Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швеция Корольдігінiң Үкiметi арасында Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 қазандағы N 1087 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швеция Корольдігінiң Үкiметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрi Қажымұрат Ыбырайұлы Нағмановқа Келiсiм жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметі атынан Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Швеция Корольдiгінiң Үкiметi арасында Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiм жасасуға өкiлеттік берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Yкiметі мен Швеция Корольдiгiнiң Yкіметi арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдары туралы
КЕЛIСIМ

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швеция Корольдiгiнiң Үкiметі,
      Тараптар мемлекеттерiнiң арасында және оның iшiнде олардың аумақтары бойынша транзитпен автомобильдiк жолаушы және жүк қатынасын өзара негiзде дамытуға, сондай-ақ осы қатынасты жеңiлдетуге тiлек бiлдiре отырып,
      мына төмендегілер туралы келiстi:

  I. ҚОЛДАНУ САЛАСЫ
1-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерi Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтары арасында және осы аумақтардың бiрi арқылы транзитпен жалға алу бойынша, немесе сыйақы үшiн, немесе өз есебiнен жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарына қолданылады. Осы Келісiмнiң ережелерi бiр Тарап мемлекетінiң аумағы бойынша (каботаж) және Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнiң аумағы мен үшiншi мемлекет арасында екiншi Тараптың мемлекетiнде тiркелген көлiк құралдарымен жолаушыларды және жүктердi тасымалдауға да қолданылады.

  II. АЙҚЫНДАМАЛАР
2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      1. "Тасымалдаушы" терминi Тараптардың бiрiнiң мемлекетiнде тiркелген және ұлттық заңнамаға сәйкес тiркелген мемлекетiнде жалға алу бойынша, сыйақы үшiн немесе өз есебiнен жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалдарын орындауға заңды түрде рұқсат етiлген заңды немесе жеке тұлғаны бiлдiредi;
      2. "Көлiк құралы" терминi автокөлiк құралын немесе олардың iшiнен автокөлiк құралы Тараптардың ең болмағанда бiрiнiң мемлекетiнде тiркелген және тек жолаушылар және/немесе жүк автомобиль тасымалдарына пайдаланылатын көлiк құралдарының жиынтығын бiлдiредi;
      3. "Жолаушы автокөлiк құралы" терминi механикалық жетегі, жүргiзушiнiң орнын қоса алғанда, отыруға арналған 9-дан астам орны бар кез келген көлiк құралын бiлдiредi;
      4. "Тұрақты жолаушылар тасымалы" терминi олардың кезінде жекелеген бағыттар бойынша белгіленген уақыт аралықтарында жолаушылар тасымалдары жүзеге асырылатын әрi алдын ала белгіленген аялдама пункттерiнде жолаушыларды отырғызу және түсiру жүргiзiлетiн қызметтердi бiлдiредi.

  3-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмнiң шарттарын орындау жөнiндегі құзыреттi органдары:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгi;
      Швеция Корольдігінде:
      а) Осы Келiсiмнiң 4, 5, 6, 10, 11 және 15-баптарына сәйкес (жолаушылар тасымалдарына қатысты) Ұлттық Жол әкiмшілiгі;
      b) осы Келiсiмнiң 8, 9, 10, 11 және 15-баптарына сәйкес (жүк тасымалдарына қатысты) Швед кеден органдары/Халықаралық көлiк рұқсаттары;
      с) Осы Келiсiмнiң 16, 17, 18-баптарына сәйкес Швеция Корольдігінiң Yкiметі, Өнеркәсіп, жұмыспен қамту және коммуникациялар министрлiгі болып табылады.
      Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдарының атауларындағы және/немесе құзыреттерiндегі кез-келген өзгерiстер туралы Тараптар бiр-бiрiн дипломатиялық арналар арқылы хабардар ететiн болады.

  III. ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛIГI
4-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарынан немесе Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында, сондай-ақ олардың аумақтары бойынша транзитпен жалға алу бойынша, сыйақы үшiн немесе өз есебiнен жолаушы автокөлiк құралдарымен орындалатын барлық көлiк тасымалдары, осы Келiсiмнiң 7-бабында көрсетілген тасымалдарды қоспағанда, рұқсаттар негізiнде жүзеге асырылады.

  5-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы немесе олардың аумақтары бойынша транзитпен орындалатын тұрақты жолаушылар тасымалдары Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдары беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің әрбiр құзыреттi органы өз мемлекетiнiң аумағы бойынша өтетiн жол учаскесiне рұқсат бередi.
      3. Тараптар мемлекеттерінiң құзыретті органдары рұқсатты беру шарттарын, атап айтқанда, оның қолданылу мерзiмiн, көлік тасымалдарын орындау жиiлiгiн, кестенi және қолданылатын тарифтердi, сондай-ақ тұрақты қызмет көрсетудi үздіксiз және тиiмдi жүзеге асыру үшiн қажетті кез келген басқа да мәлiметтердi бiрлесiп белгiлейдi.
      4. Рұқсат беруге өтiнім, көлiк құралы тiркелген мемлекеттің осы өтiнiмдi қабылдауға немесе оны қабылдаудан бас тартуға құқығы бар құзыреттi органына ұсынылады. Егер өтiнiм қарсылық тудырмаған жағдайда, мұндай құзыретті орган бұл туралы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыретті органына хабарлайды.
      5. Өтiнiмге қажеттi мәлiметтерi бар құжаттарды (ұсынылып отырған кестелер, тарифтер және бағыт, жыл iшiнде қызметтер ұсынылатын уақыт кезеңi мен қызметтер ұсынуды бастау болжанған құн) қоса беру қажет. Тараптар мемлекеттерiнің құзыретті органдарына тасымалдаушылардан өздерi қажет деп санайтын деректердi сұратуға рұқсат етiледi.

  6-бап

      Осы Келiсiмнiң 5-бабында қамтылмаған кез келген тұрақты емес тасымалдар рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады. Рұқсат беруге өтiнiмдер аумағында тасымалдаушы тiркелген, осы өтiнiмдi өз қорытындысымен екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына беретiн Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына жiберiледi.

  7-бап

      Адамдардың нақ сол тобы нақ сол көлiк құралымен мынадай жағдайлардың бiрiнде тасымалданса:
      а) көлiк құралы тiркелген елде басталатын және аяқталатын экскурсиялық турлар кезiнде, немесе
      b) егер өзгеше рұқсат етiлмеген, көлiк құралы тiркелген елге бос қайтуы шартымен, көлiк құралы тiркелген елде басталатын және екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағындағы баратын пунктте аяқталатын сапар кезiнде, немесе
      с) тұрақты емес сипаттағы транзиттiк тасымалдау кезiнде рұқсат талап етiлмейдi.
      Осындай тасымалдарды рұқсатсыз жүзеге асыру үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары Бiрлескен комиссия белгiлейтiн ең төменгі экологиялық талаптарға сәйкес болуы тиiс.

  IV. ЖYК КӨЛIГІ
8-бап

      1. Жүктердi Тараптар мемлекеттерiнiң арасында автокөлiк құралдарымен немесе олардың аумағы бойынша транзитпен тасымалдау Тараптар мемлекеттерiнің құзыретті органдары беретін рұқсаттардың негізiнде жүзеге асырылады.
      2. Егер рұқсаттың өзiнде өзгеше келiсiлмесе, әрбiр тасымалға баратын және керi қайтатын бiр рейстi орындау құқығын беретiн жеке рұқсат берiледi.
      3. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары жыл сайын рұқсаттар бланкiлерiнiң өзара келiсiлген санымен алмасады. Бұл бланкiлерде жауапты адамның қолы мен рұқсатты берген құзыретті органның мөрi болуы тиiс.
      4. Тараптар Бiрлескен Комиссия белгiлеген ең төменгі экологиялық талаптарға жауап беретiн осындай көлiк құралдарын пайдалануға жәрдемдесуге бағытталған шаралар қабылдайтын болады.

  9-бап

      Егер осы мақсат үшін осы екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыретті органы рұқсат бермесе, бiр Тарап мемлекетінiң аумағында тiркелген тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетінiң аумағындағы екi пункттiң аралығында жүк тасымалдарын орындай алмайды.

  V. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
10-бап

      Егер тек осындай екiншi Тарап мемлекетінiң құзыретті органы осы мақсат үшiн рұқсат бермесе Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң тасымалдаушысына екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағынан кез келген үшiншi елге, немесе керiсiнше көлiк операциясын жүзеге асыруға тыйым салынады.

  11-бап

      1. Көлiк құралдарының салмағы мен көлемiне қатысты әрбiр Тарап екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген көлiк құралдарына өз мемлекетiнiң аумағында тiркелген көлiк құралдарына қолданылатын шарттарға қарағанда неғұрлым шектеулi болып табылатын шарттарды қолданбауға міндеттеме қабылдайды.
      2. Көлiк құралының салмағы мен көлемi көлiк құралын ресми тiркеу құжаттарында көрсетiлген деректерге сәйкес болуы тиiс.
      3. Тараптардың бiрiнiң мемлекетінiң тасымалдаушылары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына кiрген кезде көлiк құралдарының салмағы мен көлемiне қатысты осы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасын сақтауға мiндеттi.
      4. Егер Тараптар мемлекеттерiнiң кез келгенiнде тiркелген көлiк құралының салмағы және/немесе көлемi екiншi Тарап мемлекетінiң аумағында рұқсат етiлген ең үлкен салмақтан және/немесе көлемiнен артық болса, онда арнайы рұқсат талап етіледi. Тасымалдаушы мұндай рұқсатты осы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органынан оның мемлекетiнiң аумағына кiргенге дейiн алуы тиiс.

  12-бап

      1. Бiр Тарап мемлекетiнiң осы Келiсiмге сәйкес екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тасымалдарды жүзеге асыратын көлiк құралдары осындай аумақта көлiк құралдарын пайдаланғаны және иелiк еткенi үшiн алынатын барлық салықтардан, алымдардан және басқа төлемдерден босатылады.
      2. Осы бапта көрсетiлген босатулардың Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес ақылы жолдар үшiн алынатын алымдарға, автомобиль жолдарын пайдаланғаны үшін салынатын салыққа және қосылған құн салығына, сондай-ақ көлiк құралын шығарушы зауыт орнатқан стандартты отын бактарындағы отынды қоспағанда, көлiк құралдарынан отынға алынатын кедендiк және акциздiк алымдарға қатысы болмайды.

  13-бап

      Тасымалдаушылар мен олардың көлiк құралдарының экипаждары екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде осы мемлекетте қолданылатын ұлттық заңнамаларына сақтауы тиіс.

  14-бап

      Осы Келiсiмде, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда реттелмеген мәселелер Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес шешiледi.

  15-бап

      Егер бiр Тараптың мемлекетiнде тiркелген тасымалдаушы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында бола тұрып, осы Келiсiмнiң қандай да бiр ережесiн бұзса, ол туралы аумағында бұзушылық жасалған Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы оның мемлекетiнiң аумағында қолданылатын қандай да бiр заңнамалық санкцияларға залал келтiрместен оның мемлекетiнiң ұлттық заңнамасында көзделетiндей шаралар қабылдайтын екiншi Тарап мемлекетiнiң құзыретті органына хабарлауы тиiс. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары қолданылған санкциялар туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.

  16-бап

      Екi Тарап мемлекеттерiнiң құзыретті органдарының тiкелей келiсуiмен шешiлуi мүмкiн болмайтын осы Келiсiмдi қолдануға байланысты проблемалар мен мәселелердi шешу үшiн Тараптар мемлекеттерi құзыретті органдарының өкiлдерiнен Бiрлескен комиссия құрылады. Бiрлескен комиссияның отырыстары Тараптардың бiрінің мемлекетiнiң құзыреттi органының өтініші бойынша өткiзіледi.

  17-бап

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келісiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

  18-бап

      1. Осы Келiсiм Тараптардың Осы Келiсiмнiң күшіне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетішілiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отызыншы күнi күшіне енедi.
      2. Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi дипломатиялық арналар бойынша екiншi Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшінде қалатын болады.
      Осыны куәландыру үшiн осыған тиiстi түрде уәкiлеттi бола отырып төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.

      200_ жылғы "____" __________, __________ қаласында әрқайсысы қазақ, швед, ағылшын және орыс тілдерiндегі екi данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтiндi басшылыққа алатын болады.

       Қазақстан Республикасының               Швеция Корольдiгiнiң
      Yкiметi үшiн                           Үкiметi үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады