Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 маусымдағы N 531 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Серік Нығметұлы Ахметовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      теңдік пен өзара тиімділік қағидаттары негізінде екі мемлекет арасында теңіз көлігі саласындағы қатынастарды нығайтуға және дамытуға ниет білдіре отырып,
      1992 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Транспорт саласындағы өзара қарым-қатынас шарттары мен ынтымақтастықтың принциптері туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары:
      екі мемлекет арасында теңіз көлігі саласындағы қатынастарды реттеу және дамыту;
      кеме қатынасында тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету;
      тұтастай алғанда екі мемлекет арасындағы сауда және экономикалық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

  2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
      "құзыретті органдар":
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
      Ресей Федерациясында - Ресей Федерациясы Көлік министрлігі;
      "Тараптың кемесі" - Тарап мемлекетінің кеме тізілімінде тіркелген және осы мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кез келген кеме.
      Алайда бұл терминге мыналар кірмейді:
      коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын әскери кемелер мен басқа да мемлекеттік кемелер;
      гидрографиялық, океанографиялық және ғылыми зерттеулерге арналған кемелер;
      балық аулайтын кемелер;
      спорттық және серуендеуге арналған кемелер;
      "экипаж мүшесі" - рейс кезінде кеме бортында кемені пайдалануға немесе онда қызмет көрсетуге байланысты міндеттерді орындаумен нақты айналысатын және кеме рөліне енгізілген капитан және кез келген басқа тұлға.

  3-бап

      Тараптар, атап айтқанда, өзара консультациялар мен ақпарат алмасуды қоса алғанда, құзыретті органдардың арасындағы тиімді іскерлік қатынастарға қолдау көрсетеді және дамытады. Тараптар, сондай-ақ екі мемлекеттің де кеме қатынасы және кеме қатынасымен байланысты ұйымдарының арасындағы байланыстардың дамуын көтермелейді.
      Жоғарыда баяндалғандарға сәйкес Тараптар мынадай бағыттар:
      екі мемлекеттің де теңіз флотының және порттарының толық әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;
      кемелердің, экипаж мүшелерінің, жүктердің және жолаушылардың қауіпсіздігін қоса алғанда, теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      теңіздік ортаның қорғалуын күшейту;
      экономика, ғылым және теңіз көлігінің техникасы саласындағы байланыстарды кеңейту мен тәжірибе алмасу;
      сауда мақсатында теңізде жүзу мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдардың қызметіне және теңіз көлігі жөніндегі халықаралық шарттарға қатысуға қатысты пікір алмасу бойынша ынтымақтасады.

  4-бап

      Тараптар:
      а) Тараптар мемлекеттерінің порттары арасындағы теңіз арқылы тасымалдарға өз кемелерінің қатысуына ықпал етеді;
      б) өз мемлекеттерінің порттары арасында теңіз арқылы тасымалдарды дамытуға қиындық келтіретін кедергілерді жоюда ынтымақтасады;
      в) бір Тарап кемелерінің екінші Тарап мемлекетінің порттары мен үшінші мемлекеттердің порттары арасындағы теңіз арқылы тасымалдарға қатысуына кедергі жасамайды.

  5-бап

      Қазақстан Республикасы мен үшінші мемлекеттердің арасындағы сауда мақсатында теңізде жүзуді Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Ресей Федерациясының ішкі су жолдарымен өте отырып, Тараптардың кемелері жүзеге асыра алады.

  6-бап

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың кемелеріне порттарға еркін кіруге, жүктерді тиеу және түсіру үшін порттарды пайдалануға, жолаушыларды отырғызуға және түсіруге, порт алымдарын төлеуге, қарапайым коммерциялық операцияларды және теңізде жүзуге арналған қызметтерді пайдалануға қатысты халықаралық қатынастарда жұмыс істейтін өз кемелеріне ұсынатын жағдайларды ұсынады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелері:
      а) шетелдік кемелердің кіруі үшін ашық емес порттарға қатысты қолданылмайды; 
      б) Тараптардың әрқайсысы өз ұйымдары үшін резервке қоятын, атап айтқанда каботажды, сүйретіп тартуды, лоцмандық алып өтуді және құтқаруды қоса алғандағы қызметке қатысты қолданылмайды;
      в) бір Тарапты екінші Тараптың кемелеріне өз кемелеріне ұсынылатын міндетті лоцмандық алып өту туралы ережеден алып тастауды қолдануға міндеттемейді.

  7-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамасына және порттық ережелеріне сәйкес теңіз тасымалдарын жеңілдету және жылдамдату, кемелердің негізсіз кідіруін болдырмау, сондай-ақ порттардағы кедендік, шекаралық және өзге де қолданыстағы ресмиліліктерді жүзеге асыруды мүмкіндігінше жылдамдату мен оңайлату үшін тиісті шараларды қабылдайды.

  8-бап

      1. Тараптардың біреуі берген немесе мойындаған кемелердің ұлтын куәландыратын құжаттарды, өлшем куәліктерін және басқа да кеме құжаттарын екінші Тарап та мойындайды.
      2. 1969 жылғы Кемелерді өлшеу жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес берілген өлшем куәліктерімен жабдықталған Тараптардың әрқайсысының кемелері екінші Тарап мемлекетінің порттарында жаңадан өлшенуге жатпайды.

  9-бап

      1.   Тараптардың әрқайсысы екінші Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес берілген теңізшінің жеке куәлігін мойындайды.
      Осындай жеке куәліктер:
      "Қазақстан Республикасына қатысты - теңізшінің жеке куәлігі немесе Қазақстан Республикасы азаматының паспорты; 
      Ресей Федерациясына қатысты - теңізші паспорты немесе теңізшінің жеке куәлігі болып табылады.
      2. Кеме роліне енгізілген теңізшінің жеке куәлігінің иелеріне:
      а) кемелері екінші Тарап мемлекетінің портында болған кезеңде келген мемлекетінің заңнамасына сәйкес визасыз жағалауға шығуға және портты қалада уақытша болуға;
      б) екінші Тарап мемлекетінің порттарында осы Тарап мемлекетінің тиісті билік орындарының рұқсатымен олар экипаж мүшелері ретінде жұмысын аяқтаған соң өз кемесін тастап шығуға және экипаж мүшесі ретінде жұмысқа кірісуі немесе жаңа жұмыс орнына жетуі үшін сол немесе өзге портта өз Тарабы мемлекетінің кеме қатынасы ұйымдары пайдаланатын басқа кемеге ауысуға;
      в) пайдаланылатын көліктің түріне қарамастан, өз кемесіне жету, басқа кемеге ауысу, өз мемлекетіне оралу мақсатында немесе осы екінші Тараптың билік орындары мақұлдаған кез келген өзге мақсатта осы мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып, екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруге немесе сол арқылы транзитпен өтуге рұқсат етіледі.
      Жағалауға шыққан және тиісті Тарап мемлекетінің аумағында болған кезде теңізшінің жеке куәлігінің иелері осы портта қолданылатын шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінің ережелеріне бағынады.
      3. Осы баптың 1-тармағында аталған теңізшінің жеке куәлігі бар экипаж мүшесі науқастануына байланысты екінші Тарап мемлекетінің портында кемеден түскен жағдайда, осы Тарап мемлекетінің тиісті билік орындары оған осы Тарап мемлекетінің аумағында емделуге қажетті кезеңде болуға, не белгіленген өткізу пункттері арқылы осы Тарап мемлекетінің аумағынан шығуға рұқсат береді.
      4. Тараптардың әрқайсысы қажет емес деп санайтын кез келген тұлғаның өз мемлекетінің аумағына кіруіне рұқсат етпеу құқығын сақтап қалады.

  10-бап

      1. Егер Тараптардың бірінің кемесі екінші Тарап мемлекетінің
жағалауларында апатқа ұшыраса, қайырға отырса, жағаға шығып қалса немесе кез   келген өзге апатқа ұшыраса, соңғысы кемеге, экипаж мүшелеріне, жолаушыларға және жүкке мұндай жағдайларда өз кемелеріне көрсетілетіндей көмек береді және мүдделі Тараптың тиісті билік орындарына мүмкіндігінше жедел хабарлайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кемеден түсірілген немесе құтқарылған жүкке және заттарға олар екінші Тарап мемлекетінің аумағында пайдалануға немесе тұтынуға берілмейтін жағдайда кедендік баж салығы салынбайды.

  11-бап

      Осы Келісімнің ережелері Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  12-бап

       Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында екінші Тараптың кеме қатынасы ұйымдарының өкілдіктерін және кеме қатынасымен байланысты ұйымдарын құруға өз көмегін көрсетеді.
      Осындай өкілдіктердің қызметі болатын мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.

  13-бап

       Тараптардың құзыретті органдарының өкілдері осы Келісімнің орындалу барысын қарау және теңіз көлігінің өзара мүддені білдіретін кез келген басқа да мәселелерін талқылау үшін Тараптардың бірінің өтініші бойынша кезектесіп, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында ауық-ауық кездесе алады.

  14-бап

      Тараптар теңіз көлігі саласындағы Тараптардың мүдделерін қозғайтын қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер немесе жаңа нормативтік құқықтық актілер енгізу туралы ақпаратпен алмасады.

  15-бап

       Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген дау Тараптардың құзыретті органдары арасында тікелей келіссөздер жолымен реттеледі.
      Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау дипломатиялық арналар арқылы реттелетін болады.

  16-бап

       1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағанын растайтын соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап отыз күннен кейін күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі өзінің оның күшін тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлаған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
      ______ жылғы ___________ екі данада, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде жасалды әрі екі мәтіннің де бірдей күші бар.
      Түсіндіруде алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

       Қазақстан Республикасының    Ресей Федерациясының
         Үкіметі үшін                  Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады