"Ғарыш қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы N 1297 Қаулысы

       Ескерту. Заңның жобасы Қазақстан Республикасы Парламентiнің  Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.04.29. N 597 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "Ғарыш қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

      Жоба

Ғарыш қызметi туралы
Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, ұлттық қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастығын кеңейту мақсатында жүзеге асырылатын ғарыш қызметi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және ғарыш қызметiн ұйымдастыру мен жүзеге асырудың негiзгi принциптерiн айқындайды.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) ғарыш қызметi - ғылыми-зерттеу және  тәжiрибе-конструкторлық жұмыстар жүргізудi, ғарыштық мақсаттағы арнаулы аспаптар мен жабдықтарды, зымыран-ғарыш техникасы мен технологияларын өндiрудi, пайдалануды, жөндеудi және қайта жаңғыртуды қоса алғанда, ғарыш объектiлерi мен жер үстi ғарыш инфрақұрылым объектiлерiн құруға және/немесе пайдалануға байланысты ғарыш кеңiстiгін пайдалану жөнiндегi қызмет;
      2) ғарыш объектiсi - ғарыш кеңiстiгiнде пайдалануға арналған аппарат, техникалық құрылғы;
      3) ғарыш айлағы - шығару құралдарын/ғарыш объектiлерiн iске қосуды/ұшыруды дайындауға және жүзеге асыруға арналған жер учаскелерiмен бiрге құрылыстар және техникалық құралдар кешенi;
      4) Қазақстан Республикасының ғарышкерi - ғарышкерлер даярлау жөнiндегi мамандандырылған мекемеде арнаулы даярлықтан өткен және тиiстi құжат алған және/немесе ғарыш бағдарламаларын орындау мақсатында ғарыштық ұшуға қатысқан Қазақстан Республикасының азаматы;
      5) жер үстi ғарыш инфрақұрылымы - техникалық және технологиялық жүйелерiмен және жабдықтарымен қоса, жер үстi құрылыстары, ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде тiкелей пайдаланылатын Қазақстан Республикасы аумағының учаскелерi;
      6) зымыран-тасығыштардан бөлiнiп шыққан бөлiктерiнiң құлау аудандары - зымыран-тасығыштардан бөлiнiп шыққан бөлiктерiн қабылдау үшiн пайдаланылатын аумақтың учаскелерi;
      7) шығаратын құралдар - ғарыш объектiлерiн ғарыш кеңiстiгiне шығаруға арналған зымыран-тасығыштар, айдау блоктары, авиациялық зымырандық-ғарыштық жүйелер;
      8) уәкiлетті орган - ғарыш қызметi саласындағы басқару мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      9) ғарыш қызметiнiң қатысушылары - осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш қызметiн жүзеге асыратын жеке, заңды тұлғалар.

      2-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметi туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметi туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен ғарыш қызметi саласындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағы бардан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.

      3-бап. Ғарыш қызметiнiң мақсаттары

      Ғарыш қызметiнiң мақсаттары мыналар болып табылады:
      1) ғарыш техникасы мен технологияларын ұтымды және тиiмдi пайдалану арқылы Қазақстанның экономикалық дамуына, республика халқының әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу;
      2) Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық және зияткерлiк әлеуетiн нығайту, Жер және ғарыш туралы ғылымды дамыту;
      3) Қазақстан Республикасының қорғанысын нығайтуға және ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      4) дүниежүзілік экономикалық байланыстар жүйесiне одан әрi интеграциялану және халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерiне орай Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығын дамыту.

      4-бап. Ғарыш қызметi саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi

      1. Ғарыш қызметi саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      1) ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде ұлттық қауiпсiздiк пен қорғанысты қамтамасыз етудi қоса алғанда, ұлттық мүдделердi сақтау;
      2) ғарыш қызметiн дамытудың басым бағыттарын қолдау;
      3) ғарыш қызметiн экономикалық ынталандыру;
      4) ғарыш қызметi саласындағы жобаларға мiндеттi мемлекеттiк сараптама жасау;
      5) техникалық реттеу саласындағы қауiпсiздiк, экологиялық қауiпсiздiк талаптарын сақтау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттығын қамтамасыз ету;
      6) ғарыш қызметi саласындағы халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған принциптерi мен нормаларына адал болу.
      2. Ғарыш қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мемлекеттiк құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны, сондай-ақ зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау жөнiндегi талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) ғарыш қызметi саласындағы мемлекеттiк саясатты және оны жүзеге асыру жөнiндегі шараларды әзiрлейдi;
      2) ғарыш қызметiн дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлейдi;
      3) Қазақстан Республикасының ғарыш қызметi саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерiн үйлестiредi;
      4) Қазақстан Республикасының мүдделерiне орай Қазақстан Республикасының аумағынан, сондай-ақ оның аумағынан тыс жерлерде шығару құралдарын/ғарыш объектiлерiн iске қосуды/ұшыруды Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жүзеге асырған жағдайда уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша ол туралы шешiмдi қабылдайды;
      5) Қазақстан Республикасының аумағынан шетел мемлекеттерiнiң шығару құралдарын/ғарыш объектiлерiн iске қосуды/ұшыруды келiседi;
      6) шетелдiк заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ғарыштық жер үстi инфрақұрылымын пайдалану мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдайды.

      6-бап. Уәкiлетті органның құзыреті

      1. Уәкiлеттi орган:
      1) ғарыш қызметi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) ғылыми-зерттеу және тәжiрибе-конструкторлық жұмыс жүргiзудi қоса алғанда, ғарыш қызметi саласындағы бағдарламалар мен жобаларды iске асыруды қамтамасыз етедi;
      3) Қазақстан Республикасының Yкiметiне ғарыш қызметiн дамытудың басым бағыттары бойынша, сондай-ақ ғарыш қызметi саласындағы мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi және енгiзедi;
      4) ғарыш қызметiн лицензиялауды жүзеге асырады;
      5) өз құзыретi шегiнде ғарыш қызметi саласындағы бақылауды жүзеге асырады;
      6) ғарыш қызметi саласындағы жобаларға салалық сараптама жасауды жүзеге асырады;
      7) ғарыш объектiлерiн тiркеудi жүзеге асырады;
      8) ғарыш қызметi үшiн кадрларды даярлау, мамандарды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi;
      9) ғарыш қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен халықаралық шарттардың жобаларын әзiрлейдi;
      10) өз құзыретi шегiнде ғарыш қызметi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      2. Қорғаныс және ұлттық қауiпсiздiк мүдделерiне орай жүзеге асырылатын ғарыш қызметi саласындағы жобалар қорғаныс және ұлттық қауiпсiздiк саласындағы уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып iске асырылады.

      7-бап. Ғарыш қызметi саласындағы жобаларға салалық сараптама жасау

      1. Ғарыш қызметi саласындағы барлық жобаларға салалық сараптама жасалуға тиiс.
      2. Ғарыш қызметi саласындағы жобаға салалық сараптама жасау кезiнде оның Қазақстан Республикасының ғарыш қызметi саласындағы заңнамасына сәйкестiгiне, сондай-ақ ғылыми-техникалық деңгейi мен жобаның қауiпсiздiгiне бағалау жүргiзiледi.
      3. Салалық сараптама жасау нәтижелерi бойынша оң қорытынды ғарыш қызметi саласындағы жобаларды iске асырудың қажеттi шарты болып табылады.
      4. Салалық сараптама жасау мақсатында уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде жеке және заңды тұлғалар iшiнен, оның iшiнде шетел мемлекеттерiнен мамандарды, консультанттар мен сарапшыларды тартуға құқығы бар.
      5. Ғарыш қызметi саласындағы жобалар салалық сараптама жасау кезiнде қорғаныс саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiлуге тиiс.

      8-бап. Ғарыш объектiлерi

      1. Ғарыш кеңiстiгiне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектiлерiнiң олардың Қазақстан Республикасына тиесiлi екендiгiн куәландыратын таңбасы болуы тиiс және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелуге жатады.
      2. Қазақстан Республикасы өзiне тiркелген ғарыш объектiлерiнiң Қазақстан Республикасының аумағында және олардың одан тыс жерлерде, сондай-ақ ғарыш кеңiстiгiнде болуы кезiнде оларға юрисдикциясын сақтайды.
      3. Егер, ғарыш объектiсiн ғарыш қызметiне қатысушылар басқа мемлекеттердiң ұйымдарымен немесе халықаралық ұйымдармен бiрлесе отырып құрған және/немесе ұшырған жағдайда оны тiркеу мәселесi жасасылған халықаралық шарттарға сәйкес шешiледi.
      4. Ғарыш объектiлерiн ұшыру және олардың құралдарын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне шығару Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      9-бап. Ғарыш қызметi саласындағы жобаларды қаржыландыру

      1. Ғарыш қызметi саласындағы жобаларды iске асыру мемлекеттiк және салалық (секторлық) бағдарламалар шеңберiнде жүзеге асырылады.
      2. Ғарыш қызметi саласындағы жобаларды қаржыландыру бюджет қаражаттары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      10-бап. Ғарыш қызметiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қауiпсiздiк талаптары сақтала отырып, оның iшiнде қоршаған ортаға және халық денсаулығының жай-күйiне әсер ететiн шектi жол берiлетiн нормалар ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      2. Ғарыш қызметiнiң қатысушылары техникалық реттеу, қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауға мiндеттi.
      3. Ғарыш қызметi саласындағы жобалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi мемлекеттiк экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жасауға жатады.
      4. Шетел мемлекетiнiң ғарыш объектiсi оны ғарыш кеңiстiгiне шығару немесе Жерге оралуы процесiнде Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органының, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдалану, қорғаныс, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдарының осындай ұшудың уақыты, орны, траекториясы және өзге де жағдайлары туралы алдын ала хабарламасы болған жағдайда Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi арқылы ұшуды жүзеге асыруы мүмкiн.
      5. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру процесiнде келтiрiлген залал үшiн жауапкершiлiк және осыған байланысты туындаған талаптарды реттеу мәселелерi халықаралық шарттардың нормаларына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
      6. Ғарыш объектiлерiн ұшыруларды жүзеге асыратын ғарыш қызметiнiң қатысушылары ұшыруға дейiн 7 тәулiктен кешiктiрмей уәкiлеттi органды, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдалану, қорғаныс, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдарды және тиiстi жергiлiктi атқарушы органдарды ғарыштық объектiнi ұшырудың уақыты мен ықтимал тәуекелдердiң сипаты туралы жазбаша хабарландырады.
      Хабарламада: ғарыш объектiсiнiң атауы, оның орбитасының параметрлерi, ұшыру орны, шығару құралдарының атауы, шығару құралдарын іске қосу азимуты, зымыран отынының компоненттерi және айдау блогы мен ғарыш объектiлерiндегi шығару құралдары сатыларындағы олардың мөлшерi, олардың сатыларындағы зымыран отыны компоненттерi қалдықтарының кепiлдiк берiлетiн мөлшерi, зымыран-тасығыштардан бөлiнiп шығатын бөлiктерiнiң құлау аудандары, күнi (негiзгi және резервтiк) және ғарыш объектiсiн ұшырудың есепке алынатын уақыты көрсетiледi.
      Ғарыш объектiсiн ұшыру күнi өзгерген немесе ұшыруды резервтiк күнге ауыстырған кезде ғарыш қызметiнiң қатысушылары бұл туралы уәкiлеттi органдарға, осы тармақта көрсетiлгендердi, ұшырудың жаңа күнiне дейiн 24 сағаттан кешiктiрмей хабарлайды.
      7. Ғарыш қызметiнiң қатысушылары ғарыш объектiсiнiң жүргiзiлген ұшырылуынан кейiн осы баптың 7-тармағында көрсетiлген уәкiлеттi органдарға ұшыру фактiсi туралы, шығару құралдарын iске қосу кезiнде авария болған жағдайда - авария фактiсi туралы, оның ықтимал зардаптары және авария зардаптарын бағалау мен жою жөнiндегi қолданылатын шаралар туралы жазбаша хабарлайды.
      8. Уәкiлеттi орган осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетiлген хабарламаны алған кезде тиiстi ақпаратты Қазақстан Республикасының Үкiметiне жiбередi (авария болған жағдайда ақпарат жедел байланыс арналары бойынша дереу жiберiледi).
      9. Ғарыш қызметiнiң қатысушылары ғарыш объектiсiн ұшыру жүргiзiлгеннен кейiнгi он күн мерзiмде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға мынадай ақпаратты: Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан зымыран-тасығыштардан бөлiнiп шыққан бөлiктердiң құлау аудандарындағы зымыран-тасығыштардан бөлiнiп шығатын бөлiктердiң құлау нүктелерiнiң координаттарын, зымыран отыны компоненттерiнiң төгiлуi және аумақты детокцикациялау мен бабына келтiру бойынша жүргiзiлген жұмыстар туралы мәлiметтердi жiбередi.
      10. Табиғи ресурстарды, қоршаған ортаға ластайтын шығарындыларды және тастауларды пайдалануды жүзеге асыру, өндiрiс қалдықтарын орналастыру және ғарыш қызметi процесiнде қолдану үшiн ғарыш қызметiнiң қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен берiлетiн табиғатты пайдалануға арналған рұқсатты алады.
      11. Ғарыш қызметi нәтижесiнде ластанған зымыран-тасығыштардан бөлiнiп шыққан бөлiктердiң құлау аудандарының аумақтары, сондай-ақ зымыранды iске қосу кезiндегi авария нәтижесiнде ластануға ұшыраған аудандар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органдармен және жергілiктi атқарушы органдармен келiсiм бойынша жер ресурстарын басқару саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тазартылуға және бапталуға жатады.
      12. Ғарыш қызметiнiң қатысушылары ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiндегi тәуекелдердi сақтандыру шаралары бойынша қажеттi шараларды қолданады.

      11-бап. Қоршаған ортаның мониторингi және ғарыш қызметiнiң әсерiне ұшыраған өңiрлердегi халық денсаулығының жай-күйiн бақылау

      1. Қоршаған ортаның және ғарыш қызметi процесiндегi табиғи ресурстардың мемлекеттiк мониторингiн Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесi шеңберiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      2. Ғарыш қызметiнiң қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өндiрiстiк экологиялық бақылауды және қоршаған ортаның мониторингiн жүзеге асыруға мiндеттi.
      3. Қоршаған ортаны және ғарыш қызметi процесiнде халықтың денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттiк бақылауды қоршаған ортаны қорғау және денсаулық caқтау саласындағы уәкiлетті органдар жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш қызметiн жүзеге асыруға байланысты қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар саласындағы ақпараттар ашық ақпараттар болып табылады.

      12-бап. Ғарыш қызметi саласындағы бақылау

      1. Ғарыш қызметi саласындағы бақылауды уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттiк органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      2. Ғарыш қызметiне қатысушылардың қызметiн тексеру осы Заңға, Қазақстан Республикасының дара кәсiпкерлiк туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Ғарыш қызметiне қатысушылардың қызметiн тексеру мынадай түрлерге бөлiнедi:
      1) жоспарлы - мемлекеттiк органның тексеру жоспарына сәйкес екi жылда бiр реттен жиi емес;
      2) iрiктелген - жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiне байланысты ғарыш қызметiне қатысушылар қызметiнiң жекелеген мәселелерi бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдары талаптарының бұзылуын бақылау және қадағалау функцияларының орындалуы шеңберiнде мемлекеттiк орган анықтаған жағдайда.
      4. Тексеру мемлекеттiк органның тексерудi тағайындау туралы актiсiнiң негiзiнде жүргізiледi.
      5. Тексеру жүргiзу мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс, арнайы зерттеулер, сынаулар, сараптамалар жасауды жүргiзу қажет болатын ерекше жағдайларда, сондай-ақ мемлекеттiк орган басшысының (немесе оның орнын алмастыратын адамның) елеулi көлемде болатын көлемдi тексеруiне байланысты тексерулер жүргiзу мерзiмi ұзартылуы мүмкiн, бiрақ күнтiзбелiк отыз күннен аспайды, бұл туралы тексерудi ұзарту туралы қосымша актiмен ресiмделедi.
      6. Тексерудi жүзеге асырушы мемлекеттiк органның лауазымды адамының тексеру нәтижелерi бойынша тексерудiң нәтижесi туралы акт жасалады.
      7. Тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтар бойынша ғарыш қызметiнiң қатысушысы тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның басшысымен келiсiлген анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданатын шаралар туралы мерзiмiн көрсете отырып, қарсылықтар болмаған жағдайда үш күндiк мерзiмде ақпараттар ұсынуға мiндеттi.
      8. Тексеру нәтижесiнде анықталған кемшiлiктер жойылмаған жағдайда, ғарыш қызметiнiң қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.

      13-бап. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiндегi уақиғаны тергеу

      1. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде болған авариялар мен апаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергелуге жатады.
      2. Авариялар мен апаттар зардаптарының себептерiн тергеу және бағалау үшiн үкiмет комиссиясы құрылуы мүмкiн.

      14-бап. Ғарыш қызметi саласындағы мамандарды аттестаттау

      1. Ғарыш қызметi саласындағы мамандарды аттестаттау олардың атқарып отырған лауазымдары талаптарының кәсiптiк деңгейiне сәйкестiгiн анықтау мақсатында жүргiзiледi.
      2. Уәкiлеттi орган мамандарға тұрақты аттестаттау өткiзiлуге тиiстi ғарыш қызметi саласындағы мамандықтар мен лауазымдардың номенклатурасын, сондай-ақ мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша аттестаттауды өткiзу тәртiбiн айқындайды.

      15-бап. Қазақстан Республикасы ғарышкерiнiң құқықтық жағдайы

      1. Қазақстан Республикасының ғарышкерлерiн даярлауды мемлекет қаржыландырады.
      2. Қазақстан Республикасының ғарышкерлерiн даярлау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      3. Қазақстан Республикасы ғарышкерлерiнiң ғарышқа ұшуға дайындығы және оны орындауы тараптар мiндеттемелерi айқындалатын ғарыш қызметiнiң тиiстi қатысушысымен (ғарыштық ұшу жүзеге асырылған жағдайда ұшу-ғарыштық сынауларды және/немесе ғылыми зерттеулер мен эксперименттердi жүргiзетiн мемлекеттiк тапсырысшы) жасасылған келiсiм-шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының ғарышкерiнiң денсаулығына орбитаға шығуы кезiнде ғарыш айлағының старттық позициясында, ғарыштық ұшуды орындау немесе жерге оралуы кезеңiнде болған авариялар нәтижесiнде зиян келтiрiлген (қайтыс болған) жағдайда Қазақстан Республикасының ғарышкерiне (оның мұрагерiне) келiсiм-шартта белгiленген мөлшерде тиiстi бiржолғы ақшалай төлем төленедi.
      5. Қазақстан Республикасының ғарышкерiн зейнетақымен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      16-бап. Ғарыш қызметi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру

      1. Қазақстан Республикасы басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ғарыш қызметi саласында тең құқықты, өзара тиiмдi ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      2. Ғарыш қызметi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты уәкiлеттi орган және ғарыш қызметiне қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырады.

      17-бап. Ғарыш қызметi саласындағы заңнаманы бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының ғарыш қызметi саласындағы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      Қазақстан Республикасының
            Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады