"Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1358 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба  

Қазақстан Республикасының Заңы

Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заң мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу - аккредиттеу жөніндегі органның өтінім берушінің белгілі бір салада сәйкестікті бағалау жұмыстарын орындау құзыретін ресми танитын рәсім;
      2) аккредиттеу аттестаты - аккредиттеу жөніндегі орган беретін, аккредиттеу субъектілерінің белгілі бір саласында сәйкестікті растау жұмыстарын орындау құзыретін куәландыратын құжат;
      3) аккредиттеу белгісі - аккредиттеу жөніндегі органның аккредиттеу субъектісіне оның аккредиттеу рәсімін өткені туралы үшінші тұлғаларға ақпарат беру үшін берілетін белгі;
      4) аккредиттеу жөніндегі орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және аккредиттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      5) аккредиттеу жүйесі - өз құзыреттері шегінде сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың жиынтығы;
      6) аккредиттеу өлшемдері - өтінім беруші аккредиттелу үшін және аккредиттеу субъектісі қанағаттандыруы тиіс талаптар жиынтығы;
      7) аккредиттеу материалдарына өзекті сипат беру - аккредиттеу субъектісінің құжаттарына аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеуді қажет етпейтін өзгерістер енгізу;
      8) аккредиттеу саласы - аккредиттеу қолданылатын сәйкестікті бағалаудың ресми танылған объектілері;
      9) аккредиттеу саласын кеңейту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін ұлғайту процесі;
      10) аккредиттеу саласын қысқарту - аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау объектілері тізбесін ұлғайту процесі;
      11) аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудитор - уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аттестатталған маман;
      12) аккредиттеу субъектілерінің тізілімі - аккредиттеу жөніндегі орган жүргізетін аккредиттеу субъектілерін есепке алудың бірыңғай жүйесі;
      13) аккредиттеу субъектісі - осы Заңда белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;
      14) инспекциялық тексеру - аккредиттеу субъектілерінің аккредиттеу шарттарын сақтауына аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын кезеңді тексеру;
      15) калибрлеу зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын калибрлеуге аккредиттелген заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;
      16) өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыру - өлшем құралдарының зерттеу нәтижелерін, метрологиялық сипаттамаларын салыстырулар;
      17) өтінім беруші - аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;
      18) салыстыру сынақтары - бірдей немесе ұқсас объектілерде екі немесе одан артық зертханаларда (орталықтардың) сынақтар жүргізу және нәтижелерін бағалау;
      19) салыстырып тексеру зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын салыстырып тексеруге аккредиттелген заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;
      20) сәйкестікті бағалау - өнімге, процеске, көрсетілетін қызметке, менеджмент жүйесіне, өлшем құралына, сынақ жабдығына қойылатын талаптардың орындалуын сәйкестікті растау, сынақтар, зерттеулер, өлшемдер, өлшем құралдарын салыстырып тексеру және калибрлеу арқылы дәлелдеу;
      21) сәйкестікті бағалау объектілері - сәйкестікті растауға, зерттеуге, сынауға, өлшемге, салыстырып тексеруге, калибрлеуге, жататын өнім, процесстер, көрсетілетін қызмет, менеджмент жүйелері, өлшем құралдары, сынақ жабдығы;
      22) сәйкестікті растау жөніндегі органдар - сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге аккредиттелген заңды тұлғалар;
      23) сынақ зертханасы (орталығы) - зерттеулер, сынақтар жүргізуге аккредиттелген заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;
      24) техникалық сарапшы - сәйкестігі бағаланатын объектіге қатысты арнаулы білімі немесе тәжірибесі бар жеке тұлға;
      25) уәкілетті орган - техникалық реттеу саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-бап. Қазақстан Республикасының сәйкестікті
бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификацияланған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң сәйкестікті растау жөніндегі органдарды, сынақ, салыстырып тексеру және калибрлеу зертханаларын (орталықтарын) аккредиттеу жөніндегі қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ олармен байланысты сәйкестікті бағалау саласындағы өзге де қатынастарды реттейді.

4-бап. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары
мен принциптері

      1. Аккредиттеудің негізгі мақсаттары:
      1) өнімнің, процестердің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасы мәселелерінде тұтынушылар мүдделерін қорғау;
      2) отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      3) сәйкестікті бағалаудың сапасы мен дәйектілігін арттыру;
      4) саудадағы техникалық кедергілерді жою;
      5) отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуына және Қазақстан Республикасының аккредиттеу субъектілерінің жұмыс нәтижелерін халықаралық ұйымдардың және шет елдердің тануына жағдайлар туғызу болып табылады.
      2. Аккредиттеудің принциптері:
      1) еріктілік;
      2) рәсімдер, аккредиттеу шарттары туралы ақпаратқа қол жетімділік;
      3) сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу жөніндегі қызметтің ашықтығы;
      4) кемсітушілікке жол бермеу;
      5) құзыреттілік;
      6) аккредиттеу жүйесінің бірлігі мен тұтастығы;
      7) тәуелсіздік;
      8) аккредиттеу жөніндегі қызметті сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметпен қоса атқаруға жол бермеу;
      9) аккредиттеуді жүзеге асыру кезінде халықаралық және өңірлік ұйымдардың стандарттарын пайдаланудың басымдығы болып табылады.

5-бап. Аккредиттеу өлшемдері

      Аккредиттеу өтінім берушілері мен субъектілері мынадай өлшемдерге жауап беруі тиіс:
      1) заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі мәртебесінің болуы;
      2) аккредиттеудің мәлімделген саласында сәйкестікті бағалау жөнінде жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін білікті штаттық персоналдың болуы;
      3) сәйкестікті бағалау жөнінде жұмыстарды орындау үшін соған сәйкес олар аккредиттелетін (аккредиттелген) нормативтік құжаттарға сай қажетті үй-жайдың, соған сәйкес жабдықтың және өзге де материалдық ресурстардың болуы;
      4) соған сәйкес олар аккредиттелетін (аккредиттелген) нормативтік құжаттардың өзге де талаптарына жауап беруі.

6-бап. Аккредиттеу жүйесі

      1. Аккредиттеу жүйесі:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметін;
      2) уәкілетті органды;
      3) аккредиттеу жөніндегі органды;
      4) аккредиттеу субъектілерін;
      5) аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудиторларды, техникалық сарапшыларды қамтиды.
      2. Аккредиттеу жүйесі аккредиттеу саласындағы бірыңғай саясаттың жүргізілуін, аккредиттеудің бірыңғай ережелері мен рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне мыналар жатады:
      1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
      2) аккредиттеу жөніндегі органды айқындау;
      3) Аккредиттеу жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін консультациялық - кеңесші органын құру.

8-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
      1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді, бекітеді;
      3) аккредиттеу жөніндегі органды айқындау немесе осы мәртебеден айыру жөнінде ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
      4) сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      5) аккредиттеу жөнінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

9-бап. Аккредиттеу жөніндегі орган

       1.   Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған  және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан заңды тұлға аккредиттеу жөніндегі орган болып айқындалады.
      2. Аккредиттеу жөніндегі орган:
      1) мыналарға:
      өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторларды, техникалық сарапшыларды және басқа да мамандарды аккредиттеу жөніндегі жұмыстарға қатысуына тартуға;
      аккредиттеу жөніндегі халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес және аккредиттеу жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысуға құқылы;
      2) мыналарға:
      аккредиттеу аттестатының, аккредиттеу аттестатына қосымшалардың, аккредиттеу белгісінің нысандарын белгілеуге;
      аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге;
      аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәліметтердің жария болуына жол бермеуге;
      аккредиттеу субъектілерінің тізілімін жүргізуге және оның ресми жариялануын ұйымдастыруға;
      аккредиттеу субъектілерінің шағымдарын қарауға және олар бойынша шешім қабылдауға міндетті.
      3. Аккредиттеу жөніндегі орган заңды тұлғалармен шарт талабында:
      1) мыналарға:
      шарттың тиісінше орындалуын талап етуге;
      салыстыру сынақтары, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыруды ұйымдастыруға;
      инспекциялық тексеру жүргізуге құқылы;
      2) мыналарға:
      аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, аккредиттеу материалдарына өзекті сипат беру туралы өтінімді қарастыруға;
      аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтата тұруға, қайта бастауға және осы Заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіпте аккредиттеу аттестатын жою туралы өтініммен сотқа жүгінуге міндетті.
      4. Аккредиттеу материалдарын қарау және олар бойынша шешім қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі орган басшысы аккредиттеу материалдарын қарау жөнінде тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрады. Комиссия шешімі ұсынымдық сипатта болады.
      Комиссияның сандық құрамы тақ болуы, кемінде үш адамнан тұруы  және кемінде аккредиттеу жөніндегі бір сарапшы-аудиторды қамтуы тиіс.

10-бап. Аккредиттеу субъектілері

      1. Аккредиттеу субъектілеріне:
      сәйкестікті растау жөніндегі органдар;
      сынақ, салыстырып тексеру және калибрлеу зертханалары (орталықтары) жатады.
      2. Аккредиттеу субъектілерінің сәйкестігін бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының барлық аумағында танылады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, олардың қызмет нәтижелерін тану үшін осы Заңға сәйкес аккредиттеуге жатады.
      4. Аккредиттеу субъектілері:
      1) аккредиттеу саласын кеңейтуге және қысқартуға;
      2) аккредиттеу белгісін пайдалануға;
      3) аккредиттеу жөніндегі органға аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтата түру, қайта бастау және тоқтату туралы өтінішпен жүгінуге;
      4) аккредиттеу жөніндегі органға оның қызметкерлерінің іс-
қимылына шағымдануға;
      5) аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған жағдайда сотқа жүгінуге құқылы.
      5. Аккредиттеу субъектілері:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын және оларға сәйкес аккредиттелген нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға;
      2) аккредиттеу саласы шегінде жұмыстарды жүзеге асыруға;
      3) аккредиттеу жөніндегі органға бекітілген аккредиттеу саласындағы қызметін тоқтату немесе алда болатын жойылу туралы хабарлауға;
      4) инспекциялық салыстырып тексеруді жүзеге асыратын тұлғаларға үй-жайға, жабдыққа, ақпаратқа қол жеткізілуін қамтамасыз ету және оларға өзге де қажетті ынтымақтастық көрсету;
      5) салыстыру сынақтары, салыстырып тексеру және калибрлеу нәтижелерін салғастыруға қатысу;
      6) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған, жойылған немесе одан айырған жағдайда өз құжаттарында және жарнамада аккредиттеуге сілтеме жасауды тоқтатуға міндетті.

11-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар

      1. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар өнім (көрсетілетін қызмет) өндірушілерден (орындаушылардан), жеткізушілерден және өнімді (көрсетілетін қызмет) тұтынушылардан тәуелсіз болуы тиіс.
      2. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар филиалдарға олардың құрамында уәкілетті органы бекітетін Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу ережесіне (бұдан әрі - Аккредиттеу ережесі) сәйкес аккредиттеледі.
      3. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар сәйкестікті бағалау процесінің алаламаушылығы мен объективтілігіне әсер ететін консультациялық қызмет көрсетуге құқығы жоқ.

12-бап. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу
зертханалары (орталықтары)

      1. Сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханалары (орталықтары) өз қызметін техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.
      2. Салыстырып тексеру зертханалары (орталықтары) өнім (көрсетілетін қызмет) өндірушілерден (орындаушылардан), жеткізушілерден және өнімді (көрсетілетін қызметті) тұтынушылардан тәуелсіз болуы керек.

13-бап. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі,
өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы
сарапшы-аудиторлар мен техникалық сарапшылар

      1. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудиторлар мен техникалық сарапшылар осы Заңға сәйкес сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысады.
      2. Аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы сарапшы-аудиторлар мен техникалық сарапшылар өз қызметін еңбек және азаматтық-құқықтық шарттардың негізінде жүзеге асырады.

14-бап. Аккредиттеу белгісі

      1. Аккредиттеу белгісі мүдделі тұлғаларға заңды тұлғаның аккредиттеу рәсімінен өткені туралы ақпаратты беру үшін пайдаланылады.
      2. Аккредиттеу субъектісіне берілетін аккредиттеу белгісінде берілген аккредиттеу аттестатының нөмірі болуы тиіс.
      3. Аккредиттеу белгісін пайдалану тәртібі Аккредиттеу ережесімен айқындалады.

15-бап. Аккредиттеу кезеңдері

      1. Аккредиттеу мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:
      1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;
      2) аккредиттеу жөніндегі жұмыстар жүргізуге арналған шартты жасау;
      3) ұсынылған құжаттарды сараптау;
      4) өтінім берушіні орналасқан жері бойынша тексеру;
      5) аккредиттеу не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;
      6) аккредиттеу саласын бекіту және аккредиттеу аттестатын беру не шартты бұзу.
      2. Аккредиттеу үшін қажетті құжаттар тізбесі мен аккредиттеу кезеңдерінің жүргізілу тәртібі Аккредиттеу ережесімен айқындалады.

16-бап. Аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды
жүргізуге арналған шарт

      1. Аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған шарт аккредиттеу жөніндегі орган мен өтінім беруші арасында жазбаша нысанда жасалады, кемінде екі данада жасақталып, оған тараптар қол қояды.
      2. Аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған бірүлгі шартты уәкілетті орган бекітеді.
      Аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған шарттың елеулі талаптары:
      1) шарттың мәні;
      2) жұмыстардың құны;
      3) жұмыстарды жүргізу мерзімі;
      4) инспекциялық тексеру жүргізу тәртібі мен мерзімдері;
      5) тараптардың жауапкершілігі.
      3. Аккредиттеу жөнінде жұмыстарды жүргізуге арналған шартты тоқтату үшін:
      1) шарт қолданысы мерзімінің аяқталуы;
      2) заңды тұлғаның таратылуы;
      3) аккредиттеу аттестатының жойылуы;
      4) аккредиттеу аттестатынан айыру негіз болып табылады.
      4. Аккредиттеу жөнінде жұмыстарды жүргізуге арналған шартты бұзу үшін:
      1) аккредиттеу субъектісінің шартты бұзу туралы өтініші;
      2) шарт талаптарын орындамау немесе тиісінше орындамау;
      3) сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті тоқтата тұру туралы аккредиттеу жөніндегі органның талаптарын орындамау не тоқтата түру үшін негіз болған сәйкессіздіктерді жоймау;
      4) Аккредиттеу ережесінде көзделген өзге де жағдайлар негіз болады.

17-бап. Аккредиттеу не аккредиттеуден бас тарту
туралы шешім қабылдау

      Аккредиттеу не аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді аккредиттеу жөніндегі комиссия шешімінің негізінде аккредиттеу жөніндегі орган басшысы қабылдайды.

18-бап. Аккредиттеу аттестаты

      1. Аккредиттеу жөніндегі орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және қолданылу мерзімі үш жыл.
      2. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссия аккредиттеу туралы шешімдерді қабылдаған сәттен бастап есептеледі.
      3. Аккредиттеу жөніндегі орган бекіткен аккредиттеу саласы аккредиттеу аттестатына міндетті қосымша болып табылады.
      4. Аккредиттеу аттестаты аккредиттеу субъектілерінің тізілімінде тіркелуі тиіс.
      5. Аккредиттеу аттестатында:
      1) аккредиттеу субъектісінің атауы, ұйымдастыру-құқықтық нысаны, орналасқан орны;
      2) аккредиттеу субъектісі оған сәйкес аккредиттелген нормативтік құжат;
      3) аккредиттеу аттестатының тіркеу нөмірі;
      4) аккредиттеу аттестатының аккредиттеу субъектілерінің тізімінде тіркелген күні;
      5) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі;
      6) аккредиттеу аттестаты қосымшасының бет саны көрсетіледі.
      6. Аккредиттеу аттестатының бланкі қатаң есептілік құжаты болып табылады, қорғанышы мен нөмірі болады.
      7. Аккредиттеу аттестаты жалғыз данада беріледі, аккредиттеу аттестатын бөгде заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      8. Жоғалған, бүлінген аккредиттеу аттестаттары, аккредиттеу аттестатына қосымшалар аккредиттеу субъектісі жазбаша өтініш (аккредиттеу аттестатының оларға қосымшалардың жоғалған, бүлінген фактісін растайтын қосымша құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
      Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатының төлнұсқасын, аккредиттеу аттестатына қосымшаны беруді жүргізеді.

       19-бап. Аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу

      1. Аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеуге:
      1) аккредиттеу субъектісін қайта ұйымдастыру;
      2) аккредиттеу субъектісінің мекен-жайының өзгеруі;
      3) аккредиттеу субъектісінің атауының өзгеруі;
      4) аккредиттеу саласының нақты кеңеюі немесе қысқаруы негіз болады.
      2. Аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу Аккредиттеу ережесіне сәйкес жүргізіледі.
      3. Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі қайта рәсімдеген кезде үзілмейді.

       20-бап. Аккредиттеу материалдарына өзекті сипат беру

      1. Аккредиттеу материалдарына өзекті сипат беру:
      1) сәйкестікті бағалау және аккредиттеу саласына ескінің орнына жаңа нормативтік құжат енгізген;
      2) сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын мамандар құрамы өзгерген;
      3) өлшем құралдары мен сынақ жабдығын ауыстырған жағдайда осы Заңның 19-бабының 1-тармағында көзделген негіздер болмаған кезде жүзеге асырылады.
      2. Аккредиттеу материалдарына өзекті сипат беру тәртібі Аккредиттеу ережелерімен айқындалады.

       21-бап. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімі

      1. Аккредиттеу жөніндегі орган аккредиттеу субъектілерінің тізілімін қалыптастырады және жүргізеді.
      2. Аккредиттеу субъектілерінің тізілімі:
      1) осы Заңның 18-бабының 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді;
      2) аккредиттеу саласына кіретін сәйкестікті бағалау объектілерін;
      3) аккредиттеу субъектісі басшысының тегі, аты, әкесінің атын;
      4) аккредиттеу аттестатының қайта рәсімделген күні мен негіздемесін;
      5) аккредиттеу материалына өзекті сипат беру күнін, негізін және кезекті сипат берілген аккредиттеу материалдары туралы ақпаратты;
      6) инспекциялық тексеру жүргізілген күнді және нәтижесін;
      7) аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау күні мен негізін;
      8) аккредиттеу аттестатының қолданысы тоқтатылған күні мен негізін;
      9) аккредиттеу аттестатын жою күнін;
      10) аккредиттеу аттестатынан айыру күні мен негізін;
      11) аккредиттеу аттестатының телнұсқасын беру туралы белгіні қамтуы тиіс.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген ақпарат негіздеме пайда болған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде аккредиттеу субъектісінің тізіліміне енгізіледі.
      4. Аккредиттеу субъектісінің тізіліміндегі ақпарат онымен жеке және заңды тұлғалар танысу үшін ашық болып табылады.

       22-бап. Аккредиттеу субъектілерін инспекциялық тексеру

      1. Инспекциялық тексеру жылына бір реттен жиі емес кезеңмен аккредиттеу жөнінде жұмыстар жүргізуге арналған шарт шеңберінде, бірақ аккредиттеу аттестатын бергеннен кейін он екі айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
      Жасырын жүгінулерді қоспағанда, аккредиттеу субъектісінің сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті бұзушылықтар жіберуі туралы шағым түскен жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган кезектен тыс инспекциялық тексеру жүргізуге құқылы.
      2. Инспекциялық және оның ішінде кезектен тыс тексеру жүргізу мерзімі бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      3. Аккредиттеу жөніндегі орган инспекциялық тексеру жүргізу кезінде аккредиттеу субъектісінен қажетті түсіндірмелер, құжаттар мен мәліметтер сұратуға құқылы.
      4. Инспекциялық тексеру нәтижелері екі данада есеппен ресімделеді, онда мыналар көрсетіледі:
      1) есептің жасақталған күні, уақыты мен орны;
      2) оның негізінде инспекциялық тексеру жүргізілген аккредиттеу жөніндегі орган басшысы шешімінің күні мен нөмірі;
      3) инспекциялық тексеру жүргізген аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитордың тегі, аты, әкесінің аты;
      4) аккредиттеу субъектісінің атауы, инспекциялық тексеру жүргізген кезде қатысқан аккредиттеу субъектісі өкілінің тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы;
      5) инспекциялық тексеру жүргізілген күні, уақыты мен орны;
      6) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған сәйкессіздіктер туралы және олардың сипаты туралы мәліметтер;
      7) сәйкессіздіктердің жойылғаны және оларды жою мерзімдері туралы нұсқау;
      8) аккредиттеу субъектісінің есебімен танысу туралы немесе танысудан бас тарту туралы, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тарту туралы мәліметтер.
      Есептің бір данасы аккредиттеу субъектісінің өкіліне беріледі, тиісті материалдары бар екіншісі дереу аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссияға жіберіледі.
      Комиссия есеп келіп түскен сәттен бастап оны он жұмыс күні ішінде қарастырады және тоқтата тұруға не осы Заңның 23-бабының 2-тармағында көзделген тәртіпте уәкілетті органға жиналған материалдарды жолдауға негіз болмаған кезде ақпарат назарға алынады.

23-бап. Аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтата
тұру, тоқтату, жою, аккредиттеу аттестатынан айыру

      1. Аккредиттеу аттестатының қолданысы аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссияның шешімі бойынша мына негіздерде алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады:
      1) аккредиттеу субъектісінің жазбаша өтініші;
      2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі ішінде аккредиттеу шарттарының бұзылуы анықталуы.
      2. Егер аккредиттеу шарттарының бұзылуында әкімшілік құқық бұзу құрамының белгілері болған жағдайда, аккредиттеу жөніндегі орган осындай бұзушылық анықталған күннен есептелетін, үш жұмыс күні ішінде тиісті шараларды қабылдау үшін жиналған материалдарды уәкілетті органға жібереді.
      3. Аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтата түру туралы шешім көшірмесі тиісті аккредиттеу субъектісіне жіберіледі, ол оны алған күннен бастап сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті тоқтата тұруы және анықталған бұзулуларды жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
      Егер анықталған сәйкессіздіктер аккредиттеу саласына тұтастай әсер етпейтін жағдайда сәйкестікті бағалау жөніндегі қызмет, мұндай сәйкессіздіктер анықталған аккредиттеудің саласы шегінде тоқтата тұруы тиіс.
      4. Тоқтата тұруға негіз болған сәйкессіздіктерді жойғаннан кейін аккредиттеу субъектісі оларды жойғаны туралы мәліметтерді аккредиттеу аттестатының қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі органға жібереді.
      Аккредиттеу аттестатының қолданысын қайта бастау туралы шешімді аккредиттеу материалдарын қарау жөніндегі комиссия аккредиттеу субъектісі сәйкессіздіктерді жойғаны туралы мәліметтерді ұсынған күннен бастап есептелетін бес жұмыс күн мерзімі ішінде қабылдайды.
      5. Аккредиттеу аттестатының қолданысы мына негіздер бойынша тоқтатылады:
      1) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің аяқталуы;
      2) заңды тұлғаның таралуы;
      3) аккредиттеу жөнінде жұмыстар жүргізуге арналған шартты бұзу.
      6. Өтініш беруші аккредиттеу аттестатын алу кезінде жалған ақпаратты ұсынғаны анықталған жағдайда аккредиттеу жөніндегі органның өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сот аккредиттеу аттестатын жоюды жүргізеді.
      7. Аккредиттеу аттестатынан айыруды Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

24-бап. Дауларды шешу

      Өтініш берушілер мен аккредиттеу субъектілері аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгіне алады.

25-бап. Аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар
жүргізген аккредиттеу нәтижелерін тану

       1.   Қазақстан Республикасында аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдары жүргізген аккредиттеу нәтижелерін тану аккредиттеу жүйелерін, аккредиттеу кезінде қолданылатын рәсімдер мен талаптардың бірдей теңдігін тану негізінде жүзеге асырылады.
      2. Аккредиттеу нәтижелерін өзара тану екі жақты және көп жақты келісімдер жасау арқылы жүзеге асырылады.
      3. Қазақстан Республикасында аккредиттеу жөніндегі шетелдік органдар берген аккредиттеу аттестаттары немесе оларға балама құжаттар халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес, аккредиттеу жөніндегі үкіметтік емес ұйымдармен жасалған келісімдерге сәйкес танылады.

26-бап. Аккредиттеу саласындағы жауапкершілік

      Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасын бұзуға кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілікте болады.

27-бап. Сәйкестікті бағалау саласындағы
аккредиттеу туралы заңнаманың сақталуына
мемлекеттік бақылау

      1. Аккредиттеу субъектілерінің және аккредиттеу жөніндегі органының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнаманы сақтауына мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Аккредиттеу жөніндегі органның және аккредиттеу субъектілерінің қызметін тексеру жылына бір реттен жиі болмайтын кезеңділікпен жүзеге асырылады. Тексеру жүргізу мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
      3. Аккредиттеу жөніндегі органның тексеру нәтижелер бойынша уәкілетті орган аккредиттеу жөніндегі органды мәртебесінен айыру туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүгінуге құқылы.

28-бап. Қорытынды және өтпелі ережелер

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      2. "Техникалық реттеу туралы" және "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген аккредиттеу аттестаттары, егер олардың қолданысы заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрмаса немесе жойылмаса, олардың қолданылу мерзімі өткенге дейін заңдық күшін сақтайды.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады