"Қазақстан Республикасындағы лотереялар және лотерея қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 наурыздағы N 248 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      "Қазақстан Республикасындағы лотереялар және лотерея қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

       Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасындағы лотереялар және лотерея қызметі туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының, аумағындағы лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, лотереялар өткізудің мақсаттары мен тәртібін айқындайды, лотерея қызметін мемлекеттік реттеудің ұйымдастыру негіздерін белгілейді.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) жалпы кіріс - билеттің атаулы бағасы бойынша нақты түрдегі лотерея билеттерін сатудан алынған ақша қаражатының сомасы;
      2) заттай лотереялар - мүлік (ақшадан басқа) түрінде ұтысы бар және лотереяны өткізу ережелері мен шарттарына сәйкес ақшалай баламада тіркелген лотереялар;
      3) ұтыс - лотереяның барлық жүлде қорының немесе оның бөлігінің, сондай-ақ лотерея бойынша ұтып алынған және нақты қатысушының - ұтқан лотерея билеті иесінің меншігіне өтетін құндылықтың лотерея билетіне түсу фактісі;
      4) ақшалай-заттай лотереялар - ақша, мүлік (ақшадан басқа) түрінде ұтысы бар және лотереяны өткізу ережелері мен шарттарына сәйкес ақшалай баламада тіркелген лотереялар;
      5) ақшалай лотереялар - ақшадан құралған жүлделік қоры бар лотереялар;
      6) лотерея қызметі - Ұлттық лотерея операторының лотереяны
ұйымдастыруы мен өткізуі жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      7) лотерея билеті - лотерея өткізу ережелері мен шарттарының
талаптарына (оның ішінде қорғау шараларына) сәйкес келетін, лотереядағы өткізу ережелері мен шарттарының талаптарына сәйкес келетін лотереяның жүлделік қоры тиражына қатысуға құқық беретін құжат;
      8) лотерея жабдығы - лотереяны ұйымдастыру мен өткізу үшін қажетті мамандандырылған техника жүйесі, оның ішінде лотерея билеттері туралы әртүрлі ақпаратты тіркеуге арналған электрондық терминалдар мен компьютерлер, лотерея таралымдарын өткізуге арналған компьютерлік техника мен жабдық;
      9) лотерея - топтық немесе бұқаралық ойын, оның барысында лотереяға қатысушылар - лотереялар билеттері иелерінің арасында лотерея жүлде қорының таралымы өткізіледі, бұл ретте лотерея билеттерінің қандай да болмасын біреуіне ұтыстың түсуі таралымға қатысатын тұлғалардың еркі мен әрекетіне тәуелді болмайды, тек кездейсоқтық іс болып табылады және ешкімнің арнайы ұйымдастыруы мүмкін емес;
      10) Ұлттық лотерея операторы - дауыс беруші акцияларының елу бір пайызы мемлекетке тиесілі және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында лотереяларды ұйымдастыру мен өткізу бойынша айрықша құқықты иеленетін акционерлік қоғам;
      11) лотереяларды өткізу ережесі мен шарттары - осы Заңның талаптарына сәйкес   келетін жекелеген лотереяның ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі нұсқаулы-әдістемелік материал;
      12) лотереяның жүлде қоры - сатылған лотерея билеттерінің есебінен қалыптастырылатын, лотереяға қатысушылар арасында лотереяны өткізу ережесі мен шарттары бойынша таралымды өткізу арқылы бөлінетін ақша жиынтығы;
      13) таралым - оның барысында лотерея жабдығын пайдалана отырып, ұтыстарды кездейсоқ айқындау қағидаты негізінде лотерея билетіне ұтыстың түсу немесе түспеу фактісі белгіленетін, лотереяны өткізу ережесінде және шарттарында белгіленген мерзімде өткізілетін лотерея рәсімі, оның нәтижелері бойынша ұтқан лотерея билеттері және төленуге, берілуге немесе ұсынылуға жататын ұтыстар анықталады;
      14) уәкілетті орган - лотерея қызметі саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      15) лотереяға қатысушы - лотерея билетіне ие жеке немесе заңды тұлға.

      2-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ереже белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережесі қолданылады.
      3. Осы Заң жарнама мақсатында өткізілетін ұтыс ойындарын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі қызметке қолданылмайды.

      3-бап. Лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар

      Лотерея қызметі саласындағы негізгі қағидаттар мыналар болып табылады:
      1) лотереяларға қатысушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;
      2) лотереяны өткізудің объективті нәтижесін қамтамасыз ету.

      4-бап. Лотереяның түрлері

      Ұтыс түріне қарай лотерея ақшалай, заттай және ақшалай-заттай болып бөлінеді.

      5-бап. Уәкілетті орган

      Уәкілетті орган:
      1) Қазақстан Республикасында лотерея қызметін жүзеге асыруға бақылауды жүзеге асырады;
      2) лотереяны өткізудің ережесі мен шарттарын келіседі;
      3) азаматтық заңнамаға сәйкес тендер арқылы ұйымды - Ұлттық лотерея операторының ортақ құрылтайшысын анықтайды және тендерге қатысатын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды;

      6-бап. Лотерея қызметінің жүзеге   асырылу саласындағы бақылау

      1.   Лотерея қызметінің жүзеге асырылуын бақылау Ұлттық лотерея
операторының қызметін Қазақстан Республикасының лотерея қызметі туралы заңнаманың сақталуын тексеру түрінде жүзеге асырылады.
      2. Тексерулерді бастамашылық тәртіппен не жеке және заңды
тұлғалардың өтініштері бойынша уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Мынадай деректемелерді:
      1) бұйрықтың уәкілетті органда тіркелген күні мен нөмірін;
      2) Ұлттық лотерея операторының толық атауын;
      3) тексеретін тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын, лауазымын;
      4) тексеру жүргізудің мерзімі мен мақсаттарын қамтитын уәкілетті органның бұйрығы тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
      3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, тексеру жүргізу мерзімі бұйрық табыс етілген сәттен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен аспауы тиіс. Ерекше күрделі мәселелерді тексеру кезінде тексеру жүргізу мерзімін уәкілетті орган 50 (елу) жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.
      4. Ұлттық лотерея операторының қызметін тексеруді уәкілетті орган көп дегенде жылына 1 (бір) рет жүргізеді.
      5. Лотерея жабдығы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу
туралы және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамаларына сәйкес бақылануға тиіс.

      7-бап. Ұлттық лотерея оператордың құрылтайшылары мен жарғылық капиталы

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі тұлғасында мемлекет және
уәкілетті орган тендер негізінде айқындайтын ұйым ұлттық оператордың
құрылтайшылары болып табылады.
      2. Ұлттық оператордың жарғылық капиталы акционерлік қоғам
құрылтайшыларының   акцияларды алдын ала төлеу жолымен қалыптастырылады.
      3. Жарғылық капиталды қалыптастыру кезінде мемлекет Ұлттық лотерея операторының дауыс беруші акцияларының елу бір пайызын төлеу есебіне Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында лотереяны ұйымдастыру мен өткізу бойынша айрықша құқықты енгізеді, оның құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

      8-бап. Ұлттық лотерея операторы

      1. Ұлттық лотерея операторы заңды тұлғаның фирмалық атауында "лото" немесе "лотерея" деген сөздерді міндетті түрде пайдалана отырып, өз қызметін Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.
      2. Ұлттық лотерея операторы Қазақстан Республикасының барлық аумағында облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың деңгейінде филиалдар құрады.
      3. Ұлттық лотерея операторының лотерея қызметінен өзге кәсіпкерлік жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      4. Лотереяны ұйымдастырушы осы Заңның талаптарына сәйкес әрекет етеді және мыналарды:
      1) лотереяны өткізу ережесі мен шарттарын уәкілетті органмен келісуге ұсынуға;
      2) лотерея өткізудің уәкілетті органмен келісілген ережесі мен шарттарын сақтауға;
      3) лотереяны өткізу сәтіне көлемін өзі дербес анықтайтын жүлде қорын қалыптастыруға. Бұл ретте лотереяның жүлде қоры лотереяның нақты түрі бойынша жалпы кірісінің 50 (елу) пайызынан кем болмауы тиіс;
      4) ұтыстарды уақтылы төлеу немесе беру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ лотереяның нақты түрі үшін айқындалған лотереяны өткізудің ережесі мен шарттарына сәйкес ұтқан лотереяға қатысушыға ұтыстарды төлеуге міндетті.

      9-бап. Лотереяны өткізу ережесі мен шарттары

      Лотереяны еткізу ережесі мен шарттары мыналарды:
      1) лотереяға қатысушыларды лотереяға қатысудың негізгі ережесі туралы хабардар ету тәртібін;
      2) шығарылатын лотерея билеттеріне, оның ішінде сақтандыруға
қойылатын талаптарды;
      3) таралымды өткізу тәртібін және оны өткізудің нақты күнін белгілейді;
      4) жүлде қорын, сондай-ақ заттай немесе ақшалай-заттай лотереялар бойынша мүлік (ақшадан басқа) түріндегі ұтыстарды қалыптастыру және бөлу тәртібін;
      5) ұтыстардың берілу мерзімін көрсете отырып, оларды алу тәртібін;
      6) сатуға шығарылатын билеттерді есепке алу тәртібін;
      7) таралым комиссиясын қалыптастыру, сондай-ақ оның дербес құрамын бекіту тәртібін белгілейді.

      10-бап. Таралымды өткізу тәртібі

      1. Таралымды өткізу лотереяны өткізудің ережесіне және шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Таралымды өткізу кезінде таралымға қатысатын лотерея билеттерін айқындау, таралым нәтижелерін, лотерея билеттері бойынша ұтыстарды айқындау үшін Ұлттық лотерея операторы лотереяны өткізу ережесіне және шарттарына сәйкес таралым комиссиясын құрады.
      3. Таралым комиссиясының құрамына Ұлттық лотерея операторының
өкілдері үштен бірі мөлшерінде және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері үштен екі мөлшерінде енгізіледі. Таралым комиссиясының құрамын Ұлттық лотерея операторы бекітеді.
      4. Таралым комиссиясы таралым өткізілген күні таралымның нәтижелерін және лотерея билеттері бойынша ұтыстарды тіркейді.
      5. Теледидардан лотереяның өткізілуін көрсеткен кезде Ұлттық лотерея операторы ұтыстарды айқындау рәсімдерін көрсете отырып, таралымның тікелей эфирде көрсетілуін қамтамасыз етеді.
      6. Таралым комиссиясы таралымға қатысатын лотерея билеттерін
анықтағаннан кейін ғана таралымды өткізуге болады.
      7. Таралым комиссиясы таралымға қатысатын лотерея таралымының нәтижелерін және лотерея билеттері бойынша ұтыстарды тіркеген күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күннен кешіктірмей Ұлттық лотерея операторы бұқаралық ақпарат құралдарында бұл туралы хабардар етуге міндетті.

       11-бап. Лотерея жүлде қорын қалыптастыру

      1. Лотереяның жүлде қоры лотереяларды өткізу ережесіне және
шарттарына сәйкес қалыптастырылады.
      2. Лотереяның жүлде қорын Ұлттық лотерея операторы лотереяға
қатысушыларға ұтыстарды төлеуден немесе беруден басқа мақсаттарға
пайдаланбайды.
      3. Лотерея жүлде қоры заттай және ақшалай-заттай лотереялар бойынша ұтыстарды қалыптастыру үшін мүлікті (ақшадан басқа) сатып алуға бағытталуы мүмкін.
      4. Заттай, ақшалай-заттай лотереялар бойынша ұтыстарды қалыптастыру үшін   лотереялардың жүлде қорын қалыптастыру немесе мүлікті (ақшадан басқа) сатып алу таралымды өткізу басталған сәттен тоқтатылады.
      5. Лотерея жүлде қорын толық көлемде жинақтағанға дейін таралымды өткізуге немесе қарыз қаражаты есебінен лотерея жүлде қорын қалыптастыруға тыйым салынады.

       12-бап. Лотерея жүлде қорын бөлу

      1. Лотерея жүлде қорының қаражаты бірнеше таралымның ішінде лотерея жүлде   қоры жинақтап қалыптастыру қағидатын пайдаланатын лотереяларды (джек-пот) қоспағанда, ол жатқызылатын таралымның шеңберінде толығымен ойнатылуы тиіс.
      2. Әр түрлі таралымның лотерея жүлде қорын сақтау бөлек жүргізіледі.
      3. Ақшалай емес нысанда талап етілмеген ұтыстар Ұлттық лотерея операторында не осы Заңның 13-бабында көзделген төлеу мерзімі өткенге дейін осы мақсаттар үшін шарттық негізде арнайы тартылған заңды тұлғада сақталады.
      4. Мерзім өткеннен кейін талап етілмеген ұтыстар мемлекеттің меншігіне өтеді.

       13-бап. Ұтыстарды төлеу тәртібі

      1. Лотерея билеттері бойынша ұтыстарды төлеу лотереяны өткізу ережесіне және шарттарына сәйкес жүргізіледі, бірақ кезекті таралымды өткізгеннен кейін 10 күнтізбелік күн мерзімнен кешіктірілмей басталуы тиіс.
      2. Ұтыс билеттері таралым нәтижелері жарияланған күннен бастап 3 (үш) айдың ішінде төлеуге қабылданады. Осы мерзім өткеннен кейін талап етілмеген ұтыстар бойынша кінәраттар қаралмайды.

      14-бап. Лотерея жүлде қорына қол сұқпау

      1. Лотерея өткізу ережесі мен шарттарында мәлімделетін және лотереяға қатысушылар қаражатының бөлінбеген бөлігін білдіретін лотереяның жүлде қоры Ұлттық лотерея операторының активі болып табылмайды және ол лотереяға қатысушыларға ұтыстарды төлеуден немесе беруден басқа ешқандай басқа мақсаттарға пайдаланбайды.
      2. Лотерея жүлде қоры Ұлттық лотерея операторының меншігі болып табылмайды және оған оның міндеттемелері бойынша өндіріп алуды қолдануға болмайды.
      3. Лотерея жүлде қорын ақша түрінде сақтауды шарттық негізде екінші деңгейдегі банктер жүзеге асырады.
      Ақшалай түрдегі лотерея жүлде қоры кем дегенде 3 (үш) екінші деңгейдегі банкке орналастырылады. Екінші деңгейдегі банктердің әрқайсысында сақталатын ақшаның сомасы жүлде қоры мөлшерінің 35 (отыз бес) пайызынан аспауға тиіс.
      4. Лотерея өткізу ережесі мен шарттарында мәлімделетін ақшалай емес нысандағы заттай ұтыстар Ұлттық лотерея операторында немесе осы мақсаттар үшін шарттық негізде арнайы тартылған сенім білдірілген заңды тұлғада сақталады және ұтыс билеттері бойынша лотереяға қатысушыларға ғана беріледі.

      15-бап. Лотереяларға қатысушылар құқықтарының кепілдігі

      1. Лотерея билетін сатып алу азаматтық-құқықтық міндеттеменің негізі болады, оған сәйкес лотереяға қатысушы Ұлттық лотерея операторынан:
      1) лотерея еткізу ережесі мен шарттарының сақталуын;
      2) осы билетке түскен ұтысты төлеуді;
      3) лотерея өткізу ережесіне және шарттарына сәйкес лотерея туралы ақпарат алуды талап етуге құқылы.
      2. Лотереяға қатысушы лотерея өткізу ережесінің және шарттарының бұзылу жағдайларына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

      16-бап. Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасының бұзғаны үшін жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      17-бап. Өтпелі және қорытынды ережелер

      1. Осы Заң 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап лотерея ұйымдастыру және өткізу (мемлекеттік (ұлттық) лотереядан басқа) қызметпен шұғылдану құқығына 2007 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген лицензиялардың күші тоқтатылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады