"Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару саясатын жетiлдiрудiң 2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 қыркүйектегі N 906 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      "Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару саясатын жетiлдiрудiң 2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТIНІҢ ЖАРЛЫҒЫ Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару саясатын
жетiлдiрудiң 2007 - 2015 жылдарға арналған
тұжырымдамасы туралы

      Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару саясатын одан әрi дамытудың негiзгi бағыттарын айқындау мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару саясатын жетiлдiрудiң 2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi тиiстi шешiмдердi әзiрлеу кезiнде осы Тұжырымдаманың негiзгi ережелерiн басшылыққа алсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң   
2006 жылғы          
N   Жарлығымен   
мақұлданған   

Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару саясатын
жетiлдiрудiң 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы 1. Кiрiспе

      Қазақстан Республикасы егемендiк алған сәттен бастап қазiргi заманғы құқықтық жүйенi қалыптастыруға бағытталған белсендi шаралар қабылдауда, ол демократиялық мемлекеттiң қағидаттарына сәйкес келе отырып, қоғам мен мемлекетте болып жатқан барлық үдерiстердi тиiмдi реттеген болар едi. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 20 қыркүйектегi N 949 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында көрсетiлген елiмiздiң құқықтық саясатын дамытудың басым бағыттарының бiрi қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрi дамыту болып табылады, ол тұтастай алғанда, елiмiздiң қылмыстық саясатының бiр бөлшегi бола тұрып, заңдармен қорғалатын жоғарғы әлеуметтiк құндылықтар ретiнде адамның құқықтары мен бостандықтарының бастапқылығы және ажырамастығы екендiгiн танудан туындауы тиiс.
      Мемлекеттiң қаралып отырған құқықтық саласын одан әрi жетiлдiру, оны адам құқықтары туралы халықаралық актiлердiң және сотталғандармен қарым-қатынастың негiзгi қағидаттары мен тәртiбiн айқындайтын халықаралық келiсiмдердiң ережелерiне сәйкес келтiру, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесiнiң материалдық-техникалық базасын жақсарту қажеттiлiгiне ғана емес, қылмыстық жазалар жүйесi мен оларды өтеу жағдайларын да, арнайы уәкiлеттi мемлекеттiк органды да оның iшiнде пробация институтын құру жолымен одан әрi жетiлдiруге бағытталған нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу қажеттiлiгiне байланысты болмақ.
      Қылмыстық-атқару жүйесiн Iшкi iстер министрлiгiнiң қарамағынан Әдiлет министрлiгiне берудi елдiң қылмыстық-атқару саясатының жаңа дамуындағы бастапқы қадам ретiнде ғана қараған жөн. Бұл ретте, қылмыстық-атқару жүйесiн осылайша реформалау оның материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнiндегi қолданылып жатқан шаралары секiлдi, жалпы алғанда, қылмыстық-атқару саясатын дамыту перспективалары туралы анық түсiнiк бере алмайды. Дегенмен, оны дамыту перспективаларын және түрлi мемлекеттiк органдар мен қоғамдық ұйымдардың тиiстi өзара iс-қимылының ұйымдастырылуын нақты көрмей, оның iшiнде бас бостандығынан айыру орындарының субмәдениетiн өзгертпей сотталғандардың түзелу үдерiсiнiң шын мәнiсiндегi жақсаруы туралы, тиiсiнше, қайталама қылмыстардың сапалы төмендеуi туралы және қоғамды криминалсыздандыру үдерiсiнiң тиiмдiлiгi туралы айтуға болмайды.
      Қылмыстық-атқару саясатын жүзеге асыру жөнiндегi мемлекеттiк қызмет бiр мемлекеттiк органның, атап айтқанда әдiлет органдары қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызмет аясының шегiнен асып түседi, бұл ретте қылмыстық жазалардың орындалу тиiмдiлiгiн бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарды оңалтуға бағытталған кейiнгi iс-шаралардан бөлiп қарауға болмайды, ол жергiлiктi атқарушы органдарды, сондай-ақ үкiметтiк емес ұйымдарды қоса алғандағы басқа да мемлекеттiк органдардың қолдауын талап етедi.
      Қылмыстық-атқару саясаты - жазаларды, сотталғандарға қылмыстық-құқықтық және тәрбиелiк ықпал етудiң және оларға көмек көрсетудiң, соның iшiнде олардың ұзақ мерзiмге жазасын өтегенiнен кейiн әлеуметтiк оңалуына көмек көрсетудiң өзге де шараларын атқару мен өтеу сатысындағы құқық дамытуға мемлекеттiк тұрғыдан келуi екенiн назарға ала отырып, осы Қазақстан Республикасындағы қылмыстық-атқару саясатын жетiлдiрудiң 2007 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдау ұсынылады, оның шеңберiнде қылмыстық жазаларды атқару жағдайлары мен елдiң пенитенциарлық жүйесiн халықаралық стандарттар талаптарына едәуiр жақындатуға мүмкіндік беретін елеулі іс-шаралар кешені іске асырылады.

2. Проблеманың жай-күйiн талдау

      Қылмыстық-атқару саясатын тиiмдi iске асыруға байланысты проблемаларды шешудiң мемлекет пен қоғам үшiн елеулi маңызы бар, өйткенi ол елдегi жалпы криминогендiк жағдайға да, тұтастай алғанда қоғамның криминалдану деңгейiне де, яғни азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерiнiң қорғалу сапасы мен деңгейiне әсер етедi. Осылайша, қылмыстық жазаларды атқарудың тиiмдi жүйесiн ұйымдастыру уәкiлеттi мемлекеттiк органның қызметi мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды оңалтудың пәрмендi жүйесiн тиiсiнше ұйымдастыру мәселелерi ерекше көкейкестi болмақ.
      Дегенмен, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару саясатын iске асыру саласында қол жеткiзген белгiлi бiр табыстарына қарамастан, әлi де болса оның тиiмдiлiгiне терiс әсер ететiн көптеген шешiлмеген проблемалар қалып отыр.
      Қылмыстық жазаларды атқару жүйесi жетiлдiрудi талап етедi. Негiзгi қылмыстық жазалардың 10 негiзгi түрлерiнiң бiрi ретiнде қажеттi материалдық базаның жоқтығынан қамауға алу қолданылмауда, қоғамдық жұмыстар мен бас бостандығынан айырудың әр алуан түрлерiнiң тәртiбi мен өтеу шарттары жекелеген жағдайларда заңнамада белгiленген талаптарға сәйкес келмей, елеулi мәселелер туындатуда. Соттардың қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды қолдануының, бас бостандығынан айырудың ең көп мерзiмдерiн төмендетуiнiң және жұртшылықты қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң қызметiн бақылауды ұйымдастыруға тарту мүмкiндiктерiн одан әрi заңнамалық түрде кеңейту қажет болып отыр.
      Қорғаныс министрлiгiнiң қылмыстық жазаларды атқару жөнiндегi оларға тән емес функцияларын Әдiлет министрлiгi Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнің қарамағына беру мәселесiн, сондай-ақ түзеу мекемелерiн күзету функциясын Әдiлет министрлiгiнiң қарамағынан Iшкі iстер министрлiгiнiң қарамағына, сондай-ақ сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциясын Денсаулық сақтау министрлiгiнiң қарамағына беру мәселелерiн қараған жөн.
      Қылмыстық-атқару заңнамасын одан әрi ақылға сыйымды етiп iзгiлендiру, сотталғандардың негiзгi құқықтық шектелуiн заңнамалық бекiту және қайта қарау, қылмыстық және қылмыстық-iс жүргiзу заңнамасына, халықаралық талаптарға сәйкес келтiру және қылмыстық жаза мақсаттарына қол жеткізуге барынша ықпал ететiн өзге де тетiктердi жетiлдiру мәнiне тексерiс жүргізу қажет.
      Қылмыстық-атқару жүйесi де одан әрi жетiлдiрудi талап етедi.
      Қазақстан Республикасы өзі жүргiзiп отырған қылмыстық-атқару саясатын қылмыстық-атқару заңнамасын да, қылмыстық-атқару жүйесiн де жетiлдiру жолымен халықаралық стандарттарға жақындату жөнiнде белсендi шаралар қабылдап жатқанына қарамастан, қылмыстық-атқару жүйесі материалдық-техникалық толық жарақтандыру мен оның қызметкерлерiнiң әлеуметтік қорғалуын арттыруға ғана емес, бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды ұстау және қылмыстық-атқару инспекцияларының қызметін жетiлдiру тұжырымдамасын өзгертуге аса мұқтаж.
      Осылайша, мемлекет жүргiзiп отырған қылмыстық-атқару саясатын iзгiлендiру нәтижесiнде сотталғандардың жалпы санының қысқаруы аясында "түрме тұрғындарының" құрылымы өзгергенін, атап айтқанда, бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын сотталғандардың 80%-ға жуығы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталғанын, бұл ретте қайталап қылмыс жасағандардың саны да өсе түскенiн талдау көрсетiп отыр.
      Осыған байланысты, жабық түрдегi түзеу мекемелерiнде сотталғандарды ұстау тәртiбi тұжырымдамалық өзгертудi, нақты айтқанда, сотталғандарды жасақтап ұстаудан (100-150 адамнан) камералап ұстау үлгiсiне бiртiндеп көшiрудi, ал қоныс-колонияларын жатақханалар түрiне (1-4 адамнан) көшiрудi талап етедi. Осы бағытта жүргiзiлiп жатқан жұмыстар қолданыстағы заңнаманы жетiлдiрудi және қажеттi қаржы қаражатын бөлудi қажет етедi.
      Бұл ретте, қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң ғимараттары мен құрылыстарының басым көпшiлiгi өткен ғасырдың басы мен ортасында, ал кейбiрi - XVIII-XIX ғасырларда салынғанын және ескiргенiн, көбiнесе авариялық жағдайда тұрғанын, санитариялық және техникалық талаптарға жауап бермейтiнiн (олардың кейбiрiн пайдалану алдағы 5-7 жылда мүмкiн болмай қалады) ескерген жөн, олардың халықаралық стандарттарға сәйкес келуi туралы айтпаса да болады. Инженерлiк және техникалық күзет құралдары да өте нашар жағдайда. Осылайша, мекемелердiң үштен бiрiнде дерлiк күзет объектiлерiнiң негiзгi және жасанды қоршауларының ағаш элементтерi шiри бастаған және ауыстыруды қажет етедi (тiреуiштер, кедергiлер және т.б.), пайдаланылатын техникалық құралдардың басым бөлiгi өз ресурстарын тауысқан және баяғыда есептен шығаруға жатады және т.б. Сотталғандарды есепке алудың қазiргi заманды тиiмдi жүйесiн ұйымдастыруға арналған қажеттi техникалық базаның жоқтығын ерекше атап өткен жөн.
      Бұдан басқа, мекемелердiң жағрафиялық жағынан орналасуы, бiрiншiден, елде жүргiзiлiп жатқан қылмыстық саясатты iзгiлендiруге толық ықпал етпейдi, екiншiден, халықаралық стандарттар мен қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес келмейдi. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексiнiң (бұдан әрi - ҚАК) 68-бабына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазаны қамалғанға дейiн өздерi тұрған немесе өздерi сотталған облыстың түзеу мекемелерiнде өтеуi тиiс. Дегенмен, облыстардың бәрiнде бiрдей барлық колония түрлерi жоқ, бұл ретте анағұрлым кемсiтiлген жағдайда әйелдер мен кәмелетке толмағандар қалып отыр, себебi, елiмiзде әйелдер ұсталатын барлығы төрт тәрбиелеу колониясы мен үш жалпы режимдегi колония бар. Осыған орай, түзеу мекемелерiн режiм түрi бойынша да, олардың орналасқан жерi бойынша да оңтайландыру қажеттiлiгi туындайды. Бұдан басқа, түзеу мекемелерi, көбiнесе облыс орталықтарынан және үлкен қалалардан тысқары орналасқан, ол өз кезегiнде жүйенi сапалы қызметкерлермен толықтыру қиындығына әкеп соғады (бiлiм, дүниетаным, ой-санасы деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi), ал ол криминалдық субмәдениеттiң әсер ету түрлi жұқпалы аурулармен науқастану қаупiмен, мекеме қызметкерлерi жалақысының төмендiгiмен (орта есеппен 25 мың теңге), өз оңалту-сауықтыру жүйесiнiң болмауымен, iс жүзiнде тұрғын үй және кәсiбiнiң беделдi болмау проблемасының шешiмiн таппауымен шиеленiсе түседi. Бұлардың барлығы жаза мақсаттарына қол жеткiзуге кедергi келтiредi, себебi, тұтастай алғанда жүйе қызметiнiң тиiмдiлiгiне тiкелей терiс әсер етедi.
      Жүйеде сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды атқару бойынша күрделi жағдай қалыптасқан, дегенмен, мемлекет жүргiзiп отырған қылмыстық саясатты iзгiлендiруге байланысты бас бостандығынан айыруға сотталмайтын адамдардың саны тек арта түспек.
      Сотталғандарды еңбекке орналастыру мәселесi елеулi қиындықтарға тап келiп отыр. Осылайша, 2005 жылы ақы төленетiн жұмыстарға еңбекке қабiлеттi сотталғандардың 36,1 пайызы ғана қамтылды.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандарды оңалту жүйесi, сондай-ақ қылмыстық-атқару инспекцияларының базасында жұмыс iстейтiн және бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаларды атқарумен қатар, аталған оңалту жүйесiн және бас бостандығынан айыру орындарынан шартты-мерзiмiнен бұрын босатылғандарды қадағалауды қамти алатын пробация қызметi жоқ.

3. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi

      Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңнамасында көзделген жазаның мақсаттарына барынша қол жеткiзуге ықпал ету, сотталғандарды бейiмдеу және оңалту жүйесiн жасап шығару аясында қылмыстық жазалардың, пробацияның тиiмдi жүйесiн белгiлеуге, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесiн жетiлдiруге мүмкiндiк беретiн мақсатты мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ететiн жүйелi жалпы мемлекеттiк iс-шаралар кешенiн жасау жолымен қайталама қылмысты және қоғамның криминалдануын сапалы түрде төмендету болып табылады.
      Алға қойған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн мынадай басым мiндеттердi шешу көзделедi:
      елдiң қылмыстық-атқару саясатын одан әрi дамытудың негiзгi бағыттарын белгiлеу;
      қылмыстық жазаларды орындау жүйесiнiң нормативтiк құқықтық, материалдық-техникалық базасын, қылмыстық-атқару жүйесiн жетiлдiру, сондай-ақ пробация қызметiн құру;
      барлық мүдделi мемлекеттiк органдардың және азаматтық қоғам институттарының теңгерiмдi бiрлескен қызметiн қамтамасыз ету;
      пенитенциарлық салада тиiстi ғылыми-зерттеу әлеуетiн құру және дамыту;
      елдiң қылмыстық-атқару саясатын одан әрi жетiлдiру бойынша кезеңдiк ғылыми негiзделген кешендi бағдарламалар әзiрлеу және қабылдау;
      халықтың әлеуметтiк криминалға қарсы иммунитетiн қалыптастыруға және бас бостандығынан айыру орындарының криминалдық субмәдениетiн өзгертуге ықпал ету;
      сотталғандардың түзелу үдерiсiне және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандардың оңалуына жұртшылықты кеңiнен тарту;
      қылмыстық-атқару саласында басқа елдердiң пенитенциарлық жүйесiмен, халықаралық, мемлекеттiк органдармен және үкiметтiк емес ұйымдармен, оның iшiнде материалдық-техникалық және өзге де көмектi тарту арқылы ынтымақтастықты дамыту;
      сотталғандарға және жазаны өтеуден босатылғандарға қолданылатын түзеу-тәрбиелеу әсерiнiң мәнiн, түрлерi мен тәсiлдерiн жетiлдiру;
      тергеу және сот кезеңiнде тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан сотталғандардың Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын тиiстi құжаттарын алу құқығын қамтамасыз ету;
      қылмыстық-атқару жyйесi мекемелерi мен органдарында қылмысқа қарсы әрекет ету, басқа да құқық қорғау органдарымен өзара әрекет ете отырып, сотталғандар арасында жедел-iздестiру, тәрбиелеу және алдын-алу қызметiн жүргiзу арқылы орнықты қылмыстық байланыстардың қалыптасуының жолын кесу;
      қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiндегi қылмыс әлемi салттарының көрiнiсiне қарсы күресудiң құқықтық және ұйымдастыру жағдайларын жетiлдiру.

4. Тұжырымдаманың негiзгi бағыттары және оны iске асыру тетiгi

      Елдiң қылмыстық-атқару саясатын одан әрi жетiлдiру Қазақстан Республикасы таңдаған, адам мен азаматтың құқықтарының, бостандықтарының, олардың қоғам мен мемлекет мүддесiмен үйлесiмi кезiндегi басым қағидаттарына негiзделген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет құруға арналған бағытын табанды iске асыруды қамтамасыз етуi тиiс және қылмыстық жаза мақсатына қол жеткiзуге бағытталуы керек, оған қылмыстық-атқару саясатын iске асырудың екi негiзгi элементiн, атап айтқанда:
      қылмыстық жазалар жүйесiн және оларды өтеу жағдайларын;
      уәкiлеттi мемлекеттiк органды, оның iшiнде пробация институтын құру жолымен одан әрi дамыту арқылы қол жеткiзуге болады.
      Алайда, ұсынылатын негiзгi бағыттар толыққанды болып саналмайды. Олар жекелеген iс-шараларды жүзеге асырылуына қарай ғана емес, қылмыстық-атқару қызметiн терең талдау нәтижесiн де ескере отырып түзетiлуi тиiс.

4.1. Қылмыстық жазалар жүйесiн және оларды өтеу жағдайларын жетiлдiру

      Қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған адамдардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғауда бiрыңғай тәсiлдi қамтамасыз ету және қылмыстық жазаны орындау жүйесiн реттеу мақсатында Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiне қылмыстық жазаны орындау бойынша Қорғаныс министрлiгiне тән емес функцияларды беру мәселесiн қарау қажет. Бұл ретте, Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiне әскери қызметте шектеу және қамауға алу сияқты жаза түрлерiн, сондай-ақ шартты түрде сотталған әскери қызметшiлердi бақылау жөнiндегi функцияларды орындауды бере отырып, қылмыстық жазалаулардан тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды да алып тастаудың орындылығын қарау қажет.
      Түзеу мекемесiнiң режим түрiн айқындау кезiнде бас бостандығынан айыру жазасын өтеуге арнайы арналған өзiнiң мән-мазмұны бойынша жауап беретiн орын ретiнде "колония" терминiн пайдаланудан "түрме" терминiне заңды түрде өту қажет.
      Қамауға алу тәрiздi қылмыстық жаза түрiн қолдану үшiн жағдай жасау, ол үшiн жазаның осы түрiн құқық қолдану практикасына енгiзудi жеделдету және қаржы қаражатын үнемдеу мақсатында тергеу-қамаудағы адамдармен қатар, қамауға алынғандарды ұстайтын тергеу изоляторларының арнайы жабдықталған оқшау жергiлiктi учаскелерiн де түрме деп қайта атау қажет.
      Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды ұстау тәртiбi мен жағдайын, түзеу мекемелерiнiң құрылымы мен түрлерiн қайта қарап, қоғамнан сотталғандарды оқшаулау дәрежесiн жiктеудi негiзге ала отырып түбегейлi өзгерту ол үшiн бас бостандығынан айыру орындарын лагерлiктен камералық түрге, ал сотталғандарды ұстауда қоныс-колониясы үшiн жатақхана (1-4 адамға) түрiне ауыстыру жөнiндегi жұмысты жалғастыру қажет. Соған сәйкес мынадай түзеу мекемелерiн (түрмелердi) белгiлеу қажет:
      абайсызда қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айырылып сотталған адамдарды, алғаш рет онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталғандарды, сондай-ақ түрмеден көтермелеу тәртiбiмен жартылай жабық түрге ауыстырылып сотталғандарды ұстауға арналған ашық түрдегi (сотталғандардың оларға белгiленген талапты сақтаған кезде жалпы бiлiм, кәсiби бiлiм алуды және түрмеден тыс жерлерде еңбек қызметiн жүзеге асыруға, сондай-ақ демалыс және мереке күндерi жақын туыстарына шығуға құқығы болатын қоныс-колониясының орнына);
      ашық және жабық түрдегi түрмеге жiберiлуге жатпайтын, қасақана қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталғандарды ұстауға арналған жартылай жабық түрдегi (камералар тек түнгi уақытта ғана жабылатын болады);
      тергеу-қамаудағы адамдарды, қамаудағыларды, сондай-ақ өмiр бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандарды, өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен өмiр бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырылған, не өлiм жазасын орындау мораторий әрекетi уақытында тоқтатыла тұрған және қылмыстардың аса қауiптi қайталануы кезiнде бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды ұстауға арналған жабық түрдегi (камералар барлық уақытта да жабық болады, сотталғандар, тергеу-қамаудағылар және қамаудағылар одан серуендеуге, кездесуге, тергеу iс-шараларына ғана шығарылатын болады және т.б.).
      Бұл үшiн қолдағы барды жаңарту немесе жаңаларын салу арқылы халықаралық стандарттарға жауап беретiн түрмелердiң (әр облыс орталығында немесе үлкен қалаларда не оларға жақын жерде) қажеттi санын жасауды бiртiндеп жалғастыру қажет. Бұл ретте сотталғандарды ұстау режимiн анықтауда сараланған тәсiлдi, соның iшiнде түрменiң түрiмен қатар олардың iшiнде де олардың түзелу жағдайларына қарай сотталғандарды ұстау жағдайын бiртiндеп өзгерте отырып, қамтамасыз ету қажет. Бұл үшiн ашық түрдегi түрмелер жартылай жабық және жабық түрмелерден жекелеген болуы керек, соңғылары бiр түрменiң iшiнде арнайы оқшауланған блокқа, қажеттi режимдiк, тәрбиелеу, көтермелеу және өзге де шараларды және сотталғандардың әрбiр санаты, сондай-ақ тергеу-қамаудағылар және қамаудағылар үшiн сақтай отырып, орналасуы керек. Бұл ретте, түзеу мекемелерiн режiм түрi бойынша да, олардың орналасқан жерi бойынша да оңтайландыруды жүргiзу керек.
      Өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзiлгенiн және оны толықтай жою мәселесi шешiлiп жатқанын ескере отырып, қылмыстық жазаның дербес түрi ретiнде өмiр бойы бас бостандығынан айыруды енгiзген жөн.
      Соттардың бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды қолдану мүмкiндiгiн бұдан әрi заңды түрде, оның iшiнде олардың орындалу жағдайын жетiлдiру жолымен кеңейту керек, бәрiнен бұрын қоғамдық жұмысты барынша қолдану мүмкiндiгi, бұл оларды тиiмдi ұйымдастырғанда мемлекетке және қоғамға қылмыс жасаған адамдардың отбасынан және әлеуметтiк байланыстардан қол үзбей, еңбек нарығының ақысы төмен секторында жұмысты ұйымдастыра отырып, экономикалық пайда табумен үйлесiмдiлiкте түзелуiне ықпал етедi. Бұл үшiн қылмыстық-атқару жүйесiне жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимылды күшейту және бiрлесе отырып сотталушылардың атқаруы тиiс жұмыстардың үлгi тiзбесiн (аумақты жинау, ағаш отырғызу, бау-бақша және саябақ жабдықтарын жөндеу, өзге де бiлiктiлiктi тiлемейтiн жұмыстарды орындау) анықтау қажет, сондай-ақ жұмыс берушiлер үшiн осы санаттағы сотталғандардың еңбегiн өтеусiз негiзде тегiн пайдалану туралы мәселеге бастамашылық ету қажет.
      Қылмыстық жазаларды орындау кезiнде заңдылықты нығайту және заңмен тыйым салынған шектерде жариялылыққа қол жеткiзу мақсатында түзеу мекемелерiнiң қызметiнде қоғамдық бақылаудың тиiмдi жүйесiн жасау қажет.
      Қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдарды олардың құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпараттандыру жүйесiн жақсарту, заң көмегiн алудың уақтылығы мен қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету оның iшiнде қылмыстық қудалау органдарымен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдардың және қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдардың оларды алуын қамтамасыз ету талап етiледi. Сотталғандардың, бәрiнен бұрын әйелдер мен кәмелетке толмағандардың өздерiнiң барлық құқықтарын, алдыңғы кезекте медициналық-санитарлық, материалдық-тұрмыстық және әлеуметтiк қамтамасыз етiлудi толық көлемде пайдалануға бағытталған қызметтi жүзеге асыру қажет.
      Жазаны орындау негiзiне сотталғандардың жазаны өтеудiң алғашқы күнiнен бастап еркiн өмiрге дайындық қағидатын енгiзу қажет, ол үшiн әйелдер мен кәмелетке толмағандарға баса назар аудара отырып, сотталғандар мен олардың туыстарының, қоғамдық ұйымдардың арасындағы байланысты қолдауға және нығайтуға ықпал ету қажет. Сотталғандарға дiни қажеттiлiктерiн, рухани және моральдық сұраныстарын қанағаттандыру, ұлттық салтын, дәстүрiн және ғұрпын сақтау үшiн жағдай жасау керек. Сотталғандарды бiр түзеу мекемесiнiң шегiнде саралап ұстаумен қатар, неғұрлым жұмсақ режимдегi түзеу мекемесiне ауыстыруды, шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға дейiнгi ұстауды қамтитын қайта әлеуметтендiрудi барынша пайдалану қажет.
      Қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң психологиялық қызметтерiнiң жұмысын жетiлдiру жөнiндегi жұмысты жалғастыру керек.
      Тәртiптiк практикада басым етiп сендiру және заңға бағыну мiнез-құлқын ынталандыру әдiстерiн орнату және қылмыстық-атқару жүйесiн ұстау режимiн бұзушыларға тәртiптiк және әкiмшiлiк шараларды қолданудың тиiмдiлiгiн арттыру жолдары мен тәсiлдерiн iздестiруге бағдарлау. Бұл ретте қылмыстық-атқару жүйесi органдарының құқық қорғау және арнаулы органдармен бас бостандығынан айыру орындарында заңдылықты, құқықтық тәртiптi қамтамасыз ету, қылмыспен күрес мәселелерi бойынша оның iшiнде бiрлескен жедел-iздестiру қызметiн күшейту жолымен өзара iс-әрекеттi жетiлдiру қажет.
      Сотталғандардың бос уақыттарын ұйымдастырудың жаңа нысандары мен әдiстерiн әзiрлеудi және енгiзудi, олардың дене және психикалық денсаулығының сақталуын, клубтық және үйiрме жұмыстары жүйесiн кеңейтудi қамтамасыз ету, сотталғандар арасында өзiн-өзi басқарудың түрлi нысандарын дамыту, қазiргi заманғы коммуникация құралдарының жетiстiктерiн пайдалана отырып, жартылай жабық және жабық түрдегi түзеу мекемелерiндегi жазасын өтеп жатқан сотталғандарды тәрбиелеу үдерiсiн жетiлдiру.
      Сотталғандарға жалпы бiлiм беру және кәсiптiк оқыту мүмкiндiктерiн, оның iшiнде қазiргi заманғы технологияларды енгiзе отырып, кеңiнен пайдалану.
      Сотталғандарды емдеу-профилактикалық қамтамасыз етудi халықаралық талаптарға сәйкес келтiру. Науқас сотталғандардың психикалық ерекшелiктерiн, әлеуметтiк-имандылық құлдырау деңгейiн, медициналық көрсеткiштерiн ескере отырып, осы адамдарға негiзгi түзеу құралдарын саралы түрде қолдануды жүзеге асыру.
      Сотталғандарды еңбекке тарту көзқарасын қайта қарау керек. Еңбек олардың жұмыс мамандықтары мен пайдалы дағдыларды алуға ықпал етуi тиiс. Сотталғандар үшiн қосымша жұмыс орындарын құру жазаны орындау және өтеу тәртiбi мен шарттарын одан әрi жетiлдiрудiң ерекше шарты болып табылады деп белгiлеу. Бұл ретте сотталғандардың қоғамдық-пайдалы еңбекке қатысуының негiзгi мақсаты оларда адамдар қауымының нормаларын, ережелерiн және салт-дәстүрлерiн сақтау қажеттiлiктерiн қалыптастыру болып табылады. Сотталғандардың еңбекақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақылар мен өзге де кiрiстерiнен оларды ұстауға ақша ұстауды тоқтатқан жөн.
      Қылмыстық-атқару жүйесi инфрақұрылымы объектiлерiнiң құрылысын салу және пайдалану кезiнде мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiгi нысанын қолдану мүмкiндiгiн қарау.
      Қылмыстық-атқару заңнамасын сотталғандардың негiзгi құқықтарын шектеудi және оларды ұстау шарттарын халықаралық талаптарға неғұрлым жақындау мақсатында заңнамалық бекiту және қайта қарау жолымен оны одан әрi ақылға сыйымды етiп iзгiлендiру мәнiне тексерiс жүргiзу қажет. Бұл жақындату қылмыстық саясаттың екi векторлы бағытын қамтамасыз етуi тиiс, бiр жағынан бұл сотталғандардың қайталама қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн және түзелу жолына түсуге тырыспайтын адамдарға қатысты ұстау шарттарын сақтау, екiншi жағынан, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстары үшiн, сондай-ақ түзелу жолына түскен адамдарға қатысты режим шарттарын жұмсарту.
      Қолданыстағы халықаралық актiлерге қосылу және жаңа халықаралық, оның iшiнде қылмыстық-атқару саясатын iске асыру саласындағы мемлекетаралық келiсiмдер жасасу жөнiндегi жұмысты жалғастырған жөн.

4.2. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметiн одан әрi жетiлдiру

      Қылмыстық-атқару жүйесiнiң қызметiн одан әрi жетiлдiру үшiн:
      1) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету функциясын азаматтық денсаулық сақтау мекемелерiне беру;
      2) түзеу мекемелерiн күзету функциясын Әдiлет министрлiгiнен Iшкi iстер министрлiгiнiң қарамағына беру;
      3) қылмыстық-атқару жүйесi қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында, өңiраралық басқару органдарын құру мүмкiндiгiн қарау;
      4) жаңа түрмелердiң құрылысын салуды, жұмыс iстеп тұрған мекемелердi қайта жаңарту мен күрделi жөндеудi ұйымдастыру. Сотталғандарды этаппен көшiру және тасымалдау көлемiн мейлiнше қысқарту, олардың тәртiбi мен шарттарын қайта қарау. Тергеу изоляторларын транзиттi-қайта айдауылдау функцияларынан босату, жекелеген түзеу мекемелерiнiң жанынан жинақтаушы-изоляторлар құру, "түрме - түрме" тiкелей бағытын енгiзу;
      5) инженерлiк-техникалық күзет құралдарына тиiсiнше қызмет көрсетудi және жөндеудi және қылмыстық-атқару жүйесiнiң кинологиялық қызметiнiң жұмысын қамтамасыз ететiн материалдық-техникалық база жасау жөнiнде шаралар қабылдау;
      6) қылмыстық-атқару жүйесiн басқару және сотталғандарды есепке алу үдерiсiн сапалы ақпараттық-талдаумен қамтамасыз етудi құру бойынша iс-шаралар кешенiн әзiрлеу және iске асыру;
      7) сотталғандарды станционарлық және амбулаториялық емдеуге арналған емдеу-профилактикалық мекемелерiнiң материалдық-техникалық базасын жақсарту. Емдеу-профилактикалық мекемелерiн кезең-кезеңмен салуды, сондай-ақ қолда барын қайта жаңарту мен жөндеудi жүргiзу;
      8) сотталғандар үшiн жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында қылмыстық-атқару жүйесiнiң өндiрiстiк қуаттары мен кәсiпорындарын дамыту жөнiндегi, оның iшiнде осы мақсаттарға қаржы қаражатын бөлу жолымен де шаралар қабылдау, сондай-ақ оларға қорғау өтiнiмiн орналастыру мәселесiне бастамашылық ету. Кәсiби маркетингтi дамыту;
      9) инвестициялық ресурстарды тарту үшiн шаруашылық жүргiзушi субъектiлермен iс-әрекеттiң жаңа нысандары мен әдiстерiн, оның iшiнде:
      қылмыстық-атқару жүйесiнiң өнеркәсiптiк әлеуетiн ел экономикасына кiрiктiрудi, жүйенiң еңбек ресурстарын пайдалануды;
      еңбек нарығында қалыптасқан жағдайларды негiзге ала отырып, кәсiптiк-техникалық оқыту жүйесiн және сотталғандардың алдын ала кәсiби даярлығын жетiлдiрудi;
      бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарды заңда белгiленген тәртiппен еңбекке тарту үшiн жеке куәлiктерi жоқ сотталғандарды толық құжаттандыруды жүзеге асыруды қамтитын пенитенциарлық жүйенiң өнеркәсiбiн қайта құрылымдау бойынша шаралар кешенiн жүзеге асыру;
      10) қылмыстық-атқару инспекциясын, оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаларды орындау, жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босатылғандардың мiнез-құлқын бақылау, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды оңалту жүйесiнiң қызметi жөнiндегi мiндеттердi жүктей отырып, пробация қызметi деп қайта атау;
      11) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде қылмыс әлемi салтының таралуына қарсы күрестің құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайын жетiлдiру шеңберiнде қылмыстық ортада беделi бар сотталғандар тобына тиiмдi түзету ықпалы бойынша шаралар қабылдау. Бұл ретте, қылмыстық ортаның "авторитеттерi" және ұйымдасқан қылмыстық топ лидерлерiнiң құқыққа қарсы қызметтерiмен байланысты сотталғандардың жекелеген санаттарының iс жүзiнде қорғалуын қамтамасыз ету;
      12) жақын және алыс шет елдiң жазаларды орындау қызметтерiмен байланыстарды және iскерлiк ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ шетелдiк азаматтарды және азаматтығы жоқ адамдарды қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұстау бас бостандығынан айыру мекемелерінен босату, сотталған шетелдiктердi жазасын өтеу үшiн беру, ұстап беру, сотталған қазақстандық азаматтарды шетелден қабылдау заңдылығы бөлiгiнде Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiн орындау жөнiндегi ұйымдастыру iс-шараларының кешенiн iске асыруды қамтамасыз ету;
      13) сотталғандардың құқықтарын қорғау мәселелерi бойынша халықаралық және қазақстандық үкiметтiк емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қызметтi жалғастыру. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласындағы, оның iшiнде қылмыстық қудалау саласындағы халықаралық актiлерге қосылу.
      14) қылмыстық-атқару жүйесi инфрақұрылымы объектiлерiн салу және пайдалану проблемаларын тиiмдi шешу үшiн пенитенциарлық жүйеде мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiктiң әлемдiк тәжiрибесiн зерделеу қажет. Жұмыс iстеп тұрған қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiн концессия туралы заңнаманы қабылдағаннан кейiн концессиялық басқаруға беру мүмкiндiгiн қарастырған жөн.
      Пенитенциарлық жүйе қызметiн ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз етудiң тиiмдi жүйесiн құру талап етiледi. Әдiлет министрлiгi Қылмыстық атқару жүйесi комитетi Қостанай заң институтына пенитенциарлық бағыттағы заңгерлердi, педагогтарды, психологтардың, сондай-ақ күзет және байланыс инженерлiк-техникалық құралдарға қызмет көрсету жөнiндегi сараланған инженерлердi даярлауға бағдарланған Қылмыстық-атқару жүйесi академиясының мәртебесiн бере отырып, оның мәртебесiн көтерген жөн. Бұл мақсатты жүзеге асыру академияға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келтiру мақсатында оқу-әдiстемелiк және материалдық-техникалық базасын жетiлдiрудi қажет етедi.
      Сондай-ақ, кадрларды iрiктеу, даярлау және тәрбиелеу жүйесiн сапалы жақсартып, кадр жұмысының нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiрген жөн.
      Кадр мәселесiн сапалы шешу және қылмыстық атқару жүйесi қызметкерлерiнiң имиджiн көтеру шеңберiнде жалақыны көбейту, қажеттi тұрғын үй, медициналық-сауықтыру және өзге де шараларын қабылдауды ескерiп, қызметкерлердiң әлеуметтiк қамтамасыз етiлу деңгейiн арттыру қажет. Бұл ретте, қылмыстық атқару жүйесiнiң штатына қабылдау кезiнде егжей-тегжейлi кәсiби-психологиялық iрiктеудi ұйымдастыру, қызметкерлердi аттестаттау тәртiбiн, кадрларды қызметке iрiктеудiң келiсiм-шарттық және конкурстық тәртiбiнiң құқықтық негiздерiн, қылмыстық-атқару жүйесi қызметкерлерiн қызметте жылжыту кезiнде оларды даярлау және қайта даярлау жүйесiн жетiлдiру. Жеке құрамның қызметтiк, дене және моралдық-психологиялық дайындығы жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру.
      Ең алдымен, құрылыспен байланысты ұсынысты iске асыру Тұжырымдаманы iске асыру үшiн көрсетiлген уақыт шеңберiне қарағанда едәуiр уақытты талап етедi, бұл ретте қылмыстық-атқару саясатын дамытудың бағыттарын айқындайтын негiзгi iс-шаралар өзара байланысты мынадай үш кезеңде аяқталуы мүмкiн: 1-кезең - 2007 - 2009 жылдарды; 2-шi кезең - 2010 - 2012 жылдарды және 3-шi кезең - 2013 - 2015 жылдарды қамтиды, олардың шеңберiнде, оның iшiнде мыналар ұсынылады:
      бiрiншi кезеңде (2007 - 2009 жылдар) түрмеде ұстау түрiне көшудi және қамалғандармен қарым-қатынас саласындағы халықаралық стандарттарға жауап беретiн пробация қызметiн ұйымдастыруды қамтамасыз ететiн қажеттi нормативтiк құқықтық базаны қабылдау. Әскери қызметшiлерге қатысты жазаны атқаруды Қорғаныс министрлiгiнен Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесiне, қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету функциясын азаматтық денсаулық сақтау мекемелерiне, түзеу мекемелерiн күзету функциясын Әдiлет министрлiгiнен Iшкi iстер министрлiгiнiң қарамағына беру мүмкiндiгiн қарастыру;
      екiншi кезеңде (2010 - 2012 жылдар) пробация қызметiн ұйымдастыру, түрмелердi салу жолымен сотталғандарды түрмеде ұстау түрiне көшудi жүзеге асыру және қылмыстық-атқару жүйесi органдары қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғау жөнiндегi iс-шараларды iске асыруға кiрiсу;
      үшiншi кезеңде (2013 - 2015 жылдар) сотталғандарды түрмеде ұстау түрiне көшiрудi жалғастыру.
      Түрмелердiң қажеттi санын құруды толық аяқтауды қоспағанда, көрсетiлген шаралардың, елеулi қаржылық құнына орай, оларды 2015 жылға дейiн жүзеге асыру болжанып отыр.

5. Қажеттi ресурстар және қаржыландыру көздерi

      Қаржыландыру көздерi республикалық бюджет қаражаты болып табылады, олардың шығыстар көлемiн Республикалық бюджет комиссиясы тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң жобасын қалыптастыру кезiнде белгiлейтiн болады.

6. Тұжырымдаманы iске асырудан күтiлетiн нәтижелер

      Қылмыстық-атқару саясатын жетiлдiру тұжырымдамасын iске асыру мыналарға мүмкiндiк бередi:
      пенитенциарлық саладағы ұзақ мерзiмдi перспективаға арналған мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және заңды түрде ресiмдеуге;
      қылмыстық жазаны атқару жүйесiн бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды сапалы дамыту, қылмыстық-атқару заңнамасын бас бостандығынан айыру жазасын өтеу жағдайларын ақылға қонымды-орынды iзгiлендiру, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесiн халықаралық стандарттар талаптарына едәуiр жақындату жолымен жетiлдiруге;
      сотталғандардың құқықтық қорғалуын, оның iшiнде Қазақстанның тиiстi халықаралық құжаттарға қосылуы және қылмыстық жазаларды атқару саласындағы халықаралық стандарттарды енгiзу және елiмiздiң қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнiң де, оны басқару органдарының да материалдық-техникалық жарақтандырылуын (қайта құрылуын) тиiсiнше арттыру жолымен одан әрi арттыруды қамтамасыз етуге;
      қылмыстық-атқару инспекциясының базасында пробация қызметiн ұйымдастыруға;
      қылмыстық-атқару жүйесiнiң персоналын даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың бiлiктiлiгiн арттырудың тиiмдi жүйесiн жасауға және олардың әлеуметтiк қорғалуын арттырудың пәрмендi тетiктерiн әзiрлеуге;
      пенитенциарлық салада жоспарланатын iс-шаралардың орындалуына және осы мақсаттарға бөлiнген ресурстарды тиiмдi пайдалануды сапалы бақылауды қамтамасыз етуге;
      криминогендiк үдерiстердiң мемлекеттiң экономикасы мен әлеуметтiк тұрақтылығына терiс ықпалын азайтуға;
      басқа елдермен және қазақстандық үкiметтiк емес ұйымдармен қылмыстық-атқару саясатын iске асыру саласында одан әрi өзара iс-қимылды дамытуға;
      пенитенциарлық қызмет саласындағы ғылыми-зерттеу әлеуетiн құруға.
      Бұл қорыта келгенде қоғамның криминалдану деңгейiн төмендетуге, оның құқықтық мәдениетi мен азаматтық жауапкершілiгiн арттыруға ықпал ететiн болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады