Байланыс формасы

Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 тамыздағы N 721 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1182 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1182 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 15-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау ережесі бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу мен бекіту ережесі мен Мемлекеттік органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі салалық нормативтерді әзірлеу мен бекіту ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 11 қарашадағы N 1182 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 44, 560-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы 21 тамыздағы  
N 721 қаулысымен    
бекітілген       

Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 15-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 № 1115 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Ереже тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау тәртібін белгілейді.

2. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге қойылатын негізгі талаптар

      3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер мынадай талаптарға жауап беруі тиіс:
      1) өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының басымдығын белгілеу;
      2) қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келетін еңбек жағдайларына құқықтарын қамтамасыз ету;
      3) қызметкерлердің еңбек қызметі үдерісінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді қамту;
      4) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы бірыңғай талаптарды белгілеу;
      5) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қызметкерлер, лауазымды тұлғалар және ұйым басшысы арасындағы құқықтар мен міндеттердің аражігін ажырату;
      6) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің өкілдері арасында еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау саласындағы келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету;
      7) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамалық және басқа да жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге, оның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес болу.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 № 1115 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің мазмұны

      4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер қызметкерлердің еңбек қызметі үдерісінде олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастыру, техникалық, технологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық, медициналық және өзге де нормаларды, ережелерді, рәсімдер мен өлшемдерді белгілейді.
      5. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер:
      1) еңбек қауіпсіздігінің жалпы талаптарын;
      2) жұмыс басталар алдындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптарын;
      3) жұмыс уақытындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптарын;
      4) авариялық жағдайлардағы еңбек қауіпсіздігінің талаптарын;
      5) жұмыс аяғындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптарын;
      6) өндірістік (технологиялық) үдерістерге қойылатын талаптарды;
      7) өндірістік үй-жайларға қойылатын талаптарды;
      8) өндірістік алаңдарға (өндірістік үй-жайлардан тыс жерлерде атқарылатын үдерістер үшін) қойылатын талаптарды;
      9) бастапқы материалдарға, дайындамалар мен шала өнімдерге қойылатын талаптарды;
      10) өндірістік жабдықтарға қойылатын талаптарды;
      11) өндірістік жабдықтардың орналастырылуына және жұмыс орындарының ұйымдастырылуына қойылатын талаптарды;
      12) бастапқы материалдарды, дайындамаларды, шала өнімдерді, дайын өнімдер мен өндіріс қалдықтарын сақтау және тасымалдау тәсілдеріне қойылатын талаптарды;
      13) өндірісте жұмыс істейтіндердің еңбек ету және демалу режимін;
      14) қызметкерлерді кәсіптік іріктеуге және олардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге қойылатын талаптарды;
      15) өндірісте жұмыс істейтіндерді арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және басқа да жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды;
      16) қорғаныс құралдарын қолдануға қойылатын талаптарды;
      17) қызметкерлерді санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қамтуы тиіс.
      6. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық акт қосымша талаптарды қамтуы мүмкін.

4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту

      7. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар өздерінің құзыретіне сәйкес жүзеге асырады.
      8. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актіні әзірлейтін тиісті уәкілетті мемлекеттік орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды жұмыс тобының функциясын атқаратын өзінің бөлімшелерінің біріне тапсырады.
      Жұмыс тобының құрамына өздерінің тағайындауына қарай мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми мекемелердің өкілдері енгізілуі мүмкін.
      Мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауды өзіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тапсыруы немесе оны дайындауды шарттық негізде, оның ішінде конкурс бойынша мамандарға, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға немесе олардың ұжымдарына тапсыруы мүмкін.
      9. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша бекітеді.
      Нормативтік құқықтық актілер "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптары ескеріле отырып әзірленеді және қабылданады.
      10. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуге жатады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады