 10 ақпанға дейін ұсынылуы тиіс) сәйкес Комиссия талабы бойынша ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) белгіленген мерзімде ұсынбаған, осымен Хаттаманың 13-тармағын және Істерді қарау тәртібінің 21-тармағын бұзды.

      "Металлотехника" ЖШҚ мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбау туралы істі қарау шеңберінде оның іс-әрекеттерінде бұзушылықтардың болуы фактісімен келіспеу немесе келісу туралы позицияны ұсынған жоқ.

      "Металлотехника" ЖШҚ 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымына, 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымына, 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымына сәйкес сұратылған ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) Комиссияға ұсынуына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған жоқ.

      Істі қарау жөніндегі комиссияның отырыстарына лауазымды тұлға және (немесе) "Металлотехника" ЖШҚ сенімхаты бойынша өкілдері қатыспады, отырыстың күнін ауыстыру туралы өтініш ұсынбады.

      "Металлотехника" ЖШҚ ісін қарау жөніндегі комиссияның отырыстарында қатысудың мүмкін еместігінің дәлелді себебі туралы ақпарат ұсынылған жоқ.

      Хаттаманың 10-тармағының 3-тармақшасын, Істерді қарау тәртібінің 44-тармағын және Есептеу әдістемесі және айыппұл салу тәртібінің 17-тармағын басшылыққа ала отырып, Комиссия алқасы шешті:

      1. Істерді қарау тәртібінің 46-тармағында көзделген Комиссияның талабы бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбағаны үшін айыппұл санкцияларын қолдану туралы істі қарауды тоқтату үшін негіздер жоқ деп танылсын.

      2. Ақпарат ұсынбаудан көрінген "Металлотехника" ЖШҚ әрекеттері (әрекетсіздігі) ол үшін Хаттаманың 16-тармағының 5-тармақшасында жауапкершілік көзделген, Хаттаманың 13-тармағын және Істерді қарау тәртібінің 21-тармағын бұзу деп танылсын.

      3. Есептеу әдістемесіне және айыппұл салу тәртібіне және "Металлотехника" ЖШҚ хаттамасының 16-тармағына сәйкес (СТН 6449070540, тіркелген мекенжайы: 413100, Ресей Федерациясы, Саратов облысы, Энгельс қаласы, Құрылысшылар даңғылы, Өнеркәсіп аймағы), Шарттың XVIII бөлімінде және Хаттамада көзделген мәліметтерді (ақпаратты) Комиссияға ұсынбаған немесе уақтылы ұсынбаған, оның ішінде Комиссияның талап етуі бойынша мәліметтерді (ақпаратты) ұсынбаған, сол сияқты комиссияға көрінеу дұрыс емес мәліметтерді (ақпаратты) ұсынған деп таныған заңды тұлғаның алғаш рет ұсынбауы немесе уақтылы ұсынбауы) жауапкершілігін жұмсартатын мән-жайларды ескере отырып және жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың болмауын есепке ала отырып, 433 333 ресей рублі 33 тиын мөлшерінде айыппұл тағайындалсын.

      Көрсетілген айыппұл Хаттаманың 17 және 18-тармақтарында белгіленген тәртіппен төленуге жатады.

      4. "Металлотехника" ЖШҚ осы шешім күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімде Комиссияға 2019 жылғы 7 қарашадағы № 55/ұйғ ұйғарымына, 2019 жылғы 5 желтоқсандағы № 56/ұйғ ұйғарымына және 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 59/ұйғ ұйғарымына сәйкес сұратылған ақпаратты (құжаттарды, мәліметтерді) осы ұйғарымдарда белгіленген тәртіппен ұсынуы тиіс.

      5. Осы шешімге Еуразиялық экономикалық одақтың Сотына белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      6.  Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
М. Мясникович

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады