Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялаудың ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 14 желтоқсан N 1842 қаулысы. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007.06.18. N 505 (2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

     "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялаудың ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және жариялауға жатады.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы       
Үкіметінің             
2000 жылғы 14 желтоқсандағы      
N 1842 қаулысымен           
бекітілген               

  Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметті лицензиялаудың
Ережесі

                          1. Жалпы ережелер

       1. Осы Ереже "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуірдегі  Заңына  сәйкес әзірленді және ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын, ақпаратты өңдеудің қорғалған техникалық құралдарын әзірлеуді, жасауды, монтаждауды, оңдауды, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия беру  тәртібі мен шарттарын  белгілейді.  
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі қызметті, ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын, ақпаратты өңдеудің қорғалған техникалық құралдарын әзірлеуді, жасауды, монтаждауды, оңдауды, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, лицензиялауды мемлекеттiк құпияларды қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрі - Лицензиар) жүзеге асырады.
       Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.03.21. N 287   қаулысымен.
      3. Лицензияның күші Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
      4. Лицензия басты болып табылады.
      5. Лицензияны басқа тұлғаға беруге тыйым салынады.

            2. Лицензия беру тәртібі мен шарттары

      6. Мемлекеттік құпияларды техникалық қорғау жөніндегі қызметтің нақты түрін жүзеге асыруға лицензия, біліктілік деңгейі белгіленген талаптарға сәйкес келетін, жеке немесе заңды тұлғаға (бұдан әрі - Лицензиат) беріледі.
     7. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
     1) белгіленген үлгідегі өтініш;
     2) Лицензиаттың осы Ереженің 8-тарауының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;
     3) лицензиялық алымның енгізілгендігін растайтын құжат.
     8. Лицензия алу үшін ұсынылған барлық құжат Лицензиарда тіркеледі.
     9. Лицензиат лицензия алу үшін Лицензиарға ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің шынайылығы мен толықтығы үшін жауап береді.
     10. Лицензиялық алымның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

            3. Сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу

      11. Өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін сараптама комиссиясы құрылады. Сараптама комиссиясының жұмыс тәртібі мен сандық құрамын Лицензиар айқындайды.
      12. Сараптама қорытындысында өтініш берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғау жөніндегі  қызметтің таңдап алынған түрінде жұмысты жүзеге асыру мүмкіндігіне баға беріледі.

              4. Лицензияны беруден бас тарту

      13. Егер:
      1) субъектілердің осы санаттары үшін белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға заңнамалық кесімдерде тыйым салынған болса; 
      2) осы Ереженің 7-тармағында көзделген құжаттар түгел ұсынылмаса. 
      Өтініш беруші аталған кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздерде қаралады;
      3) сараптама комиссиясы өтініш берушінің өтініш жасалған қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіні туралы қорытынды шығарса;
      4) өтініш беруші кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алымды төлемесе;
      5) өтініш берушіге қатысты қызметтің осы түрімен айналысуына тыйым салатын сот шешімі болса лицензия берілмейді.
      14. Лицензияны беруден бас тартылған жағдайда өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша нысанда дәлелді жауап беріледі.

                     5. Лицензия беру

       15. Лицензиялар барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген күннен бастап бір айлық мерзімнен кешіктірілмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, егер заңнамалық кесімдерде өзге мерзім белгіленбесе - 10 күндік мерзімнен кешіктірілмей беріледі.
      16. Лицензиялар қорғалу дәрежесі, ұсынушы үшін бағалы қағаздар деңгейіндегі қорғаудың тиісті дәрежесі бар бланкілерде ресімделеді.
      17. Лицензия жоғалған жағдайда Лицензиат телнұсқасын алуға құқылы. Лицензиар он күн ішінде Лицензиаттың жазбаша өтініші бойынша лицензияның төлнұсқасын беруді жүргізеді. Бұл ретте Лицензиат жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін алым төлейді.

                  6. Лицензия күшінің жойылуы

       18. Лицензия:
      1) лицензия кері қайтарылып алынған;
      2) азаматтың кәсіпкерлік қызметі тоқтатылған, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда өз күшін жояды.
      19. Лицензия күшін жоюға байланысты дауларды сот шешеді.
      7. Лицензияны кері қайтарып алу және оның күшін тоқтата тұру.
      20. Егер заңнамалық кесімдерде өзгеше көзделмесе, лицензия:
      1) Лицензиат лицензия алу кезінде қасақана жалған ақпарат ұсынған;
      2) сот Лицензиатқа оны жүзеге асыруға лицензия берілген қызмет түрімен айналысуға тыйым салған;
      3) Лицензиат лицензиядағы талаптарды орындамаған;
     4) Лицензиар лицензия үшін тоқтата тұрған себептер жойылмаған жағдайларда сот тәртібімен кері қайтарылуы мүмкін. 
      21. Лицензиар тоқтата тұрудың себептерін көрсетіп лицензияның күшін алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға құқылы. 
      22. Лицензиат лицензия күшін тоқтата тұру туралы шешімге сот тәртібімен шағымдануға құқылы. 
      23. Олар бойынша лицензияның күші тоқтатылған себептер жойылғаннан кейін лицензия қайта күшіне енеді. 
      24. Лицензияның күшін тоқтата тұру, қайта күшіне енгізу немесе кері қайтарып алу туралы шешімді Лицензиар қабылдайды. Лицензиар лицензияның күшін тоқтата тұру, қайта күшіне енгізу немесе кері қайтарып алу туралы шешім қабылдаған күннен бастап 3 күндік мерзімде бұл туралы Лицензиатқа жазбаша нысанда хабарлайды. Лицензиат аталған хабарды алған күннен бастап лицензияның күші тоқтата тұрылады, күшін жояды немесе қайта күшіне енеді. 

                   8. Біліктілік талаптары  

      25. Біліктілік талаптарына мыналар жатады: 
      1) өтініш берілген қызмет түрлері бойынша ақпаратты қорғаумен айналысатын білікті ғылыми және инженерлік-техникалық персоналдың болуы; 
      2) ұйымда өтініш берілген қызмет түрін қамтамасыз ету үшін қажетті өндірістік, сынау және бақылау-өлшегіш жабдықтарының болуы; 
      3) өтініш берілген қызмет түрі үшін пайдаланылатын өлшегіш приборлары мен жабдықтарды метрологиялық салыстырып тексерудің метрология жөніндегі уәкілетті орган берген куәлікпен расталуы; 
      4) өтініш берілген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін қажетті шарттардың болуын, сондай-ақ өтініш беруші ұйым басшысының немесе ол лицензияланатын қызметті басқаруға уәкілеттік берген адамдардың кәсіби жарамдылығын растайтын сараптама материалдары; 
      5) егер, өтініш берілген қызметті жүзеге асыру Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты болған жағдайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтерді пайдаланумен жұмыстарды жүргізуге Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті берген рұқсаттың болуы; 
      6) көрсетілген мәліметтерді пайдалануға байланысты жұмыстарды орындау процесінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы  заңнамасының  талаптарын сақтау (қажет болған жағдайда). 

                   9. Есепке алу және бақылау 

      26. Лицензиар берілген, күші тоқтата тұрылған және кері қайтарылып алынған лицензиялардың тізілімін жүргізеді, ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын, ақпаратты өңдеудің қорғалған техникалық құралдарын әзірлеуді, жасауды, монтаждауды, оңдауды, пайдалануды, сақтауды, жөндеуді және сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын техникалық қорғаумен байланысты жұмыстарды орындайтын Лицензиаттардың лицензиялық шарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады.

                    10. Жауапкершілік

       27. Лицензияны беруден негізсіз бас тартқаны, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзғаны, лицензияның күшін негізсіз тоқтата тұрған үшін Лицензиар Қазақстан Республикасының   заңнамалық  кесімдерінде белгіленген тәртіппен жауап береді.
      28. Лицензиат қызметті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін заңнамалық кесімдерде белгіленген жауапкершілікке тартылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады