Қазақстан Республикасының Yкiметi, Ресей Федерациясының Yкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы "Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамының дамуы мен қызметiне көмектесу туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 19 наурыздағы N 346 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. 2003 жылғы 13 мамырда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы "Ядролық отын өндiру жөнiндегi бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорны" жабық акционерлiк қоғамының дамуы мен қызметiне көмектесу туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Yкiметi, Ресей Федерациясының Yкіметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы "Ядролық отын өндiру жөніндегі бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорын" жабық акционерлiк қоғамын дамытуға және қызметiне жәрдемдесу туралы
КЕЛІСІМ

      Әрi қарай Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi, Ресей Федерациясының Үкiметi және Украина Министрлер Кабинеті,
      Ядролық қаруды таратпау жөнiндегi 1968 жылғы 1 шiлдедегi шарттың мақсаттарына жақтаушылықты растай отырып,
      атом энергетика объектілерiн сенiмдi және қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз ету үшiн өз мемлекеттерiнiң халықтары мен халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершiлiгiн сезiне отырып,
      Ядролық қауiпсiздiк туралы 1994 жылғы 17 маусымдағы Конвенцияның міндеттемелерiнiң бұлжытпай орындалуын растай отырып,
      Өндiрiстік, коммерциялық, несиелік-қаржылық, сақтандырушылық және аралас трансұлттық бiрлестiктер құруға және дамытуға жәрдемдесу туралы 1994 жылғы 15 сәуiрдегi келiсiмнің ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      Украинада құрылған және тiркелген, әрі қарай БК аталатын, "Ядролық отын өндiру жөніндегі бiрлескен украиндық-қазақстандық-ресейлiк кәсiпорын" жабық акционерлiк қоғамын дамыту әрі қарай Украинаның АЭС аталатын атом электр станцияларын бәсекелесуге қабілеттi ядролық отынмен қамтамасыз етуде Тараптардың мүдделіліктерiне жауап беретiндігiн, әрі Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясы мен Украинаның атом энергетикасының өнеркәсiптiк кешендерінің кооперациялық байланыс деңгейiн арттырудың маңызды факторы болып табылатындығын ескере отырып,
      экономикалық тиiмділiк, тең құқықтық және өзара пайдалылық принциптерiне сүйене отырып,
      төмендегі туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар тең бастамада әрі қарай ядролық отын деп аталатын Украина AЭC BBЭP-1000 реакторлары үшiн дайын жылу бөлетiн жинақтамалар түрiндегi бәсекелесуге қабiлеттi ядролық отын өндiру жөніндегi БК-ды дамытуға және қызметiне жәрдемдеседi.
      Ядролық отын өндiру жөнiндегi БК-ды дамыту және қызметi:
      2002-2004 жылдар кезеңiнде:
      - қажеттi өндiрiстiк қуаттарды дайындауды;
      - қызметшiлердi оқытуды;
      - цирконийлік құймалар мен прокатты, сондай-ақ жинақтамалы
        бұйымдарды дайындау технологияларын игерудi;
      - ядролық отынды жеткiзудi ұйымдастыру жөнiндегі жұмыстарды
        бақылау мен үйлестiрудi;
      2005-2010 жылдар кезеңiнде осы Келiсiмнiң 2-бабына сәйкес белгiленетiн қазақстандық, ресейлік және украиндық атқарушы ұйымдармен бiрлесiп ядролық отын өндiрiсiн ұйымдастыруды бiлдiредi.

2-бап

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн мыналар Тараптардың құзыреттi органдары болып табылады:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгі;
      Ресей Тарапынан - Ресей Федерациясының Атом энергиясы жөнiндегi министрлiгi;
      Украина Тарапынан - Украинаның Отын және энергетика министрлiгi.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi әрі қарай қазақстандық атқарушы ұйымдар деп аталатын тиiстi қазақстандық ұйымдар мен кәсiпорындарға осы келiсiмнiң шеңберiнде ынтымақтастықты жүзеге асыруды тапсырады.
      3. Ресей Федерациясының Атом энергиясы жөнiндегі министрлiгі әрі қарай ресейлік атқарушы ұйымдар деп аталатын тиiстi ресейлік ұйымдар мен кәсiпорындарға осы келiсiмнiң шеңберiнде ынтымақтастықты жүзеге асыруды тапсырады.
      4. Украинаның отын және энергетика министрлiгі әрі қарай украиндық атқарушы ұйымдар деп аталатын тиiстi украиндық ұйымдар мен кәсiпорындарға осы келiсiмнiң шеңберiнде ынтымақтастықты жүзеге асыруды тапсырады.
      5. Тараптар өздерiнiң құзыреттi органдарына осы Келiсiмнiң шеңберiнде БК мен қазақстандық, ресейлiк, украиндық атқарушы ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты үйлестiрудi, сондай-ақ оның тиiмдi атқарылуына бағытталған шаралардың орындалуы үшiн бақылауды жүзеге асыруды тапсырады.
      6. Ядролық қаруды шығару үшiн қажеттi өндiрiстiк қуаттарды пайдалануды оңтайландыру мақсатында Тараптардың құзыреттi органдары мен Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарындағы тиiстi атқарушы ұйымдар келiсiлген жоспар бойынша ядролық отын өндiрiсiн дамытуды жүзеге асырады.
      7. Осы Келiсiмнiң шеңберiнде тауарларды жеткiзу, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету БК мен жұмыстардың нақты мазмұнын, төлемдердiң бағаларын, шарттарын, жұмыстарды орындау кестелерiн, БК мен тиiстi атқарушы ұйымдардың - мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiн бекітетін Тараптардың атқарушы ұйымдары арасында жасалатын шарттар (келісім-шарттар) негiзiнде жүзеге асырылады. Тараптардың құзыретті органдары көрсетiлген шарттардың (келiсiм-шарттардың) жасалуына жәрдемдеседi.
      8. Осы баптың 1-тармағында белгiленген құзыреттi орган таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда оның құқықтары мен мiндеттемелерi оның құқықтық мұрагерiне немесе тиiстi Тарап тағайындаған басқа органға өтедi. Басқа құзыретті органның тағайындалуы туралы Тараптар ноталармен алмасу жолымен дипломатиялық арналар арқылы бiрiн-бiрi хабардар етедi.

3-бап

      Қазақстан және Ресей Тараптары мен олардың құзыреттi органдары БК мiндеттемелерi бойынша жауапкершілiкте болмайды.
      Украина Тарапы және оның құзыретті органы, Украина заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, БК мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiкте болмайды.

4-бап

      1. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Тарапы Украина AЭC BBЭP-1000 реакторлары үшiн ядролық отын жеткiзуге жеткіліктi көлемде және ресейлік өндiрiстегi отын таблеткаларының бағаларымен бәсекелесе алатын баға бойынша отын таблеткаларын жеткiзудi қамтамасыз етедi.
      2. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Ресей Тарапы бағасы уранның тотықша-тотығы, оны байыту мен ұқсатудың базистiк бағалары бойынша құралатын байытылған уран шикiзатын жеткiзудi қамтамасыз етедi.
      Ресей Тарапы 2010 жылғы 31 желтоқсанға дейiнгi кезеңде DDU (ресейлік-украиналық шекара) шарттарында бойынша 1996 жылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша мынадай базистік бағаларды, 2000 жылғы өзгерiстермен және толықтырулармен "Инкотермс" сауда-саттық терминдерiне түсінік берудiң халықаралық ережелерiн кепiлдендiредi:
      - уранның тотықша-тотығы - уранның 1 кг үшiн 18 (он сегiз)
        АҚШ доллары;
      - уранды байыту - айыру жұмысының бір бiрлiгiне 75 (жетпiс
        бec) АҚШ доллары;
      - уранды конверсиялау - 1 кг уран үшiн байытылған урандық
        шикiзаттың бағасын есептеу күнiндегi көрсетiлген бағаларды
        үстемелеудi ескергенде, 6 (алты) АҚШ доллары.
      3. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Украина Тарапы:
      - БК ядролық отынды тәуелсiз (түпкiлiктi өнiмдi жеткiзу түрiнде қызметтердiң толық кешенiн ұсыну) жеткізуші деп таниды;
      - ядролық отынды өндiру үшiн қажеттi жабдықтардың, материалдар мен жинақтамалардың БК-ға жеткiзiлуiне көмектеседi;
      - 2010 жылғы 31 желтоқсанға дейiнгі кезеңде тек қана БК өндiретiн ядролық отынды сатып алуды жүзеге асырады. БК Украинаның AЭC ядролық отынмен толықтай қамтамасыз етпеген жағдайда ресейден шығатын ядролық отынды сатып алуды жүзеге асырады. Бұл мiндеттеме 2000 жылғы 31 желтоқсаннан кейiн Ресей Тарапы растауы тиiс, ядролық отын өндiрiсi үшiн байытылған уран шикiзатының бағасы туралы Ресей мен Украина Тараптарының атқарушы ұйымдары арасында уағдаластыққа қол жеткiзiлген жағдайда күшінде қалады.
      4. Тараптар осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Тараптардың құзыретті органдарына, тиiстi атқарушы ұйымдарға және БК-ға ұлттық заңнамаға сәйкес өз мемлекеттерiнiң аумақтары бойынша ядролық материалдарды тасымалдаумен байланысты мәселелерді шешуге жәрдемдеседі.

5-бап

      1. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Тарапының құзыретті органы және қазақстандық атқарушы ұйымдар ядролық отын үшiн отындық таблеткаларды өндiрудi және жеткiзудi қамтамасыз етедi.
      2. Осы Келiсiммен көзделген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Ресей Тарапының құзыретті органы және ресейлік атқарушы ұйымдар:
      - БК ядролық отынды жеткiзу басталғанға дейiн шарттармен
        (келiсiм-шарттармен) көзделген жағдайларда Украина АЭС үшiн
        ядролық отынның жеткiзілуiн қамтамасыз етедi;
      - жылу бөлетiн элементтер (твэлдер) мен жылу бөлетiн
        жинақтамаларды өндiрудi қамтамасыз етедi;
      - қазақстандық атқарушы ұйымдарды Украина АЭС-да ядролық
        отынды жеткiзу үшiн жеткiлiктi көлемде BBЭР-1000
        реакторларының твэлдерi үшін отындық таблеткаларды
        дайындауға тапсырыстармен қамтамасыз етедi;
      - оның бәсекелік қабiлетiн қамтамасыз ету мақсатында ядролық
        отынды жетiлдiру үшін ғылыми, технологиялық,
        конструкторлық және өндірістік әлеуеттi тартуға көмектеседі;
      - Украинада цирконий мен оның жартылай фабрикатын өндiруге
        қажетті материалдарды БК-ның жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
      3. Осы Келiсiммен көзделінген ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Украина Тарапының құзыреттi органы және украиналық атқарушы ұйымдар:
      - ядролық отын өндiруге пайдаланылатын цирконийлік прокат
        өндiрiсiн;
      - ядролық отын өндiруге пайдаланылатын жинақтамалық
        бұйымдар өндiрiсiн қамтамасыз етедi.

6-бап

      1. Тараптар арасында ядролық материалдардың, жабдықтардың, арнайы ядролық емес материалдардың және тиiстi технологиялардың экспорты мен импорты 1968 жылғы 1 шiлдедегi Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан және басқа да халықаралық шарттар мен Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын уағдаластықтардан туындайтын Тараптардың мiндеттемелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Тарапы осы Келiсiмнiң шеңберiнде Ресей Федерациясынан немесе Украинадан импортталатын ядролық материалдардың, жабдықтың, арнайы ядролық емес материалдардың және тиiстi технологиялардың, сондай-ақ олардың негiзiнде өндiрiлген немесе оларды пайдалану нәтижесiнде ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, қондырғылар мен жабдықтың:
      а) ядролық қаруларды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар өндiру үшiн немесе қандай да болмасын соғыс мақсаттарына қол жеткiзу үшiн пайдаланылмайтығына;
      б) Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiгi арасындағы Қазақстан Республикасының барлық ядролық қызметiн қамтитын 1994 жылғы 26 шiлдедегi Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктердi қолдану туралы келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында немесе юрисдикциясының қарауында нақты болатын барлық мерзiм iшiнде МАГATЭ кепілдiктерiнде болатындығына;
      в) MAГATЭ ұсынатын деңгейлерден төмен емес деңгейлерде физикалық қорғау шараларымен қамтамасыз етiлетiндігіне;
      г) Ресей Тарапының жазбаша рұқсаты немесе Украина Тарапының жазбаша рұқсаты бар болған кезден басқа және осы тармақтың "а", "б" және "в" - тармақшаларында көзделiнген жағдайларда қайта экспортталмайтындығына (экспортталуына) немесе Қазақстан Республикасының юрисдикциялық қарауынан берiлмейтiндiгiне кепiлдiк бередi.
      3. Украина Тарапы осы Келiсiмнiң шеңберiнде Ресей Федерациясынан немесе Қазақстан Республикасынан импортталатын ядролық материалдардың, жабдықтың, арнайы ядролық емес материалдардың және тиiстi технологиялардың, сондай-ақ олардың негiзiнде өндiрiлген немесе оларды пайдалану нәтижесiнде ядролық және арнайы ядролық емес материалдардың, қондырғылар мен жабдықтың:
      а) ядролық қаруларды және басқа да ядролық жарылғыш құрылғылар өндiру үшiн немесе қандай да болмасын соғыс мақсаттарына қол жеткiзу үшiн пайдаланылмайтындығына;
      б) Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiгi арасындағы Украинаның барлық ядролық қызметiн қамтитын 1994 жылғы 26 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдердi қолдану туралы келiсiмге сәйкес Украинаның аумағында немесе юрисдикциясының қарауында нақты болатын барлық мерзiм iшiнде МАГATЭ кепiлдiктерiнде болатындығына;
      в) MAГATЭ ұсынатын деңгейлерден төмен емес деңгейлерде физикалық қорғау шараларымен қамтамасыз етiлетiндiгiне;
      г) Ресей Тарапының жазбаша рұқсаты немесе Қазақстан Тарапының жазбаша рұқсаты бар болған кезден басқа және осы тармақтың "а", "б" және "в" - тармақшаларында көзделiнген жағдайларда қайта экспортталмайтындығына (экспортталуына) немесе Украинаның юрисдикциялық қарауынан берiлмейтiндiгiне кепiлдiк бередi.
      4. Егер Тараптар өзгеше келiспесе, ядролық материалдар қосымша байытылмайды немесе қайта өңделмейдi, ал жабдық - өзгертуге тартылмайды.
      5. Қазақстан және Украина Тараптары қосарлы мақсаттағы жабдықтар мен материалдарды және ядролық мақсаттарда қолданылатын тиiсті технологияларды немесе олардың кез келген туынды көшiрмелерiн ядролық жарылғыш құрылғылар құру жөнiндегi кез келген қызметке немесе MAГATЭ кепiлдiктерiне кiрмейтiн ядролық отын циклi саласының қызметiне пайдаланбайды.

7-бап

      1. Әрбiр Тарап осы Келiсiмдi орындау кезiнде, қазақстандық, ресейлiк және украиналық атқарушы ұйымдар алмасатын коммерциялық және өнеркәсiптiк құпияларды, ноу-хауды қоса алғанда, ақпараттың құпиялығын қамтамасыз ету үшiн сол мемлекеттiң заңнамасымен көзделiнген барлық шараларды қабылдайды.
      2. Осы Келiсiм шеңберiнде жұмыстарды орындау және қызметтер көрсетудi ұсыну барысында Тараптардың атқарушы ұйымдары беретiн немесе құратын интеллектуалдық меншiктегі объектiлерге арналған құқықтық қорғау және құқықтарды бөлу мәселелерi Тарап мемлекеттерiнiң қолданыстағы заңнамаларымен белгiленедi. Осы Келiсiм бойынша ынтымақтастық шеңберiнде техникалық шешiмдердi және өзге де интеллектуалдық меншiк объектiлердi беру өзiнен кейiн, егер Тарап мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес тиiстi қазақстандық, ресейлiк және украиналық атқарушы ұйымдар арасында жасалатын шарттармен (келiсiм-шарттармен) өзгеше көзделiнбесе, мұндай шешiмдер мен объектiлерге авторлық құқықтарды бepугe ұрындырмайды.
      3. Осыған қатысушы болып табылмайтын тарапқа осы Келiсiмнiң шеңберiнде орындалған бiрлескен әзiрленiмдер туралы ақпаратты беру тәртібiн Тараптардың құзыреттi органдары белгілейдi және әрбiр нақты жағдайда жазбаша нысанда ресiмделедi.

8-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға немесе түсiндiруге қатысты туындаған даулар консультациялар және келiссөздер жолымен немесе Тараптармен келiсiлген өзге де рәсiмдердiң көмегімен шешiледi.

9-бап

      Қажет болған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары олардың бiреуiнiң ұсынысы бойынша осы Келiсiмдi iске асыруды қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды қарау үшiн кездесулердi өткiзедi.

10-бап

      1. Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн коммерциялық басымдықтарды алу мақсатында немесе басқа Тараптың коммерциялық байланыстарында шектеулер тудыру үшiн пайдаланбайды.
      2. Осы Келiсiм қатысушылары Тарап мемлекеттерi болып табылатын басқа шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.

11-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

12-бап

      Осы Келiсiмдi орындауға байланысты кез келген ақпаратты алмасу мақсатында ресми тiл ретiнде орыс тiлi пайдаланылады.

13-бап

      1. Осы Келiсiм қол қойған күннен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн Тараптардың барлық қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындауы туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап күшiне енедi және белгiленбеген мерзiмге жасалады.
      2. Тараптардың әрқайсысы осы Келiсiмнің күшiн қалған Тараптарға тиiстi жазбаша хабарлама жiберу жолымен оның екi жылдық кезеңiнiң өтуi бойынша күшiн тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келiсiмнің күшi Тараптардың бiрiнің осындай жазбаша хабарлама берген күнiнен бастап екi жылдық мерзiмнің өтуi бойынша тоқтатылады. Осы Келiсiм күшiнiң тоқтатылуы БК мен атқарушы ұйымдардың оның күшi кезеңiндегi туындаған құқықтар мен мiндеттемелердi қозғамайды.
      3. Осы Келiсiмнің күшi тоқтатылғаннан кейiн осы Келiсiмнiң 6-бабының ережелерi күшiнде қалады.

      _______________ қаласында 200_ жылғы "___" ________ бiр түпнұсқалық данада орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқа дана оның куәлендiрiлген көшiрмесiн Қазақстан және Ресей Тараптарына жолдайтын Украина Тарапында сақталады.

      Қазақстан            Ресей               Украинаның
      Республикасының      Федерациясының      Министрлер
      Yкiметi үшiн         Yкiметi үшін        Кабинетi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады