"Почта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 13 қыркүйек N 1195

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. "Почта туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
 

     Қазақстан Республикасының

          Премьер-Министрі



                                                              Жоба



 
                    Қазақстан Республикасының Заңы
 
                           Почта туралы
 
      Осы Заң почта қызметi саласындағы қарым-қатынастарды реттейдi, почта байланысы саласындағы мемлекеттiк органдардың өкiлеттiктерiн, сондай-ақ почта операторлары мен почта операторлары қызмет көрсетулерiн пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерiн, почта операторларының мәртебесiн және жауапкершiлiк шектерiн анықтайды.
 
                   1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
 
      1-бап. Осы заңда пайдаланылатын ұғымдар
      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      абонементтік жәшiк - почта операторларының өндiрiстiк объектiлерiнде орнатылатын, адресаттар почта жөнелтiмдерiнiң жеке түрлерiн алу үшiн өкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдаланатын жабылатын арнайы жәшiк;
      абоненттiк почта жәшiгi - тұрғын үйлерде, сондай-ақ ауылдық жерлерде жеткiзу учаскесiнде адресаттар почта жөнелтiмдерiн алу үшiн орнатылатын жәшiктерi бар арнайы шкаф;
      адресат - почта жөнелтiмi немесе почталық ақша аударымы соған арналған почта операторының қызмет көрсетулерiн пайдаланушы;
      бандероль - мөлшерiн, салмағын және буып-түю тәсiлiн уәкiлеттi орган анықтайтын басылымдар, іс қағаздары, құжаттар мен басқа да жазбаша салымдар бар почта жөнелтiмi;
      почта жөнелтiмiн табыс ету - почта жөнелтiмiн адресаттың өзiне немесе оның сенiмдi тұлғасына беруде жасалатын өндiрiстiк операция;
      почталық төлемнiң мемлекеттiк белгiлерi - почта маркалары және уәкiлеттiк орган айналымға енгiзетiн, почталық хат-хабарға соғылатын және почта байланысы қызмет көрсетуiне ақы төленгенiн растайтын өзге де белгiлер;
      почта жөнелтiмiн жеткiзу - жеткiзетiн жердегi почта, операторының өндiрiстiк объектiлерiнен адресаттың абонементтiк немесе абоненттiк почта жәшiгiне немесе жөнелтушi көрсеткен өзге де мекен-жай бойынша почта жөнелтiмiнiң қозғалысын бiлдiретiн операция;
      бiртұтас почта аумағы - почта операторы өндiрiстiк объектiлерiнiң жалпы индекстеу жүйесiн, почта жөнелтiмдерін ресiмдеудiң, қабылдаудың, өңдеудiң, тасымалдаудың және жеткiзудiң (табыс етудiң) жалпы тәртiбiн белгiлейтiн почта байланысы саласындағы бiрыңғай нормалар мен ережелер қолданылатын Қазақстан Республикасының аумағы;
      бәсiре зат - құжаттар мен почта жөнелтiмдерiне почта байланысы объектiлерiнiң атауларын (почта вагонының бағытын), почта жөнелтiмiн және өзге де ақпаратты қабылдау және жеткiзу уақытын көрсете отырып, бедерлеме соғуға арналған құрылғы (мөртабан);
      халықаралық почта жөнелтiмi - Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге тасымалдау үшiн қабылданатын, Қазақстан Республикасына оның шегiнен тыс жерлерден келетiн немесе бiр шетел мемлекетiнен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетiн қарапайым немесе тiркелетiн почта жөнелтiмi;
      халықаралық жауап купоны - ірi қарiппен "UPU" (Дүниежүзiлiк Почта Одағының қысқартылған белгiсi) әрiптерiн бейнелейтiн су белгiлерi бар қағазға басылған, Дүниежүзiлiк Почта Одағының Халықаралық Бюросы шығаратын, әуе көлiгiмен жiберiлетiн, салмағы 20 грамға дейiн болатын қарапайым халықаралық хаттың Қазақстан Республикасында қолданылатын почта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiмен айырбастауға жататын бағалы құжат;
      ұсақ пакет - мөлшерiн, салмағын және буып-түю тәсiлiн уәкiлеттi орган анықтайтын тауарлардың үлгiсi, сыйлық сипатындағы ұсақ заттар бар тiркелетiн почта жөнелтiмi;
      ұлттық почта операторы - почта байланысының жалпыға бiрдей, негiзгi, шарттық және өзге де қызметтерiн, қаржылық қызметтердi, банк операцияларының жекелеген түрлерiн, кез келген елдi мекенде кез келген пайдаланушыға бөлшек сауда қызметiн көрсету жөнiндегi мiндеттемелердi өзiне алған почта операторы;
      ұлттық почта желiсi - Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылатын және көпшiлiк шарттың қағидатымен қызметтер көрсететiн жалпы пайдаланымдағы почта желiсi;
      почта жөнелтiмiн өңдеу - почта жөнелтiмдерiн мақсаты бойынша тасымалдауға дайындауды және адресатқа жеткiзудi (табыс етудi) қамтамасыз ететiн, почта жөнелтiмдерiмен жүргiзiлетiн өндiрiстiк операциялар;
      почта операторы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес почта қызметiн жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      почта тасымалдау бөлiмшесi - почта операторының почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға мамандандырылған өндiрiстiк бөлiмшесi;
      почта байланысы бөлiмшесi - почта операторының почта жөнелтiмдерiмен жекелеген өндiрiстiк операцияларды жүзеге асыратын, оларды қабылдауға және жеткiзуге (табыс етуге) мамандандырылған өндiрiстiк бөлiмшесi;
      жөнелтушi - почта операторына почта жөнелтiмiн немесе почталық ақша аударымын жiберу үшiн тапсыратын почта операторының қызмет көрсетулерiн пайдаланушы;
      почта жөнелтiмдерiн тасымалдау - жөнелту пунктiнен жеткiзетiн жердегi почта операторының өндiрiстiк объектiлерiне дейiн адресаттарға жеткізу (табыс ету) үшiн почта жөнелтімдерінің қозғалысын бiлдiретiн өндiрiстiк операциялар;
      жазбаша хат-хабар - хаттар, почта карточкалары, бандерольдер және ұсақ пакеттер;
      хат - жазбаша хабарлама және (немесе) құжаттар бар почта конверті түріндегі қарапайым немесе тіркелетін почта жөнелтімі;
      почта операторының қызмет көрсетулерiн пайдаланушы (пайдаланушы) - почта операторының көрсететiн қызметiн тұтынушы, соның ішінде почта операторымен жасалатын шарттардың негізінде тұтынушы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
      жолдама зат - мөлшерiн, салмағын және буып-түю тәсілін уәкiлеттi орган анықтайтын тауарлар мен басқа да заттар бар тiркелетiн почта жөнелтiмi;
      почта - Қазақстан Республикасының аумағында почталық және қаржылық қызметтер кешенiн көрсетудi қамтамасыз ететiн құрылымның ажырамас бөлiгi;
      почтамт - почта байланысының барлық қызметтерiн көрсететiн және почта операторы функцияларының барлығын немесе бiр бөлiгiн жүзеге асыратын әмбебап өндiрiстiк бөлiмше;
      почта қауiпсiздігi - пайдаланушылардың, қызметкерлердiң және почта операторы мүлкiнiң қауiпсiздiгiн, почта жөнелтiмдерi мен ақшаның, хат жазысу құпиялығының, сондай-ақ почта операторына почта қызметiн жүзеге асыруына байланысты сеніп берiлетiн, заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын қамтамасыз ету;
      почта қызметi - почталық және қаржылық қызметтердi өндiру және почта желiсi арқылы көрсету;
      почта карточкасы - арнайы стандарт бланктегi жазбаша хабарлама бар қарапайым немесе тiркелетiн почта жөнелтiмi;
      почта байланысы - почта жөнелтiмдерiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу (табыс ету), сондай-ақ почталық ақша аударымы;
      почта желiсi - почта байланысы қызметтерiн көрсету, почта операторының қаржылық және өзге де қызметтерін көрсету барысында пайдаланылатын өндірістік объектілер мен почта бағыттарының жиынтығы;
      почта жүйесi - почта байланысын, қаржылық және өзге де қызметтер көрсетілуін қамтамасыз ететін почта желілері мен почта операторларының кешені;
      почта-жинақ жүйесі - ұлттық оператор осы Заңға сәйкес пайдаланушыларға почта желілерінің негізінде почта байланысы қызметтерін, қаржылық және өзге де қызметтерді көрсету кезінде туындайтын қарым-қатынастар жиынтығы;
      почталық мекен-жай (мекен-жай) - почта операторының қызмет көрсетулерін пайдаланушы почта жөнелтімдерін және почталық ақша аударымдарын жеткізу (табыс ету) үшін анықтайтын орын;
      почта вагоны - почта жөнелтімдерін іріктеуге және тасымалдауға арнайы тағайындалған және жабдықталған темір жол вагоны;
      почта индексi - почта жөнелтiмдерiн және почталық ақша аударымдарын қабылдау және жеткiзу (табыс ету) жүргiзiлетiн өндiрiстiк объектiге берiлетiн почта мекен-жайының шартты цифрлық белгiсi;
      почта контейнерi - тауарлар және басқа да материалдық құндылықтар бар контейнер түрiндегi почта жөнелтiмi;
      почталық ақша аударымы - жөнелтушi адресатқа төлеудi почта операторына тапсыратын ақша сомасы көрсетiлген, уәкiлеттi орган белгiлеген бланк нысанын толтыра отырып, почта және электр байланысы желiсiн пайдаланумен ақшаны қабылдау, өңдеу, тасымалдау (беру), жеткiзу (табыс ету) жөнiндегi қызмет көрсету;
      почта жөнелтiмдерi - қарапайым және тiркелетiн хаттар, почта карточкалары, бандерольдер, ұсақ пакеттер, жолдама заттар, почта контейнерлерi, сондай-ақ тиiстi орамдағы басылымдар;
      тiрек пунктiнiң почта шкафы - жеткiзу учаскесiнде почта жөнелтiмдерiн уақытша сақтауға немесе адресаттың почта жөнелтiмдерiн алуына арналған арнайы шкаф;
      почта штемпелi - жөнелту орнында жөнелтiмдi қабылдаған өндiрiстiк объектiнiң атауы, почта жөнелтiмiн қабылдау күнi мен уақыты белгiленген бедерлеменi құжаттар мен почта жөнелтiмдерiне соғуға арналған қондырғы; жеткiзу орнында почта жөнелтiмiн алған өндiрiстiк объектiнiң атауы, алу күнi мен уақыты, сондай-ақ почта жөнелтiмiн адресатқа жеткiзген (табыс еткен) өндiрiстiк объектiнiң атауы, жеткiзу (табыс ету) күнi мен уақыты;
      почта жәшiгi - қарапайым хаттар мен қарапайым почта карточкаларын жинауға арналған белгiлi түстi, нысанды және көлемдi жәшiк;
      почта жөнелтiмiн қабылдау - почта операторының жөнелтушiден одан әрi өңдеу, тасымалдау және адресатқа жеткiзу (табыс ету) үшiн қабылдаған почта жөнелтiмiн ресiмдеуiн бiлдiретiн өндiрiстiк операция;
      өндiрiстiк объектiлер - почта байланысының қызметтерiн көрсетуге арнайы тағайындалған және жабдықталған почта байланысының бөлiмшелерi мен құрылыстары (почтамттар, почта тасымалдау бөлiмшелерi, почталық айырбастау пункттерi, почта байланысы тораптары, почта байланысы пункттерi және басқалары);
      мерзiмдi басылымдарды жазылу бойынша тарату - мерзімдi басылым әкiмшiлiгiнiң, почта операторының және пайдаланушының мерзiмдi басылымдарға жазылуды қабылдау, жинау, тапсырыстарды жасау және өңдеу, мерзiмдi басылымдарды тасымалдау және жеткізу (табыс ету) кезiндегi өзара iс-қимылы;
      тіркелетiн почта жөнелтiмi - жөнелтушiге түбiртек берумен қабылданатын және адресатқа қолхатпен табыс етiлетiн почта жөнелтiмi;
      почта байланысы құралдары - почта жөнелтiмдерiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу (табыс ету), почталық ақша аударымдарын жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын үй-жайлар, техникалық құралдар, қызмет көрсету технологиялары, ноу-хау, көлік құралдары, жабдықтар, почта конверттері, карточкалары, маркалар, почта ыдысы;
      почта қызметi субъектiлерi - почта операторлары және почта операторларының қызмет көрсетулерiн пайдаланушылар;
      тариф - почта байланысының қызмет көрсетулерiне белгiленген төлем мөлшерi;
      почта байланысы торабы - почта жөнелтiмдерiмен барлық өндiрiстiк операцияларды жүзеге асыратын, оларды өңдеуге және тасымалдауға мамандандырылған өндiрiстiк объект;
      курьерлiк почта қызмет көрсетулерi - почта жөнелтiмдерiн тасымалдаудың және жеткiзудiң (табыс етудiң) арнайы режимiмен почта байланысы қызмет көрсетулерi;
      почта байланысы қызмет көрсетулерi - почта жөнелтiмдерiн қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу (табыс ету) жөнiндегi қызмет, сондай-ақ почталық ақша аударымдарын жүзеге асыру;
      жедел почта қызмет көрсетулерi - почта жөнелтiмдерiн тасымалдаудың арнайы режимiмен почта байланысы қызмет көрсетулерi;
      қаржылық қызмет көрсетулер - почта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық рыноктарда көрсететiн қызметтер (соның iшiнде агенттiк қызмет көрсетулер);
      таңба басу машинасы - жазбаша хат-хабарға почта байланысы қызмет көрсетулерiне ақы төленгенiн растайтын почта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiн, жазбаша хат-хабарды қабылдау күнiн және басқа да ақпаратты соғуға арналған машина.
 
      2-бап. Почта туралы заңнама
      1. Почта туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге нормалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
 
      3-бап. Почта қызметiнiң негiзгi қағидаттары
      Почта қызметi:
      1) заңдылықты сақтау;
      2) почта байланысы қызмет көрсетулерінің ақпаратты алу және онымен алмасу құралдарының бірі ретінде барлық жеке және заңды тұлғалар үшін қол жеткізілімдігі;
      3) почта қызмет көрсетулерiн пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiнiң сақталуы және қамтамасыз етiлуi;
      4) Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында почта жөнелтімдерiнiң транзит еркiндiгi;
      5) жеке және заңды тұлғалардың почта байланысы саласындағы қызметке қатысуға және осы қызмет нәтижелерiн пайдалануға құқықтарының теңдiгi;
      6) Қазақстан Республикасының заң кесімдерінде белгіленген шектеулердi ескере отырып, пайдаланушылардың хат алмасудың, почталық, телеграфтық жөнелтімдер мен өзге де хабарламалардың құпиялығына құқықтарын қамтамасыз ету;
      7) почта желiсiн және оны басқарудың сенімдiлiгi мен орнықтылығын қамтамасыз ету;
      8) почта байланысы саласындағы ережелердiң, стандарттардың, талаптар мен нормалардың бiрыңғайлығы;
      9) ұлттық почта желiсi мен почта-жинақ жүйесiн дамытуға мемлекеттiк қолдау көрсету;
      10) почта-жинақ жүйесiнiң салымдарына ұлттық оператор тартатын ақшаны орналастыру тәртiбiн мемлекеттiк реттеу негізінде жүзеге асырылады.
 
      4-бап. Почта қызмет көрсетулерi
      1. Почта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес почталық, қаржылық және өзге де қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
      2. Почта байланысы қызмет көрсетулерiне:
      1) почта байланысының жалпыға бiрдей қызмет көрсетулерi: Қазақстан Республикасының аумағында орнатылған почта жәшiктерiнен жиналған пайдаланушылардың жазбаша қарапайым хат-хабарларын қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу (табыс ету) жөнiндегi қызмет көрсетулер;
      2) почта байланысының негiзгi қызмет көрсетулерi:
      тiркелетiн почта жөнелтiмдерiн, жолдама заттарды, бандерольдердi, ұсақ пакеттердi, контейнерлерді қабылдау, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу (табыс ету) жөнiндегi қызмет;
      жедел және курьерлiк почта қызмет көрсетулерi;
      почталық ақша аударымдары;
      тапсырыстар мен каталогтар бойынша жолдама сауда;
      3) почта байланысының шарттық қызмет көрсетулерi:
      мерзiмдiк басылымдарды жазылу бойынша және бөлшек саудада тарату;
      жинақталған зейнетақы туралы хабарламаларды жеткізу;
      почта жарнамасы саласындағы қызмет көрсетулер;
      почталық төлем белгілерін, почта конверттерін, карточкаларын, открыткаларын, блоктарын, кәдесыйларын сату және басқалар;
      4) факс байланысы, электрондық почта, бөлшек сауда қызмет көрсетулері және почта операторлары көрсететін өзге де қызметтер жатады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған почта байланысы қызметтерiн почта операторлары уәкілетті орган лицензиясының негізінде көрсетеді.
      4. Почта операторлары қаржылық қызметтердің мынадай түрлерін көрсетуге құқылы:
      1) почта лотереяларын өткiзу;
      2) бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттік, брокерлік, дилерлік және өзге де қызмет көрсету;
      3) мемлекеттiк бюджеттен зейнетақыларды, жәрдемақыларды, және басқа да әлеуметтiк төлемдердi жеткізу жөнiндегi агент қызметтерiн көрсету;
      4) салымшыларды шарт жасасуға тарту бойынша зейнетақы қорларының агенті қызметтерін көрсету;
      5) лизинг қызметiн жүзеге асыру;
      6) факторингтiк операциялар: тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) сатып алушыдан төлемдi талап ету құқығын, төлемей қою қаупiн қабылдай отырып, сатып алу;
      7) форфейтингтiк операциялар (форфеттеу): сатушыға айналымсыз вексельді сатып алу жолымен тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) сатып алушының қарыздық мiндеттемелерiн төлеу.
      5. Ұлттық оператор осы баптың 4-тармағында көзделген қаржылық қызметтердi көрсетуден басқа, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң лицензиясы болғанда банк операцияларының мынадай түрлерiн жүзеге асыруға құқылы:
      1) заңды тұлғалардың депозиттерiн қабылдау, банк шоттарын ашу және

 

жүргiзу;

     2) жеке тұлғалардың депозиттерiн қабылдау, банк шоттарын ашу және

жүргiзу;

     3) кассалық операциялар: банкноттар мен монеталарды қабылдау, беру,

қайта санау, айыру, айырбастау, іріктеу, буып-түю және сақтау;

     4) аударым операциялары: заңды және жеке тұлғалардың банк шотын

ашусыз ақшаны аудару жөнiндегi тапсырмаларын орындау;

     5) банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау және

жiберу;

     6) шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру.


                        2-ТАРАУ. ПОЧТА ЖҮЙЕСІ


     5-бап. Почта желiлерi


 
       1. Почта желілерін почта операторлары меншік, мүліктік жалдау құқығында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарда пайдаланады.
      2. Почта операторларының өндірістік объектілері почта операторларының қызмет көрсетулеріне пайдаланушылардың еркін қол жеткізуін қамтамасыз ететін филиалдар түрінде құрылуы мүмкін.
      3. Почта байланысының техникалық құралдары стандарттау саласындағы уәкiлетті орган белгiлейтiн стандарттарға, өзге де нормалар мен техникалық шарттарға сәйкестiкке сертификаттауға жатады. Почта байланысы құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген экологиялық талаптарға сәйкес болуы тиiс.
 
      6-бап. Почта операторлары
      1. Почта операторлары осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес пайдаланушыларға почта байланысы қызметтерiн және қаржылық қызметтердi көрсетедi.
      2. Почта операторларында қажеттi технологиялық жабдық, механикаландыру, автоматтандыру және ақпараттандыру құралдары, тарифтер, Почта байланысы қызметтерiн көрсету ережесi, почта жөнелтiмдерiн Қазақстан Республикасының iшiнде және одан тыс жерлерге тасымалдау және жеткiзу (табыс ету) мерзiмi, жұмыс тәртiбi туралы пайдаланушылар үшiн қол жеткiзiмдi ақпарат, сондай-ақ пайдаланушыларға почта байланысы қызмет көрсетулерiне қол жеткiзудi жеңiлдететiн өзге де қажеттi ақпарат болуы тиiс.
 
      7-бап. Ұлттық почта операторы
      1. Ұлттық почта операторы азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркiндiктерi iске асырылуын қамтамасыз етедi және өз қызметiн Қазақстан Республикасының Yкiметi шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады.
      Ұлттық почта операторы жеке тұлғаларға, мемлекеттiк билiк және басқару органдарына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына және заңды тұлғаларға почта байланысы қызметтерiн көрсетедi.
      Ұлттық почта операторының негiзгi қызметi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында пайдаланушыларға почта байланысының жалпыға бiрдей, негiзгi, шарттық және өзге де қызметтерiн, қаржылық қызметтердi, банк операцияларының жекелеген түрлерiн, сондай-ақ бөлшек сауда қызметтерiн көрсету болып табылады.
      Ұлттық оператор туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекiтедi.
      2. Ұлттық почта операторының филиалдары - почтамттар, почта тасымалдау бөлiмшелерi және ұлттық почта операторы дербес заңды тұлға ретiнде құратын өзге де құрылымдық бөлiмшелер почта байланысы қызметтерiнiң бүкiл кешенiн не болмаса өзiнiң жеткізу немесе жiберу учаскесiнiң шегiнде почта байланысының жалпыға бiрдей және негiзгi қызметтерiн көрсетедi.
      Ұлттық почта операторының өндiрiстiк объектiлерi уәкiлетті орган беретiн почта индекстерi жүйесiмен бiрiктiрiлген.
      3. Ұлттық почта операторы уәкiлеттi орган бекiткен түрi мен көлемiне сәйкес почталық төлемнiң мемлекеттік белгiлерiн (почта маркалары, блоктары, маркiленген конверттер мен открыткалар, почта карточкалары мен конверттер) шығарады.
      Ұлттық почта операторы почталық төлемнiң мемлекеттiк белгiлерiн сату мен таратуды жүзеге асырады. Сатылған почталық төлемнiң мемлекеттiк белгiлерi қайтара қабылданбайды және айырбасталмайды.
      4. Ұлттық почта операторы почта жөнелтiмдерiн почта жәшiктерiнен алу

 

мерзiмi мен уақытын анықтайды, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен

келiсiм бойынша олардың болуын қамтамасыз етедi.

     5. Ұлттық почта операторы өз қызметкерлерiн уәкiлеттi орган

белгiлеген нормалар бойынша және тәртiппен нысандық киiммен қамтамасыз

етуге құқылы.


              3-ТАРАУ. ПОЧТА ҚЫЗМЕТIН МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ


     Параграф 1. Почта байланысы қызмет көрсетулерiн ұсыну жөнiндегi      

                 қызметті реттеу


     8-бап. Почта байланысы саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретi

     1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:


 
       1) Қазақстан Республикасының почта байланысын дамыту және почта-жинақ жүйесiн қалыптастырудың салалық бағдарламасын бекiтедi;
      2) инвестицияларды тарту үшiн қолайлы жағдай жасайды және почталық қызметтер көрсету рыногын дамыту және оның тұрақтылығын қолдау жөнiнде өзге де шаралар қолданады;
      3) почта қызметiне байланысты үкiметаралық келiсiмдер жасасады;
      4) почта байланысы саласында қызмет көрсетулердi өндiру және ұсыну жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережелерiн бекiтедi;
      5) Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кесiмдерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында почта байланысы саласындағы қызметтi мемлекеттiк реттеуді жүзеге асырады;
      2) тұрғындар мен экономиканың почта байланысы қызмет көрсетулеріне мұқтаждығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк саясат пен стратегияны іске асырады;
      3) Қазақстан Республикасының почта байланысын дамыту және почта-жинақ жүйесін қалыптастырудың салалық бағдарламасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады;
      4) почта байланысы қызметтерiн ұсынатын кәсiпкерлiк, шағын және орта бизнес субъектiлерiне қолдау көрсетедi;
      5) почта байланысы қызмет көрсетулер рыногын дамытуға және почта-жинақ жүйесiн жетiлдiруге жәрдемдеседi;
      6) почта байланысы қызметтерiн көрсетумен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың қызметiн лицензиялауды жүзеге асырады;
      7) ұлттық почта операторы арқылы почта төлемiнiң мемлекеттiк белгiлерiн (почта маркалары, блоктары, маркiленген конверттер мен открыткалар, почта карточкалары мен конверттер) шығаруды қамтамасыз етедi және түрлерi мен шығару көлемiн бекiтедi;
      8) Қазақстан Республикасының аумағында почта байланысы объектiлерiне почталық индекстер бередi;
      9) почта операторларының қызмет көрсетулерiн пайдаланушылардың құқықтары сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      10) Почталық төлем белгiлерiнiң мемлекеттiк коллекциясын қалыптастыру құқығына ие болады;
      11) өз құзыретi шегiнде почта байланысы қызмет көрсетулерiн пайдаланушыларға ұсынудың тиiстi ережелерiн бекiтедi. Қазақстан Республикасының аумағында почта жөнелтiмдерiн авиа- және жер бетiндегi көлiкпен жеткiзудiң мерзiмдерiн анықтайды;
      12) почта жөнелтiмдерiне почта штемпелiн қолдану тәртiбiн бекітедi;
      13) почта байланысы саласындағы заңнаманың орындалуын қамтамасыз етедi;
      14) таңба басу машиналарын қолдануға рұқсаттар беру тәртiбiн, сондай-ақ оларды пайдалану тәртiбiн анықтайды;
      15) почта инфрақұрылымына инвестицияларды тартуға жәрдемдеседi;
      16) Қазақстан Республикасының почта әкiмшiлiгi ретiнде қызмет атқарады және Қазақстан Республикасының Үкiметi анықтаған өкiлеттiк шегiнде басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың почта әкiмшiлiктерiмен өзара iс-қимыл кезiнде Қазақстанның почта байланысы саласындағы мүдделерiн бiлдiредi және қорғайды;
      17) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тапсырмалары бойынша почта байланысы саласындағы халықаралық шарттарды дайындауды және жасасуды жүзеге асырады;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      3. Жергiлiктi атқарушы органдар:
      1) почта операторларына, олардың аумағына өндірiстiк объектiлердi орналастыруда көмек көрсетедi, сондай-ақ почта операторларының өндiрістік объектілері үшін адам тұрмайтын үй-жайлар бөлу туралы мәселелердi қарайды;
      2) өндiрiстiк объектiлердi тиiмдi жұмыс істеу және әкімшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында почта байланысының қызмет көрсету аясын кеңейту үшін қажетті механикаландыру, автоматтандыру және ақпараттандыру құралдарымен жарақтандыруға жәрдемдеседі;
      3) әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте почта желiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiне жәрдемдеседi, почта операторларына почта жөнелтiмдерiн шалғайдағы елдi мекендерге белгiленген мерзiмде жеткiзуде көмек көрсетедi;
      4) ұлттық почта операторымен бiрлесiп, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте почта жәшiктерiнiң санын және орналастыру орындарын анықтайды, тұрғындардың және тұрғын үйлерді пайдаланатын ұйымдардың абоненттiк почта шкафтарын және абоненттiк почта жәшiктерiн тиiстi түрде пайдалануын қамтамасыз етедi.
 
      9-бап. Почта байланысының техникалық құралдарын сертификаттау
      Почта байланысының техникалық құралдарын стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген стандарттарға, өзге де нормалар мен техникалық шарттарға сәйкестiкке сертификаттауды Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған және стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тiркелген жеке және заңды тұлғалар жүргiзедi.
 
      10-бап. Почта байланысының қызмет көрсетулерiн ұсыну жөнiндегi қызметтi лицензиялау
      Почта операторлары почта байланысының қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган беретiн лицензиялардың негiзiнде жүзеге асырады.
 
      11-бап. Бiрыңғай нормативтер мен талаптар
      Почта операторлары почта байланысының қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi уәкiлеттi орган белгiлейтiн ережелер мен нормативтерге сәйкес жүзеге асырады.
      Почта жөнелтiмдерiн ресiмдеуге, олардың орамына қойылатын талаптар мен техникалық сипаттамалар уәкiлеттi орган белгiлейтiн нормативтерде анықталады.
 
      12-бап. Почта байланысы қызмет көрсетулерiне арналған тарифтер
      1. Почта байланысы қызмет көрсетулерiне арналған тарифтердi почта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiлейді және табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi орган реттейдi.
      2. Егер заң кесiмдерiнде почта байланысының жалпыға бірдей немесе негізгі қызметтерін пайдаланушылардың жекелеген санаттарына ақысыз не болмаса жеңілдік шартымен көрсету көзделген жағдайда, почта операторы осындай қызметтерді көрсетуге байланысты көтерген шығыстар мемлекеттік бюджет қаражатының есебiнен өтеледi.
 
      13-бап. Почта операторларының жедел-іздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдармен өзара iс-қимылы
      Почта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға өз почта желілерiнде жедел-іздестiру шараларын жүргiзуде ұйымдастыру және техникалық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге міндетті.
 
      14-бап. Почта аударымдарын жүзеге асыру кезiнде тiлдердi пайдалану
      Қазақстан Республикасының шегiнде жiберілетін почта жөнелтiмдерi мемлекеттiк немесе орыс тiлiнде ресiмделедi.
      Халықаралық почта жөнелтiмдерi Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар мен келiсiмдердiң нормаларында анықталған тiлдерде ресiмделедi және өңделедi.
 
      15-бап. Почта байланысының қызмет көрсетулерiн жүзеге асыру кезiндегi шектеулер
      1. Почта желiлерi бойынша жiберуге тыйым салынған немесе шектелген нәрселер мен заттардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      Почта операторы iшiндегiсi жiберуге тыйым салынған почта жөнелтiмдерiн кiдiртуге, сондай-ақ осы Заңның 24-бабының 2-тармағында көзделген тәртiппен басқа почта жөнелтiмдерiнiң бүлiнуiне (зақымдалуына) әкелетiн немесе әкелуi мүмкiн, почта байланысы қызметкерлерiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiретiн почта жөнелтімдерін, егер осындай қауiптi өзге жолмен жоюға келмесе, уәкілетті орган анықтайтын нысан бойынша актi жасай отырып, жоюға немесе жоюға рұқсат беруге құқылы.
      Почта жөнелтiмдерiнен тасымалдауға тыйым салынған немесе шектелген заттарды алып қою тәртiбiн, сондай-ақ оларды жою тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейді.
      2. Уәкілетті орган ұлттық почта операторының жолдама заттарға қабылдауына немесе жеткізуіне жататын маусымдық тауарларды анықтауға құқылы.
 
      Параграф 2. Қаржылық қызмет көрсетулердi ұсыну жөніндегі қызметті
                  реттеу
 
      16-бап. Почта-жинақ жүйесi
      1. Почта-жинақ жүйесi Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтайтын тәртіппен және шартпен қалыптастырылады және дамытылады.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңда көзделген банк операцияларын лицензиялауды, сондай-ақ ұлттық почта операторының банкілік қызметiн Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес реттеудi жүзеге асырады.
 
      17-бап. Почта операторларының қаржылық қызмет көрсетулерi
      1. Почта операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық қызмет көрсетулердi ұсыну жөніндегi қызметтi жүзеге асырады.
      2. Почта операторларының қаржылық қызметтердi көрсету жөнiндегi қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
 
      Параграф 3. Почта жөнелтiмдерінің жекелеген түрлерi
 
      18-бап. Тапсырысты жөнелтiмдер
      1. Почта жөнелтiмдерiнiң барлық түрлерi пайдаланушылардың тiлегi бойынша тапсырыс тәртiбiмен жiберiлуi мүмкiн және тiркелетiн жөнелтiмдерге жатады.
      2. Тапсырысты жөнелтiм көрсетiлетiн қызмет үшiн алдын ала төлеммен және почта операторының түбiртек беруiмен қабылданады.
 
      19-бап. Құндылығы жарияланған жөнелтімдер
      1. Бағалы қағаздар, құжаттар немесе бағалы заттар бар почта жөнелтiмдерi құндылығы жарияланған тiркелетiн почта жөнелтiмдерiне жатады.
      2. Пайдаланушылар құндылығы жарияланған почта жөнелтімі салымының бағалау сомасын дербес анықтайды және уәкiлетті орган бекiткен Почта байланысының қызметтерiн көрсету ережесiне сәйкес орамды таңдап алады.
      3. Құндылығы жарияланған жөнелтiм үшiн тариф белгіленген тәртiппен анықталады және оны жөнелтушi почта операторынан түбiртек ала отырып, алдын ала төлейдi.
      4. Жөнелтушi жариялаған құндылық мөлшерi осы Заңмен шектелмейдi.
 
      20-бап. Алу туралы хабарлама
      Тапсырысты жөнелтiмдi немесе құндылығы жарияланған жөнелтімді беру кезінде жөнелтуші адресаттың почта жөнелтімін алғаны туралы хабарламаны оған жіберуді талап етуге құқылы.
      Хабарлама үшін тарифті жөнелтуші почта операторынан түбіртек ала отырып, алдын ала төлейді.
      Алу туралы хабарлама жөнелтушіге оның таңдауы бойынша әуе немесе жер бетіндегі жолмен жіберіледі.
 
      21-бап. Почта байланысының жалпыға бірдей қызмет көрсетулерi
      1. Ұлттық почта операторы көрсететiн тiркелмейтiн жалпыға бiрдей қызметтер жөнелтушiнiң нұсқауына сәйкес өңдеуге, тасымалдауға және жөнелтушiне жеткiзуге (табыс етуге) жататын қарапайым жазбаша хат-хабарды орнатылған почта жәшіктеріне қабылдауды бiлдiредi.
      2. Почта жөнелтімінде почта төлемінің мемлекеттік белгілері болмаса немесе төлемнің белгіленген тарифіне дейін төленбесе, почта операторы осындай почта жөнелтімін қосымша ақы төлеу қажеттілігін көрсете отырып, жөнелтушіге қайтаруға құқылы.
      Жекелеген жағдайларда көрсетiлген почта жөнелтiмi белгіленген тарифке дейiн қосымша ақы төлеудi жеткізу (табыс ету) уақытында жүзеге асыру туралы ұсыныспен адресатқа жеткізілуі мүмкін.
 
      22-бап. Почта жөнелтiмiн қайтару. Жөнелтушінің өтiнiшi бойынша мекен-жайды өзгерту немесе түзету
      1. Почта жөнелтiмi:
      1) адресатқа берiлмеген;
      2) рұқсат етiлмеген салымдар үшiн тәркiленбеген немесе жойылмаған;
      3) жеткiзу елi заңнамасының негiзiнде алынбаған жағдайда жөнелтушi почта операторына почта жөнелтiмiн қайтару, мекен-жайын өзгерту немесе түзету туралы өтiнiш жасауға құқылы.
      2. Почта жөнелтiлiмiн қайтару, мекен-жайды өзгерту немесе түзету жөнелтушi арнайы тарифтi төлеген кезде жүзеге асырылады.
 
                        4-ТАРАУ. АРНАЙЫ ЕРЕЖЕЛЕР
 
      23-бап. Почта қауiпсiздігі
      1. Почта операторы почта қауiпсiздiгi бөлiмшелерiн құруға құқылы. Көрсетілген бөлiмшелер почта операторларының қызметкерлерін қорғауды, почта желілерінің қауіпсіздігі мен сырттан кіруден қорғауды, өндiрiстiк объектілердiң почта жөнелтімдері мен ақшаның сақталуын, жіберуге тыйым салынған нәрселер мен заттарды айқындауды және оларды почтамен тасымалдау жағдайларын болдырмауды қамтамасыз етеді.
      Почта қауіпсіздігі қызметтері ішкі қызметтік тексерістер жүргізеді, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға қылмыс деректері бойынша көмек көрсетеді.
      2. Почта қауіпсіздігі қызметтері өз қызметінде Қазақстан Республикасының заң кесімдерінде белгіленген тәртіппен техникалық және арнайы құралдарды, қызметтік штат қаруын пайдалануға құқылы.
      Арнайы, техникалық құралдарды және қызметтік штат қаруын пайдалану тәртiбi, оларды сатып алу, есепке алу, сақтау, жөндеу және жою тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталады.
 
      24-бап. Почта хабарламаларының құпиялылығы
      1. Хат алмасудың, почталық, телеграфтық және почта операторларының қызмет саласына кiретiн өзге де хабарламалардың құпиялығына мемлекет кепiлдiк бередi.
      2. Почта жөнелтiмдерiн тексеру және ашу, iшiне салынғанын тексеру, сондай-ақ почта хабарламалары құпиялығының өзге де шектеулерi сот шешiмi негiзiнде ғана рұқсат етiледi.
      3. Барлық почта операторлары почта жөнелтiмдерiнiң құпиялығын сақтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      4. Почта жөнелтiмдерi, почталық ақша аударымы және почта операторларының қызмет саласына кiретiн өзге де хабарламалар туралы ақпарат, сондай-ақ почта жөнелтiмдерiнiң өзі, аударылатын ақшалай қаражат және өзге де хабарламалар почта хабарламаларының құпиясы болып табылады және жөнелтушiлерге (адресаттарға) немесе олардың өкiлдерiне ғана берiлуi мүмкiн.
      5. Көрсетiлген ережелердi бұзуға жол берген лауазымды және өзге де тұлғалар Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен жауапкершiлiкке тартылады.
 
      25-бап. Почта заңнамасын бұзған үшiн жауапкершiлiк
      1. Осы Заңның ережелерiн бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiне сәйкес жауап бередi.
      2. Почта операторларының кiнәсiнен почта байланысының қызметтерiн көрсету жөнiндегi мiндеттемелердiң орындалмағаны не болмаса тиiстi түрде орындалмағаны үшiн олар пайдаланушылар алдында материалды жауапты болады. Почта операторлары:
      тiркелетiн почта жөнелтiмдерiн жоғалту, бүлдіру (зақымдау);
      тiркелетiн почта жөнелтiмдерi салымдарының жетiспеушiлiгi;
      почта жөнелтiмдерiн жiберудiң бақылау мерзiмдерiн бұзған жағдайларда материалды жауапты болады.
      3. Почта операторлары құндылығы жарияланған почта жөнелтiмдерiнiң жоғалуы, салымының жетiспеушiлiгi, бүлiнуi (зақымдалуы) үшiн жарияланған құндылықпен жеткiзу үшiн өндiрiп алынған тариф мөлшерiнде материалды жауапты болады.
      Құндылығы жарияланған почта жөнелтiмiн салым тiзiмдемесiмен бiрге жiберген кезде оның салымының бiр бөлiгi жоғалған немесе бүлiнген (зақымдалған) жағдайда почта операторы жөнелтушi тiзiмдемеде көрсеткен салымның жетiспейтiн немесе бүлiнген (зақымдалған) бөлiгiнiң жарияланған құндылығы мөлшерiнде шығынды өтейдi.
      Құндылығы жарияланған почта жөнелтiмiн салым тiзiмдемесiнсiз жiберген кезде оның салымының бiр бөлiгi жоғалған немесе бүлiнген (зақымдалған) жағдайда почта операторы салымның жетiспейтiн немесе бүлiнген (зақымдалған) бөлiгi салмағының жiберiлген салымның салмағына (почта жөнелтiмi қабатының салмағынсыз) арақатынасына тепе-тең анықталатын почта жөнелтiмiнiң жарияланған құндылығының мөлшерiнде шығынды өтейдi.
      Өзге де тiркелетiн почта жөнелтiмдерi жоғалған, салымы жетiспеген, бүлiнген (зақымдалған) кезде почта операторлары тарифтiк төлемнiң екi есе сомасы мөлшерiнде материалды жауапты болады.
      4. Почта жөнелтiмi, ақша жоғалған немесе жетiспеген жағдайда почта операторы аударым сомасын немесе жетiспейтiн ақша сомасын және жеткiзу үшiн өндiрiп алынған тарифтi өтейдi.
      5. Азаматтардың жеке бастарының (өндiрiстiк емес) мұқтаждықтары үшiн почта жөнелтiмдерi мен почталық ақша аударымдарын жiберудiң бақылау мерзiмдерiн бұзған жағдайда почта операторлары әрбiр кiдiртiлген күн үшiн почта байланысының жiберу бойынша көрсеткен қызметтерi үшiн ақының үш пайызы мөлшерiнде, бiрақ осы қызмет көрсету үшiн төленген тариф сомасынан асырмай айыппұл төлейдi.
      Почта жөнелтiмдерiн әуе көлiгiмен жiберудiң бақылау мерзiмдерiн бұзған жағдайда почта операторлары пайдаланушыға әуе және жер бетiндегi көлiкпен жiберу үшiн төлемнiң арасындағы тарифтердiң айырмашылығын төлейдi.
      6. Пайдаланушылардың қосымша шығындары, соның iшiнде ала алмаған табысы өтелмейдi.
      7. Почта операторлары почта жөнелтiмдерiн жоғалтқаны, бүлдiргенi (зақымдағаны), жеткiзбегенi немесе оларды жiберудiң бақылау мерзiмдерiн бұзғаны үшiн, егер бұл қарсы тұруға болмайтын жағдайдың немесе почта жөнелтiмi салымының қасиетi салдарынан болғаны дәлелденсе, материалды жауап бермейдi.
      8. Пайдаланушылар почта жөнелтiмдерiне жiберуге тыйым салынған нәрселер мен заттарды салу салдарынан туындаған не болмаса жiберiлетiн салымның тиiстi түрде буып-түйілмеуі нәтижесiнде туындаған, почта операторына келтiрiлген залал үшiн Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiне сәйкес белгiленген материалды және өзге де түрде жауапты болады.
      9. Почта жәшiктерiн, абоненттiк почта жәшiктерiн, тiрек пункттерiнiң шкафтарын бүлдiруде, почта жөнелтiмдерiн ұрлауда, жоюда немесе зақымдауда кiнәлi тұлғалар, сондай-ақ почта операторына залал келтiруде және осы Заңның өзге де құқық бұзушылықтарында кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң кесiмдерiне сәйкес жауап бередi.
      10. Почта төлемдерiнiң қолдан жасалған, жалған белгiлерiн, соның iшiнде халықаралық жауап купондарын сату мақсатында жасауда немесе сатуда, сондай-ақ таңба басу машиналары мен бәсіре заттардың қолдан жасалған клишелерін пайдалануда кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң

 

кесімдеріне сәйкес жауап береді.

     11. Почта операторлары мен пайдаланушылардың арасында туындайтын

даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен

шешіледі.

     12. Кінәсінен залал келтірілген почта операторларының қызметкерлері

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің алдында

материалды және өзге де түрде жауапты болады.


     Қазақстан Республикасының

           Президенті



Мамандар:

     Багарова Ж.А.

     Қасымбеков Б.А.






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады