Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 қарашадағы N 1154 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының   Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында жасалған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ   <*>

(2007 жылғы 3 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 1, 10-құжат)

      Бұдан әрі»"Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі,
      ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың екі жақты қатынастардың барлық кешенінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынына сене отырып,
      ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерді интернационализациялау жағдайында өзара іс-қимыл жасау қажеттігін мойындай отырып,
      Тараптар мемлекеттеріндегі ғылыми-техникалық байланыстарды ескере отырып,
      мұндай ынтымақтастық Тараптар мемлекеттері халықтарының арасындағы екі жақты қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ететінін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар тең құқықтық пен өзара тиімді қағидаттар негізінде Тараптар мемлекеттерінің ғылым мен техниканы дамыту мүдделерін басшылыққа ала отырып, ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдемдесетін болады.

  2-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі екі жақты ынтымақтастықтың бағыттары Тараптар мемлекеттерінің мүдделерімен айқындалатын болады.

  3-бап

      Ғылыми-техникалық ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің министрліктері, ведомстволары, ғылым академиялары, ғылыми ұйымдары (ұлттық ғылыми орталықтар, ғылыми-өндірістік орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары), жоғары оқу орындары, екі елдің жекелеген ғалымдары мен мамандары, өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес келуге тиіс шарттар мен келісім-шарттар негізінде өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асыратын болады.
      Жалпы басшылықты және ынтымақтастықты үйлестіруші:
      Қазақстан тарабынан - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;
      өзбек тарапынан - Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі орталық жүзеге асырады.
      Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар жедел түрде дипломатиялық арналар арқылы хабардар ететін болады.

  4-бап

      Шарттар мен келісім-шарттар ынтымақтастықты іске асыру мәселелерін, оның экономикалық және ұйымдастыру шарттарын айқындауға тиіс, атап айтқанда:
      - ынтымақтастықтың мақсаты мен мазмұны, тапсырмалары мен
күтілетін нәтижелері, оларды іске асырудың мерзімі мен жағдайы;
      - өзара қаржылық міндеттемелер;
      - бірлескен ғылыми-техникалық объектілерді пайдалану тәртібі, сондай-ақ бірлескен зерттеулер нәтижелерін пайдалану және бірлескен ғылыми қызмет барысында алынған зияткерлік меншік құқықтарын бөлу мәселелерін реттеу;
      - даулы мәселелерді шешу тәртібі мен ынтымақтастықты іске асыруға қатысатын адамдар ынтымақтастық шеңберіндегі міндеттемелерді орындау кезінде олардың әріптестерге келтіруі мүмкін шығындардың орынын толтыру тәртібі;
      - ынтымақтастыққа үшінші мемлекеттер адамдарының немесе халықаралық ұйымдардың қатысу, осындай қатысуды қаржылай қамтамасыз ету және ынтымақтастық нәтижелерін пайдалану тәртібі;
      - ынтымақтастық процесінде бір-біріне берілетін ақпараттың дұрыстығы және материалдар мен жабдықтардың сапалылығы үшін жауаптылық.

  5-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда іске асырылатын болады:
      - бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламаларын, ғылымды қажетсінетін және ресурс үнемдейтін технологияларды жасау және игеру жөніндегі жобаларды жүзеге асыру;
      - бірлескен далалық зерттеулер мен экспедицияларды қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, технопарктерінде, мұрағаттарында, кітапханаларында және мұражайларында ғылыми жұмыстар жүргізу;
      - Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен
ғылыми-техникалық ақпарат, құжаттар алмасу, әдеби және библиографиялық басылымдар арасында келісім-шарттар жасау;
      - бірлескен семинарлар, ғылыми конференциялар мен жұмыс бабындағы кездесулер өткізу;
      - ғалымдар мен мамандардың біліктілігін арттыру, тағылымдамалар ұйымдастыру;
      - ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды
сараптамадан өткізу.
      Ынтымақтастық, сондай-ақ осы Келісімнің іске асырылуын қамтамасыз ететін басқа да келісілген нысандар бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
      Тараптар бірлескен нақты зерттеулердің нысандарын таңдау және анықтау кезінде, Тараптар мемлекеттерінің ғылыми-техникалық саясаты басымдықтарын басшылыққа алатын болады.

  6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ғалымдар мен мамандарының жұмыс істеу жағдайлары ынтымақтасушы ұйымдар арасында осы Келісімнің 3 және 4-баптарында көзделген шарттар мен келісім-шарттар негізінде келісіледі.

  7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, осы Келісім шеңберінде Тараптар ынтымақтастық нәтижесінде құрылуы мүмкін зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға жәрдемдесетін болады. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың нақты мәселелері осы Келісімнің 4-бабында көзделген шарттар мен келісім-шарттарға негізделеді.

  8-бап

      Екі Тараптың ынтымақтасушы ұйымдарының арасындағы келісім бойынша осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға қатысу үшін үшінші тараптың ғалымдары, техникалық сарапшылары, мемлекеттік ұйымдары мен кәсіпорындары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың мамандары шақырылуы мүмкін.

  9-бап

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын Тараптар жасаған басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

  12-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа оның қолданылуын тоқтатуға өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберген күннен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде болады.
      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім ережелерін өзгерту немесе тоқтату, осы Келісім шеңберінде Тараптар жасасқан және аяқталмаған тікелей шарттарды орындауға әсер етпейді.
      2006 жылғы 20 наурызда Ташкент қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісім ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

         Қазақстан                        Өзбекстан
  Республикасының Үкіметі         Республикасының Үкіметі
         үшін                               үшін

      

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады