"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 сәуірдегі N 335 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"

      1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., N 22, 406-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; N 12, 85-құжат; N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 11-12, 66-құжат; 2005 ж., N 14, 55,58-құжаттар; N»23, 104-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 4, 25-құжат; N 8, 45-құжат, N 13, 85 құжат; N 16,99-құжат; 2007 ж., N 4,28 құжат, 33-құжат):
      1) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      актуарий - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қажетті төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығы деңгейін қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерінің, сақтандыру сыйлықақысы ставкаларының экономикалық-математикалық есептеулерін жүргізуге байланысты қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жүргізіп жатқан және жүргізуді жоспарлап отырған сақтандыру түрлерінің пайдалылығы мен кірістілігін бағалауды жүргізетін уәкілетті органның лицензиясы бар жеке тұлға;
      ассистанс - сақтандыру ұйымдарының, заңды тұлғалардың сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) саяхатта не тұрғылықты жерінен алыс болған уақытында қиын жағдайға душар болғанда сақтандыру жағдайының басталуы салдарынан оған техникалық, медициналық жәрдемдесу арқылы ақшалай түрде және (немесе) табиғи-заттай нысанда көмек көрсетуі;
      бақылау - бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол:
      бір тұлға басқа тұлғаның дауыс беретін акцияларының елу процентінен астамын дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін не басқа заңды тұлғаның акцияларының елу процентінен астамымен дербес дауыс беру мүмкіндігі болатын;
      бір заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаның директорлар кеңесі немесе басқармасы құрамының кемінде жартысын сайлау мүмкіндігі болатын;
      бір заңды тұлғаның қаржылық есептілігі аудиторлық есепке сәйкес басқа заңды тұлғаның қаржылық есептілігіне қосылатын;
      бір заңды тұлғаның шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда өзгеше түрде басқа заңды тұлғаның шешімдерін айқындау мүмкіндігі болатын жағдайлардың бірі болған кезде туындайды;
      бас ұйым - басқа заңды тұлғаға бақылау жасайтын заңды тұлға;
      еншілес ұйым - өзіне қатысты басқа заңды тұлға бақылау жасайтын заңды тұлға;
      жарғылық капиталға қатысу үлестерін ірі жанама иелену не заңды тұлғаның акцияларын иелену (дауыс беру) - заңды тұлғаның, заңды тұлғаның ірі қатысушысының немесе басқа заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену (дауыс беру) арқылы бірлесіп заңды тұлғаның ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін анықтау мүмкіндігі;
      заңды тұлғаның ірі қатысушысы - заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының он немесе одан астам процентін тікелей немесе жанама иеленетін жеке немесе заңды тұлға (мемлекет, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық холдинг немесе ұлттық басқарушы компания осындай иелік етуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда);
      капиталға қомақты қатысу - дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма және одан да көп процентін тікелей немесе жанама, дербес немесе бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп иелену не акциялардың жиырма және одан да көп процентімен дауыс беру мүмкіндігінің болуы;
      қайта сақтандыру - өздерінің арасында жасасқан қайта сақтандыру шартына сәйкес бір жағынан қайта сақтанушының сақтандыру тәуекелдерінің бәрін немесе бір бөлігін қайта сақтандыруға беруіне және екінші жағынан осы тәуекелдерді қайта сақтандыру ұйымының қабылдауына байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;
      қайта сақтандыру ұйымы (қайта сақтандырушы) - уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде қайта сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      қайта сақтандырушы (цедент) - өзі қабылдаған сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға беруді жүзеге асыратын сақтандыру немесе қайта сақтандыру ұйымы;
      мінсіз іскерлік бедел - кәсіпқойлықты, адалдықты, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстары немесе орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы жоқ екенін растайтын фактілердің болуы;
      ортақ сақтандыру - бірнеше сақтандыру ұйымдарымен бір мезгілде сақтандыру шарты бойынша сақтандыру тәуекелдерін қабылдап, олардың жауапкершілігін өздерінің арасында жасалған ортақ сақтандыру шартына сәйкес бөлуге байланысты туындайтын қызмет және соған байланысты қатынастар;
      өздігінен ұстап қалу - жауаптылық көлемінің бір бөлігі, соның шегінде сақтандырушы немесе цедент сақтандыру немесе қайта сақтандыру шартына сәйкес өз есебіне жауапты болады;
      пруденциялық нормативтер - уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтауы үшін міндетті нормативтер;
      сақтандыру агенті - берілген өкілеттігіне сәйкес бір немесе бірнеше сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      сақтандыру брокері - сақтанушының тапсыруымен сақтандырушымен сақтандыру шарттарын жасасуға және орындауға байланысты қатынастарда сақтанушыны білдіретін немесе өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты қызмет көрсету жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ сақтандыру және қайта сақтандыру мәселелері бойынша консультациялық қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      сақтандыру ережелері - сақтандыру ұйымының белгілі бір сақтандыру түрі бойынша сақтандыруды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын құжаты;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын жанама иелену (олармен дауыс беру) - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының немесе заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бірлескен ірі қатысушысы болып табылатын тұлғалардың шешімдерін айқындау мүмкіндігі;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы - уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының он немесе одан да көп процентін тікелей немесе жанама иелене алатын (мемлекет немесе ұлттық басқарушы компания осындай иелік етуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда) немесе:
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акцияларының он немесе одан да көп процентімен тікелей немесе жанама дауыс беру;
      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге шартқа орай не уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен өзгеше түрде ықпал ету мүмкіндігіне ие жеке тұлға немесе заңды тұлға мемлекет, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ұлттық холдинг немесе ұлттық басқарушы компания, сонымен қатар осы Заңда қарастырылған жағдайларда осындай иелік етуші болып табылатын жағдайларды қоспағанда);
      сақтандыру қызметінің субъектілері - сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары;
      сақтандыру портфелі - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының, сондай-ақ олар бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) жиынтығы;
      сақтандыру резервтері - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша актуарий есептеулері негізінде бағаланатын міндеттемелері;
      сақтандыру рыногының кәсіби қатысушылары - өз қызметін уәкілетті органның тиісті лицензиялары негізінде жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, сақтандыру брокері, актуарий;
      сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) - сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау қызметін уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес лицензиясыз жүзеге асыратын заңды тұлға;
      сатып алу сомасы - жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылу мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде сақтанушының алуына құқығы бар ақша сомасы.";
      2) 21-баптың 2-тармағының екінші бөлігінде "басқарушы компанияны" деген сөздерден кейін»"не агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық холдингті" деген сөздермен толықтырылсын.
      2. "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының  Заңына  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 2, 12-құжат; N 15-16, 232-құжат, 2003 ж., N 19-20, 148-құжат; 2004 ж. ,N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 24,148-құжат):
      1) 1-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) агент - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, ұлттық холдинг жалғыз акционері болып табылатын, өз құзыреті шегінде мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі өкілеттікті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;";
      2) 5-баптың 7-1) тармақшасында»", сондай-ақ мемлекеттің осындай қорларға қатысу нысаны мен тәртібін" деген сөздер алынып тасталсын.
      2-бап. Осы Заң, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады