"Теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiндегi өнімдi бөлу туралы келiсiмдер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қыркүйектегі N 969 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      "Теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiндегi өнімдi бөлу туралы келiсiмдер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы Теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiндегi
өнімдi бөлу туралы келiсiмдер туралы

      Осы Заң тараптар мүдделерiнің балансына қол жеткiзу және Қазақстан Республикасы экономикасының барлық салаларын келiсiмдi дамыту үшiн жағдай жасау мақсатында өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердiң шарттарында мердiгерлер мен мемлекеттің өзара iс-әрекеттерiнің құқықтық және экономикалық негіздерiн белгілейдi.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Осы Заңды реттеу нысанасы

      1. Осы Заң мұнай-газ секторында өнiмдi бөлу шарттарында келiсiмдердi жасасқанда, орындағанда және тоқтатқанда Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторында және Арал теңiзiнде мұнай операцияларын жүргізу құқықтарын беруге байланысты қатынастарды реттейдi және осындай келiсiмдердiң, сондай-ақ кейiн Қазақстан Республикасы мен мердiгер арасында өнiмдi бөлудiң негiзгi құқықтық шарттарын белгілейдi.
      2. Мердiгердiң бiрлесiп барлау және өндiру немесе көмiрсутегі шикiзатын өндiру, өндiрiлген өнiмдi бөлу, сондай-ақ оны тасымалдау, өңдеу, сақтау, сату немесе өзгедей иелік ету процесiнде қалыптасатын қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнама актілерiмен реттеледi.

        2-бап. Өнiмді бөлу туралы Қазақстан Республикасының
             заңнамасы

      1. Өнiмдi бөлу туралы келісімдер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына негізделедi, осы Заңнан, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану, мұнай туралы заңнама актiлерiнен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдары мен нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.
      2. Егер заңдарда осы Заңда көзделгеннен өзге де өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердi жасасудың, орындаудың және тоқтатудың ережелерi белгiленген жағдайда, осы Заңның ережелерi қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Заңда берiлгеннен басқа өзге де ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Теңiз блоктары (учаскелер) жер қойнауын
               пайдалану   құқығы берілетiн объектiлер ретiнде

      1. Теңiз блоктары (учаскелер) өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң шарттарында бiрлесiп барлау және өндiру немесе көмiрсутегi шикiзатын өндiрудi жүргiзу үшін бiрлескен барлауға және өндiруге немесе теңiзде өндiруге бұрын жарияланған конкурстар өткiзiлмедi деп танылған кезде, өнiмдi бөлу шарттарынан өзгеше Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жер қойнауын пайдаланудың өзге шарттарында берiлуi мүмкiн. Мұндай теңiз блоктары (учаскелер) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен өнiмдi бөлу шарттарындағы конкурсқа шығарылуға жататын блоктардың (учаскелердiң) тiзбесiне қосылады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын, халықаралық шарттық және өзге де мiндеттемелерiн орындау үшін өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң шарттарында конкурсқа шығарылуға жататын Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторындағы және Арал теңiзiндегi теңiз блоктарының (учаскелердiң) тiзбесiн бекiтедi.
      Қазақстан Республикасының Үкiметiмен өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң шарттарында арнайы жоғары технологиялық жабдықтарды беруге және пайдалануға, сондай-ақ жоғары технологияларды, жаңа және өңдеу өндiрiстерiн, арналы және өзге де құбырларды, үймереттi және инфрақұрылымдық және өзге де объектілердi бiрлесiп пайдалану жөніндегі ұсыныстарға кепілдiк беретiн ықтимал мердiгерлерге игеруi үшін ұлттық компанияның мiндетті үлестік қатысуымен теңiз блоктары (учаскелер) берiлуi мүмкiн.
      Тiкелей келiссөздердiң негiзiнде теңiз блоктарын (учаскелерiн) алатын ұлттық компания құзыретті органмен келiсiм бойынша бiрлескен барлау және өндiру немесе өндiру жөніндегі жұмыстар келiсiм-шартының түрiн айқындауға құқылы.
      2. Теңiздегi блоктардың мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметімен белгіленедi.
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметiмен ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету қажеттiлігінен туындай отырып, сондай-ақ биоресурстарды және қоршаған ортаны сақтау мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлетті органның ұсынысы бойынша мердiгердiң қызметi шектелуi немесе тыйым салынуы мүмкiн аумақтың учаскелерi айқындалуы мүмкін.

       4-бап. Келiсiм тараптары

      1. Келiсiм тараптары:
      Қазақстан Республикасы, келiсiмдерде оның атынан құзыретті орган орындайды;
      мердiгерлер - бiрлескен барлау мен өндiруге немесе көмiрсутегi шикiзатын өндiруге өзiнiң, заем немесе тартылған қаражатын, жекелеген жағдайларда мүлкiн және мүліктік құқықтарын салуды жүзеге асыратын және теңiзде мұнай операцияларын орындайтын заңды тұлғалар.
      Ұлттық компанияға теңiздегi өнiмдi бөлу туралы республика жасасатын барлық келiсiмдерге мердiгер ретiнде кемiнде 50% мөлшерiнде қатысу үлесiне құқық берiледi.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша заңды тұлғаның мәртебесi жоқ заңды тұлғалардың бiрлестігі (консорциум) өнiмдi бөлу туралы келісімдерде тарап ретiнде болуы мүмкiн. Осы бiрлестiктiң қатысушыларының ортақ құқықтары болады және өз қызметін бiрлескен қызмет туралы консорциум шартының негізiнде жүзеге асырады. Консорциумдық келiсiмнің әрбiр қатысушысы мердiгердiң тарапынан құзыретті органмен өнiмдi бөлу туралы келiсiмге қол қояды.
      Бiрлестіктің (консорциумның) қатысушылары консорциум шартында құпиялы деп танылған ақпаратты жария ету үшін, трансферттiк баға белгiлеудi қоса алғанда, қатысушы алған кiрiстерден салықтар мен мiндетті төлемдердi уақытында және толық төлеу, сондай-ақ салық eceбi мен әкiмшiлiк ету рәсiмдерiнің сақталуы үшiн дербес жауапкершілiк туралы ереженi көздеуге құқылы.

       5-бап. Өнiмдi бөлу туралы келiсiм

      1. Бiрлескен барлау мен өндiрудi немесе теңiзде көмiрсутегi шикiзатын өндiрудi жүргiзуге арналған келісім-шарт өнiмдi бөлу туралы келiсiм болып табылады.
      Осы келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасы конкурс шарттарында көрсетiлген бiрлескен барлау мен өндiруге немесе теңiз блоктарында (учаскелерде) көмiрсутегі шикiзатын өндiру жөнiндегi жұмыстарды орындау құқығын өтеусiз және белгілі бiр мерзiмге бередi. Мердiгер өзi жариялаған конкурстық ұсыныстарды сөзсiз орындап, Қазақстан Республикасының заңнамасын, өнiмдi бөлу туралы келiсiмде көзделген ережелер мен мiндеттемелердi сақтай отырып аталған жұмыстарды өз есебiнен және өз тәуекелiнде жүзеге асыруға мiндеттенедi.
      Келiсiм теңiз блоктарында (учаскелерде) жер қойнауын пайдалануға байланысты барлық қажеттi шарттарды, оның iшінде осы Заңның ережелерiне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес келiсiмнiң тараптары арасында өндiрiлген өнiмдi бөлудiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiтетiн өнiмдi бөлу туралы модельдiк келісімнiң шарттары мен тәртiбiн айқындайды.
      2. Теңiз блоктарының (учаскелердi) жер қойнауын пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасылған келiсiмнiң шарттары бойынша белгiленген тәртiппен шектелуi, тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы мүмкін.

       6-бап. Өнімдi бөлу шарттарында теңiз блоктарының
               (учаскелердiң) жер қойнауын пайдалану мерзімі

      1. Өнiмдi бөлу шарттарында теңiз блоктарында (учаскелерде) жер қойнауын пайдалану құқығы құзыретті органмен өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi жасасып, оны белгiленген тәртiппен мiндеттi түрде тiркегеннен кейiн туындайды.
      2. Келiсiмнiң қолданылу мерзiмiн тараптар келiсiмдi жасасу күнiне қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілейдi, бiрақ бiрлескен барлау және өндiру бойынша жұмыстар үшiн 35 жылдан аспауы, бiрегей қорлар болса 40 жылға дейiн, ал өндiру бойынша жұмыстар үшiн 25 жыл болуы тиiс.
      3. Құзыреттi орган мердiгердiң игеріліп жатқан кен орны бойынша өнiмдi бөлу туралы жаңа келiсiмдi жасасу арқылы көмiрсутегінi өндiру жөніндегі қатынастарды ұзарту ниетiн қолда бар келiсiмнiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн он екi ай бұрын және мердiгердiң өзiне алған мiндеттемелерiн орындауы шартымен ғана қарауға қабылдауы мүмкiн.
      Осындай мердiгерге жер қойнауын ұтымды пайдалану және қорғау мақсатында көмiрсутегі шикiзатын экономикалық тұрғыдан орынды өндiрудi аяқтау үшiн құзыретті органмен жеткілікті мерзiмге өнiмдi бөлу туралы жаңа келiсiмдi жасасу туралы келiссөздерге конкурссыз негізде кiрiсуiне айрықша құқық берiледi. Қосымша мерзiмге өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң шарттарын тараптар жаңа келiсiм бойынша келiссөздер жүргiзу кезеңiнде қолданылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес белгiлейдi.

  2-тарау. Атқарушы органдардың және
өкiлеттi органның құзыретi

       7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметінiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметі:
      1) өнiмдi бөлу шарттарында жер қойнауын пайдалануға берiлетiн теңiз блоктарының (учаскелердiң) тiзбесiн бекiтедi және конкурстың түрiн айқындайды;
      2) теңiз блоктарының (учаскелердiң) мөлшерiн белгiлейдi;
      3) өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң негізгi экономикалық, технологиялық, геологиялық, экологиялық, әлеуметтік және өзге де өлшемдерiн бекiтедi;
      4) өнiмдi бөлу шарттарында теңізде бiрлескен барлау және өндiру немесе көмiрсутегі шикiзатын өндiру құқығын алуға конкурстың бiрiншi кезеңiн өткiзу жөнiндегi комиссияны құрады;
      5) өнiмдi бөлу шарттарында теңiзде бiрлескен барлау мен өндiрудiң немесе көмiрсутегі шикiзатын өндiрудi жүргiзу үшiн мердiгердi таңдау бойынша екi кезеңдiк рәсiмдердi ескере отырып конкурсты өткiзу ережелерiн бекiтедi;
      6) құзыреттi органның өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерде коммерциялық мемлекеттiк мүдделердi білдiру тәртiбiн бекiтедi;
      7) өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердегi құзыретті органды айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өнiмдi бөлу туралы келiсiмдер саласындағы өзге де өкiлеттіктердi жүзеге асырады.

       8-бап. Құзыреттi органның функциялары

      Құзыретті органның функцияларына:
      1) өнiмдi бөлу шарттарында теңiзде бiрлескен барлау мен өндiрудi немесе көмiрсутегi шикiзатын өндiрудi жүргізу үшiн мердiгердi таңдау жөнiндегi конкурстың бiрiншi және екiншi кезеңдерiн өткiзудi дайындау және ұйымдастыру;
      2) өнiмдi бөлу шарттарында конкурсқа шығарылатын теңiз блоктарының тiзбесiн Үкiметтiң бекiтуiне жыл сайын дайындау және енгізу;
      3) өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердiң негiзгi экономикалық, технологиялық, геологиялық, экологиялық, әлеуметтік және өзге де өлшемдерiн Yкiметтің бекiтуiне енгізу;
      4) өнiмдi бөлу туралы келiсiм саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттіктердi жүзеге асыру кiредi.

       9-бап. Облыстық жергiлiктi атқарушы
               органдардың   құзыретi

      Облыстық жергiлiктi атқарушы органдар өз құзыретiнiң шегінде:
      1) облыс аумағына қатысты өнiмдi бөлу туралы келiсiмдер үшiн негiзгі әлеуметтік-экономикалық өлшемдердiң ережелерiн дайындауға қатысады;
      2) мердiгермен өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi дайындаған кезде құзыретті органның тарабында келiссөздерге қатысады;
      3) өнiмдi бөлу туралы келiсiм саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттіктердi жүзеге асырады.

       10-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті

      Өзге де мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегінде:
      1) өнiмдi бөлу шарттарында бiрлескен барлау және өндiру немесе өндiру құқықтарын алуға конкурстарды ұйымдастыруға және өткiзуге қатысады;
      2) өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң ережелерiн белгiленген тәртiппен сараптауды жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мердiгерлердiң теңiз блоктарындағы қызметін бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырады.

       11-бап. Өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердегі өкiлеттi орган

      1. Мердiгер ретiнде бiрнеше ұйымның қатысуын көздейтiн өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерде құзыретті орган құрылады.
      Қазақстан Республикасының Үкiметі әрбiр өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша өкiлеттi органды айқындайды.
      2. Өкiлеттi органның негізгі функциялары Заңда бекітіледi және өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердiң мiндетті бөлiгі болып табылады.
      3. Өкiлетті органның негізгі функцияларына:
      Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайтын тәртiппен өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерде мемлекеттік мүдделердi бiлдiру;
      бiрлескен барлау мен өндiрудi немесе көмiрсутегі өндiрудi жүргізу кезiнде мердiгердiң қызметiн коммерциялық бақылауды жүзеге асыру;
      белгіленген тәртiппен өнiмдi бөлу туралы келiсiмде көзделетін шарттарға сәйкес өндiрiлген өнімдегі республиканың үлесiн алу;
      Yкiмет өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша роялти төлеудiң заттай нысанын енгізген кезде белгіленген тәртiппен мердiгерден немесе оның операторынан роялтиге жататын өнiмнiң бiр бөлiгін алу;
      мердiгердiң өнiмдi бөлу туралы келiсiмге сәйкес жүргізiлетiн операциялар бойынша өнiмдердiң өзiндiк құнының құрамына қосқан шығындар мен шығыстар негізділігін тексеру;
      мемлекеттiк органдардың бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырудан басқа өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердiң шарттарын сақтау мониторингi, оларды реттеу және бақылау;
      басқарушы комитет арқылы жобаны корпоративтiк басқаруға мiндетті қатысу;
      келісімнiң қолданылу мерзiмi аяқталғанда не мердiгерге келiсiм қолданылған кезеңде құны өтемдiк өнiм есебiнен өтелген жабдықтар мен өзге де мүлiктiң пайдаланудан шығарылуына қарай не басқа да себептермен мердiгерден Қазақстан Республикасына берiлуге жататын мүлiктi қабылдау беруге қатысу;
      мемлекеттің агентi ретінде келiсiмдердiң шарттары бойынша республиканың үлестерi болып табылатын көмiрсутегілердiң бiр бөлігін, сондай-ақ роялтидi мемлекеттің иелiгіне беруге байланысты бұдан арғы операцияларды жүзеге асыру;
      белгiленген мерзiмдерде тиiсті мемлекеттік органға өткен күнтiзбелiк жылғы өтемдiк өнiм есебiнен өтелетiн шығындар жөніндегі есептердi беру жатады.
      Өкiлетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына және өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң ережелерiне сәйкес өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi орындауға және бұзуға байланысты өзге де мәселелердi шешедi.
      4. Өкiлетті органның функциялары оның өз еншiлес ұйымына өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру не жобадағы өзiнiң үлесiн сату шартымен ұлттық компанияға, сондай-ақ мемлекеттiк органға не Қазақстан Республикасының Үкіметi өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша өкiлетті органның құқықтары мен мiндеттерiнің бiр бөлігін немесе барлық құқықтар мен мiндеттердi берген Қазақстан Республикасының өзге де заңды тұлғасына жүктелуi мүмкiн.
      5. Егер ұлттық компанияның жобадағы қатысу үлесi 50 және одан да көп процентті құраса және келiсiм бойынша жұмыстарды орындаудың операторы ұлттық компанияның еншiлес ұйымы болып табылса, өнiмдi бөлу туралы келiсiмде өкiлетті орган құрылмайды.

  3-тарау. Өнiмді бөлу шарттарында мұнай операцияларын жүргiзу құқықтарын алуға арналған конкурсты өткізудің ерекшеліктерi

       12-бап. Өнiмді бөлу шарттарында жер қойнауын пайдалану
                құқықтарын алуға арналған конкурстар

      1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша екiкезеңдiк рәсiмдер арқылы өнiмдi бөлу шарттарында әрбiр теңiз блогы бойынша бiрлескен барлау және өндiру немесе өндiру құқығын беруге арналған конкурстар жабық немесе ашық болуы мүмкiн.
      2. Екiкезеңдiк рәсiмдер арқылы конкурс Қазақстан Республикасының Үкiметі бекiтетiн конкурс өткiзу ережелерiне сәйкес мердiгердi таңдау жөніндегі конкурс өткiзу бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi құратын комиссияның өнiмдi бөлу талаптарында бiрлескен барлау мен өндiрудi немесе теңiзде көмiрсутегіні өндiрудi жүргiзу үшін мердiгердi бiрiншi кезеңде таңдауы мақсатында жүргізiледi.
      3. Құзыретті орган келісім-шарттық аумақ бойынша техникалық-экономикалық негіздемені бекiтедi, соған сәйкес ол "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Заңның 41-7-бабының 1-тармағында (8) тармақшасынан басқа) аталған тiзбеге сәйкес конкурс қатысушылары үшiн бiрыңғай сандық өлшемдердi әзiрлейдi және Қазақстан Республикасы Yкiметінің бекiтуiне енгiзедi.
      Аталған өлшемдер ықтимал өнiм берушiлердiң мұнай операцияларын жүргiзуге арналған конкурсқа қол жеткiзуiнің шарты болып табылады және мердiгердiң жұмыс бағдарламасына кiредi.
      4. Yкiметтiң кейiн бекiтуi үшiн техникалық-экономикалық есептердiң негiзiнде, сондай-ақ өнiмдi бөлу туралы келiсiмдердiң негізгі экономикалық, технологиялық, геологиялық, экологиялық, әлеуметтiк және өзге де өлшемдерiн қамтитын конкурс шарттарын құзыретті орган мүдделi мемлекеттiк органдар мен ұлттық компанияның қатысуымен әзiрлейдi.
      Бұдан басқа конкурстың шарттарында бiрлескен барлау және өндiру немесе көмірсутегi шикiзатын өндiру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырған кезде қазақстандық үлес, қазақстандық аумақта көмiрсутегінiң ең төмен көлемiн өңдеу үшін мiндеттi беру, жоғары технологияларды, жаңа және өңдеу өндiрiстерiн, арналы және өзге де құбырларды, құрылыстарды дамыту және инфрақұрылымдық және өзге де объектiлердi бiрлескен пайдалану бойынша қосымша ұсыныстар көзделуi тиiс.
      5. Жоғары технологияларды қамтитын қосымша мiндеттемелер жер қойнауын пайдалану туралы заңнамада белгіленген тәртiппен республиканың мұқтаждары ескерiле отырып қалыптастырылады. Қосымша мiндеттемелер конкурс жеңiмпазын таңдаудың айқындаушы өлшемi болып табылады.
      Өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң шарттарында жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған қосымша мiндеттемелер бөлігінде мынадай басымдық белгiленедi:
      бiрiншi кезекте - жоғары технологиялар саласындағы ұсыныстар.
      Бұл ұсыныстар мына бағыттар мен басымдықтар бойынша ерекшеленедi:
      1) мұнай химиясы, мұнай химиясының өнiмдерiн одан әрi өңдеу жөніндегі өндiрiстер;
      2) көмiрсутегiнi барлау және өндiру саласындағы негiзгi қызметке қатысты немесе шектес өндiрiстер;
      3) жер қойнауын пайдаланушыға берiлетін қызмет көрсетулерге қатысты өндiрiстер;
      екiншi кезекте - жаңа және өңдеу өндiрiстерiн, арналы және өзге де құбыр желiсiнiң объектiлерiн құру және пайдалану бойынша ұсыныстар;
      үшiншi кезекте - инфрақұрылымдық және өзге де объектілердiң құрылысы және оларды бiрлесiп пайдалану бойынша ұсыныстар.
      6. Жобаға ұлттық компания қатысқан жағдайда конкурстың шарттарында Қазақстан Республикасының Yкiметі айқындаған тәртіппен келiсiм мердiгерлерінің арасында оның қатысу үлесi көрсетiлуi тиiс.
      7. Қатысушылардан келiп түскен осы баптың 5-тармағында аталған қосымша міндеттемелер жөніндегі конкурстық ұсыныстардың мазмұны салыстырмалы түрде тең болған кезiнде өнiмдi бөлу шарттарында бiрлесiп барлау мен өндiрудi немесе көмiрсутегіні өндiрудi жүргізу үшiн мердiгердi таңдау бойынша конкурс өткiзу жөніндегі комиссия конкурс қатысушыларының "қысқаша тiзiмiн" (кемiнде екеуiн) айқындауға құқылы. Конкурстың түпкiлiктi жеңiмпазын айқындау мақсатында конкурстық комиссия "қысқаша тiзiм" қатысушыларынан конкурстық ұсынысқа қатысты қосымша ұсыныстар немесе түсiндiрмелердi сұратуға құқылы. "Қысқаша тiзiмнiң" қатысушылары конкурстық комиссия белгiлеген мерзiмдерде өздерінің конкурстық ұсыныстарын жақсартуға құқылы. Қысқаша тiзiм қатысушыларының жақсартылған конкурстық ұсыныстарының қорытындылары бойынша конкурстық комиссия конкурс жеңiмпазын және ұсынысы конкурс жеңiмпазының ұсынысынан кейiн ең жақсы деп танылған қатысушыны айқындайды.
      8. Қорытындыларды шығарған кезде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасының Үкіметi бекiтетiн және жоғары технологиялар, жаңа құрылыс, арналы құбыр, инфрақұрылым объектiлерi бойынша бағалаудың және қатысушылардың қосымша мiндеттемелерiнiң өлшемдерiн көздейтiн өнiмдi бөлу шарттарында теңiз блоктарын беру ережелерiн басшылыққа aлады.
      9. Белгіленген тәртiппен конкурс жеңiмпазы айқындалғаннан кейiн екiншi кезеңде өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi әзiрлеу бойынша құзыреттi орган құратын комиссия онымен бұрын белгіленген бiрыңғай өлшемдердi жақсарту мүмкiндiгiн қоса алғанда өнiмдi бөлу туралы келiсiм жобасының негiзгi ережелерi бойынша келiссөздердi жүзеге асырады. Үкiмет белгілеген бiрыңғай сандық немесе конкурс жеңiмпазы жақсартқан өлшемдер мен қосымша мiндеттемелер келiсiмнiң мiндеттi шарттары болып табылады. Конкурстың мiндеттi шарттары болып табылмайтын келiсiмнiң барлық қажетті шарттары конкурстың мiндетті шарттарына қайшы келмеуi тиiс.
      Аталған комиссия конкурстың қорытындылары жарияланған күнiнен бастап бiр айдан кешіктiрiлмей белгiленген тәртiппен құрылады. Тараптардың техникалық, экономикалық және заң консультанттары комиссияның жұмысына қатыса алады. Құзыретті органның тарапында консультанттарды тарту бойынша шығыстарды қаржыландыру белгіленген тәртiппен мемлекеттiк бюджеттің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      10. Келiссөздердiң әрбiр кезеңiн жүргізу қорытындылары бойынша құзыретті органның комиссиясы мен мердiгердiң арасында оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қойылады.
      11. Конкурс жеңiмпазы осы Заңмен белгiленген мерзiмдерде өнiмдi бөлу туралы келiсiмге қол қоюдан бас тартса немесе жалтарса құзыретті органның комиссиясы конкурс жеңiмпазының ұсынысынан кейiн ұсынысы ең жақсы деп танылған конкурстың қатысушысына келіссөздер бастауды және өнiмдi бөлу туралы келiсiм жасасуды ұсынады.

  4-тарау. Келісiмдерді жасасу және орындау

       13-бап. Келiсімдi жасасу тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасының Yкіметi белгілейтiн тәртiппен өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi дайындау бойынша құзыретті органның комиссиясы құрылған күнінен бастап бір жылдан кешіктiрiлмей тараптар келiскен мерзiмдерде өткізілетiн конкурс жеңiмпазымен келісім жасасылады. Тараптар келіскен мерзiмдерде келісімге қол қою оның шарттары бойынша тараптардың өкiлдерi арасындағы келіссөздер аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.
      2. Құзыретті орган мүдделi мемлекеттік органдармен бiрлесiп және конкурс жеңiмпазы, егер қосымша мiндеттемелер оның мұнай операциялары саласындағы қызметiне байланысты болмаса конкурс жеңiмпазы жоғары технологияларға жаңа және өңдеу өндiрiстерiне, арналы және өзге де құбырлар объектiлерi мен өзге де объектiлерге қатысты қабылдаған қосымша мiндеттемелерге сәйкес өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң мiндеттi бөлiгі болып табылатын қосымша шарт жасасады.
      Қосымша келiсiмде өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша мердiгердiң коммерциялық табылым туралы мәлiмдеуi шартымен оны iске асыру көзделедi.

       14-бап. Жұмыстарды орындау шарттары

      1. Мердiгер келiсiмде көзделген жұмыстар мен қызметтің түрлерiн келiсiмде белгiленген тәртiппен бекітілген бағдарламаларға, жобаларға, жоспарларға, бюджеттер мен сметаларға сәйкес орындайды.
      2. Келiсiм бойынша жұмыстар қоршаған ортаны қорғау және жүргiзiлiп жатқан жұмыстардың қоршаған табиғи ортаға зиянды әсерiнiң алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру бойынша және осындай әсердiң салдарын жою жөнiндегi экологиялық талаптарды қоса алғанда Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақтала отырып, қоршаған табиғи ортаға зиянды әсер етуге әкеп соққан апаттар болған жағдайда залалды өтеу жөніндегі жауапкершілікті мiндетті сақтандыра отырып, сондай-ақ жұмыстарды қауiпсiз жүргізу, жер қойнауын, халықтың денсаулығын қорғау бойынша және қазақстандық үлес бойынша белгiленген тәртiппен бекiтілген стандарттар (нормалар, ережелер) сақтала отырып орындалады.
      3. Мердiгер келiсiм бойынша жұмыстар жүргізiлген аумақтарды ластанудан тазалауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ тараптар келiскен тәртiппен Қазақстан Республикасының меншiгiне берілетiн қондырғылардан, үймереттер мен мүлiктен басқа келiсiм бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейiн теңiздегі барлық үймереттердi, қондырғыларды және өзге де мүлiкті жоюды жүзеге асыруға мiндетті.

       15-бап. Өнiмдi бөлу туралы келiсiм
                жөніндегі басқарушы комитет

      Өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша жұмыстарды орындау жөніндегі қызметті үйлестiру мақсатында тараптар құрамына мердiгерлiк ұйымдар (мердiгер) мен құзыреттi орган өкілдерінің тең саны кiретін басқарушы комитет құруды көздеуi тиiс. Комитеттің сандық құрамы, құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ оның жұмысының тәртiбi келiсiмде белгіленедi.

       16-бап. Өнімдi бөлу туралы келiсімнiң операторы

      1. Келiсiм бойынша жұмыстардың орындалуын ұйымдастыруды, оның iшiнде осы Заңның ережелерiне сәйкес есеп пен есептiлікті жүргізудi мердiгер немесе мердiгердiң тапсырмасы бойынша келiсiмнiң операторы жүзеге асырады. Қызметiнiң нысанасы аталған жұмыстардың ұйымдастырылуымен шектелуi мүмкiн осындай оператор ретiнде мердiгер осы мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының аумағында құрған заңды тұлғалар не мердiгер осы мақсаттар үшін тартатын қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын заңды тұлғалар болуы мүмкін.
      2. Мердiгер өзiнiң iс-қимылдары секілдi келiсiм операторының iс-қимылдары үшін де мемлекет алдында мүліктік жауапкершілікте болады.
      3. Оператордың қызметін қаржыландыруды мердiгер бекiткен смета шегiнде мердiгерлер арасындағы бiрлескен қызмет туралы келiсiмде айқындалған шарттарда жүзеге асырады.
      4. Мердiгер оператордың қызметiн басқару үшін мердiгердiң өкілдерiнен операциялық комитет құра алады.

       17-бап. Мүлікке меншік құқығы

      1. Мердiгер жаңадан жасаған немесе сатып алған және оның келiсiм бойынша жұмыстарды орындауға арналған мүлiк, егер келiсiмде өзгеше көзделмесе, мердiгердiң меншiгі болып табылады.
      Егер аталған мүлік операторға берiлсе немесе оператор мердiгердiң қаражаты есебiнен сатып алса осы ереже өзгермейдi.
      2. Аталған мүлiкке меншiк құқығы аталған мүлiктің құны толық өтелген күннен бастап немесе келiсiм тоқтатылған күннен бастап немесе тараптар келiсiмде көзделген шарттарда және тәртiппен келiскен өзге мерзiмнен бастап мердiгерден мемлекетке көшуi мүмкiн. Бұл ретте келiсiмнiң қолданылу мерзiмi iшiнде мердiгерге келiсiм бойынша жұмыстарды жүргiзу үшiн осындай мүліктi өтеусiз негізде пайдаланудың айрықша құқығы берiледi және мердiгер өзiнiң иелігіндегi мүлiктi ұстау ауыртпалығында және оның кездейсоқ жойылуы немесе кездейсоқ бүлiнуi тәуекелiнде болады.
      3. Аталған мүлiкке меншiк құқығы мемлекетке көшкен жағдайда оны республикалық меншiкке жатқызу тәртiбiн, сондай-ақ осы мүлiктi одан әрi пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

       18-бап. Көмірсутегі шикізатын тасымалдау,
                сақтау және өңдеу

      1. Мердiгер арналы құбырмен тасымалдау объектiлерiне шарттық негізде еркiн қол жеткiзуге құқылы, сондай-ақ арналы құбырмен тасымалдау және тасымалдаудың өзге де түрлерiнің объектiлерiн, көмiрсутегi шикiзатын сақтау және өңдеу объектiлерiн қандай бiр болмасын кемсіту талаптарынсыз еркiн пайдалануға құқылы.
      2. Мердiгер келiсiм бойынша жұмыстарды орындау шеңберiнде меншiк құқығы осы Заңның ережелерi ескерiле отырып келiсiммен айқындалатын көмiрсутегі шикізатын сақтау, өңдеу және тасымалдау бойынша объектілердiң құрылысына құқылы.

       19-бап. Келiсімдi орындау кезiндегi салықтар, алымдар
                және бюджетке басқа да мiндетті төлемдер

      1. Мемлекет пен мердiгердiң арасындағы өндiрiлген өнiмдi бөлу шарттары мен тәртібi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жасасылатын өнiмдi бөлу туралы келiсiмдер көзделедi.
      2. Өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi орындау кезiнде салық мiндеттемелерiн орындауды Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жасасылатын өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерге сәйкес мердiгер жүзеге асырады.
      3. Мердiгердiң өтелетін шығындары және өтелетiн шығындардың құрамы Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледi.
      4. Салық қызметінің органдары мердiгердiң салық мiндеттемелерiн орындауын, сондай-ақ міндеттi зейнетақы алымдарының уақытылы ұсталуын және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылуын, мiндетті әлеуметтiк аударымдардың есептелу толықтығын және уақытында төленуiн салықтық бақылауды Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес салық қызметi органдары жүзеге асырады.

       20-бап. Есеп және есептiлiк

      1. Келiсiм бойынша жұмыстарды орындаған кезде мердiгердiң қаржы-шаруашылық есебi әрбiр бөлек келiсiм бойынша, сондай-ақ ол келiсiмге қатысы жоқ өзге қызметті орындаған кезде осындай есептен бөлек жүзеге асырылады. Осындай есептiң тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
      2. Келiсiм бойынша жұмыстарды орындаған кезде бухгалтерлiк есеп пен есептілік Қазақстан Республикасының валютасы - теңгеде немесе шетелдiк - инвестордың мердiгерiн таңдаған кезде шетелдiк валютада жүргізiледi. Егер бухгалтерлік есеп шетелдiк валютада жүргізiлсе, мемлекеттiк органдарға берiлетін есептіліктегi деректер қабылданған шетелдiк валютада да, теңгеде де көрсетiлуi тиiс. Бұл peттe шетелдiк валютада есептелген барлық деректер есептiлiкті жасау күнiне Қазақстан Республикасы бухгалтерлік есеп және қаржы есептiлiгi туралы заңнамасымен және бухгалтерлік есептiң стандарттарымен белгiленген тәртiппен теңгемен есептелуi тиiс.

       21-бап. Банк шоттары және валюталық реттеу

      Мердiгердiң немесе оның операторының тек келiсiм бойынша жұмыстарды орындау үшiн ғана пайдаланылатын Қазақстан Республикасының банктерiнде және (немесе) шетелдiк банктерде Қазақстан Республикасының валютасында және (немесе) шетелдiк валютада банк шоттары болуы тиiс. Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде валюталық операцияларды жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

       22-бап. Келісiм бойынша құқықтар мен мiндеттерді беру

      1. Мердiгер келiсiм бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн белгiленген тәртiппен кез келген заңды тұлғаға немесе кез келген жеке адамға, егер осы тұлғалардың келiсiм бойынша жұмыстарды орындау үшiн қажетті жеткiлiктi қаржы және техникалық ресурстары және басқару қызметiнiң тәжiрибесi болса беруге құқылы.
      Мердiгер заңмен белгiленген тәртiппен үшiншi тұлғаға өз құқықтарын толық көлемде берген кезде өнiмдi бөлу туралы келiсiм бойынша мердiгердiң қосымша мiндеттемелерiн инвестициялау бойынша қосымша шарт жөніндегі барлық мiндеттемелер мен құқықтар осы тұлғаға берiледi.
      Мердiгер заңмен белгiленген тәртiппен үшiншi тұлғаға өз құқықтарын iшінара берген кезде беретiн және алатын тараптар арасындағы бiрлескен қызмет туралы шартпен келiсiлген өнiмдi бөлу туралы келісім бойынша және мердiгердiң қосымша мiндеттемелерiн инвестициялау жөнiндегi қосымша шарт бойынша құқықтар мен мiндеттемелер жаңа тұлғаға берiледi. Бiрлескен қызмет туралы шарт өнiмдi бөлу туралы келiсiмнiң ажырамас бөлігі болады.
      2. Келiсiм бойынша құқықтар мен мiндеттердi беру келiсiмде белгіленген тәртiппен келiсiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылатын арнайы шартты жасау арқылы жазбаша нысанда жасалады және өнiмдi бөлу туралы қолданыстағы келiсiмдерге тиiсті өзгерiстер енгізумен iлесе жүргізiледi.
      3. Құзыреттi органның келiсiмiмен мердiгер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасын сақтай отырып келісімдi орындауға байланысты жасасылатын шарттар бойынша өз мiндеттемелерiн қамтамасыз ету үшiн кепiл ретiнде өзiне тиесілі мүлiк пен мүліктік құқықтарды пайдалануы мүмкiн.

       23-бап. Келiсiм шарттарының тұрақтылығы

      1. Келісімнiң шарттары бүкiл қолданылуы мерзiмiнде өз күшiн сақтайды. Келiсiмге өзгерiстерге тараптардың өзара келісімi бойынша ғана жол беріледi.
      2. Егер келiсiмнiң қолданылу мерзiмiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен келiсiмнiң шеңберiнде мердiгер қызметiнiң коммерциялық нәтижелерiн нашарлататын немесе жақсартатын нормалар белгiленсе, келiсiмдi жасасу сәтiнде қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану кезiнде алынуы мүмкiн коммерциялық нәтижелерi мердiгерге қамтамасыз ететiн өзгерiстер келiсiмге енгiзiледi.
      Мұндай өзгерiстердi енгізу тәртібi келiсiммен айқындалады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен жұмыстарды қауiпсiз жүргізу, жер қойнауын, қоршаған табиғи ортаны және халықтың денсаулығын қорғау бойынша стандарттарға (нормаларға, ережелерге), оның iшiнде халықаралық қабылданған және жалпы танылғандар секiлдi стандарттарға (нормаларға, ережелерге) сәйкес келтiру мақсатында өзгерiстер енгізiлсе, келiсiмнiң шарттарын өзгерту туралы аталған ереже қолданылмайды.
      3. Қазақстан Республикасы шарттарға тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер енгiзiлген жағдайларынан басқа мердiгерлер мен Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары арасында жасасылған келiсiм шарттарының тұрақтылығына кепілдiк бередi.
      Осы кепiлдiктер:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерiстерге және (немесе) акцизделетін тауарларды импорттау, өндiру, сату тәртібi мен шарттарын өзгертетiн Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшіне енуi және (немесе) өзгеруiне;
      2) ұлттық және экологиялық қауiпсiздікті, денсаулық сақтау мен парасаттылықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнама актілерiне енгiзiлетін өзгерiстер мен толықтыруларға қолданылмайды.

       24-бап. Мердiгер құқықтарының мемлекеттік кепілдiктерi

      1. Мердiгерге мүліктiк және оның келiсiмге сәйкес сатып алған және жүзеге асырып жатқан өзге де құқықтарының қорғалуына кепiлдiк берiледi.
      2. Тиiстi қадағалау органдарының жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу, жер қойнауын, қоршаған табиғи ортаны және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында, сондай-ақ қоғамдық және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беретін ұйғарымдарынан басқа, мердiгердiң келiсiмге сәйкес сатып алынған және жүзеге асырып жатқан құқықтарды шектеудi белгiлейтiн атқарушы билiк органдарының, сондай-ақ жергiлікті өзiн-өзi басқару органдарының нормативтiк құқықтық актiлерінің күшi мердiгерге қолданылмайды.

       25-бап. Мемлекеттiң экономикалық мүдделерi

      Өнiмдi бөлу туралы келiсiмдi теңiздегі мұнай операцияларына арналған келiсiм-шарт ретiнде қолдану процесiнде мемлекеттің мынадай экономикалық мүдделерiне қол жеткiзiледi:
      1) кен орнының экономикалық құндылығы және пайдалы қазбалар көлемдерінің болжамды есептерi ескерiле отырып келiсiм-шартта айқындалатын қол қойылатын бонусты алу;
      2) мердiгер үшін өндiруге экономикалық тиiмдi болып табылатын келісім-шарт аумағындағы әрбiр коммерциялық ашылым үшiн коммерциялық ашылым бонусын алу;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн пайдалы қазбалардың әрбiр түрi бойынша роялти алу;
      4) табысты өнiмдегi Қазақстан Республикасының үлесiн алу;
      5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес алынатын белгіленген салықтар мен басқа да мiндетті төлемдер алу;
      6) мемлекеттiң ұлттық компания түрiнде жобаға қатысуынан қосымша кірістep алу;
      7) республиканың iшiнде өңдеу үшін мердiгердi көмiрсутегінiң белгілi бір көлемiн берудi қамтамасыз ету;
      8) қазақстандық жұмыс күшiн тарту және шетелдiк жұмыс күшiн пайдалануды шектеу;
      9) мұнай операцияларын жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының заңнама актiлерiне сәйкес келiсiмде айқындалатын көлемдерде қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулердi пайдалану;
      10) қазақстандық ұйымдарды жобаның операторы ретiнде тарту;
      11) Қазақстан Республикасының аумағында жоғары технологияларды, жаңа және өңдеу өндiрiстерiн, арналы және өзге де құбырларды, инфрақұрылымдық және өзге де объектiлердi енгiзу;
      12) мердiгерден құны толық өтелген мүлiктi алу.

       26-бап. Келiсімнiң орындалуын бақылау

      1. Келiсiмнiң орындалуын мемлекеттік бақылауды құзыреттi орган жүзеге асырады.
      2. Өзге мемлекеттiк органдар өз құзыретіне сәйкес мердiгер қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестілiгін бақылайды.

       27-бап. Тараптардың келiсім бойынша жауапкершiлiгі

      Тараптар келiсiмнiң шарттарына сәйкес келiсiм бойынша өз мiндеттемелерiн орындамағаны немесе лайықсыз орындағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершiлiкте болады.

       28-бап. Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату

      1. Тараптардың келiсiмi бойынша, сондай-ақ келiсiмге қол қою күнiне қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келiсiмде көзделген басқа да негіздемелер бойынша және тәртiппен келiсiмнiң күшi оның қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн немесе мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн. Тараптардың келiсiмi бойынша келiсiмнiң күшін тоқтату негiзгi келiсiмдегiдей тәртiппен қолданысқа енгізiледi.
      2. Осы Заңның 17 және 20-баптарына сәйкес инвесторға салық салу әдiстерi туралы ережелерi келiсiмге қол қойылған күннен бастап бiр жыл iшiнде қолданысқа енгiзiлмеген келiсiм осы баптың 1-тармағында көзделген шарттар сақталмай қол қойылған күннен бастап бiр жыл өткен соң қолданылуын тоқтатады.
      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген негiздеме бойынша келiсiмнiң қолданысы тоқтатылған теңiз блогы өнiмдi бөлуге қарағанда өзге шарттарда жер қойнауын пайдалану құқықтарын беруге конкурс өткiзіліп, қатысушылардың болмауына байланысты конкурс өткiзiлмедi деп танылғаннан кейiн ғана, сондай-ақ осы Заңның 5 және 13-баптарының ережелерi сақталғанда өнiмдi бөлу шарттарында жер қойнауын пайдалануға берiлуi мүмкiн.

       29-бап. Дауларды шешу

      1. Өнiмдi бөлу шарттарында бiрлескен барлау мен өндiрудi немесе өндiрудi жүргiзу жөніндегi қатынастарға Қазақстан Республикасының айрықша құқығы қолданылады.
      2. Келiсiмдердi орындауға, тоқтатуға және қолданылмауына байланысты мемлекет пен мердiгер арасындағы даулар келiсiм шарттарында көзделетiн рәсiмдерге сәйкес келiссөздер жүргiзу арқылы шешiледi.
      3. Осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес дауды шешуге қол жеткiзiлмеген жағдайда келiсiмнiң кез келген тарабы дауды "Мұнай туралы"  Заңда көзделген органдардың қарауына беруге құқылы.

  5-тарау. Өтпелi ережелер

       30-бап. Осы Заңның қолданылу тәртiбi

      1. Қазақстан Республикасының осы Заң күшiне енгiзiлгенге дейiн жасасқан өнiмдi бөлу туралы келiсiмдерi өз күшiн сақтайды.
      2. Осы Заң күшiне енгенге дейiн барлау үшін келiсiм-шарттық аумақты алған және келiсiмнiң қолданылу кезеңiнде коммерциялық табылым туралы құзыретті органның атына мәлiмдеме жасаған мердiгерлер құзыретті органмен өнiмдi бөлу шарттарында және өздерiнiң қалауы бойынша өзге де шарттарда өндiруге келiсiмдi конкурссыз негізде жасасуға құқылы.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады