Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Словения Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 21 мамыр N 545

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Словения Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қоюға келісім берілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Ағылшын тілінен аударма

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен
Словения Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы
ынтымақтастық туралы
Хаттама

(2008 жылғы 31 қаңтарда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Словения Республикасының Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік егемендікті, теңдікті құрметтеу, тарап мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, өзара құрмет мен тиімділік қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
      БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттарына сәйкес бейбіт қатынастарды әрі ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып, Тараптар арасында өзара мүдделі мәселелер бойынша әр түрлі деңгейде консультациялардың маңыздылығын және БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде өз араларында консультациялардың пайдалылығын қуаттай отырып,
      мыналар туралы келісті:

1-бап

      Тараптар саяси диалогты арттырады. Тараптар екі жақты қатынастар және халықаралық ортақ мүдделі мәселелер бойынша жүйелі түрде саяси консультациялар өткізуге ниет білдіреді.

2-бап

      Тараптар, қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасы мен Словения Республикасы арасындағы қолданыстағы келісімдер мен уағдаластықтарды орындауға қатысты мәселелер бойынша ақпараттар алмасады. Тараптар екі жақты қатынастардың құқықтық негізін орнату қажеттілігін басшылыққа алып және осы мақсатпен кез келген пайдалы бастамаларды ұсынатын әрі қолдайтын болды.

3-бап

      Осы Хаттамада көрсетілген консультациялар Сыртқы істер министрлері деңгейінде және министрліктер департаменттерінің басшылары мен сарапшыларын қоса алғанда, басқа да деңгейлерде өткізіледі. Тараптар өзара уағдаластық бойынша аса маңызды мәселелерді зерделеу үшін сарапшылар немесе жұмыс топтарын құра алады.

4-бап

      Консультациялардың бағдарламалары мен деңгейі, сондай-ақ өткізілетін орны дипломатиялық арналар бойынша келісіледі.     Тараптардың Сыртқы істер министрлері немесе олардың уәкілетті  өкілдері арасындағы кездесулер кезекпен екі елдің астаналарында өтіп  отырады.

5-бап

      Қазақстан Республикасының және Словения Республикасының үшінші елдердегі дипломатиялық өкілдіктері, олардың Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардағы Тұрақты Өкілдіктері өзара байланыстар мен ақпараттар алмасуды жақсартатын болады.

6-бап

      Осы Хаттама Словения тарапының бұл Хаттаманың күшіне енуі үшін  қажетті барлық мемлекетішілік рәсімді орындағаны туралы хабар берген  күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Хаттама екі жыл бойы күшінде болады және Тараптардың бірі осы Хаттаманың кезекті мерзімінің аяқталуына дейін екі ай бұрын басқа Тарапты өзінің Хаттама күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша түрде хабардар етпесе,
      өзінен өзі келесі екі жылға ұзартылды деп есептеледі.
      2002 жылғы ______, _________ ағылшын тілінде екі түпнұсқа данада жасалды.

       Қазақстан Республикасының          Словения Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі үшін     Сыртқы істер министрлігі үшін

      Мамандар:
      Багарова Ж.А.,
      Қасымбеков Б.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады