"Ойын бизнесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 сәуірдегі N 338 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "Ойын бизнесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Ойын бизнесi туралы

      Осы Заң ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi.
 
      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) құмар ойын - тәуекелге негiзделген, қатысушылардың өз арасында не ойын мекемесiмен жасалған, оқиғаның нәтижесiне олар қатысатын ұтыс туралы келiсiм;
      2) букмекер кеңсесi - ойын мекемесiн ұйымдастырушы мен барлық қатысушылар арасында бәс тiгу жасалатын ойын мекемесi;
      3) ұтыс - құмар ойынында немесе бәс тiгуде төленген және алынған қаражат сомаларының арасындағы айырма ретiнде айқындалатын ақша немесе өзге де мүлiк түрiндегi мүлiктiк пайда;
      4) төлем - ойын (бәс тiгу) нәтижелерiн шығарғаннан кейiн құмар ойыны (бәс тiгу) қатысушысы алуға жататын ақша сомасы немесе өзге де мүлiк;
      5) ойын автоматтары залы - құмар ойындарын ұйымдастыру мен өткiзу үшiн ойын автоматтары пайдаланылатын ойын мекемесi;
      6) ойын мекемесi - ұтыс алуды көздейтiн, лицензия негiзiндегi құмар ойындары және (немесе) бәс тiгу өтетiн ғимарат, үй-жай, құрылыс;
      7) ойын бизнесi - құмар ойындарын және (немесе) бәс тiгудi ұйымдастыруға және өткiзуге байланысты кәсiпкерлiк қызмет;
      8) ойын жабдығы - құмар ойындарын және (немесе) (бәс тiгу) өткiзуге арналған және сол үшiн пайдаланылатын құрылғы немесе құралдар;
      9) ойын автоматы - ойын мекемесiнiң ұйымдастырушысы орнатқан және құмар ойындарын өткiзу үшiн пайдаланылатын (ойын мекемесi ұйымдастырушысының қатысуынсыз) ойын жабдығы (механикалық, электрлi, электрондық және өзге де техникалық жабдық);
      10) казино - ойын жабдықтарын пайдалана отырып құмар ойындары өткiзiлетiн ойын мекемесi;
      11) касса - құмар ойынына қатысу үшiн қолма-қол ақшаны заңдастырылған белгiлерге ұсақтау (айырбастау) бойынша қызмет көрсетулер жүргiзiлетiн, ставкалардың жалпы сомасы ескерiлетiн және төлем мен ұтыстың сомасы айқындалатын ойын мекемесiндегi ойын мекемесiнiң ұйымдастырушысы арнайы жабдықтаған орын;
      12) заңдастырылған белгiлер - ойын мекемесiнiң кассалары арқылы сатылатын және құмар ойындарына қатысу үшiн ойын мекемелерiнде пайдаланылатын, қолма-қол ақшаны алмастыратын белгiленген номиналдағы фишкалар, жетондар;
      13) мiндеттi резервтер - ойын мекемесiн ұйымдастырушысының меншiк құқығындағы немесе несиеге алынған және салымдарды бiрiншi талап бойынша (талап етуге дейiнгi салым) және осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес олар пайдаланатын салымды (депозиттi) беру шартымен банктiк салым шарты (депозитi) негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағында екiншi деңгейдегі банктерде орналастырылған ақша;
      14) онлайн-казино - Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бағдарламалық-аппарат кешенiн пайдаланатын және құмар ойындарын нақты уақыт ауқымында жалғыз пайдалану режимiнде де, көпшiлiк пайдалану режимiнде де ұйымдастыру және өткiзу мүмкiндігін iске асыратын және төлемдер мен ұтыстардың болуын көздейтiн ойын мекемесi;
      15) ойын бизнесiн ұйымдастырушы - осы Заңда және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес берiлген лицензияның негізiнде ойын бизнесi саласындағы қызмет түрлерiн жүзеге асыратын, коммерциялық ұйым нысанында құрылған заңды тұлға;
      16) бәс тiгу - қатысушылардың өз арасында не ойын мекемесiмен жасалған, оқиғаның нәтижесiне олар қатыспайтын, тәуекелге негізделген ұтыс туралы келiсiм;
      17) бағдарламалық-аппарат кешенi - мiндеттер кешенiн орындауды автоматтандыруға мүмкiндiк беретiн және ақпараттық жүйелер мен ресурстардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн техникалық және бағдарламалық құралдар;
      18) тотализатор - ойын мекемесiн ұйымдастырушының делдалдғы кезiнде қатысушылардың арасында бәс тiгу жасалатын ойын мекемесi;
      19) уәкiлеттi орган - ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесi туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ойын бизнесi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда, осы Заңда қамтылғандардан өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заң:
      1) ойын бизнесiн ұйымдастырушылардың құқықтық жағдайы мен қызметiнiң ерекшелiктерiне байланысты;
      2) ойынның және (немесе) бәс тiгудiң өзiн өткiзу және ұтысты алу кезiнде ойын бизнесiн ұйымдастырушы мен құмар ойындары және (немесе) бәс тiгу қатысушылары арасында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейдi.
      2. Осы Заңның күшi лотереяларды ұйымдастыруға және өткiзуге, сондай-ақ ақшалай ұтыстарсыз ойын автоматтарын пайдалана отырып, қызмет көрсетуге спорттық iс-шараларын, оның iшiнде боулинг (кегельбан), картинг, бильярд және басқаларын өткiзуге байланысты қызметке қолданылмайды.

      4-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызметтiң негiзгi қағидаттары

      Ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асырудың негiзгi қағидаттары:
      1) ойын бизнесi қатысушыларының құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
      2) ойын бизнесi ұйымдастырушының өз қызметiн жүзеге асыру заңдылығын қамтамасыз ету болып табылады.

      5-бап. Ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк реттеу

      Қазақстан Республикасының ойын бизнесi саласындағы қызметтi мемлекеттiк реттеудi және бақылауды уәкiлеттi орган және өз құзыретi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Ойын бизнесi саласындағы қызметтi мемлекеттiк реттеу нысандары:
      ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
      Қазақстан Республикасында ойын бизнесi саласындағы қызметтi лицензиялауды жүзеге асыру;
      ойын бизнесi саласындағы қызметке мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

      6-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызмет түрлерi

      Қазақстан Республикасында ойын бизнесi саласындағы қызметтiң мынадай түрлерi жүзеге асырылады:
      1) казино қызметi;
      2) ойын автоматтары залының қызметi;
      3) букмекер кеңсесiнiң қызметi;
      4) тотализатор қызметi.
      Осы бапта санамаланбаған ойын бизнесi саласындағы қызмет түрлерiн, оның iшiнде онлайн-казино қызметiн жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының аумағында жол берiлмейдi.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) казино және ойын автоматтары залдарының орналасуы тиiс аумағын және оның шекарасын айқындайды;
      2) уәкiлеттi органды айқындайды.

      8-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
      1) ойын бизнесi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды және бақылауды жүзеге асырады;
      2) ойын бизнесi саласындағы заңнамаларды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
      3) ойын бизнесiн ұйымдастырушының осы Заңның 13-бабында белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттардың тiзбесi мен нысандарын бекiтедi;
      4) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгiленген талаптарға ойын жабдықтарының сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асырады;
      5) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасында ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия бередi.

      9-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызметтi лицензиялау

      Ойын бизнесi саласындағы қызметтi лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ойын бизнесi саласындағы қызмет әрбiр ойын мекемесiне лицензияға өтiнiш берушi көрсеткен, бiрақ 10 жылдан аспайтын мерзiмге ойын бизнесiн ұйымдастырушыларына берiлетiн лицензиялар негізiнде жүзеге асырылады.
      Лицензиялық алымның мөлшерi, есептеу мен төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.

      10-бап. Ойын бизнесiн ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу

      Ойын бизнесiн ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      11-бап. Ойын мекемелерiнiң орналасуы

      1. Казино мен ойын автоматтары залдарының орналасатын орын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын аумақтар шегiнде белгiленедi.
      2. Тотализаторлар, букмекер кеңселерi тек тұрғын үйлiк емес қордың бөлек тұрған ғимараттарында орналасуы тиiс.
      Мемлекеттiк билiк органдарының, бiлiм, денсаулық сақтау, мәдениет ұйымдарының ғимараттарында, сондай-ақ аэропорттарда, вокзалдарда және басқа да қоғамдық орындарда олардың орналасуына тыйым салынады.

      12-бап. Ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар

      1. Бiр казинода кемiнде жиырма ойын столдары орнатылуы тиiс.
      2. Ойын автоматтары залында кемiнде елу ойын автоматтары орнатылуы тиiс.
      3. Әр ойын автоматы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы тиiстi ойын жабдығына қатысты заңнамасында белгiленген техникалық регламенттерге, стандарттарға және өзге де мiндеттi талаптарға сәйкестiгiне тестiленген және сертификатталған болуы тиiс.
      4. Ойын бизнесiн ұйымдастырушы құмар ойындарына және (немесе) бәс тiгуге қатысушыларға ақы төлеудi және (немесе) ұтыстарды берудi жүргiзiлетiн құмар ойындарының және (немесе) бәс тiгудiң ережелерiнде көзделген мөлшерде және мерзiмде, бiрақ осы құмар ойындарының және (немесе) бәс тiгудiң нәтижелерi шыққан сәттен бастап он күнтiзбелiк күннен кешiктiрмей төлем жүргiзедi.
      5. Ойын автоматтарын немесе олардың бөлiктерiн казинодағы және ойын автоматтары залдарындағы қабырғаларда, терезе мен есiк ойықтарында монтаждауға тыйым салынады.
      6. Ойын автоматына технологиялық түрде салынған ұтыс пайызы 80 пайыздан төмен болмауы тиiс.
      7. Кассалар мен казиноның ойын орындары жазылған ақпаратты кемiнде 7 тәулiк сақтауды қамтамасыз ететiн және барлық құмар ойынына қатысушылардың әрекеттерiн тiркейтiн бейне жазу жүйелерiмен жабдықталуы тиiс.
      8. Кассада немесе ойын мекемесiн ұйымдастырушының шотында құмар ойынына және (немесе) бәс тiгуге қатысушыға ұтысты беру үшiн ақшаның жетiспеушiлiгi кезiнде ойын мекемесiн ұйымдастырушы осы Заңның 14-бабында белгiленген ережелердi ескере отырып, жетпеген сомаға мiндеттi түрдегi резервтердi пайдалануға мiндеттi.

      13-бап. Лицензия алу үшiн ойын бизнесiн ұйымдастырушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптары

      1. Ойын бизнесiн ұйымдастырушыларға мынадай бiлiктiлiк талаптары қойылады:
      1) ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыру үшiн санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы нормаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзге де талаптарға сәйкес келетiн меншiк немесе жалға алу құқығындағы ғимарат (ғимарат бөлiгi) болуы;
      2) меншiк құқығындағы ойын жабдықтарының болуы;
      3) клиенттердiң, ойын мекемесi қызметкерлерiнiң жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қызметтердiң болуы;
      4) құмар ойындары және ставкаларды қабылдау өткiзiлетiн ойын мекемесi жұмысының әзiрленген ережелерiнiң, сондай-ақ мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде қолданылатын легитимациялық белгiлердiң үлгiлерi мен атауларының болуы;
      5) ойын бизнесiн ұйымдастырушылар үшiн мiндеттi резервтер немесе банк кепiлдiгі түрiнде қамтамасыз етуi мынадай сомада болуы:
      казино - 25000 АЕК;
      ойын автоматтары залы - 25000 АЕК;
      тотализаторлар мен букмекерлiк кеңселер - 5000 АЕК.
      2. Ойын бизнесiн ұйымдастырушы лицензия алу үшiн уәкiлеттi органға (лицензиарға) ойын бизнесiн ұйымдастырушының осы баптың 1-тармағында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттарды ұсынады.

      14-бап. Мiндеттi резервтер

      1. Мiндеттi резервтердi ойын бизнесi саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензиялар алуға үмiткерлер, лицензияға өтiнiш берушiлер әрбiр қызмет түрi үшiн осы Заңда белгiленген мөлшерде қалыптастырады және банктiң клиентпен жасасқан шарты негiзiнде және бiрiншi талап ету бойынша (талап ету бойынша салым) салымды (депозиттi) беру шартымен Қазақстан Республикасы аумағында екiншi деңгейдегi банктерде салым (депозит) шартымен орналастырады.
      2. Лицензияға өтiнiш берушi осы Заңда және Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметi туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда мiндеттi резервтердi орналастыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Мiндеттi резервтер Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тек қана ойын мекемесiн ұйымдастырушының құмар ойындарына және (немесе) бәс тiгуге қатысушылардың ұтысын беру бойынша мiндеттемелерiн орындау мақсатында және тек ойын бизнесiн ұйымдастырушының шотында және кассасында ақша жетпеген кезде ғана пайдаланылуы мүмкiн.
      4. Егер мiндеттi резервтердiң сомасы осы Заңда белгіленген мөлшерден азайып кеткен жағдайда ойын бизнесiн ұйымдастырушы осындай азайған күнiнен бастап үш жұмыс күнi iшiнде мiндеттi резервтердi әрбiр лицензияланатын қызмет түрi үшiн осы Заңда белгiленген мөлшерге дейiн толықтыруға мiндеттi.
      5. Ойын бизнесiн ұйымдастырушы кемiнде алты айда бiр рет уәкiлеттi органға салымдарда (депозиттерде) ақшасының болуы және оның әрекетi туралы анықтама ұсынады.

      15-бап. Ойын мекемелерiне бару тәртiбi мен ерекшелiктерi

      1. Құмар ойындарына және (немесе) бәс тiгуге қатысуға жиырма бiр жасқа толмаған жеке тұлғаларға тыйым салынады.
      2. Ойын бизнесiн ұйымдастырушының құмар ойындарын және (немесе) бәс тiгудi өткiзу ережесi құмар ойындары және (немесе) бәс тiгуге қатысушылардың олармен танысуы үшiн ойын мекемесiндегi жақсы көрiнетiн жерге орнатылуы тиiс.
      3. Ойын мекемесiн ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне қайшы келмейтiн ойын мекемесiне еркiн келуге шектеу қоюға құқылы.

      16-бап. Қазақстан Республикасының ойын бизнесi туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасының ойын бизнесi туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады. 

      17-бап. Өтпелi және қорытынды ережелер

      1. Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Ойын бизнесi саласындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн:
      1) өздерiнiң құрылтайшылық құжаттарын осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келтiруге;
      2) осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес ойын мекемелерiн ұйымдастырушылар қызметтерiмен айналысу құқығына лицензияны қайта ресiмдеуге мiндеттi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады